«Тарихи тұлға, аруақты ер Құттығай Сатыбалдыұлының ерлік жолына тағзым» 

Туады ерлер ел үшін

Өлмейді ісі мәңгілік,

Өшпейді абзал есімдер.

Ұрпаққа жетіп мәңгілік

Кешпейді есіл ер – деп ақ жалын ақын Жұбан Молдағалиев жырлаған. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран» бабаларымыздың әрбір жүріп өткен жолы  – біз үшін үлгі, шежіре, тағдыр – тарих.  «Ел ерімен еңселі», «Елім» деп еңіреп туған ерлердің есімі еш уақытта елеусіз қалмайтыны ақиқат. Халық мұндай қаһарман ұлдарын жыр аңызға айналдырып, өшпес ерлігін ауыздарынан тастамай, жан жүрегінде сақтайды. «Жеті атасын білмейтін ер жетесіз, жеті ғасыр тарихын білмейтін ер жетесіз» деп атам қазақ бекер айтпаған ғой. Біз ата тарихын саралап, тарих қойнауын аралап, ұлыларымызды даралаудамыз. Ондағы мақсат – ұлыларды зерттеп, олардың мол мұрасын кейінгі ұрпаққа аманат ету.

Сан ғасырлық тарихымызда мақтан тұтар, бүгінгіміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар оқиғалар мен ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырлары, Отан алдындағы адал қызметінен үлгі алар ұлы тұлғалар аз болмаған. Сонау ғасырлар қойнауынан қатпар-қатпар белесінен байқасақ, ежелден-ақ ру тайпаларымыздың өз жерін еш жауға бастырмай, шыбын жанын шүберекке түйіп, қасық қаны қалғанша күрескен жауынгерлік істері бізге аманат болып жеткен. Қазақ халқының тарихына көз жіберсек, сонау Күлтегін, Білге қаған,  Тоныкөктен бастап, елін, тілін, ділін қорғаудағы өшпес ерліктерге толы. Бесік жырынан басталатын ерлікке баулу дәстүрлері түркі халқына тән негізгі ырымдар. Халқымыздың бойындағы отансүйгіштік құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған заңдылық тұрғысынан да қарауға болады.

Бұған дәлел көне түркі заманынан бастау алған патриоттық құндылық Күлтегін жазбаларында былай деп суреттеледі: «Елтеріс қағанның алғырлығы, еліне деген сүйіспеншілігі Күлтегіннің қанына ана сүтімен сіңді» – деген көне жазу қазақ халқының бойындағы ұлттық патриотизм сезімдері бүгін ғана пайда болған жоқ, ол ежелден-ақ туындап, дамып келе жатқан қасиет деуге болатындығын көрсетеді. Күлтегін жазбасында тағы да мынадай жыр жолдарын кездестіруге болады: «Кедей халықты бай қылдым, Аз халықты көп қылдым… Түркі иелігінен айырылған халықты Ата-баба мекеніне орнатты…» делінген еді. Бұл жазбадан патриотизмнің ата-баба мекеніне ие болып отыру жолында жан аямау, ел бірлігін қорғау, жиғанын халықтан аямау екендігін аңғаруға болады. Жоңғар сияқты алып империямен алысуға, Ресей патшалығының зеңбірегіне жалаң қылышпен қарсы шабуға жетелеген де осы Отанына деген сүйіспеншіліктің, патриотизмнің қуатты күші деп есептеймін.

Қазақ халқы үшін елдігі мен ерлігіне ең бедерлі айғақ болатын да, жан-жүрегіне барша шындығымен шабыт дарытатын да, тәуелсіздікті қорғау жолында жалтақсыз құрбандыққа бастайтын да бірден-бір тағылым мен тарихи кезең қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы жүргізген соғысы болса керек.

Өкінішке орай, ХVІІ- ХVІІІ ғасырлар аясында қазақ халқы бастан кешкен қаһарлы кезең туралы объективті ақиқат әлі де болса жете зерделенбей келеді. Халық жадында сақталған айғақ-деректер жан-жақты сараланбай, тарихи баян мен ғылыми ой-тұжырымдардың азығы бола алмай келе жатқаны өкінішті-ақ. Әсіресе қазақ хандары мен билерінің саяси қызметі, қазақ жасақтарының шыңдалған соғыс өнері, қазақ батырларының ұлттық өресі боп күйіп-жанған құрбаншыл ерліктері әлі де болса өз орнымен, өз жөнімен парақтала қойған жоқ деуге болады.

