ҒЫЛЫМИ ЖОБА  

ТАҚЫРЫБЫ: Тарбағатай ауданының рекреациялық-географиялық дамуының алғышарттары мен даму болашағы

МАЗМҰНЫ 

КІРІСПЕ 

I-ТАРАУ. ТАРБАҒАТАЙ АУДАНЫНЫҢ  ТАРИХИ-ГЕОГРАФИЯЛЫҚ СИПАТТАМАСЫ

 I.1.Тарбағатай ауданының тарихи- географиялық зерттелу тарихы

I.2. Тарбағатай ауданының рекреациялық алғышарттары 

II-ТАРАУ. ТАРБАҒАТАЙ АУДАНЫНЫҢ РЕКРЕАЦИЯЛЫҚ МҮМКІНШІЛІКТЕРІ МЕН ДАМУ БОЛАШАҒЫ

II.1. Тарбағатай ауданының рекреациялық даму мәселелері

II.2. Тарбағатай ауданының рекреациялық-географиялық мүмкіндіктерін жетілдіру жолдары

Ғылыми жоба жұмысының мақсаты – Тарбағатай ауданының ғылыми теориялық тұрғыдан негіздей отырып, Тарбағатай ауданының тарихи,  рекреациялық-географиялық аймағының маңызын ашу және ауданымызда туристік кластерді қалыптастырудағы үлгі ретінде ұсыну.

Тақырыптың өзектілігі. Тарбағатай ауданы бірегей туристік  әлеуеті жоғары өлке, көптеген туризм түрлерін, атап айтқанда, спорттық (таулы өзендермен жүзу, шаңғы спорты), аң және балық аулаушылық, экологиялық, емдік-сауықтыру, этникалық, ғылыми және танымдық туризм түрлерін дамытуға жайлы территорияда орналасқан. Ыңғайлы географиялық жағдай (Еуразия орталығы, Ресей Федерациясымен, Қытай Халық Республикасымен және Монғолиямен шекаралас), ынтымақтастық, ұлан-ғайыр аумақ және табиғат ландшафтының сан алуандығы, бірегей рекреациялық ресурстар, бай мәдени-тарихи мұра, сондай-ақ көрші мемлекеттердің шекаралас тұруы туризмді дамытудың қолайлы факторлары болып табылады. Соңғы уақытта Германия, Австрия, Франция, Швейцария, Италия, АҚШ сияқты елдердің туристерінің Орта Азияға, оның ішінде бұл өлкеге деген қызығушылығы артуда.

Шығыс Қазақстан аймағында туризмді дамытудың тұжырымдамасы аясында Қазақстанды Орта азиялық аймақтың туризм орталығына айналдыру үшін бәсекеге қабілетті туристік индустрия құру қажеттігі қарастырылған. Әлемдік туристік нарықтағы Қазақстанның тартымды туристік имиджін қалыптастыру мақсатында Қазақстанның туристік әлеуетін ілгерілету бағдарламасында еліміздің бірегей таулы өңірлерінің туристік-рекреациялық мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану мәселелерін қарастырудың маңызы зор. Үкіметтің 2014 жылғы 508-ші қаулысында бекітілген Қазақстан Республикасында туристік-рекреациялық саланы дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес еліміздің таулы өңірлер аймағындағы нысандарда туристік кластерлерді құруды жетілдіру үшін олардың маңызын айқындау қарастырылған. Қазақстанның таулы өңірлерінде маңызды туристік маршруттардың құрылысына жағдай жасау қажеттілігі туындайды.

Ғылыми жоба жұмысының нысаны. Тарбағатай ауданы аймағы

Зерттеу пәні. Қазақстанның физикалық географиясы, Қазақстан тарихы

Зерттеудің ғылыми болжамы. Тарбағатай ауданы аса көркем тарихи, туристік – рекреациялық аймақтарды және ғылыми-зерттеу орталықтарын қалыптастыру, рекреациялық аймақтарды туризмде пайдалану.

Ғылыми жоба жұмысының міндеттері. Әлі де зерттеуді қажет ететін орындарды анықтау, зерттеуге ұсыну;

Көрсетілген мақсатқа қол жеткізу бағытында біз келесі міндеттерді алға қоямыз:

– Тарихи, туристік-рекреациялық нысандар және оның зерттелуі мен дамуының теориялық негіздерін қарастыру;

– Тарбағатай өңірінің физикалық-географиялық жағдайын қарастыра отырып, табиғи нысандарының туристік-рекреациялық маңызын көрсету;

– Тарбағатай өңірінің маңызын ашуда аумақтың физикалық-географиялық жағдайына сипаттама бере отырып, тарихи, рекреациялық-географиялық әлеуетін талдау;

– Тарбағатай таулы елінің тарихи, туристік-рекреациялық мүмкіндіктерінің даму болашағын қарастыру.

