3.Тақырыбы:

«Армандап өткен  ғұмыр» (Зордан Салықбаевтың өмірі мен шығармашылығы негізінде)

Жалағаш ауданы Жаңадария ауылы №203 орта мектептің 10-сынып оқушысы Құндызбай Ботакөздің «Армандап өткен ғұмыр» атты З.Салықбаевтың өмірі мен шығармашылығына негізделіп жазылған жұмысына

                                Жетекші пікірі:

Жаңадария ауылы №203 орта мектептің 10-сынып оқушысы Құндызбай Ботагөздің  «Армандап өткен ғұмыр» деген тақырыпта жазылған жұмысына жақсы деген баға берілді.

Оқушының кең ауқымды жазылған аталмыш тақырыптағы ғылыми еңбегі: біріншіден – ақын өмірі мен шығармашылығымен толық танысқандығын, екіншіден – осы жұмыс арқылы ақын шығармаларын жан-жақты талдауға деген ұмтылысы байқалады. Сондықтан Құндызбай Ботагөздің З.Салықбаевтың шығармалары жайлы ғылыми еңбегі жақсы деңгейде жазылған деп есептеймін.

Мазмұны

І.Кіріспе.

Ақынның өскен ортасы

ІІ.Негізгі бөлім:

1.Ақын, журналистің шығармашылық және зияткерлік мұрасы

А) Әдебиет жайлы ойлар

Ә) Жүз ауыз сөз

2.Өлеңдерге әдеби теориялық талдау

3.Ақын жары – ақын жаны

Мақсаты: 

Ауданымыздың елеулі есімдерінің бірі – ақын-журналист Зордан Салықбайұлының өмірі мен шығармашылығын  жан-жақты зерттеу. Оның өлеңдерінің бірнешеуіне әдеби теориялық талдау жасап, артында қалған шығармашылық және зияткерлік мұрасымен толық танысу. «Мен кемі жүз жасауға тиістімін» деп жырлаған ақынның жалынды жырларының ғұмыры ұзақ болып, мәңгі бірге жасай беретініне өз үлесімді қосу. Сонымен бірге баспадан кеткен қателікті жөндеуге мүмкіндігінше қол жеткізу.

Кіріспе

Қызыдорда облысына қарасты  Жалағаш ауданы Сыр сүлейлерінің үлкен бір шоғыры шыққан аймақ. Жалағаш жері есімі Қазақстанға ғана емес, бүкіл Орта Азияға танвмал болған мемлекет және қоғам қайраткерлері Темірбек Жүргенов, Ілияс Қабылов, көрнекті журналист-жазушылар Кеңесбай Үсебаев, Зейнулла Жарқынбаев, Төлепберген Тобағабылов, т.б. көптеген қаламгерлер шыққан құтты мекен.

Жалпы Сыр ақындарының ұстазы атанған Балқы Базардан бастап бүгінгі ХХІ ғасырға жалғасқан ақындық-жыршылық дәстүр бір сәтте толастап, үзілген емес. Әр кезеңде омыраулы ақындар алтын көпір ретінде жалғастырушы болған.

Жалағаш жері – ауызша жырлап айтатын ақындар өмірі ғана емес жазба ақындардың мол шоғыры шыққан да мекен, оның бастауында Сыр бойындағы (1940 жылдан бастап 1964 жыл аралығында) таланттылардың көзін ашқан үлкен дарын иесі Әбдікәрім Оңалбаев (1901-1964), оның жолын қуған Қомшабай Сүйеніш, Махмұтбай Әміреев, Темірші Сарыбаев, Зордан Салықбаев, Жақсылық Сарбалаев, Мәлік Аяповтар бар.

Артына өшпейтіндей әдеби мұрасын қалдырып, жарық дүниеден ерте кеткен  Зордан аға  Салықбайұлы 1944 жылдың мамыр айының 15 жұлдызында Жалағаш ауданына қарасты қазіргі Мақпалкөл ауылдық округіне қарасты «Жаңаталап» елді мекенінде қарапайым отбасында дүниеге келген.

