ШЕРТПЕ КҮЙ ШЕБЕРІ – ТӘТТІМБЕТ ҚАЗАНҒАПҰЛЫ

ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫ

Ж О С П А Р Ы

I КІРІСПЕ………………..…………………...2-3б

II НЕГІЗГІ БӨЛІМ

2.1 Тәттімбет Қазанғапұлы өз заманының көшбасшысы………………..4-7б

2.2 Күй ғұмыр……………………..8-10б

ҚОСЫМША (ФОТОЛАР)

I КІРІСПЕ

«Тәттімбет Арғын асқан ардагерім, Қырық түрлі күй тамған бармағынан»

Ақан сері

Өнерде өзіндік қолтаңбасымен жарқырай көрініп, ол қолтаңбасы ұлттың рухани әлеміне құнарлы арна болып қосылған тұлғалар қай елде де, қай заманда да, некен-саяқ.

Тәттімбет ұлттық музыка өнері аспанында жарық  жұлдыздай жарқырап өткен сегіз қырлы, бір сырлы талантымен, өнерпаздығымен танылған суреткер – күйші-композитор.

Ол күй құдыретін, домбыра сырын ерекше сезіне біліп, жанымен сүйсінген, күй жанрының табиғи болмысын шынайы ұққан өнер адамы екеніндігін ұқтырады. Өйткені Тәттімбеттің күйлері ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, халықтың классикалық музыка қорына жатады.

Қазанғапұлы Тәттімбет – қазақ халқының аспапты музыкасында қоңыр күйлердің дәстүрлерін қалыптастырып, тұтас бір мектептің орнығуына мұрындық болған ұлы күйші.

Мақсаты: Тәттімбет Қазанғапұлы – Қазақстанның орталық, шығыс, оңтүстік өңірлеріне кеңінен танымал, шертпе күй өнеріндегі ең ірі, көрнекті күйші – композитор болғанын және күйлерінің шығу тарихымен өскелең ұрпақты таныстыру.

Өзектілігі: Замандастарым Тәттімбет Қазанғапұлы – шертпе күйдің шебері деп қана біледі, ал Тәттімбет Қазанғапұлы  ұлы күйші болумен бірге, өз дәуірінің көкірек көзі ашық азаматы, әрі ақын, сөзге шебер адам болған, асқан батылдық істерін өскелең ұрпаққа жеткізу өзекті мәселенің бірі болмақ.

Ол ән мен күйдің жылжыған жорғасы мен  жүйріктері Жанақ, Шөже, Кемпірбай, Біржан сал, Жаяу Мұса, Жанай, Орынбай сияқты әнші-ақындармен, Тоқа, Ықылас, Итаяқ, Шашақ сияқты күйшілермен, Құнанбай, Алшынбай, Ерден, Шыңғыс, Шорманның Мұсасы сияқты ел басыларымен қадірлес-силас болған.

II НЕГІЗГІ БӨЛІМ

  1. 1 ТӘТТІМБЕТ ҚАЗАНҒАПҰЛЫ ӨЗ ЗАМАНЫНЫҢ КӨШБАСШЫСЫ

Тәттімбет Қазанғапұлы – қазақтың әйгілі күйші-композитор, дәулескер домбырашы, күй өнеріндегі Арқа мектебінің негізін қалаушы.

Тәттімбет 1815 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Дастар тауының етегінде дүниеге келген. Бұл жер қазіргі Абай атындағы кеңшардың Мыржық деп аталатын ауылына қарасты – Қызылжал қыстауы. Қызылжал қыстауын Мөшеке бұлағы деп те атайды. Мөшеке – Тәттімбеттің үлкен әкесі. Тәттімбет небәрі 45 жас ғұмыр кешіп, 1860 жылы дүние салды. Бейіті Қарқаралы ауданының жерінен ағатын Түндік өзенінің бойында, Бабалы мен Арқалық тауларының ортасында, «Арқалық» кеңшарынан 12 шақырым жерде.

«…Жасы жиырмалар шамасындағы аяғын алшаң басқан сері жігіт отырды. Келбетті келген, қызылшырайлы, бойы ортадан жоғарырақ, жаңа өсіп келе жатқан әдемі қара мұрты бар, биік тақалы қара етіктің өкшесіндегі көксауырдың жиектеріне күміс шалынған. Киген киімі д е, өзінің жүріс-тұрысы да бұл келгендердің бәріне ұқсамайды. Оң қолына мақпал салған, тобылғы сабын илі қайыспен орап тастаған жыланбауыр етіп өрген қамшысы, сол қолында әшекейлеген, қысқа мойынды, бұрышты домбырасы бар… Жігіттің жас та болса салмақтылығы, ұстамдылығы салған жерден көпшігііктің көзіне түсті», — деп жазған болатын академик, композитор Ахмет Жұбанов.

