Қазақтың құралы  –«қамшы»

ПІКІР

6-сынып оқушысы Дудка Вячеслав қазақ халқы өміріндегі қасиетті қамшының сан ғасырлық өзіне тән тарихы туралы мәліметтер жинақтаған. Қамшы- ата- бабамыздың бізге қалдырған баға жетпес мұрасы, ал оны қастерлеп, бағалай білу- болашақ ұрпаққа міндет және денсаулыққа пайдасы мол екенін анықтап отыр. Адам денсаулығына ерекше әсер ететін жағымды қасиеттері туралы әлемдік зерттеулерде қолға алынып жатқаны туралы айтып отыр. Қамшы- ер жабдықтарының ішіндегі ажырамас бөлігі және көнеден келе жатқан құралдардың бірі. Қамшы- қазақтың ғасырлар бойы ұстаған ұлттық нысандары­ның бірі болды. Қамшы- ұстаған адамының қайрат- қуаты артып, жамандықтан, тіл- көзден сақтап жүретінін, сал- серілердің серілігін танытатын, отбасының, отағасының  қорығы екенін білдіретін қазақ мәдениетінің киелі сыйы. Қамшының тарихын, негізгі бөліктерін зерттеу арқылы, оның пайдасы мен халқымыздың тұрмысындағы орнын айқындаған. Осы жағдайларды жақсы салыстыра, сұрыптай отырып оқушы жобасында қамшының түрлерін кітапша етіп шығаруды, киелі қамшының қасиеті бар, адамның денсаулығына пайдалы, сондықтан да елімізде қамшы жасайтын шеберханалар көп салынса деп ұсынып отыр.

Мазмұны

Кіріспе …………………………………………………………………………………….3-4

Негізгі бөлім

1 бөлім. Қамшы құралы жайлы жалпы түсінік ……………………………5-9

1.1. Қамшының негізгі бөлігі ……………………………………………………………………5

1.2. Қамшы түрлері, оны өрудің халықтық дәстүрі ………………………………..6-9

2 бөлім. Қазақ халқы өміріндегі қасиетті қамшының орны …………………..10-12

2.1. Қамшының салт- дәстүр, әдеп- ғұрыпта қолданылуы ……………………..10-11

2.2. Қамшының емдік қасиеттері …………………………………………………………..12

Қорытынды ………………………………………………………………………………………….13

Аннотация

Зерттеу жұмысының мақсаты: Қамшының шығу тарихын, қазақ халқы өміріндегі қасиетті қамшының орнын анықтау арқылы оның құрылысымен танысу.

Болжам: Жастар қамшының қасиеті мен пайдалылығын ұғынады.

Зерттеу кезеңдері:

  • Зерттеу жұмысының тақырыбын нақтылау;
  • Қамшы туралы ақпараттар жинастыру, материалдармен танысу;
  • Кітапханалық іріктеулер жүргізу, саралау, жинақтау;
  • Зерттеу жұмысы негізінде нұсқаулар шығару

Зерттеу әдістері:

  • Түрлі деректер мен зерттеулерді қолдану;
  • Сұхбаттасу;
  • Сауалнама алу

Зерттеу жұмысының жаңашылдығы: Қазақ халқының тұрмысында ерекше орын алатын қамшы туралы мәліметтер жинақтап, оның пайдасын болашақ жас ұрпақтарға түсіндіріп, кеңес беру, қамшы туралы мақал – мәтелдер, өлеңдер кітапшасын құрастыру жұмыстың ғылыми жаңалығы болып табылады.

Зерттеу жұмысының нәтижесі мен қорытындысы: Зерттеу барысында қамшы- ата – бабамыздың бізге қалдырған баға жетпес мұрасы, ал оны қастерлеп, бағалай білу – болашақ ұрпаққа міндет және денсаулыққа пайдасы мол екені анықталды.

Зерттеу жұмысының практикалық мәні: Қамшы туралы жинақталған мәліметтерді, көрнекіліктерді «Әдебиеттік оқу» арнайы курс, «Тіл дамыту» үйірме жұмыстарында, қосымша құрал ретінде музыка, еңбекке баулу сабақтарында және сабақтан тыс жұмыстарда қолдануға болады.

Кіріспе

Қамшы– атқа мiнген адам ұстайтын, бiрнеше таспа қайыстармен көмкерiлiп, өрiлген, сабы тобылғыдан, ырғайдан, аңдардың тұяғы, мүйiздерiнен жасалған атты айдап жүргiзетiн құрал. Қамшы – ер жабдықтарының ішіндегі ажырамас бөлігі және көнеден келе жатқан құралдардың бірі.

Қамшының өрiмi сабынан бiр жарым еседей ұзын болады. Қамшы құрал болумен қатар қару ретiнде қолданылған. Өрiмшi қамшының таспасын жiңiшке не жуындатып, кейде өрiмге талшық сымтемiр салып өрген. Ондай қамшылар ыңғайына және қамшы иесiнiң қалауына қарай өрiлiп отырған. Қамшы саптан, өрiмнен және бүлдiргiден тұрады. Саптың қолға ұстар жерi былғарыдан қапталады. Кейде қайыстан өрнектелiп өрiледi. Қамшы өрудiң көптеген түрi қолданылады, соның iшiнде 3 таспадан 32 таспаға дейiн жететiн түрi кiредi. Өрiмдер домалақ, жұмыр, төртқырлы болып келедi.

