ІЛИЯС ЕСЕНБЕРЛИН ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ТАРИХИ ШЫНДЫҚ

Түйіндеме

Зерттеу мақсаты:

  1. Есенберлин өзінің тарихи романдары арқылы қазақ елінің Ұлы халық екенін, тәуелсіздік үшін табанды күресін көркем суреттеп оқырманға жеткізген  жазушы.

I.Есенберлиннің еңбектері – қазақ халқының азаттық жолындағы күресінің басшысы Кенесары, Абылай сынды тарихи  тұлғалардың батырлық тұлғасын  халыққа  таныстырған туындылар.

Гипотеза (болжам)

І. Есенберлин  өзінің тарихи романдары  арқылы  Кенесары бабасындай тұлғаға   қазақ халқын  «Алмас қылышқа»  теңеткен жазушы.  Алдағы уақытта  маған  әлі де болса тарихи  ірі еңбектерімен танысып,   республикалық ғылыми жобаларға  қатысып, өзіндік үлесімді қосу.

Зерттеу жұмысының   әдістері:  Әңгімелесу, сұхбаттасу,  жазушы еңбектерін жинақтап танысу, ой қорыту, қосымша ғаламтор деректерімен  жұмыс жасау.

Жобаның өзектілігі:

Арктиканың мұзына алғашқы болып шыққан  Ілияс Есенберлиннің еңбегін, қайраткерлігін,   ұлтжандылығын  насихаттау.

Күтілетін нәтиже:

Тарихи санаға  тарихи танымға  дұрыс бағыт-бағдар беру.

Зерттеудің жаңалығы мен дербестік дәрежесі:

  1. Жазушының өмірі мен шығармашылығы, қызметімен таныстым.
  2. Жазушы еңбектерін жинақтау арқылы қазақ халқының тарихына қатысты қосымша тарихи деректермен танысып, сипаттама берілді.
  3. Қазақ халқын өз тарихымен табыстырушы қаламгер .

Зерттеудің теориялық және практикалық мәні:

Ұлт тарихына, тіліне тұсау салынған кезеңде Қазақ хандығы туралы айтулы еңбекте қамтылған деректер тереңнен бастау алатын халқымыздың тарихының айбынын асырғаны жасырын емес. Қазақтың тарихы жарты ғасырдан бергі уақытта Ілияс Есенберлиннің есімімен байланыстырылады.  «Қазақтың тарихы  ХХ ғасыр басынан бастау алады» деген қасаң қағиданы  бұзып-жарып, ұлт санасында сілкініс тудырған қаламгер халық рухын көтерді. 2015 жылы жазушы мерейтойының  Қазақ хандығының  550  жылдығымен қатар келуі – тарихи заңдылық деп бағалаймын.

Пікір

Оқушы  өзінің ізденген тақырыбы бойынша  қосымша көркем әдебиеттерді жинақтап, жазушының тарихи романдарының маңызы мен мазмұнына, қазақ тарихындағы ұзақ та күрделі тарихи сара жолдың мағынасын тұлғалық ерекшелігіне сәйкес  мәлімет  алуға тырысқан. Жазушының «Көшпенділер» тарихи трилогиясын  «хандық дәуірдегі қазақ өмірінің энциклопедиясы десек артық  айтқандық бола қоймас» деп ҚР-ның бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, қазақ деген қасиетті халықтың  тарихи мұрасының маңызын  түсіне білген. Осы жұмысын зерттеу барысында  Қаракөл орта мектебінің  және Жамбыл ауыл округінің  кітапханаларына, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерімен сұхбаттасып, І.Есенберлиннің «Алмас қылыш», «Жанталас», «Қаһар», «Көшпенділер»  тарихи  романдарындағы  эпизодтарды  оқыған. Құлжан Нұрбергеннің  қызығушылығы басым, тарихи тілмен сөйлеуге, өзіндік ой пікірін  қорытуға  дағдыланғандығы байқалады. Зерттеу барысында І.Есенберлиннің тарихи  романдары арқылы ел азаттығы үшін арыстандай алысқан,  қазақтың соңғы ханы, қазақ халқының тарихында ең соңғы  Тәуелсіз хандық туын тік ұстаған әйгілі Абылайдың немересі,  Шыңғысханның  27-ұрпағы,  Кенесары Қасымұлы туралы қосымша деректермен  танысқанын оқушы мақтанышпен жеткізген. Құлжан Нұрбергеннің «І.Есенберлин шығармаларындағы тарихи шындық» тақырыбындағы жұмысының тақырыбы күрделі, ауқымдылығына қарамастан,  болашақта оқушы осы  тақырыпты өзіне  республикалық көлемдегі ғылыми жұмыс ретінде зерттеуді  мақсат етіп қойғандығы байқалды.

Пікір жазған жетекшісі:                                                    Суатова Фарида

Тарих пәнінің педагог-зерттеуші мұғалімі

Мазмұны: 

  1. Кіріспе                  
  2. Негізгі бөлім:

2.1. Ілияс Есенберлин кім?

2.2. Ілияс Есенберлин шығармаларының негізгі  тақырыбы- қазақ тарихы

9-15 бет

2.3. «Қазақ тарихының суреткері»

Кіріспе

    «Ілияс Есенберлин – қазақ әдебиетінің ғана емес, қазақ халқы тарихының төрінен алатын дара тұлға. Олай деуіміздің бірнеше себептері бар. Қазақ хандығының бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күресі тақырыбына қалам тартты. Қалам тартып қана қойған жоқ, өзінің эпикалық құлашы, халық өмірінің сан алуан қырын кең қамтуы, қазақ тарихының кемеңгер көсемдерінің қайталанбас бейнесін сомдауы жағынан өзге туындылардан оқ бойы алда тұрған талантты шығармасы – «Көшпенділер» тарихи трилогиясын дүниеге әкелді. Бүгінде дүниежүзінің көптеген халықтарының тіліне аударылып, әлденеше рет басылған жазушының осы еңбегін хандық дәуірдегі қазақ өмірінің энциклопедиясы десек артық  айтқандық бола қоймас».                                                                                                                 Нұрсұлтан Назарбаев

Ілияс Есенберлин – қазақ жазушысы. Ол 1915 жылы 10-қаңтарда қазіргі Ақмола облысы, Атбасар қаласында туған. 1940  жылы  Қазақ тау-кен институтын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1942-1947 жылдары Қазақстан КП ОК-нің нұсқаушысы. 1947-1967 жылдары Қазақ мемлекеттік  филармониясының директоры. Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының редакторы. 1967-1971 жылдары «Жазушы» баспасының директоры. Қазақ әдебиетінде  І.Есенберлин –  жазған романдарының саны ең көп аса көрнекті  жазушылардың бірі.

