Бағыты: дүниетану

Ғылыми жобаның тақырыбы: Лимон және оның таңғажайып қасиеттері

Мазмұны

Кіріспе………………………………………………………………………………………………………..

1.1 Лимонның шығу тегі……………………………………………………………………………..

1.2 Ботаникалық сипаттамасы……………………………………………………………………..

1.3 Лимонның құрамы…………………………………………………………………………………

1.4 Емдік қасиеттері…………………………………………………………………………………….

1.5 Лимонның иіс кетіргішжәне тазартқыш қасиеттері………………………………

Қорытынды………………………………………………………………………………………………

Кіріспе

Зерттеу жұмысының өзектілігі:

Қазіргі таңда адам денсаулығын сақтауға көп көңіл бөлінеді. «Тазалық – денсаулық негізі, денсаулық – байлық негізі» деп халқымыз бекер айтпаған, себебі адамның денсаулығы – қоғам байлығы. Әрбір адам өз денсаулығының мықты болу жолдарын қарастыру керек. Дені сау адамның көңіл-күйі көтеріңкі болып, еңбекке әрқашан құлшына кіріседі. Отанымыздың келешегі, көркеюі – салауатты өмір салтын сақтауға байланысты деп ойлаймын.  Денсаулық пен тазалықты сақтаудың жаңа жолдарын іздестірудеміз. Химиялық тазартқыштар мен жасанды дәрі-дәрмектің орнына экологиялық таза ауыстырылғыш табу керек деп байқадым. Сондықтан жеміс-жидектердің арасынан лимонды таңдап, ол туралы мәлімет тауып, оның қасиеттерін ашып, күнделікті өмірде қолдану тәсілдерімен таныстыруды жөн көрдім.

Зерттеу жұмысының мақсаты:

Лимон жемісінің адам денсаулығына пайдалы екенін түсіндіру. Зерттеу мен тәжірибе өткізіп, лимонның пайдалы қасиеттерін күнделікті тұрмыста қолдану қажеттілігін дәлелдеу.

Зерттеу жұмысының міндеттері:

  • Лимон өсімдігі, құрамы, қасиеттері туралы мәліметтіоқып білу және талдап шығу;
  • Лимонның адам денсаулығына әсер етуі жөнінде мектеп медбикесімен сұхбаттасу
  • 3-4 сынып оқушыларының арасында лимонның адам өміріндегі орны туралы әлеуметтік сауалнама өткізу
  • Ауыл дүкеншілерімен кездесіп, лимонның сұрауы туралы әңгімелесу
  • Лимонның шайдың түсін өзгертіп, кір дақтарды кетіретінін тәжірибе арқылы дәлелдеу
  • Тәжірибе өткізіп, лимонның электр тогын өткізетінін тексеру
  • Қорытынды шығарып, зерттеу жұмыстың нәтижесін көрсету.

Мені қызықтырғаны:

«Балапан» телеарнасынан лимон туралы бағдарламада лимонның емдік қасиеттерінен басқа таңғажайып қасиеттері барын білдім. Оларды қолдану жолдарын іздестіргім келді.

Ғылыми жобаның зерттеу әдістері мен тәсілдері:

Жинақтау, іріктеу, жүйелеу, зерттеу, әлеуметтік сұрау,сауалнама, салыстыру, тәжірибе, SWOT талдауы, сұрақ-жауап, сұхбат, талдау, баяндау.

Болжам:

Егер мен лимонның пайдалы қасиеттерін күнделікті тұрмыста қолдану тәсілдерімен  таныстырсам, бұл жемісті өмірде адамдардың кең қолдануларына жол ашар едім. 

Нәтижесі мен қорытындысы:

Шығарылған кітапша арқылы адамдар лимонның таңғажайып қасиеттерімен танысады;

Лимонның емдік қасиеттерін денсаулықты жақсарту мақсатымен қолданады;

Тазартқыш және ағартқыш қаситтерін үй тұрмысында пайдаланады.