Зордан ағаның әкесі  Салықбай өз ісіне мығым, әңгіме тиегін ағытса бір ауылды аузына қаратардай есті әңгімелерді зердесіне тоқыған кісі болған. Естігенін жадына сақтап, оны шеберлеп айта білудің өзі көп адамның қолынан келе бермейтін өнер. Шыққан тегі Кіші жүз, Байұлы Қаракесек әйгілі Балқы Базар шыққан Балқы руынан. Одан бері қарай ата жолын талдасақ Балқыдан Болат, одан Тоққожа, одан Шал-Қоңыр-Қарадос-Мадияр-Сары-Әбдіден Салықбай одан Зордан болып Шөмекейдің Бозғұл аталығынан бері он үш атаға келеді екен.

Әкесі Салықбай колхозда әртүрлі жұмыстар атқарады. Зордан осы отбасының зарығып, зордан келген жалғыз ұлы. Жалғыз ұл еркетотай болып өскен жоқ. Көп балалы үйдің баласындай жоқшылықты бастан кешірді. Өз қатарларымен бірге осындағы мектепте оқыды. 1950 жылы сол жердегі жетіжылдық мектептің бірінші сыныбына барады. Жастайынан аурушаң болып өскен Зордан 1-2 сыныптарда жарым-жартылай үйде жүріп өткізеді. Соған қарамастан зерделі бала қай пән болмасын өз қатарынан жақсы білетін.  Оныншы сыныпты 1960 жылы Қармақшыдағы  №26 мектептен бітірген Зордан аға өзінің туған ауылында колхоздың радисі болып жұмыс істеді. Осы жұмыста жүріп, колхоз радио торабында шаруашылық тынысын көрсететін жақсы хабарлар ұйымдастырып, ара-арасында өзінің алғашқы шығарған өлеңдерін оқып қоятын.

Баланы жастан деген ұлағатты есіне мықты ұстаған Зорданның ата-анасы оны, «жалғыз ұлды» өзгеше бөлектемей қарапайымдылыққа тәрбиелейді. Қатарынан кем болмауына қамқорлық жасады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, Зордан да ата-ана тәрбиесін ұстаздар тәрбиесімен ұштастырып, өз заманына лайық азамат болып өсуге бағыт ұстанды.

Зордан Салықбайұлы 1963 жылы Қызылорда қаласындағы қазіргі Қорқыт Ата мемлекеттік университетін (ол кезде Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа) қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түседі. Осы студенттік кез оның талантына жаңа бір леп әкеледі.

Зордан ағаның әпкесі Шәркүлден туған жиені Қарлығаш апа біздің ауылдың тұрғыны. Өзі де, қызы да №203 мектепте жұмыс істейді.

Ақын атамыздың жары Дина Нұржанқызы Мейірманова ақын өмірінің белестерін 4 кезеңге бөледі:

  1. 1958-1963 ж балалық ой;
  2. 1963-1967 ж студенттік кезең;
  3. 1967-1975 ж әдеби өсу кезеңі;
  4. 1975-1988 ж редакторлық қызметі, өмірінің соңы;

ІІ.Негізгі бөлім.

Зордан аға алғашқы өлеңдерін 1960 жылдары жаза бастаған. Ал жыр жолына біржола ден қойғаны 1963 жылдан еді. Бұл кез Зордан ағаның Қызылорда  пединститутының студенті болған тамаша шағы болатын. Міне осы кезеңнен бастап өрілген сезім серпілістері бойына жыр болып құйыла берді. «Жігітті орта өсіреді» демекші Зордан ағаны ақын еткен де сол өз ортасы болатын.  Бойындағы ақындық ұшқын жел беріп талантын кеузеген, біріншіден қасиетті Сыр өңірі болса, екіншіден Қызылордадан қаулап шыққан таланттар екені анық. Оны Зордан ағаның өз сөзімен берер болсақ: «Баяғыда бір қазақ: «Өлеңнің бес-алты ауыз арқасында, қыздардың болдым таныс бәріменен» – деген екен. Сол айтпақшы, бес-алты ауыз өлеңнің арқасында мен де әдебиеттегі адамдармен таныс болдым-ау. Олар: филология ғылымдарының кандидаттары – Ә.Қоңыратбаев, А.Түрбеков, Г.Смағұлова; Р.Сәрсенбаев, Ә.Байжолов және ақын-жазушылар З.Шүкіров, Д.Тасекеев, Н.Сералиев т.б. Адамды орта өсіреді ғой. Егер мен оқымай ауылда қалып қойғанда жазбас па едім, кім біледі? Ондайлар аз ба?» депті1965 жылдың қазан айында. Ақынның өзі жазып қалдырғанындай сонау институт қабырғасында жүргенінде жазған жырлары өте сәтті шығып отырады. Студент шағында топқа түсіп, талай бәйгенің алдын бермейді. Содан да болар облыстағы, тіпті республика орталығында тұратын белгілі қаламгерлер Зордан шығармаларына ден қойып, өз пікірлерін айта бастағаны