Бұл күнде біздің елімізде ғана емес, одан сыртқары жерлерде де даңқы жайылған  «Көшпенділер» трилогиясының авторы Ілияс Есенберлиннің осы заман тақырыбына жазылған шығармалары да алуан-алуан. Қазақ тарихындағы «Көшпенділер трилогиясымен» қатар, «Айқас» романы үшін жазушыға  Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығы  берілгендігі белгілі. Ал  жазушының «Алтын құс»  романы арнаулы конкурста жүлделі орынға ие болған.

«Ол  бір туындысында- ғылым әлеміндегі  терең тартыстарды салдарлы түрде әңгімелесе, екіншісінде – қазақ зиялыларының  революция дәуіріндегі іс-әрекеттерін, түрлі көзқарастарын ашуға барады, енді бірде  Қазақстандағы тың және тыңайған жерлерді игеру аттанысына алғашқылардың бірі болып үн қосады, жеріміздің қазба байлығын пайдалану мәселесіне ден қояды, тағы бір топ замандастарымыздың рухани өмірін, тұрмыстық, семьялық жағдайларын тереңдеп көрсетуге ұмтылады» [1],- деп  жазушының тек шындықты өткір жазатындығын  қосымша деректер тағы бір мәрте айғақтайды. Сонымен қоса, болған оқиғаны ірі әлеуметтік, таптық мәселелерді  ашық   түрде бейнелеу – І.Есенберлин шығармаларына тән. Мәселен, автордың  «Алыстағы арпалыс», «Маңқыстау майданы» романдары осы айтқанымызды  дәлелдейді. Тарихи жазба деректерге, шежіре  мағлұматтарына, аңыз-әңгімелерге  сүйене отырып, қаламгер қазақ халқының тарихының аса маңызды тұстарын ашып, көптеген тарихи қайраткерлердің көркем тұлғасын жасайды. Қазақ тарихын боямасыз өткір шындықпен суреттеу-кез-келген адамның қолынан келе бермесі анық. Дәл сондай   ұлттық мүдде мен тарихты келер ұрпаққа бүкпесіз жеткізген жазушының бірі- Ілияс Есенберлин. Жазушының тарихи еңбектерімен таныса келе, мен қазақ тарихын асқан табандылықпен зерттеген тұлғаны «Қазақ тарихының суреткері» деп бағалаймын әрі құрмет тұтамын.

Есенберлин Ілияс қызық еді, Ерейменнің сілемі, үзігі еді,

  Арктика мұзындай тақырыпты

    Жалғыз өзі тайсалмай бұзып еді

-деп, Қадыр Мырза-Әлі ағамыздың өлең жолдары жазушының кесек тұлғалық даралығын  көпшілікке  тура таныстырады.

2.1. Ілияс Есенберлин  кім?

Ілияс Есенберлин – қазақ жазушысы. 1915 жылы 10-шы қаңтарда Ақмола облысындағы  Атбасар қаласында туған. 1940  жылы  Қазақ тау-кен институтын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстан кейінгі жылдары  филармонияны, «Жазушы» баспасын басқарады. Жазушы Алматыда дүние салған. 1942-1947 жылдары Қазақстан КП ОК-нің нұсқаушысы. 1947-1967 жылдары Қазақ мемлекеттік  филармониясының директоры. Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының редакторы. Жазушы «Айқас» (1967),  «Ғашықтар» (1968), «Алтын құс» (1971),  «Көлеңкеңмен  қорғай жүр» (1974), «Маңғыстау майданы» (1978), «Аманат» (1978) романдарымен оқырман назарын өзіне аударды. Ілияс Есенберлиннің  нағыз жазушылық орнын белгілеген шығармалары- «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас» атты тарихи романдары.

Тарихи романдар деп – өткен тарихтың маңызды оқиғаларын қайта жаңғыртып, оларды көркем түрде баяндайтын романдарды айтады. Жазушылар тарихи  романда тарихты жаңғыртумен шектеліп қоймай, адамгершілік, психологиялық, мәдени мәселелерді біртұтас көтеруге көңіл бөледі. Ілияс Есенберлиннің алғашқы шығармалары 1940 жылы басылды. Ол көркем әдебиеттің көп жанрында (поэзия, проза, драматургия, кинодраматургия) жазды. Әдеби творчествосын поэзиядан бастады. 1945 жылы «Айша», «Сұлтан» поэмаларын жазды. «Адамгершілік туралы жыр» өлеңдер жинағын (1949) шығарды. Жалынды революционер, большевик Ә. Майкөтовке арналған «Большевик туралы поэмасын» (1957), «Біржан сал трагедиясы» дастанын (1959) жазды. «Өзен жағасында» (1960), «Толқиды Есіл» (1965) повестері, «Айқас» (1966), «Қатерлі өткел» (1967), «Ғашықтар» (1968), «Қаһар» (1969), «Алмас қылыш» (1971). «Алтын қүс» (1972). «Жанталас» (1973), тың туралы «Көлеңкеңмен қорғай жүр» (1974) романдары қазақ әдебиетіне (прозаға) косылған елеулі үлес болды. Кеңес өкіметі жылдарында туып қалыптасқан қазақ интеллигенциясының өмірін, олардың қазақ даласында социалистік өнеркәсіп орнату жолындағы қажырлы еңбегін, ескіліктің адам санасындағы қалдығына қарсы күресті баяндайтын «Айқас» романына 1968 жылы Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Ал тарихи тақырыпқа жазылған «Алмас қылыш», «Жанталас», «Қаһар» трилогиясы қазақ халқының басынан өткен ауыр кезеңдерді суреттеген шығарма ретінде танылды. Ілияс Есенберлиннің орыс тілінде шыққан «Песня о человеке» (1956) романы 1958 жылы қытай тіліне аударылады. «Таудағы тартыс» (1962) пьесасы Алматыдағы Балалар мен жасөспірімдер театрында қойылды. М. Ерзинкянмен бірігіп жазған «Қүйма» (1961) киносценарийі бойынша жасалған фильм бүкіл кеңес жөне венгр, поляк, болгар экрандарына шықты. Ілияс Есенберлин прозасы түгел дерлік орыс тіліне аударылды. Мысалы, «Айқас» («Схватка», 1968); «Қатерлі өткел» («Опасная переправа», 1970); «Ғашықтар» («Влюбленные», 1970); «Қаһар» («Хан Кене», 1971); «Алмас қылыш» («Заговоренный меч», 1973). «Жанталас» («Отчаяние», 1974), «Көлеңкеңмен қорғай жүр» («Прикрой своим щитом», 1974) деген атпен басылып шықты. «Ғашықтар» романы өзбек тілінде басылды. I. Есенберлин қырыққа жуық ән мәтінін жазды. Ол К. Д. Ушинскийдің «Әңгімелері мен ертегілерін» (1945), М. Жулявскийдің Вьетнам өміріне арналған «Қызыл дария» (1956) романын қазақ тіліне аударды. Есенберлин Еңбек Қызыл Ту орденімен, медальдармен марапатталған. [2]

