ТАҚЫРЫБЫ:«ҚАЗАҚТЫҢ АЙБЫНДЫ БАТЫРЫ-СЕҢКІБАЙ»

Аңдатпа 

Бұл жұмыста автор қазақтың айбынды жеңімпаз батыры, киелі, қайтпас қайсар, өжет, шешен, биі – Сеңкібай Оразғұлұлының өмірі мен шығармашылығын қарастырған. Автор  жұмыста тұлға жайында жазылған сын мақалалар, еңбектерді саралаған. Жұмыс барысында өзіндік қорытынды жасаған, яғни Сеңкібай Биата қашанда әділдікті жақтап елінің, жерінің халқының, келешек ұрпағының алаңсыз өмір сүруі үшін жауға қарсы шыққандығын дәлелдеген.

Аннотация 

В данной работе автором изучено жизнь и творчество Сенкибай Оразгулулы, как выдающего, сильного, стойкого, отважного, благородного батыра казахского народа.  Автором сделан анализ статьей о личности Сенкибай Оразгулулы. В процессе работы  автор пришел к выводу о том, что  Сеңкібай Биата был на стороне справедливости и сражался с врагами за будущее своего народа.

Annotation

In this work, the author studied the life and work of Senkibay Orazgalyuly, as an outstanding, strong, steadfast, brave, noble batyr of the Kazakh people. The author made an analysis of the article on the personality of Senkibay Orazgululy. In the course of the work the author came to the conclusion that Seykibai Biata was on the side of justice and fought with the enemies for the future of his people.

М А З М Ұ Н Ы 

Кіріспе ………………………………………………………………………………………………….. 

ІІ. 1.1. Батырдың өмір белестері ………………………………………………………… 

1.2. Қазақтың айбынды батыры- Сеңкібай………………………………………… 

1.3. Биатаның киелілігі мен даналылығы…………………………………………  

Қорытынды  …………………………………………………………………………………… 

 Кіріспе

Қазақ халқының ұлы перзенті, жоңғар басқыншылығына қарсы күресте ерекше ерлігімен айшықталған көрнекті батыр. Шешен би, парасатты тұлға Сеңкібай Оразғұлұлы Қожас (Қара) Сардары шөбересі шығыс аспанындағы таң жұлдызындай  жан-жағына жарық сәуле шашып, өмір көгінде желеп-жебеп жіберетін киелі есім.

Сонау ықылым заманнан бүгінге дейін сақ, түркі, қазақ халқы небір сұрапыл, дауылды кезеңдерді басынан өткерген.

ХVІІІ ғасырдың 23-63 жылдары қазақ еліне небір ойран, қанкешті, опат әкелген кез еді. Осы кезеңде қазақ халқының елдігі мен еркіндігін қорғау жолында жоңғар шапқыншылығына қарсы Ұлы Отан соғысында ерен ерліктер жасап, исі қазаққа даңқы тараған Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, тарақты Байғозы, Шақшақұлы Жәнібек батырлардың еңбектері ерекше.

Қазақ халқының елін, жерін жаудан бас тігіп қорғаған данагөй билері мен батырлары келер ұрпағының қамы үшін аянбай алысқан.

Сеңкібай батыр да «елім, жерім» – деп жарғақ құлағы жастыққа тимей күн кешіп, небір зілмауыр ауыртпалықтарды белі қайыспай көтерген. Түйенің қомы, аттың жалында жүріп, туған халқының азаттығы үшін Сеңкібай батыр да жанын пида етуден тайсалмаған. Жоңғарларға қарсы жойқын шайқастар кезінде басына дулыға, үстіне сауыт киіп, бес қару асынып, ел қорғаны болған Сеңкібай батыр қауым ішінде ақ дегені- алғыс, қара дегені – қарғыс болған Биата дүниеден әулие атанып өтті.

Жұмыстың мақсаты:

Сеңкібай Оразғұлұлының өмірі мен ерліктерін зерттей отырып, батыр туралы тарихи деректерді жинақтау.

Батырдың азаматтық тұлғасын айқындау. 

Зерттеу жұмысының өзектілігі:

Сеңкібай Оразғұлұлы  туралы берілген деректер оқу бағдарламасында жоқ және мектеп оқушылары оның ерлік істерімен жетік таныс емес болғандықтан қосымша  мағлұматтар беру, өмірінің шындығын дәріптеу.

Батырдың өмірі, ерлік істері, парасаттылығы, батылдығы зерттеліп оқырманның тиісті бағасын алуы керек. 

Міндеттерді шешу әдістері:

Сеңкібай батырдың өмірі жайлы тың деректермен таныстыру.

Сеңкібай батырдың ержүрек, қайтпас қайсар екендігіне көз жеткізу.