Бүгінде республикаға танымал ақын-жазушы Қомшабай Сүйеніш өзінің 1965 жылы інісі Зордан өлеңіне жазған пікірі: «Зордан Салықбайұлының өлеңдерінде сезімге тиетін жылылық бар. Ол өмір құбылыстарын өзінше түйіп, өзіндік тың ой айтуға талпынады» деген еді.

«Нұрын шашқан өлең оқырман бойын балқытады» дегендей Зордан Салықбаевтың  маржан жырлары оқырман қауымға өзінің сыршылдығымен жақсы таныс. Ағынан жарылып, халқының ақ батасын алған, жыр дүлдүлі, жыр әлеміне өзіндік айтар ойымен қадам басты. Зордан жырлары қазақ әдебиетінің дарабоздарының да көңілінен шығып жатты.

Ақиық ақын Асқар Тоқмағанбетов «…Жас талант Салықбаев өмір жайлы көп ойланады. Адам баласының  қиындықты көре өсіп, ер жеткенін дұрыс ұғады» десе, поэзияның абызы Әбілда Тәжібаев «…Мен жас ақын Зордан Салықбаевпен танысқаныма қуаныштымын. Оның күйлі де, ойлы сезімтал жырларын оқыңыздар» деп, оқырмандардың сүйінші сұрап, сәтті қадам тілеуінің өзі бір ғанибет емес пе?

Жүз ауыз сөз.

  • Өмірден нақты көргенім болғандықтан айтуым керек: көп жрғдайда, адамдарға баға бергенде олардың адамгершілік қасиеті, біліиі, парасаты есепке алынбайды. Қандай маман болса да басшылық, әкімшілік қызмет алғаннан кейін оның тек правосы күшейеді, жоғары қызмет орны адамның ақылына ақыл, біліміне білім, қасиетіне қасиет қоспайды.
  • Аптасына екі күн творчестволық жұмыспен айналысу алдыма қойған негізгі міндетімнің бірі. Июнь айының басынан бастап 12 апта өтті. Жоспар әзірге бұзылған жоқ. Жалпы әрбір адам өзінің алдына орындалуы мүмкін міндет қойып, соны орындау жолында өзін өзі қамшылап отырғаны жөн.
  • Ұлыстың ұлы күні ренжу, әрине, дұрыс емес. Дегенмен біреу, әсіресе етене таныс адам ыстық ықыласыңды, берген асыңды, жеке басыңды сыйламаса, ренжімеуге бола ма?

Көп нәрсені адам білейін деп білмейді екен, өмірдің өзі үйретеді                            екен ғой.

1974 жылдан бастап 14 жылдай аудандық газеттің редакторы бола жүріп, бір жағынан өлең жазып кейін келе прозаға да қаламын молынан сілтейді. 1981 жылы көлемді, көркем очерктер жазуға бет бұрды. Сөйтіп, 38 жасында прозаға келді.«Бұған не себеп болғанын дөп басып айта алмаймын. Әйтеуір, өте жазғым келгені, жаза алатын сияқты сезімде, сенімде болғаным ғана есімде» – деп атап көрсеткен  өз естелігінде.

Зордан аға өз ойларын, өмірден көргендерін, көңілі толған, толмаған нәрселерін күнделікті жазып отырған. Енді сол күнделік беттеріндегі өмір көріністеріне тоқталар болсақ: «Уақытты өткізе алмайтын адамдарға таңырқаймын. Мен уақытты жеткізе алмаймын. Идеясыз, мақсатсыз адамның ғана уақыты өтпейді. Алдына үлкен мақсат қойған адамға уақыт жетпейді». Зордан аға үнемі оқу, іздену үстінде болған. Оны 1983 жылдың 15 қыркүйегінде жазған мына сөзінен байқаймыз: «Мен қызық адаммын. Адамдармен отырып майда-шүйда әңгіме айтып отыруға мүлде жоқпын. Тек кітап оқу» деген. Әр күніне есеп беріп отырған және келесі күніне міндет жүктеген. «Күніне кем дегенде он жол жазуым керек, қолым бос болсын, болмасын жазуым керек.