Мәселенің деректік көзі. Әдебиеттер Қазақстан Республикасының «Туристік қызмет туралы» Заңы, Қазақстан Республикасының «Туризмді дамыту тұжырымдамасы», «Қазақстан Республикасының туризм индустриясының дамуының Ұлттық бағдарламасының жобасы», географтардың, туризм саласы мамандарының зерттеу мәселесі бойынша жарық көрген еңбектері пайдаланылып талданды.

Ғылыми жоба жұмысының теориялық және әдіснамалық негіздерін Тарбағатай ауданының туристік-рекреациялық нысандары мен ерекше қорғауға алынған аумақтарын, рекреациялық мәселелерін зерттеген отандық ғалымдардың еңбектері басшылыққа алынды.

Ғылыми жоба жұмысының зерттеу әдістері. Теориялық-методологиялық әдістер, картографиялық, статистикалық, жүйелі, салыстырмалы және анықтамалық талдау.

Ғылыми жоба жұмысының практикалық маңызы. Тарбағатай ауданының тарихи, табиғи нысандарының туризмді дамытудың қазіргі жағдайын анықтайтын ролі мен маңызы жөнінде тың материалдар жинақталып жүйеленді, қазіргі таңдағы маңызды туристік мақсатта жүргізіліп жатқан іс-шаралар қарастырылды. Тарбағатай ауданының рекреациялық-географиялық аймағының нысандарын зерделей келе, туризм түрлерін дамытуға ұсыныстар жасалды. Тарбағатай өңірінің туристік-рекреациялық мүмкіндігін тиімді игеруге қатысты деректер алынды. Жинақталған материалдар мен ғылыми жоба жұмысын жазу барысында жасалған қорытындылар туристік-рекреациялық мақсатта өлкетанушылық зерттеу бағытында, оқыту үрдісінде қолданылуы ықтимал.

Ғылыми жоба жұмысының құрылымы. Кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады. Жұмыстың көлемі – 15 бет.

I-ТАРАУ. ТАРБАҒАТАЙ АУДАНЫНЫҢ  ТАРИХИ-ГЕОГРАФИЯЛЫҚ СИПАТТАМАСЫ 

I.1. Тарбағатай ауданының тарихи- географиялық зерттелу тарихы

Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы мамыр айындағы Жарлығымен Республикамыздағы әкімшілік жұмыстардың өзгертілуіне байланысты Ақсуат ауданы таратылып Тарбағатай ауданының аумағына енгізіліп Тарбағатай ауданы деп аталды. Тарбағатай ауданы – Шығыс Қазақстан облысының Оңтүстік Шығыс бөлігінде орналасқан. Жері 25,1 мың шаршы км. Аудан халқының саны 38052 адам. Құрамында 17 ауылдық, 69 елді мекендер бар. Аудан орталығы – Ақсуат ауылы.

Ауданның климаты өте континентті. Аудан климатының мұндай болу себебі – оның мұхиттар мен теңіздерден өте алыс қашықтықта орналасуына байланысты. Ауданның жазы ыстық, қысы суық, қаңтардың орта температурасы – 22 С, – 30С, шілдеде + 25 С, + 35 С. Жылдық жауыннын орта мөлшері 200-300 мм. Жауын шашынның көбі қыста түседі. Оңтүстік Шығыстан Солтүстік батысқа дейінгі орталық бөлігі ашық сарғылтым топырақ қабатымен, тау беткейлері қоңыр топырақты жайылғымен ерекшеленеді.

Аудан жерінің көпшілік бөлігі жазық. Зайсан қазан шұңқыры манындағы құмды, құмдақ және қалын, қабатты сұр топырақты жерлерде жусанды – соран өсімдіктер, ал Зайсан көлінің жағасына таяу шалғынды батпақты топырақта  тұрақты шалғындар мен жайылымдар бар.

Тарбағатай тауының етегінде қиыршық тасты боз қызыл-қоңыр топырақтарда тобылғы аралас әр түрлі шөп өседі. Тарбағатайда бірнеше топырақ пен өсімдіктер белдеулері бар 1400 м биіктікке дейін таулы қызыл-қоңыр, таулы қара топырақтарда бозды бетегелі дала зонасы, одан жоғары /1400-1700 м/ қара топырақ тәрізді шымды-шалғындық топырақтарда суальпілік және альпілік шалғындар өскен таулы зонасы бар.