Қамшы – қазақтың ғасырлар бойы ұстаған ұлттық нысандары­ның бірі болды . Қазақ аттан түсіп жаяу қалғасын, қолына қамшы ұстауды да қойды. Қолына қамшы ұстаған қазақ айбарлы, сәнді көрінуші еді. Ат пен қамшыдан айырылған жай қазаққа айналды. Адамзат жылқыны қолға үйретіп мінісімен аттың өзін жүргізу және алдындағы малды айдау үшін қандай да бір құрал қажет болған. Алғашында атқа мінген адам қамшы ретінде әртүрлі шыбық, ағаш қолданған. Уақыт өте келе бұл құралды малдың шикі терісінің өзінен жасаған, бертінірек өрме өнері шыққанда шикі қайысты өріп, өрменің санына байланысты қамшылар үш таспа өрім, төрт тас­па, алты таспа, сегіз таспа, он екі, жиырма төрт, қырық сегіз таспа өрім болып бөлінген. Қамшының ең алғаш қандай бөліктерінің қалай аталғанын жазған Ш. Уәлиханов.

Қамшы – ұстаған адамының қайрат- қуаты артып, жамандықтан, тіл- көзден сақтап жүретінін, сал- серілердің серілігін танытатын, отбасының, отағасының  қорығы екенін білдіретін қазақ мәдениетінің киелі сыйы. Қазақ  шаңырағының төрінде ілулі тұратын  қамшыны көргенде, таспадай тіліп өтетін тілі бар, қамшының өріміндей бедерлі берекесі бар, қазақтың қанына біткен қайсарлығы бар  азаматтың шаңырағы екенін түсіндіреді. Ал, қасиеті мен құрметі ерекшеленген адамдардың киесі мен қуаты қамшыға ауысып отырады. Қамшы мен емші бірін- бірі толықтырып отыратын киелі құдірет екенін ырымшыл халық мойындаған. Қамшының тарихын, негізгі бөліктерін зерттеу арқылы, оның пайдасы мен халқымыздың тұрмысындағы орнының айқындалуы жұмыстың өзектілігі болып табылады.

Сонымен, ел алдында жүрген жақсы адамдардың, қуатты адамдардың қамшысын ырымдап отырған. Қамшы- қазақ халқының шаруашылық, мәдени өмірінде кеңінен қолданған ежелгі құралдарының бірі [4, 220-б].

Зерттеу жұмысының өзектілігі: Қамшының тарихын, негізгі бөліктерін зерттеу арқылы, оның пайдасы мен халқымыздың тұрмысындағы орны айқындалады.

Болжам: Жастар қамшының қасиеті мен пайдалылығын ұғынады.

Зерттеу жұмысының мақсаты: Қамшының шығу тарихын, қазақ халқы өміріндегі қасиетті қамшының орнын анықтау арқылы оның құрылысымен танысу.                                                                                                              3

Міндеттері:

  • Қамшы туралы деректерді жинақтау;
  • Емдік қасиеттерін зерттеу;
  • Сауалнамалар жүргізу;

Зерттеу әдістері:

  • Түрлі деректер мен зерттеулерді қолдану;
  • Сұхбаттасу;
  • Сауалнама алу;

Зерттеу жұмысының жаңашылдығы: Қазақ халқының тұрмысында ерекше орын алатын қамшы туралы мәліметтер жинақтап, оның пайдасын болашақ жас ұрпақтарға түсіндіріп, кеңес беру, қамшы туралы мақал – мәтелдер, өлеңдер кітапшасын құрастыру жұмыстың ғылыми жаңалығы болып табылады.

Зерттеу жұмысының практикалық мәні:

Қамшы туралы жинақталған мәліметтерді, көрнекіліктерді «Әдебиеттік оқу» арнайы курс, «Тіл дамыту» үйірме жұмыстарында, қосымша құрал ретінде музыка, еңбекке баулу сабақтарында және сабақтан тыс жұмыстарда қолдануға болады.

Зерттеу жұмысының құрылымы: кіріспе, екі бөлім, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Негізгі бөлім

1 бөлім. Қамшы құралы жайлы жалпы түсінік

    1. Қамшының негізгі бөлігі

Қамшы сөзінің шығу тегі туралы бірнеше нұсқалар айтылады. «Қамшы» сөзіндегі «қам» түбірі қазақ тілінде бірнеше ұғымға ие. Қам – шикі, шылғи, шала, қам-қарекет, қимыл, айла, тәсіл, амал, қам-уайым, қайғы, қамығу, қам-қамдану, әзірлену, даярлану. Әрі қарай: қамба, қамау, қамал, қамту сөздері мен терісі құнды аңдар қама, қамар, қамшат; қымбат маталар – қамқа, қамқап болып келеді де, барлығының түбірі қам деген сөзден түзіледі. Қамшы өрімі иленбеген шикі, шылғи теріден де өріле беретіндіктен әрі кейде бір ұғым беретін осы сөздер қосарлана айтыла беретіндіктен: қам – шикі, қамшы, қам – шылғи-қамшы түрінде қамшы сөзі қалыптасты деген тұжырымдар бар.

Қазіргі таңда қамшы өруді, қам­шыгерлікті жас ұр­паққа үйретіп, насихаттап отырса елдік, ерлік дәстүріміз жалғастығын табар еді. Қамшы – атқа мiнген адам ұстайтын, бiрнеше таспа қайыстармен көмкерiлiп, өрiлген, сабы тобылғыдан, ырғайдан, аңдардың тұяғы, мүйiздерiнен жасалған атты айдап жүргiзетiн құрал. Ол үлкен екі бөліктен тұрды: өрімі және сабы. Қамшы сабы көбінесе 4 – 7 тұтам тобылғыдан, ырғайдан, еліктің, таутекенің мүйізінен жасалып, барынша әсемделеді. Оның терімен қапталған қолға ұстайтын бөлігі – тұтамы (тұтқасы), оған тесіліп өткізілген қайыс таспа- бүлдіргісі деп аталады. Шеберлер қамшы сабына ерекше көңіл бөліп, оны жез бауырлап, мойнақтап, металмен, былғарымен, қайыспен орап тастайды. Өрім мен алақанның қосылған жері- шежемей. Оның үстінен түйнектеп қайыс шашақ тағып қояды. Елік, киік сирағынан металл, терімен мойнақтап, орам салып, шашақталған қамшы өте сәнді де бағалы [1, 46-б].