1.Мақсат үшін күрес – жазу! Жазу! Жазу!

  1. Характерді зерттеуді меңгеру.
  2. Асығып сөйлеуден арылу.
  3. Ашуланбау» – сияқты нәрселеді міндет етіп қойған.

«Мақсат – бұрқыратып жаза беру емес. Көркем шығарма ең алдымен түсінікті болуы тиіс. Көркемдік деген – түсініктілік. Түсініктілік деген – өзің көріп отырғанды дәл осындай дәрежеде оқушыға көрсету, елестету, өзің сезіп отырған кейіпкер бойындағы сезімді оқушының бойында да тудыру, оқушыны еріксіз тебіренту, ойландыру. Өзіңнің қорытындыңды еріксіз мойындату. Бір сөзбен айтқанда, көркем шығарма оқушының сезіміне әсер етуге тиіс. Сезімге әсер етпесе көркемдік жоқ» – деген.

Жоғарыдағы солдан оңға қарай

З.Салықбаев                                     М.Аяпов

Ж.Сарбалаев                                     Т.Сарыбай

Жалт етіп, қамшы сабындай ғана ғұмыр кешкен Зорданның өлеңдері оқырманын өзіне еріксіз тартып, өмір құбылыстарын терең суретпен, айшықты оймен береді. Сол өлеңдерінен Зорданның бар болмысы, тыныс тіршілігі әрқашан менмұндалап тұрады десе артық айтпағандығымыз. Оның өзіндік пәлсапалық ой жүйесі де әдемі лирикасы да өзімен қатар жүрген біздердің дән ризалық пейіліміз еді және ықылас-ниетіміздің ажары да еді. Әрине, әр ақынның өз ойын берудегі ерекшелігі әр қилы десек, біздің Зорданның да ешкімге ұқсамайтын өзіндік жолы бар. Соған дәлел үшін мына өлеңдерін мысалға алайық.

Алтын сандық

Кім білсін, қабыл болып баталарың,

Мен, бәлкім, ел ағасы атанармын.

Егер мен екі адамды бітістірсем,

Сендерге борыштымын, аталарым.

Жасымнан ізгілікті іздедім мен,

Ізгілік байқалса егер іздерімнен,

Мен оны таптым әр кез әлдилеген

Әжелер, әжім басқан жүздеріңнен.

Ар жоқ қой, ақыл жоқ қой ақшаға алар,

Асыл гүл бола қойса, бақшада бар.

Менде егер жан сүйсінер қылық болса,

Сендердің арқаларың, жақсы ағалар!

Жоқ менің артық айтып, кем берерім,

Жасанды мінезім жоқ емге менің.

Жағымды, жарасымды әзіл білсем,

Сендерге қарыздармын жеңгелерім!…

Есейткен жақсы үмітпен аға қанша,

Мейірі тас жібіткен ана қанша?!

«Кеудесі жақсылардың – алтын сандық»,

Алдым мен сол сандықтан қалағанша.

Біз сөз басында оның өмірі қиындыққа толы болды дедік. Яғни балаң кезінде аурушаң болса, ал нағыз өнер сайысындағы топқа түсер шағында ата-анасының аурулығынан көсіле шаба алмағаны тағы бар. Оны біз мына 1965 жылы жазылған өлеңнен-ақ толық байқаймыз.

«О, қиындық, өзіңменен кішкентайдан бірге келем,

Сен болмасаң күресуді, тіресуді білмес ем!»-дейді, Сөйтіп ол күресе отырып жеңді, жеңе отырып бойындағы құдай берген талантын да танытып кетті:

Жиырмасыншы ғасырдың перзентімін,

Міндет менің ертерек ержетуім.

Ата-баба жетпеген нысанаға

Таңдандырмас ешкімді мен жетуім.

Алып барған Айға да адам ұшып.

Ендеше Шоқаннан да артық білу

Маған тартқан заманның талабы бұл.