Ауданда жануарлар дүниесінен қасқыр, түлкі, қарсақ, сасық күзен, ақ құлақ борсық, қос аяқ, суыр, елік, тиін, қоңыр аю, арқар, сілеусін бар.
Ауданның далалы өңірінде елік, дуадақ, тырна, безгелдек, торғай, қараторғай, сарышұнақ, дала тышқаны, қос мекенділер мен бауырмен жорғалаушылардың төрт түрі – жасыл бақа, тас бақа және дала сұр жыланы, секіргіш кесіртке кездеседі.

Ауданның таулы өнірін қасқыр, түлкі, қарсақ, сасық күзен, борсық, қосаяқ, суыр, қоңыр аю, арқар, сілеусін мекендейді. Аудан жерінде Тарбағатай тауларынан басталып, Зайсан көліне қарай ағатын Боғас, Базар, Қарғыба, Тебіске, Терісайрық, Тайжүзген, Уласты, Қандысу Құсты өзендері бар. Бұлардың көпшілігі жер суғаруға пайдаланылады.

Аудан жерінің батысынан шығысына қарай созылып жатқан Тарбағатай тауының ұзындығы 300 шақырымға жетеді. Ені 30-50 шақырым шамасында. Ең биік шыны «Тастау» 2992 м. Шығысында Алтай тауы мен,  батысында Сарыарқа мен ұласады. Арғанаты, Маңырақ, Өкпеті, Түйемойнақ, Жылытау сілемдерінің де шоқтығы биік шындары көп.

Осыдан бастау алған Боғас, Базар, Қарғыба, Тебіске, Қарасу, Шорға, Тайжүзген, Қандысу, Құсты  Зайсан көліне құяды. Біздің ауданда  ойлаған көсемдер,  шешендер,  әділ билер,  жауға қол бастап шыққан  батырлар,  күйшілер, күміс көмей әншілер, ақындар, көріпкел әулиелігімен аты аңызға айналған емшілер, жауырыны жерге тимеген палуандар өмір сүрген. Ежелден табиғатына бай «Барқытбел» атанған қарт Тарбағатай ерте замандардың көнекөз куәсі. Бұл өңірде біздің жыл санауымызға дейінгі бірнеше мыңжылдықта ерте көшпенділер мекендеген. Бұған дәлел тау төскейіндегі далалардағы үйінді обалар. Қазақстан тарихи зерттеулерінде «Алтын – оба» аталып кеткен Шілікті аңғарындағы қорғандардан осы дәуірдің көне мәдениет ескерткіштері табылған. Археологиялық қазба кезінде 500-ден астам алтын бұйымдар шыққан. Бұлардың көпшілігі еліміздің ұлттық мұражайында  және әлемдегі ең үлкен мұражайлардың бірі Санкт-Петербургтағы эрмитажда сақталуда.

13 ғ-да Моңғолияға Италия саяхатшысы Плано Карпини және фламанд саяхатшысы Виллем Рубрук бастап барған елшiлер өздерi жүрген Қазақстан аумағындағы шөл, шөлейт аймақтардың қысқаша сипаттамасын берген. Олар өздерiнiң жеке бақылаулары негiзiнде Каспий теңізінiң тұйық алап екендiгi туралы маңызды географиялық мағлұматтарды жаңартып толықтырған және Алакөл, Балқаш көлдерi, Тарбағатай, Жетiсу Алатауы (Еренқабырға) жайында алғашқы деректер келтiрген. [2]

I.2. Тарбағатай ауданының туристік – рекреациялық алғышарттары 

Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысы  – Қазақстанда туристік саланы зерттеумен айналысу арқылы, келешегі бар аудан – Тарбағатай ауданын бөліп көрсетуге болады. Демалыс орнын немесе рекреацияны таңдаған кезде турист сол аймақтың тартымдылығын басты назарда ұстайды. Мәдени, тарихи нысандар мен тарихи ескерткіштерінің мәні аса маңызды болуымен қатар, туристерді ауданның табиғи жағдайынан басқа еш нәрсе алаңдатпайды. Туристердің саяхаттауға немесе демалуға жайлы деп бағалауы бойынша келесідегідей критерийлерді бөліп қарастыруға болады:

  • белгіленген аймақтың географиялық жағдайы;
  • аймақтың жер бедері;
  • климаттық жағдайлары;
  • табиғи ортаның ландшафттық факторлары;
  • су көздерінің, өзендер мен көлдердің болуы;
  • жануарлар әлемі мен өсімдіктер дүниесінің болуы;

Тарбағатай өңірінде бұл табиғи ресурстардың жиынтығы басым. Сонымен бірге туризмді дамытуға ыңғайлы әрі жайлылығы жағынан Қазақстан аймақтарын бөлгенде барынша тартымдылық танытатын Тарбағатай таулы аймағы десе де болады.