Жалпы, қамшы өрімінің сапқа жалғасқан бөлігінің атауы-бауырлақ (бауырдақ, бауырдауық), оны көмкерген жез, мыс күміс бөлігі – мойнақ, біріктірген шегесі – бүркеншік, қамшы сабына бауырдақты ораған бұрама металл- шырмауық, ол таспалап бекітілсе-бунақ, өрімнің ұшындағы ұшығы – түйіні, алақанның бауырдаққа қарама қарсы жағына жұқалап қабаттап салған кішкене бөлігі – қамшының тілі, үстіңгі жағында жіңішкелеп, шашақ тәрізді етіп тігілген, ұзындығы екі еліден бір жарым тұтамдай ұзын таспа шашағы- қамшының кекілдігі, қамшы өрімінің басталар тұсы мен сапқа бекітілетін бауырдақ аралағындағы бөлігі- алақан. Сонымен қамшы бөліктерінің атауы мынандай: 1.Өрімі. 2.Сабы. 3.Тұтамы. 4.Бүлдіргі. 5.Шежемей. 6.Бауырлақ.7.Мойнақ.8.Бүркеншік.9.Шырмауық.10.Бунақ.11.Таңдай.12.Түйін.13.Қамшының тілі. 14.Қамшының кекілдігі. 16.Алақан. Осылардың ішінде қамшының сабына ерекше көңіл бөлінеді. Оны тобылғыдан, ырғайдан, еліктің, киіктің сирағынан, мүйізінен,  таутекенің мүйізінен жасайды. Әсіресе, елік, керік сирағынан металлмен, терімен мойнақтап, орам салып, шашақталған қамшылар өте жоғары бағаланады, көптің қолы жете бермейді. Негізінде, сап үшін ең көп қолданылатын ағаш – тобылғы екен. Мұның бояуы да, беріктігі де, әдемілігі де бар. Қызыл түсті бояуынан жасалған қамшы көзді тартады. Ерте кезде осындай қамшымен қызға барған серінің абыройы асқақтап, құрметке ие болған көрінеді.

Қорытындылай келе, қамшы- ер жабдықтарының ішіндегі ажырамас бөлігі және көнеден келе жатқан құралдардың бірі. Қамшы- атқа мiнген адам ұстайтын, бiрнеше таспа қайыстармен көмкерiлiп, өрiлген, сабы тобылғыдан, ырғайдан, аңдардың тұяғы, мүйiздерiнен жасалған атты айдап жүргiзетiн құрал.

1.2. Қамшы түрлері, оны өрудің халықтық дәстүрі

Мен зерттеу жұмысымның барысында қазақ халқы өміріндегі қасиетті қамшының орны жайында біле бастағаннан кейін өзімнің сыныптастарымнан сауалнама алдым.

– Қамшы қандай құрал? – деген сұраққа 100% – иә деп жауап берді.

– Қамшының қандай түрлерін білесіңдер? – деген сұраққа 16% – иә деп, 74% – жоқ деп жауап берді.

– Қамшы қандай бөліктерден тұрады? – деген сұраққа 100% – иә деп жауап берді.

– Адамға қамшы не үшін керек? – деген сұраққа 62% – иә деп, 38% – жоқ деп жауап берді.

Мен зерттеу жұмысымның барысында қазақ халқы өміріндегі қасиетті қамшының орны туралы тереңірек білгім келіп, Ибраев Болат  ағадан мәлімет алдым.

Болат аға: Әкем қамшы өретін еді, бұл өнерді содан үйрендім. Мен ауылда туып өстім. Менің әкем жылқы бақты. Сол себептен мен жылқыға жақын болдым. Жылқы бағу үшін қамшы керек. Жылқы баққанда асау жылықылардан қорғану үшін  дойыр міндетті түрде керек. Қазір қамшы өретіндер де санаулы. Қамшы жасау оңай емес. Оған қажетті терілерді дайындаудың өзі қиындықпен келеді.

Өрімші шеберлер Жағда Бабалықов пен Ақселеу Сейдімбековтің, этнограф Сейіт Кенжеахметұлының жазбаларына арқа сүйесек, қамшының мынандай түрлері бар:

  1. Ат қамшы. 2.Дыр қамшы. 3.Дырау қамшы. 4.Дойыр қамшы. 5.Дүре қамшы. 6.Ұзын қамшы. 7.Шолақ қамшы. 8.Сары ала қамшы. 9.Білеу қамшы. 10.Орама санды қамшы. 11.Мүйіз сапты қамшы. 12.Киелі қамшы. 13.Қасиетті қамшы. 14.Тобылғы санды қамшы. 15.Шашақты қамшы. 16.Бала қамшы. 17.Құрау қамшы. 18.Шыбыртқы қамшы. 19.Күміс мойнақ қамшы. 20.Жез мойнақ қамшы. 21.Сары ала мойнақ қамшы. 22.Ақ мойнақ қамшы және тағы да басқалары.

Қамшылар жасалуына, қолданылуына байланысты бірнеше түрге бөлінеді. Оның әрқайсының атқаратын қызметі, мақсаты, мағынасы бар. Біз енді соның басты- бастыларын талдап түсіндірсек:

1.Сүндет қамшы. Ата-бабамыздан ұрпақтарына мирас болып келе жатқан салт-дәстүр бойынша баланы сүндетке отырғызғанда оған туған-туыстары сыйға тартатын тобылғы сабты төрт тұтам қамшы.

