Ғылыми жоба

«Қазақ халқының салт- дәстүрінің бірі –

«Мүшел жас-мерейлі жас.

Ғылыми жұмыс

Бағыт: Қазақ тілі мен әдебиеті

Аннотация

Халық даналығында мүшел жас деген ұғым бар. Бұл ұғым  түркі тілдес халықтар мен Орта Азия халықтарының көпшілігінде кедеседі. Әр мүшелден өткен сайын адам баласы есейіп, бүкіл бір елді басқара алатындай шамада болған соң, оған келер қауіп те көбейсе керек. Өйткені, мүшел жастың да өз алдына қауіптері бар. Астрономия ғылымының айтуы бойынша, әрбір 12 жылда Юпитер өзінің орбитасын бір рет айналып шығады екен. Сонда адамның мүшел жасы да әрбір он екі жыл сайын кіріп отырады. Мұнда да бір байланыстың бары анық. Бір жылда 12 ай бар.

Аннотация

Мүшел жас – это завершение каждого 12-летнего цикла жизни человека. Казахи никогда не отмечали дни своего рождения. Зато придавали особое значение 12-летним циклам. Суть мүшел жас сводится к тому, что жизнь человека делится на циклы. Продолжительность каждого цикла – ровно 12 лет, начиная со дня рождения. Деление именно на 12-летние циклы было неспроста. Считается, что за основу взято время оборота планеты Юпитер вокруг Солнца. Каждый оборот его, равный приблизительно 12 годам, назвали мүшел. 22 марта – в Наурыз в день весеннего равноденствия. Именно эта дата и определяет год, когда человек входит или выходит из мүшел жас.

Мазмұны

  1. Кіріспе —————————————————————————-
  2. Негізгі бөлім. Мүшел деген не? —————————————— 
  3. Зерттеу бөлімі

3.1. Ескіше жыл қайыру ———————————————————

3.2. Мұшел жас кезеңдері. —————————————————-

3.3. Неше мүшелге келдіңіз? ————————————————-

3.4. «13 жас -сәбілік мүшел» —————-

  1. Мүшел жас туралы наным – сенім.

Кіріспе 

  Мен осы «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» тақырыбына  ғылыми жоба жазуыма не себеп болды?

         Салт-дәстүр дегеніміз не? Халықтың салт –дәстүрлері, рәсімдер, ырымдар мен тыйымдар, түрлі сенімдер өмірде қолданыс тауып келеді. Оның бәрі дамып, жаңарып отырады.  Қазақ халқының салт- дәстүрлері осы ұлттың мінез- құлқын, қасиеттерін көрсетеді.

         Дәстүр– ұрпақтан- ұрпаққа ауысатын, тарихи қалыптасқан нормалар мен үрдістер. Ата- ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, адалдық, әдептілік, мейірімділік сезімдері озық дәстүрлерге жатады.

Қасиетті қазақ халқының салт –дәстүрлері өте көп.

Менің ғылыми жобам ата – бабамыздан қалған, бізге жеткен қызықты дерек мүшел жас туралы болмақ. Мүшелдің таралу шеңбері өте үлкен. Мүшел есебіндегі жылдар рет саны бойынша аталмайды. 12 түрлі хайуанның атымен аталады. Әр жылғы бір хайуанаттың аты берілген.

  1. Ғылыми жобаның мақсаты: 

         Қазақ халқының көнеден келе жатқан салт-дәстүрлерінің жаңаша қолданысын зерттеу. Қазақша жыл санау дәстүрі қазақ халқының күнтізбесі, аспан денелерімен уақытты, жыл мезгілдерін анықтаудағы халықтық тәжірибе туралы мағлұмат беріледі. Қазақтарда хайуанат атауы бойынша адамның туған жылы белгілі болғанда жасын табуға және жасы белгілі болғанда, туған жылын анықтауға арналған есептер бар.

  1. Зерттеу гипотезасы:

Қазақ халқының көнеден келе жатқан салт-дәстүрлерін жаңаша қолданысын зерттей отыра, салт-дәстүр жөніндегі пікірім кеңейеді.

  1. Зерттеу кезеңдері:
  2. Қазақ халқының дәстүрлері жөнінде ауыл адамдарының аузынан жазып алынған, өздері күнделікті өмірде жиі қолданатын, жалпы ауыл арасында кең тараған дәстүрлерді, ғылыми әдебиеттерді, дәстүрлер жөнінде кітапшаларды жинақтап, оларға жалпы шолу жасау.
  3. Салт – дәстүр түрлерімен жеке танысып, мүшел жас туралы тоқталу.
  4. Зерттеудің әдістері:

салыстыру, жинақтау, өзіндік ой топшылау, насихаттау.