ІІ. Негізгі бөлім

1.1. Батырдың өмір белестері

Қалың ел Арғын тайпасының  ХVІІІ ғасырларда «Ақтабан шұбырынды» Алқакөл сұламаға» дейін Сыр бойында көшіп-қонып жүргені тарихи ақиқат. Сол Арғыннан тараған Қаракесек руына жататын Қожас батыр Әнет бабаның адалдығы, әділеттігі үшін жақсы көретін өте бір сыйласымды замандасы болған. Осы тұстағы құба қорғауда ерен ерліктер көрсетіп, ерекше көзге түседі. Оның жаудан тайсалмас батылдығына, қайсарлығына риза болған Тобықты руының әрі иісі қазақ халқының қадірменді биі, ақылгөй Әнет баба өзінің кіші қызы Тоқта сұлуды Қожас батырға қосады.

Қожастың сол Тоқта сұлу әйелінен Құлбас, Бектас есімді перзенттер дүниеге келеді. Бектас та жасынан өжет болып, ел намысын қорғауға ат салысады. Халық арасында  Жақсы қара атанған Қожас батырдың ұрпағы  Бектастан: Мойнақ, Бөргөз, Оразғұл есімді балалар туған. Мойнақ жасынан ел арасындағы дау-шарларды шешуге араласып, би атанады. Ал Бөргөз жас күнінен қару ұстап, қалмақтарға қарсы талай рет шайқастарға қатысады.

Қара шаңырақ иесі Оразғұл ел ішінде адамгершілігі, қайырымдылығы мол, парасатты дәулет иесі болған. Оразғұлды халық қадірлеп Ожаң деп атап кеткен. Қазіргі ұрпағы да Ожаң балалары делінеді. Ол – ұзақ жасаған адам. Оразғұл жасы ұлғайып қалған кезде  үйленген үшінші әйелі – қарақалпақ қызы. Оның бәйбішесінен – Сеңкібай, Ақкісі, Желтау, Найза, Ақжол, Балта, Қылыш, Жолдыбай есімді сегіз ұл туған. Солардың ең үлкені, төл басы – Сеңкібай. Екінші әйелі Сырымбикеден – Шой, Қойсары, Тайсары, үшінші әйелінен –Сасықбай, Далбату деп аталатын Қара ұрпақтары тарайды. Ал көп ұлдың бірі Тайсары болса ел арасында Атам ауылы атанған. Өйткені, Оразғұл осы Тайсарының қолында қайтыс болған. Ол қазіргі Қарқаралы ауданының «Бейбітшілік» совхозының жеріндегі «Оразғұл басы» деп аталатын кең өлкеде тас бейітте жерленген. Ел аузындағы аңызға қарағанда мұнда оның мәйіті аманат ретінде қойылған. Ожанның мүрдесі Түркістандағы Қожа Ахмет мазарына жеткізілуі тиіс болған. Бірақ, сол тұста жоңғарлардың үсті-үстіне жасаған шапқыншылығы салдарынан елбасына туған аума-төкпе ауыр заман сол өсиетті жүзеге асыруға мүмкіндік бермеген..

1.2. Қазақтың айбынды батыры-Сеңкібай 

Тарихи шежіреде айтылғандай 1726 жылы Бөгенбай батыр он мың қолмен Алакөл шайқасына бара жатқанда жолшыбай Қарқаралының Жарлы өзенінің бойына тоқтап, әскерін демалдырып, жүздіктерге, мыңдықтарға бөліп, әртүрлі ұрыс тәсілдерінен жаттығулар жасатады. Ол сол маңда «Қожас батырының ауылы жайлап отыр» дегенді естіп әкесінің жақын досына сәлем берейін және одан бата алайын деп арнайы іздеп барады. Бұл тұста Қожас 80 нен асса да тым ширақ екен. Атағы жер жарған арыстандай айбарлы Бөгенбай батырдың әдейі сәлем бергеніне көңілі таси риза болып, оны үлкен қошеметпен қарсы алады. Қожас дәулетті мол баласы Оразғұлға бірнеше арнайы үй тіктіріп, Бөгенбай батырға ерекше сый көрсетеді. Әсіресе Ожанның үлкен баласы Сеңкібай қонақты күтуде асқан ілтипат жасайды. Бөгенбай жас Сеңкібайдың көрсеткен құрметіне шексіз риза болады.

Қожас осы жолы Бөгенбай батырға шөбересі Сеңкібайдан зор үміт күтетінін айтады. Сеңкібай қарт атасы Қожас батырдың тәрбиесінде болып, жас күнінен садақ тартып, найза сілтеуді, жекпе-жекке шығуды машықтанады. Ат құлағында ойнап өседі. Ержүрек орақ тілді ол тіпті 15 жасында ауыл арасындағы, ағайын ішіндегі реніш пен қуаныштарға ортақ болып, даулы мәселелерге өз пікірін білдіре бастаған екен. Сеңкібайдың әділдігі, ақыл-парасатының тұлғаланып келе жатқандығы ерте сезіледі.