  1. Бәйге қамшы.Ат бәйгесіне шабатын шабандоздың қамшысы. Ол тобылғы сапты, ұзындығы төрт тұтам, негізінен оның ұзындығын шынтақтан шынашаққа дейінгі аралықпен де өлшей береді. Сабының жуандығы шынашақтай. Бұрындары бәйгеге түсерде шабандоз: «Шаба алмасам – маған серт, шаба алмаса – астымдағы атыма серт, шаптыра алмаса – қолымдағы қамшыға өрт!», – деп серт беретін болған.

6

  1. Көкпар қамшы. Ұлттық ойын көкпар тартуда қолданылады. Оның тобылғы сабының ұзындығы үш-ақ тұтам және жуан болып жасалады.

Көкпар қамшының сабына, жылан басты алақанына қолды жыртып, зақым келтірмеуі үшін ешқандай әшекей салынбайды, бұл қамшыға бірде-бір темір затын қолданбайды. Көкпар додасына түсерде әркім: «Атыма – айбат, тақымыма – қуат, қамшыма – жігер бер!», – деп серт айтқан.

  1. Дойыр қамшы.Өрімі жұмыр, жуан,  төрт қырлы, он алты, немесе сегіз таспадан болып келеді. Дойыр – бұғының, өгіздің иленген жон терісінен таспаланып тілінеді. Әдетте дойыр – ырғай немесе тобылғыға, кейде құлжа мен текенің мүйізіне, қарақұйрық пен еліктің сирағына сапталады. Өрім мен сап алақан арқылы бекітіледі. Алақан мен сапқа бекітілетін ұшының үстіне сәндік үшін жұқа жез салынады. Қамшының сабы да күміс жезбен әшекейленіп, қолға ұстайтын жағына бүлдіргі өткізіледі. Дойыр қамшыны мал айдауға, ұрыс-төбелеске де қолданады. Оны қолға алғанда да былай деп серт айтылған: «Дойыр қамшым доңыздай (жуандығы) болсын, ауырлығы қорғасындай, мықтылығы емендей болсын. Білек күшіме қуат қосып, жауым әрдайым құлап жатсын, халқым жеңіске жете берсін!».

Сәндік үшін ұсталатын қамшы да дойыр тектес болғанымен, өрімі жіңішке, жеңіл сапты болады. Сал-серілердің серілігін танытатын, отағасының отбасының қорығы екенін көрсететін киелі қамшы – қазақ мәдениетінде өзіндік қасиетін әлі сақтап келеді.

  1. Неке қамшысы. Жас бозбала үйленер кезде құрбы-құрдастарын жанына шақырып алып, отау құрғалы жатқанын айтады. Өзіне жігіт жолдасы керек екендігін білдіреді. Құрбы-құрдастары өздерінің қамшыларын бір жерге құпия жинап қойып, әлгі досын шақырып көрсетеді. Ол өзіне ұнаған қамшыны таңдап алады да иесі жігіт жолдасы (күйеу жолдас) болады. Бұл құрбы-құрдастар арасында өкпе, реніш болмауы үшін жасалатын әдет-ғұрып.
  2. Соп қамшы. Өгіз айдауға арналған қамшыны осылай деп атайды. Тобылғы сабы төрт тұтам, өрімі ұзын, жиырма бес тұтам болады, ұшына қайыстан төрт қарыс жалқы бау тағылады, ол арбаның ұзындығына қарай жегулі атқа немесе өгізге жетуге тиіс. Яғни, оның ұзындығы екі жарым құлаштай.
  3. Үйір қамшы. Оны жылқышыларға арнап жасайды. Өрімнің араларына үш шығыршық біріктіріліп, ұзын етіп жасалады. Түйе айдайтын үйір қамшының атауы – шыбыт қамшы.
  4. Ноғай қамшы. Аралары жақын орналастырылған екі өрімнен тұрады. Салмақты болуы үшін өріміне үлкен шашақтарды орналастырады (нагайка).
  5. Баптау қамшы.Асауды үйрету үшін жасалады. Жылқыны үркітіп, қорқытып алмау мақсатында өрімі тобылғы сабының басынан аяғына дейін түгелдей шикі

теріден өріледі, ішіне қайыстан қатты өзек салады. Осы өзек өрімді тік тұрғызады, ол қылышқа ұқсайды, мамандар «сол себепті оны орыстар «хлыст» деп атап кеткен», – дейді.

  1. Аңшы қамшы. Сабының ұзындығы – бес тұтам, ұшында қорғасын өрілген өрімі он екі тұтам болады. Аңшы атына қонғанында қамшысына: «Алдымдағы қасқырға – айбат, ердегі қанжығама байлат!», – деп тілек айтқан. Ал аңшы қасқырды атымен қуып жеткенде: «Түзу тигізу – маған міндет, ұшындағы қорғасын – саған серт!» дейтін. Дойыр, аңшы, барымта қамшыларды дырау қамшы деп те атай береді.
  2. Барымта қамшы. Тобылғы сапты, оның ұзындығы алты тұтам, жуан өрімі он тұтам, түйіні де жуан, әрі ұзын. Екі аттылы қақтығысқанда қамшыларын бірінің-бірі сыртынан асыра сілтегенде оның ұшы тіпті үшінші қарсыласының тізесіне, тобығына тиіп, аттан аударып та түсірген.

Аталу түрлеріне, жасалуына, қолданылуына  қарай қамшы –  қайыс қамшы, өрме қамшы, соқа қамшы, ат қамшы, дойыр қамшы, дырау, бұзаутіс қамшы, т.б. бөлінеді. Ат қамшының өзі – салт қамшы, ат соғар, ат жүргізгіш, шыбыртқы сияқты түрлерге жіктеледі. Өрілген таспасына қарай төрт, бес, алты таспа, сегіз өрім, он екі таспадан ширатылған еспе қамшы, бір таспа қайыстан жасаған сапалық өзек салған дырау, дойыр бұзаутіс қамшылар да бар.