Осындай себептермен қаншама тарихи тұлғалардың ел мерейін өсірер өнегелі істері тарих тұңғиығынан көмескіленіп барады десеңізші! Елінің бақыты, жерінің бүтіндігі үшін етігімен су кешіп, ерліктің өнегесін көрсеткен батырлардың бірі – Құттығай Сатыбалдыұлы.

            Тарихи  ресми деректерге сүйенсек, Құттығай Сатыбалдыұлы (1702-1743)  ХVІІІ ғасырдың алғашқы жартысында қазіргі Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданының аумағында өмір сүрген. Тегі – Беріш руының Жайық атасынан.

Құттығай ХVІІІ ғасырдың 20-30 жылдарында қалмақтармен талай шайқастарға қатысып, ерлігімен көзге түскен. Қалмаққа ұзақ жылдар хан болған Қалдан-Церен Нарын тұсында (қазақтар оны батырлығына, қатыгездігіне орай Аюке деп атап кеткен) қалмақтар орыстарға арқа сүйеп, Кіші жүз қазақтарына, әсіресе Байұлы ұлысына көп қорлық көрсеткен. Еділ мен Жайықтың арасын кең жайлап, мыңғырта мал өсіріп, күшті байыған екен. Қазақтардың малын олжалап, оны Жайық өзенінің оң жағына айдап өткізіп алып кетіп отырған. «Ақтабан шұбырындыдан» кейін қазақ даласы жауға қарсы жан аямай соғысқанда Кіші жүз қазақтары да қалмақтарда кеткен кегін қайтара бастайды. Еділ-Жайық бойындағы қалмақтармен соғыстарда Саржала, Құттығай, Шұбар есімдері қатар айтылады.

1728 жылы Бұланты өңірінің бойында, 1729 жылы Балқаш көлінің оңтүстігіндегі Аңырақай жазығында болған шайқастарға Тайлақ батыр басқарған кіші жүз әскердің сапында қатысқан Құттығай елге оралысымен Шұбар, Саржала батырлармен бірге құба қалмақтардан Тайсойған, Нарын өңірлерін азат етеді. Жаудан босаған Ойыл өңірінің орта сағасына ағасы Айбастың ауылын Тұзтөбеден әкеліп қоныстандырады. 1738 жылы 11 айға созылған, 20 мың үйлі қалмақты қазақ даласы арқылы Қытай шекарасына қарай тықсыра қуған жорыққа Құттығай мыңбасы ретінде қатысады. Оның 9 ұлы болған, бәйбішесінен тарайтын Қазанқап, Көрпе, Көбек, Елші, Кешу атты балалары шамамен 1724-1731 жылдардағы жорықтар кезінде дүниеге келген. Ал екінші әйелінен – Қасболат, Байболат, жорықта олжалаған қалмақ қызы Марқадан Тасболат, Құлшан туған. Құттығайдан тараған ұрпақтары қазіргі кезде Атырау обылысының Исатай ауданында тұрады. Оның Сәт деген немересі кезінде сынықшы, көріпкел атанған қасиетті адам. Сонау Сәт атадан бастау алып, әкелі – балалы Құрас пен Зинеденге ұласып, ағалы-інілі Уәлитхан, Рысбаймен тірлікте тінін тартып, бүгінде шөбере Бауыржанмен ұрпақтарға жарасымды жалғасын тауып келе жатқан шипагерлік қасиетінің орны ерекше деп ойлаймыз. Ал Басықара атты немересі Исатай батырдың сенімді серігі, қол бастаған батырдың бірі болған.  Осы Басықараның ұрпақтары 1925-1930 жылдары Нарын құмында кеңес үкіметінің саясатына қарсы көтеріліп, ол көтеріліс күшпен басылды, басшылары қызыл отрядпен атыс кезінде қаза болып, қолға түскендері түрмеге айдалып, қатаң жазаланады. Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан даласынан оралмағандары да аз емес.

