Ә.Бөкейхан ғылымға қалай келді?

Ә.Бөкейханның экономикалық көзқарасын түгелге жуық оның артында жазып қалдырған мол мұрасы мақалалары мен іргелі зерттеулері, монографиялары – саралау, пайымдау мен тұжырымдар жасауға әбден жетеді. Академик Рымғали Нұрғали «Әлихан Бөкейханның шығармашылық мұрасы» атты еңбегінде «Бүгінгі таңда Бөкейхан еңбектері түгел жиналып болған жоқ. Олар Мәскеуде, Санкт – Петербургта, Самарада, Омбыда, Семейде, басқа қалаларда шыққан мерзімді баспасөз беттерінде, түрлі архив қойнауларында жатыр. Бұларды тұтас жинау, бастыру бір іс болса, Әлиханның тарих, этнография, статистика, экономика, саясат, әдебиет туралы еңбектерін түбегейлі зерттеу, диссертациялар, монографиялар жазу екінші іс екені хақ» – деп жазды. Бұл пікірдің айтылғанына он бес жылдай уақыт болса да әлі көкейкестілігін жоғалтқан жоқ. Әрине, осы аралықта Ә.Бөкейханның өмір жолы, қызметі мен шығармашылығы жайлы бірталай еңбектер жазылды, диссертациялар қорғалды, кітаптар да жарық көріп жатыр. Дегенмен, алаштану ғылымында әлі де толық зерттелмеген тақырыптар жетерлік. Соның маңызды бір саласы экономика іліміне байланысты. Әлихан ірі саяси қайраткер болумен қатар, теориялық білімі жетік, тәжірибесі толысқан сарабдал экономист ғалым да болған. Оның маңына топтасқан Алаш қайраткерлері де шаруашылық, яғни экономикалық мәселелердің маңыздылығын терең сезініп, мүмкіндігінше халықтың тұрмыстық жағдайының түзелуіне өз үлестерін қосқан.

Әлихан ғылымға қалай келді, ғылыми ортадан алған білім нәрі, таным – тәжірибесі қалай қалыптасты, ғалымдар мен мамандар ықпалы қалай болды және оның нәтижесі қаншалықты дәрежеде екені және оның өзінен, білімі мен ғылыми тәжірибесінен үлгі – өнеге алған адамдар болды ма деген сұрақтар төңірегінде мәселелерге тоқталсақ.

Алдымен қазақ жерінде бірнеше жылдар аралығында зерттеулер жүргізген ірі экспедицияға басшылық жасаған Федор Андреевич Щербинадан бастайық. Щербина экспедициясы, 1896 – 1903 ж. Далалық өлкені зерттеу үшін арнайы шығарылған. Далалық өлкенің барлық уездерін зерттеуді мақсат еткен бұл экспедицияны құрғанда Мемлекеттік мүлік министрлігі зерттеу нәтижелерін Қазақстандағы жер саясатын жүргізуге пайдалануды көздеді. Экспедицияның міндеті аумақты табиғи, тарихи жағынан зерттеп суреттеу, осы мәселедегі ауылдар мен болыстардың маңызын, шаруашылық жүргізу, жер пайдалану тәсілдерін анықтау және көшпелі, жартылай көшпелі шаруашылықтарға қажетті жер көлемін белгілеп, оның қоныстандыру қорына алынатын көлемін анықтау болатын. Экспедицияны земство статистигі Ф.А.Щербина басқарды. Құрамына қазақ зиялыларынан – Ә.Бөкейхан, Ұ.Базанов, Т.Жалмұхаметов, И,Жақсылықов, И.Құдайқұлов, И.Тілекеев, Г.Саркин, Р,Мәрсеков, Е.Итбаев, М.Бекетаев, М.Сатыбалдин,т.б. кірді. Щербина экспедициясы Ақмола, Торғай және Семей облыстарының 12 уезін мұқият зерттеді [1; 626].