Ат қамшының ұзындығы алты тұтам келеді. Көбінесе тобылғымен сапталады. Қамшының сабы, алақаны, өрімі, бүлдіргесі болады. Қамшының өрімін сабына шегелегенде темірден бүркеншік салып, алақанына сән үшін таспадан кекілдік тағады.

Дүре қамшы – Шығыс халықтарының  әдет-шариғат заңдары бойынша  қылмыс жасағандарға қолданылатын ауыр жаза құралы. Дүре соғу денеге жарақат салу жазасына жатады. Қылмысы мен күнәсі анықталған жағдайда соғылатын дүре ел алдында көрінеу жасалатын болған. Дүре қамшы – жіңішке таспалы, тобылғы сапты, қолға ұстауға ыңғайлы, аса ұзын емес, қысқа сапты болады.

Қамшының сапалы болуы қайысына байланысты. Мейлінше жұмсақ иленіп, иін қануын қадағалап, құрыс-тырыссыз, жұмсақ етіп шығару сөз жоқ асқан шеберлікті талап етеді. Қайыстың бар ерекшелігін мұқият ескерген шеберлер иден шыққан қайысты май жағып, кептіреді. Кепкен теріні қысқыға, созғыға салып, уқалайды. Бұған қажетті аспаптарды да шеберлер өздері әзірлейді.

Тігетін қайыстардың шетін біртегіс ұстап тұру, бекітіп қойып тілу,өру, оюлау үшін аса қажет аспаптың бірі – «қысқы» деп аталады. Оны жуан және кепкен ағаштан жасайды. Иленген қайыстарды өңіне кіргізіп алып, керек затқа арнап, таспалап тіледі де, қажетіне пайдаланады. Қайыс түйудің де бірнеше өрнектері мен түюлері бар. Олар – төрт таспадан түю, қалмақша түю, түйемұрындық, өткерме, тастүйін,т.б. деп аталады. «Ағаштан түйін түйген» деген бейнелі сөз осыдан шыққан. Қазақ кейде  тиек, бұршақ, бұлдырларды да қайыстан, таспадан түйген. Қазақ қолөнерінде ескіден келе жатқан әдемі де, күрделі істің бірі – таспа өру.

Қамшының қарапайым түрiнiң бiрi- бишiк. Ол қамшыға қарағанда қарапайым, өрiмi сабынан үш- төрт есе, кейде одан да ұзын болуы мүмкiн. Бишік өрімі өзге өрімнен бөлектеу, араларын метал шығыршықпен қосатындай бірнеше бөлік етіп өріледі. Кейде оны «соп қамшы» деп те атайды. Ұшына екі-үш қарыс таспа, не іріктелген бірнеше жылқы қылы байланады.  Оны мал айдағанда, ат- арба не ат шанамен жүргенде жиi пайдаланады.

Өрiм алғашқы басында жуан болып ұшына қарай жiңiшкере бередi. Қамшының өрiмi сабынан бiр жарым еседей ұзын болады. Қамшы саптан, өрiмнен және бүлдiргiден тұрады. Саптың қолға ұстар жерi былғарыдан қапталады. Қамшы өрудiң көптеген түрi қолданылады, соның iшiнде 3 таспадан 40 таспаға дейiн жететiн түрi кiредi [2, 123-б].

Өрiмдер домалақ, жұмыр, төртқырлы болып келедi. Қамшылардың ең қолайлысы 12 өрiмдiгi болып табылады. 6 өрiм қарапайым түрiне жатады.

Өрім түрлері:

  1. Үш не төрт бұрым өрімі.Ол қайыстан өрілген, бәйге қамшыға қолайлысы. Қамшы өрімі әр түрлі құралдар арқылы өңделеді. Көп тараған түрі: өрімді екі тақтайдың арасына салып әрлі-берлі итермелеп домалату. Осындай тәсілмен домалақтап, төрт өрім, сегіз өрім қамшыларды төрт қырлы етіп жасап шығарады.
  2. Алты өрім.Осы орайда «Әй, алты өрім бұзау тіс, көп былжырамай аттан түс!» деп сөзді өрімшілер көп айтатын.
  3. Сегіз өрім.Бұл – мал айдауға қолайлы қамшы. Осы өрімді соп, үйір, ноғай қамшыларға да қолданған.
  4. Он екі өрім.Сәндікке лайықты қамшыда пайдаланылады. Сәндік қамшылар өріміне сәйкес төрт, алты, сегіз, он екі қырлы болып жасалынады. Мұндай, өрімді қырлау үшін сүйектен, мүйізден қалақша жасалады, ортасынан әртүрлі қырлы тесіктер ойылады, өрімнің түріне орай оны тиісті тесіктерден өткізіп, өрімнің қырын шығарады.
  5. Қырық өрім.Оған тарамыс қолданылады. Өрімшілер арасында қайыс таспадан қырық екі өрімді де жасап шығарғандар бар. Аталарымыздың айтуынша, қамшының ең қолайлысы 12 өрімдігі.

