Зерттеу жұмысының авторы  Қаржаубаева  Ақмейірім  бұл тақырыпқа мейлінше мол дайындықпен келген. Өйткені Мағжан Жұмабаевтың зерттеу жұмысында талданған кейбір өлеңдері мектеп бағдарламасына енгізілмеген. Автор жұмыстың басты мақсатын жете түсініп, тақырыпты аша білген. Атап айтқанда, сөз зергері Мағжан Бекенұлы Жұмабаевтың поэзиялық шығармаларын жете талдап түсіндірген. Мағжан рухымен сырласа отырып, ақын поэзиясының  бейнешілдігін өлеңдеріне сүйене отырып дәлелдеген,  тілдік, суреткерлік шеберлігін,  символдық бейнелерді  талдаған.

Сұңғыла суреткер ақын Мағжан Жұмабаевтың әлем әдебиетінде алатын орнына баға беруге ұмтылған 11-сынып оқушысы  Қаржаубаева  Ақмейірім  бұл жұмысты жазудағы басты мақсатына жеткен.

Жетекшісі:       Сарсенова.Ж.И.

Зерттеу жобасының құрылымы:

Тақырыбы: « Мағжан Жұмабаев өлеңдеріндегі символдық бейнелер»

 Проблемасы :     -ұлт жүрегінің символы іспетті Мағжанның ойлау жүйесі кемелдігімен өзгеше: Мағжанның шығармашылығы әлі де жан-жақты зерттеуді қажет етеді.

Проблеманы  шешудің  болжамы:

-Мағжан  бейнешілдігі  Тәуелсіз  Қазақ  Елінің мемлекеттік символдарының негізіне айналуы;

-Мағжанның  кемел ойын өрістету, өрбіту  келешектің, қазіргі жас ұрпақтың ісі болмақ;

Пәні: қазақ әдебиеті

Нысанасы:  Мағжан  Жұмабаев  поэзиясы

Мақсаты:         –  Мағжан  Жұмабаев өлеңдерінің  көркемдік  әлемін аша отырып,   символдық бейнелерді таныту,суреткерлік шеберлігін  тақырыпқа сай зерттеу, зерделеу;

Міндеттері:-Мағжан өлеңдеріндегі символизм айшықтарын көрсету;

-ақын өлеңдерінің бүгінгі күн үшін маңыздылығын ашу;

Әдіс-тәсілдері:салыстырмалы талдау, жүйелеу, талқылау, жинақтау, тұжырымдау,іріктеу

Дерек  көздері: ақынның өлеңдер жинағы, газет-журнал материалдары, хрестоматиялар

Жоспары:

 І. Кіріспе  бөлімі:

 1.1.Мағжан Жұмабаев – қазақ поэзиясына символизмді енгізген алдыңғы қатарлы алғашқы  ақындардың бірі.

 ІІ.Негізгі  бөлімі:

  1. 1.Мағжанның өлең өрудегі символдық бейнелерді құбылту шеберлігі.

 2.2. Мағжан бейнешілдігі- Тәуелсіз  Қазақ  Елінің мемлекеттік символдарының негізі.

 ІІІ.Қорытынды бөлімі:

3.1. Құтты сөзі мәңгі жасайтын ақын.

     «Мағжан  Жұмабаев  – барша түркі жұртына кең танымал  ақын, оның асқақ, нәзік  лирикалық сарында жазылған  бірегей туындылары бүгінгі  буынға  үнемі рухани нәр беріп келеді.  Рухани  жаңғыру арқылы тарихын  түгелдеп жатқан   Қазақстан  халқы  Мағжан  сынды біртуар перзентінің есімін мәңгі есте сақтайтын болады»

Н.Ә. Назарбаев.

Өткен ғасырдың 30-жылдары түркі әлемінің тарихында ең ауыр кезеңдер,елін сүйген ерлердің басына қауіп-қатер төндірген қаралы күндер ретінде мөрленіп қалды. Қазақтың найзағайдай жарқ етіп көзге түскен біртуар арыстары А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы,М.Жұмабаев  сияқты ағартушы, азаттық сүйгіш халық күрескерлерінің  тағдырлары қайғылы да аянышты болды.Мақсат-армандары, өмірлік ұстанымдары өз ұлты шеңберінен шығып, жалпы Күншығыс мүддесі жолындағы күреске айналған ұлы тұлғалар еді.Өз ұлтын,халқын шексіз  сүйген зиялыларды үрім-бұтағымен жоймақ болған ондай заманды ешқашан ақтауға болмайды ғой деген  ойға келдім.

Арлы жүрек қашан да асыл мұратты аңсайды. Ол мұрат жеке бас мүддесінен  емес,  Отан мүддесінен туады. Қазақтың мамыражай заманға жетуін тілеген, ұлтының кемел келешегі бар екендігіне сенген үркердей топтың ішінен Мағжан ақынның шынардай тұлғасы айрықша сәуле шашып тұр.

Тұлпар мініп, туды қолға алайын,

Суырып қылыш, қан майданға барайын

Жердің жүзі кім екенін танысын,

Жас бөрідей біраз ойын салайын!

Тірілтейін алып атам аруағын,

Тазартайын  Сарыарқаның топырағын.

Жан-жағына тегіс билік жүргізіп,

Кемеліне келсін кейінгі ұрпағым!

Ақын елінің атынан сөйлейді.Бұл ұлтына арнаған үндеу секілді.

Мағжан Жұмабаев- поэзия әлеміндегі жарық жұлдыз, қайталанбас құбылыс.Оның қуатты, бойға жігер, жүрекке от беретін рухты үні, ізденістері, жаңашылдығы қазақ әдебиетін биік деңгейге көтерді.Мағжанның ішкі шығармашылық құдіретін жұрттан бұрын байқаған  Мұхтар  Әуезов былай деп жазды: «Абайдан кейін  Мағжанды сүйемін…  Мағжан-мәдениеті зор ақын.Өлеңді музыкаға айналдырған, дыбыстан сурет тұрғызған, сөзге жан бітірген, жаңа өлшеулер шығарған.  Бұл бір заманның тегінен асқандай, сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай…Сондықтан келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз- Мағжанның сөзі».  Жазушының  өз ойын ашық айтуы Мағжанның шығармашылығына берілген баға еді.

ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік бейнешілдік  стилімен дараланған Мағжанның жаңашылдығы әлем әдебиетіндегі символизмнің пайда болуымен байланысты. Символ троптың бір түрі ретінде танылып, оған мынадай анықтама беріледі: «Бір нәрсені тура суреттемей, ұқсас басқа бір нәрсеге, не құбылысқа құпия теліп, жасыра жарыстырып, бүкпелей бейнелеу,ойды ашық айтпай,тартымды тұспалмен түсіндіру.».Әдебиеттанудың терминдер сөздігінде: «Символ– ойды астарлап, басқа нәрсені суреттеу арқылы жасалатын нақтылы сипаты бар балама бейне» деп көрсетілген.

Мағжан- қазақ әдебиетіне жаңа ағым әкелген  ақын ретінде танымал. Ол түркі тілді ақындар арасында орыс және Еуропа әдебиетінен қазақ поэзиясына символизмді  енгізген алдыңғы қатарлы алғашқы ақындардың бірі болды.  Символизм – орыс және Еуропа  поэзиясына жай ғана еліктеу емес, поэзияда түркілік көркем ой-сананың жаңаруы, «ағаштың ар жағындағы орманды көре білу» қабілетінің белгісі еді. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында әдебиет пен өнерде қалыптасқан мистикаға, декаденттік сарындарға бой ұрған ағым.Орыстың символист ақыны В.Брюсов басқарған  Мәскеу әдебиет институтында оқыған жылдарында (1923-1926) Мағжан шығармашылығында шұғыл өзгерістер орын алды.Ол қазақ әдебиетінің жаңа арнаға түсуіне салмақты үлес қосты.Ақынның айтуынша, адам баласын  абақтыға жабуға, қинауға, азаптауға салу мүмкін, бірақ ой-санасын ешқашан қамай алмайсың, оны қинап, азаптау да мүмкін емес.Оның  құдіреттілігі соншалық- ұшы-қиырсыз өлкелерді аралап, көкке бойлап, ұшып жүре береді, ал абақтыда жатқан тұтқын адамзатқа азаттық күйін арнайды, тәуелсіздік әнін салады…

«Символизм» ұғымын ақын қазақтың сезімін сергітіп, намысын оятып,бойына қуат, ойына от беріп,жасыған жанын жадырату үшін пайдаланған.Мағжан басқа ақындардан символизм рухында жазған өлеңдерімен ерекшеленеді.

Мағжан символизмі  бүкіл түркі халықтары әдебиетінде өзіне тән, қайталанбас құбылыс болды. Кең байтақ даланы тамашалап, еркін өскен елінің   тарихы мен ертегі-аңыздарын құлағына құйып  ер жеткен Мағжан бойында  өршіл  ұлттық рух кемерінен асып төгіледі:

Шынында, менің өзім де-от,

Қысылған қара көзім де-от.

Мен- оттанмын, от-менен,

Жалынмын мен, жанамын

Оттан туған баламын.   Ақынның « от» деп отырғаны-халықтың ұлттық рухы.Ұлттың  тарихи зердесін оятып, рухын көтеру арқылы  ел тәуелсіздігіне қол жеткізуге, әлем халқына өз өркениетіңді танытуға болады деп есептейді. Мағжанның  «От» дейтін жыры  бір мезетте,бір деммен жазылған. Өйткені, мөп-мөлдір,тап-таза, келісті он түйдек мөлтілдеген меруерттей боп түскен.  Әр түйдегі -8 жол. Ырғағы да, ұйқасы да келісіммен өрілген. Жырдың қуаты, мазмұны, рухани кеңістігі ересен. Оған:

Жүрегім де,жаным да- от,-

Иманым да, арым да –от- дегені айғақ.Өзі туралы жазылған романтикалық сарындағы өлеңде  «от», «күйермін»,«жанармын» сөздері жиі кездеседі. Соған қарағанда «от» пен «жалын» суреткердің символдық бейнесі болған іспетті.

Жалынмен жұмсақ сүйеді,

Сүйген нәрсе күйеді.

Жалын жұтам – тез тоям,- дей келе, от пен жалынды бейнелеуде шебер теңеу таба білген.

Кейде жылан арбайтын,

Кейде аждаһа жалмайтын.