Жазушы І.Есенберлин өзінің тарихи трилогиясында қазақ елінің XV-XIX ғасырлардағы тәуелсіздік үшін табанды күрестерін көркем суреттейді.Осы жолдағы қыруар қиындықты, ішкі қайшылықтарды, адам қатынастарын, олардың әрекеті мен мінез-құлықтарын, сырт жаулармен шайқаста шыныққан бірлікті, дәстүрді, салт-сананы көрсетеді.[3]

І.Есенберлин  шығармасын қандай проблемаға құрса да, нағыз заманалық рухани, мәдени қажеттерді бірінші кезекке қояды. Оның ұнамды қаһармандары мейлі қазақ жеріндегі көне цивилизация қалдығын іздейтін археолог («Алтын аттар оянады») болсын немесе алдыңғы қатарлы кенші болсын («Алтын құс») – бәрібір тынысы, жан әлемі, іс-әрекеті замана сазына үндес. Өмірдің жанды мәселесін, күрделі шындығын  қаны-сөлі көрініп тұрған  қалпында кесек ойып ала білетіндігі бұл шығармалардың шыншылдық, әсерлілік қуатын арттырады.

Бүкілхалықтық, партиялық аса ірі оқиғалардың ізін суытпай көркем бейнелеуге ұмтылатындығы, уақыт сұрауларына елгезек әзір-жауаптылығы- жазушының өзіне тән жақсы қырларының бірі.

Қазақстан тарихындағы ең көрнекті істердің бірі – тың және тыңайған жерлерді игеру эпопеясы болса, осы тақырыпқа қазақ жазушылары арасынан үлкен прозада ( «Көлеңкеңмен  қорғай жүр») ат салысқан санаулы қаламгер қатарында І.Есенберлин есімі де аталуы  кездейсоқ емес. Сонымен бірге,  жазушының  «Ғашықтар», «Аққу құстар қуанышы», «Махаббат мейрамы» атты шығармаларында  адамдардың сүйіспеншілік сезім әлемін, қуанышы мен реніші аралас өмірінің иірімдерін әр қырынан көрсетуге ұмтылады.

Ілияс Есенберлин  шығармалары шытырман өмірлік байланыстарды, адамдар арасындағы ықыластар мен қайшылықтарды, мінездің, социалистік дәуір шарттарына көзқарастың түрлілігінен  туатын кедергілердің сыры мен түрін білуге, ұлы мұраттарды жүзеге асыру үшін үздіксіз, қажырлы, адал күрестер жүргізу қажеттігін тануға үйретеді. [4]

«Айқас» романында жазушының  кейіпкерлері арқылы қазақ жерін шебер суреттегеніне қарап-ақ, оның туған жеріне деген махаббатын ұғынуға болады.

«Қазақ жері! «Қазақ жерінде нендей қазына-байлықтар бар?» деген сұрауға жауап беруден гөрі, «қазір онда қандай байлықтар жоқ?» дегенге жауап беру оңайлау», – депті қазақтың  бір ғалымы. Бұл ғалым- өзінің туған, өскен өлкесінің кен-байлығын көп зерттеген жан. Сондықтан да оның сөзінде тек шындық қана бар. Расында, қазақ жерінде, әзірге дүние  жүзіне біткен  Менделеев кестесіне енетін барлық қазынаның бәрі де табылады.Ол аз болса, осы санақты бүгінге дейін орны бос тұрған кейбір тоқсан үшінші элемент секілді, әзірге әлем жүзінде сирек кездесетін кенді заттар да табылулы. Қазақ жері сан жағынан ғана емес, сапа жағынан  да жаратылыстың бір ғажайып алтын ордасы.

Ал қазақ жерінің көркіне келетін болсаң, бұ жағы да бір керемет. Мұнда әлемге аты шыққан таулы Швейцариямен таласар, жасыл шалғынды, ақ қайыңды, мөлдір сулы Бурабай мен қалың қарағайлары көкпен тілдескен, жұпар аңқыған Әлпі шөптері белуардан келген, жартас, шыңдарының қойнауларында көз жасындай мөлдір өзен, бұлағы бұрқырай аққан Алатау, Алтай, Баянауыл, Ұлытау өлкелері жатыр. Мыңдаған көл, жүздеген өзендерімен, Африкадағы Сахараға бергісіз, құмды, боранды шөл далалары да жеткілікті. Қазақ халқы- ел сұлуының бірі, қазақ жері- жер сұлуының бірі». [5]

Адам бойындағы шабыт  пен дарын туралы өзінің осы еңбегінде  терең тоқталған. Дарындылық пен шабыттың, адам творчествосының өсуі тек адал еңбек пен төзімділікпен  келетін  қасиет екенін толық талдап берген. Әр ұрпақтың  өз халқы  үшін адал қызмет етуі керек екендігін ескертеді.

Шабыт!

Ол адамның дарынына,еңбегіне қанат беретін ұлы күш! Мыңдаған халық алдында Гамлет рөлін ойнайтын артист шабыты бар да, төрт қабырғалы лабораторияда жападан-жалғыз отырып ғылымның тұңғиығына бойлайтын оқымыстының шабыты бар. Артиске шабыт берген  сүйсіне қол соққан көрермендердің қуанышы мен қайғысы десек, ғалымға шабыт берген не? Қия шетіне жеткізбес мызғымай тоқтап қалған уақыт па? Әлде сыртқа шығамын деп асау толқындай ой теңізінде ойнаған іштегі дарын арман ма?  Қандай күш сол шабытты оятқан?