Тарбағатай таулы өлкесі биік шыңы – Тастау (2992 м), Тарбағатай мемлекеттік табиғи қорығы, мәңгілік ел саябағы, Сеңгір демалыс лагері, қасиетті Ырғызбай баба кесенесі, Қабанбай батыр ескеркіші, Бөрітостаған, табиғаты әсем Базаршат, Қарғыба, Томар өзендері т.б. сынды туристік-рекреациялық ресурстарға бай болып келеді.

Қазақстан Республикасында соңғы жылдары ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жер көлемін ұлғайтуға үлкен мән беріліп отыр. 2006 жылдың 7 шілдесінде «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңның қабылдануының өзі Қазақстанда табиғат қорғау мәселелеріне басты назар аударылып отырғандығының нақты дәлелі бола алады. Тарбағатайдың өсімдіктер дүниесі мен жануарлар әлемін қорғау мақсатында ерекше қорғалатын аумақтар ұйымдастырылған. Мұнда Қазақстанның Қызыл кітабына енген өсімдіктер жамылғысы және жануарлар дүниесінің көптеген түрлерін көруге болады

«Ырғызбай ата» кесенесі. Ескерткіш ХІХ ғасырдың ортасында салынған. Бірақ кесене бірнеше рет қайтара салынған. Ескерткіштің өзі Тарбағатай ауданының аудан орталығы Ақсуат ауылынан солтүстік батысқа қарай 63 шақырым жерде орналасқан. Ырғызбай Досқанұлы 1787 жылы туып, 1850 жылы дүние салған. Далада әйгілі емшілігімен даңқы шыққан. Аңыз бойынша, Ырғызбай ата емдік шөптермен емдеген, сынықшы болған және тамыр соғысына қарап науқасты анықтап отырған. Оның дәрігерлік жолы Құнанбаймен кездесуіне себеп болған: ол кезде Абай қатты науқастанып жатқан, бірақ  Ырғызбай ата өзінің қабілеттері арқасында дауаны емдеп жазған. Құнанбай оған алғысын білдіреді де емшіге құлыны бар биені сыйға тарта отырып: «Аллах рұқсат етсе, бұл биемен сен жоқшылық көрмейсің» деген екен. Оның сөздері орындалды да. Кесененің салынуына қатысты қызықты аңыз бар. Шыныбай деген бір кісі 1924 жылы Ырғызбай зиратының жанында көшіп-қонып жүрген екен, бірде оның түсіне емші кіріп, өзіне ескерткіш салып беруді сұрайды, сол үшін  Шыныбайдың қайтыс болған балаларының орнына тағы да үш ұл туады деген аян береді. Шыныбай тастан қоршау орнатып, ақырында емшінің айтқаны орындалыпты-мыс. Ырғызбай атаның керемет әсері әлі де сезіледі. Әлі күнге дейін Ырғызбай ата зиратының жаны бір сәтке де босамайды, бүгінде ол жерде науқасынан арылғысы келетіндерге арналған діни орындар салынған. Бірақ, белгілі бір ереже бар: ұйықтауға арналған арнайы бөлмелерде ұйықтаған адам таң атысына дейін кетіп қалуы тиіс. Мұндай белсенділік әрине өз жемісін беріп отыр, ескерткіш бірнеше рет қайта салынған. 1990 жылы кесене силикатты кірпіштен салынды. Кесене жоғарыда аталған тас қоршаудың үстіне салынып, тас табыт тәріздес болған. Кесененің тұрпаты шаршы іспеттес, алдыңғы жағында жартылай шеңберлі шығыңқы жері бар, жартылай сфералы күмбезбен жабылған. Алғашында силикатты кірпіштен жасалған күмбез парақты металлмен жабылған. Күмбездің үстінде жарты айы бар алтын жалатылған сүмбі орнатулы. Камера ортасында, тас қоршау ішінде, сұр мәрмәрмен апталған тіктөртбұрышты қабір тас орнатылған.

