Тақырыбы: Асылды тот баспайды

Мазмұны

Аңдатпа……………………………………………………………………………………………………..3

Кіріспе……………………………………………………………………………………………………….4

  1. Түркі әлеміне ортақ ұлы тұлға……………………………………………………………….5

1.1. Ұлы ойшылдың өмірбаянына қатысты маңызды деректер…………………….6

  1. Негізгі бөлім.Мәңгі өшпес қазына………………………………………………………….9

2.1 Дара туған перзенттің құнды энциклопедиясы…………………………………….12

2.2 Ғұламаның  астрономия мен астрология саласындағы  еңбектері………….15

Қорытынды…………………………………………………………………………………………….19

Аңдатпа

Қазақ топырағының көкірегі ояу, көзі ашық, ойшыл азаматтары бүкіл араб-парсы мəдениетін меңгеріп, өз шығармаларын көпке ортақ тілде жаза біліп, кейінгі ұрпақтарына құнды мұра етіп қалдыра білді. Олардың ішінде аты əлемге жайылғандары да аз емес. Солардың бірі – бəрімізге танымал ұлы тұлға, бүкіл әлемді  терең білімімен бас идірген Əбу Насыр əл-Фараби.

Ұлы ойшыл жаратылыстану, философия, астрономия, математика, медицина, логика, этика, метафизика, жағрафия, əдебиеттану, тіл білімі, музыка сияқты ғылым салаларынан 164 трактат жазғаны мəлім.

Бір қызығы, Фараби шығармаларының санын неміс ғалымы Ш. Штейшнейдер 117 еңбек десе, түрік ғалымы А. Атеш — 160, ал тəжік ғалымы Б. Ғафуров 200 трактат деп көрсетеді .

Келтірілген еңбектер санының өзі Фарабиден бізге көп мұра қалғанын байқатады. Мың жылдан асса да осынша рухани мол дүниесінің қолдан қолға өтіп бізге аман жетуі Фарабидің ұлылығының, данышпан білімпаздығының тағы бір айғағы болса керек. Ендігі  біздің жастардың парызы осы еңбектердің барлығын жинап, екшеп-талдап  өзім секілді  жас ұрпақтың  кəдесіне жарату болып отыр.Менің жұмысымның мақсаты да  ұлы ғұлама  Əбу Насыр əл-Фараби  шығармашылығын  жаңғырту,насихаттау жолын көздейді.Себебі  осындай ұлы адамдар зеттеліп те,зерделеніп те болды. Біз тек оларды жинақтап, өз санамызға сіңіре білуіміз керек.

Кіріспе

Əбу Насыр Әл-Фараби   еңбектері шартарапқа тараған соң есімі дүниеге əйгілі болады. Уақыт өте келе оны білім иелері мойындап, өз заманының бірегей ғұламасына, біртуар дара тұлғасына айналады. Менің жұмысымның мақсаты да  ұлы ғұлама  Əбу Насыр əл-Фараби  шығармашылығын  жаңғырту,насихаттау жолын көздейді.Себебі,  осындай ұлы адамдар зерттеліп те,зерделеніп те болды. Біз тек оларды жинақтап, өз санамызға сіңіре білуіміз керек.

Зерттеудің болжамы мен кезеңдері: Ғылыми жобам кіріспеден, негізгі бөлім 3 тараудан, қорытынды бөлім және пайдаланылған әдебиеттер  тізімінен тұрады.

Тәжірибенің әдістемесі:  Зерттеу жұмыстарына сүйене отырып, өзіндік пікірімді көрсету,  насихаттау.

Зерттеудің өзектілігі:  Қазақ топырағының көкірегі ояу, көзі ашық, ойшыл азаматтары бүкіл араб-парсы мəдениетін меңгеріп, өз шығармаларын көпке ортақ тілде жазып, кейінгі ұрпақтарына мұра етіп қалдыра білді. Олардың ішінде аты əлемге жайылғандары да аз емес. Солардың бірі де бірегейі – бəрімізге танымал ұлы тұлға, Батыс пен Шығысты терең білімімен бас идірген Əбу Насыр əл-Фараби. Əбу Насыр Әл-Фараби   өмірі мен шығармашылығына  байланысты   деректерге сүйеніп ,  ғылыми туындыларының  тілі мен  ерекшелігін ,шеберлігін  көрсету,  нұсқасын  аңықтау.

Зерттеу жаңалығы: Келтірілген еңбектер санының өзі Фарабиден бізге көп мұра қалғанын байқатады. Мың жылдан асса да осынша рухани мол дүниесінің қолдан қолға өтіп бізге аман жетуі Фарабидің ұлылығының, данышпан білімпаздығының тағы бір айғағы болса керек. Ендігі  біздің жастардың парызы осы еңбектердің барлығын жинап, екшеп-талдап  өзім секілді  жас ұрпақтың  кəдесіне жарату болып отыр.

1.Түркі әлеміне ортақ ұлы тұлға

Əбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлағ əл-Фараби ат Түрки.