Шын оқымыстыны шабыттандыратын атақ та, бақ та емес. Ол адам үшін, сол адамды жаратылыстың құрсауынан мәңгі азат ету үшін еңбек етеді. Бойыңдағы күш, жігерін, табиғаттың өзіне ерекше берген дарынның бәрін соның жолына сарп етеді.Бар арманы ғылым болады. Әрине, бұның өзі оңайға түспейді. Адамға күш, қуаныш, шабыт беретін қашан да болса жеңіс пен табыс қой. Ал жеңіс пен табысқа жету жолы- қиын соқпақты, биік асулы болып келеді. «Адам баласының басына күнде ақылды ой түсе бермиді»,- деп Эйнштейн айтқандай, қандай дарын иесі болса да, шешем деген жаратылыс жұмбағын оп-оңай шеше алмайды. Кейде оған нелер ұйқысыз түндер, көптеген мехнатты айлар, жылдар кетеді.

Бірақ шын оқымысты жанға бұның бәрі азап өмір емес. Бұл-оған творчестволық өмір, іздену өмірі. Сондықтан, сонау бір ұйқысыз өткен түндер, сарылған еңбекпен өткен жылдар, ғалымға құпия сырды қайтсем ашам деген арман тудырады. Арманға жету тілегі адамды арқашан да шабыттандырады. Шаршаған көңілге жігер береді. Қажыған денеге күш қосады. Халқының өміріне шипасы тиетін ғылыми еңбегінің бір күндік қуанышы үшін, оны жүз күндік мехнатқа шыдаттырады. Сөйтіп барып ол атақ, баққа жетеді. Ел-жұртты сүйер ғалым деген атқа ие болады. [6] Жазушының бұл ой толғанысы  қазақтың бас ақыны атанған Абай Құнанбайұлының :

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой-

Бес асыл іс, көнсеңіз..- деп бес жақсы қасиетке үйір бол деген өсиетімен ұштасып жатқан жоқ па?!

Сонымен қоса,  жазушы Ілияс  Есенберлин  өзінің  «Айқас»  атты романында психологиялық тұрғыдан адам бойында кездесетін қызғаншақтық деп аталатын қиын сезімге де түсініктеме беріп кеткен жазушы.

«Қызғаншақтық  деген бір қиын сезім. Мұндай  да ұстамды, парасатты бол деп айту жеңіл. Бұның бәрі тісі ауырған балаға «шыдай бер» деген тәрізді құр айтылған ақыл гой. Ал сезім дүниесіне келсек адамды ақылдан көрі арман билейді. Арманына қолы жете алмай қалған адам, жанталасып сол арманын бөтеннен қызғанады, күйінеді. Қызғаншақтықтың өзі  сан түрлі болады. Ананың балаға деген, жарының жұбайына деген қызғаншақтығы бар. Бұлар адамның жан сезімінен, үлкен махаббат сезімінен туады. Бұл-таза, мөлдір сезім.

Егер осы сезімді біреу, былғағысы келсе, ластағысы келсе, күйінген жанның тарығуы, қызғануы заңсыз деп кім айта алады?   Сен бұның бәріне кең қара, көне бер деп айтуға кімнің аузы барады? Ондай адам өз сезімін өзі саудаға салудан тайынбас еді. Үлкен жүректе үлкен сезімге құрылған қызғаншақтық болуы табиғи іс. Ал екінші қызғаншақтық бар. Ол өмірдің уақ қалтарыс- бұлтарысына құрылған, тар көңілді жанның ешкімге сенбейтін қызғаншақтығы.   Бұндайлар өзімдік тар сезімнің құлы»

Оқушым, айтарым көп қойсаң құлақ,

Өмір тек емес мөлдір қайнар бұлақ.

Ол бірде қара судай қалар тұнып,

Тасқын боп кейде таудан жатар құлап.

Кім оның таңдай білсе ең тазасын,

Сол үшін құрбандыққа тігіп басын

Күреске шыға алса қалмай бұғып,

Түсінер сол ғана өмір мағынасын.

Тіршілік  мен де сырын түйіп келдім,

Кей кезде отына да күйіп көрдім,

Сондықтан маған қымбат ондай адам,

Ондай жан- жаным сүйер кейіпкерім.

Мінекей, сондай өмір қызығы үшін,

Арнаған қажыр-қайрат, күллі  ісін,

Жыр еттім адамзаттың бір асылын

Күрестің көрсете алған шын үлгісін,- деп жырлаған Ілиястай жазушысы бар қазақ халқы – бақытты халық . Ойымды жинақтай келе, «Ілияс Есенберлин кім?», – деген сұраққа жауап тауып қана  қоймай, жазушының тәрбиелік мәні зор даналық ой пікірлерінен  рухани жан дүниемді байыттым деп есептеймін.

2.2. Ілияс Есенберлин шығармаларының негізгі тақырыбы – қазақ тарихы

Тарихи жазба деректерге, шежіре мағлұматтарына, аңыз әңгімелерге сүйене отырып, қаламгер қазақ халқының тарихының аса маңызды тұстарын ашып, көптеген тарихи қайраткерлердің  көркем  тұлғасын жасайды.

«Алмас қылыш» романы – XV ғасырдың оқиғаларынан аса көп мағлұматтар береді және онда ол оқиғалардың жылнамалық реті сақталған. Сол себепті де оны роман-хроника деп атауға болады. Роман-хроника болғандықтан, онда көптеген тарихи оқиғалар тізбегінің басым келуі-жанрлық  заңдылық.

«Алмас қылыш» романында Дешті Қыпшақтың (бұрынғы қазақ елінің бір атауы) қаһарлы  ханы Әбілқайырдың кезінде қазақ руларының қазақ хандығы қол астына  топтасуы, бір жағы- Әбілқайыр, екінші жағы- Жәнібек, Керейлердің тақ пен тәж үшін таласы, хан ордасындағы шытырман оқиғалар, алдау мен зорлықтар тізбегі баяндалған. Кітаптың бірінші бөлімі- Әбілқайыр ұлысының екіге бөліну жағдайын  көрсетуге арналса, екінші бөлімі қазақ хандығының ішкі, сыртқы жауларымен кескілескен күрес үстінде  шынығып ширауы, бұл жолдағы қыруар кедергілер мен қиындықтар көрсетілген.

Романның басты идеясы – қазақ руларының бірлесу, бір хандықта ынтымақ құру мәселелері.

Шығармада басты қаһарман Әбілқайырдың, сондай-ақ  Жәнібек, Мұхаммед  Шайбани, Бұрындықтардың, тағы басқа тарихта болған қайраткерлердің бейнелері жасалған. Мәселен, «Алмас қылыш» романында  Әбілқайырдың  арғы атасы Шыңғыс бабасының елді, әскерді билеу тактикасы былайша  көрсетіледі:

«Ажал- үстемдігіңді жүргізудің  ең  берік құралы емес пе?