Май құямын – өрлейтін,

Құлашын көкке сермейтін

Оттан,жалыннан

Сескенбес, сірә, кім сенен,- деп ,«От» өлеңін қорытындылаған. Жүрегі, ұлтына деген махаббат қызыл шоқтай қызған ақынымызды «От» пен «жалынға» теңеу

орынды болар еді. «От» өлеңінде қанында оттай ойнаған  қуатты екпін мен жігерлі сөз нөсерінен отты құйын ойнатады,қазақтың өліп жатқан санасындағы қорқынышты отпен аластап, қуалап алып шықпақшы болады.Өзін – Күнге, отқа балайды:

Мен жалынмын, жанамын,

Оттан туған баламын…

Жарқырап от боп туғаннан,

Белімді бекем буғаннан,

Қараңғылық дұшпаным,-деп жырлай отырып, өзінің өмірлік мақсат-мұратын айқын паш ете білді. Еш нәрседен жасқанбай,от болып лапылдап, жанар таудай жарылғысы келетінін көрсете алған.

Мағжан «Мен кім?» атты өлеңінде өзінің суретін де, келбетін де көрсете білген. Ол жер бетінде –Арыстан мен Жолбарыс, көкте- баршаны нұрына бөлейтін Күн, ожарлығы ұстаса-телегей Теңіз, жүрген жерін күлге айналдыратын  От, өзгелерді шаң қаптырып кететін  Тұлпар…

Күннен туған баламын,

Жарқыраймын, жанамын.

Күнге ғана табынам.

«Мен-Күн ұлы, көзімде күн нұры бар»,-дейді Мағжан. Дәл осындай мотивтерді еш ақыннан таба алмаймыз,Мағжан  осы тұста кез келген Еуропа ақынынан әлдеқайда биік тұр.Күн- символ ретінде бар.Жалғыз Тәңіріге табынатын қазақ дүниенің сырын терең сезінген. Көктегі Күнге, Айға, Жұлдыздарға қарап, бір Жаратушыға сыйынған. Ұлы  дала тұрғындары игілік  атаулыны Көктен күткен. Нұр Көктен түссе, бостандық та Көктен.

Көк есігі ашылды,

Жұмақ нұры шашылды

Келді ұшып  бостандық.   Ақынның  ойлау қабілеті орасан, сезімі сергек, жүрек жылуы мол екенін түсіндім.Сондықтан  да ол күллі адам баласына шуақ сыйлағысы келеді.Мағжан туған халқын ең биік тұғырдан түсіргісі келмейді. Ұлтының тектілігін Күн нұрына малынған қуатты жырлары арқылы анық көрсете білді.

Күншығыста ақ алтын бір сызық бар:

Мен келемін, мен Пайғамбар-Күн ұлы,-деп, көңілі көсем, от рухты сиқырлы даланың баласы ғайыптың елшісіндей,ұлы тілектің, асқақ мұраттың, парасатты ұстанымның пайымшыл көзқарастың жарығымен, қуатымен нұрланған жанды суреттеулерге жүгініп,жер-дүниені дауылпаз дауысымен дүбірлетеді.Ақын Күннен туған Гунның тікелей ұрпағы қазақ елінің қажыр-қайратына кәміл сенді. Мағжан қазақ елінің бас болар күнін күтті.Халқын Пайғамбарға теңеуінің себебі осында.

Мағжанның әрбір өлеңі сөзсіз бірер детальға, тарихи оқиғаға, тарихи тұлғаға сүйенеді.

Мағжанның барлық өмірі – поэзиясында. Ақын өлеңдерінің көпшілігі негізінен халқының, ел – жұртының  тағдырына бағышталған. Ақынның еліне, халқына, бүкіл түркі тілдес, қандас халықтарға деген сүйіспеншілігі. Тағдырға кездескен барлық қиыншылыққа қасқайып қарсы тұрған ол өзін табиғаттағы айналамыздағы заттар мен құбылыстарға жел, от, су, күн, көбелекке балаған. Қарапайым ғана көріністер мол сырға ие болып,жол,дала, көк, аспан,жел, бұлт бәріне де жан бітіп, адамның өзімен тілдескендей болады. «Жел бол!»-дедің, жел болып еспедім бе? Желдей жынды есалаң екпінді боп, заулап тұрған отқа өзім түспедім бе?!» немесе «От бол!»-дедің, от болып жанбадым ба? Күйдірмей, сірә, нәрсе талғадым ба?- деген жолдардан ақынның өршіл рухы көрініп тұрған жок па?

Өзінің ақындық жолын, өлеңдерін сылдыраған суға, жүз бұрлаған жыланға, айдың сиқырлы сәулесіне теңейді.

«Су бол!»- дедің, сылдырап ақпадым ба?

Жыландай жүз бұралып жатпадым ба?

Ерікті – еріксіз суымнан татар жанды.

Сиқырлап сылдырменен  таппадым ба?..

«Ай бол!»-дедің, Ай болып жүзбедің бе?

Анадайдан сиқырлы сәуле төгіп,

Талайлардың өзегін үзбедім бе?( «Жан сөзі»)

«Бір күні құшағына олар өлім, қара жерді құшақтап мен жатармын» деп «Өзекті адамға бір өлім» деген ой айтады. Шәкәрімше «тумақ бар да, өлмек бар» дегендей, еш нәрсенің мәңгілік еместігін, өмірдің диалектикалық заңын айтқан.  «Өлгеннен кейін мені халқым қалай бағалар екен» деп толғанады. Елім «жел еді, желді жыр ғып өтті дер ме!» әлде «ойы жоқ, ессіз от- деп күлер ме?!» деп асқан сезімталдықпен  ішкі психологиялық өзгерістерін  суреттеген.