Қазақ топырағының көкірегі ояу, көзі ашық, ойшыл азаматтары бүкіл араб-парсы мəдениетін меңгеріп, өз шығармаларын көпке ортақ тілде жаза біліп, кейінгі ұрпақтарына мұра етіп қалдыра білді. Олардың ішінде аты əлемге жайылғандары да аз емес. Солардың бірі – бəрімізге танымал ұлы  тұлға,Батыс пен Шығысты терең білімімен бас идірген  данышпан,біртуар перзент-Əбу Насыр əл-Фараби.[1]

Ол Отырар қаласында 870 ж. дүниеге келген. Ежелгі Ұлы Жібек жолында, Арыс өзенінің Сырдарияға құятын жерінде бой көтерген Отырар қаласын арабтар Фараб, Барба-Фараб деп атаған. Осында əл-Фараби жастық шағын өткізген. Нақты айтқанда, əл-Фараби Фарабтың өзінде емес, соның маңындағы Весиж қалашығында туған. Весиж — Сырдарияның сол жағалауында орналасқан қала. Археологтар Весиж қалашығы Отырардан солтүстік-батысқа қарай шамамен 20 шақырымдағы Ақжар сайында орналасқан Оксус қалашығына сəйкес келетінін анықтады. Қалашық ішкі қамалдан, қабырғамен қоршалған шахристаннан жəне рабаттан тұрады. Қалашықтың VІІІ–ХV ғасырларда өмір сүргені анықталды. Уақыт өте келе Весиж ұмытылып, асқан ақыл ой иесінің Отаны Фараб қаласы саналып кетті.

Фарабидің толық аты-жөні — Əбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Ұзлағ əл-Фараби ат Түрки. Ат Түрки — шыққан тегі түркі дегенді, əл-Фараби — Фараб қаласынан шыққан дегенді білдіреді. Өзінің азан шақырып қойған аты — Мұхаммед, əкесінің де аты — Мұхаммед, атасының аты — Тархан, бабасы — Ұзлағ. Кейде оны жай ғана «Тархани» деп те атаған. Əл-Фараби түркі тайпасының дəулетті отбасында дүниеге келген, əкесі əскербасы болған. Бір нұсқада руы қаңлы-қыпшақ делінген. Əкесінің əскербасы болғанын «тархан» деген атаудан да байқауға болады. Біздің жерімізді мекендеген ежелгі түркі тайпалары «тархан» деп əскери лауазымды кісілерді айтатын болған. Яғни, Фараби əскери ортадан шықты деп жорамалдауға əбден болады. Оған қоса тарихи еңбектерде «əл-Фараби мықты, күшті жəне ержүрек болған. Ол жебені жақсы тартқан, атқан оғы нысанаға дəл тиетін», — деп жазылған. Осыған қарағанда əкесі əскербасы болғандықтан, жас Мұхаммедтің те жауынгерлік, соғыс өнерінен хабары болған сияқты. Екіншіден, ежелден Сыр, Отырар бойын жайлаған, тарихқа ертеден мəлім қаңлы тайпасында тархан (кейде дархан деп те атайды) атты ру болған, қазір де бар. Сондықтан Фараби қаңлы-қыпшақ руынан шықты деп айтуға толық негіз бар. Тағы бір деректерде «Фарабидің əкесі Весиж қаласының əміршісі болған» деп те айтылады.[3]

Сол тұста өмір сүрген зерттеушілердің қалдырған еңбектеріне қарағанда, Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мəдениет орталығы болған. Отырардағы кітапхана, ел аузындағы аңызға қарағанда, кітабының саны жағынан атақты Александрия кітапханасынан соң екінші орында болған. Əл-Фарабидің ғылымға деген ынтасы осы.Отырар кітапханасында пайда болған сияқты. Осы аймақты мекендеген тайпалардың сонау арғы заманнан қалыптасқан өнері, ғылымы, түркі тілдес жазуы болған.[5]

Бала Мұхаммед қала медреселерінің бірінде сауатын ашып, хат танып, Отырар кітапханасының мол қорынан сусындап өскен. Тіл үйренуге жастай көңіл қойған тəрізді. Өйткені араб тарихшысы ибн Халликан «əл-Фараби 70-ке жуық тіл білген» деп жазып қалдырған. Ғалымдардың бір тобы: «Бұл шындыққа жанаспайды» десе, біраз ғалымдар ибн Халликанның жазғандарын мақұлдап, қайталап та жүр. Яғни бала Мұхаммед өз кезіндегі ұлы ғұламалардың еңбектерін оқу үшін жастайынан тіл үйренуге ден қойғандай.[1]

1.1Ұлы ойшылдың өмірбаянына қатысты маңызды деректер

Зерттеуші-ғалымдар əл-Фарабидің балалық, жастық шақтары туралы мардымды əңгіме айтпайды. Себебі ұлы ғалымның өмірінің бұл кезеңі туралы мағлұматтар жоқтың қасы. Сондықтан да зерттеушілер ұлы ойшылдың өмірбаянын оның елуден асқан шағында Бағдад шаһарына қоныс аударуынан ғана бастайды. Оның ғылым жолындағы ізденістері мен ұзақ сапарлары нақ осы кезден басталса керек.[4]

Əл-Фараби жастайынан түрлі ғылымды оқып үйренді. Оның ақыл-ойының ұшқырлығы мен білімінің молдығына тəнті болған талай жан еріксіз таңдай қаққан. Ол араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгерді.Ол кезде мұсылман дүниесінің рухани орталығы Месопотамия болғандықтан, жас Əбу Насырды (Нəсірді) ата-анасы Таяу жəне Орта шығыс елдеріне сапарға дайындайды. Бірақ ол Бағдадқа бармас бұрын жолай Шаш пен Самарқан, Бұхара шаһарларына соғып, білімін молықтырған секілді. Əйтсе де Əбудің мұнда қанша болғаны жайлы араб шежілері ештеңе айтпайды. Кейін ол жолай Иран еліндегі Мешһед, Нишапур, Рей, Исфаһан қалаларына келеді. Иран халқының мəдениетімен танысады. Содан соң əрі қарай Бағдадқа аттанады.[2]