Ғылыми жұмыстың практикалық қолдану салалары:

Тақырып негізінде жиналған материалдар дүниетану сабақтарында қосымша ретінде қолдануға болады. Сынып сағаттарында да пайдалануға болады. Әр адамның денсаулығы мен үй тазалығын сақтауға арналған көмекші құрал болып табылады.

1.1 Лимонның шығу тегі.

Цитрологтардың (цитрус дақылдардың мамандары) арасында лимонның шығу тегі туралы біртұтас пікір жоқ. Оның цитроннан ауып кетіп шыққан мутация деген жорамалдар кездеседі. Қалай болса да, табиғатта лимон жабайы түрде кездеспейді.

Лимон жемісі туралы алғашқы мәлімет ҚытайдағыVIII ғасырға жатады. Ал XI ғасырда арабтар оны Испанияға әкелген. Тап сонда осы өсімдік қазіргі түрінде қалыптасқан деп саналады.

Александр Македонскийдің әскерлері Еуропаға  Үндістаннан лимон жемістерін алып келді. Оларды үнді алмалары деп атап кеткен. Ал атақты теңіз саяхатшысы Джеймс Кук өз теңізшілерін цинга ауруынан қорғау үшін лимон жегізген, XVII ғасырдың британдық теңізшілерін «лаймиз» (лимондықтар) деп атап кеткен.

Осыдан жүз жылдан аса  Нижний Новгородтың маңайындағы Павлово селосындағы орыс шаруалар лимонды өз үйлерінде өсіре бастаған. Осы лимондар павлов бөлме лимондары деп аталды.

Лимон ағашынын мекені – Үндістан, Қытай және Тынық мұхитының тропикалық аралдары. Қазіргі кезде тропикалық аймақтарда ғана емес, сонымен қатар мәдени түрлері субтропикалық Кавказ, Орта Азия, Калифорния, Флорида, Жерорта теңізі аймақтарында да өсіріледі. 

1.2 Ботаникалық сипаттамасы

Лимон – цитрустар тұқымдасына жататын көпжылдық мәңгіжасыл өсімдік. Лимон ағашының биіктігі 5-8 метр. Бұтақтарының инелері болады. Жапырағы жұмыртқа пішінді, ұшы сүйірленген. Жапырағындағы эфир майы әсерінен өсімдік жағымды иіс бөліп тұрады. Гүлі ақ түсті, хош иісті. Лимон ағашының жемісі жұмыртқа пішінді, кейбір сұрыптарында домалақ түрлері кездеседі. Жемісінің ұзындығы 7-12 см, диаметрі 8-10см, салмағы 120 г. шамасында. Лимон жемісінің қабығының қалыңдығы 2-5 мм, сары түсті. Лимонның шырыны ақшыл-сарғыш түсті, дәмі ащы.

Қазақстанда климаттық жағдайымызға байланысты бақшаға өсіре алмағанымызбен, жылыжайда өсіруге болады.

Елімізде осы уақытта екі жерде ғана лимон өсіріледі. Ол Шығыс Қазақстан облысында, Өскемен қаласының маңайындағы Украинка деген ауылда Земляные Николай мен Людмиланың отбасы және Оңтүстік Қазақстан облысының  Дидар Имашев басқаратын «Нығметолла» деген шаруашылығы. Онда  «Бейбітшілік» деген лимон түрін өсіре бастады.Шаруашылықта 5 жылыжай бар, оларда 1500 лимон көшеті салынған. Қазақстанға лимондарды Испания, Аргентина және Турция елдерінен әкеледі.

Дұрыс күтіп баптаса, лимон үй жағдайында да гүлдеп, жеміс береді. Үйде өсірілетін лимонның қабықтары жұқа, дәні майда, хош иісі көбірек болады. Дәнінен өсірген лимон 7-8 жылдан, кейде 15-20 жылдан кейін ғана жеміс береді. Бұл процесті тездету үшін, бір жылдық көшетті жеміс беретін ағаштың бұтағымен телу керек. Мұндай өсімдік 2-3 жылда гүлдей бастайды. Бір лимон жемісі толық жетілу үшін сабақ бойында кем дегенде 10-15 жапырақ болуы керек.