Алтайдан Еділге дейін ұлан-байтақ қазақ елі жатыр. Осы кең-байтақ жерді білектің күшімен, найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен ат үстінен түспей, мұз қатып, темірқазық жастанып, елін жерін қорғаған қазақ батырлары қаншама?! Солардың бірі емес бірегейі Саржала, Тоқтамыс, Шұбар, Құттығай батырлар екені ел аузынан жалғасып, бізге жетіп отыр. Олардың ұрпақтары түгелге жуық Нарын, Еділ мен Жайықтың арасын мекендеп, кейбір ұрпақтары Ресейдің Астрахан, Волгоград, Саратов, Самара обылыстарында тұрып жатыр.

Батыр, қолбасшы туралы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданы, Торыатбасы тауының Тіксай елді мекенінде жерленген Құттығай Сатыбалдыұлының басына ескерткіш белгі қоюға мұрындық болған ағалардың бірі жерлес қаламгер, аймақтық «Мұнайлы астана» газетінің редакциялық алқа мүшесі, еңбек ардагері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, өлке тарихың зерделеуші  Мұрат Бектенұлы ағамыз еді.

2014 жылы «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспасының «Шежіре» шығармашылық орталығынан жерлесіміз, Қазақстан журналистер Одағының мүшесі Мұрат Бектенұлының  «Айшықты әлем» аталатын кітабы жарық көрді. Оған автордың публицистикалық мақалалары мен очерктері енгізілді.

Әрине, әдебиет пен өнердің басты мақсаты адамды тану екені белгілі. Онда да жекелеген адамды емес, сол адам өмір сүріп отырған ортаны қоғамнан әсте бөліп алмай көрсету керек деген талап әр шығармашылық иесінің жадында жатталуы болуы керек. Сол талаптан көрінуге тырысқан автор аталған еңбегіндегі «Құттығай батыр» туралы жазылған әңгімелерінде де туған жер тарихынан естіп-білгендерін, талмай ізденгенін өзінше өрнектей білгенін көзі қарақты жанның анық аңғарары анық.

Құттығай батыр атаның зиратын тауып, белгі  қоюға  үлес  қосқан  ата  ұрпақтары:  Мақсотұлы Мәлік, Қалыбай – Тұхпатолла, Зинеденұлы  Рыспай, Сатқанұлдары Арыстан, Арман, Саулен Халелұлы, Мәжитұлы Махмуд, Сабитұлы Құрмет, ағалық қамқорлық жасаған Сақтай Бекқалиұлы, Рахметұлы Елеусін, т.б. қаржылай көмек көрсеткен барлық ұрпақтары және Құттығай атадан тараған қыздары, басқа да ағайындармен бірге еліміздің тарихын қадірлеп, елін, жерін қорғаған аталарды қастерлеген барша ел азаматтарына Алланың нұры жауып, ата-баба аруағы қолдағай.

2005 жылы 25 маусымда Құттығай батырға ұрпақтары ескерткіш орнатып келгеннен кейін, Исатай ауданы, Тұщықұдық ауылында ұрпақтары батыр ата рухына арнап ас берді. Ауданымыздың зиялы қарттары, көнекөз қариялары ел аузындағы естеліктерді айтып, сыр шертті. Шұбар тегі Қабдығали Ғұбашев:  «Өлі аруақтардың рухына ас беру – ертеден келе жатқан дәстүрлі іс. Ол бір жылдан кейін, бірнеше жылдан кейінде, жағдайға қарай ұйымдастырыла береді. Кешегі бір кеңестік дәуірде аруақты ауызға ала алмағанымыз ұмытылған жоқ. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген бұрынғылардан қалған сөз бар. Олай болса, егемендіктің көк байрағы төбемізде желбіреп, елбасы еркіндік беріп тұрғанда, бақилық болғандардың рухын қастерлеу, құрметтеу – тіріге міндет, ұрпаққа парыз. Осы тұрғыда ұйымдастырылып жатқан Құттығай батыр бабаға арналған ас, оқылған дұға қабыл болсын, топырағы торқа болып, жаны жаннатта болғай дейміз».

2003 жылдан бастап облыс орталығында Құттығай батырдың Қасболат ұлынан тараған ұрпақтары – қасиетті Зинеден мен оның ұлы Уәлитхан рухына арнап, жасөспірімдер арасында күрестің үш түрінен қазақша күрес, еркін күрес, дзюдодан халықаралық турнир өткізілді. Оған Ресей мен Балтық жағалауы, Тәжік, Түркімен, Қырғыз елінен командалар қатысып, түрлі салмақ бойынша күш сынасты.  Батырдың елді жаудан құтқару, іргенің берік, ұрпақтың алаңсыз өсуі жолындағы істеріне арнап Ә.Әлімгереевтің сценариі бойынша телефильм әзірленді.  Газеттерде материалдар жарияланып, көгілдір экранда арнайы хабарлар әзірленді.