Зерттеу жаңалығы мен дербестік нәтижесі:

Бүгінгі таңдағы жаңа салт –дәстүрге байланысты мектеп бағдарламасында жоқ негізгі тақырыптарды бағдарламаға енгізуге ұсыныс тастау. Сыныптас достарыма жаңа салт-дәстүрлерін айту, іздену жұмысыммен таныстыру. 

Негізгі бөлім

  1. Мүшел деген не?

Халық даналығында мүшел жас деген ұғым бар. Бұл ұғым  түркі тілдес халықтар мен Орта Азия халықтарының көпшілігінде кедеседі. Астрономия ғылымының айтуы бойынша, әрбір 12 жылда Юпитер өзінің орбитасын бір рет айналып шығады екен. Сонда адамның мүшел жасы да әрбір он екі жыл сайын кіріп отырады. Мұнда да бір байланыстың бәрі анық. Бір жылда 12 ай бар.

Ертеде түркі қағандарының бірі өзінен бірнеше жыл бұрын өткен атышулы бір соғыстың тәсілін үйренбекші болады. Бірақ ол соғыс қай жылы өткенін білмей әбден шатасады. Сонда қаған өзінің қауымына былай депті «Біз тарихымызды анықтауда көп жаңылыстық, ал бұдан кейінгілер бұдан да жаман жаңылысады. Біз енді жылдарға ат қояйық. Бұл біздің кейінгілерге қалдырған ескерткішіміз болсын».
Сөйтіп Іле өзенінің екінші басына ау құрғызып, жабайы хайуандарды өзенге қарай қууға бұйрық береді. Нөкерлер хайуандарды қаумалап үркіте бастайды. Бәрі бірдей өте алмай, он екісі ғана судан аман шыққан екен. Ең алдымен судан өткен тышқан болыпты. Осыдан жыл басы Тышқан аталыпты. Одан кейін судан сиыр, сосын барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз өтіпті. Сөйтіп әр қайсысы бір – бір жылдың атын алыпты.
Кейбір деректерде «мүшел» сөзінің «мүше» сөзінен айтылады, сонда мүшеге ие болған хайуан деген ұғымды береді, яғни барлық хайуан емес, киелі, қасиетті хайуан ғана уақыт өлшеміне ие болған.
Кейбір деректерде «мүшел» сөзі қатар деген ұғымды білдірген, мүшел жылы сол адамда қатерлі жыл болады деп есептеген. Соған байланысты жаратылыстан тыс тұрған күштерге жалбарынып, құдай беріп, қан шығарып, мүшелден аман – есен шығару үшін деп сол адамның қимас киімін және матадан жыртып жарлы – жақыбайларға таратылады екен.
Мүшел жас күні мал сойып, құран оқыту да мүшел жастан аман – есен шығып, ұзақ сүру үшін. бақытты болу үшін істелетін ырым екен.
Жылдардың ретін еске сақтаудың  оңай әдісі:

Түйе сеніп бойына,
Қалған ұмыт жолдардан.
Жатпа қарап, мойыма,
Тойма именіп ділмәрдан.
Осы шумақтағы  әрбір сөз жыл санаудағы  қолданылып жүрген жануарлардың алғашқы  әріпімен басталады. Тышқан, Сиыр, Қоян, Ұлу, Жылан, Жылқы, Қой, Мешін, Тауық, Ит, Доңыз.

Зерттеу бөлімі

  1. Ескіше жыл қайыру.

Жыл қайыру бойынша он екі жыл айналғанда бір мүшел толады. Көне көз қариялар өткен жылдарды есептегенде немесе адам жасын айырғысы келгенде осы мүшелді қолайлы көреді.

Мүшел жастардың адам жасына сай аттары болады. Бұл жыл қайыру халықтың тапқырлық есебінің бірі. Ескіше жыл қайыру әдісімен өзінің қазақша қай жылы туғанын неше мүшелге толғанын білгісі келсе, ол өзінің жылын 12 – ге бөлу керек. Қалдықсыз бөлінсе – мешін, қалдық біреу болса – тауық, екеу болса – ит, үшеу болса – доңыз, төртеу болса – тышқан, бесеу болса – сиыр, алтау болса – барыс т. с. с болып кете береді.