Бөгенбай батыр жорыққа аттанарда: – Қаракесекте қара көп қой, Қожас батырдың ұрпағы бұдан былай «Жақсы қара» деп аталсын деген бата береді. Бұл кезде ел билігіне етене араласып жүрген Мойнақ би Бөгенбайға оң сапар тілей отырып: – Осы жорыққа Сеңкібай да сіздің қасыңызға еріп, әскерлеріңізбен бірге аттансам екен деп тіленіп отыр. Қасыңызға ертіп, қолтығыңызға алуды өтінеміз, – дейді.

Бөгенбай батыр Сеңкібайдың түр –тұлғасына, жүріс-тұрысына сабырлы да, салихалығына, батыл қимыл әрекетіне оны көргеннен бері көңілі әбден толғанын жасырмай, «Жарайды, өз жанымда болсын» – деп  келісімін береді. Бұл кезде Бөгенбай батыр 45 жаста болса, Сеңкібай 17 жасқа жана толған екен.

Ол бір жойқын жорық бәсеңдемеген, шапқыншылық толастамаған кез еді. 1723 жылғы жоңғарлар соққысынан кейін есін жия сала қазақ батырлары қайтадан атқа қонып, қолына найза алуына тура келеді. Өйткені жау жан түршігерлік айуандық әрекеттерді одан әрі өршіте түскен болатын. Жоңғарлар қолға түскен еркектің басын кесіп, әйелдердің шашын матап малша қосақтап айдап әкетумен болады. Осы аянышты жағдайды көзбен көрген тарихшы « Егер сырдың қамысы мен балығы болмаса қазақтан тұқым қалуы не ғайбыл еді»,- деп жазғаны тегін емес. Туған жерден, ағайын туыстан, сүйген жар мен бауыр баладан айрылған елдің қанды жас жаралы жүрегінен «Елім-ай» әуені дүниеге келгені белгілі. 1725 жылы: Алакөл шайқасы одан 3 жыл өткеннен кейінгі Шұбар теңіз жағасындағы және Балқаш көлінің оңтүстік өңіріндегі қырғын соғыстар қазақ халқының жеңісімен аяқталып отырған. Одан кейін 80 күн бойғы жорға соғысы бір жарым жылға созылған Шаған шайқасы қазақ батырлары жасақтарының жеңіске жетуге болады деген сенімін күшейтеді. Орта жүзден жиналған қалың әскерге басшы болған Бөгенбай Бахадүр Бұланты мен Бөленті өзендерінің жағасында қалмақтарға ойсырата соққы береді. Бүгінде сол жерлер «Қалмақ қырған» деп аталып кетті. 1728 жылы Сарыарқаға еніп кеткен жоңғарларға қазақ қолы бірнеше дүркін соққылар беріп, оларды ң бетін қайтарады.

Нұра даласында жоңғарларға қарсы бір соғыста жиырма жасар Сеңкібай Қонтажының немересі Әмірсананың басқаруындағы 10 мыңдықтың қолбасшысы Ноян Қоренге жекпе-жекке шығады. Жас батыр Сеңкібай астындағы Көкдауыл тұлпарын ойнақтатып, майдан даласына қасқая, бет түзейді. Ноян Қорен онымен жас шамасы қатарлас, бірақ ірі денелі, қара нардай жуан, білектей ұзын айдарлы, қабағынан қар жауған сұсты екен. Ол: «Ал, қазақ батыры, арманда кетерсің, алғашқы кезекті саған бердім» деп айғай салады. Көкдауылын ойқастата шауып, етің қызды – ау деген шақта сол қолында найзасын, оң қолында Қожас атасының жеті бүктемелі ақ семсерін ұстаған Сеңкібай құйындай ызғытып, жауға қарай ұмтылады. Қалмақ батыры аса қауіпсінбей, оны меңсіңкіремей жайбарақаттау тұрады.

Сеңкібай атын жұлдыздай ағызған бетінде сол қолындағы емен сапты найзаны Ноян Қоренге шаншуға ұмсына беріп, ақ семсермен жаудың мойын тұсынан сілтеп үлгереді. Тегеуірінді күшпен сілтенген ақ семсер жау батырының дөңбектей мойнын шауып өтіп, оның басы жерге домалап түседі. Қан шапшыған ауыр дене ат үстінен гүрс құлайды.  Жеңіске жігерленген қазақ қолы «Ақжолдап!» ұрандап, жауға қарсы өршелене көтеріледі. Бөгенбай Малайсары, Олжабай батырлар Әмірсана әскерінің тас-талқанын шығарып, оңтүстік шығысқа қарай ығыстыра қуады. Осы шайқастан кейін Сеңкібайдың есімі елге кеңінен тарай бастайды…

Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте жеткен жеңісті аяғына дейін апара алмаған хандардың алауыздығын кезінде байқаған Төле би, Қаздауысты Қазыбек, Әйтеке үшеуі 1730 жылдың көктемінде қазақ даласының кіндігі-«Арғанаты тауына жинал» деген ұран тастайды. Ұлытау баурайына үш жүзден қырық мыңдай қол жиналады. Алашахан мазарының мінберінен қазақтың біріккен қалың қолына арнап сөз сөйлеген үш жүздің билері халықты бірлікке, ерлікке шақырады. Жоңғар шапқыншылығын жоюға, жерімізді, елімізді азат ету жолында намыс ұраны жарияланады. Иман, молда, ғұламалар құран бағыштап, ақбоз ат шалып, ант алып, намазға жүгінеді. Жасақтардың қолбасшысы болып баһадүр Бөгенбай сайланды.