Қабанбай батыр ескерткіші – 2011 жылы ашылған Тарбағатай ауданының Шорға алқабында орналасқан Боғас елді мекеніндегі ескерткіш. Ескерткіш «Менiң бабам – Қаракерей Қабанбай» қорының қаражаты есебінен орнатылды. Жобаның құны – 30 млн.-ға жуық теңге. Аңызға айналған жерлестеріне естелік орнату идеясын Тарбағатай ауданының барлық тұрғындары да, атақты жерлестері де қуаныштарын білдіріп, бұл нысанның құрылысына қолдан келген көмектерін көрсетті. Ескерткішке  ұлы бабаға тағзым етуге барлық қонақтар жол-жөнекей соғып отырады.

Бөрітостаған –Жәнтікей мен Кіндікті ауылдарының арасындағы жазық даласындағы жартас. Жартастың ұзын тұрқы 300 метр шамасында, ені 10 метр, ал биіктігі 50 метрдей. Терістік батысы жадағайлау,  күнгей жағы тіп-тік жалама жақпарлар. Бөрітастаған туралы ғылыми зерттеуді 1975-1983 жылдар арасында сол кезде Қазақ ССР Ғылым Академиясының математика және механика институтының ғылымдарының кандидаты (кейіннен доктор) Тоқтар Нүркенов жүргізіп, «білім және еңбек» журналына мақалалар жариялаған. Нүркеновтың жүргізген зерттеулері бойынша  ол жартастың метеорит екендігін дәлелдейді. [14]

Тарбағатай аудандық тарихи – өлкетану мұражайы – 1993 жылы 18 мамырда ашылды. Мұражай шығыс сәулеті үлгісіндегі жеке ғимаратқа орналасқан. Көлемі 536,5 ш/м, оның 400 ш/м алаңында тұрақты көрмелік құрылым, қор сақтау, қызмет бөлмелері бар. Ұлттық асыл мұралардың үлгілері мол жинақталуда.

Бұғытас – тас нысандарының ішіндегі ең көнесі болып табылады. Бұл тас бағананың жоғарғы сол жақ шекесінде рулық таңба, сәл төмен орта тұсында қиғаштай салынған өрнек бейнесіндегі бұғы мүйізі, ал төмен жағында қылыш бейнеленеді. Сақ қорғандарының маңына қойылады. Қола дәуірінің соңғы және ерте темір заманының алғашқы кезеңдеріне тән ғұрыптық жерлеу ескерткіштерінің құрамдас бөлігі ретінде, солардың жанына тігінен орнатылған сынтастардың бір түрі. Олардың өң бойына құс тұмсықты ұғылар бейнесі бедерленіп салынатындықтан, ескерткіштің бұл түрі ғылыми басылымдарда «бұғытас» деп аталады.

Сынтас- граниттен өңделіп, ешбір таңба, өрнексіз жасалған тас бағана. Бұл көне түркілердің барлық орындарында қаз-қатар тізіле орнатылады (ат байлауға арналған деген болжас бар).

Сабындыкөл ескерткіші – Ақсуат ауылының оңтүстігінде  орналасқан. Жергілікті халық арасында «Алтын оба» деп аталатын ерте темір дәуірінің қорымдарының топографиялық жоспарларын жасап, төрт қорғанға қазба жұмыстары жасалды. Аталмыш қорымдағы қорғандардың жерлеу ғұрпына және де құрылысының ерекшелігіне қарағанда бұл ескерткіштер ерте темір дәуірінің соңғы кезеңіне жатады деп пайымдайды.  [7]

Тарбағатай мемлекеттік табиғи қорығы 1983 жылдан жартасты Маңырақ жотасы және Шілікті  шұңқыры аймағында 240 гектарды алып жатыр. Қорық территориясында бор кезеңінің динозаврлар қыртысы табылған «Жалындаған адырлар» табиғи ескерткіші  орналасқан. Қорық территориясы флора мен фауна түрлеріне өте бай. Маңырақ жотасының басты байлығы мен бірегейлігі – Қызыл кітаптан орын тепкен жабайы қанаттылары. Жота ашық алаңқайлар арасында орналасқандықтан, құстарға суырлар, сарышұнақ және басқа рептилийлердің көптігімен тартымды. Сондықтан Маңырақ тауын ұсақ және ірі қанаттылардың, қоңыр тазқара – жемтіктермен қоректенетін Қазақстанның ең ірі жабайы құсы мекендейді. Далалы және шөлге айналған жерлерінде Қызыл кітапқа енгізілген түрлері жиі кездеседі. Қорық территориясында  жиі тараған түлкі, қасқыр, борсық, сасықкүзен, ақ тышқан, ақкіс сияқты аңдар бар.  Жергілікті аңшылардың айтуынша, Шорбас тауы аумағына Саура және Тарбағатай тауларынан қар қабыланы келіп тұрады екен. 1990 жылдары Маңырақтың солтүстік беткейінде Қазақстан зоологтары  ғаламшарда сирек кездесетін селевения «тышқаны» ұсталған. Тарбағатай қорығы Орталық Азия жануарларының  көптеген сирек кездесетін дуадақ, безгелдек, қырандар, бүркіттер, еліктер сияқты аң-құстар түрлерін жаңғырту жағынан қызықты.