Қазақтар жыл қайырудың адамның жасын есептеуге, не ауа – райын болжауға пайдаланып, соңғы кезде адамдардың туған жылы, күні, айына байланысты мінез – қасиеттердің қалыптастыру айтылып жүр. Бұны зерттейтін адамдар астрологтар дейміз, ол ғылымды астрология деп атайды.
Астрологтар, жұлдызшалар адамның бойындағы мінез қасиетіне Күн мен Айдың, шоқ жұлдыздардың әсер ықпалы сенімді жоққа шығармайды. Сол себепті адамның туған жылын мүшел жылдарымен байланыстырып туған айын шоқжұлдыздарына қарап топтастырып белгілі бір жүйеге түсірген.
екені мәлім.

3.2. Мүшел жас кезеңдері.

Мүшел жасты анықтағанда бір ерекшелікті есте ұстаған жөн. Бала 13 жасқа толғана бір мүшел деп қайырады да, кейінгілерге 12 жылды қосып отырады. Сонда бір мүшел – 13 жас, екі мүшел – 25, үш мүшел – 37, төрт мүшел – 49, бес мүшел – 61, алты мүшел – 73, жеті мүшел – 85, сегіз мүшел – 97 деп қайырып, адам жасын оңай шығарады.

25 жас – жігіттіктің алғашқы сатысы. Ол кезде ер жігіт бусанып, дене құрылысы өсіп, жетіліп, күші тасып тұратын кез.

37 жас – адам өміріндегі ең басты мүшел Бұл мүшелде адам жігітшіліктен мосқалдау кезеңге өтіп, ақыл тоқтатып, дүниеге қызыға да, қызғана да қарайтын кез.

49 жас – бұл адамның даналыққа аяқ басатын кезеңі. Бұл мүшелде кейбіреуі немере сүйсе де, кәрілікке мойын бұрмай, «маған кәрілік келмесе екен, әлі де болса қартаймай ойнап – күліп қалайыншы» дейтін кезеңі.

61 жас – адамның даналығы артып, өзінен туған балаға сын көзбен қарап, басқан ізін аңдып, жаман – жақсысын ажыратып, өзі де тәрбиеге келетін кезеңі.

73 жас – бұл кәріліктің мойынға мініп, аяғын тұсап, отырса тұруы, тұрса отыруы мұң, жатса ұйқы жоқ, адамның діңкесі құрып, «айхай, жас кезім – ай» деп көкірегі қарс айырыла күрсініп, дөңбекшіп барып ұйықтайтын кез.

85 жас – бұл мүшелде адамның айдай басы қатып, өзінен кейінгілерімен бала құсап ұрсып, жеген тамағын жеген жоқпын деп, өкпелегіш болатын кез. Сол үшін де ел арасында «күлсең кәріге күл», бұл жасқа жеткен де бар, жетпеген де бар деседі.

13 жас – жақсы мен жамандықты, ар мен намысты, дос пен жолдасты айыра білетін кезең. Қазақ халқы жас жеткіншектердің тәрбиесіне көп көңіл бөлген, олардың бойына мейрімділік, қайрымдылық, әдептілік, сыпайылық сияқты жақсы қасиеттерді сіңіре білген.

25 жас
Жиырма бес жас – нағыз жігіттік жас деп есептеледі. Бұл кезде бойдағы күш-қуат кемеліне келеді. Тасыған күш-қайратты қайда жұмсарын білмей, жалындап тұратын кез. Бұл дәуренді Жүсіп Баласағұн:

Ең тәтті кез – жігіттіктің шағы да,
Игіліктің о да берген бағы да, – деп дәріптесе, ұлы Абай:

Жастықтың аты арындап,
Тас қияға өрледің, – дейді.

Шал ақын:
Жиырма бес – енді келмес албырт жассың,
Қайратың қиратқандай таудың тасын, – деп тамсана жырына қосқан.

37 жас
Отыз жеті жас – өмірдің жақсы-жаманын, оң-солын танып, ақыл тоқтатып, қырықтың қырқасына көтерілген кез. Бұл уакытты Ж.Баласағұн:
Жас та келіп қырықпенен астасар.
Сол уақытта жігіттік ме қоштасар, – деп, ал Бұкар жырау:

Қырық деген жасыңыз
Ерттеп қойған құр аттай, – деп бедерлесе, Шал ақын:

Қырық та бір жас екен, қырдан астым,
Көңілді тасып жүрген әрең бастым, – деп сабасына келеді.