Əбу Насырдың Бағдадқа баруының өзіндік себептері бартын. Сол уақытта Бағдад шаһары ғылым мен өнерге ден қойған адамдарға қақпасын кең ашып, оларға ғылыммен айналысу үшін бар жағдайды жасаған. Бағдадта «Байт əл-Хакма» атты ғалымдар үйі жəне əлемдегі ең бай кітапхана болған. Екіншіден, сол кездері Бағдад халифатын басқарған Аббас əулетінің сенімді уəзірлері негізінен түркістандық Фараб қаласынан болыпты.[4]

Бағдад шаһарында əл-Фараби логиканы Əбу Бишр Матта ибн Юнустан үйреніп, кейін өзі ұстазынан да асып түседі. Лингвистикалық ғылымдарды жетік меңгеруді қалап, грамматика саласының маманы Əбу Бəкір ибн əс Сирадждан грамматикадан дəріс алады. Əли Юхан ибн Хайланнан тəуіптік өнер (медицина) мен логика саласынан дəріс алған.Сонымен, ұлы ойшыл біраз жылдар Бағдад шаһарында ғылыми ізденістермен айналысады. Содан кейін Шам аймағына қоныс аударады да, сексен жасқа жетіп, өмірден өткенше сол өлкеде қалады.[2]

Шам аймағына келгеннен кейін əл-Фараби алғашында Дамаск қаласындағы бір бақта бағбан болып жұмыс істейді. Мұнда ол жеміс ағаштарын баптай жүріп ғылыммен айналысуын əрі қарай жалғастырады. Ол, əсіресе, логика ғылымын терең зерттейді. Осы салада бұрын-соңды жазылған еңбектердің бəрін парақтап оқып шығады. Тұрмысының жұпынылығына қарамастан, қолындағы бар қаражатын кітап сатып алуға жұмсап, күні-түні ғылыммен айналысады. Ол бақ қарауылшысы ретінде берілетін май шамның жарығымен талай томдарды оқып тауысады. Өзінің еңбектерін де жазып шығады.[4]

Еңбектері шартарапқа тараған соң есімі дүниеге əйгілі болады. Уақыт өте келе оны білім иелері мойындап, өз заманының бірегей ғұламасына, біртуар дара тұлғасына айналады. Əл-Фарабидің аса парасаттылығы туралы естіген Халеб қаласының əкімі Сəйф əд-Дəулə (Сайф ад-Дəула) əл-Хамдани оны басқа да мұсылман ғалымдарымен бірге сарайына шақырып, құрметтеп, қонақ қылады. Ұлы данышпанның даналық сөздерін ден қойып тыңдаған əмірші оны өзіне жақындатуды ойлайды. Оны қазылыққа тағайындайды.

Əл-Фараби киетін киімі мен тұрмысына аса көп назар аудармайтын. Оның қарапайым тіршілік кешкені сондай, кейде тіпті, тек қана қара сумен күнелткен кездері де болған.

Ұлы ойшыл қазылық қызмет атқарып жүрген тұсында да ғылымнан қол үзген емес. Бірде таным өрісін одан əрі кеңейтіп, білімін молайта түсуді көздеген данышпан қазылық мансаптан бас тартады. Одан кейінгі өмірінде ғылымның алуан түрлерімен, өнермен шұғылданады.[6]

Ол өз дəуірінің материалдық жəне рухани мəдениет жетістіктерін жинақтаумен қатар, озық философиялық жүйені жасады. Сол арқылы əлеуметтік-философиялық, этика-эстетикалық, жаратылыстану-ғылыми ой қазыналарына бағалы үлес қосты.

2.Негізгі бөлім. Мәңгі өшпес қазына

Əбу Насыр əл-Фарабидің өзінен: Сіз қандай ғылымдар саласында еңбек еттіңіз? — деп сұрай қалсақ, ол не дер еді? Біздің ойымызша, ол былай дер еді: Менің айналысқаным бір-ақ түрлі ғылым, оның аты — «Табиғат пен адамзат» деп аталады. Оп-оңай, екі-ақ ауыз сөз. Бірақ осы екі сөздің шеңберінен тыс ғылым қайда, ондайды естіген жан бар ма? Олай болса, Фараби қамтыған ғылым мен өнер жоқ деуге болады.

Ол жаратылыстану, философия, астрономия, математика, медицина, логика, этика, метафизика, жағрафия, əдебиеттану, тіл білімі, музыка сияқты ғылым салаларынан 164 трактат жазғаны мəлім.

Бір қызығы, Фараби шығармаларының санын неміс ғалымы Ш. Штейшнейдер 117 еңбек десе, түрік ғалымы А. Атеш — 160, ал тəжік ғалымы Б. Ғафуров 200 трактат деп көрсетеді .

Келтірілген еңбектер санының өзі Фарабиден бізге көп мұра қалғанын байқатады. Мың жылдан асса да осынша рухани мол дүниесінің қолдан қолға өтіп бізге аман жетуі Фарабидің ұлылығының, данышпан білімпаздығының тағы бір айғағы болса керек. Ендігі  біздің жастардың парызы осы еңбектердің барлығын жинап, екшеп-талдап ұрпақтар кəдесіне жарату болып отыр.