Базар – Тарбағатай тауының солтүстік беткейінен басталып, Зайсан көліне құятын өзен. Ертіс алқабында ұзындығы 182 км, су жиналатын алқабы 4580 км2. Арнасы тау ішінде өте тар (5-7 м), ал сағасына жақындағанда 10-14 м-ге дейін кеңейеді. Жауын-шашын және жер асты суымен қоректенеді. Сәуір айының ортасынан шілдеге дейін су деңгейі біраз көтеріледі. Жылдық орта су шығыны 13,1 м3/сек. Суы тұщы, егістікке суаруға пайдаланылады.

Базар- Баспан қамалы – Баспан тауының Әулие шатқалындағы Әзбай қызылы деген біиіктігінде орналасқан үңгір қамал. Үңгірдің аузы шатқал табанынан биіктігі 180-200 метр, қарсы алды, екі қапталы үстіңгі жағы тік жартас. Жан-жағы тік құз, жартас батысында үңгір ауызы.

Базар шаты – Базар өзенінің Тарбағатай тау жоталарынан жазыққа ағып шығар алқымында оң жағалауда  100 м жерде орналасқан қорғандар тобы. Көкжыра ауылынан оңтүстік-шығыста  30 км. Адамдар демалу мақсатында барады.

 «Сеңгір» демалыс лагері – Маңырақ жотасының баурайында орналасқан. Жазғы уақытта аудан тұрғындары демалу мақсатында барып тұрады.  Лагерь өте әдемі, көркем жерде.

Мәңгілік ел саябағы – Ақсуат ауылының келбетіне, көркіне айналған айрықша нысан екенін айтқымыз келеді. Табиғи шыршаны қалпына келтіру мен сақтау, сонымен қатар халықтың тынығып, табиғат көркін тамашалауына мүмкіндік береді. [2]

II-ТАРАУ. ТАРБАҒАТАЙ АУДАНЫНЫҢ РЕКРЕАЦИЯЛЫҚ МҮМКІНШІЛІКТЕРІ МЕН ДАМУ БОЛАШАҒЫ 

II.1. Тарбағатай ауданының рекреациялық даму мәселелері

Тарбағатай ауданы туризмді дамытудың ең қолайлы нысаны болып саналады. Мұнда экологиялық, тау туризмі, су туризмі, ғылыми-танымдық, емдік-сауықтыру туризм түрлері бар. Егер де Қазақстан Республикасында туризм қарқынды дами түссе, Тарбағатай ауданы аталған туристік бағыттар бойынша алдыңғы орындарға шығар еді.

Экологиялық туризм – Тарбағатай ауданы  туризм бағыттарының ішінде өзін айқын көрсетіп, маңыздылығы жағынан ерекше түрі. Экологиялық туризм басқа туризм түрлерiнен табиғи ортаға әлсiз әсерi және кең дамыған инфрақұрылымды қажет етпейтіндігімен ерекшеленеді. Тарбағатай таулы таулы өңірін экологиялық туризмнің орталығы десе де болады.

Тау туризмі – таулы аймақта арнайы көлікті қажет етпейтін туризмнің кең тараған түрі. Тарбағатай  тауы жаяу, атты, альпинизм мен тау туризмін дамытуға мүмкіндік береді.

Су туризмі– белгілі бір су нысандары бойынша арнайы жүзу құралдары бар жорықтарды ұйымдастырып өткізетін іс-әрекет. Тарбағатай  мол сулы, әрі мөлдір өзен мен көлге бай болуымен ерекшеленеді.