Алайда, жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес мұнымен тоқтамады. Әсіресе Іле мен Қаратал өзендерінің бойында Қабанбай мен Баян батырлар бастаған қазақ жасақтары дүркін-дүркін жеңіске жеткенімен жоңғар әскерін біржола күйрететіндей күшке айнала алмады. Бұл кезде Баян батырдың жасағында болған Сеңкібай талай жойқын шайқастарға қатысады.

Сол бір қиянкесті алапат заманда Абылайханның әскеріне Қалден Цереннің жер қайысқан қалың қолы қарсы шығады. Қазақ батырлары Түркістан шаһарын жаудан босату үшін жан аямай соғысады. Екі жақтан да қан судай ағады. Сан мыңдаған адамдар қырылады, ұрыс бірнеше күнге созылады. Таңертең қағылған шайқас дабылы күн бата ғана толастайды. Түні ойы екі жақ та жаралы, өлген жасақтарды жинайды.

Күз түсіп, лайсаң жаңбыр басталады. Жер ми – батпаққа айналады. Баһадүр Қабанбай, Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек Шапырашты Наурызбай, Арғын Малайсары, Олжабай, Бағаналы Оразымбет, Уақ Баян батырлар, тағы басқалар басқарған жасақтар үздік-үздік жеңістерге жеткенімен жоңғарлардың қалын қолын ойсырата алмайды. Сөйтсе де қазақ әскерлері жауды Іле өзені түкпіріне дейін тықсырып апарады.

Осындай аласапыран, қым қуайт күндердің бірінде Абылайхан Ордасын Іленің Көктеңізге құятын тұсынан қалың қамыс арасына әкетіп тіктіреді. Бұл жер Іле мен Күркірек атты шағын өзен алқабы бар. Абылай үстіндегі сауытын шешіп, жуынып, сусын ішеді. Содан кейін жайшылықтағы киімімен өзін күтіп отырған қолбасшылар кеңесіне келеді. Абылай күндіз өзіне қарай біреу садақ кезеп атып, жебенің ұшына қағаз байлап жібергенін айтады. Ол қағазда : «Абылай, сақ бол. Бүгін түнде жоңғарлар жаппай шабуылға шығып, қапылыста сені өлтірмек» деп жазылыпты. Хан мәжілісті тез өткізіп, қолбасшы батырларды жасақтарына қайтарып жібереді де, ордасына Баян батыр бастаған мыңдық пен Сеңкібай басқаратын барлаушылар жасағын алып қалады.

Түн ортасы ауа Абылай қалғып кеткен екен «Аттан, Аттан! Жау келіп қалды!» деген үрейлі дауыстан атып тұрады. Өзі де сақ жатса керек. Есік алдына көлденең тартылған атына қарғып мінеді де: – Баян батыр, өз мыңдығыңмен жауға қарсы аттан Сеңкібай, сен жасағыңмен Орданы қауіпсіз жерге орналастыр. Ордаға ие бол. Ал мен Баян жасағымен бірге боламын, – деп Жалынқұйрығына қамшы басады.

Айсыз қараңғы түн. Нөсерлеп құйған жауын. Аттандаған  үрейлі үн. Қапылыста бассалған жау қолы қанша екенін болжап білу қиын. Жан-жақтың бәрі айқай мен аттан. Кім жау кім өзінікі екенін ажыратып болар емес. Толассыз жауған нөсерден қалың қамыс арасы да ми – батпаққа айналған. Аузы тұмшаланған жүк артқан түйелер тайғанақтай береді. Сеңкібай жасағы өздеріне келіп қалған бір топ жауды найзамен шаншып үлгереді. Абылайдың Орданы өзеннің батыс жағына көшір деген тапсырмасы бар. Бірақ ол жақ сор батпақ және ашық алаңқай.   Қаптаған жаудың ұрандаған даусы құлақ тұндырады. Қалың қамыс ішінен жол табу мүмкін емес.