49 жас
Қырық тоғыз жас – бойдағы күш қайта бастағанымен, кәрілікті әлі мойындамаған, ақыл-ойы нағыз кемеліне келген ердің жасы.
Бұл кезеңді Бұқар жырау:
Елу деген жасыңыз
О да бір көшкен ел екен, – деп толғанса, Шал ақын бұл кезеңді:

Елу де бір жас екен есептеулі,
Есептеп елдің жөнін білсек дейді,
Кешегі жиырма жас қайтып келіп,
Көңілім бұрынғыдай жүрсек дейді, – деп кейіптейді.

61 жас
Алпыс бір жас – даналығы артып, өткеніне сын көзбен қарайтын, тәубеге келетін кезең.
Бұл мезгілді Бұқар жырау:
Алпыс деген жасыңыз
Қайғылы-мұңлы күн екен, – деп мойындаса, Шал ақын:

Алпыстағы жасыңыз
Қоңыр салқын күн екен, – деп бейнелеп барып:

Алпыс жас – бұл бір өткен өмір сәні,
Алпыста бойда қуат тұрмас бәрі, – деген тоқтамға келеді.

73 жас
Бұл мүшелде адам кәрілікті мойындап, бойы еңкіш тартады, аяғы тұсалып, жүріп- тұруы қиындайды. Бұл кезеңді Ж.Баласағұн:
Бұл дүние көздің жауын, нұрын алар,
Жасарып, жас келіндей ырғалар.
Қуантар да, жалған салар сүргінге,
Теріс қарар мәз қып қойып бір күнге, – деп суреттесе, Шал ақын:

Жетпісте жер таянбай тұра алмайсың,
Мойныңды жан-жағыңа бұра алмайсың, – деп күрсінеді.

85 жас
Сексен бес жас. Бұл жаста адам жүріп-тұрудан, ұйқыдан қалады. Бала сияқты өкпелегіш болып, күйбең тірлікке түседі. Бұқар жырау бұл уақытты:
Сексен деген жасыңыз
Қараңғы тұман түн екен, – деп тұқыртса, Шал ақын:

Сексенде тұяғыңды серіппейсің,
Селт етіп еш нәрсеге елікпейсің, – деп сынап, мінейді.

97 жас
Тоқсан жеті жас. Бұл мүшелге жеткен адамдардың кейбірі жас баладай жаутаңдап, кауқарсыз болып қалады. Бұл мезгілді Шал ақын:
Тоқсан, сен таман жастың зоры екенсің,
Сүйегің қартайған соң бор екенсің,
Тоқтының баласына әлін келмей,
Балаңның баласына қор екенсің, – деп толғаса, Мәделі Жүсіпқожаұлы:

Тоқсан бес тоқайласып жүз келеді,
Көктем, жаз, кезегімен күз келеді.
Күзден соң қаһарлы қыс сияқты,
Денеңе қызу емес, мұз келеді, – деп түйіндейді.
Иә, бұл жасқа жеткен де бар, жетпеген де бар. Дегенмен, Алладан сол жасқа жеткізсін деп тілейік.  

3.3. Неше мүшелге келдіңіз?

Мысалы, Қ. деген азаматша тышқан жылы туып, 2 мүшел өмір сүрген. Қазір ұлу жылы болса,оның жасы нешеде? деген есепті шығару үшін жыл атауларын рет-ретімен (тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз) және адам жасының мүшелге бөліну шкаласын (1 мүшел 13 жас, 2 мүшел 25 жас, 3 мүшел 37 т.с.с.) білу талап етіледі.Сонда екі мүшел жасаса, 25 жас  болады, тышқан мен ұлу жылының аралығы 3
жас, ендеше, Қ. деген азаматшаның жасы 28-де. Бұл есепке кері есеп мынадай болып келеді: Қ. деген азаматша 1972 жылы туған. Оның қазақ
күнтізбесі бойынша туған жылын табу керек. Ол үшін туған жылының сандық мәніне 9 санын қосады, яғни: 1972+9=1981.Алынған қосындыны 12-ге бөледі:1981:12=165 (1 қалдық). Қалдық бойынша  жылдың атауын табады,1 қалдық шықты, ендеше Қ. деген азаматша жылдардың орналасу ретіне сәйкес 1-ші тұрған тышқан жылы туған. Егер қалдықсыз бөлінсе,ол доңыз жылын білдіреді. Жылдың басы наурыз айынан басталып наурызда
күн мен түн теңеледі.

3.4. «13 жас – сәбілік жас».

13 жас – жақсы мен жамандықты, ар мен намысты, дос пен жолдасты айыра білетін кезең. Қазақ халқы жас жеткіншектердің тәрбиесіне көп көңіл бөлген, олардың бойына мейрімділік, қайрымдылық, әдептілік, сыпайылық сияқты жақсы қасиеттерді сіңіре білген.

Ұлытау өңірінен шыққан Қоңырбай батыр ұрпағы Ағыбай батыр есе біле бастағанынан патша үкіметтің бейбіт жатқан қазақ ауылдарына аяусыз жәбір көрсеткенін көрген Ағыбай батыр 13 жасында елін қорғауға атқа қонды.
13 жасында ұлы Абай атамыз ақындығымен, ақылдығымен елге таныла бастайды. Ж. Аймауытов алғашқы өлеңін 13 жасында жазған.
Қазақтың тұңғыш ғарышкері Т. Әубәкіров 13 жасында өзінің болашақ мамандығын таңдап алдына мақсат етіп қойған.
Исатай мен Махамбет бастаған топ Жәңгір ханның әскерін тас талқан етіп жеңді. Осы кезде Исатайдың Жақия деген батыр баласы да қатысты. Сол күнде Жақия 14 жаста еді.
Қазбек би 13 жасынан рулы елге айта білген. 

  1. Мүшел жас туралы наным – сенім.
    Мүшелге арнайы ғұрыптар.

Жоғарыдағы мүшел жылдардың әрқайсысының адам өміріне тигізер әсері, ықпалы болады. Алғашқы мүшелде он үш жастағы баланың ересектік шаққа өту кезеңі айқындалады. Бұл кезеңде ер балалардың даусы өзгеріп, сүйегі іріленіп, қыз балалардың дене бітімі сүйкімді бола бастайды. Халқымыз осындай ес тоқтатып, етек жаба бастаған жасты «Он үште – отау иесі» деп дәріптеген. Балаларын отбасылық өмірге баулуды қолға алған. Осындай жеткіншек шағында Ақтамберді жырау:

Жасым жетіп он беске,
Кірер ме екем кең есікке,
Бұғана қатып, бел бекіп.
Ерегіскен дұшпанмен,
Шығар күн туса күреске! – деп талпынса, Алмажан Азаматқызы:

Он төртіме келгенде,
Салиқалы қыз болдым,
Жібектей шашын талдаған.., – деп, бойын күтіп, бойжеткендік шаққа жеткенін аңғартады.

Бұрындары осы мүшелден өткендер той жасап жататын. Ырым ретінде мүшелден шыққан соң өзінің ең ұнамды киімін жоқ-жітікке, иә болмаса ағайын-туыстың біріне сыйға береді. Әр адамның өз пешенесі жазылғанын білсек, онда адам баласы үшін 37 жас ең қауіпті мүшел жас болып саналады. Себеп те бар?! Нағыз кемелденген кезеңде сырт көздің сұғы дегендей, адам баласы от пен жалынның ортасында ғұмыр кешіп жүреді. Алайда, оған дейін де 13 саны қауіпті болып табылады. Тарихқа көз жүгіртсек. Арыға бармай, XX ғасырдың бірінші 13 жылдығына, яғни бірінші мүшелінен бастап тізбектеп көрейік. Сол бір бір 1913 жылы қазақ халқы үшін де аса ауыр кезеңнің басталған шағы болды. Осы жылдары Ресейдің құрамындағы халықтарды қара жұмысқа алу туралы жарлықтар шығарылды. Ақ патшаның бұндай арам пиғылына көнгісі келмегендіктен, қазақ елінің әр түкпірінде бас көтерулер, қақтығыс-ұрыстар бой көрсете бастады…

Бұрындары осы мүшелден өткендер той жасап жататын. Ырым ретінде мүшелден шыққан соң өзінің ең ұнамды дейтін киімін жоқ-жітікке, иә болмаса ағайын-туыстың біріне сыйға береді.
Мүшел жас адамға қатерлі жыл болып есептеген. Соған байланысты жаратылыстан тыс тұрған күштерге жалбарынып, құдай беріп, қан шығарып, мүшелден аман – есен шығару мақсатында сол адамның қимас киімін және матаны жыртып жарлы – жақыбайларға таратылады екен. Мүшел жас күні мал сойып, құран оқыту да мүшел жастан аман – есен шығып, ұзақ өмір сүріп, бақытты болу үшін істелінетін ырым екен. Мүшел жас туралы наным – сенім

Сауалнама:

1.Қасиетті сандар туралы білесін бе?