Əл-Фарабидің мұрасын зерттеуге жол ашқан немістің атақты ғалымы Дитерици болды. Осынау зерделі зерттеушінің бағалауынша, əл-Фараби ғылымдағы ержүрек қаһармандар санатына қосылады. Ол «соқыр сенім кесапатына қарсы, өзінің тарихын қанмен жазған, рухани бостандық пен гуманизмнің қасиетті заңдарын таптау үшін бар зұлымдығын жасап баққан баққұмар мансапқорлыққа қарсы аянбай күресті».

Əбу Насыр əл-Фараби өзінің барлық жұмыстарын адамға арнады. Арабтілді философтар шешкен басты мəселелер – білім, таным, дүниедегі Ақиқатты іздеу мəселелері болды.

Ол үшін əл-Фараби ежелгі грек ғалымдарының еңбектерін өз бетінше оқып, талдап, түсіндірмелер жазып, ары қарай дамытқан, трактаттар жазған. Ол шамамен Аристотельдің барлық кітаптарына түсініктеме берген. Птоломейдің «Алмагесіне» жəне Порфирийдің «Эйсогесіне» түсініктеме жазған. Эфклидтің геометрия жайындағы кітаптарын терең зерттеген. Платонның күллі кітаптарын оқыған.[5]

Өкінішке орай, ұлы ғалымның ұшан-теңіз еңбектерінен біздің заманымызға дейін сақталып, бүгінгі ұрпақтың қолына тигені қырыққа жуық ғылыми еңбек деуге болады. Осы шығармалардың ежелден бері-ақ жұртшылыққа танымал болып, философиялық жəне ғылыми ойдың одан кейінгі дамуына тигізген əсері толассыз. – Қазақстанда Әбу Насыр әл-Фараби мұраларын аудару, зерттеу, насихаттау жұмыстары мен әрекеттері ХХ ғасырдың 60-70 жылдарынан басталып, Қазақстан фарабитанудың әлемдегі ең үлкен орталықтарының біріне айналды. Қазақстандық фарабитанудың басында, негізгі ұйытқысы, мұраларын тұңғыш іздеуші, аударушы, мәселені көтеруші ретінде А.Машани есімі аталса, ал 1968 жылы ҚазКСР ҒА Философия және құқық институтында «Әл-Фараби мұраларын зерттейтін шығармашылық топ» құрылды, топты ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор А.Х. Қасымжанов үйлестірді.

Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен энциклопедиялық ғылыми мұрасы, рухани әлемі оның көзі тірі кезінде-ақ сол заман ғалымдарының назарын өзіне аудара бастаған. Фараби өмірден өткеннен кейін бұл зерттеулер бүгінде әлемнің алуан тілде жазатын ғалымдар шығармаларымен толығып, «Фарабитану» атты тұтас бір ғылым саласына айналды. Фарабитануды құрайтын сол мұраны шартты түрде бес топқа жіктеуге болады. Бірінші топқа ортағасырлық араб, парсы ғалымдарының жазбалары кіреді. Екінші топқа фарабитанудың тағы бір үлкен саласын ХІХ-ХХ ғғ. Мысыр, Сирия, Ливан, Иран және Ауғанстан ғалымдары толықтырды. Фарабитанудағы үшінші топты батыс авторлары құрайды. Бұл саладағы Фараби мұрасына қызығушылық ХV ғасырдан басталады. Фарабитанудағы төртінші топқа патшалық Ресей және кеңес заманындағы шығыстанушылар жатса, фарабитану ғылымының бесінші тобына түркітілдес халықтар ғалымдарының еңбектерін жатқызуға болады.

Қазақстандық фарабитанушылардың отандық фарабитануға қосқан үлесіне тоқталатын болсақ, белгілі фарабитанушылардың бастауымен әл-Фарабидің еңбектері қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. А.Х.Қасымжанов үйлестірген «Философия тарихы жəне Қазақстандағы қоғамдық-саяси ойлар» бөлімі жанынан құрылған шығармашылық топта И.О.Мұхаммед (Иран), Еуропа тілдерінің маманы Б.Я. Ошерович, шығыс математикасының маманы А.Қ. Көбесов, арабтанушылар А.С. Иванов, К.Х.Таджикова, Н. Караев сынды ғалымдар болды, сонымен қатар мəскеулік арабтанушылар Б.Г. Ғафуров және А.В. Сагадеевпен байланыстар орнатылды. Осы ғылыми шығармашылық топтың арқасында ұлы ғұлама философ əл-Фарабидің шығармашылығымен, қолжазбаларымен мұқият танысуға зерделі зерттеулер басталып кетті. Өткен ғасырдың соңғы ширегінде А.Қасымжанов, М.Бурабаев, Ә.Дербісалиев, Қ.Жарықбаев, Г.Шаймуханбетов, С.Сатыбековалардың еңбектері қазақстандық фарабитану кеңістігін ұлғайта түсті. Алғаш рет əл-Фарабидің «Философиялық трактаттары», «Əлеуметтік-этикалық трактаттары», «Логикалық трактаттары», «Математикалық трактаттары», сондай-ақ «Птоломейдің «Алмагестіне» түсініктеме» атты мирастары қазақ-орыс тілдерінде жарық көрді.[6]

