Мазмұны

І.Кіріспе……………………………………………………………………………………………………3

ІІ.Негізгі бөлім………………………………………………………………………………………….5

2.2 Жүн өңдеудің түрлері ………………………………………………………………………….9

2.3 Шеберханада жүннен бұйым жасаудың жаңа технологиясының маңыздылығы  ………………………………………………………………………………………..14

2.4 Шеберханада жүннен әшекей бұйым жасаудың тәсілдері………………………………………………………………………………………………….16

2.5 Жүннен жасалатын бұйымның заман талабына сай дамуы………………….20

Шеберханада жүннен әшекей бұйым жасау

Әр елдің, әр халықтың өзіне тән тарихы, рухани сән салтанаты, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, ырым нанымы, қолөнері болары анық. Кез келген халықтың дәстүрлі өнері-сол халықтың ғасырлар бойы бастан кешкен өмір салтының таным түсінігінің, арман аңсарының жарқын айғағы.

Біздің қазақ халқы да сәндік қолданбалы өнерге өте бай. Мол рухани мәдениеттің маңызды бір саласы – қолөнер. Қолдан жасаған киіз бұйымдарының, тоқыған кілемдерінің суреттерінде философиялық мағынасы мен мәні тереңде жатыр. Олардың суреттермен безендірілуі, ғажайып реңдер үйлесімі әрбір адамға ой тастамай қоймайды.

Осы ретте қолданбалы қолөнердің бір түрі – шеберханада жүннен әшекей бұйымдар жасау. Мағыналық зерттеу жасау арқылы, олардың шығу тарихын, қолданылатын шикізат түрлерін талдап, жасалу тәсілдерін, әдістерін салыстыру – зерттеудің өзектілігін көрсетеді.

Зерттеу жұмысының мақсаты: Шеберханада жүннен әшекей бұйымдар жасаудың жаңа технологиясын зерттеу. Қазіргі таңдағы киізден жасалатын бұйымдармен нарықтық қоғамда еңбек күшін тауарға айналдыру арқылы экспортқа шығарылып жатқан  киіз түрлерінің сапасын, өңдеу технологияларын салыстыру.

 Зерттеу жұмысының  міндеттері:

  • Сәндік қолданбалы өнер түрі – алғашқы жүн өңдеу өнерінің тарихын зерделеу;
  • Шеберханада жүннен бұйым жасаудың  жаңа   технологиясының   маңыздылығын анықтау;
  • Халықтың ұлттық қолөнерінің тұрмыста күні бүгінге дейін өз мағынасын жоғалтпай қолданып келе жатқандығын шеберханада жүннен әшекей бұйымдарды жасау технологиясы арқылы дәлелдеу;
  • Шеберханада жүннен әшекей бұйымдар жасау арқылы шеберлікке, төзімділікке, еңбекқорлыққа дағдылану.

  Зерттеу тақырыбының ауқымдылығы: Қазіргі таңда тек өндіріс орындары мен жеке кәсіпорындарда ғана шығарылатын жүннен жасалған әшекей бұйымдарды шағын шеберханада қолөнер арқылы жасаудың тәсілдерін үйрену. Тәжірибе жүзінде жасалған бұйымдарды күнделікті өмірде пайдаға асырып, қажеттілікке жарату.

  Зерттеудің ғылыми жаңалығы:  Халқымыздың ертеден келе жатқан киізден бұйым жасау өнерін жаңа технология арқылы көп адамның қатысуынсыз жүннен әртүрлі бұйымдар жасауға болатындығын дәлелдеу. Оның ерекшелігі, оның әдемілігі, суреті, құрылымы эскизге таңдалынып алынған айшықты композициясы адамның қызығушылығын арттырып, эстетикалық таным-талғамын оятатын лирикалық сезіммен, философиялық ойларға толы болуы. Қазіргі таңдағы, нарықтық қоғамда, еңбек күшін тауарға айналдыру арқылы экспортқа шығарылып жатқан және өндіріліп жатқан еңбек өнімдерінің сапасын жақсарту, шеберлікті шыңдап жан жақты іздену арқылы, ел экономикасына өз үлесімімізді қосу.

ІІ. Негізгі бөлім

2.1. Сәндік қолданбалы өнер түрі – алғашқы жүн өңдеу өнерінің тарихы.

       Асқар тау, таза ауалы, сыңсыған орманды, суы шәрбат, топырағы торқа, қойны құт-қазыналы, ұлан-ғайыр өңірді өріс-қоныс етіп, табиғаттың дарқандылығын да, тарпаңдығын да басынан кешіріп, талай-талай тарихи кезеңді өткерген ата-бабаларымыз адамзат қоғамының шалқар көшінде өзінің шаруашылық негізіне, тұрмыс тәсіліне, салт-санасын қалыптастырып, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, аса бағалы заттық  мәдениеті мен рухани мәдениетін сақтап қалды. Бұл адамзат мәдениетінің құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады.

       Сол асыл қазыналардан көненің көзіндей болып, дәуірімізге жеткен мұраларымыздың бірі – ұлтымыздың дәстүрлі қолөнер мәдениеті.

Қазақ қолөнер мәдениетінің түп тамыры сонау тас дәуірінде жатқаны мәлім. Тас дәуірі – адамзат тарихындағы ең ұзақ мәдени тарихи кезең. Бұл дәуір адамдардың жануарлар дүниесінен бөлінген кезінен басталып, алғашқа металдардың таралуы кезеңіне дейінгі аралықты қамтиды. Жаңа тас дәуірі кезеңінде адамзат, тастан құрал жасаудың ескі тәсілін жетілдіріп, найзаның ұшы, біз, пышақ, қанжар, балта, кетпен, орақ, шақпақ сан түрлі қару жарақтар мен тұрмысқа қажетті құралдарды шеберлер жасаған.

