Ғылыми жұмыстың тақырыбы:

Мазмұны

І Кіріспе

Алаш арысы-Имам Әлімбеков

ІІ Негізгі бөлім

  1. Имам Әлімбековтың көсемсөздері
  2. Әлімбеков мұрасын зерттегендер

ІІІ Қорытынды

Тарих ақтаңдағындай болып, бүгінгі таңда ел есінен ұмытылған Алаш азаматтары қаншама? Сондай ардақты, асыл азаматтардың бірі де бірегейі-Имам Әлімбеков.

Ол кісі қойнауына құт дарыған, талай асылдардың мекені қасиетті Қарқаралы өңірінің тумасы. Имам Әлімбеков Қарқаралы уезі, Ақсары болысының Доң тауының етегінде орналасқан Уақ қыстағында Әлімбек қарияың отбасында дүниеге келген.  Имамның әкесі Әлімбек көзі ашық, көкірегі ояу, өз ортасына беделді адам болған екен. Сол кездегі мерзімді басылымдарды жаздыртып алып, оқып отырған.

Имамды әкесі ауыл молдасы Сүлейменнен хат танытып, кейін Қарқаралы қаласындағы қазақ-орыс мектебіне оқуға берген. Сол мектепті тамамдаған соң, әрі қарай білімін жетілдіру мақсатымен Семейдегі мұғалімдер гимназиясына түскен. Осы оқу орнында академик Қаныш Сәтбаевтың ағасы Әбікей Сәтбайұлымен бірге дәріс алған. Оқуын ойдағыдай аяқтап, Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқуын жалғастырады. Семинарияда қазақтың бір топ жаңашыл жастарымен бірлесіп, «Бірлік» деп аталатын ағартушылық бағыттағы ұйым құрады.

Омбы семинариясын бітіріп, дипломды мұғалім болып, Имам Әлімбеков көптеген жылдар бойы Семейдің губерниялық халыққа білім беру бөліміне инспектор және де Семейдегі мектептерде орыс тілі мен грамматика, жағрапия пәндерінен сабақ беріп жүреді.  Осы міндеттерін адал орындай жүріп, қоғамда болып жатқан маңызды оқиғалардың бел ортасында жүрді.  «Имам Әлімбеков саяси күрескерліктің алғашқы сабағын осы Қарқаралыда А.Байтұрсыновтан алды. 1905 жылғы революциялық оқиға кезінде ол Қарқаралыдан шеруге қатысқандар қатарында болды. Қарқаралыдағы митингі мың адам қол қойған Россия Министрлер кеңесінің төрағасы С.Ю. Виттенің атына жолдаған петицияны Ә.Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Ж.Ақбаев, И.Әлімбеков  сияқты ұлттық-демократиялық қазақ зиялылары дайындағаны айдан анық» [1].

Халықтың санасын, тәуелсіздік пен еркіндікке деген ұмтылысын оятуда «Сарыарқа» газетінің алатын орны жоғары. Имам Әлімбеков газет ашылған сәттен бастап, осы газеттің басы-қасында болған. Ол туралы «Қазақ» газетінің 1917 жылғы номерінде «Сарыарқа газеті» деген мақалада былай деп жазылған: «Семейде шығаруға қам қылып жатқан «Сарыарқа» газетінің бір номері келді. Газет қазірге жұмасына бір рет шықпақ. Жылдық хақы алты сом, жарты жылдығы үш сом жиырма бес тиын. «Сарыарқаны» «Қазақ» емлесімен шығару мақсатымен «Қазақ» басқармасында қызмет етіп тұрған Имам Әлімбековты Семейге шақырды. Имам жүріп кетті. «Сарыарқа» көңілдегідей жақсы. Жолдасымызға құтты болсын айтамыз.». Яғни,  Имам Әлімбеков газеттің бірінші номерінен белсенділік танытып, шығарушылардың бірегейі болған. «Қазақ» газетінде еңбек еткен ұлт зиялыларының әріптестері Имам Әлімбековке көңілі толып, газетті ойдағыдай шығаруға ат салысып жатқанына риза болған. Сонымен қоса газетті «Қазақ» газеті секілді жаңа емлемен шығару үшін Семейге Имам Әлімбековты арнайы жұмсағаны да осы жоғарыдағы мақалада айтылған.