1970 жылдары кеңестік қоғамның академиялық ортасында әл-Фарабидің (870-950) философиялық мұрасына ерекше қызығушылық пайда болды. Бір қарағанда, осы бір  асыл  мұра Орталық Азиядағы ойшылдың отанында, сондай-ақ, Ресей мен бүкіл Кеңес Одағында зиялылар  қауымына енді ғана белгілі бола бастаған  немесе ежелден беймәлім сияқты көрінді. Бұл қызығушылық белгілі бір дәрежеде Ресейде білім алған және академиялық шыңдалудан өткен ортаазиялық философтардың өз өңірлерінің зияткерлік келбетін жасауға деген ұмтылысынан туындады. 1970 жылы Алматыда әл-Фарабидің таңдамалы философиялық трактаттары үзінділерінің аудармасы жасалды, одан кейін математика, әлеуметтік-этикалық мәселелер, логика бойынша трактаттарының үзінділері жарыққа шықты. Бұдан әрі кеңестік идеологияның қағидаларына сәйкес жасалған философия тарихына әл- Фарабидің қосқан үлесін қорытуға арналған еңбектер пайда бола бастады.

Қазақстанда әл-Фараби есімі ХХ ғасырдың 70-жылдары айрықша танымал болды. Бұл, ең алдымен, әл-Фараби ғұмырнамашыларының  IX-X ғасырларда бүгінгі Қазақстанның аумағында орналасқан Фарабты оның отаны деп санауына байланысты еді. Әл-Фараби еңбектерін қазақ-орыс тіліне аудару үшін белсенді жұмыстар жүргізілді. Оның мұрасына арналған көптеген мақалалар мен бірқатар көркем шығармалар жазылды, оның есімімен көшелер мен ғылыми орталықтар аталды. Алайда жетпісінші жылдардан кейін осы ойшылдың мұрасын зерттеу қандай да бір жаңа маңызды жаңашылдыққа әкелген жоқ. Оның үстіне жетпісінші жылдары жасалған еңбектер ат төбеліндей философтар мен шығыстанушыларға ғана түсінікті болды және тарих, философия бойынша жалпы білім беретін курстарға қажетті көлемде енгізілген жоқ. Әл-Фараби мұрасына кеңестік гуманитарлық ғылымның саяси-тәрбиелік аясында алғашқы қатарға оның әлеуметтік көзқарастары шығарылды. Олар негізінен жалпы «әлем бейнесінен» алшақтықпен түсіндірілді.

70-жылдардағы кеңестік ғылымдағы әл-Фараби еңбектеріне қызығушылық біраз жыл өткеннен кейін ғана қайта  жанданды.[4]

2.1 Дара туған перзенттің құнды энциклопедиясы

Ғылымның даму тарихында жинақталған білім қорларын сұрыптап, реттеп белгілі бір жүйеге салу тəртібі ежелден бар.

Бабамыз Фараби бұл тұрғыда да қарап қалмай, өзінің ең атақты шығармаларының бірі «Ғылымдар энциклопедиясы» деп аталатын трактатын жазған. Бұл еңбектің ғылым тарихында алатын орны ерекше үлкен. Осы трактат «Ғылымдар энциклопедиясы», «Ғылымдар реті», «Ғылымдар классификациясы», тағы да басқа  аттармен Шығыс пен Батыс елдерінде өте ертеде-ақ мəлім болып, одан көп ғұламалар тəлім алды.

Бұл кітап мынадай бес тараудан тұрады: 1. Тіл білімі жəне оның тараулары; 2. Логика жəне оның тараулары; 3. Математика, яғни арифметика, геометрия, оптика, математикалық астрономия, музыка, статистика, айла-əрекет жөніндегі ғылым (механика); 4. Физика мен метафизика жəне олардың тараулары; 5. Азаматтық ғылым жəне оның тараулары, заң ғылымы жəне кəлəм (дін ғылымы).

Тіл білімі. Фараби тіл білімін 7 тарауға бөледі: дербес жəне қарапайым сөздер мен сөйлемдер туралы; мəнерлеп оқу ережелері; тілдің заңы мен ережелері жайлы ғылым; дұрыс оқу ережелері; өлең жазу; шайырлық туралы ғылым немесе поэтика. Кейінгінің өзі ырғақ, ұйқас жəне поэзия болып үшке бөлінеді.

Логика. Фарабидің анықтауы бойынша, логика — ойлаудың заңдары мен ережелері туралы ғылым. Бұл ғылымның арқасында адам өзінің ойлау əрекетін тəрбиелей алады; өзінің ойын анықтап айқын, жүйелі түрге келтіреді; ой қорыту, талқылау барысында логикалық қателер жіберуден аулақ болады.

Математика. Фарабидің энциклопедиясында математика ғылымдарына көп орын берілген. Ол математиканы үлкен-үлкен жеті тарауға бөлген. Арифметика, яғни, сан туралы ғылым. Оған практикалық жəне теориялық арифметика деп айрықша мəн берді. Фарабидің түсіндіруі бойынша, сан объективті ақиқат нəрселердің сезіп-түйсінуге болатын, яғни «көзбен көріп, қолмен ұстауға» болатын жақтарын елеусіз қалдырып, тек саналуға, есептеуге тиісті қырларын бейнелейді. Бұл өте дұрыс материалистік түсінік.Геометрия.Бұл ғылымның мазмұны мен мəнін ғалым төмендегіше тұжырымдайды. [2]

Геометрия екі ғылымды біріктіреді: біріншісі — практикалық геометрия; екіншісі — теориялық геометрия. Практикалық геометрия сызықтар мен беттерді, ағаш ұстасы, темірші, тас қалаушы, жер өлшеушілердің ыңғайына лайық ағаш, темір, тас денелердің бетінде қарастырылады. Теориялық геометрия сызықтардың, жазық фигуралардың, геометриялық денелердің формасы мен мөлшерін, теңдігі мен теңсіздігін, олардың түрлері, реті жəне басқа осыларға байланысты барлық нəрселерді зерттейді.