Ақынның лирикалық қаһарманының, яғни өзінің бүкіл тұлғасы, образы, мінезі өмір шындығымен ұштасып жатады.Халқына жарық таң атып, Ай мен Күн шапағы тиіп, нұрлы өмір туарына сеніп өткен.  Әдебиетте Абай  салған дара жолды жарқыратып, саналы да сапалы өлеңдерін кестелеген ақын риторикалық сұраулы сөйлемді де шебер қолданған.Болашақта елінің оны (Мағжанды) жоғары бағалайтын болжап кеткендей ақын:

«Қызыл гүл ед,солды!»-дер ме?

«Сермеп ед алтын Айға қолды!»- дер ме?

«Қажымай Айға шапқан арыстан ед,

Сабаз-ай, сол жолда мерт болды!»-дер ме? («Жан сөзі»)- деп жырлайды.

«Сұлулықтың асығы – жыршы!»-дер ме?

«Жүректің сырын шешер сыршы!»-дер ме?-дегендей, Мағжан атамыздың жемісті еңбегінің сиқырлы күшін осы зерттеу жұмысымды  жаза отырып сезіндім.

Мағжанның жүрек сырын жеткізетін құралы- оның поэзиясы. Ақынның жүгінері де,сырласы да-жүрегі. «Жүрегім,мен зарлымын жаралыға» деп жырлаған ақын үшін «жүрек»-өмірдің символы. «Жаралы жан» өлеңінде  ақын  жүректі бірде ыза, бірде шарасыздық бірде күш-қайрат, мейірім бейнесінде шебер қолданған.

Қысылған сорлы адамның шыбын жаны

Шапшып тұр, жүрегінен ыстық қаны.

Ішті өртеп, жүректі де  елжіреткен,

Күңіреніп сол сорлының сарнағаны:

Жүректі жара жеп барад,

Жасаған-ау,қалай шыдайды?!

Соқпа, сорлы жүрегім,

Шірі енді, ақ білегім!

Қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымы арнасында  Мағжан жанды, көбінесе,жүрек бейнесінде жырлайды:

Өзгеріссіз өмір сорға айналмақ,

Жүйрік жүрек сұр өмірде байланбақ.

Шын адам сол- ылғи шаттық жырымен,

Жүрек  қалай қуса, солай айдалмақ.

«Өз жүрегінің қалауымен , жан-дүниесінің тілегімен ғұмыр кешкен адам ғана  бақытты» дейді ақын.Бірақ  Мағжан ғұмыр кешкен заман ақынның өз жүрек қалауымен өмір сүруіне мүмкіндік бермеген сияқты.Тағы бірде:

Уланды жүрек, жан күйді,

Ішім толған қызыл шоқ.

Не себептен, тәңірі ие,

Денеге ем бар, жанға жоқ,- деп күңіренеді.Бұл пәнидегі өз ғұмырының , жалпы адамзат тіршілігінің мәніне ой жібереді.

Әншейін өмір деген ермек үшін,

Күні ертең соғар жүрек өлмек үшін.

Ойланып қалай ғана    уланбассың,

Берлсе адамға өмір өлмек үшін,-деп адам жер бетінің қонағы, өзекті жанға әйтеуір бір өлім келетінін қысқа да нұсқа тұжырымдай білген.

Мағжан символизмі қазақ әдебиетін Абайдан соң тағы бір белеске көтергені дау туғызбайтыны ақиқат. Абай көп қолданған  «жүрек» символымен табиғи байланыстағы  «жан» ұғымының заман шындығын Мағжан поэзиясының  астарлы мәнін ашар көркемдік қызметі бар.

«Кіршіксіз таза махаббат кімде болу керек?-деп жазады ол.-баласын сүйген анада болу керек. Сүйген ашық жарда болу керек. Жүректі елжіретіп ерітетін, өлгенді тірілтпесе де, өшкенді жандыратын өмірдің қызығы, ләззаты –осылар.  Бұларсыз  өмірде  мағына жоқ».

Мағжан шебер қолданған символдардың бірі- «у».

Азамат! Анау қазақ қаным десең,

Жұмақтың суын апар, жаным десең.

Болмаса, ібіліс бол да у алып бар-

Тоқтатам тұншықтырып жанын десең!..(«Жаралы жан») у қайғыға тұншыққан жанның дертіне дауа дей отырып, шарасыздық халді бейнелеген.Бұл-халқына жаны ашып, жүрегі ауырған азамат үні. Ақын халқының жан жарасына жырын дәру етіп тартады.

Қасірет батты жаныма,

Уға толды жас жүрек.(«Орамал») Бұл өлеңіндегі «у» сағынышты білдіреді.

Жел өндірді у жырын,

Жырлады ,құшты, улады,

Біліп алды бар сырын.(«Ескендірдің екі мүйізі») Бұл өлеңіндегі «у»- арбаушы.

Ақын  шексіз  терең  ойға батып, ішкі халіне  ем іздеу үшін   «у» символын шебер қолдана білген.Мысалы: «Ой» өлеңінде:

Ой деген у-

Ауызға алсаң, қандырар.

Ой деген у-

Жанды есінен тандырар.

Ой улады-

Жаным ессіз, жаным мас.

Ой улады-

Жүректе зар, көзде жас.

Ой улады-

Көмір болды жүрегім.

Ой улады-

Сарғаямын, сөнемін!-деп, ішкі жан-дүниесін  ашық айтады.

Ақынның қара сөзбен жазылған «Балапан қанат қақты» атты шығармасындағы амалсыз қанат қаққан жас балапанның жанына жайлы пана іздеп аласұруы- ақын көңіл күйінің де символы еді. «Балапан» символы кейбір өлеңдерінде  кездеседі.