«1918-1919 жылдары И.Әлімбековпен бірге «Сарыарқа» газетінде Мұхтар Әуезов, Тұрағұл Құнанбаев, Мұхтар Саматов қызмет етеді. М.Әуезов жазған «Қарагөз» пьесасына Имекең осы газетте рецензия жариялайды.» [1]-деп жазады Рашит Каренов. Демек, Имам Әлімбековтың біз білмейтін сыншылық қырының да болғаныдығы. Заманының заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың шығармасына сын жазу кез келген адамның қолынан келмесі анық. «Сарыарқа» газетінің редакторлары, олардың газет үшін атқарған ерен еңбектері әлі де өз лайықты бағасын алған жоқ. Әсіресе, Үшкөлтай Субханбердинаның библиографиялық көрсеткіште «Редакторлары Райымжан Мәрсеков пен Халел Ғаббасов…» деуі Имам Әлімбеков пен Шынжы Керейбаевтың еңбектерін жоққа шығарумен тең. Ол кісінің еңбегінің талай оқырманның қолынан өтерін ескерсек, онда осы екі Алаш азаматының атқарған еңбегінің халық жадынан біртіндеп өшіріліп, есімдерінің мәңгі ұмыт қалуына әкелері сөзсіз. Осы автор Имам Әлімбековтың есімін тіпті «Иманға» оп-оңай алмастырып жіберген.

Имам Әлімбековтың «Сарыарқа» газетінде жарияланған көлемді мақаласы «1917 жылы 25 маусымдағы 3 санында жарияланған «Естиярлық сыналатын болды» деп аталады. Мақаласында автор қазақ елін басқарудағы патшалық үкіметтің отаршылдық саясатының қаншалықты зиян екендігін тілге тиек етеді. Енді патша тағынан құлаған соң қазақ халқы елді басқару үшін не істеуі керек деген пікір төңірегінде ой қозғаған.

Ендігі бір мақаласы «Земство» (1917, №6) деп аталады. Бұл бас мақаласында қазақ елін земствоның жұмысымен, оның ішінде облыстық земство істерімен таныстырған.

Имам Әлімбековтың «Сайлау хақында» деп аталатын «Сарыарқаның» 1917 жылғы 5 санында жарық көрген мақаласында төртінші тамызда болатын Семей қаласының думасы, он жетінші қыркүйекте қатысатын уәкілдер, отызыншы қыркүйекте басталатын кеңес туралы ақпараттар берілген.

Тап күресі туралы газет беттерінде алғаш болып қалам тартқан да Имам Әлімбеков. Оның «Сарыарқаның» 1917 жылғы 16 санында жарияланған «Хакімшілік тартысы» деп аталатын мақаласы соның айғағы. Бұл мақала Ресей мемлекетінің саяси жағдайымен қазақ халқын таныстыру мақсатында жазылғанға ұқсайды. Жалпы осы мақалалардың барлығы саяси жағдайлар төңірегінде жазылған. Бұдан шығатын қорытынды Имам Әлімбеков саяси жағдайлар жайында жазған. «Ал, белгілі мемлекет қайраткері С.Сәдуақасовтың «Қазақ әдебиеті» атты тарихи-талдау очеркінде де И.Әлімбековты саяси публицист, очеркист ретінде атаған жері бар».

Зерттеу барысында тек «Сарыарқа» газетінде жариялаған ғана емес, «Қазақ» газетінде жариялаған мақалаларын да қарастырдық. Бұл турасында Махат Рахманұлы Имам Әлімбеков жайында жазған өз естелігінде мынандай ой айтады:  «Кейін Орынборда Әлихан мен Ахаң «Қазақ» газетін шығарғанда Имам Әлімбеков осы газетке Семейден тұрақты түрде мақала жазып тұрған. Сонымен қатар Ахаңның тапсыруымен патшаның отаршылдық саясатына, әсіресе, келімсектердің көптеп келіп қоныстана бастауына қарсы болып, Петербургтың, Омбының, Новосибирскінің (Новониколаевск) демократиялық бағытындағы орыс газеттерінде көптеген мақалалар бастырған». Бұл пікір Имам Әлімбековтың орыс тілін жетік білетінін ескерер болсақ, шындыққа сай келетін сияқты. Әрине Ресейдегі газеттердің оқырмандарының көп болатынын білген Ахмет Байтұрсынов сияқты ұлт зиялысының Имам Әлімбековке тапсырыс беруі де заңды. Не туралы қалам тербесе де, Алаш идеясын ту еткен Имам Әлімбековке рухани ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың сенім артқаны анық. Имам Әлімбеков те сол сенімнің үдесінен шыға білді. Рашит Каренов бұған мынадай баға береді: «…орыс тілді басылымдарда қазақ еліне тізесін батыра отырған патша үкіметінің отарлау саясатының терістігі жөнінде шындықты шымбайға батырып, жасқанбай жазған..». Осы газеттегі  «Қазақ халқының тұңғыш сьезі» деп аталатын көлемді мақаласында Орынбор қаласында болған алғашқы сьезд жайында айтылған. «…Енді сьездің сыр, сымбат жағына келелік. Орынборда болған сьезд жаңа заман келіп, жарық күн туып, нұрын шашқаннан бері қазақ ішінде ең үлкен, ең толық бірінші тұңғыш сьезд»,-деп атап көрсеткен.

