Тақырыбы:  Қазақ тіліндегі сыпайылық концептісі 

 Бағыты: Қазақстанның тарихи ескерткіштері және болашық дамуы бар саяхат маршруттары

Секциясы: Тіл білімі

      Ғылыми жұмыстың мазмұны 

Кіріспе 

Негізгі бөлім:

  1. Әлемнің тілдік бейнесі және оның ғылыми түсінігі 
  1. Қазіргі қазақ тіліндегі сыпайылық концептісінің ұлттық көріністері
  2. Сыпайылық мәнінде жұмсалатын вокативтер

Аннотация 

Ғылыми жұмыстың тақырыбы: Қазақ тіліндегі сыпайылық концептісі

Ғылыми жұмыстың мақсаты мен міндеттері: Зерттеу жұмысының мақсаты –қазақ тіліндегі сыпайылық семантикасын функциясын қарастыру. Бұл мақсат негізінде төмендегідей міндеттер шығады:

– «сыпайылық» ұғымы жүйеленген менталді құрылым екендігін айқындау;

– қазақ лингвомәдениетіндегі «сыпайылық» концептісін құрайтын тілдікбірліктерді  анықтау;

– сыпайылық пен сөз этикетінің ара-қатынасын, байланысын анықтау.

Ғылыми жұмыстың зерттеу әдістері: Зерттеу барысында синхронды тұрғыдан сипаттама, семантикалық, когнитивтік талдау, жүйелеу, топтастыру әдістері қолданылды.

Ғылыми жоба жұмысының дереккөздері:  Жұмысты жазу барысында қазақ ауызекі сөйлеу тілінен, әдеби тілінен, көркем әдебиет стилінен, публицистика материалдарынан алынған тілдік бірліктер, мақал-мәтелдер мен фразеологизмдер, қазақ классикалық әдебиеті мен қазіргі әдебиет өкілдері шығармаларынан дәйектеме сөйлемдер алынды. 

Жоба жұмысының кезеңдері:

2019 жыл (қаңтар – маусым): сыпайылық ұғымын білдіретін тілдік бірліктерді жинақтау;

2019 (шілде – желтоқсан): сыпайылық мәнін беретін атаулардың лингвомәдени сипатын мәдениетаралық қатысым тұрғысынан қарастыру;

2020 (қаңтар – маусым) жоба жұмысын жүйелеу.

2020 ( қыркүйек – желтоқсан) қорытындылап, қорғауға дайындау. 

Жобаның құрылысы: Жұмыс кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Annotation

Subject of scientific work: The concept of politeness in the Kazakh language

Aims and objectives of the research: The purpose of the research is to consider the function of the semantics of politeness in the Kazakh language. This goal is based on the following tasks:

– to determine that the concept of «politeness» is a systematic mental structure;

– identify the language units that make up the concept of «politeness» in Kazakh linguoculture;

– to determine the relationship between politeness and etiquette.

Research methods: Synchronous descriptive, semantic, cognitive analysis, systematization, grouping methods were used in the research.

Sources of the research project: Linguistic units, proverbs and phraseologies from the Kazakh spoken language, literary language, literary style, journalistic materials, citations from the works of Kazakh classical literature and modern literature were used during the writing of the work

Stages of project work:

2019 (January-June): collection of language units representing the concept of politeness;

2019 (July – December): to consider the linguocultural nature of names that give the meaning of politeness in terms of intercultural communication;

2020 (January-June): Systematization of project work

2020 (September – December): Summarize and prepare for defense.

Project structure: The work consists of an introduction, three chapters, a conclusion and a list of references.

Аннотация 

Тема научной работы: концепт вежливости на казахском языке

Цели и задачи научной работы: цель исследовательской работы-рассмотреть семантику вежливости в казахском языке. В основе этой цели лежат следующие задачи

Задачи исследования: определить, является ли понятие» вежливость »

систематизированной ментальной структурой;

– определение языковых единиц, составляющих концепт » вежливость

– в казахской лингвокультуре;

– определять соотношение, связь вежливости и речевого этикета

Исследование научной работы: В ходе исследования использовались

методы синхронного описания, семантического, когнитивного анализа, систематизации, группировки.

Источники работы научного проекта: При написании работы были заимствованы языковые единицы, пословицы и фразеологизмы из казахского

разговорного языка, литературного языка, стиля художественной литературы, материалов публицистики, предложения из произведений представителей казахской классической литературы и современной литературы. 