Зарлайсың ғой жетім боп,

Бесікте қалған балапан!( «Жаралы жан»)-деп,пессимистік сарынға салынады.

Жас қырандар- балапан,

Жайып  қанат ұмтылған

Көздегені көк аспан,

Мен жастарға сенемін! («Мен жастарға сенемін»)-деп, болашақтың иесі жастарды қанатын қағып талпынған балапанға теңейді,зор сенім артады. Көз алдымызға буыны бекіп, топшысы қатпаған, бірақ көк аспанға құмартқан жас қыран келеді.

Ақын өлеңдеріндегі «арыстан» ұғымы қуаттылық пен күш-қайраттың символы ретінде берілген.

Арыстан елге Отан болған Тұран,

Тұранда қазағым да хандық құрған,

Алаштың арыстаны-Абылай ері..( «Түркістан»)

Арыстандай айбатты,- ( «Мен жастарға сенемін») деп қолданады.

Ахмет Байтұрсынов та Мағжан поэзиясы жөнінде пікір қозғайды. «Әдебиеттанытқыш» атты еңбегінде ғалым өлең табиғатына байланысты тексерулерін үнемі Мағжан шығармаларына сүйейді, Абай туындыларымен бірге үлгі есебінде ұсынады. «Әдебиет танытқышта» Мағжанның толқынды қалай кескіндегені көрсетілген:

Толқынды толқын қуады,

Толқынмен толқын жарысад.

Күңіренісіп кеңеспен,

Бітпейтін бір егеспен

Жарысып жарға барысад.

Толқын мен толқын сырласып,

Сырларын еппен ұрласып,

Толқынға толқын еркелеп,

Меруерт көбікке оранып,

Жыландай жүзге бұралып.

Жарға жетер ентелеп…

Толқын бірде жылан болып бүктетіледі, бірде балаша былдырлайды,жарын құшып өліп те кетеді.Толқынды  жандандырып, адам кейпінде суреттеп, құбылту – троптың кейіптеу тәсілін   шебер таңдай білген.

Әркім дүниені әрқилы көреді. Өз жүрегімен таниды. Бірақ сол дүниенің көңілге түскен әсерін бәріміз бірдей қалыбында шыншылдықпен көркем кестесіне түсіріп бере алмаймыз. Ол хас таланттың қолынан ғана келмек.

Мағжан толқынға жан бітірген:

Сылдыр, сылдыр,сылдырлап,

Бірінің сырын бірі ұрлап.

Толқынды толқын қуады.

Жарына бал береді,

Береді де өледі,

Өледі толқын,тынады,- дейді. «Толқынның өмірі де мәңгі емес, ол да өледі» деген пікір айтады. Өлеңнің ішкі сырына үңілсек, толқын өлімі мәңгілікке жалғасқан өлім, жарына бал беріп, рақат тапқан өлім, ол мың қайталанып, мәңгілікке жалғасып жатар тіршілік.Көз алдымызға үлкен айдын орнатады. Мың құбылған сезімге бөлейді.

Жансыз дүниеге «жан бітіріп» кейіптеудегі Мағжан жеткен өрені тағы да бір үлкен ақынымыз Әбділдә Тәжібаев ақындықтың биік мәдениетіне балайды. Нағыз ақын жолдары қанған жазылса да, ескірмек емес. Бүгін оқысаң – бүгінгінің, ертең оқысаң – ертеңгінің сырын айтуға жарайды. Әбекеңнің Мағжанды «өзі бір жанып тұрған жарық сияқты» деуі осындай ойларданда туса керек. «Толқын» өлеңінде,- деп жазады Ә.Тәжібаев,- өзен,тұнған теңіз дүниесі де ақын өмірінің бір шындығы секілді. Судағы қуаныштың қалай басталып, қалай аякталғаны алты жолдық өлеңді ұзақ хикаяға айналдырып жібергендей».

Мағжан орыс және басқа да еуропалық ақын – жазушылар шағырмаларын көп оқып, олармен жақсы танысқан, шығармаларын сондай әлемдік дәрежеде жазуға талпынған. Мағжан еуропалық ақындардан немістің әйгілі ақыны Гетені тереңірек оқыған. Гетенің шығармашылығында мистикалық кейіпкерлер негізгі орын алатынын ғалымдар дәлелдеген  «Пайғамбар» өлеңінде:

Күнбатысты қараңғылық қаптаған,

Күні батып, жаңа таңы аптаған.

Түнеріп жүр түннен туған перілер,

Тәңірісін табанына таптаған…

…Түн баласы түнерген түн жамылған,

Аллаға емес, әзәзілге табынған, – деген жолдарда ақын жын,пері,әзәзіл сияқты образдарды бір жағынан кертартпа заманның надан адамдарын жеріне жеткізе көрсету үшін, екінші жағынан ұлттық сана – сезімде қалыптасқан, қазақтың ертегі, аңыздарында жүретін халық сеніміндегі осы кейіпкерді тарихта, келер ұрпаққа қалдыру үшін қолданған. Бұл мистикалық образдар болса да, ақын олардың халық ұғымындағы мәңгілік образдар боларына сенген. Жалпы ақын нені жырласа да, ұлт тағдырын естен шығармады.