«Қазақ» газетінде жарық көрген екінші мақаласын А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, Ж.Жәнібеков, М.Дулатов, С.Кәдірбаев, Е.Ғұмыров, Н.Бегімбетовтармен бірлесіп жазған. Тақала «Шорай ислам» деп аталады.Бұл мақалада осы ұйымға ағза сайлау дұрыс жолмен жүргізілмегені тілге тиек етілген. Бұл ұйымның құрамындағылар сөзін халық сөзі деп қабылдамау керектігі жазылған.

Имам Әлімбеков тарихтан мәңгілік орын алатын тұлға. Ол Алаш қозғалысының белді мүшесі, Алаштың атты әскерін жасақтаушы, көсемсөзші, халқын өнер мен білімге шақырушы ретінде өз орынын ойып тұрып алған. Әттең дегізетіні Имам Әлімбековтың мұрасының зерттелмей келе жатқандығы, артында іздеушісінің жоқтығы. Әр жылдарда Имам Әлімбеков турасында облыстық басылымдарда шағын көлемді мақалалар бастырудан аса алмай келе жатқандығымыз шындық. Имам Әлімбековтей ерен тұлғаның еткен еңбектерін қайтсем ел құлағына жеткізем деп осы жолда еңбек етіп жүрген Гүлнар Баянқызы Бұхарбаеваның еңбегі ерекше. «Имам Әлімбеков-қайта оралған есім» атты жинақты Имам Әлімбековтың немересі Гүлдана Сафаровамен бірге құрастырған болатын. Осы еңбьектің алғысөзінде Гүлнар Бұхарбаева былай деп толғанады: «Қазақ халқы өзінің сан ғасырлар жалғасқан тарихи жолында қуанышты күндерін де, қайғылы сәттерін де басынан өткерді. Сондықтан да халқымыз «мың өліп, мың тірілген халық» қатарында. Сондай кезеңде ұлтының көшбасшысы, қамқоры бола білген перзенттік міндеттерін адал атқарған шоқтығы биік тұлғалар аз болған жоқ. Олар қазақ елін отарлық езгіден азат ету, мешеуліктен өркениетті, әлеуметтік, экономикалық, мәдени даму жолына алып шығуды мақсат етті. Жандарын шүберекке түйіп жүріп, жарғақ құлақтары жастыққа тимей, жас өмірлерін құрбан еткен арыстардың бірі – Алаш зиялысы Имам Әлімбеков еді» [2].

Имам Әлімбеков мұрасын зерттеуге үлес қосқандардың қатарында Рашит Саттарұлы Кареновты атай аламыз. Ол кісінің «Алаш азаттығының ақиығы Имам Әлімбеков» атты кітабы 2010 жылы Имам Әлімбековтың 125 жылдығына орай баспа бетін көрді.

«Тарихты тобыр емес, тұлғалар жасайды» дегенді ескеретін болсақ, қарапайым қазақ ауылынан шығып, Алашорда мемлекетінің белді мүшесі болған Имам Әлімбеков тарихтан лайықты бағасын алуы тиіс. Өмірі «халық жауы» деп қараланып, ату жазасына кесілгендіктен де оның өмірбаяндық естелік жазуға мүмкіндігі болмады. Оның орнын өзге бір «тар жол, тайғақ кешулер» толтырды. Имам Әлімбековтың атына көше, өзі салғызған, дәріс берген мектептердің аты, ол туған Қызыл Ту ауылына Имам есімі берілмеуі елдігімізге сын. Ел үшін еңіреп өткен ердің еңбегін бағаламаудың көрінісі осы емес пе? Алаштың қамын жеген азаматқа Қарағандының ортасынан бір көшенің аты беріліп жатса, өшкеніміздің жанып, өлгеніміздің тірілгені емес пе? Еңбегін ескеріп, ескерткіш орнатқанның да артықтығы болмас еді. Қызыл Ту ауылындағы мектептің алдына орнатылған кішкене ғана ескерткіш тақтамен ештеңенің бітпесі анық. Кешегі сталиндік қасапхананың құрбаны болған азаматтың есімін елге таныту біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Рашит Кареновше айтсақ: «Имамтану тасы өрге дөңгелегей».

You May Also Like

Сағыздың денсаулыққа пайдасы мен зияны, ғылыми жоба

Сағыздың денсаулыққа пайдасы мен  зияны Бағыты:       Медицина Секциясы:   Биология Жетекшісі: Жумашова Зауре…

Қолөнер және шеберлік, ғылыми жоба

Тәтті мұздың сыры неде, ғылыми жоба

Тақырыбы: «Тәтті мұздың сыры неде» Мазмұны I.Кіріспе_______________________________________________________5 Ізденіс бөлімі________________________________________________6 Тұжырымдама бөлімі Тәжірибе___________________________________________________13…

Асылды тот баспайды, ғылыми жоба

Тақырыбы: Асылды тот баспайды Мазмұны Аңдатпа……………………………………………………………………………………………………..3 Кіріспе……………………………………………………………………………………………………….4 Түркі әлеміне ортақ ұлы тұлға……………………………………………………………….5…