Тас дәуіріндегі жасалған құралдар Шыңжаңның, Алтай, Құмыл, Мори өңіріндегі байырғы жұрт қазбаларынан, Іле алқабындағы Үйсін қабірлерінен де көптеп кездеседі.[2]

Қазақ қолөнерінің туындауына, дамуына осы тұрмыс дағдысы тікелей ықпал етті. Ол қоғамдық өндіріспен қатар дамыды. Алғашқы кезде қолөнеріне киіз үй кәсібі негіз болды. Қолөнершілер қолөнер өнімдерін өз тұрмысының қажетін қамтудан, бірте-бірте малға, затқа айырбастап, оны кәсіп түріне айналдырды. Тапсырыс жасаушылар қолөнер  бұйымдарының ақысын мал немесе басқадай заттармен берді.

Қолөнердің дамуына байланысты қолөнер өнімдері молайды. Тапсырыс бойынша өндірілетін болды. Базар сұранысы да ескеріліп отырылды.

Халқымыз көшпенді және жартылай көшпенді тұрмыстың мүддесі үшін сан-салалы шаруашылықпен айналысты. Мәселен: малшылық, егіншілік, аңшылық, балық аулау, бағбаншылық, қолөнершілік, құрылыс салу, тасшылық. Жанама кәсіптер: алтын қазу, тас қазу, кіре тарту, ағаш кесу, диірмен ұстау, құс бағу сияқты сан алуан кәсіп түрлерімен шұғылданды. Міне, осыған қажетті барлық сайман-жабдықтарды, құралдарды қолдан жасап, өндіріп пайдаланды.

Өнімнің негізі шикізаты – мал шаруашылығы, аңшылық өнімдері, мекендеген жерінің табиғи байлықтары еді.

Халқымыздың төрт түлік малдың бабымен көшіп-қонып, аңшылық, саятшылық кәсібімен шұғылдануы ру, тайпалар арасындағы қақтығыстардың толассыз туылып тұруы, тері илеу, көншілік, етікшілік, теміршілік, қару-жарақ жасау өнерінің туындауына негіз болды.

Сонымен қатар, тас дәуірінен басталған сүйек ине, сүйек бізді  пайдаланып тері және тоқыма киім-кешек  жасау сынды қолөнердің дами түсуі, киіну мәдениетін қалыптастыра  бастады.

Сәндеп киім тігу, үй жабдықтарын сәндеу, әбзел-жабдықтар мен жиһаздарды әшекейлеу, әсемдік түс берумен қатар заттық мәдениетке деген қажеттілік – зергерлік, кестешілік, тоқымашылық, өрімшілік, ою-өрнек, сырлау, бедерлеу, көздеу, айшықтау, т.б. қосалқы өнер түрі гүлдену сатысына қадам бастырды.[8]

Бұл кезде халық шеберлері ішінен небір керемет ісмер, оюшы –сызушылар, тігіншілер, кестешілер, сырмақшылар, тоқымашылар, зергерлер, етікшілер, ершілер, өрімшілер шықты. Сөйтіп, халқымыздың ұлттық қолөнерін қалыптастырды.

Қазақ халқының ұлттық қолөнерінің түп төркіні тым әріден бастау алып, дәстүрге айналып бүгінгі күнге жетіп отыруы – қазақ халқының халық болып қалыптасуының заттық айғағы болып табылады.

Бағзы заманнан сақталып қалған таңбалы тастарға, балбалдарға, бәдіздерге, сынтастарға, жартастарға салынған суреттерге, тасқа ойылған  жазуларға, аң-құс, адамзат бейнелеріне, бәдізші (тас өрнектеуші шебер), тасшы, төкіншілердің өнер мұраларына үңілер болсақ, олар  қазіргі өркениетіміздің  айғақтары – мүсіншілік, суретшілік, фотография, архитектура, жазу және баспа мәдениеті, дәстүрлі қолөнер мәдениетіне жататын сызу, ою-өрнек, бедерлеу, нақыштау, құю, кестелеу, тоқулардың арғы тегі екенін байқаймыз да көзқарасымызды дәлелдей түсеміз.[4]

Қазақ халқының қолөнері сонау ескі заман тарихымен бірге өсіп, біте қайнап келе жатқан өте бай қазына. Қазақ халқының қолөнері деп халық тұрмысында жиі қолданылатын өру, тігу, тоқу, мүсіндеу, құрастыру, бейнелеу сияқты шығармашылық өнер жиынтығын айтады. Шын мәнінде осы қолөнер түрлерінің әрқайсысының талай ғасырлық тарихы бар.

Қазақ халқы өзінің күнкөріс тіршілігіне қажетті үй-жай салуды, киім-кешек тігуді, азық-түлік өндіруді өзінің тұрмыстық кәсібі етіп, оларды күнбе-күнгі тіршілік барысында орынды пайдаланса, әсем бұйымдар жасап, өмірде сән-салтанат та құра білді.

Халықтың қолөнерінде әдет-ғұрып жабдықтарымен қатар, аң аулауға, мал өсіруге және егіншілікке қажетті құрал-жабдықтар да кіреді. Қолөнерінде көңілге қонымды мәнерлер мен ондағы қолданылған әдістер архитектурада кеңінен қолданылып келеді. Ертеден біздің заманымызға дейін сақталған мазарлар мен ескерткішердегі, діни әртүрлі құрылыстардың қабырғалары мен мұнараларындағы сәнді ою-өрнектер, киізден жасалған бұйымдар,ағаштан қиюлап, тастан қашалып жасалған діңгектер  –  халық қолөнерінің тамаша туындылары. Батырлық пен саяхатшылыққа қажетті садақ пен жебе, айбалта мен шоқпар, сойыл мен босмойын, аңшыларға қажетті құстың тұғыры мен томағасы, балдағы мен аяқ бауы сияқты көптеген жабдықтар да қазақ халқының тұрмыс салтына, кәсібіне байланысты туғандағаны сөзсіз. Мал шаруашылығына қажетті желі, шылбыр, ноқта, бұршақ, жүген, құрық, бұғалық, тұсамыс, өре, шідер, кісен, қада, ер-тұрмандарды да халық даналығы ойлап тапты.[3]

Халықтың қолөнеріндегі мүліктердің бір тобы үй іші жабдықтары болса, екінші тобы – қайыс өру, қару-жарақ, көшу-қону, жол-жорық жабдықтары еді. Шеберлер тас қашау, сүйек ою, ағаш ию, мүйіз балқыту, металды өңдеп өрнектеу сияқты ауыр кәсіппен де шұғылданды.