Емдік-сауықтыру туризмі маңыздылығының артуына халықтың ерте қартаю үрдісінің жалғасуы және егде жастағы адамдар, жасөспірімдер мен балалар арасындағы науқастар санының артуы негіз болып табылады. Шипажайлы-курортты емделудің нәтижесінде елдегі азаматтардың денсаулығы 1,7 есе жақсаратындығы, ауру салдарынан жұмыстан айырылу үрдісінің деңгейі 2-4 есе төмендейтіндігі оның тиімділігін дәлелдейді. Шипажай кешендеріндегі емдік факторлардың негізінде қазіргі заманғы аз шығынды медициналық технологияларды пайдалану адамдардың сауықтырылуы мен қалпына келтірілуінің тиімділігін 25-30%-ға арттырады және ауруханалар мен стационарларда емделуге кететін шығындарды 10-15%-ға төмендетеді. Осыған қарамастан, емдік қызметтер ең қымбаттардың қатарына жатқызылады, себебі күрделі бальнеотехникалық шаруашылық пен медициналық техника арқылы іске асырылатын құнды табиғи емдік ресурстарды пайдалануға негізделеді [11].

Тарбағатай  емдік-сауықтыру туризмінің маңызды бағыты –алтынтамыр, жалбыз шөптерімен  емдеу болып табылады. Медицинасында ерекше атаққа ие болып жүрген өсімдіктер.

Тарбағатай ауджанында ауданында емдік-сауықтыру туризмін дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер бар, онда бальнеологиялық су көздері жұмыс істейді. Мысалы, Бөрітастаған  тасының ортасындағы су, Томар, Айнабастау, Ақжар, Ақжал елді мекендеріндегі өзен сулары. Тарбағатай ауданында емдік туризмді дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер бар деп қорытынды жасауға болады. 

II.2. Тарбағатай ауданының рекреациялық-географиялық мүмкіндіктерін жетілдіру жолдары 

Қазақстан үшін туризмнің дамуы қазіргі таңда өте маңыздылығын Президентіміз Н.Ә. Назарбаев өзінің «Қазақстан – 2030» бағдарламасы негізінде халыққа жолдауында атап өткен. Осы бағдарлама өзінің мүмкіндіктері мен бәсекеге қабілеттілігі тұрғысынан перспективті салаларға ауыл шаруашылығы, орман және орман өңдеу өнеркәсібі, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, тұрғын үй құрылысы және инфрақұрылыммен қатар туризм де кірген. Елбасымыз «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты жолдауында: «Туризм үшін инфрақұрылым – жеке бағыт. Оның басты басымдығы жұмыс орындары санын көптеп құру мүмкіндігі болып табылады. Мұнда бір жұмыс орнын құру өнеркәсіпке қарағанда 10 есе арзанға түседі», – деп, тағы да туризмді тиімді сала ретінде елімізде дамыту қажеттілігін атап көрсетті.Туризм Қазақстан Республикасының экономикасын шикізаттық емес салада дамытудың бірден бір көзі, алайда елімізде ішкі туризм мен кіру туризмінің үлесі ЖІӨ-нің тек қана 0,3 %-ын ғана алып, даму деңгейінің төмен дәрежеде екендігін көрсетіп отыр. [13]

Тарбағатай ауданына туристердің келуі қарқынды өсуде. Мысалы қасиетті Ырғызай баба кесенесіне Израиль, Қытай, Корея, Ресей т.б. елдерден емдік –сауықтыру мақсатында көптеп келіп жатады. Тарбағатай өңірі туризмнің қалыптасып тұрақты дамуына мүмкіндік беретін туристік-рекреациялық ресурстармен қамтамасыз етуші болып табылса, екінші жағынан туризм арқылы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шеше отырып, аудан экономикасының өркендеуіне алғышарт жасай алатындай мүмкіндіктері бар нәтижеге ие болуымен ерекшеленеді. Сондықтан ауданның туристік объектілерге апаратын автомобиль жолдарын күрделі және қайта жөндеуден өткізу қажет. Сонымен қатар ауданда  туризмді дамыту және оның әлеуетін ұтымды пайдалану үшін келесі шараларды жүзеге асыруды ұсынамыз:

  • Туристік және қонақүйлік қызмет көрсетулердің сапасын арттыру қажет.
  • Туризм инфрақұрылымын дамыту мәселелерін шешу үшін сумен жабдықтау және су тарту жүйесінің құрылысын салу, телефон желісін төсеу немесе өткізу және қайта жаңғырту керек. Бірінші орында сұранысы жоғары жағажай және емдік-сауықтыру туризмін дамыту аймақтарын коммуникациялық жүйелермен қамтамасыз ету қажет.
  • Ұлттық қолөнерді қайта жаңғыртуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға үлкен ықпал ету керек. [11, 152]

Қорытынды 

Рекреациялық нысандардың кеңістіктік таралу деректерінің негізін картографиялық материалдар атқарады. Өйткені тақырыптық және топографиялық карталар аумақтың физикалық-географиялық жағдайын сипаттайтын деректерін сақтайтын ерекше үлгі болумен қатар, өңірдің зерттелетін рекреациялық ресурстарын бағалауға негіз болатын бастапқы ақпарат көзі болып табылады.