Тәттімбет дәулетті әулеттен шыққан. Қарқаралы округіндегі Нұрбике-Шаншар болысында 1842-1854 жылдар аралығында болыс болған. 1855 жылы Ресей патшасы Александр ІІ-нің таққа отыру рәсіміне шақырылып, Петербургке барған.

Қазақтың күй өнерінде Тәттімбеттің «Саржайлау», «Қосбасар», «Былқылдақ», «Сылқылдақ», «Көкейкесті», «Бес төре» сияқты ондаған күйлері классикалық үлгідегі мұра ретінде ұлттың рухани мақтанышына айналған. Қазақтың музыкалық мәдениетінің дамуына Тәттімбет күйлерінің шапағаты зор.

Арқаның апайтөсінде алтын айдардай көз тартқан сұлу да шұрайлы өңір – Қарқаралы төңірегінде ХІХ ғасырда қалауын орындатып, айтқанын істететін, ықпалды, жуан сіңір, қолы ұзын адам – Тіленшіұлы Алшынбай болған. Алшынбайдың ықпалының жүргендігі сонша, сол өңірдегі аға сұлтан Құсбек төрені бірде қарсы келгені үшін аға сұлтандықтан тайдырып, орнына Құнанбай Өскенбайұлын тағайындауға ықпал еткен. Алшынбай ел ішінде би атанғанымен, Ресей патшалығына да беріле қызмет көрсетіп, сол үшін «старшина» атағын алған, Анна лентасына тағылған күміс медальмен марапатталған.

Алшынбаймен әйгілі күйші-композитор Тәттімбет Қазанғапұлы (1815-1860) аталас болып келеді. Оның үстіне, Тәттімбеттің Нұрбике-Шаншар еліне болыс болып, үзеңгілес жүрген кезі болса керек.

Бір жылы қыс қатты болып, ақсүйек жұттың нышаны белгі бере бастайды. Мал сүмесімен күн көріп отырған Арқа қазақтары абыржыңқы күй кешеді. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, қардың қалыңдығына, малдың өлім-жітіміне, ит-құстың молаюына, ұры-қарының білінуіне қоса, терістіктен тұрған үскірік жел басылмай қояды. Мал мен жанның апшысын қуырған қарлы боран Алшынбайдың да көп жылқысын ықтырып, көрші рулардың қорық-теппесіне алып келеді ғой. Аштық атасын таныта ма, Алшынбайдың ыққан жылқысы қорықтарды таптап, тақырлағаны былай тұрсын, ауыл-ауылдың үстін басып, арық-тұрыққа деп жинаған көпен-шөмелеріне ауыз салды.

Алшынбайдың жылқысы екенін білсін-білмесін, көз алдында бөтен малдың аяқ асты болып отыра ма, ауыл адамдары ығып келген жылқының алдын жасқап, бетін ауылдан бұрып жіберді. Сол бетінде ыққан жылқы Қарасор көлінің былқылдап жататын сорына тіреліп, біразы шығын болса керек.

Мұны естіген Алшынбай «жылқыларымды әдейі бақастықпен сорға түсірді» деп, көрші ауылдардан өлген малын өндіріп алу үшін төңіректің би-болыстарын жинап, салмақ салады. Берсе қолынан, бермесе жолынан алатын, өктемдігін жүргізіп қалған Алшынбайға ешкім қарсы келе алмай, қиналған көпшілік араша сұрағандай Тәттімбетке кісі жібереді.

Көптің сәлеміне құлақ асқан Тәттімбет келгенде Алшынбай би елдің апшысын қуырып, би-болыстарды ықтыра сөйлеп отырса керек. Тәттімбет Алшынбайдың жасының үлкендігін сыйлап, сөзін бөлмей шеткерірек отыра кетеді.

Содан, Алшынбай өз дегенін орындататын үкім сөзін бітіре бергенде, Тәттімбет:

−Дат, Алшеке! Үкіміңізге қосарым бар! – дейді.

−Айт датыңды! – деп Алшынбай ошырыла бұрылды.