ХІХ ғасырда және ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ халқының қолөнері ішінде киіз үйдің сүйегін, ағаш төсек жасау, ағаш өрнектеу, кесте тігуі, өрмек тоқу, киіз басу кең өріс алды. Бұл кезде жастарға арнап сәукеле, шашбау, білезік, сырға жасап, оларды түрлі түсті өрнектермен әшекейлеу өнері де өрістей түсті.[7]

Әрине жоғарыда айтылған қолөнерлердің бірқатары өте көп еңбек етуді қажет етеді. Бертін келе адамзат қоғамы дамыған сайын қолөнердің біразы жаңа әдіс тауып, жаңа түрге ие болды, кейбіреулері тұрмыс қажетіне жарамсыз болғандықтан тіпті қолданылмады.Жүннен жасалатын бұйымдар текемет, сырмақ, киіз тұскиіздер орнына кілемдер, алашалар, күйген кірпіш пен темір бетон, цемент пен шлак сияқты және басқа да сапалы материалдар бұрынғы материалдарды ығыстыра берді. Енді иленген балшыққа май салу, жылқы қылын, түйенің жабағысын қосу, керексіз болып қалды. Сондықтанда жаңа технологияны пайдалану арқылы  жүнді шеберханада тазалап өңдеп, бояп, әртүрлі бұйымдар жасау арқылы ата бабамыздан жалғасын тапқан осы өнер түрін қарапайым түрдежүзеге асыруға болатынын зерттеу барысында дәледенді.

                                2.2  Жүн өңдеудің түрлері.

       Жүн-жануарлардан алынатын табиғи материал. Жүн өңдеу – жүнді май мен шайырдан, шаң-тозаңнан тазартып жуу, жүн дайындау стандартына сәйкес сұрыптау (сорттау), бояп өңдеу, иіріп жіп алу немесе одан әр түрлі бұйымдар дайындау. Төрт түлік малдың жүні қазақ халқының өмір тіршілігінде үлкен рөл атқарған және оны ұқсатуды халық бұдан мыңдаған жылдар бұрын білген. Жүннен бау-шу, арқан-жіп, киім-кешек, қазақ үйдің киізін, әр түрлі төсеніштер мен қап, шекпен сияқты ең қажетті мүліктер жасаған. Қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығында мал жүнінің ең асылы және бұйымдар жасауға ең көп қолданатыны түйе және қой жүндері, ешкі түбіті, оның қылы, содан кейінгісі жылқының жал-құйрығы, түйенің шудасы. Жүк артып, күш көлік ретінде пайдаланылған түйенің жүні ұйысып, киіздей болып қалады. Оны “жабағы” дейді. Әлгі жабағының астынан “боздақ” деп аталатын үлпілдек жүн өседі де, жабағы өзінен-өзі көтеріледі.

Түйе жабағысынан әр түрлі жеңіл де жылы күпі тігіледі. Жабағы жүнді түтіп көрпеге де салады, әр түрлі жіптер иіреді. Түйе жүнінен неше түрлі өрмек жіптерін иіріп, шекпен, қап, белбеу, құр, кілем, қоржын сияқтыларды тоқиды. Сол сияқты түйе жүні айыл-құйысқан, өмілдірік, ноқта жасауға және көген, бау-шу есуге өте қолайлы. Түйе жүні көрпеге салуға, шапанға тартуға өте жақсы, жеңіл, әрі жылы болады, қылшық шықпайды. “Шуда” деп түйенің мойнындағы, тізесіндегі, екі өркештің үстіндегі салалы қылшық жүндерін айтады. Шудадан жамау-жасқауылдық жіп иіріледі. Бұрын қазақтың тон-шалбары, сабасы мен торсығы, көн ыдыстары осы шуда жіппен тігілген. Түйе шудасы кейбір арнаулы бау-шуларға да қосылып есіледі. Шуда жіп шертер, т.б. ән-күй аспаптарына ішек есебінде де тағылған. Қойдың жүнін “жабағы”, “күзем жүні”, “қозы жүні”, “өлі жүн” және “шет-пұшпақ” деп бес түрге бөліп айтады. Қойдың жабағы жүнінен шидем шапан, күпі күседі, ішпек, терлік жасайды, тыстап күпсек (бөстек), көпшік, жеңіл байпақ тігеді. Қойдың жабағы жүнін түтіп, одан кейін матаның сыртына шықпас үшін қылшықтарын бүрілтіп қайнатады.

Бұл жұмыс жүнді шайырынан арылтып тазарту үшін де жасалады. Жабағы жүнді киімнің, көрпенің арасына салады, неше түрлі иіру ісіне, бізбен, сыммен тоқу жұмысына қолданады. Ал күзем жүнінен, қозы жүнінен киіз басылады, текемет, қалпақ, кебенек, киіз етік, пима сияқты киім-кешектер жасалады. Күзем жүні мен қозы жүні иіруге келмейді, ол киімнің, көрпенің тысының арасына салуға да жарамсыз. Бірнеше рет тоғытылып, кірінен, шайырынан тазартылып қырқылған қойдың күзем жүнінен киіз басылады. Киіз басылатын жүнді шаң-тозаңнан, шөп-шөгірден тазартып, жүннің білтеленіп, ұйысқанын жазу үшін сабаумен сабайды. Жүн сабау ісіне әйелдермен бірге еркектер де қатысады. Жүн сабау маусымды және көпке ортақ жұмыс болып саналады. Жүн сабау жұмысы қазақ ғұрпында ойын-сауықпен көңілді өтетін-ді.[1]