Зордан сонымен бірге отырыстың да гүлі еді. Күлкісінің өзі де бір ерекше болатын. Аздап домбыра да тартып, термелетіп те жіберетіні  бар. Осындай өмірге құштар жанның ақырғы демі 1988 жылдың 1 сәуірінде Алматыда алғашқы топтама әңгімелері – «Үміт толқынын» көріп барып тыныс тапты. Ол өзінің жемісті еңбегінің алғашқы бастамасы жарық көріп, келешек ұрпаққа тарағанына көзі жетіп барып көңілі тынған болу керек. Қысқасы, бар өмірі өлеңмен өрілген жан. Сол өлеңдерінің бірнешеуіне әдеби теориялық талдау жасадым. Туған жерім Жаңадария ауылы болғандықтан «Жаңадария» өлеңі мен «Ұстаз» өлеңіне тоқталдым. «Жаңадария» өлеңі 8 шумақты, үш бунақты, он бір буынды өлең, қара өлең ұйқасында жазылған.

Жаңадария

3                   4                      4

/Жоқ оның/  /тау-тасы да,/  /жартасы да,/   – а

3                   4                       4

Түспеген/ /дүние жүзі/ /картасына,/   -а

3                    4                       4

/Емес ол/  /Терек сынды/ /тау өзені,/    -ә

3                     4                       4

/Ағады/ /құм жоталар/ /ортасында./   -а

3                  4                      4

/Бір кезде/  /өзен еді/  /тасып аққан,/   -а

3                 4                      4

/Аптығып,/  /арнасынан/  /асып аққан./   -а

3                 4                         4

/Жоғалды/  /құмға сіңіп…/  /Құпиясын/   -ә

4                   4                          4

/Біле алмай/  /талай жанның/  /басы қатқан./   -а

«Ұстаз» өлеңі – 4 шумақты, 4 бунақты, 15-16 буынды, шұбыртпалы ұйқас түрінде жазылған.

Ұстаз

4                    5          2                 5

/Ұстаз деген/ /ұлы есімді/ /әркім/ /еске алады,/

4                    5                      4                    3

/Ұстаздардың/  /күн бейнесі/ /кеудемде де/ /жанады./

4                    4                     4                 3

/Ұстаздардың/ /қамқорлығы,/ /мейірімі/ /арқылы/

5                      4                                4                  3

/Ұшады алғаш/ /жас ұланның/ /қанат қаққан/ /талайы./

4                  4                     4                 3

/Мұғалімді/  /дәрігер деп/  /атасақ та/ /болады,/

4                 4                       4             3

/Шәкірттері/ /адам жанын/ /арашалап/ /қалады./

4                  4                         4              3

/Мұғалімдер/ – /шахтерлер деп/ /атасақ та/ /болады,/

4                    4                        4              3

/Шәкірттері/ /жер астынан/ /көмір кенін/ /алады./

4                     4                  4               3

/Бүгінгі күн/ – /ұстаз күні/ /білім еккен/ /адамға,/

4                      4                     4                  3

/«Шәкіртіммен//бақыттымын»/ /деп жүрегі/ /соғады./

4                 4                     4                  3

/Бүгінгі күн/ – /ұстаз күні,/ /сондықтан да/ /ұстаздың/

4                     4                     4                     3

/Көкірегі/ /күмбірлеген/ /күй мен жырға/ /толады./

З.Салықбаев шығармаларының басты кейіпкерлері – үлкен ізденістен, өзіндік өмірді топшылаудан туған бейнелер («Аманаттағы», Серғазы, «Ақ қанат көбелектердегі» Мұрат, «Жерлестердегі» Жадырасын, т.б.). Оның өмірді білуі – естуден, оқудан ғана білу емес, өмір құбылыстарын көзімен көруден, жан-тәнімен араласудан, ащы-тұщысын татудан барып білген, зерттеген, көңіліне түйген білу. Біз оны өзінің көзі тірі кезінде жазып қалдырған күнделіктері мен ой толғауларынан байқаймыз. Мысалы: «…Журналистік кәсіптен бе, әлде қызмет жағдайынан ба, оқу бітіріп, ат арқасына мінгелі туған ауданымның түкпір-түкпірінде болдым, талай азаматтармен қызметтес болдым. Он шақты жыл ішінде көңілдің семірген де кезі бар, семген де кезі бар»,-деп толғанады журналист ақын.