Оптика. Фарабидің жіктеуі бойынша, математикаға оптиканы да жатқызған. Бұл туралы ол былай дейді: «Оптикада геометрия тəріздес форма, шама, рет, тəртіп, орын, теңдік, теңсіздік, т.б. нəрселерді қарастырады». Оптиканың мəні мен ақиқаты, анық пен оның алдамшы көрінісінің парқы ажыратылады, қатаң дəлелдеу жолымен мұның себебі айқындалады, көзбен көруде кездесуі мүмкін болатын қателердің барлығы ескеріледі, одан құтылуға көмектесетін, яғни қарастырылып отырған нəрсенің мөлшері, формасы, орны, құрылысы, т.б. туралы ақиқатқа жеткізілетін əдіс, айлалардың түрлері көрсетіледі.

Астрономия. «Астрономия деген бір атпен екі ғылымды түсінеміз, — дейді ғалым. Олардың біреуі — жұлдызнама. Бұл ғылым жұлдыздарға қарап болашақта не болатынын, кейде қазіргі кезде болып жатқан жəне өткенде болған оқиғаларды болжауға арналған. Екіншісі — математикалық астрономия. Астрономияның осы бөлігі ғана математикалық ғылымдардың қатарына жатады, ал қабілет — өнердің бір түрі; ол арқылы не болатынын адам болжамдай алады; мəселен, түс жору, құстың ұшуы бойынша жорамалдау, бал ашу, т.б. қабілеттер».

Жаратылыстану мен метафизика. Фарабидің анықтауы бойынша, физика, яғни жаратылыстану,— табиғат туралы, оның негізгі принциптері мен бөліктері жайлы, табиғи денелерге тəн акциденциялар туралы, табиғи деректер мен элементтердің өзара əсері жайлы ғылым. Ал метафизика болмыстың жалпы принциптері мен категорияларын зерттейді.

Қала, заң жөніндегі ғылымдар жəне дін ғылымы (кəлəм). Ғылымдардың бұл салалары этика, тəрбие, мемлекет басқару мəселелерімен айналысады.

«Фарабидің энциклопедиясы» ХІІ ғасырда арабшадан латын тіліне екі рет аударылған. Одан кейінгі ғасырларда бұл еңбек толық немесе үзінді түрінде ескі еврей, неміс, ағылшын, француз, түркі, т.б. тілдерге тəржімаланған. Роджер Бэкон, атақты Əбу Əли ибн Сина (980–1037) жəне басқалар тікелей соның əсерімен өздерінің көпке мəлім энциклопедиялық еңбектерін жазған .

Ұлы ғұламаның бұл еңбегінің құндылығы, оны басқа халықтардың өз қажетіне жаратып, оның еңбек заңдарына, еңбек адамдарының өз жұмысына саналылықпен, ұқыптылықпен қарап, өндірісті дамыту, еңбек өнімін, жеке адамның еңбекке құштарлығын, ьнта-жігерін арттыру мақсаты көзделгендігінде.[3]

«Ғылымдар энциклопедиясында» ойшыл ғалым Аристотельден өзіне дейінгі 1300 жылдай уақыт ішінде өркендеген ғылымдарға талдау жасаған, пəнін тағайындаған, мазмұнын анықтаған, үйрену жəне үйрету жолдарын белгілеген. Бұл еңбек Фарабиден кейін де 500 жыл бойы Шығыс, Батыс оқымыстыларының қолынан түспес кітабына айналды. Жоғары мектептерге ғылым негіздері жөніндегі басты оқулық болды.

2.2 Ғұламаның астрономия мен астрология саласындағы еңбектері

Əл-Фарабидің аса зор нəтижеге жеткен саласы — астрономия мен геометрия. Ол оптикалық аспаптар жасаған. Оның ішінде ойыс парабола айна, уақыт өлшегіш күн сағаты бар. Осы ойыс парабола (арабша: «мухарак», оны еуропалықтар «фокус» деп аударған.) Еуропаға əл-Фарабидің шəкірті ибн Хайтам арқылы Кеплерге жеткен екен. Əл-Фарабидің күн сағатын жасау əдісі осы күнге дейін қолданылады. Ғылымда көлеңке өлшеу əдісі, күн сағаты арқылы жердің меридианын табу əл-Фараби əдісі деп саналады. Сондай-ақ ғалым сфералық тригонометрияға негіз салған.