Сеңкібай Орданы жау қоршауынан алып шығудың лажын таба алмай қатты сасады. Әбден қысылған ол аттан қарғып түсіп, құбылаға қарап қол жайып: «Иә, тәбарак, алаш бабам, Қарқабат анам, жар бола гөр. Қызырғалай әссалам қырық шілтен әулие, өзің қолда!» деп бетін сипай бергенде көз алдына саңқылдаған бүркіт елестейді. Ол «Иә, аруақ!» деп атына қарғып мініп, жасағына «Орданы былай тартыңдар», дейді де жол бастап, қалың қамыс ішіне сұғына кіреді. Бүркіт үні қалай естілсе, солай қарай жүреді. Әйтеуір, өлдім-талдым дегенде таң ата жан-жағы қалың қамыспен, айналасы жалпақ өткелсіз сумен қоршалған үлкен алаңнан бір-ақ шығады. Сол жерге Орданы орналастырып, арнайы күзет қалдырып, Сеңкібай жасағымен бірге Абылай мен Баян қолын іздеп кетеді. Кешегі батырлар кеңесіндегі шешімдері сәтті болған қазақ қолы жеңіске жетіп, жаудың қапылыста қолға түсіреміз деген үмітінің тас-талқаны шығады. Бірақ та жау жақтан хабар берген адам бұл жолы белгісіз болып алады. Ол тек арада бес жыл өткен соң ғана анықталады.

Абылай түнгі ұрыс қорытындысын шығарып, Сеңкібайдың Орданы қауіпсіз жерге орналастырғанына ризашылық білдіреді. Орда ішіндегі билер Сеңкібайдың тапқырлығына, қараңғыда жол тауып, саңқылдаған бүркіт үніне ілесіп, Орданы аман сақтап қалғанына алғыс сезімдерін   білдіреді. Бұл тосын хабарды естіген Абылай: «Иә, Сеңкібай. Онда сен айсыз түнде, нөсерлі жаңбырда қалың қамыс ішінде адаспай жүретін, түнде де тура ұшатын Алтайдың сұңқары   болдың ғой. Бұдан былай енді сені «Ақиық сұңқар деп атайық» депті. Осыдан кейін Сеңкібай Ақиық қыран, көріпкелі бар киелі батыр атанады. Ертеңінде қазақтың қалың қолының қалмаққа  қарсы шайқасы қайта басталады. Ұрыс тағы да бірнеше күнге созылады. Осы жойқын жорық жөнінде Бұқар жырау өзінің жиырма тоғызыншы толғауында:

«Қалденмен ұрысып,

Жеті күндей сүрісіп.

Абылайдың қасында,

Бастарын бай тігісіп.

Сондай ауыр жорықта,

Хандыжаппен соғыста,

Бірге болған батырлар.

Мыналар ед егесіп.

Қара керей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай.

Беті қайтпас арыстан,

Шақшақұлы Жәнібек,

Серке қара Тілеуке,

Қара қалпақ Құлашбек.

Тігіден шыққан Ер Терек.

Шапырашты Наурызбай,

Құламенде Жібекбай қасында,

Бақ дәулеті басында.

Сеңкібай мен Шүйбекбай,

Таңсық қожа Мамыт бар.

Қасқарұлы Молдабай,

Қатардан жақсы қалдырмай.

Айнақұл Бәти ішінде,

Өңкей батырды жиысты,

Абылай салды жарлықты,»-деп баяндаған еді.

Абылай бұдан былай Сеңкібай батырды өзінің сенімді серігі деп таниды. Бұл 1748 жыл болатын. Кенеттен Қалден Церен өліп, енді жоңғар қонтайшысы болып, оның ортаншы ұлы Севан Доржи сайланады. Ол өте қатыгез, қанқұмар жан болған. Абылай екеуі біріне-бірі тіс қайраулы еді. Енді Абылай жасағына қарсы Севан Доржидің өзі жорыққа көтеріледі. Адам айтқысыз қан төгіс қайта басталады. Жау жақтан алдымен зеңбіректер гүрсілдеп, жалын атады. Зеңбіректі әскерге қарсы Сеңкібай, Сағымбай, Қанай батырлар бастаған әр мыңдық қол қалың жыңғылды саймен садақ оғы жететін жерге дейін жасырынып келіп, жау жағы зеңбіректі оқтап үлгергенше атой қылып, садақ тартып, ту сыртын орап, найзалап үлгереді.

Осы сәтті күтіп, биік төбе басында тұрған Абылай қалың қолмен жауды бас салады. Екі айға созылған ұрыстан кейін Қабанбай қолы Жаңақорғанды, Шымкентті алады. Бөгенбай жасағы Сайрам мен Созақты жаудан босатады. Батыр Баян мен Жәнібектің қолы Талас өзені бойы мен Қарақалпақ жерінен жоңғарларды қуып шығып, оларды бүкіл сыр бойынан сырғытады. Бұл қазақ елінің жоңғар әскерін мүлдем ойсыратып, оларды атамекеннен қуудың алғашқы ірі шайқасы еді. Ақыры амалы таусылған Севан Доржи Абылайдан бітім сұрауға мәжбүр болады.