Ф.А.Щербина Әлиханға: «А.Букейханов крайне необходимый для экспедиции специалист – статистик. Будучи сам киргиз по происхождению и зная превосходно киргизский быт, Букейханов получил подходящее образование для изучения естественно – исторических условий края, знаком со статистической техникой и отличается в высшей степени важным для работы качеством строго обьективного наблюдателя»[2; 81] – деп жоғары баға берген. Ә.Бөкейхан ол жылдарда негізгі қызметі Омбы орман мектебінің оқытушысы және орманшы қызметінде болғандықтан экспедиция жұмысына уақыты болған кездерде қатысқан. Экспедицияда ол әр түрлі жұмыстар орындаған, соның ішінде қазақтардың жер пайдалану карталары мен рулық шежірелерді құрастыру, кестелерге түсініктеме жазу және қазақша терминдер мен сөздерді тәржімелеумен айналысқан. Сонымен бірге ол жалға беру және мал шаруашылығына қатысты тақырыптарды да жазған. Бұдан басқа ол материалдарды жинақтап, кестелерді құрастырумен, ал экспедиция жұмысының соңғы кезеңінде ауыл мен қауымдық кестелерді құрастыруға басшылық жасағандығын атап кетеді [3; 35-36].

Әлихан Бөкейханов экспедиция құрамында Павлодар және Омбы уездерін зерттеуге қатысып, тиісінше, кейін жарыққа шыққан « Материалы по киргизскому землепользованию» атты жинақтың VI, IV, XI томдары, соның ішінде Павлодар уезі бойынша – «Қоныстану тарихы», «Қызылтау және Алтыбай болыстарының шаруашылығының сипаттамасы», «Жерді пайдаланудың қауымдық жер формалары мен тәртібі», Қарқаралы уезі бойынша «Қауымдық ауыл топтарына», «Рулық сызбалар», көшіп – қону кестесі мен қырғыз сөздерінің алфавиттік көрсеткіші, табиғи – тарихи аудандардың сипаттамасы, қырғыздардың жер пайдалану картасы, Ақмола облысы Омбы уезі бойынша «Үйірдің бағылу тарихы», жалға алу тарихы, қауымдық кестеге ескерту, туыстық – рулық сызбалар бөлімдерінің авторы болып табылады. Жинақтарда жарияланған Ә.Бөкейханов еңбектерінің жалпы көлемі 146 бет[4; 26].

Әлиханның пікірінше, қауым ішінде орын алған жерді меншік ретінде жекелендіруге қарамастан, келешекте жерді пайдалануда жекеден бірлесе пайдалануға көшу мүмкін болды. Бұл ең алдымен жердің жетіспеуімен байланысты болды. Осылайша, автор нақты тарихи мысал негізінде, қазақ қоғамының шаруашылық өмірінің маңызды бір қырына обьективті түрде талдау жасайды.

You May Also Like

Математиканы есептер арқылы оқыту әдістемесі, мақала

Есепті тек түсініп қою жеткіліксіз, оны шығарам деген талап-тілек те болу қажет.…

Ең үздік мақала «Ақпараттық технологияларды қолдана отырып, студенттердің таным қызығушылығын арттыру»

Ең үздік мақала «Ақпараттық технологияларды қолдана отырып, студенттердің таным қызығушылығын арттыру» Шығыс…

Қосымша білім құралдарымен оқушылардың жеке тұлға дамуына менің көзқарасым, мақала

Мақала: «Қосымша білім құралдарымен оқушылардың жеке тұлға дамуына менің көзқарасым»  Қазіргі таңда…

Жаңартылған білім беру негізінде, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен оқушылардың шығармашылық қабілеттері арттыру, мақала

ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ  БЕРУ  НЕГІЗІНДЕ, ҚАЗАҚ  ТІЛІ  МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНІНЕН ОҚУШЫЛАРДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚАБІЛЕТТЕРІН…