Секция: экология

Тақырыбы: «Семей қаласындағы үйсіз жануарлар мәселесі »

Аңдатпа: Қазақстанның күн тәртібінде тұрған өзекті тақырыптардың бірі қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму мәселелері . Бұл проблемалармен тұтас мәдени әлем айналысып жатыр. Үйсіз жануарлар мәселесі көптеген қалаларда шиеленіскен. Иттер мен мысықтарды бақылаусыз өсіру және жауапсыз ұстаудан аталған мәселе айтарлықтай ауқымға ие болды. Экологтардың пікірінше, үйсіз жануарлар, ең алдымен иттер мен мысықтар.Олар заманауи мегаполистің экожүйесінің үйреншікті бөлігіне айналды. Қазіргі кезде қала тұрғындарының көпшілігі бақылаушылар позициясын алып отырған уақытта, волонтерлер мен экологиялық қозғалыстар белсенділерінің шағын топтары біздің әлемді сәл жақсырақ етуге тырысуда.Зерттеу жобасында аймақтық компонентке аса назар аударылған.Семей қаласындағы үйсіз жануарлар мәселесінің өзектілігі жан-жақты қарастырылған.

Зерттеу мақсаты:

Үйсіз жануарларға қатысты мәселелерді анықтау, оған қоғамның назарын аудару және оны шешу жолдарын қарастыру;

Зерттеу міндеттері:

  • Тақырыпқа сай ақпараттар жинақтау және үйсіз жануарлардың пайда болу себептерін анықтау;
  • Әлеуметтік сауалнама жүргізіп,оның нәтижелерін талдау;
  • Қаламыздағы үйсіз жануарлар мәселесін зерттеу;
  • Үйсіз жануарларды қорғауға шақыратын парақшалар тарату;
  • Үйсіз жануарлар мәселесін шешу жолдарын ұсыну;
  • Қаламыздағы үйсіз жануарларға арналған тұрақтармен (приют) байланыс орнату, ондағы жануарларға көмек беруді ұйымдастыру;
  • Зерттеу жұмысыммен сыныптас оқушылармен бөлісу;

Гипотезасы:

Көшелерде үйсіз жануарлардың пайда болуының басты себебі – адамдардың үй жануарларына жауапкершілікпен қарамауы және бұл мәселеге немқұрайлы қарауы.Егер агитациялық жұмыстар жүргізілсе,олардың санын азайтуға болады деп болжаймын.

Қойылған міндеттерді шешу әдістері:

–         Әдебиеттер мен интернет-ресурстармен жұмыс

–         Әлеуметтік сауалнама жүргізу;

–         Қаламыздағы үйсіз жануарлар көп шоғырланатын аудандарды анықтау;

–         Адамдарды жануарларды қорғауға шақыратын парақшалар дайындау;

Зерттеу тақырыбының өзектілігі:

16 тамыз дүние жүзі бойынша жануарларды қорғау күні болып табылады.Қорғауға тек сирек кездесетін жануарлар ғана жатпайды, сонымен қатар жанымызда жүрген жануарлар да қорғалу қажет.Үйсіз жануарлар қаңғуға,ашаршылыққа және ауруға ұшырайтыны сөзсіз.Көптеген адамдар бұларға назар аудармайды немесе көрмеген сыңай танытады.Тіпті сол үйсіз жануарлардың өздері қоғамға қауіп төндіреді: олар әртүрлі қауіпті ауруларды таратушылар болуы немесе көшедегі адамдарға агрессия көрсетуі мүмкін.Алайда, осындай проблемалардың тууының басты себебі – қоғамның кінәсі екені сөзсіз. Сондықтан,үйсіз жануарлар мәселесі әлі күнге дейін қоғамдағы күрмеуі шешілмеген мәселердің бірі болып саналады.

Мазмұны

Кіріспе

Негізгі бөлім                            

І тарау  ТАҒДЫР ТӘЛКЕГІНЕ ҰШЫРАҒАН ЖАНУАРЛАР

1.1 Үйсіз жануарлар ұғымы және олардың пайда болу себептері

1.2  Үйсіз жануарлар: қорлау әлде қорғау?

ІІ. ҮЙСІЗ ЖАНУАРЛАР МӘСЕЛЕСІН БІРГЕ ШЕШЕМІЗ!

2.1 Үйсіз жануарлар мәселесіне сіздің көзқарасыңыз қандай?

2.2  Жаңашыл көзқарасты жанашыр жандар.

2.3 Әлемді сұлулық емес, мейірімділік құтқарады!!!

Қортынды

КІРІСПЕ

Махатма Ганди

Кімнің болса да бала кездегі арманы оның сенімді төртаяқты досының болуы. Қай бала болса да оған кішкентай күшік немесе марғау сыйласа сөзсіз қуанары анық.Осыдан 12 мың жыл бұрын адамдар  жануарларды қолға үйрете бастады.Содан бастап иттер мен  мысықтар адамдардың сенімді серіктері болып келеді. Алайда адамдардың үй жануарларына деген жауапсыздықтары қазіргі таңда қала көшелерінде үйсіз қаңғыған иттер мен мысықтардың көбеюіне әкеліп отыр.

Мен көше бойымен келе жатып қаңғыған иттер мен мысықтарды  көп кездестіремін.Оларды сырт келбетіне қарап бірден ажыратуға болады: үстілері өте кірлеген, мойындарында қарғыбаулары жоқ,яғни қаралмағаны байқалып тұрады.Мені неге бұл жануарлар көшелерде қаңғып жүр, олардың иелері қайда және олардан  көшедегі адамдарға қауіп жоқ па деген сұрақтар мазалайды.

ЗЕРТТЕУ БӨЛІМІ                            

І. ТАҒДЫР ТӘЛКЕГІНЕ ҰШЫРАҒАН ЖАНУАРЛАР

1.1 Үйсіз жануарлар ұғымы және олардың пайда болу себептері

Кез-келген қала көшелерінен үйсіз жануарларды кездестіретініміз сөзсіз. Ең көп кездесетін жануарлар – иттер мен мысықтар. Бұл – адамның оларға деген қатыгездігінің,оларға деген жауапсыздығының айқын көрсеткіші. Олар қараусыз қалу салдарынан аштыққа,тоңуға, тіпті өлімге ұшырайды. Олардың  өз иелеріне сенімді дос бола алатындығын өмірден де, көгілдір экраннан мультфильмдер мен фильмдерден көріп жүрміз. Ал сонда олардың үйсіз қалуының, тағдыр тәлкегіне ұшырауының себебі неде?

Сонымен, үйсіз жануарлар дегеніміз – белгілі бір себептермен иесіз қалатын жануарлар.

Олардың пайда болуының басты себептері мыналар:

Адасып қалған жануарлар

Өкінішке орай көшедегі үйсіз жануарлар қатарын адасып немесе жоғалып кеткендер толықтырады.Мұндай жағдайлар олардың иелерінің салғырттығы мен жауапсыздығының кесірінен болады.Мысалы: кішкентай марғау терезеден қарамақ болып төменге құлап кетуі мүмкін, енді бірі итін өз бетімен қыдыруға жібере салуы мүмкін немесе қақпаның ашық қалуы себебінен кішкентай күшік көшеге шығып кетуі мүмкін.

Тастанды жануарлар

Бұл жануарлардың иелері көбінесе бір үйден екінші үйге көшкенде ит немесе мысық өзінің үйреншікті жерінен кеткісі келмей қалып қоюы, иесі қайтыс болғандықтан жалғыз қалуы немесе иелерінің енді жануарды асырағысы келмей қалғандығының кесірінен болады.

Жануарлардың көбеюі

Үйсіз жануарлардың табиғи көбею факторы да  олардың ұрпақтарының ауру әрі  қаңғыбас жануарлар қатарын толықтырары сөзсіз. Аналық иттер жылына 3-6 күшік тууы мүмкін.Олардың тұрақты мекендері болмағандықтан тамақ іздеп қаңғып жүре береді, нәтижесінде олар да ауру ,үйсіз ұрпақтар әкеледі.

Үйсіз жануарларға арналған тұрақтардың (приют) болмауы немесе жеткіліксіздігі

  Әрине, егер әр қалада осындай тұрақтардың көп болуы, ондағы жануарларға тамақтың жеткілікті болуы және егу-сауықтыру шараларының уақтылы жүргізілуі үшін қаражаттың болуы үйсіз жануарлар санын азайтары сөзсіз.

1.2  Үйсіз жануарлар: қорлау әлде қорғау?

Әйгілі Махатма Гандидің «Халықтың моральдық дамуын, жануарларға деген қарым-қатынасынан байқауға болады»,-деген сөзі бар. Бүкіләлемдік үйсіз жануарлар күні (International Homeless Animals Day) мереке емес, үй-күйсіз жүрген жануарлар мәселесіне көңіл аудару мақсатында аталып өтеді.

Аталмыш күн 1992 жылы Халықаралық Жануарлар құқығын қорғау қоғамының ұсынысымен белгіленген. Әлем бойынша бұл күні қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, еріктілер концерт, аукцион  өткізіп, түскен қаражат жануарларға жұмсалады.

Әлемдегі ең алғашқы жануарларды қорғау үйі  1695 жылы Жапонияда құрылған. Онда 50 мың үй жануары болған. Ал, жануарларды зорлықтан қорғау туралы заң алғаш рет 1822 жылы  Ұлыбританияда шықты. Ал, Австралияда ит-мысықтардың құлағын, құйрығын кесуге, жыртқыштарды цирк өнеріне пайдалануға, күшіктер мен мысықтарды зоодүкендердің сөрелерінде сатуға тыйым салған.

Қаңғыбас ит-мысықтармен мемлекеттің күрес шаралары қоғамда ұдайы қызу пікірталас тудырады. Адамдарға қауіп тудыратындықтан, бір топ қаңғыбас иттердің көзін жою бағдарламасын толықтай қолдаса, енді біреулер, керісінше, қаңғыбас иттердің көзін жойғанмен мәселе шешілмейді деп топшалайды. Соңғылары адамға қаңғыбас иттен гөрі тұқымы ерекше, арнайы жаттықтырылған иттер қауіпті деген пікірде.

Ит аулаушылар жануарларды арнайы паналайтын орынға апарады деуге болмайды. Ит аулаушылар деп жүргеніміз – «Қаңғыбас жануарларды уақытша ұстау изоляторы». Олар қаңғыбас жануарлардың санын азайту мақсатымен оларды ұстап, көзін жоюмен айналысады. Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» заңы мен Жергілікті атқарушы органдар жасаған «Қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұстау және көзін жою ережесіне» сәйкес, көптеген қалаларда ауланған жануарлар изоляторда бірнеше күн болады. Белгілі бір мерзім аяқталғаннан кейін қажетсіз деп табылған жануарлардың көзі жойылады. Мысалы, Астана қаласының ережесі бойынша, изоляторға түскен жануардың үш күндік қана уақыты бар.

Жануарлар үйі – иесіз, жоғалған және тастап кеткен жануарлардың паналайтын орны, оның негізгі төрт қызметі мынадай:

  • оларға жедел көмек көрсетіп, соның ішінде қиналғандарына ветеринарлық көмек жасап, қамқорлық таныту;
  • өз қожайыны дереу табылмаған және жаңа қожайын табылмаған жануарларға ұзақ уақыт қамқорлық көрсету;
  • жоғалып кеткен үй жануарының иесін табуына күш салу;
  • иесіз жануарды паналататын жаңа орын немесе жаңа қожайын іздеу

Қазақстанның кейбір қалаларында әлі күнге дейін ату әдісі пайдаланылады. Жоғарыда айтқанымыздай, қаңғыбас ит-мысықтарды ұстау және олардың көзін жою ережесін жергілікті атқарушы органдар жасайды, сондықтан ол әр қалада әртүрлі болуы мүмкін.

Қазақстанда жылына 350 мыңнан астам үйсіз жануарлар ауланып, өлтіріледі.Мемлекеттен үйсіз иттер мен мысықтарды аулап, олардың көзін жоюға 1 миллиардқа жуық қаржы бөлінеді.Өйткені мемлекет үйсіз жануарлар мәселесін осылайша оңай жолмен шешеді, яғни «ескірген» әдіс бойынша оларды улау немесе ату арқылы қаншама жануардың өмірін құртады. Көптеген жылдар бойы әлемдегі талай мемлекеттер осындай аяусыз әдістерді қолданып келді.Ресейде тек 1999 жылдан бастап қана үйсіз жануарларды атуға тыйым салынды, алайда әлі күнге дейін кейбір ұйымдар бұрынғы әдістерді қолданып келеді. Ал Қазақстанда жануарларды медикаменттік әдісті қолдану арқылы көзін жою керектігі жазылған.

Ал қаңғыбас иттер мен мысықтардың жайына тек еріктілер мен қайырымды жандар ғана алаңдайды.

Семей қаласы бойынша үйсіз жануарларды аулау мен жою жұмыстарымен «Семей қаласының ветеринарлық қызметі» МКК айналысады.Бүгінгі таңда қала бойынша 5516 үйсіз жануарлар: оның ішінді 4890 ит пен 629 мысық ауланып, жойылды.

Мұндай жануарлардың қоғамдағы басты қаупі – олардың қауіпті ауруларды таратуы және құтыруы.Жылына бірнеше мыңдаған қазақстандыққа осындай қауіп төнетіні статистикадан мәлім.

ІІ. ҮЙСІЗ ЖАНУАРЛАР МӘСЕЛЕСІН БІРГЕ ШЕШЕМІЗ!

2.1 Үйсіз жануарлар мәселесіне сіздің көзқарасыңыз қандай?

Мен қала тұрғындарымен әлеуметтік сауалнама жүргіздім.Сауалнамаға қатысқандардың жас шамасы 7- 80 жас.Нәтижесінде жерлестерімнің үйсіз жануарлар мәселесіне көзқарастарын анықтадым. «Үйсіз жануарларға деген көзқарасыңыз қандай?» атты әлеуметтік сауалнамама 58 адам қатысты.Сауалнама нәтижесі төменде көрсетілген.Сауалнама қортындысы бойынша «Үйсіз жануарыңыз  болса оның ұрпақтарын не істейсіз?» деген сауалға сауалнамаға қатысқан адамдардың 19%-ы  көшеге тастайтындықтарын жазса,44%-ы өздері асырап қалатындары жайлы жазды.Сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі қаламызда үйсіз жануарлар мәселесі бар екенін мойындап,жазып өтті.

2.2  Жаңашыл көзқарасты жанашыр жандар

Қаламыздағы  «Четыре лапы» атты үйсіз жануарларды қорғау қоры туралы айтқым келеді.

1.Қор 2016 жылы қараша айында құрылып, 2017 жылы ресми түрде тіркелген. Қорды 6 адамнан құралған әкімшілік топ құрайды.

2.Қордың негізгі кірісі қаламыздағы ірі сауда орталықтарында (дүкендер, супермаркеттер) орналастырылған арнайы жәшіктерге адамдардың салған қайырымдылық қаржыларынан құралады.Ол ай сайын мөлшермен 150000-300000 теңге аралығында болады.

3.Бұл қаламыздың оң жағалауындағы Шығыс кентіндегі саяжайлар массивінде орналасқан үйсіз жануарларды қорғауға арналған бірден бір баспана(приют). Жалпы ауданы 6 га.

4.Мұнда 60-80 ге жуық иттер мен 40 шақты мысық тұрақты мекендейді.

5.Күніне кем дегенде 1-3 рет қала тұрғындарынан жануарды қабылдауға өтініш түседі.

6.Айына мөлшермен 5 адамнан жануарларды асырау туралы өтініштер түседі.Шамамен 1-2 ит пен 2-3 мысық өз иелерін табады.Бірақ заңды түрде келісімшарт жасалып, үйіне жануарды алғысы келген адам «ҚАМҚОРШЫ», ал қор сол жануардың «ИЕСІ» болып қала береді.

  1. 2019 жылдың екінші жартысында 166 күшік қабылданды.

8.Семей қаласында 3 ветеринарлық клиника жұмыс істейді. «Четыре лапы» қоры осы 3 клиникамен де тығыз байланыста.«Фауна» клиникасы жеңілдіктер және қарызға ота жасайды.