Арада біраз жыл өткеннен кейін Ұлытаудың баурайындағы Кеңгір өзені бойында тұрған Алашахан мазары алдында үш жүздің баласы бозқасқа шалып, ақ кигізге көтеріп, Абылайды Үлкен Орда ханы етіп сайлайды. Енді қазақ қолы уақытша таратылып, жауынгерлер қол бастаған батырларымен бірге туған жерлеріне, еліне қайтуына мүмкіндік туады. Сеңкібай батыр да 3 бауырлары Жидебай, Шабанбай, Қараменде билермен бірге туған жерлеріне оралады. Бұған қазіргі Қарқаралы, Шет, Ағадыр, Приозерный аудандарының жері мен елі жатады.

Әруақты бабамызбен бірге талай қанды шайқастарды бастан кешірген, бірге туғандай болып кеткен қырғыз бен табын жігіттері онымен ере келеді. Сеңкібай қасындағы жеңіспен оралған жас жасақшыларды үйлендіріп, жер беріп, алдына   мал салып, ауыл-аймағын кеңейте түседі.

Ойран салған Сеңкібай деген сөздер міне үш ғасырға жуық ел аузанда сақталып келеді.  1729 жылы Балқаш көлінің оңтүстігіндегі Аңырақай даласында жоңғарлардың қазақ жастарынан ойсырай жеңілген ұрыстарына қатысқан Сеңкібай батыр  бастаған барлаушылар мыңдығы күндіз-түні майданның қызу ортасында болды.

Сеңкібай батыр жасағы Баян батыр басқарған әскери құрамында  1730-1734  жылдар аралығында Сарыарқаны бойлай енген Жоңғарларға қарсы Нұра бойында Әмірсана әскеріне күйрете соққы беру шайқасына қатысады. Осы оқиғаларға қарап-ақ Сеңкібай батырдын ерлік істрін айқын түсінуге болады

Сеңкібай батыр жоңғарларға қарсы Ұлы Отан соғысында басынан аяғына дейін  жаудан жерді елді босатуда қаһарман батырлар қатарында отыз жыл үздіксіз майдан ішінде болғаны тарихи ақиқат. Сонымен қатар Сеңкібай  халық арасынан шыққан озық та алғыр және терең ақылмен, тапқыр да тілмәр шешендігімен, әділ және түзу билігімен белгілі болған қоғам қайраткері. Сеңкібай бабамыз қазақ халқының жері мен елін қорғауда ішкі сыртқы саясатын сақтауда халықтар бірлігін нығайтуда елеулі үлес қосқан арыстарымыздың бірі.

1728-1734 жылдардағы азаттық күресінің ең қиын-қысталаң ас-ауыр күндерінде Сеңкібай батыр небір ерекше ерліктер көрсетті. Халқы үшін, жері үшін жанын пида етіп жиырма жасында жоңғар татарына қарсы жекпе жекке де шықты. Айсыз түнде, қарлы боранда, құз-қиянда жол табатын қазақ қолының барлау мыңдығында басқарды. 1726-1729 жылдар аралығында Қазыбек бидің рұқсатымен, Төле бидің сұрауымен Ташкент, Сайрам, Созақ қалаларын жоңғар шапқыншылығынан босату ұрыстарына қатысты. Биатаның жасаған ерліктерін айта берсек өте көп халқы үшін жасағанының бәрі еш ұмыт болып қалмас.