Символизм – дүние жүзі әдебиет дамуының белгілі сатысы екенін де естен шығармау керек.Символистер поэзияда бұған дейін кезікпеген,қолданылмаған үйлесімдерін іздестірді.Айталық, қазақ поэзиясының әуезділігін күшейткен қай ақын десек, «символист» деп талай кінә тағылған М.Жұмабаев есімін атамасқа амал жоқ.

Сылдыр,сылдыр,сылдыр…

Қанымды қайнатты құрғыр.

Шық-шық жүрекке тиеді,

Күлпәра талқан боп сыңғыр!

Сылдыр,сылдыр,сылдыр,

Өзекті өртеді құрғыр

Әдейі іргеден жүреді,

Сұлу қыз санадан солғыр!

Үзінді атақты «Шолпы» өлеңінен алынып отыр.Адам тағдырындағы өзгерістер толқындардың бірін-бірі қуып жетіп жатқан қозғалысы арқылы бейнеленген.Үнді, ұяң дыбыстарды пайдалану арқылы  жігіт пен қыздың бір-біріне деген ішкі құштарлық сезімдерін өлең шумақтарындағы үзіліп бара жатқан дыбыстардың нәзік жаңғырығы арқылы образдар жасайды. Шолпының сыңғыры,ойнатқан күйі сан ақыл жырлаған бұлбұл әуезінен несі кем? Күннің жібек сәулесінен тоқылған осы жыр, астарында қандай сыр бүккен? Сұлулыққа табыну ма? Әлде жер басып жүргеніңе тәубе еткізетін өмір күйі ме? Меніңше, осы өлеңде соның бәрі өрнектелген.Дыбыстарды қайталап үндестіру арқылы сол дыбыстардан өрнек өріп, өзінің сезім күйлерін, ғашығына  ыстық та ынтызар көңілін келістіре өрнектеген. Қыз шолпысының сылдыры музыкалық әуендей естіледі. «Сылдыр, сылдыр, сылдыр» сөздерін қайталау арқылы өлеңнің саздылығын үдеткен, эстетикалық қуатын күшейткен, сұлу қызға іңкәрлік сезімін қалтқысыз бере білген.

Мағжан- өлеңдерінде барлық тақырыптарды қамтыған ақын. Оның лирикалық кейіпкерлері елі, жері, ата-анасы, сүйген жары, тау – тасы, орман – даласы, қазақ азаматы, ұлты т.б болып кете берді.Мағжан үшін бай – кедей деген ұғым жоқ. Оның жүрегінде тек ұлт қана бар. Ол ұлты – қазақ елі. Ақынның қай өлеңін алсаң да, ақынның өз бейнесі «Мен мұндалап» көрініп тұрады.

Мағжан нені айтса да, көркемдік мақсатқа бағындырып, гүлдендіріп, түп тамырынан қозғап, қызықты толғайды.Мағжанның «Түркістан» өлеңі- түркі жұрттарының ұраны. Мағжанның  Түркістаны-«екі дүние есігі», «Ер  Түріктің бесігі», «Тәңірі берген несібі».Ақынның ойы да, сөзі де оттай маздаған, қорғасыннан құйғандай кесек-кесек, әрбір сөз, әрбір сөйлем жойқын қимыл-әрекетке ие болып тұр.

Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял,

Тұранның ерлеріне ер жеткен бе?-деген жолдарда  Мағжанның өз бейнесі де суреттелген бе     деп ойландым.

Мағжанның «Түркістан» өлеңі –«елім», «ерім», «жерім» деп соққан ақын жүрегінің қайнарынан төгілген отаншылдық жырдың шынайы да шебер үлгісі.Еліне, жеріне деген патриоттық шынайы перзенттік сезімі аңғарылады.Түркістанына, Тұранына ынталандыру үшін дыбыстарды қалай ойнатқан? Дыбыстардан керемет өрнек, сурет жасаған.Бұл жерді мекендеген халықтар бір кіндіктен жаралған деп білген, таныған.  Мағжанның ерлігі сол Тұран рәмізін түркі халықтарын бірлестіруге үндейтін жігерлендіруші күш ретінде пайдаланды.

Шер батса кім іздемес туған елін,

Тұлпар да көксемей ме туған жерін?

Арқаның ардагері- қалың алаш,

Тұран да, біле білсең, сенің жерің!

Түркі еліне мұндай ұран тастау өте қажет еді, көтерілген идея тыныштықты сақтауға  шақырды. Мағжан бұл өлеңінде Түркістанның қазіргі болашағын дұрыс болжай алғандығын  түсіндім.

Мағжан- қазақ поэзиясының  саздылығын, әуезділігін арттырған, арғысы француз, бергісі орыс символистерінің өлеңдерінен дәстүр тапқан ақын. Еуропа ақындарының  шығармашылығындағы мөлдір бұлақтан сусындай отырып, оны қазақ поэзиясының сұлулығымен үндестіре білген ақын. Ұлы Абайға еліктеп, ұстаз жолын ұстанғанымен, өзінше жол табудан жалықпай, көп ізденген ақын. Өлеңдеріндегі табиғат суреттері, тылсым шақтары ақын көңіл күйімен , мұң-қайғысымен, қуаныш-шаттығымен қат-қабат келіп отырады. Ақын қолданған «тұлпар» символы сарқылмас күш-қуатқа ие жастардың бейнесін береді.

Қажу бар ма тұлпарға,

Талу бар ма сұңқарға,

Иман күшті оларда

Мен жастарға сенемін!(«Мен жастарға сенемін!»)