Сонда, Тәттімбет:

− Алшеке, жалғыз Айбике емес, жапсар жатқан Шаншар да, қала берді Қарқара, Қуды ен жайлаған исі қаракесек сізді төбесіне көтеріп, дуалы ауыз, тура би деп танып, тағдырының тізгінін қолыңызға ұстатып отыр. Ол ол ма, ықпалыңызды жүргізем десеңіз, Қарқабат анасын ұрандас еткен қалың шоғыр қаракесек былай тұрсын, қырық сегіз болыс майқы-бошанға, одан асып арғынға айтқаныңыз өтеді. Япырау, деймін! Осынша биікте отырып, неліктен терістіктен соғар үскірікті алдын-ала болжамағансыз! Қалайша жұрттан асқан құдіретіңізбен болжап, өз малыңыз ғана емес, төсекте басы, төскейде малы қосылған ағайынға қамқор бола алмадыңыз. Біле білсеңіз мұндай үлкен міндет сіздей ел үлкеніне лайық емес пе еді! «Тас түскен жеріне ауыр», «Әйел ерге, ер жерге қарайды», сіз білмегенді сіздің панаңыздағы қара халық қайдан білсін?! Боранның соғарын, жылқының ығарын, ыққан жылқының сорға түсерін болжап, біліп отырудың жолы сіздікі емес пе?! Менің қосарым, боранда ығып, сорға түскен жылқыны осы ел бөліп төлесін-ақ! Ал, осынау қалың елдің биылғы жұтта өлген жылқысын, жұттың боларын болжамағаныңыз үшін сіз төлеңіз! Ол болмаса үкім бұзылсын! – деген екен.

Алшынбай өзінің белден басып, артық кетіп отырғанын мойындап, Тәттімбеттен тосылған екен дейді.

2.2  КҮЙ ҒҰМЫР…

 Тәттімбет күйлері халық арасына кеңінен тараған. Тәттімбет стилі қазақ күйшілік өнерінің үлкен бір мектебі болды. Күйшінің көптеген күйлері лирикалық сазды. Ал кейбіреулері тарихи халық жыр-дастандарымен тоғысып жатады. Қайсыбірі қоғамдық өмір мен табиғат тынысына үн қосып, көңіл-сезім пернелерін толқытып, қайғы-қасірет мұңын шақса, бірі қуаныш сезімдерін шертеді. Домбыраның екі-ақ ішек-тілі арқылы Тәттімбет өз жүрек-көңілінің, көкірегінің сезімін ағытып, музыка үнімен ойын жеткізе білген.

Тәттімбет Қазанғапұлының шығарған 40-тан асқан күйлері «Сарыөзен», «Шайып қалды», «Қосбасар, «Сылқылдақ», «Жетім қыз», «Былқылдақ», «Сарыжайлау», «Азамат», «Бозайғыр», «Азына » т.б. қазақ мәдениетінің бір үлкен бөлшегі. Сондықтан да ол халық жүрегіне берік орнап, сұлулықтың, ізгі дүниенің бір мұрасы болып қалады. 1855 жылғы 24 наурызда Ресей патшасы Александр ІІ-нің таққа отыруы тойына Тәттімбет өнерпаз ретінде Арқа қазақтарының өкілдерімен бірге Петербургке барған. Осы сапарында өзінің тамылжыта тартқан күйлері арқылы Петербургтің өнерсүйер қауымының назарын аударып, күміс медальмен марапатталған. Сол медаль бүгінде Егіндібұлақ ауылының мұражайында сақтаулы. Тәттімбет күйлерін осы заманға жеткізген, насихаттаушы кәсіби-домбырашылар Ә.Хасенов, М.Хамзин, У.Бекенов. Тәттімбет күйлері музыка өнеріміздің алтын қорына қосылып, халқымыздың рухани мұрасын байыта түсті. Тәттімбет күйлері композитор Е.Брусиловскийдің, М.Төлебаевтың «Біржан-Сара», Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсында және «Жамбыл» кинофильмінде кеңінен пайдаланылған.Күйшінің туған жерінде халық аспаптар оркестрі жұмыс жасайды, Қазақ ұлттық консерваториясында 1971 жылы шертпе күйлер класы ашылған.Шертпе күйлер класын алғаш ұйымдастырған, әрі ұстаздық еткен домбырашы У. Бекенов. Қарағандыда Тәттімбет атындағы музыкалық өнер колледжі бар. 1952 жылы ашылған бұл училище қазіргі уақытта Республикамызға белгілі оқу орындарының бірі. 1973 жылы училищеге күйші-композитор Тәттімбет Қазанғапұлының есімі берілді. Оның өнеріне Біржан сал: «Тәттімбет – ардагерім, Арғын асқан, Қырық түрлі күй айналған бармағына», – деп сүйсінеді. Тәттімбет талай-талай додалы күй айтыстарына түсіп, қарсыласын тосылту үшін, домбырада қалыс, шалыс, теріс, қосақ бұрауларын көп қолданған. Бұл дәстүрдің орнығуына мұрындық болған. Абайдың анасы Ұлжанға апа болып келетін Малқара қыз, Шұбыртпалыдан шыққан Итаяқ, Найман ішіндегі Шашақ сияқты дәулескер домбырашылармен Тәттімбет күй айтысына түскенде домбыраны бірде башпайымен қағып, келесіде ұстарамен тартып, енді бірде пернелерін қиып тастап тартып өнер көрсеткені туралы қызықты әңгімелер ел ішінде күні бүгінге дейін айтылады. Домбырашылық өнер арғы ата-тегінен дарыған. Алғаш домбыра тартуды әкесі Қазанғаптың інісі Әлиден үйреніп, анасы Ақбөпеден тәрбие алған. Тәттімбеттің әр түрлі тақырыпты қамтитын 40-тан астам күйі бар. Тәттімбет күйлері өмірді терең түсінген, ойшыл, қиялшыл жанның сыры мен сезімін аңғартады. Ол – негізінен лирикалық композитор. Шығармалары философиялық түйіндерімен астасып жатады, ал музыка тілі көңілге қонымды, тез жатталғанымен орындауға қиын, күрделі болып келеді. Тәттімбет күйлеріндегі лирикадық сарындар, әуен толқындары қазақтың кең даласы мен оның сұлу табиғатын суреттейді.