Өрім технологиясы: иленген теріні үш елі етіп кеседі, ұзындығын оның саласына қарай сыдырғыдан өткізеді, жалпақтығын, енін, қалыңдығын реттейді. Осындағы сыдырғыны үш тұтам тобылғыдан жасап алады. Сыдырғы жасау үшін тобылғының үш жағына кертпе салынады, сол арқылы өткізілетін таспаның, терінің ені, қалыңдығы мөлшерленеді, әдейілеп қондырылған өткір пышақтың жүзімен тілінеді. Негізінен, шикі теріден жасалынған қайысты таспа деп атайды. Тарамысты қырық екі өрім қылып тарқатады да, содан өрім дайындайды, ол үш тұтам болады. Өрім әбден дайын болғанда оған алақан жасайды, ол тобылғы сапты, қамшыға бауырымен өрілуге тиісті. Елiк сирағынан жасалған қамшы сәндiкке болмаса, қажетке жаратуға келе бермейдi. Әрине, оны да қолдануға болады. Алайда, ел iшiнде елiк сирағынан жасалған қамшының жолы ауыр деп есептеледi. Сирақ болсын, тобылғы болсын алдымен кептiрiп алынады. Сосын барып бүлдiргiсiн қайыстан ойып шығады. Бүлдiргiге түрлi пiшiндегi ою- өрнектер салынады. Бүлдiргi тесiлiп, қайыс жiппен таспаға тастай оралады.

Ең соңында үш бөлiк те бiр- бiрiмен бекiтiледi. Таспаның орта тұсына дейiн оралған қайыс өзiнше сән берiп тұрады. Қолдан сырғып түспеу үшiн саптың соңы тесiлiп жiп өткiзiледi [11, 39-б].

Сонымен, қамшы өрудiң көптеген түрi қолданылады, соның iшiнде 3 таспадан 32 таспаға дейiн жететiн түрi кiредi. Өрiмдер домалақ, жұмыр, төртқырлы болып келедi. Қамшыны жасау үшiн ең бiрiншi терiнi илеп, иiн қандырып, қайыс өңдеп шығару қажет. Әдетте оны бояуға да, боямауға да болады. Сосын қайысты тарам- тарам етiп тiледi. Өрiм саны неғұрлым артқан сайын сапасы да арта түседi. Алайда,оны өру де айтарлықтай қиындайды. Өйткенi, өрiм саны қаншалық көбейсе, соншалық қайыс тармағын жiңiшкерту қажеттiгi туады. Қамшылардың ең қолайлысы 12 өрiмдiгi болып табылады. 6 өрiм қарапайым түрiне жатады.

2 бөлім. Қазақ халқы өміріндегі қасиетті қамшының орны

2.1. Қамшының салт- дәстүр, әдеп- ғұрыпта қолданылуы

Қазақ халқының  мәдени-тұрмысында, салт-дәстүрінде, рухани зердесінде қамшының алатын орны ерекше. Қамшы өнер туындысы, сый-сыяпаттың төресі, ер жігіттің серігі, айбыны, шаңырақтың киесі, тіпті, кейде батырдың қаруы да болған. Бұлар: дыр, дырау, дойыр қамшылар. Олардың өрім өзегіне темір, ұшына қорғасын орап өрген. Сабы да жуан, қатты ағаштан жасалған. Кейде бұларды екі-үш жерден үзбелете өрген.  Мұндай қамшының күшімен жылқылар ғана емес, атан түйелер мен өгіздер жүріп кетеді екен. Көпті көрген қариялар: «Дыраумен бір тартқанда адамға шабатын бура да, көкжал қасқыр да орнынан тұра алмай қалған» – деп жатады

Қазақтың салт-дәстүрінде қамшыны ұстау мен қолданудың тәрбиелік мәні, ережелері болады. Мұны да білген жөн. Қамшы әрдайым оң қолға ұсталу керек. Жайшылықта қамшыны екі бүктеп ұстайды. Қамшы өрімін салбыратып ұстау дұшпандық, әдепсіздік белгісі деп танылған. Сондай-ақ, жөн, жол көрсеткенде де саусақпен емес, қамшымен нұсқайтын болған. Қамшыны сыйға тартқан кезде кісінің қолына ұстатпайды, жерге тастаудың мәні береке-құт бірге  кетпесін, ұшығы  жерде қалсын, салмақты жер ғана  көтереді дегіндігі. Қазақта қамшы ұрлау үлкен қылмыстың бірі саналады.

Қамшы бұл қазақ халқына тән нәрсе. Оның бойында қасиеті де, құдіреті де, киесі мен иесі- Сесі бар. Қазағымның мәңгүрттеніп, судан тиыш, бетегеден аласа болып қалғаны да осы қамшысынан айрылғанының кесірінен. Қазақтан белінен семсері мен қанжары, шаңырағынан қылышы мен найзасы, астынан аты, қолынан қамшысы кетіп еді, Сесі де бірге жоғалды. Ат айдаса- құралы, аң ұстаса- қаруы, жабырқанса- сырласы, жауға шапса- рухы, дұшпанына- Сесі! Сондықтан да ол мұра болып, бабалардан- аталарға, аталардан- әкелерге, әкелерден- балаларға, одан да беріде мына бізге жеткен. Кейінгі ұрпаққа жеткізу біз үшін парыз.

Қилы- қилы замандар ағымында қамшы қазақтың керегесінен кетіп, ұмыт бола бастады. Атам қазақ қамшының қыр- сырына бесігінен қаныққан, кие- қасиетін ана сүтімен қатар сүйегіне сіңіріп өскен. Себебі, бала бесікте жатқанда шошымасын деп бас жағына қамшы тастаған, не болмаса жастығының астына тастаған [3, 94-б].