Жазба тарих болмаса да, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен аңыз әңгімеге, дәлелді  толы деректерді еліміздің тарихына енгізу біздің және келешек ұрпақтың үлесі болмақ.

Шын жүйріктер туралы халық аңыздары біздің ауыз әдебиетіміздегі ең көркем жырлар, дастандар, ән-күйлерге айналып келгені аян.  Жылқы қазақ халқында жеті қазынаның бірі саналған. «Ер қанаты – ат», «Ат жалын тартып мінген», «Ат тұяғын тай басар», «Ат жетпейтін жер жоқ» – деген секілдідаланың өзіндей шетсіз, шексіз қанатты сөздер ғасырлар бойы халық жадында сақталып келеді.

«Ақ көбік ақтарылған езуін-ай,

Өзі –ат, өзі-қыран, өзі-құмай,

Жүйрікке шабудан да самғау жеңіл,

Жүйрікке қалудан да озу оңай.

Тұяғы тиген таста от қалардай,

Тосқауыл арқан керсе, тоқталарма-ай!

Эпостан шыға келген бір арғымақ,

Эпосқа сүңгіп қазір жоқ болардай…», – деп қазақтың ұлы ақыны Қадыр Мырза Әлінің «Жүйрік» атты жырында жүйрік ат туралы жырлайды. Ататоры – міне, осындай ат! Ат дейміз-ау, желден жүйрік құмай; дұрысы – шаппай самғайтын қыран. Арабтың сұлу, жіңішке аяқ жүйрігі де, ағылшынның «таза» қанды арғымағы да таласа алмас қазақтың Қазанаты. Оның қазанаттығын танытқан – мықты иесі Құттығай батыр. Қалмақпен жер үшін, ел болып қалу үшін жан алысып, жан беріскен, ұзақ жылдарға созылған

соғыстың қаһарманы ол. Жау шыдатпас жүрек жұтқан мыңбасы. Ал, оның нақ осындай батыр болуына жылдамдығына күші сай, ақылынан айласы артық аттың үлесі өте зор.

Құттығайдың  жауға шабар қос атының бірі және бірегейі Ататоры туралы Самат Бектенұлы Ибраим  «Ататоры» деген тақырыпта  әңгіме жазған.    Сол әңгімеден үзінді келтірсек:

«Құттығай батыр ұйқысынан оянды. Түсінде қалмақтар Ататоры тұлпарымен қоса екі-үш үйір жылқыны айдап кетіпті. Торы атының шұрқырай кісінегені құлағында әлі тұр. Кезекті жорықтан оралғасын тыңайсын деп жылқыларға қосқанына да көп болмаған еді. Батыр қылышына қол созды, бірақ әлі түн екені есіне түсіп орнына қоя салды. Ұйқысы шайдай ашылып, таңға дейін көзі ілінбей қойды. Киіз үйдің есігін серпе ашып сыртқа шықса айналаға жарық түсіп қалыпты. Төңірек жым-жырт. Тап екеуі келіскендей ауыл ортасындағы отаудан ағасы Айбас та шықты, ағалі-інілі бір-біріне қарсы жүрді. Сәлем берген інісіне жасы алпысты алқымдап қалған Айбас:

-Ерте тұрыпсың ғой, жай ма? – деді.

-Ақа, жылқыға жау тиген сияқты, түс көрдім. Ататорыдан айырылдым- ау деймін.

-Түс түлкінің боғы деген… Түнеріп тұрған інісіне қарап сөзін тағы жалғады.Қалмаққа талай есеміз де кетті, талай қарымта да қайтты. Бұлар көрші тұрғанда қазаққа тыным жоқ.

Құттығай қарулы жасақты атқа қондырып, жылқышы қосын барлап қайтуды тапсырды. Бесін кезінде сарбаздар қайта оралды, терге малшынған аттары әбден болдырған, өздерінің ұнжырғысы түсіңкі. Олар Ататорысы бар жылқы қосына барғанда қанға бөгіп жатқан жылқышыларды көреді, ондағы

жылқыларды жау айдап кетіпті. Жасақ Жайық өзеніне дейін ізге түсіп қуады, кезінде Асанқайғы салдырды деген Дендер тауы тұсындағы суасты көпірі Таскешуден қалмақтар жылқыны өткізіп арғы бетке шығып үлгерген.