Жүн сабалып болған соң “тулақ шашу” деген ырым бойынша жастар жиналып тамақ ішеді, ойын кешін өткізеді. Жүн сабау жұмысына керекті заттар – сабау мен тулақ. Сабауды бұтақсыз түзу талдан, қара мойылдан, майысқақ теректен, жыңғылдан маусым-шілде айларында дайындап, қабығын алып кептіреді. Ұзындығы 1 м 20 см-дей етіп, екі ұшын тегістеп, тұжырады. Оның диаметрі 2 см-дей, бас аяғы бірдей. Сабау жүн сабаушылардың санына қарай әр кісіде екі-екіден болады. Жүнді екі сабаумен қос қолдап сабайды. Сабайтын жүннің астына тулақ төселеді. Ал тулақ деп әдетте өгіздің, сиырдың керіп кептірген шикі терісін айтады. Жүн сабау алдында тулақты аздап сүт бүркіп, шөптесінге төсеп жібітеді. Олай істемесе, кеуіп тұрған тулақ сабауға шыдамай сынып кетуі мүмкін. Киізді осы сабалған дайын жүннен басады. Малдың терісінен жұлынып немесе жидітіп алынған жұлма жүнді, қойдың бауырында, пұшпақтарында байланып жүретін білтеленген жүндерді “өлі жүн” деп атайды. Қотанның ортасында түсіп қалған, бұтаның басынан жиналған, бау-шу ескеннен қалған үзік жүндерді “шет-пұшпақ жүн” деп атайды. Мұндай жүндер, көбінесе, арқан-жіп есуге жұмсалады. [2]

Ешкі жүнін түбіт, қылшық деп екіге бөледі. Түбіт иіруге, шарф, шұлық, қолғап, шәлі сияқты жеңіл әрі жылы киімдерді тоқуға тиімді. Оны ешкі түлеген кезде қылшық жүнмен бірге қырқып алып, түтіп қылшығынан бөледі. Ешкінің қылшығы арқан-жіп есуге жұмсалады. Қазақ талғамында ешкі түбіті түйе жүнінен де қымбат, жібекпен теңдес саналған. Жылқының жал-құйрығын “қыл” деп атайды. Жал-құйрық, көбінесе, арқан-жіп есуге, сүзгі тоқуға, тұзақ есуге жұмсалады. Жылқы қылын терімен қаптап көпшік, жастық, бөстек жасауға, қобызға тағуға пайдаланған. Қазақ шеберлері мал жүнінен басқа қоянның жүнін, құстың мамығын да іске жаратқан. Қоянның жүнінен жылы шарф, қолғап, шұлық, бөкебай тоқыған. Құстың мамығынан құс жастық, құс төсек жасаған, қауырсындарынан қарқара қадаған, жебенің желбезегіне желімдеген, ондай оқты төменде тұрып жоғарыдағы нысананы дәлдеп атуға қолайлы және ұшқан жолында ауытқымай дәл барады деп есептеген. Тымақтың маңдайына, найзаның ұшына, салт атты адамның иығына тағып алған құс қауырсыны “өте асығыс” деген белгіні білдірген. Осыдан келіп ел мен ел арасында тығыз хабар жөнелтілгенде хаттың сыртына бір тал қауырсын бекітілетін, оны “үкілі пошта” деп атаған.

Үкінің жүні қазақтың ескі салты бойынша әсемдіктің белгісі деп саналған. Сонымен бірге үкіні қасиетті деп білген. Мысалы, хан тұқымдары, атақты батыр, ақын, салдар үкі тағып жүрген.

Ұзатылар қызға, қайнына баратын күйеуге, алғаш отау болғанда шымылдыққа үкі қадау ғұрпының жоралғысы осыдан қалса керек. Үкі жүнін ұлпа және қара қасқа үкі деп екі түрге ажыратады. Үкінің балақ жүнін – ұлпа, ал бауыр жүнін – қара қасқа үкі деген. Қара қасқа үкіні, көбінесе, ерлер қадаған. Сәукеле, тақия, бөрік сияқты қыз-келіншектер киіміне, көбінесе, ұлпа (балақ жүн) үкісі қадалған. Ақ үкінің жүнін түрлі түсті етіп бояп та пайдаланған. Мұндайда бояуға қазының майын қосқан. Үкіні аулап ұстап, балақ жүні мен бауыр төсінің жүнін алып, өзін жемге тойғызып қоя беретін. Мұны “үкі жүндеу” деп атайды.[2] Қазіргі кезде жүн өңдеу жұмыстары өндірістік кәсіпорындарда атқарылады. Мұндай жұмыстар жүн жуу, жүн сорттау, жүн иіру, т.б. болып бөлінеді.

Жүн жуу жүнді май мен шайырдан, шаң-тозаңнан, т.б. тазартатын арнаулы аппараттарда орындалады. Олардың құрылысы күрделі, көлемі үлкен (ұз. 70 м-ге дейін), сондықтан жүнді алғашқы өңдеуден өткізетін ірі кәсіпорындарда қолданылады. Қазақстанда мұндай кәсіпорындар Тараз, Семей, Ақтөбе қалаларында салынған. Қазір бұл кәсіпорындарды қайта іске қосу қолға алынып отыр. Жүнде майлы заттар көп болады. Мысалы,  арқар-меринос қойдың жүнінде 30%-ға дейін май мен шайыр бар. Осылардан арылту үшін жүн жуғыш машинаның арнаулы ыдысына су құйылып, оған көмір қышқыл сода, калийлі сабын және аммиак қосылып, әбден араластырылады. Бұл құрамның салмағы С°-тан жуылатын жүн салмағының 6%-ына жетуге, ал судың температурасы 55-тен аспауы тиіс. Мұнан жоғары болса, жүннің реңі кетуі мүмкін.

Жүннің иісін кетіру үшін көмір қышқыл газбен өңделеді. Жүн өңдеу кәсіпорындарында, сондай-ақ, экстракциялық әдіспен жұмыс істейтін жаңа машиналар қолданылады. Бұл әдістің ерекшелігі – жүн жабық бөлме ішінде хлорлы көмір қышқыл газбен өңделеді. Осы процесс нәтижесінде жүндегі май мен шайырдың 70%-ы кетеді, жүн ажарланып, биязылығы артады. Жүннен алынған май техника мен медицинада кеңінен қолданылады. Жүн сорттау кезінде жүннің дайындау стандартына сәйкес сапасы бағаланады. Мысалы, қой жүні одан алынатын таза жүннің мөлшерімен бағаланады. Жүннің әр түріне (биязы жүн, биязылау жүн, ұяң жүн, қылшық жүн, т.б.)