9.Қордың айлық шығыны 250 000 теңгені құрайды: оның 150 000 теңге жұмысшылардың еңбекақысы,60-70 мың теңгесі жануарлардың тамағына жұмсалады, 50 000 теңге коммуналдық қызметтерге және вакцинаға кетеді. Ал жануарларға тамақ жағынан  көмек беретін тұрақты демеуші – «Апрель» сауда орталығы .

  1. Жануар мұнда түскен кезде бірден 2 аптаға жеке вольерге карантинге жабылады және қажетті вакциналарын алады.
  2. Вакцинациялау шығыны: мысықтар мен иттерге 900-1100 тг (тері ауруларына мен құтыруға қарсы), ал күшіктерге 200 тг (чума, вирустық ауруларға қарсы)
  3. 2019 жылы қала әкімі Ермак Салимов тұраққа (приютқа) келіп, ондағы жағдаймен танысқан соң қала шетіндегі құс фабрикасы ауданынан жер бөлу туралы шешім қабылдадады.Жер бағасы 1 200 000 тг құрайды.
  4. Республикалық бюджеттен жылына иттерді атуға 1 200 000 тг бөлінеді.
  5. Үйсіз жануарлар санын арттырмаудың бірден бір амалы- СТЕРИЛИЗАЦИЯ. Оның бағасы мысықтар үшін 8000-10000 теңге, ал иттер үшін 40000-50000 теңге.
  6. Осы қор құрылтайшыларының ұзақ уақыт бойы жанталасуының нәтижесінде халықаралық неміс компаниясымен келісімшарт жасауға қол жеткізді.Онда осы жылдың мамыр айында қаламыздағы тілек білдірген иттердің барлығына тегін стерилизация жасауына мүмкіндік туып отыр.

2.3 Әлемді сұлулық емес, мейірімділік құтқарады!!!

     Жобамды зерттеу барысында көптеген мағұлматтар білдім.Оның ішінде Семей қаласындағы үйсіз жануарлар мәселесі жайлы ақпараттандым.Жинаған ақпаратыммен  сыныптастарыммен бөлістім.Ұстазым Ақмарал Бекболатқызымен ақылдаса келе  сыныптастарым арасында «Үйсіз жануарларды бірге қорғайық» атты тақырыпта сурет көрмесін ұйымдастыруды шештік.Сыныптас достарым өте әдемі суреттер салып әкелгенін көріп,қуандым.Кейбір балалар өздерінің көшеден тауып,асырап алған мысықтары мен иттері жайлы әңгімелеп берді.Жинаған ақпаратыммен басқа да адамдармен бөліскім келді.Өйткені барынша адамдардың жануарларға қамқорлықпен қарағандарын қалаймын.Сол мақсатпен «Ертіс өңірі» газетіне мақала жаздым.

   Ғылыми жобаға тақырып таңдауда қателеспеппін. Себебі, қазір әлемде мейірімділіктен гөрі қатыгездік басым. Ал қатыгез әлемде өмір сүру қиын.Сондықтан мен достарыма, ата-аналарға, ұстаздарға,көршілеріме, туыстарыма, қала тұрғындарына, қазақстандықтарға ,тіпті бүкіл әлемдегі адамзатқа ҮНДЕУ жолдаймын:

                                           Құрметті адамзат!!!

       Бүгінгі менің көтеріп отырған мәселем – үйсіз жануарлар мәселесі.

      Сіздің де аулаңызда  үй-күйсіз жүрген жануарлар бар екені, оған көптеген адамның назар аудармақ түгілі жиіркенішпен қарайтыны рас қой?! Саналы қоғамда өмір сүріп жатқан адам үшін бұл өте ұят іс-әрекет екені сөзсіз.  Өте өкінішті!!!

     Ендеше сіз бүгіннен бастап көшеге шығарда үйден кеуіп қалған нан үзімін қолыңызға ұстай шығыңыз.Онымен айналаңыздағы көгершіндерді, торғайларды т.б құстарды тамақтандыра жүріңіз. Ал түскі астан қалған сүйектерді үйсіз иттер мен мысықтарға берсеңіз қаншама сауап алар едіңіз.