Бұл кезде жылқыларды жосылта қуған қалмақтар Нарын құмының ішіне еніп, Асанқайғы қаздырған Жүнқұдыққа келіп қалған кезі болатын. Қойдың жабағы жүнімен шегенделген құдықты бұрын көрмегендері таңғалысып бастарын шайқады, білетіндері тарихын айтты. Оның кәусар суынан шөлін әбден қандырған олар алдымен аттарын, сосын жылқыларды суара бастады. Жалы күдірейген есік пен төрдей бояуы қанық торы ат болса астауға жоламай, жалтарып шетке шыға берді. Қауқылдасқан қалмақтардың көзі сонда, ішінде қырықтың қырқасына шыққан басшылары «Бұл қазақ  батыры Құттығайдың торы аты» – деді. Танып тұр, танымай ше, осы тұлпарға мінген батыр талай қалмақтарды баудай түсірді емес пе. Айқас кезінде иесінің тақымының әр қимылын жазбай танитын жарықтық қарсы келген атты омыраулата жапырып жіберетінін бұл талай көрген-ді. Сүйсініп тұр, бірақ қашып кетпес пе екен деп секемденді. Тап сол ойын білгендей, екі жас қалмақ ұстайық па дегендей қолдарына бұғалық алды. Бұл оларға қой демеді. Мысық табандап арқанды қолының басынан шынтағына дейін дөңгеленте кигізіп алғандар тұлпарға жақындай түсті. Ататоры алдыңғы екі аяғын көтерген күйі арқырай кісінеп көкке шапшыды, бұғалыққа түспеген ат келген ізімен Жайық өзеніне қарай заулай жөнелді. Дереу атқа қонған қуғыншылар артынан шапты. Тұлпар оларға ілдірмей кетерме еді, қайтер еді, тап алдынан ақсап қалған біраз жылқыны айдап келе жатқан қалмақтар шыға келді. Қиқулатқан шеңбер тарыла түсті, қуғыншылар айқаймен қашқан атты бағытын өзгерте отырып, қалың құмға бұрды, сусылдақ шағыл тұлпар тұяғына тұтылды, әрең дегенде оны қамап, бұғалықтан алды.

Алғашқы кездері аяғына қыл өре салынған Ататоры от-суға мойын бұрмай, басын шығысқа беріп күні ұзақ бір орында тұрды да қойды. Құлағын қамшылап алыс көкжиекке көз тігеді. Қарайған көрінсе тап иесі келе жатқандай арқырай кісінеп шідерімен ілгері жылжиды. Бірақ, ол табиғатта аз ғана салқын түсіп, түн баласы көзі ұйқыға кетсе болды, түсіне өскен жері, иесі – Құттығай батыр түсе ме, әйтеуір көзін ашып жіберіп, оқыранып бір кісінеді де, шалғынды Шыңғырлау қайдасың деп тартады да отырады. Бағып жүрген жылқышылар сатылап қуып, ақыры көк дойыр, ұзын құрықтың астына алып, үйіріне қайтадан қосады. Әйтсе де ұмыттырып барып, баяғы әніне басқан Ататоры әдетінен жаңылмайды. Ақыры қолбасы тәртібімен арнайы аула-қорада ұсталып, аяғына темір кісен салынды. Дегенмен, оған да мойынсұнбаған Ататоры араға үш-төрт жыл өткенде өзінің құлын-тай кезінен бергі өрісіндегі биік бір төбенің басына жетіп, шегін тарта қатты кісінеп, өліп кетіпті. Кейін сол төбе Ататорының құрметіне «Торыатбасы» деп аталыпты. Құттығай батыр қалмақтармен болған шайқастардың бірінде иығынан жараланып оралды. Қылыш тиген жері ем жасаса да бітпей қойды. Бір күні бір жылқышы келіп Шыңғырлау бойындағы бір төбенің басында Ататорының өлігін көргендігін айтып келді. Сырқаты жанына батса да Құттығай атын алдырып, жаңағы жігітке бастатып жолға шықты.