Үкіметтің 2014 жылғы 508-ші қаулысында бекітілген Қазақстан Республикасында туристік-рекреациялық саланы дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес еліміздің таулы өңірлер аймағындағы нысандарда туристік кластерлерді құруды жетілдіру, халықаралық деңгейде туристік ұсыныстарды дамыту үшін олардың туристік-рекреациялық рөлін айқындау басым бағыттардың бірі екендігі көрсетілген. Туристік нысандарға апаратын жолдарды жақсарту, жаңғырту мақсатында елімізде бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тарбағатай өңірінің ғажайып табиғатын тамашалауда маңызды рөл атқарады. Нұрлы жол бағдарламасы шеңберінде «Орталық Шығыс», «Орталық  Оңтүстік  Шығыс» бағыттарын Алматы Өскемен Қапшағай Талдықорғанға дейін 1073 шақырым автожол мәресіне жетіп жөнделгені бағдарламаның орындалғаны туризмді дамытуға ықпалын тигізетіні сөзсіз. Ғылыми жоба жұмысының өзектілігі мен жаңалығын, теориялық және практикалық құндылығын анықтайтын негізгі қорытындыларды төменде көрсетілген тұжырымдар арқылы сипаттауға болады. [12]

Ұсыныстар:

  • Тарбағатай тауында шаңғы туризмін ұйымдастыру;
  • Таза ауада демалу үшін су туризмін ұйымдастыру;
  • Танымдық туризмді дамыту;
  • Ұлттық туризмді дамыту;
  • Томар елді мекеніндегі бұлақ көздерін ашып, әлі де зерттеу
  • Базар, Қарғыба, Тебіске, Қандысу өзенінің бойынан рекреациялық-географиялық әлеуетін қарастыру;
  • Зерттеуді қажет ететін дәрілік өсімдіктерді медициналық тұрғыдан зерттеу
  • Ғажайып зерттеуді қажет ететін балбал тастар аймағын қорғауға алу керек (ғылыми еңбекке, оқулыққа, тізімге алынбаған).

Өңірге келуші туристерге экологиялық, тау туризмі, су туризмі, танымдық, жағажайлық, емдік-сауықтыру, аң және балық аулаушылық және белсенді туризм түрлері ұсынылады. Туристік-рекреациялық іс-әрекет халықаралық туристік қызмет көрсету нарығына ұмтылу стратегиясын айқындайтын аумақтың ішкі экономикалық мүмкіндіктері мен сыртқы ортаның жағдайын ескере отырып, туристік-рекреациялық ресурстарды игеру жолымен жүзеге асырылуы тиіс.

Жалпы алғанда ғылыми жоба жұмысының зерттеу нәтижесінде Тарбағатай ауданын әрі қарай дамыту үшін әлі де зерттелмеген туристік-рекреациялық нысандардың бар екені анықталды.

Тарбағатай ауданының рекреациялық-географиялық мүмкіндіктері арқылы туризмді дамыту жолдары бойынша ұсыныстар қаралып, Тарбағатай ауданын туризм индустриясын дамытудың бірегей аймағына айналдыру керек.

You May Also Like

Білім беруде АКТ қолдану заман талабы, ғылыми жоба

Білім беруде АКТ қолдану заман талабы. Бүгінгі күнгі әлемдік ақпараттық білім кеңістігінің…

Қыштан жасалған құмыралар құпиясын зерттеу, 3D модельдеу арқылы қалына келтіру, ғылыми жоба

Ғылыми Конкурс  Тақырыбы: «Қыштан жасалған құмыралар құпиясын зерттеу, 3D модельдеу арқылы қалына…

Темекінің адам денсаулығына зиянды әсері, ғылыми жоба

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері  Тақырыптың  өзектілігі  мен жаңашылдығын  аша отырып  жасөспірімдерге  темекінің…

Информатика сабағын басқа пәндермен кіріктірілген сабақ түрінде өткізудің тиімділігі, ғылыми жоба

Ең үздік ғылыми жоба»Информатика сабағын басқа пәндермен кіріктірілген сабақ түрінде өткізудің тиімділігі»…