Қазақстан Республикасының Стандарттау және метрология комитеті дайындау стандартын бекіткен. Жүн сорттау процесі жүнді алғашқы өңдеу кәсіпорындарында атқарылады. Дайындау стандарты бойынша жүн қалыпты, шөпті, тікенек шөпті және ақаулы болып бөлінеді. Егер жүндегі шөп қалдықтары мен ақау жүннің мөлшері жалпы жүннің 10%-нан аспаса қалыпты жүн, егер бұл мөлшерден артса шөпті не тікенекті жүн деп атайды. Осы төрт түрдің әрқайсысы түсіне қарай бірнеше сортқа және сапасына қарай бірнеше класқа бөлінеді. Биязы және ұяң жүнді қойдың тұтас жүні ақ және әр түсті болып екі сортқа бөлінеді.

Ақ түске таза ақ жүн, әр түстіге қылшық араласқан өзге түстер жатады. Меринос қой жүнін сорттағанда талшығының ұзындығы, жуан-жіңішкелігі, тазалығы, бұйралығы ескеріледі. Биязы және ұяң жүнді сорттағанда тұтас жүннен басқа да мынадай сорттары болады: құйрық жүн (бөлек қырқылады және бұған балақ жүн, желіннің айналасынан қырқылған жүн де жатады); жұлма жүн – тұтас жүннен үзіліп түскен жүн.

Пұшпақ жүн – ірі қылшықты ұйпаланған жүн. Жүннен немесе жүн араластырылған басқа да талшықтарды иіру арқылы жіп алынады. Мұны жүн иіру деп атайды. Оның тарақтап иіретін және аппаратпен иіретін екі жүйесі кең тараған. Тарақтап иіру тәсілі арқылы жіңішке әрі тегіс, биязы әрі беріктігі жоғары жіп алынады. Осындай жіптерден жоғары сапалы мата тоқылады. Аппаратпен иіруде шикізат ретінде таза жүн, басқа талшықтармен араласқан жүн, тарақтап иіру қалдықтары мен қылшық, әр түрлі химиялық талшықтар, мақта т.б. қолданылады. Мұндай жіптен шұға, драп, мата, т.б. тоқылады.[5]

Жоғарыда айтылғандай, жүнді иіріп, одан жіп алу үшін алдымен оны біркелкі түту қажет. Жүнді майдалап түту арқылы адам шыдамдылыққа, ыждағаттылыққа, төзімділікке үйретеді, қимылдату арқылы саусақ бастары, білектері, қолдың бұлшық еттері біркелкі қозғалып, ондағы жүйке талшықтары, қан тамырлары қозғалысқа түсіп, қан айналымына әсер етеді.

Жіпті өңдеу, оны пісіріп басу, ондағы түрлі рең берудің өзі үлкен жұмыс. Оны бояулар көмегімен қажет түстерге бояп, өзгерту оңайға түседі. Ертеде атамыз қазақ жүн, жіптерді бояу үшін ашудас, қына, томар шөп пайдаланғаны белгілі. Немесе табиғаттағы дайын күінде кездесетін жосаны (охра), өсімдік жемістері, малдың қаны, т.б. қолданғаны мәлім. Мысалы:

Қызғылт сары түс. Жүнді қызғылт сары түске бояу үшін пияздың құрғақ қабығын пайдаланған. Оны 3-4 литр суда 7 сағат сулап қояды. Тұнбаны сүзіп, жылытып, алған соң су қалпында жүнді салып, әлсіз отта 2 сағат бойы қайнатады. Содан соң шайып кептіреді.

Сары түс. Жүн және жүн жіптердің сары түсін алу үшін қайыңның түскен құрғақ  250 г жапырағын 5 л суға  салып 3-4 сағат қайнатады. Шайылаған жүнді кептіреді.

Сұрғылт жасыл түс. Сұрғылт жасыл түсті алу үшін қайыңның құрғақ 150 г жапырағын 3-4 л суға салып, 3-4 сағат қайнатады. Ерітіндіге 6-7 г емен жаңғағын және 1-2 кг темірдің күкірт қышқылды тұзын қосып қайнатып кішкене суытады. Суланған жүнді жылы ертіндіге салып, 1 сағат әлсіз отта қайнатады. Боялған жүнді шайып кептіреді.

Сұрғылт сары түс. Сұрғылт сары түсті алу үшін 500 гр кептірілген қалақайды 3-4 литр суда 3-4 сағат қайнатып, сүзіп алады. 19 г ашудасты 2л сумен араластырып, жүнді осы ерітіндіге тоғытып, 30 мин қайнатады. Қайнаған жүнді қалақайдың суына салып 1 сағат қайнатады. Содан соң таза суға шайып кептіріледі. Табиғи шикізаттардың құрамы оның талшықтарының қасиеттерімен сипатталады.[4]

  2.3  Шеберханада жүннен бұйым жасаудың  жаңа технологиясының маңыздылығы

Рас, жүннің пайдаланылмайтын жері аз. Жамылатын көрпе, киетін киім, аяқ киім содан құралады. Тұрмысқа қажетті қаншама дүние жасалады десеңізші. Оның сыртында киіз болып шығатын жүндер түрлі материалдардың арасына салуға, бір жарым кірпіштің жылылығын сақтайтын дүниелердің қажетіне жарап құрылысқа да пайдаланылады.
Ата кәсібіміз болған қой өсіру – әлі де жұртымызға жұғысты, өлкемізге ырысты кәсіптің бірі болып жалғасып келеді. Бағалы, пайдалы жібек жүн Отанымызда жетіп-артылады. Қыруар пайдасы, тигізер шапағаты орасан осынау жүннің көп жағдайда шикізат күйінде өзгелердің қолына өтіп жатқаны жанымызды ауырта түседі. Ойландырмай, толғандырмай қоймайды.