Астрономия ерте замандардан бастап-ақ барлық ғылымдардың атасы болып саналған. Өзінің еңбектерінде бүкіл ғылымдар саласын түгел қамтыған Фараби заманындағы барлық астрономиялық жəне астрологиялық еңбектерді тегіс оқып шыққан. Мысалы, Фараби Птолемейдің атақты «Алмагест» кітабын арабша аудармасы бойынша да, өзінің грекше түпнұсқасы бойынша да толық білген. Сонымен қатар өз заманындағы астрономиялық обсерваторияларда болып, бақылау жүргізген деп білуге болады. Оның бұл сияқты істері жөнінде біздің қолымызда қазір анық мəлімет жоқ. Бірақ оның астрономиялық құбылыстар мен астрологиялық жорамалдар туралы жазғандарына қарағанда, оның бұл мəселелер жөніндегі ғалымдар арасындағы беделіне қарағанда, Фараби астрономия ғылымының барлық саласын қолынан өткерген адам екені айқын.Мысалы, оның «Астрология заңдарының анығы мен танығы туралы» деген рисаласын алайық.[4]

Бұл еңбек Фарабидің замандасы, атақты ғалымдардың бірі Əбу Исхақ Ибраһим бин Абдулла əл- Бағдадидің алғы сөзімен басталады. Əл-Бағдади астрология ғылымын білуге құмар болған. Қалайда оның сырын ашуға барлық ынтасын қойып, сол жөнінде жазылған барлық кітаптарды қалдырмай тегіс қарап шығады. Мұнымен қатар астрологияға өзінің қатты сенгенін айтып жазады. Ал астрологиядағы жаңсақ пікірлерді, айтқаны келмеушілікті бақылаудан болған кемшіліктен немесе астролог-астрономның білімінің шалалығынан деп түсінетінін айтады. Егер осы кемшіліктер жойылатын болса, ғылым дұрыс жолға қойылып, астрологияны қолдану арқылы табиғаттың жасырын сырлары ашылар, тамаша табысқа қол жететін болар деп сенген едім, — дейді. Əл-Бағдади: барлық математикалық білімім мен астрономиялық өнерімді салып есептеп, түрлі аспаптармен бақылаулар жүргіздім, көптеген мəліметтерді пайдаланып, астрология қағидаларына қолымды жеткіздім-ақ қой деп үміттендім, — дейді. Бірақ ойына алған мақсаты барған сайын алыстап, астрологияға күдіктене бастайды да, астрологияның арғы тегін, ерте замандардағы ғалымдардың, данышпандардың кітаптарын қарастырады. Бірақ олардың ішінен де қазіргі астрологияны ақтайтын ешқандай дəлел таба алмайды. Ол үміті кесіліп, астрологияға сенер-сенбесін білмей қобалжып жүргенде Əбу Насыр Фарабиге жолығады. «Онымен көп сөйлесіп, кеңескеннен кейін мен оған астрология жөніндегі пікірін жазуға сұрадым. Ол жазды, мен оны оқыдым. Сонан кейін ғана жүрегім орнына түсіп тынышталдым, анық пен танықтың арасын айыратын болдым», — дейді.

Фараби астрономия мен астрологияны өте терең білген адам. Орта ғасырдан бастап дүние жүзіне тараған астрологияның бетін ашып, сырын шешкен осы Фараби болып саналады. Бірақ ол астрологияны үйретіп, оны қолдануды көздеп, түзету енгізген емес. Оның шын мағынасында негізі қайдан шыққан, шындығы мен өтірігі қайда, осыны көрсету мақсатын көздеді. Бал ашу кітабы«Талиғынаме» («Гороскоп») бойынша болашақты білуге болады деушілердің ісін Фараби ашықтан- ашық надандық немесе адам аулаған арамзалық дейді. Осы пікірін ол жалпы астрономиялық, математикалық-логика əдісімен дəлелдейді.Фараби астрологияны өзінің ақыл елегінен өткізіп, зерттемей тұрып, одан сырттай безген жоқ.Ол астрологияның жалғандығына əбден өзінің көзін жеткізген соң ғана одан біржола қол үзді.

Астрологияның орта ғасырларда жəне кейінгі замандарда, тіпті осы күнге дейін елдерге көптеген адамдардың басын қатырып келе жатқаны мəлім. Осыған қарап, Фарабидің ғалымдық дəрежесі өз заманынан мың жылдай озық, əрі асқақ тұрған ұлы ойшыл екеніне көзің жетеді.

Жалпы астрология негізін, оның ішінде Фарабидің оған көзқарасын талдау өте қызықты жəне ғылымға аса қажет.

Планеталардың салыстырмалы жүрісін Фараби былай түсіндіреді: Ай шапшаң, Сатурн (Зұхал) баяу жүреді деп саналады. Оның себебі Ай бізге ең жақын планета, Сатурн алыс планета. Сондықтан оның айналыс жолы (орбитасы) қашық, бізге оның жүрісі жай болып көрінеді. Расында, керісінше болуы да мүмкін, бəлки, Сатурнның жүрісі Айдан шапшаң да болар деген пікірді айтады. Осы пікірдің өзі аспан денелерінің қозғалысы жөнінде Фарабидің дұрыс бағытта болғанын көрсетеді .[4]

Фарабидің астрономия мен астрология жөніндегі еңбектері өз алдына талдап, зерттеуді керек етеді. Оның астрономия-астрология жөніндегі пікірлері бүтіндей ғылым тарихымен, қала берді Шығыс елдерінің, оның ішінде Орта Азия мен Қазақстанның ертедегі мəдени мұраларымен астасып жатыр. Осы арқылы біздің халқымыздың жыл қайыру, есептеу, аспан «ертегілерін» талдау мəселесінің талай тамаша жұмбақтары шешілмек.[5]