Мағжанның оптимистігін оның қолданған символдарының Тәуелсіз Қазақ Елінің мемлекеттік рәміздерінен көрініс табуымен дәлелдеуге болады. Елдіктің белгісі-Елтаңбадағы ең маңызды әрі басты деталь-тұлпар, жай жылқы емес, қос қанатты пырақ. Жылқы- бұл қазақ халқының тегі. Қазақтың бір  арманы- сәйгүлік мініп, желмен жарысқандай күйде қиын күндерді артқа тастап, болашаққа тез жетуі.Бұны  Мағжан:

Тұлпарға мініп бір шапсам,

Болмас еді бір арман! («Жаралы жан»),-деп, жырға қосады.  Олай болса, Елтаңба композициясындағы тұлпар бейнесі-ай мүйізді , алтын қанатты қос пырақ бейнесі.Бұл-нағыз ерліктің, қайсарлықтың белгісі еді. «Ер қанаты –ат» демеп пе еді бабам қазақ?! Қанат-бұл жебеуші, құтқарушы, сиқырлы күш, асқақ арманның нышаны.

Күштісің ғой құдірет,

Періштеңе әмір ет!

Қанатпен бір сипасын,

Жазылсын ішкі-тысқы дерт ( «Жаралы жан»), -дейді ақын.

Жас қырандар- балапан,

Жайып қанат ұмтылған

Көздегені көк аспан,

Мен жастарға сенемін! («Мен жастарға сенемін!») Бұл өлеңдердегі балапандардың қанатын жаюы- күш жинау, талаптану,алыс армандарға бет алу деп түсіндім. Халық мұрасындағы қанаты бар  тұлпар бұл арғымақтың мистикасын айқындай түсетін элемент, қандай да бір тылсым күшке ие екенін білдіретін деталь.Ал Елтаңбадағы қанатты арғымақ  биікке ұмтылу, төменнен жоғарыға  көтерілу-әлемдік өркениетке жетуді білдіріп тұр.Асқақтық, самғау, биік мақсаттарға жету біздің халықтың жаңа заманда игерген жаңа танымы.Қанаттың өзі алтын түстес болуы молшылықты білдіреді.

Көк туымыздағы алтын күн астындағы,  Астана төрінде асқақтаған  «Қазақ елі» монументіндегі басты бейне қанатын жайған қыран құс ақынның көп өлеңдерінде кездеседі. Қанатын жайған қыран құс- бар нәрсенің бастауындай билік, айбындылықтың белгісі. Ұлан-байтақ кеңістікте қалықтаған қыран елдің еркіндік сүйгіш асқақ рухын, қазақ халқының жан дүниесінің кеңдігін  паш етеді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының ең басты жүгін көтеріп, оған негіз болып тұрған –шаңырақ, ол-Елтаңбаның жүрегі. Шаңырақ бейнесі- бүкіл қазақ елі үшін  тіршіліктің , шексіз өмірдің нышаны.

Көп түрік енші алысып тарасқанда,

Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?( «Түркістан») ,- деп, ақын қазақ жерін бүкіл түркі баласының қасиетті  Отаны ретінде жырға қосқан.Елтаңбаның маңдайшасына бес бұрышты жұлдыз салынған. «Жұлдыз» сөзін бағалы, болашақ күндердің  еншісіндегі құндылық ретінде жырға қосқан:

Жет, жұлдызым, жылжып қана жібектей,

Жұлдызды-жүзік, Айды алқа ғып берейін.( «Жұлдызды –жүзік, Айды алқа ғып берейін») .Өлеңде қымбат адам да, асыл мұраттар да «жұлдыз» символына айналған. Жұлдыз- адам жанының көктегі көрінісі, қазақ «жұлдызым жоғары» деп сыйынады.Бұл да санадағы тәңіршілдіктің  бір белгісі деуге болады.Олай болса, әрбір азамат сол жұлдыздың салған жолына сеніп, қиын уақытта оны бағдарға алып, әрқашан жаңа жолға, жарқын болашаққа жетелейтініне  сенім артуы қажет деп ойлаймын.

Сонымен қатар Мемлекеттік Туымызда « Күн» символы  ақын өлеңдерінде  кездеседі, нұрға малынған алтын күн тыныштық пен байлықты, салтанатты заманды бейнелейді.

Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз –бабам тілі, сен қалдың! ( «Қазақ тілі») Аспан денесінің уақыт өлшеміне, заман бейнесіне айналғанын байқауға болады.  Міне, «Символизм» дегеніміз осы .

Күлкің, Күнім, күндей күміс табаққа,

Мінсіз сұлу меруертті шашқандай («Жұлдызды- жүзік, Айды алқа ғып берейін»).Көз алдымызға айналасына алтын сәулесін аямай төккен Күн бейнесі келеді.  Күн-қозғалыс, даму, өсіп-өркендеу , өмір, уақыт, замана белгісі.

Мемлекетіміздің өркендеуі мен нығаюының кепілі тарихи мән-маңызы зор  «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасы мен  Тәуелсіздік монументіндегі барыс бейнесін де символист ақынның поэзиясынан кездестіреміз. Жастардың бойындағы қайрат пен тасыған жігерді, барыстың бейбітшіл, қанағатшылдығын мына жолдардан байқауға болады:

Жолбарыстай қайратты,

Мен жастарға сенемін!( «Мен жастарға сенемін!»)