     Ойланыңызшы, мүмкін дәл сіз, дәл бүгін бір өмірді құтқаратын шығарсыз? Үйсіз жануарларды қорғау ұйымдарының әлеуметтік желідегі парақшаларына кіріп, ондағы иттер пен мысықтардың фотоларына үңілсеңіз, мүмкін олардың біреуін ұнатып, оны асырап алуға ниет білдіретін боларсыз.

    Жануарлар мәселесі барлығымызды алаңдатуға тиісті мәселе. Ал бұл мәслеге бей-жай қарамайтын адамдар қатарынан болсаңыз онда қаламыздың еріктілер  қатарына кіріңіз.

Қала көшелерінде  тұрғындарға әзірлеген үйсіз жануарларға қорған болуға шақыратын парақшаларымды тараттым.Анама үйсіз жануарларға қайырымдылық жасауымызды өтіндім.Анам менің өтінішіме риза болып,анам екеуіміз иттер мен мысықтарды азықтандыруға көмегімізді тигізу мақсатында  арнайы тамақтар сатып алып,оларды қаламыздағы шығыс кентінде орналасқан тұраққа апарып бердік.

ҚОРЫТЫНДЫ        

Менің зерттеу жұмысымның нәтижесінде алдында жасаған болжамдарым расталды. Шынында да, үйсіз жануарлардың пайда болуының басты себебі – адамдардың жануарларға деген жауапсыз қарым-қатынасы және олардың бұл мәселеге немқұрайлы қарауы болып табылады.

Сонымен қатар менің тағы бір түсінгенім өмірде қайырымды жандар да аз емес екен.Мәселенің өте маңызды болуына қарамастан үйсіз жануарларға жанашырлықпен қарап, оларды қамқорлығына алған және оларға көмек қолын созуға дайын адамдар бар екен. Бұл адамдар осы мақсаттарына жету үшін уақыттарын да, күштерін де және ақшаларын да сарп етуге әзір.

Семей қаласының көшелерінен қаңғыған ит –мысықтарды көптеп кездестіреміз.Олардың кейбіреуі ғана өз үйі мен иесін табу бақытына ие болады.Ал қалған көп бөлігі ашығу мен тоңу кесірінен ажал құшады.Сонымен қатар өкінішке орай олар ит аулаушылар бригадасының құрбаны да болады.

Менің осы жобам қаламыздағы «Четыре лапы»  атты үйсіз жануарларға арналған тұрақпен қарым-қатынас негізінде жасалды.Мақсатым адамдарды осындай қоғамдық ұйымдарға көмектесуге шақыру.Өйткені осындай тұрақтардың арқасында әлемде қаншама мыңдаған тағдыр талқысына қалған жануарлардың өмірі сақталып қалуда.Алайда адамдар қарапайым ақиқатқа көз жеткізбейінше қаңғыған иттер,мысықтар саны азаймайды.Ол ақиқат мынада: «қолға үйретілгендер үшін ғана біз жауаптымыз».

Зерттеу жұмысымды қорытындылай  келе қаламыздағы үйсіз жануарлар мәселесін шешуде ұсынарым:

1.Жануарларды көшеге тастамау

2.Оларды қараусыз қалдырмау

3.Табылған жануарлардың иелерін табуға тырысу.

  1. Жануарды арнайы тұраққа орналастыру

Ал ең бастысы – бойыңдағы адамгершілікті,имандылықты жоғалтпау.

Алланың үйі –мешітке кіруге рұқсат етілген жалғыз жануар ол- мысық.Осыдан –ақ бұл үй жануарының исламдағы орнын білуге болады.

Қазақ халқы да ежелден бері «Ит – адамның досы» деп, итке жоғары баға берген, тіпті құмай тазыны өздерінің жеті қазынасына да қосқан.