Қорытынды

Әл-Фараби әрдайым пәни дүниелік пендешілік қасиеттерден қалыс қылуын сұрап шынайы түрде Алла Тағалаға жалбарынатын, күндіз-түні дұға қылатын. Жаратқаннан күнә-қателіктерден тазартып, айқындыққа бастайтын таза ақыл нәсіп етуін сұрады. Тегінде тылсым дүниенің құпия-сырларын білуге деген зор ынтықтық оны түрлі білімдерге жетеледі, даналық пен хикметтің саф бұлағынан сақи сусындауға апарды. Осылайша әл-Фараби адамның әу бастағы жаратылыс материясы – топырақ пен төмен деңгейлерден бойын аулақ ұстап, рухтық рахатқа, ақыли биік дәрежелерге жетті. Оның дәйім аузынан тастамайтын мінәжат-дұғаларының бірі мынадай болатын: «Уа, Алла! Уа, болуы сөзсіз міндетті һәм болуының ешбір себеп-салдары жоқ, әзәлдән (басталуы жоқ мәңгіліктен) бар әзіз Иләһім! Пендеңнен надандық пердесін сыпырып, пәнилік кінәраттардан пәк ете гөр. Өзің разы болатын іс қылуыма нәсіп ет! Уа, Алла! Мәртебемді биік ет! Әр ісімнің соңын қайырлы қыл! Мақсат-мұраттарымды асыл қылып, іске асыр! Уа, шығыстар мен батыстардың Иесі! Уа, Раббым! Бойыма тектілік пен бекзаттықты сіңіргейсің, пайғамбарлардың кереметтерін көрсеткейсің, байлардың бақытын бергейсің, данышпандардың даналығын дарытқайсың, тақуадарлардың тақуалығын танытқайсың! Уа, Алла! Пәни жалғанның ғапылдығынан сақтап, таза ақылдың иелерінен қылығайсың! Аспан әлемінің тұрғындарының әулиелігіне, шыншылдар мен шәһидтердің мәртебелеріне жеткізгейсің. Шын мәнінде Сенен басқа ешбір құдай жоқ. Әр нәрсенің себеп-салдары Сенсің, аспан мен жердің нұры Сенсің! Маған ақиқатты ақ қылып көрсет һәм соның соқпағындағылардан қыл! Жалғанды жалған етіп көрсет һәм оның жолынан жырақ қыл! Уа, Алла! Өзіңе деген тақуалығымды адасудан арашалайтын алдаспаным қыл! Расында Сен әрбір нәрсені толық Білушісің! Уа, Алла! Нәпсілік нақұрыс сипаттардан, надандықтан құтқара гөр! Өзіңнің биік дәрежелеріңе жеткізіп, дәргейіңе жақындат. Уа, Алла! Өзің сыйлаған рухымды тазартып, сол арқылы жарылқа. Даналықтың ең биік деңгейіне жеткізіп, пәкизат періштелеріңнің әлеміне жақындат. Уа, Раббым! Өткінші қызықтарға қарсы күресімде өзіме ыстық қайрат, керемет күш-қуат бер! Туралыққа бастап, иманымды тақуалықпен берікте! Жанымды дүниеге деген құштарлықтан құтқарып, пәнилік пенделіктен, ластықтарынан айықтыр. Жанымды биік рухтардың әлеміне бастағайсың! Шынында мені туралыққа бастап, қамқорлыққа алатын, пана болатын тек бір Өзіңсің!».       Расында да әл-Фараби қазақ халқының ғана емес, жалпы мұсылман үмметіне, барша адамзатқа ортақ тұлға, ортақ мақтаныш. Ұлы ұстаз һижраның сексенінші жылында Дамаск шаһарында дүниеден озды.

Зерттеу барысындағы  өз ұсыныстарым.

Ұлтымыздың ұлы мұраттарын жүзеге асыруда ,Егеменді ел мүддесі тұрғысына сай жаңа адамды қалыптастыруға жалпы бастау болар тәрбиенің көзі -Әл-Фараби  брлып табылады.    Расында да Әл-Фараби қазақ халқының ғана емес, жалпы мұсылман үмметіне, барша адамзатқа ортақ тұлға, ортақ мақтаныш

Оның қара ормандай халқына қалдырып кеткен шұрайлы шығармалары ұрпақтан ұрпаққа аманат болып, қымбат рухани қазыналарымыздың қатарында саф алтындай жарқырап тұра беретін болады.   Жұмысымды қорытындылай келе, жоба барысында туындаған ұсынысымды білдіремін

1.Келешекте Әл-Фараби бабамызға арналған шығармаларға көп көңіл бөлініп, жаңаша  көзқарастар  пайда болса деген   ұсынысым бар;

2.Өз еліміздің дүлдүлдерін   әлемге танытатын  жобалар  дайындалса  екен деп ойлаймын;

3.Әбу Насыр Әл Фараби шығармашылығына  арналған  электрондық оқулықтар шығарылса.

You May Also Like

Карамельді алма тәттісі -бүгінгі күн сұранасы, жаңа өнім, ғылыми жоба

Тақырыбы: Карамельді алма тәттісі -бүгінгі  күн  сұранасы, жаңа өнім.  Авторы:7 «Б» сынып…

Жылқының емдік қасиеті, ғылыми жоба

Бөлімдер  Жылқының емдік қасиеті  Жылқының сезім мүшесі  Жылқы жануары туралы деректер  Жылқыны…

Тұщы судың қасиеттері мен географиялық және экологиялық жағдайына зерттеу жүргізу, ғылыми жоба

Авторы: Сыныбы: Жұмыстың тақырыбы: Тұщы судың қасиеттері мен географиялық және экологиялық жағдайына…

Неліктен Александр Македонский скифтерді бағындыра алмады? ғылыми жоба слайд