Лимон өсімдігін үйде де өсіруге болады, арнайы сұрыптары бар. Бұл ағаштар көктем-жаз кезеңінде 2-3 рет гүлдейді, ал қыста жарық жетіспесе демалып тұрады. Жақсы сұрыптары жылына1-4 рет гүлдеп, жеміс береді. Бөлме лимондарының жемістері жақсы жетіліп, піседі. Олардың дәмдік сапасы сырттан әкелінген лимондарға қарағанда жоғары болады. Бөлмеде өсіп тұрған лимон ағашының жапырақтарынан фитонцид деген зат бөлінеді де, бөлмені ауру таратушы микробтардан тазартып тұрады, ауаны хош иістендіреді. Сол себепті цитрус өсімдіктерін өсірушілер суық тиіп ауруды білмейді. Лимонның иісі шаршағанды басады, көңіл-күйді сергітеді, көздің көруін жақсартады, жұмысқа қабілеттілікті арттырады екен. Компьютермен көп жұмыс істейтін адамдарға пайдасы өте зор, оның иісі жемісінен ғана емес, жапырақтарынан да жақсы иіс шығып тұрады.

Қыста 15—18°С жылыда, ылғалды ауада, жарықта жақсы сақталады. Құрғақ ауаны, қатты ыстықты сүймейді. Терзенің алдына қойғанда желдеткіш жабық болуы керек. Көктемде баққа топыраққа ыдысымен отырғызып, ерте күзде үйге қайта кіргізу қажет. Лимонды күннің қысқа мерзімінде отырғызса тез гүлдеп, өнім береді. Бөлмеде газ, түтін, мұнай өнімдерінің иісі болса өспей қалады.

1.3 Лимонның құрамы

Лимонның жеуге жарайтын бөлігінің 100 граммының энергетикалық құндылығы – 27-29 калория. Онда құрғақ зат 9,6-10,2% құрайды, 8,4% – көмірсу, олардан  3,5%-ға дейін – қант, 0,6-1,1% – ақ, 0,3-0,8% май, 0,4-0,9% клетчатка. Лимондар органикалық қышқылдарға (лимонмен және алмамен) – 6-8% бай, сол себептен олар лимон қышқылын жасау үшін пайдаланылады

Жемістің минералдық құрамына кальций (26-27 мг), фосфор (22-26), натрий (1), темір (0,3-0,5), калий (235 мг) кіреді.

Лимон жемісі дәрумендерге өте бай. 100 грамында 40-85мг С дәрумені, 0,4 мг бета-каротин, 0,04мг – В1 дәрумені, 0,2 – В2, 0,2 – В3, 0,1-0,3мг – Р дәрумені бар.

(Лимонның құрамында 5-8% лимон қышқылы, азот пен пектинді заттар, қант, фитонцидтер, калий, мыс, флавоноидтар, А, В1, В2, С, Д, Р дәрумендері мен эфир майы бар).

Лимонның құрамындағы басты бөліктері ол, әрине су мен лимон қышқылы. Бірақ, олардан басқа адам ағзасына қажетті дәрумендер де бар. Ең көп мөлшерін адам ағзасындағы заттардың дұрыс алмасуы мен қоректенуіне қажетті С дәрумені құрайды. Онымен қатар А, В1, В2 мен D дәрумендері және тек цитрус дақылдарына лайық цитрин (Р витамины) бар. Химиялық құрамына қарасақ, бұл, биологиялық белсенділік пен емдік қасиеттері мол, өте күрделі фенолдық құралым. Минералдық тұздар мен лимон қышқылына бай болғандықтан, лимонды жеу адам ағзасына көп пайда келтіреді.

Құрамындағы адам ағзасына пайдалы заттарға бай болғандықтан лимон  қажетті азық-түлік, бағалы дәрілік және косметикалық құрал деп саналады.