Ақынның адал жары, рухани серігіне айналған Дина Нұржанқызы Мейірманова Зордан ағаның артында қалған шығармашылық һәм зияткерлік мұрасын мұқият жинақтап, жүйелеп, құрастырып, кітап етіп бастырып шығарды. Дина Нұржанқызы өмір жолын шәкірттерге білім беруге арнаған жан. Дина апай өз естелігінде былай дейді: «1973 жылы желтоқсан айында облыстық партия конференциясында ауданымыздың бірінші хатшысы С.Аманов облыста орыс тілінде баяндама жасайтын болады да, оны дайындау Зорданға жүктеледі. Бұл оған көп күш түсіргені әлі есімде. Кешкі абыр-сабыр басылысымен ол үстелге отырады. Сонан соң оны мазаламауға тырысамыз. Оған көмекке аупарткомның жалпы бөлімінің меңгерушісі М.Сағидатов ағай келді. Екеуі он шақты күндей ұйқысыз, күлкісіз еңбек етті. Тамақ ішуге қолдары босамайтын болған соң, астарын жандарында тұрған үстелге қойып кетемін. Оны қай кезде ішетіндері белгісіз, әйтеуір түннің бір уағында ыдыстарды алып шығамын. Шамасы, тамаққа алаңдамағандарына риза болған болар, Мәжит ағамыздың бірде Зорданға: «Ә, жігітім, сенің ақын болуың да, құнтты қызметкер болуың да – мына келіннің арқасы екен ғой» дегені бар. Аздап қысылғаныммен, шынында да, бұл сөзгекөп марқайып қалдым. Сол баяндама облыста жақсы аталып, күйеуімнің мерейіүстем болды».

Қорытынды

Талантты көзі кеткен соң тану – өмірдің заңы шығар. Тіршіліктің тамырын дөп басып, өмір құбылыстарын өлең өрнегімен бедерлей білген Зордан ағамыз ортамызда болғанда 75 жасқа толар еді.

Зерделі ақынның өлеңге деген талап-талғамы қашанда биік болған. «Шөп те өлең, шөңге де өлең, өлең де өлең» деп бұрқырата жазып, өзінің менін  ғана темірқазық ететін желбуаз ақындардың құнарсыз да нәрсіз дүниелеріне оның жаны қас еді.

Поэзия өз үні, өз қолтаңбасы бар сергек те ойлы ақын ер тұрман, күллі әбзел жабдығы көз тартып, енді ғана бауырын жазып, көсіле шауып келе жатқанда мезгілсіз мерт болды. Бірақ дүлдүл жыр Құртқадай сенімді, Жібектей аяулы жан жарының күтімінде қалды. Бүгіндері өрісті жырды өксітпей, шаңға алдырмай, дақ түсірмей, қасиетті төріне қойып, қастерлеген Зорданның рухани серігі Дина Мейірманқызына бәріміздің алғысымыз шексіз.

Қарақалпақстан Республикасының Бердак  атындағы сыйлықтың лауреаты Ибрагим Юсуповтың өлеңінде мынадай бір тебіреністі жолдар бар еді.

Дүниеден кеткен адам,

Қайта айналып келмес болар.

Жақсы болып өткен адам,

Тірілерге теңдес болар.

Иә, ақын жыры поэзияға ғана емес, күллі әндерге деген жанашырлығы арқылы ақын Зордан ағаны тірілердің қатарына қосты. Жырларына екінші өмір берді. Өлең өлкесіне қанат қағып, бақытын қаламнан тапқан ақын ағаның адамгершілігі мен азаматтығы, шығармалары әлі де айтылып, жазыла береді

 Ұсыныс

Сыр өңірінің  әдебиетінде өзіндік орны бар ақын, журналист Зордан Салықбаевтың төл шығармалары, күнделіктері және ол хақында замандастары, әріптестері жазған естелік тілектер енгізілген «Армандап өткен ғұмыр» атты кітапта (Қызылорда. «Полиграфия баспа үйі»ЖШС баспаханасы 2006.) орфографиялық қателер кеткен. Осы кітаптың баспадан толықтырылып, жөнделіп қайта басылуына  және аудан орталығының бір көшесіне Зордан Салықбаев атамыздың аты берілсе  екен деп ұсыныс жасаймын. Ал, ауданымыздың тарихы жазылған «Шежірелі Жалағаш» кітабында («Орхон» баспа үйі) Зордан Салықбаевтың тек суреті ғана берілген. Соған ақын-журналист ағамыздың өмірі мен шығармашылығынан деректер енгізілсе деген ұсынысым бар.