Өткен ғасырда халқымыздың біртуар перзенті, заманымыздың ойшылы Ахмет Байтұрсынов көріп, біліп, айтып, жазып кеткендей сатып жіберіп, оны қайтадан 3 есе жоғары бағасына сатып алуды ең ақсап тұрған жағдай екенін бағалар болсақ, сол дүние әлі де жалғасып келеді.

Демек, қолда бар жүнді ұқсату, өңдеу арқылы пайдаға жарату – аса маңызды.

Ең басты мақсаты – үлкен, келешегі кемелді шаруаның негізі қалануда. Бұл жұмыспен көп жылдан білек сыбана, маңдай терлерін төге еңбектеніп жатқан, ізденіспен іс-қимыл жасап жатқан азаматтар бірінші кезекте жүн өңдеуге қажетті заманға лайық құрал-жабдықтар сатып алуға талпыныс жасады. Ол ойлары орындалмай қалған жоқ.

Рас, жібек жүн – Отанымыздың байлығы. Жібек жүнді түте білсең, пайдалана білсең, берері мен берекесі орасан. Қазақстанда 13 миллион қой бар. Одан жылына 32 миллион киле жүн өндіріледі. Оның әр килесі бюджетке 100 теңгеден ғана пайдасын келтірер болса, 3, 250 миллион теңге құралатын еді. Бұл қаражатқа кішігірім 32 мектеп салуға болады.
Қарапайым тағы бір мысал, 1 мың тонна жүн жуылып сатылатын болса, 24 миллион теңгені құрайды. Осы жүннен түбіт, киіз, пима, қазақ үй жасап ұсынатын болсақ, 396 миллион теңге болып пайдасы еселеп артады. Ал, аталған жүнді қазақтың ою-өрнегімен сәндеп, Белгияның құрал-жабдығы негізінде тығыздықтағы кілем шығарылар болса 2, 716 миллион теңгенің дүниесіне айналар еді.[1]

Демек, қолда барды пайдалана отырып, ауыл аясында орналасқан жүн өңдейтін құрылым жұмысына лайықты дем берген абзал. Қазіргі уақытта осындай өндіріс орындарының көптеп ашылғандығы белгілі. Алайда қолөнер бұйымдарын шағын шеберханаларда жасап, ұлтымыздың дәстүрін жаңғыртып, қазақтың қол өнер бұйымдарына деген жастардың қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

Шеберханада жүнді өңдеп, бояп одан әртүрлі сыйлық бұйымдар мен әшекей бұйымдар жасауға болады.

 2.4  Шеберханада жүннен әшекей бұйым жасау әдістері

Қазақ халқының дәстүрлі өнеріне жүннен  киіз басып,бұйым жасау өнерінің жат еместігіне ертеден келе жатқан текемет, сырмақ түрлері, киіз үй жабдықтары, киіз тұскиіз  дәлел бола алады.

Ерте кезде жүннен киіз жасау үшін ши, арқан-жіп, қойдың күзеу жүндерін пайдалану арқылы бірнеше адам қажет болған. Текемет және жүннен жасалатын әшекей бұйымдар сырмақ қойдың жүнінен жасалатын бұйым түрлері. Осы бұйымдарды, қойдың жүнінен киіз басу арқылы жасайды бірақ жасалу технологиясы әр түрлі.

Текеметті киіз басқандай жүннен киіз басу арқылы жасайды. Жуылып тазаланған жүнді, сабаумен сабап көпсітеді. Басылатын текемет көлеміндей ши бетіне көрсітілген жүнді қалыңдығын бірдей етіп, ши бетіне жаймалап жаяды да шабақтайды. Енді оның бетіне оюлап салынатын басқа түсті жүнді білтелеп, өрнектеп салады, яғни қажетті ою үлгісімен орналастырады. Салатын оюды орналастырып болғаннан кейін шиді барлық жағын бірдей етіп орайды. әрбір орамында жүн оралған шиге ыстық су құйып отырады. Ыстық судан жүн тез бірігіп киіз болу процесі жеделдейді. Жүн салынған шиді орап болғаннан кейін бірнеше жерінен жіппен байлайды. Оралған орамның ортасынан, тұйықталған арқан салып, сол арқанды айналдыра отырып, бір адам алға қарай домалата тартып жүріп отырады. Ал бірнеше адам қатар тұрып, домалата тартылған шиді аяқпен кезек тепкілей бірге жүріп отырады. Ыстық су үзбей себіледі.[6]

Басылып жатқан текеметтің қылшық жүндері шиден шыққан мезетте, тепкілеуді тоқтатып, байланған жіптерді шешіп алып тастап, бірнеше адам қатар отырып білектейді. Киіз әбден дайын болды-ау деген кезде білектеуді тоқтатады.

Басылатын текемет, мықты болуы үшін шала басылған талдырма деп аталатын екінші киізді беттестіріп білектейді.

Шебердің талғамына қарай дайын текеметтің шет-шетін шашақтап немесе қымбат маталармен көмкеріп сәндеп, әшекейлеп те жасаған.

Сырмақ. Оны жасудың бір ерекшелігі оны басылған дайын киіздерді ойып қиюластырып тігу арқылы жасаған. Киізді жұқалап басқаннан кейін, қажетті түске бояйды.

Түрлі-түсті бояуға боялып, кептіріліп дайын болған киізге, алдын-ала үлгі бойынша қиылған  оюды бетіне салып, сабынмен сызып алады да, қиып кесіп алады. Ол оюды екінші басқа түске боялған киіз бетіне салып, қиыстырылып тігіледі. Осы оюларды қиыстырып тікпес бұрын киіздің астыңғы бетіне мықты мата салады да, сол мата бетіне қиыстырылған киіз оюларды тігеді. Ал киіздердің қиюластырылған жерін, түрлі – түсті ширақ етіп иірілген жіптермен бастырып тігеді. Сонда оюлардың қиылысқан жері ерекшеленіп әрі түстердің үйлесімділігі, сырмақты көздің жауын алатындай сәнді етіп көрсетеді.[12; 7]

Сырмақ тігу өте күрделі. Оны құрастырушы шебердің талғамы мен ой – өрісі биік, ою өнерінің иесі болуы тиіс.