1.4 Емдік қасиеттері

Цитрус өсімдіктерінің шырыны табиғи дәрумендерге өте бай, адамның көңіл-күйді көтеріп, сергітеді. Шырынның адам ағзасына әсері мол. Оны қарапайым адамдардан бастап, даңқты спортшылар да жаттығуларда, сайыстарда пайдаланады. Қазіргі уақытта сапалы шырынды пайдалануға әлемдік деңгейде көңіл бөлініп отыр.

Лимонның көптеген ауруларға қарсы ем ретінде қолданылатын бағалы жеміс екендігі белгілі. Ол дәрумендерге бай өнім. Лимон тілімдері қосылған суды «Денсаулық сусыны» деп атайды. Ол иммунитетті жақсартуға, склероз, анемия сияқты аурулардан арылуға жол береді.

Лимон құрамындағы магний, калий мен С дәрумені ми, жүрек және жүйке жүйесі жұмысын жақсартады, қан қысымын бір қалыпқа келтіреді. Теріге нәр береді, тырнақ, шаш өсіміне оң әсерін тигізеді. Қант диабетімен ауыратындарға оның жапырағын көлеңкеде кептіріп, ұнтақтап, сосын бір ас қасығын жарты литр суға салып, шай сияқты демдеп, күніне 3 рет 30 грамнан 2 ай ішкізіп, ауруынан жазады.

Лимонды кесіп алып, шайға салып, ішіп жүрсе, қан жүрісі реттеледі, қан қысымының көтерілуі бәсеңдейді. Лимонмен шай ішкен адамның жүйкесі бірқалыпты болады.

Лимон асқазандағы қорытуға көмектесетін заттардың бөлінуіне әсер етіп, ағзаға темір мен кальцийдің сіңіруін жеңілдететін энзимдарды бөледі. Өзі қышқыл болғанына қарамастан, ол асқазан суларының қышқылдығын төмендетеді. Әрине лимон құрамындағы С дәрумені жайлы айтпай қоймасқа болмайды. Ол жалпы иммунды жүйені жақсартып, түрлі ауруларға тосқауыл болады. Лимон ағзадан қажет емес кір-қоқыстарды шығаруға да көмектеседі. Мысалы ұзақ уақыт дәрі, антибиотик қабылдасаңыз, лимонның көмегімен бауырыңызды улы заттардан тазартсаңыз болады.

Лимон шырыны мен қабығы антисептикалық қасиетке ие. Онымен жараларды сүртіп, ерітіндісімен тамақ шайса болады. Лимон қан құрамындағы холестерин деңгейін төмендетіп, тәбетті ашады. Лимон құрамындағы Р дәрумені қан тамырларын беріктендіріп, қан қысымын көтереді. Әрине лимонның ең танымал қасиеті – жұқпалы тұмау ауруына төтеп бере алуы. Үнді йогтары лимонды денсаулықты қорғауға арналған жақсы құрал деп санайды. Сондықтан әр адамның күніне бір лимон жеуге үйренуді талап етеді.

Лимонның осыншама пайдасына қарамастан, ол да зиян болуы мүмкін. Тым көп мөлшерде қабылданған лимон ем емес, керісінше болуы мүмкін. Лимон қатты аллергия қоздырғышы болуы мүмкін. Лимонды тіс эмальдары нашар жандар сирек жегені дұрыс, лимон шырыны оны біржолата құртуы мүмкін. Тамағы қабынған, ісінгендер де лимон жемегендері жөн, лимон тамағыңызды ашытып, күйдіріп жібере алады. Гастрит, асқорыту жолдарының ауруына шалдыққандарға лимон жеуге мүлдем тыйым салынған.

1.5.Лимонның иіс кетіргіш және тазартқыш қасиеттері           

Лимонды үй шаруасында да қолдануға болатынын көбі білмейді. Бірақ оның тазартқыш және иіс кетіргіш қасиеттерін қолдану тәсілдері өте көп.

Мысалы: азық-түлікті кесетін тақтай әртүрлі жағымсыз иісті (сарымсақ, пияз, балық, т.б.) сіңіп алса, оны лимонның жартысымен сүрту керек, ол барлық иістерді бірден кетіреді. Егер жеміс-жидектерді жуатын суға лимон шырынын  қосса, ол бактерия мен микробтарды өлтіріп, жемістерге хош иіс береді, себебі оның антибактериалдық және дезинфекциялық қасиеттері бар.