6 шілде күні әлеуметтік желіде демалып жатқан адамдар Каспий итбалығына тас лақтырғаны туралы видео пайда болды. Бір қызығы, біз, итбалыққа тас лақтырып, итше тепкілеп жүргенде, Архангельск қаласында итбалыққа арналған ескерткіш бар екенін білдім. Соғыс жылдары Архангельск қаласы аштық құрсағында қалған кезде тұрғындар итбалық аулап, оның етін тағам, терісін киім, ал майын мылтықты майлауға қолданып, аштықтан аман қалған екен. Осылайша жүз мыңдаған адамды аштықтан құтқарған итбалықтардың құрметіне ескерткіш орнатылыпты. Ескерткіштің тақтасына «Сен қанша адамды аштықтан, суықтан құтқарып қалдың» деген жазу жазылған. Ал, біз, жануарларды қалай қорғап жүрміз? Қазақстанда қазір жануарлар Қылмыстық кодекстің және Әкімшілік

құқықбұзушылық туралы кодекстің бірнеше бабымен қорғалады. Бірақ, арнайы жануарларды қорғауға қатысты заң жоқ. Дегенмен, ол бізде ғана.

Қазақстанда жануарларды қорғауды реттейтін және ауылшаруашылығындағы  малдардың ауырмау жолдарын қарастыратын заң бар.Әкімшілік тарапынан үй жануарларын ұстау туралы ереже бекітілген.Бірақ республикалық заңнамада үйсіз жануарларға тіркеу жүргізу,оларға қамқорлық шараларын ұйымдастыруға қатысты заңның жоқтығына наразы болған адамдар Қазақстанда жануарларды қорғау туралы заң керек деп интернет желісі арқылы 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап дауыс беру ұйымдастырылды.Дауыс беру қорытындысы бойынша  10 желтоқсан мен 12 желтоқсан аралығында «Иә,қажет» деп  11 646 адам дауыс берді.Дауыс беруге барлық облыс тұрғындары қатысты.Қазіргі таңда 67282 адам дауыс беруге қатысты.Бұл көрсеткіш адамдардың тастанды,үйсіз жануарлардың тағдырына бейжай қарамайтындықтарының белгісі.Қуантарлық жайт 2020 жылы 1 қыркүйекте президентіміз Қ.Тоқаев өз жолдауында үкіметке жануарларды қорғауға қатысты заң жобасын әзірлеуді ұсынды.Сөзімді мемлекет басшымыздың сөзімен қортындылағым келеді: «Жануарларға деген қарым-қатынас кез келген мемлекеттің өркениетінің өлшемі саналады».Тағдыр тәлкегіне ұшыраған үйсіз жануарлар-ол мемлекетімізде тұрып жатқан әрбір адамның және бүкіл қоғамның мәселесі.Сондықтан жан-жануарларға әрдайым қайырымды болайық, достар!

Семей қаласының әкімі Салимов Ермак Бидахметұлының «4 лапы» үйсіз жануарларға арналған тұраққа (приют) келген сәті

Қаламыздағы үйсіз жануарларға ақшалай қайырымдылық көрсетуге арналған сауда үйлеріндегі жәшіктер

Сыныбымызда өткен «Үйсіз жануарларды бірге қорғайық!» атты сурет көрмесі

Қайырымдылық жасауға асығайық!

You May Also Like

Күн энергиясын пайдалану, ғылыми жоба

Тақырыбы: « Күн энергиясын пайдалану» Мазмұны  Кіріспе Негізгі бөлім а) Энергияны пайдалану…

«Армандап өткен ғұмыр» (Зордан Салықбаевтың өмірі мен шығармашылығы негізінде), ғылыми жоба

3.Тақырыбы: «Армандап өткен  ғұмыр» (Зордан Салықбаевтың өмірі мен шығармашылығы негізінде) Жалағаш ауданы…

Қазақстан мен Түркия: бауырластықтың жаңа көкжиегі, ғылыми жоба

Ең үздік ғылыми жоба «Қазақстан мен Түркия: бауырластықтың жаңа көкжиегі» Жоба авторы: Енбаева…

Ең үздік ғылыми жоба «Жалпақтабандылықты анықтау және алдын алу шаралары»

Ең үздік ғылыми жоба «Жалпақтабандылықты анықтау және алдын алу шаралары» Орындаған: Кикпай…