  1. Қазақ халқының қолөнері текемет пен сырмақтың жасалу технологиясын ұқсастығы мен еркшеліктері.
  2. Текемет басудағы, сырмақ тігудегі шикізат, бұйымдар мен т.б. заттар.
  3. Текемет пен сырмақтың тұрмыста пайдалануы.

Ендеше біздің зерттеп отырған бұл тақырыбымыз шеберханада  столь үстінде жүннен  тек бір адам ғана бұйым жасауға болатынын дәлелдеп отыр.

Жүннен бұйым жасау  қызықты әрі қиын өнер. Ол ұзақ ізденісті, ыждағатты қол еңбегін қажет етеді. Шын шеберлікке ынта табандылықты талап етеді.

Шеберханада жүннен бұйым жасау өнері киізбасу текемет жасау өнеріне ұқсас болып келеді. Әйтседе өзіндік ерекшеліктері жоқ емес. Оның киізден бұйым жасау үшін ойып кесу арқылы жасау, тігістер қолданылса, мұнда жасауға эскиз жасап, сол бойынша әр-түрлі өрнектер салынып,қолдың қыры, саусақтар арқылы жасалуында. Сондай-ақ кейде тігістер қолданылмай жасалатын бұйымдар да болады. Мысалы: кеудеше, түрлі сәндік сумкаларда тігіс қолданбай жасауға болады.

Жүннен бұйым жасау үшін сурет таңдап, эскиз жасауымыз қажет. Оның өзі іздену арқылы, адам қиялына қанат бітіруіне, ойлап салуға немесе құрастыру арқылы бір сюжет дайындауға болады. Суреттегі ерекше талаптарға мән бере отрып, үлкен ықтиярлықпен салу арқылы адам санасына біршама деңгейде психологиялық, эмоцияоналдық күйдің қалыптасуына әсер етеді. Сурет компазициялық түрде бүтін бейнені береді.

       Доғалданып келетін төбе мен жолдар кең перспектива, стереоскопиялық әсер береді, бала жанындағы агрессия басылады. Суретте қойылған мақсатқа қажет емес ассоциацияларды қалыптастыру мүмкін жолдың, құрылыс және басқа да көңіл аударатын бөлшектер, мысалы, жағымсыз көңіл-күй тудыратын кесілген, құлатылған ағаштар болмауы тиіс.

Жүннен бұйым жасау үшін үнемі іздену үстінде болу қажет. Өз қиялымен елестету арқылы ойлап, көрген білгенімен, есінде қалғанымен салған кезде ғана, өзінің қалаған эскизін қиналмай салып шығарады. Кейбіржасалатын бұйымның суреттері өмірмен байланыстыра салынса, кейбіреулері, күрделендіре қиялдап, армандау арқылы салынуы мүмкін.

Жасалған бұйымның бетіндегі сурет арқылы ой-қиялының алысқа шарлағаның көруге болады және не айтпақ болғанын, ойында не жүргенін байқауға болады. Өйткені бұйымның бетіндегі суреттерден шебердің ішкі күйін байқауға болады.   Шеберлер жүннен жасалатын өнерінің сонау дамып, қалыптасқан заманынан бастап, келе жатқан жасау технологиясын сақтай отыра жаңаша жасалу әдістерін де өз туындыларында көрсетіп отырды. Суретші фантазиясына байланысты жүнді араластыру  тәсілмен де, майда бірыңғай тәсілдермен жасаса, ол өз жарасымын тауып тұрады.[9] Жұмыс барысында, жүннен бұйым жасау үлкен сезімталдықты қажет ететініне көзіміз анық жетті. Жүннен бұйым жасау үшін ең алдымен түрлі жобада сансыз эскиз жасалып, жүндер таңдап алынады.

 Жүннен  бұйым жасауға қойылатын талаптар:

  • Жүннің жақсы тазаланып біркелкі болуы
  • Жүннің түстерінің бір-біріне сәйкес келуі
  • Қалыңдығының барлық жерінде бірдей болуы

Жүннен жасалатын  бұйымдарының орындалу сапасы жақсы болу үшін, әрбір сызбаны дұрыс пайдалануға орындап қолайлығына көз жеткізу қажет.  Жүннен бұйым жасау мынадай жүйемен жүргізіледі: Сарамандық жұмыстың орындалу реті:

                              Жүннен бұйым жасау нені талап етеді

                                                                                        

Ұқыптылықты                     Талғампаздықты                            Дағдыны

     

Шыдамдылықты     Ептілікті           Есептеуді        Ізденімпаздылықты

Табандылықты                                     

2.5  Жүннен жасалатын бұйымның заман талабына сай дамуы

       Бүгінгі таңда халқымыздың ежелден желісі үзілмей келе жатқан көне де, ізгі дәстүрі жас ұрпақты ұлттық, сәндік қолданбалы қолөнерінің тұнығына сусындатып, халық шеберлерінің ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан таңғаларлық тамаша шығармаларымен таныстыра отырып, өнерге қанат қаққан шәкірттерді шеберлік шыңына жетелеп, білімін тереңдетуде, шығармашылығы, еңбекке қызығушылығы мен ой-өрісін кеңейтіп, талғам деңгейін жоғарлатып, шыдамдылық пен төзімділікке, алған мақсатына жету барысында зерттеу жұмыстарының маңызы зор.

        Жүннен жасалатын бұйымдар әрдайым кеңістікке байланысты сапалы түрде даму үстінде болады. Классикалық жүннен жасалатын бұйым кеңістікте дами отырып өз заманында өлшемі жағынан да белгілі бір шектеуден шыға алмаған. Дәлірек айтқанда, бұл жүннен жасалған бұйымдар өнерімен орындалған белгілі бір жазықтықты толықтыратын түс жазба – яғни үй жабдықтары ғана болатын. Даму сатысында архитектуралық кеңістік құрылымының әсері болғандағын жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен де ол классикалық бұйымнан алыстап кете алған жоқ. Жүннен жасалған бұйымдар өзінің қасиеті мен жаңа заманға сай талабын қажеттілігін сақтап қалды.. Кеңістіктің осындай әсерін мазмұнды композиция деуге болады. Жүннен жасалатын бұйымдар өз заманының кескіндемесіне лайық айшықты қолданысы мен дүниетанымдық болмысымен ерекшеленіп отырады. Осындай тепе-теңдікті архитектуралық кеңістікпен бұйымдар арасында жылдар бойы байланыс ұлғая түсті.