Құрап қалған салат жапырақтарын суық суға салып, оған лимон жартысын сықсақ және бір сағат тоңазытқышта ұстасақ, ол жаңадан ашылады.

Егер лимонға қалампыр бұтағын кіргізіп, оны шқапқа салсақ, ол кеуіп, өзінен жағымды хош иіс шығарады. Ауаны тазартып, тамаша иіс қалтырады.

Ас бөлмесіндегі сұр алюмин заттар мен ыдыстар ұнамаса, оларды лимонның жартысымен сүртіп жылтырлатуға болады.

Киімдегі дақтардан бір стақан лимон шырыны көмектесе алады, оны кір жуғанда жуатын машинаға кұю керек. Жуған киім хош иісті сіңіп алып,  дақтардан айырылады. Ал үлкен дақты кетіру үшін, ас содасын лимон шырынын 50/50 ара қатынаста алады. Жуу алдында осы ерітіндіні даққа жағу керек.

Ваннаны тазарту үшін де лимон жақсы көмекші болып табылады. Оның шырынына су және  сірке суын (уксус) қоссақ, ол  дақтар мен кірді жақсы кетіреді.

Кейбір бұнақденелілердің иістерді жақсы сезетіні белгілі, сондықтан лимон шырынын бөлме бұрыштарына, терезе астына сеуіп қоюға болады. Сол уақыттан бастап, үйге өрмекшілер, құмырсқалар, бүргелер  мен тарақандар  кіруін қояды. Ал еден жуатын суға лимон шырынын тамсақ, ол дезинфекция жасап, жағымды иіс қалтырады.

Лимонды үйде өсіру әр адамның қолынан келеді деп ойлаймын. Осы жобаны орындау барысында лимонды үйде өсіру тәсілімен таныстым, ендігі жоспарлаған кезеңім – лимон  ағашын өсіріп, жеміс алу.

Қорытынды

Лимон туралы мәлімет жинағанда, оның шығу тегі мен ботаникалық сипаттамасы туралы көп білім алдым. Оның көмегімен қандай ауруларды алдын алып, емдеуге болатынын анықтадым. Лимонды үй шаруасында қолданудың бірнеше тәсілін таптым. Мен осы мәліметті  іріктеп, бір кітапшаға жинадым. Оны әр үйдің тазалығын сақтап, ас бөлмесінің жарқырап шығуына жақсы көмекші құрал деп санаймын (Қосымша №2)

Тәжірибе арқылы менлимонның шын мәнінде таңғажайып жеміс екенін дәлелдедім. Ол үй шаруасына жақсы көмектеседі: киімдегі дақтардыкетіреді, ыдыстарды тазартады, тістің ақ болуына жақсы ықпал етеді, тіпті электр қуатын да береді. Ал адам денсаулығына деген пайдасы шексіз. Сондықтан жемістердің арасында лимонға тең жеміс жоқ деп анықтадым. Күнде бір лимон жесеңіз – ешқашан ауырмайсыз, – деп жұмысымды қорытындылауға болады.

You May Also Like

Экология және энергия үнемдеу, ғылыми жоба

Экология және энергия үнемдеу Біздің мақсат : Электр энергиясын алудың әртүрлі тәсілдерін…

Ұялы телефонның адам денсаулығына зияндылығы, ғылыми жоба слайд

Тұлғаның рухани дамуына жалпыадамзаттық құндылықтардың ықпалы, ғылыми жоба

Бағыты: Қазақстанның тарихи ескерткіштері және болашақ дамуы бар саяхат    маршруттары Секциясы: Этномәдениеттану…

Шымқаланың көне тарихы, ғылыми жоба

Бағыты: қоғамдық гуманитарлық Секциясы:  Тарих, өлкетану  Ғылыми жоба тақырыбы:     «Шымқаланың көне тарихы»…