1.3. Биатаның киелілігі мен даналылығы

Сеңкібай Оразғұлұлының көріпкел тапқырлығымен талай жойқын  шайқастарда жеңіске жеткен Абылайхан оның ең сенімді серігім деп танығаны тектен-тек емес. Атағы жер жарған Абылайхан сонау 1740 жылдары Орынборда орыс әкімінен жүргізген келіссөзге Сеңкібайды оң қолым деп ертіп барған. Бұхар жырау, Қаз дауысты Қазыбекбиден бата алған әрі батыр, әрі би бабамыздың артында  мирас болып қалған бірталай жайды шама-шарқымызша әңгімеге арқау еттік. Сонымен бірге Сеңкең қызыр қонып, әулие атанған. Оның қалың жау жан-жақтан анталап, нөсерлі жаңбыр шелектеп құйған тас қараңғы түнде Абылайдың Ордасын тынымсыз шаңқылдаған бүркіт даусы шыққан бетке алып, қалың қамыс арасымен дұшпан көзіне түспей, үш жағын бірдей су қоршаған ашық алаңға аман-есен әкеліп қондыруы да жасынан Қырық шілтен қолдаған аруақтылығынан шығар. Бәйгеге ат қосып, «Сеңкібайлап!» ұран сату да, ауыр науқас жанға батқанда болмаса қиын-қыстау жағдайға тап болғанда «Биатамның аруағы қолдай гөр!» деп сиынуда да үлкен мән жатса керек. Иә, жоңғарларға қарсы жойқын шайқастар кезінде басына дулыға, үстіне сауыт киіп, бес қару асынып, ел қорғаны болған Биата дүниеден әулие атанып өтті. Содан бергі екі ғасырдан асып бара жатқан уақыт ішінде оның бейітінде «Жаратқан, жарылқай гөр» деген үмітпен жүрегі шерлі, көңілі жаралы адамдар түнеп, әлем байлауды, жұрт болып жиналып, ас беріп, дұға етуді үзбей жалғастырып келеді. Жолаушылап келе жатқандар, әсіресе, әйелдер бейіт жанынан ізеттілік жасап, жаяулап өтуді парызға санайды. Сеңкібай бабамыздың аруағына сиынып, оның бейітіне ақ тілек, адал ниетпен түнеген талай жарлы-жақпайлардың, ауру-сырқаулардың, бала сүйіп, перзент көрмеген әйелдердің армандары орындалғаны туралы ел арасына тараған әңгімелер көп-ақ. Осындай шарапатқа куә болған, қазір Қарағанды қаласында тұратын еңбек ардагері Қабден Қабылқасұлы өзі көзбен көрген оқиғаны былайша баяндайды: «Аласапыран ашаршылық кезінде менің бес жасар шағым болатын. 1933 жылдың ақпан айында Қарқаралының басындағы Қоңыртөбе деп аталатын биіктің бауырындағы атамекенді тастап, күн-көріс қамымен Қарағанды қаласына бұрын көшіп кеткен туыстарын іздеп, әкем Қабылқас, шешем Жамал, әжем Әдеқия, мен және қырқынан жаңа шыққан қарындасым түйе жеккен шанамен жол тарттық.  Өлдім-талдым дегенде Қарағандыға жеттік. Мұнда сегізінші шахтада тұратын ағайындарға қосылып, көңіліміз дауалағандай болды. Бірақ қуанышымыз көпке бармады. Аштықтан жүдеп – жадаған қысқы азапты ұзақ жолда суық тиген қарындасым, әжем, одан кейін шешем жарты жылға жетпей, бір-бірінен кейін қайтыс болып, әкем екеуіміз тірі жетім болып қалдық. Осылай Қарағандыға байыздай алмаған біз 1934 жылдың жазында Шет ауданында тұратын әкемнің қарындасының қолына көшіп баруға мәжбүр болдық. Әкем бақташы, Қарағандыдан бірге келген інісі бригадир, жеңгем сауыншы болып «Қошқарбай» деп аталатын совхоздың (қазіргі «Нұраталды») Қарашілік деген қыстағына орналастық.  Екі ағайындының ортасында жалғыз бала мен ғана. Жеңгеміз Терлікбай ағамен бас қосқанына он жыл уақыт өтсе де перзент көрмей, еңірегенде етегі жасқа толып жүрген кезі екен. Сол елдің үлкендері ағалы-інілерге «Сеңкібайдың басына түнеп, құдайға құлшылық етіп көрсеңдер қайтеді» деп ақыл қосса керек.

1936 жылдың шілде айында пар өгіз жеккен арбамен әкем, жеңгем және бала көтермеген тағы бір көрші әйел жолға шықтық. Әкем мені «Бабамыздың» бейітін көрсін, өгіздерге ие болып қолғабыс тигізсін» деген ниетпен бірге алып жүрді. Сеңкеңнің бейіті біз шыққан фермадан 15 шақырымдай жерде екен. Түс ауа зиратқа жақындадық. Әкем марқұмның молдалығы бар болатын. Колхозшылардан сатып алған тоқтыны сол жерде құрбандыққа шалып, осы маңда отырған ауыл адамдарын шақырып құдайы берді. Бір айта кететін жай құдайы берушілер ырым бойынша өзі сойған малының етін жемек түгілі сорпасын да ішпейді екен. Құдайыдан қайтқанда ауыл адамдары бізді ерте келіп, үйлерінен тамақтандырды. Тамаққа тойып алған мен іңір түсе арбаның үстіндегі иісі аңқыған көк шөпке жайғасып ұйықтап қалыппын. Таң аппақ атқанда оянсам әкем құран оқып отыр екен. Оның арт жағын ала тізе бүккен әйелдер де бастарына ақ жаулық тартып, Аллаға жалбарынып, Сеңкеңнің аруағына сиынып жатыр. Күн шыға бейіттің жанында отырған ауылдан шай ішіп, үйге қайттық… Алдымыздан анадай жерден бізді қарсы алған әкемнің інісі Терлікбай біртүрлі қуанышы қойнына сыймағандай     болып көрінді. Ол өткен түнде көрген түсін әкеме жорытып жатты. Терлікбай ағаның: «Таңға жақын басына ақ сәлде ораған ақ сақалды адам «Терлікбай, орныңнан тұр! Мен бабаңмын. Мынаған ие бол!