Қазіргі заман интерьері тоқыма шығармашылығы саласынан білімділікті, бейімділікті, кәсіпкерлік шеберлікті, үлкен бір шығармашылықты, өзіндік стильді талап етеді. Жүннен жасалатын бұйымдар тек қана әшекей бұйым жасайтын, тұрмыстық зат болып қана қалмауы қажет.

Оның  ерекшелігі, оның әдемілігі, суреті, құрылымы эскизге таңдалынып алынған айшықты композициясы, адамның қызығушылығын арттырып, эстетикалық таным-талғамын оятатын лирикалық сезіммен, философиялық ойларға толды болып, көрерменнің сұлулықтан ләззат алуына септігін тигізуі қажет.

Қоғам үнемі даму үстінде. Осы қоғамда өмір сүріп жатқан адамдардың даму деңгейі мен тыныс тіршілігі әр алуан. Шығармашылық дарындылықтың өз табиғатына тән ерекшеліктері болады. Ғалымдар дарындылықтың туа біткен, сондай-ақ жүре пайда болатыны жөніндегі көз қарасты қуаттайды. Қоршаған ортаның, тәрбиенің және дамудың әсері нәтижесінде дарындылық сипаты айқын көрінеді.

                                                                 Қорытынды

         Қазақ халқы өз тұрмысы мен мәдениетінде қолөнерін мұрат тұтып жетілдіре білген. Шеберліктің небір сан саласын асқан ұқыптылық пен көкірегінде қастерлеп сақтап, меңгеріп, біздің дәуірімізге жеткізген.

Халық қолөнерін зерттеу, қалың қауымның игілігіне айналдыру-қазіргі заманның бір мәселесі. Көшпелі мал шаруашылығымен немесе  жартылай отырықшылыққа ауысып, егіншілікпен айналысқан қазақ халқының күнделікті тұрмысына қажетті жүннен жасалған бұйымдардың түрі сан алуан.  Сондықтан ұрпақтарымызға ұмыт болып бара жатқан осы қолөнер туындысын таныстырып, қолөнер, сурет, архитектура және өндіріс салаларына ендіріп қана қоймай, осы өнерді қайта жаңғырту біздің мақсатымыз.

Жұмысты зерттеу  барысында біз өзге пәндерден жинаған білімдерімізді іске асырып, өз қолымызбен еңбек ету арқылы, еңбектерімізді шығармашылықпен байланыстырып қолөнер бұйымдарын жасап шығаруды, жинаған ақпараттарымыздан білімімізді қорытындылауды  үйрендік.

Бүгінгі болашақ ұрпақ ертеңгі қоғамның иесі, сол қоғамның иелері халқымыздың тұрмыс қажеттілігінен туындаған ұлттық өнер мұраларын сақтап, сұрыптап, қазіргі уақытта сәнді етіп, ұлттық мәдениетімізді қолданбалы сәндік қолөнерімен өркендетсек, көне ұлттық мұрамызды зерттеу, жинақтау барысында өзіндік ұлттық нақышымызды орындауды ұмытпауымыз анық.

Сондықтан мен өз еңбегімді, жүннен әшекей бұйым жасауға қажетті  шикізат түрлері, олардың жасалу әдістерін өзгертіп отырсақ қана ел экономикасына өз үлесімізді қосып, экспорттық сұранысқа ие бола алатын, бәсекеге қабілетті өндірістік бұйымдар шығара алатынымызға көз жеткіздім.

Зерттеліп отырған мәселе кең көлемді болғандықтан, оны жан-жақты қамтып шығу бір ғана зерттеу көлемінде  мүмкін емес және ол ұлттық тәрбие мазмұнын қалыптастыруды одан әрі жетілдіруді қажет етеді, себебі бұл заман талабына сай алға қарай дами беретін күрделі үдеріс.

Дегенмен, өз ұлтымның мәдени-рухани құндылықтарын меңгеру арқылы халқымыздың ежелден келе жатқан қол өнер тәсілін ары қарай дамытып, жаңа заманға сай жаңа технологиямен дамытуға болатынын анықтадым. Және осы заманға жаңа технология бойынша халықтың ұлттық бұйымдарын тек өндірістен ғана күтіп отырмай, күнделікті өмірде шағын шеберханаларда жасап қолдана алатынымызға көз жеткіздім. Осы әдіс-тәсілдерді ұсына отырып, әркім өз бетінше жүнді әртүрлі түске енгізіп, түрлі әшекей бұйым жасап пайдалана алады деп сенемін. Жүнді бояудың қарапайым технологиясын  шағын  шеберханаларда қолдануға болатындығы осы зерттеу жұмысында көрсетілді. Алда мектеп шеберханаларында технология сабақтары мен үйірме жұмыстарында  жүнді бояп, өңдеп одан әртүрлі бұйым жасап үйретуді ұсынып отырмын.

You May Also Like

Мектеп мақтаныштары, ғылыми жоба

Жобаның мақсаты: “Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру”  бағдарламасы аясында Еліміздің түрлі саласында қызмет…

Дұрыс тамақтану-денсаулық кепілі, ғылыми жоба

Дұрыс тамақтану- денсаулық кепілі Біздің тамағымыздың пайдасы мен зияны Мазмұны: Кіріспе І.…

Әйел өміріндегі физика, ғылыми жоба

Мақсаты : «Физика – ғылым» және ол ер адамдарға  қалай қажет болса…

Адам тіршілігінің әр түрлі салаларындағы топырақтың рөлі, ғылыми жоба

Тақырыбы: Адам тіршілігінің әр түрлі салаларындағы топырақтың рөлі Бағыты: Экология МАЗМҰНЫ: Кіріспе …………………………………………………………………………………………………. І.Топырақтын табиғаттағы…