Мен заманауи  ұстазбын.

Ұстаз болу – жүректің батырлығы,

                   Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,

                   Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,

                   Азбайтұғын адамның алтындығы

Ғафу Қайырбеков

Заманауи ұстаз қанадай болуы керек? 

        Нағыз ұстаз болу — бақыт әрі абырой. Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенмен, ал нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім», – деп ұлы педагог

Ы. Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы.

Ұстаз … Бұл сөзде қаншама мән мағына бар! Әр адамның өмірінде «ұстаз» деген сөз ерекше орын алады.

Менің түсінігімдегі ұстаз – рухы таза, ой-өрісі биік, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсетуші, өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жаратып, қоғамды өрге өркендетуші, жаңашылдықтың бастаушысы, жүрегі – жылы, көңілі – дарқан адам.

Мақсатым – рухани бай, іздемпаз, адамгершілігі мол адамды қалыптастыру болып табылады.

Міндетім – интеллектуалды,  дені сау, ой-өрісі жоғары дамыған, халықаралық деңгейге сәйкес білімі бар азаматты тәрбиелеу.

Жаңаша оқыту заман талабы, сондықтан өз білімім мен біліктілігімді жетілдіру басты мақсатымның бірі. Кәсіби шеберлігімді дамыту барысында 2017 жылы «Педагогикалық қоғамдастықтағы мұғалім көшбасшылығы» курсын аяқтап, өз білгенімді көңілге түйіп, әр сабақ сайын  оқушыларыма жаңашыл инновациялық технологиялардың көмегімен қызықты да түсінікті оқу материалын меңгертуге, жаңартылған білім беру бағдарламасында оқытудың мақсаттары мен жаңа әдіс-тәсілдерімді толықтырып, алдағы жоспарымды жаңаша оқытуға күш жігерімді салуға тырысудамын. Курстан үйренгендерімді сабақ барысында үнемі қолданамын.

Елбасымыз, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Біз білім-ғылым саласында бәсекеге қабілетті болмасақ, өз мақсатымызға жете алмаймыз. Барлығы мектептен, ал Қазақстан үшін ауыл мектебінен басталады”, -деген болатын. XXI ғасыр ұлттық бәсеке, ақпараттық сайыс, инновациялық технологиялар, күрделі экономикалық реформалар сияқты көріністерімен ерекшеленеді. Мұғалім – барлық білім беру жүйесінің негізі, жаны және жүрегі. Қазіргі заманғы мұғалімдер информатор, бақылаушы, тексеруші, жазалаушы қызметін тастап, керісінше ізденуші, зерттеуші, технолог, өнертапқыш, шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл болу керек. Оқушыны субъект ретінде қарастырып, оның өзін-өзі тануына жол ашу, жеке тұлға бойындағы қасиетті дамыту, «Мен» менталитетін қалыптастыру, білім мен тəрбиені жеке тұлғаға қарай бағыттау-бүгінгі таңдағы мұғалімінің кезек күттірмейтін қасиетті міндеті деп, ойлаймын. Себебі, мұғалімінің өзі жеке тұлғаға көтерілмей, мұндай зор мақсатқа жетуі мүмкін емес.

Сондықтан,  мен сабағымда жеті модульді қолдануыма аса назар аударамын, яғни диалогтық оқыту, топпен жұмыс жасау, сын тұрғысынан ойлау, оқыту үшін бағалау және оқу үшін бағалау, талантты және дарынды балалармен жұмыс жасау, оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу, оқытудағы басқару және көшбасшылық.  Нәтижесінде: Әр оқушы ынтымақтастықпен жұмыс жасауға дағдыланады; бірін-бірі үйретуге машықтанады; әр түрлі көзқарастарды салыстырады, сынай алады; басқалардың пікірлерін құрметтеуге, бағалауға үйренеді;  ойлау, болжау, қиялдау қабілеттері артады; өзін-өзі ынталандыра алады; білім алуға деген ұмтылыс пен қызығушылықтары ашылады; білімдерін тереңдетеді және шоғырландырады.

Гуманитарлық бағыт  бойынша оқушыларым, аудан және облыс көлемінде өтетін олимпиадаларға, сайыстарға қатысып отырады. Білгенімнен білетінім алда көп деген ойдамын.

Менің ұлтым күрт болғанымен,  тілім  қазақ, себебі кіндік қаным тамған жер қазақ елі.  Мен үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болу — ең ардақты мамандық иесі деп ойлаймын.  Дүниедегі ең қасиетті тілің мен тарихыңа, ұлтың мен әдебиетіңе жетер еш байлық жоқ.  Бабалар аманатын болашақ ұрпақ зердесіне жеткізіп, көздің қарашығындай сақтай білуге шақыру -әрбір тіл  маманның педагогтың парызы әрі оқушыларының жанына ұлт намысы, ел мүддесі деген киелі ұғымдарды ұялата отыру, білім беру  — ХХІ ғасыр мұғалімдерінің еншісінде тұр. Еш жалықпаған ұстаздың  тәрбиелеген  шәкірттері — жан- жақты білімді, ой- өрісі биік, өз мақсаттары айқын болады, сол мақсатқа жету үшін еңбекқорлық пен шыдамдылық таныта білетін жандар болатыны сөзсіз.

Қорыта келе:  өзімнің мұғалім, ұстаз, педагог жалпы адам ретінде түйгенім,  мұғалім өзінің артына ерген ұрпағы мен шәкіртінің жетістігімен ғана марқая, қуана алады. Ұлтымыздың тағдыры, болашағы – тәрбие мен  білімде екенін естен шығармау қажет. Абай атамыз:

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға..» дегендей , шәкірт тәрбиелеп, оны ұядан баптап ұшырудан еш жалықпайық.

Қашан да білімді ұрпақ – болашағымыздың кепілі. Егеменді еліміздің тағдыры – жас ұрпақтың тағдыры – бүгінгі ұстаздардың қолында дегім келеді.

You May Also Like

Жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында география сабағындағы инновациялық бағыт, мақала

«Бүгінгі күн талантты, жігерлі, өзіне сенетін адамдардың уақыты»  Н.Ә. Назарбаев     …

Мәдениет ұғымының тарихи қалыптасуы мен мәні. мақала

Мәдениет ұғымының тарихи қалыптасуы мен мәні. Мәдениет – адамның өз қолымен, ақыл-ойымен…

Өмір, адамдар және менің мамандығым, мақала

Тәуелсіздік толғауы. мақала