Қазақ халқы өлеңге де, шешендік сөзге де ақындық өнерге де қандай шебер болса, домбыра шертуге, күй шығаруға да сондай қабілетті екендігі айдан анық. Тәттімбет күй шығарғанда, уақиға екпінділігін, күйдің әуезділігі мен үндестігін, ырғақ-әуен иірімдерінің көріктілігін терең сезе, көркем бейнелей білген күйші-композитор. Сол биік талғамның арқасында, Тәттімбет туындыларында үйлесімді үн сазы, құлаққа жылы тиіп, жүрекке терең қонып, күйшінің толқыныстебіреністері бірден сезіледі, көңілге жылу береді. Соққан жел айдын көлді шайқамас па? Мүмкін бе күйдің тілін байқамасқа? Құрышына қыз құлақтың қақсай-қақсай, Домбыра өз арманын айта алмас па?— дегендей «Сылқылдақ» Тәттімбет лирикасының нәзік сырларының бірін ашады. Бұны Тәттімбет өзімен күй сайысына түсіп өнер көрсеткен, домбырашы қызға арнап тартқан деседі ауыл адамдары. Күйдің атына заты да сай. Күй сазындағы нәзік әуендер, иірімдер күміс қоңырау шат күлкіге тыңдаушысын бірден баурап алады. Сонымен бірге ырғақ екпінділігі мен ойнақылығы да тыңдаушыны өзіне тартады. Дүниеде себепсіз құбылыс, қозғалыссыз тірлік жоқ . Бұл өмір заңдылығы. Көшіп-қонып жүрген елдің тағдыры жылқы малымен тікелей байланысты болған. Себебі, жылқы малы ежелден адамның құсқанаты, мінсе көлігі, жорықта, тіршілікте серігі. Сол жылқы малының бейнесі де қазақтың аспапты музыкасында кең орын алған, әсіресе ырғақтық желістер екпіні бірде құлаққа естіліп тұрады. Міне, осыған тектес Тәттімбет күйлерінің ішінде «Салқоңыр» , «Бозторғай» атты шығармалары да бар. Бұл күйлер жануардың жүрісімен, оның желісімен, құйындатып шапқан екпінімен байланысты бола тұрып, тым қатты емес, тым баяу емес, адамға ыңғайлы, сылантып салқоңырды мінген қандай дегендей, күйші домбыра тілімен, әуен-ырғақ сипаттамасымен осы жануар бейнесін көз алдымызға елестетеміз. Күй құдіретінің күшімен жылқылардың ең мақтаулы түрлері жүйрік пен жорға образдары домбыра тілімен сөйлеп тұрғандай сезінеміз. Мысалы, «Бозторғай» күйінде ат шабысының ырғағын, сонымен қатар қобыз бен сыбызғы үнін (бертондарын) естуге де болады. Жалпы мұндай күйлер сазына бірде зырылдаған, бірде сұңқылдаған әуен-ырғақ иірімдері бір-бірімен қабысып жатқанын көп жағдайда естиміз. Айтылған күйлер бүгінгі домбырашыдан орындау шеберлігін, оның саусақтарының жылдам әрі икемді қимылдауын талап етеді. Кіндік кесіп, кір жуған, асыр салып, асық ойнаған Тәттімбеттің туған елі — Қарқаралы өңірі қандай сұлу, әсем десейші! Сол сұлу табиғат әлеміндегі бір кезең — ол жаз айы. Қоңыр самал жел, құлпырған көк-жасыл дала, жұпар иісті жайлау табиғаттың шырайын шығарады. Өзен сарынынан әуен есіткендей боласыз. Адам өмір мен табиғат көрінісі, домбыраға өзінің үнін қосуға сұранып тұрғандай. Міне, осындай әсем жерде туып-өскен дарынды өнер иесі Тәттімбеттің ойерісі, ішкі нәзік сезімі қалайша биік болмасын?! 