Бір қажетіне жарап қалар», -деп беліне кездік байлап кеткен екен. Түсті жорыған әкем: «Құдай берді. Енді түсіңді тіс жарып ешкімге айтпа» деп тапсырды. Сонымен не керек 1937 жылдың желтоқсанында екі әйел де бір айда босанды. Жеңгем ұл туды. Атын азан шақырып, Жасқайрат қойды. Сол Жасқайрат бауырым 1988 жылы елу екі жасында дүние салды. Артында екі ұлы мен үш қызы қалды. Қазір олар Ульянов ауданының «Көктал» совхозында тұрады. Әсіресе сөзі де, ойдан шығарған қоспасы да жоқ өмірде болған шындықтың бір үзік сыры осындай. Мұндай таңғажайып оқиғаны көркем табиғатты Қарқаралы мен Шет аудандарын мекендеген ел арасынан жиі естуге болады. Қазақ халқы төрт түкпір әлем таныған егеменді ел атанған бүгінгі шақта туған топырағынан шыққан дуалы ауыз билері мен ел қорғаны болған батырларының, әулие атанған дұғалы данагөйлерінің әруағы алдында бас иіп, ас беріп, еске алып жатқан шақта Сеңкеңнің ұмыт қала беруі тіпті қисынсыз-ақ дер едік.  Түптеп келгенде есімі халқымыздың бір тума перзенттері жоңғар, қалмақ шапқыншыларының жойқын жорықтары мен Қытай алпауыттарының көз алартуынан «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға» ұшыраған қазақ ұлтын жер бетінен құрып кетуден аман алып шыққан Абылай бастаған баһадүр батырлар Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Малайсары, Баян, Наурызбай, Олжабай және басқалардың қатарында аталатын Сеңкібай Оразғұлұлына бағыштап дұға оқуды ұйымдастыру оның қазір Қарқаралы ауданында өсіп-өніп отырған көптеген ұрпағының қолынан келері хақ. Мұны жұрттың барлығы құптап, қолдайтынына да күмән жоқ. Өйткені, елі ардақтаған ата-бабасына арнап ас беру Алаштың қашаннан бергі адамгершілік борышы.

Қорытынды

Біз осы зерттеу жұмысымызды жазу барысында батырдың өмір сүрген белестерін, ерліктерін оқып білдік. Сеңкібай -Биата қандай ерлік көрсеткендігін ұғып білдік. Мектеп бағдарламасында батыр жайлы деректер жоқ екендігіне көз жеткіздік. Жұмыстың әр тарауында қамтылған мәселелер өз мақсат-міндетіне орай жүзеге асырылған. Сеңкібай Оразғұлұлының ерлігі тарих төрінен үлкен орын алуға лайықты. Сондықтан да осы ерліктерін негізге ала отырып батыр, әрі шешен әрі би, халқының қамқоршысы, елінің қорғаны Сеңкібай батыр жайлы ғылыми жұмыстың жазылуы заңды деп білеміз

Халқымыздың тарихындағы шоқтығы биік тұлға-Сеңкібай  Оразғұлұлы туралы шындықты аңызынан айырып айтар уақыт келді. Өйткені, Биатаның ерлігі қазіргі келешек ұрпаққа үлгі-өнеге. Халыққа дана ортақ, киелі әруақ ортақ. Ол ешкімге бөлінбейді, ешкімді бөлмейді де. Жері, елі үшін толарсақтан саз кешіп, қан майданда жанын пида еткен қасиетті бабалар еңбегін жарық ету ұрпақ парызы, келешек ұрпаққа қарызы болмақ. Сонда қарыз да, парыз да өтеледі.

Көкбайрағын тіккен егеменді еліміздің бүгінгі заманда өмір сүріп отырған ұрпақ ел қорғаны болған бабаларын, даналары мен зиялыларын, билері мен батагөйлерін, халқымыздың біртуар перзенттерін тарлан тарихтың қатпарларынан жарыққа шығарып жатыр. Ендеше, Сеңкібай есімін келешек ұрпаққа жеткізу қасиетті парызымыздың бірі. Оның ерлігі мен даналығы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қала бермек. Осы жайында зерттеп жүрген ғалымдар мен ынталанушы топтар Сеңкібай батырдың ерлігі жөнінде келешекте де толықтыра береді деген сенімдеміз.

Ұсыныс:            

Оқу бағдарламаларына батырдың ерлік істері және өмірі мен шығармашылығы туралы еніп, оқытылса.

Аудан, облыс көлемінде Сеңкібай бабаның ерлігін айқындайтын іс – шаралар өткізіліп тұрса.

Сеңкібай батырдың ерліктерін дәріптейтін фильмдер түсірілсе.

You May Also Like

Жылыжайда қияр өсірудің тиімді технологиясы, ғылыми жоба слайд

Информационное общество. Главные особенности и характеристики информационного общества.

Информационное общество. Главные особенности и характеристики информационного общества. Специалисты, предложившие этот термин,…

Сүлік- сиқырлы емші, ғылыми жоба

Жоба тақырыбы: «Сүлік- сиқырлы емші» Мақсаты: емдік қасиеттерімен аты аңызға айналған «әулие…

Асқабақ пістесі мен күнбағыс пістесінің пайдасы мен зияны, ғылыми жоба

Негізгі бөлім.. 5 Пісте түрлері 5 1.1 Асқабақ және оның пістесі 5…