Біздің қазақ халқында қамшыға байланысты мақал- мәтелдер, тұрақты сөз тіркестері аз емес. Ата- бабаларымыз қамшысы арқылы өз көзқарасын, ниетін, қарым-қатынасын білдірген, біз мұны қамшыға байланысты ой орамдарымен тарқатып, түсіндірсек:

  1. Қамшысының ұшын да бермеді.Бұл «болыспады», «жәрдемдеспеді», «қарайласпады», «жамандық, опасыздық істеді», – деген мағынаны білдіреді.
  2. Басына (төбесіне) қамшы үйірді (ойнатты).Мағынасы: Қорқытты, сабауға ыңғайланды, үрейлендірді, жан алқымға алды, қауіп төндірді.
  3. Дау төрт бұрышты, қамшы екі ұшты.Яғни, айыпсыз болса, шешім оның ақтығын айғақтайды, айыпты болса, шешім оның қаралығын дәлелдейді.
  4. Қамшысын білемдеді.Қамшысының сабы мен өрімін қосып, екі бүктеп ұстауды бейнелейді.
  5. Қамшы түтеді.«Қамшы жауып кетті», «Таяқ жауып кетті», «Соққылаған қамшы жауды» деген мағынаны білдіреді.

Білесіз бе, біздің халқымызда «Қамшы ойыны» деп аталатын күрделі спорттық ойын да болған. Қолынан қамшысы түспейтін қазақтың бұл тапқырлығы сізді таңдандыра қоймас. Ал қамшыгерлік өнері туралы білетініңізге сенімсізбіз. Яғни, адамдар қамшының көмегімен өнер көрсеткен. Төрт жақтан керілген өгіз терісін қамшымен бір тартқанда тіліп түсіру, жаугершілікте, ұрыс-жанжалда жауын қамшымен сатып алу, қасқыр соғу қамшыгер абыройын арттыра түседі. Қазақ жазушыларының шығармаларында осы өнер түрі жақсы суреттеледі.  Мұнан басқа, құдалық жол-жоралғыда «қамшы қайтару» деген салт бар. Дәстүр бойынша, қыз айттыруға келген жігіт жағының басшысы (жігіттің әкесі, «жаушы» т.б) қамшысын қыз үйінің төріне іліп кеткен. Егер қыз әкесі келісімін бермесе, көп ұзамай қамшыны иесіне қайтарып жіберген. Ал  ұл баланы «атқа мінгізу» ғұрпында  бәсіре атқа ашамай ерттеп мінгізіп,  аяғын тепкішекке сұғып,  қолтырмаш ағашпен екі  қолтығынан  сүйемелдеп танған соң ақсақалдар бата  беріп, баланың қолына аттың тізгіні мен қамшы  ұстатады. Жаңа түскен келіннің бетін үкілі, қоңыраулы қамшымен ашатын кездер де болған.

Байырғы кездегі тілдік-мәдени қоғамдастықта қамшы таңбасының семантикасында этикеттік әртүрлі ақпараттардың бар екені байқалады. Мысалы, ертеректе «үйге қамшыны бүктеп алып кіру» әдептілікті байқатады деп есептеген. Қамшыны салақтатып немесе шошайтып кіруді әдептілікке баламаған, ондай адамның өзінен бұрын қамшысы үйге кіргендей жағымсыз әсер қалдырады. Бұл айтылғандар қамшымен байланысты әдептілік нормасын байқататын тілдік емес, этикеттік таңба болып саналады.

Бұрын бабаларымыз «неше балаң бар?» деп сұрамаған – көз-тілден қорыққан. Қамшы ұстауға жасы келмеген баланы «күл шашарың бар ма?» деп сұраған, қалғанын керегедегі қамшыға қарап түсінген. Үй иесі жолаушылап кеткен үйге келген бөгде ер адам, әдетте қонуға басқа үйге барады, бірақ «қайта соғатынын» білдіріп, қамшысын тастап кетеді. Үй иесі келген соң, әлгі адамның қамшысына қарап кім екенін жорамалдайды, арнайы шақырып, келген шаруасын, бұйымтайын сұрайды. Ел арасындағы әдепке байланысты бұл салтты «қамшытастар» деп атайды.
Қамшының сабы сынды, қамшы таянды дегендер − «уайым», «қайғы» ұғымын объективтендіріп тұрған таңбалар. Сондықтан жасы үлкен адамдар: қамшы таянбас болар деп балаларға ескертіп отырады.
Байырғы кезде бақсылар сары ат мініп, сары түсті киім киініп, қолына сары ала қамшы ұстайтын болған. Ал сары ала қамшы аттың тері сіңгендіктен жын-шайтанды жолатпайды, аттың терінде ерекше қасиет бар деген түсінікті аңғартады.
Қамшыны 50 жасқа келгенде, «енді сен ел ағасы болдың» деп, киелі еліктің тұяғынан саптап қолына ұстатады. Оны «ел аға қамшысы» дейді. Билікке келген адам, қол басшы, ақ сақал, сыйлы қария, серілер сабы киелі тау текенің мүйізінен жасалынып, алтыннан, күмістен әшекей орнатылған қамшыны ұстайды.
Баланы сүндетке отырғызғанда өз атасы ат мінгізсе, нағашы атасы қамшы ұстатады. Ал нағашы атасы ат мінгізсе, өз атасы қамшы силайды екен. Сөйтіп,сүндетке отырғызылған балаға сыйлы атпен, қамшы иесі деп ат қояды екен. Елшілердің қамшылары өте қарапайым жасалынған. Сабын тобылғыдан жасап, ешқандай әшекей, ою-өрнек орнатпаған.

Дала қазағының өмірінде өшпес ізін қалдырған қамшының осындай ерекшеліктерін білу, өзгелерге насихаттау әрбір қазақ үшін маңызды міндет деп білеміз.