Бабасы Шыңғысхан бүкіл әлемді осы ажал арқылы бағындырмақ болған жоқ па еді?

Қара бұқараны өліммен әлдилеуден  Шыңғыс ұрпағынан шыққан қай хан тартынған? »

Әбілқайыр ірбіз  терісінің үстінде аунап түсті.                                                              «Ия, өлім себу- Шыңғыс бабаның ұлы саясаты. Ол өзінің бүкіл әлемді жаулап алам деп жинаған жаужүрек ератын (әскер) да қсы өліммен қорқытып ұстаған жоқ па? …

Ия, ия, сөйткен еді ғой. Қалай делінген еді сол бір тәртіп  Ясысында? »

Әбілқайыр көзін жұмды. Жақында ғана фарсы тіліне аударылған, Шыңғыс бабасының әмірі жүріп тұрған кезінде Қарақұрымда болған италиялық бір жиһанкез жолаушының жазған кітабының әрбір әрпі бақандай боп көз алдына тұра қалды. Әбілқайыр аузын жыбырлатып оқи бастады: «Моңғол әскері жайында. Шыңғысхан он адам бір адамға бағынсын деп бұйырған (біздіңше оны онбасы дейді), ал он онбасы бір жүзбасыға бас иген. Он жүзбасының  үстінен бір адам қараған. Оны мыңбасы деген. Бар әскерінің басына үш ноян қойған. Бұл үш ноян барып бір қолбасшыға тізе бүккен». Әбілқайыр сәл көзін ашты. Ең қызығы ар жағы…Ол қайтадан оқи түсті:

«Егер ұрыс кезінде осы он адамның біреуі, не екеуі, үшеуі, тіпті одан көбі кейін қашар болса, олар өлтіріледі, ал жүздіктің  өзгелері қозғалмай, әлгі он адам бәрі бірдей кейін шегінсе бәрі де жойылады: қысқасын айтқанда, бәрі бірге шегінбесе, өз бетімен шегінгеннің  бәрі тегіс өлтіріледі. Осы айтқандай, он адамның, бір-екеуі жауға қарсы ұмтылып, өзгелері тұрып қалса, тұрып қалғандар тегіс құртылады. Ал, осы онның біреуі, не одан көбі тұтқынға түсіп, өзге жолдастары оларды құтқармаса, құтқармағандардың бәрі де өлтіріледі». Әбілқайыр қайтадан ойға кетті. «Шыңғыстың қай ұрпағын ойлаған мақсатынан басқаның тағдыры тоқтатқаны  бар? Тоқтатып көрген емес. Тақтағы хан да, алтын табақтағы  жылан да бір. Бабамыз салған қанды-жосықты  жол бар. Сол жолдың сүреңі емес  пе біз келе жатқан? Қара қазақ түгіл, әлем қожасы Шыңғысханның ұрпағы бірін-бірі аяп көрмеген. Мөңке ханның бір өзінің істегені неге тұрады?»[7]

Қазақ елінің  тарихында 1465 -1466 жылдары қазақ хандығының негізін салушылардың бірі- Жәнібек  сұлтанның  ортаншы баласы  Қасымның «бізге еріңдер,  бірігіп ел болып, қазақтың Ақ Ордасының туын қайта көтерелік» деуіміз орынды. Ерген жұрт ерер, ермеген жұрт ойға қалар. Қара халық соңымыздан неғұрлым көп ерсе, соғұрлым ісіміздің  сәтті болары айқын» деген ойына Жәнібекте нақты жауабын берген екен. Жәнібек  жас өспірім  ұлының сөзін бірден  іліп әкетті.

-Дұрыс айтасың, балам,- деді ол іштей, түбі Қасымнан ұлы адам шығар деген бұрынғы үмітінің бұ жолы бір дерек тастағанына қуанып,- біздің бүгінгі аттанысымыз құр  Әбілқайырға өкпелеуден туған аттаныс емес, бұдан жүз жыл бұрын бабамыз Орысхан тіккен Ақ Орданы қайта тұрғызып, Қазақ деген жеке ел болу аттанысы. Ал Орысхан бабамыздың ақ туын тігетін бізде екі-ақ жер бар. Бірі Алтын Орда жұрты, Еділ мен Жайықтың ортасы. Бірақ ол жақтың жері малға жайлы болса да, елі бізге жайлы емес. Түкпірінде Қазан хандығы мен Түркияға көз тіккен Қырым сұлтандары бар. Бұған Еділ мен Жайыққа бізді жолатқысы келмейтін Қасым сұлтанды, Темір биді қос. Олар кімді ел еткізеді? Әрине, ар жағындағы орыс жұртына арқа сүйеп көрер едік, бірақ ол жұрттың өзі де қазір әбден қанаттанып жетпеген қыран балапаны тәрізді. Екінші жер – ол Орысхан бабамыз кеше туын тіккен Сығанақ шаһарының маңайы. Бұл ара бізге қолайлы. Ар жағында  Үйсін, Жалайыр, Дулат, Қоңырат, Қанғалы мен Найманның, Керейдің біраз елі жатыр. Бұ жақта да аздаған Арғын, Қыпшақ бар. Сығанақ бұл күнде  Әбілқайырдың қолында. Түбін көрерміз. Ал әзірге барар жеріміз Жағатай ұрпағының Түркістанмен шектескен тұсы. Ағайын сыйласын десек, ол араға біз ел болып баруымыз керек. Қасым баһадүр жөн айтады. Қазір әрқайсың қастарыңа бес-алты жігіттен ертіп алып, қозғалмай отырған ауылдарға аттаныңдар. Соңымыздан  жұрт көп ерсе, халықтың тілегіне біздің тілегіміз сай келгені. Онда ісіміздің игілікті болуы хақ,- деген. [8] Міне, қазақтың көп жылдық тарихын өз халқымен қауыштыра білген  І.Есенберлин еңбектерінің  орны ерекше деп түсінем. Қазақ халқының барлық  арман-мұратын жазушы «Алмас қылыш» романында нақты оқиғалармен дәлелдей білген. 2015 жылы  батыр бабаларымыздың аттың жалында, түйенің қомында жүріп, тәуелсіздік  жолындағы күресінің арқасында Қазақ хандығының 550 жылдық тарихы тойланды. Қазақ хандары Түркістан өлкесі үшін сексен жылдай соғысты. Ақырында  осы Хақназар хан болған кезінде ғана тегіс өз жерін  өзіне қайтарып алды. Хан астанасын Яссыға көшірді. Содан кейін барып оны Түркістан деп атап кетті. Хақназар  хан кезінде үш жүз жылдан көп әңгіме болып келген жай- бүкіл қазақтың Үш жүзге бөлінуі аяқталды.  Қасым хан осы баласын көргенде өзінің алғашқы жорыққа аттанғаны есіне түсіп, ішінен баласына «бақытты бол!» деп күбірледі. Иә, Сар даласында сонау шөккен тастай қозғалмаған қазақ халқы ұзақ тарихында не көрмеді. Суға да батты, отқа да жанды, бірақ тірі қалды, құрып кетпеді. Осының бәріне айғақ халықтың ерлігі.