Шыңғырлау өзені бойындағы биік бір төбенің басында басын шығысқа беріп жатқан өзінің Ататорысын бірден таныды. Әбден арыған, жүдеген, аяқтарын тұсау, шідер қиып, сақиналанып терісі ғана қалған, тұяқтары тілімденіп кеткен. Ататорының өзінен айырылған төрт жыл ішінде қанша азап көргенін, қанша бейнет пен туған жеріне жеткенін ойлаған батыр «Ататорым-ай, текті, жануарым-ай, арғымағым-ай, қалай жеттің екен бұл жерге!?» дей берді. Батыр орнынан тұрып қасындағы адамдарға бұрылды:

-Ататорыны осы таудың басына көмеміз. Бұдан былай осы жер «Торыатбасы» деп аталсын, – деді».

Торыатбасы тауы – Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданының Ақтау селолық округіне қарасты Марксизм елді мекенінің солтүстігіне қарай 3 километр жерде орналасқан. Торыатбасы тауы шығысында Жыланды тауымен, ал оңтүстігінде Қылыштау тауларымен қатарласа созылып жатыр. Ауыл қарияларының айтуы бойынша, кезінде бұл таудың басында ат құлағындай екі құлағы болған деседі. Кеңес үкіметі құрылып, тың игеру заманында көшпелі заманнан отырықшылық кезеңге ауысқанда таудың екі құлағын баз, қоралар салуға шешендер пайдаланған деседі. Қазіргі таңда бұл таудың тек ат мойнындай мойны қалған. Етегі малға толы, шөбі шүйгін Торыатбасы тау баурайы малға толы.

Ел ішіндегі қариялар сөзіне құлақ түрсек, Торыатбасы тауында батыр аты көмілген жерге Құттығай мен оның жары мен төрт баласы жерленген делінеді. Кейін қос өзен арасын қазақтардың алты ай қыста қыстап, жазда өздерінің байырғы қоныстарына көшу 1748-1754 жылдардан басталып, кейіннен 1771 жылдардан соң дағдыға айналған да, 1804-1805 жылдарда жаппай қоныстану басталған. Міне, осы кездерде Құттығай батырдың ағайындары, яғни Жайық-беріштер әуелі Тайсойған, Бүйрек құмдары, Жайықтың шығыс беті, одан Еділ-Жайық аралығын қоныс аударған. Содан соң олардың табаны Толыбай, Айбас, Үштаған құмдары, Ескі Забурын, Қиғаштың күнгей  беттегі Жайық өзені  бойы болып келеді.

Пай-пай-пай! Киелі неткен жер!

Батырлар дүрілдеп өткен жер,

Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,

Ғашықтар бір-бірін өпкен жер,

Сарылып Сал-сері кеткен жер,

Бас иіп, иіскеп топырағынан,

Тағзым жасамай кетпеңдер! – деп ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, қасиетті туған жердің, туған өлкенің тарихына ат үсті қарауға болмайды. Бабалар рухын қастерлеу кейінгі ұрпақ алдындағы үлкен парыз десек, еліміз егемендік алғалы мұндай мүмкіндікке кеңінен жол ашылды.

Келешек ұрпақ алдындағы қасиетті парыздардың бірі, тарихымызда әлі де зерделенбеген «ақтаңдақтырудың» орнын толтыруымыз керек. Азаттық алу үшін ұлтымыздың ұранына айналған Құттығай сияқты батырларды еске алып, олардың ерліктерін өскелең ұрпаққа үлгі ету біздің азаматтық биік парызымыз деп білемін.

Тарихымызды түгендеп, бүгінімізді байыптау – перзенттік борышымыз. Отаншылдық әсіресе біздің тәуелсіз елімізге аса қажет. Елжандылықтың, патриотизмнің қайнар көзі – тарихты білу, одан тағылым алу, бабаларымыздың даңқты ісі үшін мақтану.

3 comments
Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

You May Also Like

Жастар жылы – Жас ұстаз, мақала

Бәденнің бағындырған белестері, мақала

Жаңартылған бағдарламаның жәй күйін жетік түсіндік пе? мақала

«Жаңартылған бағдарламаның жәй күйін жетік түсіндік пе?» Жаңа технологиялар қарыштап дамыған сайын,…

Еңбек жолым және білім берудегі жаңашыл тәсілім, мақала

Еңбек жолым және білім берудегі жаңашыл тәсілім «Мектеп – білім шырағы, тәрбиенің…