Аңдатпа

Жаңадария ауылы №203 орта мектептің 10-сынып оқушысы Құндызбай Ботагөздің «Армандап өткен ғұмыр» атты ғылыми жобасы

Жұмыстың мақсаты: Ауданымыздың елеулі есімдерінің бірі-ақын-журналист Зордан Салықбайұлының өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттеу.Оның өлеңдерінің бірнешеуіне әдеби теориялық талдау жасап, артында қалған шығармашылық және зияткерлік мұрасымен толық танысу.»Мен кемі жүз жасауға тиістімін» деп жырлаған ақынның жалынды жырларының ғұмыры ұзақ болып,мәңгі бірге жасай беретініне өз үлесімді қосу. Сонымен бірге баспадан кеткен қателерді жөндеуге мүмкіндігінше қол жеткізу.

Зерттеу жұмысының ғылыми болжамы:

Ақын-журналист Зордан Салықбайұлы шығармашылығының құндылықтарын бағалай білетін, санасы жоғары тұлға қалыптастыру.

Зерттеудің жаңалығымен дербестік нәтижесі:

1.Ауданымыздың қаламы қарымды қаламгерінің өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттеп, жинақтап,оқушылар арасында талданды.

2.Өз шығармаларында халықта сүюі, ұлттық қасиеттерді бағалауы, бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі алтын орны ерекше екені көрсетілді.

3.Тәрбие сағатында, кездесу кештерінде тиімділігі айтылды.

Аннотация

К научному проекту на тему «Жизнь в мечте» ученика 10-класса средней школы №203 аула Жанадария  Кундызбай Ботагоз

Цель исследовательной работы: Исследование жизни и творческой деятельности известного поэта-журналиста Зордан Салыкбайулы. Сделать литературно-теоретический разбор некоторым стихам, познакомиться с блестящим наследием и творчеством. Вложит свою долю во всемогущество огненным стихам поэта, который говорил «Я должен прожить не менее ста лет».Заодно уметь исправить ошибки при издании письменности.

Научное предположение к исследовательной работе:

Помочь становлению личности, который сможет оценить лучшие стороны поэта-журналиста Зордан Салыкбайулы.

Новшества исследования и оригинальное достижение:

1.Был разбор жизни и творчества ведущего писателя районного масштаба среди учащихся.

2.Было особо отмечено то, что любовь к народу, достопримечатольности  имеют важное место в воспитаний молодого поколения.

3.Было уделено внимание в актуальности и полезных сторон в воспитательных часах, во встречах.

Abstract

To the scientific project entidled «The legend of life «.Learner 10 th grude middle school 203 village Zhanadarya  Kundyzbay Botakoz.

The purpose issledovatelnoy: Study the life and creative work of the famous poet and journalist Zordan Salyrbayuly . Make a literaty-theoretical analysis jf some poems, meet great heritage and creativity.

Invest  its share in the power of the fire element of the poet, who said, » I have to Live for not less than one hundred years».At the same time be able to correct errors in the publication of written language .

The scientific proposal to issledovatelnoy work:

Help becoming mehnosti, who can appreciate the best part of the poet-journalist Zordan Salykbayuly.

Novistva rezcarch and original achievement:

1.The analysis was the live and work of the writer leadiny regional scale amony the students.

2.It was emphasized that the love of the people, sights shine importance of  leaves in the urbringing of the young generation.

3.Attention was given tj the relevance and utility of the parties in educational hours in meetings.

You May Also Like

 Қазақтың ұлттық киімдерінің ерекшеліктері, ғылыми жоба

Тақырыбы: Қазақтың ұлттық киімдерінің ерекшеліктері Кіріспе Негізгі бөлім 1. Қазақтың ұлттық киімдерінің тарихы…

Алаш қайраткерлерінің мемлекеттік туралы идеяларының өзектілігі мен маңыздылығы, ғылыми жоба

Алаш қайраткерлерінің мемлекеттік туралы идеяларының өзектілігі мен маңыздылығы Аннотация Кіріспе… ………………………………………………………………………………. Негізгі…

Ұлы Шоқан ізі–ұрпаққа үлгі, ғылыми жоба

«Арқалық қаласы әкімдігінің  білім бөлімінің Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта білім беретін гимназиясы»…

Әлем назарындағы Барсакелмес қорығының құпиясы, ғылыми жоба слайд