ҚОРЫТЫНДЫ

  Ұлттық медениетімізді соның ішінде күйшілік өнер жайында сөз қозғасақ, қазақ халқының тарихында таңдаулы орын алатын талант иелерінің бірі Тәттімбет Қазанғапұлын айтамыз. Ол XIX ғасырда өмір сүрген күйшікомпозитор әрі сөз ұстаған ақын, сері. Есімі ел арасына кең тараған. Шертпе күйдің орындаушылық негізін қалап, күйшілік мектебін қалыптастырушы. Тәттімбет шығармашылығы қай уақытта болсын өзінің танымдық, тәрбиелік, әлеуметтік және эстетикалық сипаты арқылы танылады. Ол халық өмірінің тарихымен бірге өзі өмір сүрген заманға, тұрмыс-салтқа, жасаған ортасына, халық дәстүрлеріне ерекше көңіл бөліп, домбыра тілімен, оның әсем үнімен көркем бейнелеуге бар дарынын, талантын сарқа пайдаланған суреткер, күйші-композитор.

Тәттімбет ұлттық музыка өнері аспанында жарық жұлдыздай жарқырап өткен сегіз қырлы, бір сырлы талантымен, өнерпаздығымен танылған суреткер күйші-композитор. Ол күй құдіретін, домбыра сырын ерекше сезіне біліп, жанымен сүйсінген, күй жанрының табиғи болмысын шынайы ұққан өнер адамы екендігін байқатады. Өйткені Тәттімбет күйлері ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, халықтың классикалық музыка қорына жатады. Күйшінің, көптеген туындылары уақыт сынынан өтіп, мазмұн мен болмысы жағынан өзгерістерге ұшырамай, шертпе күй мектебін жалғастырушылардың арқасында, біздің заманға да жетіп отыр. Тәттімбет күйлерінде ән сазы да, домбыра өрнегі де, қобыз сарыны да, сыбызғы безілі де, үні де бір стильде тоғысып жатқандай сезінеміз.Байыпт ап зер салсақ, күйшілік дәстүр болмысы, күйші-композитор творчествосы арқылы, біз қазақ халқының музыка өнерінің бай, ой-өрісі кең, суреткерлік қабылеті мол, эстетикалық талғамы биік, творчестволық сезімталдығы жетік екендігін бірден аңғарамыз. Тәттімбеттің халықтың сынталғамынан шыққан күйлері бүгінгі және келешек ұрпақтарға аса құнды мәдени мұра, рухани байлығы болып қала бермек.

You May Also Like

Алоэ өсімдігінің ерекшеліктері және емдік қасиеттері, ғылыми жоба

Зерттеу жұмысының тақырыбы: «Алоэ өсімдігінің ерекшеліктері және емдік қасиеттері» Бағыты:Таза табиғи орта…

Информатика сабағын басқа пәндермен кіріктірілген сабақ түрінде өткізудің тиімділігі, ғылыми жоба

Ең үздік ғылыми жоба»Информатика сабағын басқа пәндермен кіріктірілген сабақ түрінде өткізудің тиімділігі»…

«Forte & Piano» музыка орталығы. Ғылыми жоба

1.Кіріспе  Музыка әлемі түрлі ғажайыптарға толы, өзіндік ерекшеліктері мен қызығарлық дүниелерден тұрады.…

Ұсақ жануарлардың гельминттерін капрологиялық әдіспен зерттеу, ғылыми жоба слайд