– Қазақ елі нағыз бір алмас қылыш қой, қарашы алмас қылыштан айни ма? – деп  осыншама жауынгер ұл берген халқына риза болып, артындағы Ұлы Халқын тарихи тұрғыдан бағалаған Қасым ханды  мен осы еңбек арқылы таныдым.

– Ерлік – ежелгі салтым. –Алыс – жұлысқа жаратылған қанды балақ қыран құс, құр ұясын күзетіп отыра алмайды. Қыпшақ та сол қыран құс. Ол ерлік үшін жаратылған,- деп атақты Қазтуған жырауда тарихта артына сөз қалдырған екен.  Жоғарыда келтірілген деректер арқылы жазушы бүкіл қазақ даласының тарихи көрінісін, шежіресін береді, халықтың сан ғасырлық өмірін, күрестерін, олардың сыры мен сипатын айтады.

Трилогияның  «Қаһар» атты кітабында  І.Есенберлин XIX ғасырдың 30-40-жылдарындағы Кенесары Қасымов бастаған Ресей отаршылдығына қарсы қозғалыстың жай-күйін әңгімелейді. Мұнда жазушы жұртқа бұрыннан белгілі тарихи оқиғаларды тізе отырып, ондағы адамдардың күйініш-сүйінішімен, арман-өкінішімен, мұратымен, кейіпкерлер тағдырымен байытып көрсетеді.

«Қаһарда»  қазақ даласында тәуелсіз хандық орнатуды мақсат еткен Кенесарының қол жиып күреске шығуы, тәуелсіздік үшін күресті қолдамаған сұлтандарға және патша бекіністеріне шабуылы, Кенесарының билікке қол жеткізу үшін патша өкілдерімен келіссөздер жүргізуі, талабы өтпеген жерлерде халық қанының төгілуімен есептеспей, күш қолданылатын істерге баруы баян етіледі. Осы жолдағы ханның қаталдығы, елдің күйзеліске ұшырауы, Кенесары дұшпандарының ұйымдасқан іс-әрекеттері, сан алуан адам мінездері көрсетіледі.

Бір отаршылдан екінші отаршылдың артықтығы жоқ екені, бәрінің көксеген мүддесі қазақ елін бөлшектеп бөліп, әлсіретіп, қансыратып, талан-таражға салу, өз билігін жүргізу керек екенін жазушы ашып көрсетеді. Мәселен, Қоқан, Хиуа хандықтарына ұзақ уақыт тәуелді боп тұрған оңтүстік қазақтарының ауыр жағдайы, Ташкенттің құшбегі Бегдербектің жәрдем сұрап барған Есенкелді, Саржанды қасындағы нөкерлерімен бірге опасыздықпен өлтіріп жіберетін суреттер тарихи шындықтарға негізделген.

Романда Кенесары бейнесі тарихи толық мазмұнда көркем сомдалған. Автор оның жеке басындағы ерлік пен парасаттың үйлесімін шебер аңғартады. Мысалы, Саржан мен Есенкелдінің  құшбегі Бегдербек қолынан қапыда мерт болғанын естіп, «Ташкентті шабу керек» деген Қасым төренің кеңесін іштей қабыл көрсе де, соғысқа шығуға ертерек екенін түсініп, ол істі кейінге қалдырады. Хан Кене атанған тарихи тұлғаның портреті  «Көшпенділер»  тарихи трилогиясында  жақсы сомдалған.

«Орта бойлы, кең жауырын, арықтау тарамыс денелі, жатаған келген ат жақты сары сұр кісі. Сәл қызғылт тартқан қыран көзді, жуан балуан мойынды. Ашық жүзіне жараса біткен сәл келтелеу қыр мұрнының  астында шағын ғана мұрты бар. Қою шоқша сақалы сүп-сүйір. Сақал-мұрты күңгірт  сары. Басында жарғақ тысты құндыз тымақ, қара мақпал жеңіл құндыз ішігінің сыртынан бозғылт түйе жүн шекпен жамылған. Аяғында  атқа мінуге ыңғайланып тігілген орта қоныш көк салмен өрнектелген саптама етік. Отырған отырысында, тұрған тұрысында ілтипаттық пен тәкәппарлық қатар аңғарылады. Сәл шегір тартқан өткір қырағы көзі қарағанда адамның ту сыртынан өткендей. Сараң қимылы, жұмыла біткен жіңішке еріндері, аз сөйлеп, көп тыңдайтын адамды сездіреді. Егер тұлғасына, көңіл райына қарасаң ішінде тұнып жатқан үлкен ақыл, бұлқынып сыртқа шыққысы келген жігер барын ұғасың. Бұл Абылайханның немересі, Қасым төренің ортаншы ұлы Кенесары еді. [9]

Зерттеу барысы арқылы мен ел азаттығы үшін арыстандай алысқан,  қазақтың соңғы ханы, қазақ халқының тарихында ең соңғы  Тәуелсіз хандық туын тік ұстаған әйгілі Абылайдың немересі,  Шыңғысханның  27-ұрпағы,  Кенесары Қасымұлы туралы қосымша деректермен  таныстым. Ж.Қасымов  «Кенесары хан»,  «Хан  Кене» А. 1993 жылы жазылған еңбектердің бар екенін білдім.