Жолбарыс жүргенінде маң-маң басып,

Жүрегі, қайратына көңілі тасып…

Жаңадан жолбарыстай ұмтылармыз,

Көрелік төңіректі, тек таң атсын!( «Есімде… тек таң атсын») Мағжан осындай символдық бейнелер арқылы халықтың бойына жігер, ойына қуат, рух береді,өзіне-өзі баға беруге үйретеді, ұлттық сана-сезімін ояту арқылы болашаққа сеніммен қадам басуға тәрбиелейді.Оқырманның сезімін басып, көңіл күйіне ықпал еткен. Символист ақындардың көпшілігінде кездесе бермейтін оптимистік сарын оның  «Мен жастарға сенемін!» өлеңінен байқалады. Жастарға сенім артып, болашаққа өз қадамдарымен жол тауып барғанды жөн көреді, небір қиын асуларды бұзып-жарып өтулеріне көмектесіп, жігерлерін қоздырып, қандарын ойнатып, бойларына күш-қуат береді.Өз халқының бойындағы биік рухқа сенген, сол рух қайта бір дүр сілкінсе, армандаған азаттыққа қол жеткізеді. Бұл- әлемдік өркениет көшінің алдыңғы лебіне қайта қосылуға болады деп үміттенген азаматтың парасатты да мақсатты әрекеті еді.

Мағжан  Жұмабаев өлеңдеріндегі  «күн», «барыс», «тұлпар», «қыран», «жұлдыз», «шаңырақ» т.б. символдары Тәуелсіз Қазақ Елінің мемлекеттік рәміздері мен ел болашағын айқындайтын мемлекеттік маңызды бағдарламалардың нышанына айналып отыр. Бұл ақынның ұлттық дүниетанымы мен көрегендігін, философиялық ой тереңдігін, елінің жарқын болашағына сенген оптимистік рухын да дәлелдеп тұр. Олай болса, Мағжан поэзиясы елімнің ертеңіне нық сеніммен баруға лайықты қазынамыздың бірі деп айтуға толық негіз бар.

Не көрсем де Алаш үшін көргенім,

Маған  атақ – ұлтым үшін өлгенім,- деп жырлаған Мағжан қазақ поэзиясын одан әрі биіктетуге күш салды. Қазақ әдебиеті кестесіне романтизм, символизм өрнектерін төкті.

Жырыммен жанымды жұбатам,

Жырымменен жұртымды оятам,

Несіне жас төгейін…

Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім!

Мағжан – қазақ поэзиясының шолпан жұлдыздарының бірі әрі бірегейі. Ол – артына өшпес рухани мол мұра, өлмес мәңгілік ескерткіш қалдырған ұлы ақын. Міне, Мағжанның барлық өмірі – поэзиясында. Өлеңдері романтикалық сезіммен өрілген. Ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы бар Мағжан атамыздың өлеңдері арқылы болашақ ұрпақтың отансүйгіш, елжанды, адал азамат болатынына сенемін!

Мен  өлмеймін, менің жаным өлмейді…

Сөзім құтты, табынамын өзіме,-деп ұйғарым жасайды.Иә, расында да Мағжан өлмеген! Оның құтты сөздері бүкіл түркі халықтары арасында мәңгі жасай бермек! Жер бетінде Қазақ елі мәңгі тұрғанда, осынау мәңгілік сарын еш уақытта сөнбейді, үзілмейді.Мағжанның рухани мұрасы- қазақ халқының жарқын болашағына мол сенімді құндылық.

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты-

Қырандай күшті қанатты.

Мен жастарға сенемін!

Мен сенемін жастарға

Алаш атын аспанға

Шығарар олар бір таңда

Мен жастарға сенемін!-деп Мағжан Жұмабаев армандағандай, қазақ елі өз тәуелсіздігін алып, керегесі кең, байтақ ел болды. Қазақ жерінде  тұратын әр адамның қасиетті борышы – атамекенін, елін, жерін сүюі, мәдениеті мен тілін сақтап, қастерлеуі. Бұл келер ұрпақтың, яғни ізін қуушы жастардың қолында екенін ақын осы өлең жолдарымен жеткізе білді.

Дүниеде Тәуелсіз  Қазақ елі бар,

Бүгіннен нұрлы,

Бүгіннен кемел болашағы бар,

Сол күнге берік сенім бар!-деп Елбасымыз  Н.Ә.Назарбаев  қазіргі жас ұрпаққа үлкен  сенім артып отыр. 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялап , жастарға қатысты мәселелерді шешу жолдарын ұсынуда.Жүзеге асырылып жатқан шаралардың бәрі  тәуелсіз  еліміздің келешегі жастар үшін жасалып отыр.Мен де өз еліммен мақтанып, алға зор сеніммен қараймын.

Жастық шақтың күш-қайратын  егеменді елімізді өркендетуге жұмсай білейік!

ХХІ ғасыр қазақ халқының жұлдызы жанатын ғасыр болатынына сенемін!

You May Also Like

СЕЛО БЕЗ МУСОРА, научный проект

МАҢҒЫСТАУ ТУРИЗМІ, ғылыми жоба

I.Кіріспе бөлімі. Туризмге түсінік беру. Қазіргі таңда адамдардың өмір сүруінің екі мақсаты…

Қазақ анимация тілі, ғылыми жоба

                         …

Бір түскен сәулесі едің жарық-нұрдың… Исабек Ишан кесенесі, ғылыми жоба

Ғылыми  жобаның тақырыбы: Бір түскен сәулесі едің жарық-нұрдың… Исабек Ишан кесенесі Бағыты:…