а) иә ә) жоқ

  1. Қасиетті сандар туралы кімнен естідің?

а)ата-анадан ә) мұғалімнен б) аға-апаларымнан

  1. Қасиетті сандар жайында мәлімет жинар ма едің ?

а) иә ә) жоқ

  1. Қасиетті сандар астарында не жатқанын білесің бе?

а) иә ә) жоқ

  1. Қандай қасиетті сандар білесің?

Сауалнама қорытындысы:

  1. Иә – 20 оқушы – ( 100% )
  2. Ата-анадан – 5 оқушы ( 25% )
  3. Мұғаліммен – 15 оқушы ( 75% )

Иә – 10 оқушы ( 50% )

Жоқ – 10 оқушы ( 50% )

«7 саны» – 20 оқушы ( 50% )

«3 саны» – 20 оқушы ( 50% )

«4 саны» – 20 оқушы ( 50% )

Қорытынды:

Егер біз, жас ұрпақ, өткен тарихымызды ұмытпай, үнемі ескеріп, «есті» болсақ, онда біз ата-бабамыздың аманатын қор қылмай Қазақстанның болашағын одан әрі өркендетер едік. Және мүшел жасқа байланысты дәстүрін кеңінен насихаттасақ, бұл мұсылман халқының арасында ғана емес,орыс халқының арасында кеңінен қолданысқа енуіне жол ашар едік.

Жұмыстың нәтижесі мен қорытындысы:

Салт-дәстүрлерімізге  халықтың құрметі жоғары екендігіне, ең бастысы, осы сезімді жоғалтып алмасақ, ең үлкен жеңісіміз сол болатындығына көз жеткіздік.

Құрдастарымның, сыныптастарымның бойына қазақтың салт- дәстүріне деген қызығушылықты қалыптастыру, қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының тәрбиелік мәнін ұғындыру, оқушылардың бойына адамгершілік, имандылық қасиеттерін қалыптастыру, халық өнегесін үйрету, салт-дәстүрді эстетикалық тәрбиемен байланыстыра зерттеу жұмысын жүргізу.

Міндеттері:
– Бастауыш сынып оқушыларын көркем өнер арқылы тәрбиелеу.
– Эстетикалық білім,эстетикалық үгіт насихат, эстетикалық танымдылық шығармашылық жұмыстар негізінде бастауыш сынып оқушыларын салт-дәстүр нәрінен сусындату.
– Эстетикалық талап, алғамы жоғары , рухани жан дүниесі бай , әсемдікпен сұлулықты сезінетін жас жеткіншектер тәрбиелеу.

Болжамы:
Егер мен бастауыш сынып оқушылары, сыныптастарымның бойына эстетикалық сезімді толық сапалы қалыптастыра білсем, олардың сұлулықты сезіне білетін жеке тұлға болары анық.

Салт-дәстүр адамдардың ой-санасын толықтырып, тіл байлығын арттырады. Сөз қорын молайтады. Салт-дәстүр жинағын шығарып, оларды топтастыру.
Жұмыстың өзектілігі:
Осы қалыптасқан ұлттық салт- дәстүр арқылы өскелең ұрпақтың бойына ұлттық болмыс, ұлттық келбет, ұлттық мәдениет, ұлттық намыс т.б. ұлттық құндылықтарымыз егіліп, сіңіріліп отырғанын дәлелдеу.

You May Also Like

Математика сабағында компьютерлік бағдарламаларды пайдаланудың тиімділігі, ғылыми жоба слайд

Қазақтың құралы-қамшы, ғылыми жоба

Қазақтың құралы  –«қамшы» ПІКІР 6-сынып оқушысы Дудка Вячеслав қазақ халқы өміріндегі қасиетті…

MounTravel, ғылыми жоба слайд

Мағжан Жұмабаевтың табиғат лирикасы, ғылыми жоба

Ғылыми жобаның тақырыбы Мағжан Жұмабаевтың табиғат лирикасы МАЗМҰНЫ: І. Кіріспе ІІ. Негізгі…