«Арқада Бурабайдай жер болмайды,  Алашта Кенекемдей ер болмайды»,-

деп Мағжан Жұмабаев жырласа,  В.Потто «Жеңімпаз хан, қырғыздың  Шәмілі», қазақ өлкесіне жер аударылған Адольф Янушкевич Кенесары ХІХ ғасырдың 80 жылдарындағы Алжир халқының Француз отаршылдарына қарсы күресінің  көсемі Абд Эль Кадермен теңестіреді. Орыстың ұлы ғалымы- саясатшы П.П. Семенов Тянь-Шанскийдің хан Кенесарыны б.э.д ІІ ғасырда Рим империясының отаршыл саясатына қарсы халқын көтерген  Понд патшасы Митрадиат ІІ экватормен теңестіреді. Кенесары Қасымұлы қозғалысы туралы жазылған еңбектер: Нысанбай  ақынның «Кенесары-Наурызбай» дастаны 1971 жылы жазылған, М.Әуезов «Хан Кене» пьесасы,  І.Есенберлиннің «Қаһар» роман, Н.Середа 1870 жылы «Қазақ сұлтаны Кенесары Қасымовтың бүлігі», Ахмет Кенесарин 1888 жылы «Кенесары мен Садық», тарихшы ғалым Е.Бехмахановтың «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» (М 1947), тарихшы Ж.Қасымовтың зерттеулері бар екенін тарихи құжаттар мен мәліметтер, интернет ресурстарындағы  мақалаларды  оқып білдім.

І.Есенберлиннің  «Жанталас» романы «Көшпенділер» трилогиясының құрамында тұрып, оқиғалық кезегі жағынан «Алмас қылыш» пен «Қаһар» аралығынан орын алады. Романның бірінші бөлімінде Жоңғар елінің жаулаушылық тарихынан, қазақ жеріне шабуылы қалай әзірлегенін, ұрымтал тұсты  пайдаланып, жойқын соғыс бастағандығынан  шежіре  шертіледі. Қазақ халқының осы кезеңдегі ауыр қасіретке душар болуы, бірте-бірте ес жиып, күш қосып, Бұланты өзені мен Алакөл  бойында  алғашқы екі жеңіске жеткені  айтылады. Сонымен қатар, Бұқар жырау әңгімесі арқылы қазақ жұртының Сауран қаласын шет жаулардан қалай қорғап қаллғандығы туралы хикая қозғалады.

Романның екінші бөлімінде Әбілхайыр, Бөгенбай бастаған қазақ қолы Ордабасы деген жерде жоңғарларға күйрете соққы береді. Әбілхайыр елдің тыныштығын сақтауды қамтамасыз ету  мақсатында әрі өзінің хандық билігін нығайту ойыменен Ресей патшалығының қол астына кіреді. Алайда оның арманы толық орындалмай, патша әкімдерінің ойыншығына айналғаны романда тарихи шындық ретінде суреттеледі.

Билік үшін таласта  Әбілхайыр  хан Барақ сұлтанның қолынан өледі. Тақ үшін тартысқа ендігі жерде Әбілхайырдың  баласы Нұралы шығады.

Романның  үшінші бөлімінде Абылайдың және оның батырларының Жоңғар мен Қоқан билеушілерінен қазақ жерін азат ету жолындағы ауыр, даңқты күрестері, Абылайдың дербес қазақ хандығын бүтін, тәуелсіз ұстауға бағытталған істері тізілген.

«Жанталас» романында қазақ халқының  XVIII ғасырда жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күресімен бірге Хақназар, Тәуекел, Есім хандар кезіндегі қазақ елінің ахуалы, үздіксіз жүргізілген қан төгіс соғыстар, сыртқы жаулардың толассыз шабуылы туралы да қыруар деректер берілген. Олар Бұқар жырау әңгімесі  арқылы баяндалады.[10]

2.3. Қазақ тарихының суреткері

І.Есенберлиннің нағыз жазушылық орнын белгілеген шығармалары «Қаһар»,  «Алмас қылыш»,  «Жанталас» атты тарихи романдары.

  1. Есенберлин өзінің тарихи романдары арқылы қазақ елінің әуелсіздік үшін табанды күресін көркем суреттеу арқылы батыр халық екенін оқырманға жеткізген жазушы.

I.Есенберлиннің еңбектері арқылы қазақ халқының азаттық жолындағы күресінің басшысы Кенесары, Абылай сынды тарихи  тұлғалардың батырлық тұлғасын халыққа таныстырған.

I.Есенберлин  өзінің  еңбектері арқылы Кенесары бабасындай тұлғаға  қазақ халқын  «алмас қылышқа» теңеткен жазушы.

I.Есенберлин  қазақ тарихындағы ел тағдырындағы ауыр сұрапыл қиын кезеңдердің тарихын оқырман қауымға түсінікті тілмен жеткізуші жазушы.

I.Есенберлин Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ әдебиетінің тарихында бүгінге дейін ең көп роман (17) жазған жазушы.

Ол — қазақ әдебиетінде алғашқы болып тарихи зерде тамырына қан жүгіртіп, тұншыққан сананы қапастан шығаруға жол салған, ұлт рухын тірілткен жазушы ретінде қазақ әдебиетінің тарихында оқшау орны бар тұлға. Ілияс Есенберлиннің алты кітаптан тұратын тарихи эпопеясы сөз өнерінің әлемдік нұсқасына қосылған тарихты көркемдік пайымдаудың үздік үлгілерінің бірі болып қала бермек. Тарихи тақырып арқылы бүгінгі күнге, қазіргі дәуірге қатысты идеялар айтылатынын естен шығаруға болмайды.

« І.Есенберлиннің «Көшпенділер», «Алтын Орда» романдарын өткенді айта отырып оны қазіргі өмір құбылыстарына байланыстыра білу – көркем шығарманың эстетикалық актуальдығын арттыратын көркемдік фактор екенін дәлелдейтін, уақыт рухы көрінетін, жаңа концепция әкелген шығармалар деуге болады.

Қазақ тарихының соңғы бірнеше ондаған жылы түн-түнекті, меңіреу күй кешіп, өзге халық тарихының қосағында болғаны кім-кімге де белгілі. Мұның өзі қаншама буын ұрпақтың жандүниесіне әсер етіп, дүниетанымына салқынын тигізді, акыл-парасаты аяқ асты болды. Осы тұрғыдан келгенде жеке жазушының ғана емес, бүкіл қазақ әдебиетінің тарихында әлеуметтік терең мәнді туынды болып қалған «Көшпенділер» трилогиясында Шыңғыс әулеті билеп тұрған дәуірлердегі ұлт тарихына тереңдеп еніп қадам жасауы қазақ әдебиеті мен көркемдік әлеміне алғаш рет І. Есенберлин әкелген жаңалық пен батылдық еді.

Автордың аса зор зерттеушілік жұмыс жүргізуінің нәтижесінде беймәлім, тың материалды оқырман игілігіне айналдырудың жарқын көрінісі болған «Көшпенділер» трилогиясының кезінде танымдық жағынан да ерекше жүк арқалағаны көпшілікке белгілі.