2.2. Қамшының емдік қасиеттері

Қамшының қасиетін сипаттар болсақ, ең алдымен оның тобылғыдан жасалған сабына бір тоқталып өтелік. Тобылғы қазақ жерінің нулы- сулы, тоғайлы жерлерінде кездесе береді. Осы топталып өсетін ағаш келе- келе қатайып, темірдей берік болады және ыстық- суыққа төзімді, судан қорықпайды, жарылмайды. Тобылғының майы теміретке сияқты жараға жағуға емдік қасиеті өте шипалы және тіс шұқығыш құралы ретінде де қасиеті сол- тістегі бактерияларды жояды. Тобылғыны қамшыға сапқа дайындайтын мерзімі желтоқсан айы. Өсімдік майымен тазалап, сүртіп, күннің көзі, желдің лебі тимейтін көлеңкелі жерге кептіреді. Осыдан кейін ғана ол қамшыға сап жасауға қолданылады.

Негізінен, «қамшы» сөзі түбір мен қосымшадан тұрады. Диахрондық тұрғыда бұл сөздің түбірі – «қам». «Шы» – малшы, қойшы, егінші деген тәрізді сөздерде кездесетін қосымша.

 

Орта ғасырдағы түркі тектес халықтардың тілінде, қазіргі туыстас – тува, тофалар, алтай, сары ұйғыр, хакас тағы да басқалардың тілдерінде «қам» сөзі «бақсы» деген мағынаны білдіріп, қарайым тілінде де «қамшы» сөзі «шаман» деген мағынада қолданылады. Сөйтіп, ертеде бақсыны бірде қам, бірде қамшы деп атаған тәрізді. Осыны зерделеген этнограф ғалымдар «Әуелде қамшы сөзі қазақтарда да «бақсы, шаман» мағынасында айтылып келіп, екінші бір заттың атауына көшкен» деген тұжырым жасайды. Мүмкін бұл ертеде бақсылардың қолдарына қамшы алып, жын-шайтан қуып, зікір салғанынан да шығар. Әйтеуір, бұрындары тілімізде «Қамның шыбыртқысы» – «Қамшының шыбытқысы» деген сөз болған. Жасыратыны жоқ, кейбір қаламгерлер «қамшы» сөзі «қам жасаушы» дегеннен шыққан болуы керек» дейді. Олардың пайымдауынша, «Бұл құрал ежелден емдік мақсатқа қолданылған. Келе-келе «қам жасаушы» сөзі дыбыстық өзгеріске ұшырап, құрылымдық мазмұны да «қамшы» сөзіне ауысып кеткен». Қалай болғанда да, қамшының әубаста түрлі жамандық, ауру-сырқауды қуушы рөл атқарғаны ешбір талас туғызбайды.

«Ғасырлардан – ғасырларға жеткен бұл –

Қамшы еді қайтаратын жаудан құн.

Соңғы ғасыр аяғынды жоғалып,

Қазақтардың сесі кетіп, болған құл.

Қамшы арқылы талай сырды беретін,

Қамшы тастап, не ой барын білетін.

Қазақ бабам мінгенінде кәріне,

Жерді дағы жон арқадан тілетін».

Қорытынды

Қамшы- ер жабдықтарының ішіндегі ажырамас бөлігі және көнеден келе жатқан құралдардың бірі. Қамшы-  атқа мiнген адам ұстайтын, бiрнеше таспа қайыстармен көмкерiлiп, өрiлген, сабы тобылғыдан, ырғайдан, аңдардың тұяғы, мүйiздерiнен жасалған атты айдап жүргiзетiн құрал.

Зерттеу барысында қамшының жасалуына, қолданылуына байланысты бірнеше түрі бар екенін, бірнеше бөліктерден тұратынын және оның әрқайсының атқаратын қызметі, мақсаты, мағынасы бар екенін білдім. Сонымен қатар қамшы өрудiң ғасырлар бойы сақталған өзіндік көптеген түрлері қолданылады, соның iшiнде 3 таспадан 32 таспаға дейiн жететiн түрi кiредi. Қамшыны жасау үшiн ең бiрiншi терiнi илеп, иiн қандырып, қайыс өңдеп шығару қажет. Қамшылардың ең қолайлысы 12 өрiмдiгi болып табылады. 6 өрiм қарапайым түрiне жатады.

Ал қазіргі таңда жасөспірімдерде қамшының қасиеті жайлы мағлұматтары аз, осыған орай, осы проблеманы шешу үшін менің ұсынысым:

  1. Ата- бабаларымыз пір тұтқан қасиетті қамшыны дұрыс қолданса;
  2. Жасөспірімдер арасында қамшы және оның қасиеті жайлы жарнама жұмыстары жүргізілсе;
  3. Қазақтың қолөнерін дамыту мақсатында мектеп қабырғасында оқитын ер балаларға қамшы жасаудың әдіс-тәсілдерін үйрететін үйірмелер ашылса;

Білетін адамның көзі

  1. Елімізде қамшы жасайтын шеберханалар салынып, дайындалған өнімдер елімізге келген туристтерге ұсынылса.

Қазіргі таңда қамшы өруді, қамшыгерлікті жас ұрпаққа үйретіп, насихаттап отырса елдік, ерлік дәстүріміз жалғасын таба береді.

You May Also Like

Дәрілік өсімдіктердің пайдалы қасиеттері, ғылыми жоба

Тарбағатай ауданының рекреациялық-географиялық дамуының алғышарттары мен даму болашағы, ғылыми жоба

ҒЫЛЫМИ ЖОБА   ТАҚЫРЫБЫ: Тарбағатай ауданының рекреациялық-географиялық дамуының алғышарттары мен даму болашағы МАЗМҰНЫ …

Анализ собственных наименований продовольственных товаров, научная работа

Тема:    «Анализ наименований продовольственных товаров на примере  магазина «Роза» Рецензия На конкурсную…

Шудың адам ағзасына зияны, ғылыми жоба

Ғылыми жоба: «ШУДЫҢ АДАМ АҒЗАСЫНА ЗИЯНЫ»                                                        Мазмұны І Кіріспе ІІ Негізгі…