Ілияс Есенберлиннің ұлт тағдырына қатысты шетін сырлары мен идеялары кемел деңгейде көрінетін бұл эпопеяның алғашқы бөлігі «Көшпенділер» трилогиясы еді. Шығарма кейіпкерлері ретінде негізін тарихи тұлғалар, Шыңғыс хан дәуірінен басталып Кенесарымен аяқталатын қазақ мемлекетінің бастау көзі мен қиын-қыстаулы тағдыр-талайының басында тұрған хандар тізбегі, ел мұңы мен арман-тілегінің хабаршысы ақын-жыраулар, ел бірлігінің ұйтқысы, халықтың ақыл-парасатты билер, ел мен жер үшін, ұрпақ болашағы үшін қасық қаны қалғанша жаумен шайқасып отанын қорғай білген арыстан жүрек, атанжілік батырлар. Бұлар-ел есінде сақталып, тарихта қалған өмірде болған тұлғалар. «Көшпенділер» трилогиясы – партиялық идеологияның қылышынан қан тамып тұрған уақытта дүниеге келген шығарма. Ол кезде мұндай шығарманы жазбақ тұрмақ, қазақ халқының ертеректе өмір сүрген артында мол мұра қалдырған, елім деп еңіреген, ел үшін, жер үшін мерт болған батырлардың, хандардың, шешендердің атын атаудың өзі, олар жөнінде әңгіме қозғаудың өзі қиын еді, қауіпті еді. Ал Ілияс Есенберлин осының бәрін біле тұрып қазақ халқының өткен тарихын бейнелейтін, тарихтан мол мағлұмат беретін бір кітап емес, бірнеше роман жазып, оқырманға ұсыну жай ерлік қана емес, талантты жазушының саяси жеңісі еді. «Көшпенділер» қазақ халқының, ұлттық тарихының бастау көзі беріде емес, әріде жатқандығына жөн сілтеді. Бүкіл бір халықтың өмір-тарихы ұмытылып бара жатқандығын еске сала отырып, оған кінәлі — коммунистік саясат екендігін ашып айтпаса да, өмір ағысы басқа арнамен ағып бара жатқандығын, тарих беттері бұрмаланғандығын көркем тілмен бейнелеп берді. Архивтік деректер, халықтық аңыздар, этнографиялық сипаттар негіз болған тарихи эпопеяда автор оларды сол өткен дәуір елесін дәл бейнелеу үшін ғана емес, оған қоса түрлі қағида мен идеялардың, түрлі психология мен мақсат мүдделерінің қандай заман, қандай қоғамдық жүйеде болсын сабақтастық алып жатқан көрінісін беру үшін де пайдалану мақсатын ұстанған. [11]

Марапаттары

Еңбек Қызыл ту ордені;
«Құрмет белгісі» ордені;
«За боевые заслуги»;
«За оборону Ленинграда» медалі;
Қазақ КСР мемлекеттік премиясының жүлдегері, 1968 жыл («Айқас» романы үшін).

Есте қалдыру мақсатындағы шаралар

Астана қаласында   І.Есенберлин көшесі бар.
Алматы қаласында  І.Есенберлин көшесі бар.
Алматы қаласында №25  Гимназиясы  І.Есенберлин атында.
Туған жері  Атбасар қаласында  І.Есенберлин атында музей бар.

Қорытынды

Қазақ қаламгерлері арасында ұлт тарихына қатысты алғаш болып өшпес туындылар жазып қалдырған І.Есенберлин Кеңес Одағы кезінде қазақтың тарихи санасының оянуына өлшеусіз үлес қоса білді. «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас» атты тарихи романдардан тұратын «Көшпенділер» трилогиясы елдің төл тарихына қосылған айтулы үлес болды. Оның қаламынан туған халқымыздың жеті жүз жылдық тарихын кезеңін суреттейтін «Алтын Орда», «Көшпенділер» секілді романдарында ұлы дала мәдениеті, Қазақ хандығы туралы мол мағлұмат қамтылған.

І. Есенберлиннің   тарихи романдары – жас ұрпақты отаншылдық рухқа баулитын, тарихи таным берер мәні жоғары  көркем туынды.

І. Есенберлиннің   тарихи романдары-  Абылай мен Кенесарыдай батыр бабаларымыздың  батырлық тұлғасын айқындап, айбынын асырған  қаламгер.

І.Есенберлин қазақ халқының өткен тарихын бейнелейтін, тарихтан мол мағлұмат беретін бір кітап емес, бірнеше роман жазып, оқырманға ұсына білген, талантты жазушы.

І.Есенберлин  қазақ халқының ержүректілігін, қандай жағдайда болсын, елін, жерін сыртқы жаулардан қорғай алатындығын көрсетіп берді.

І.Есенберлиннің жазған тарихи романдары –  қазақ елінің  «Мәңгілік ел» екенін тарихи тұрғыдан дәлелдеген,  баға жетпес құнды дүние. Қазақ елінің азаттық жолындағы күрестерінің нәтижесі – бүгінгі күні Тәуелсіздігіміздің тарихымен  ұштасты. Ата-бабаларымыздың аңсап күткен арманы –  қазақ елінің ерікті де бақытты, еркін ел болуы – Нұрсұлтандай  елбасымыздың  «Нұрлы жолымен»  жалғасып келеді.  «Мәңгілік елдің»  бақытты ұрпағы  болғаныма  шексіз қуанамын.  Менің   болашақтағы  жұмысымда  осы  тақырыппен  байланысты болмақ.  «Қазақ тарихының суреткері»  атанған жазушы «Ілияс Есенберлин шығармаларындағы тарихи шындық» тақырыбындағы жұмысымды алдағы уақытта да ғылыми  жобамен жалғастырып зерттеуді алдыма мақсат еттім.

You May Also Like

Жеті ата, ғылыми жоба

Ғылыми жоба Тақырыбы: «Жеті ата…..» Аннотация Зерттеудің мақсаты:Бүгінгі жас ұрпақ өз елінің,…

Инновационные методы в образовательной деятельности, организованные в рамках расширенной программы, научный проект слайд

A good communication with the new technology, ғылыми жоба слайд

Электр тогын үнемдеу, ғылыми жоба

Сараптама Бұл ғылыми шығармашылық жұмыс оқушылардың тілін, шығармашылығын, дүниетанымдылығын дамытуға өте қолайлы.…