Этапы работы проекта:

2019 год (январь-июнь): обобщение языковых единиц, обозначающих понятие вежливости;

2019 (июль – декабрь): рассмотреть лингвокультурный характер имен, придающих смыслвежл ивости, с точки зрения межкультурной принадлежности;

2020 (январь – июнь) систематизация проектной работы.

2020 (сентябрь – декабрь) подведение итогов и подготовка к защите 

Построение проекта: работа состоит из введения, трех глав, заключения и списка использованной литературы.

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Бұл жұмыс қазіргі тіл білімінің когнитивті лингвистика, лингвомәдениеттану және этнолингвистика секілді маңызды бағыттарының түйіскен жерінде жасалды және қазақ лингвомәдениеттеріндегі «сыпайылық» ұғымының құрылымы мен тілдік тұрғыдан толығуын кешенді түрде салыстыра, салғастыра сипаттауға арналды.

Ежелден келе жатқан ата-баба салтында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан, қолданылып келе жатқан әдеттеріміздің, ғұрыптарымыздың салт-санамыздың біразы көнеріп, этнографиялық естелік ретінде халықтың тілі мен жадында сақталып қана қалса, соңғы жылдары қайта жаңғырып, жаңарып қолданысқа түсіп жатқандары да бар.

Зерттеу нысаны: қазақ лингвомәдениеттеріндегі «сыпайылық» концептісі

Зерттеу жұмысының өзектілігі: Қазақ тіл біліміндегі сыпайылық категориясы ғылыми айналым жүйесіне еніп жатқан тіл салалары аз емес. Өйткені сөйлеу – адам табиғатының, танымының, психологиясының күрделі де сан-салалы қырларын анықтауға мүмкіндік беретін әмбебап құрал болғандықтан, ол – тілдік құрал, ол – танымдық құрал, ол – қарым-қатынас құралы ретінде қалыптасқан. Сыпайылықтың осыған дейінгі ғылыми әдебиеттерде қолданылып кең тараған теориясы сөз әдебі мен сыпайылықтың ара-жігін дәл баса айтып көрсетпеген, ғылыми тұрғыдан зерттеп-зерделеп бір жүйеге түсірмеген. Осындай таласты мәселелерге тоқтала отырып, «сыпайылық» категориясын тілдік тұрғыдан қарастырған ғалымдар азшылықты құрайды. Қазіргі таңда қазақ тіл білімінде «сыпайылықты» фунционалды грамматиканың нысаны ретінде зерделеуді қолдап жүрген зерттеушілер бар, бірақ өте аз. Дегенмен, осындай бастамаларды ескере отырып, функционалды-семантикалық өрістегі «сыпайылықты» зерттеу – өзекті мәселе.

  1. Әлемнің тілдік бейнесі және оның ғылыми түсінігі 

Тіл мен мәдениетті сабақтастыра зерттеудің тиімді саласы – когнитивтік лингвистика. Оның маңызды ғылыми сала ретіндегі мәнін белгілі ғалым, проф. Ж.А.Манкеева: «Қазіргі тіл білімінде ұлттың рухани-мәдени қазынасы ретіндегі тілді зерттеудің ауқымы кеңейе түсуде. Оның себебі: әр тіл – өз бойында ұлт тарихын, төл мәдениетін, танымы мен талғамын, мінезі мен санасын, кәсібі мен салтын, дәстүрі мен даналығын тұтастықта сақтаған таңбалық жүйе. Сондықтан да қазіргі қазақ тіл білімінде тіл мен мәдениет сабақтастығын, атап айтқанда, тілдің бойындағы ұлттық сипатты, ұлттық рухты тануға негізделген когнитивтік лингвистика, оның лингвомәдениеттану, этнолингвистика т.б. салалары өріс алып отыр»,- деп анықтайды [1, 15 б.].

Когнитивтік ғылымның аясы – адамзаттың зердесінде қалыптасқан символдық процестердің табиғатын ұғынуға саяды. Тіл білімі сөздігінде когнитивті лингвистика туралы мынадай түсінік берілген: «Когнитивтік лингвистика (лат. сognition – білім, түсінік, көзқарас) – тіл біліміндегі бағыт. Тілді игеру, табиғи тіл механизмін түсіндіру үшін білім жинау, қолдану және оны түсіну моделін құру тұрғысынан зерттеледі. Когнитивтік лингвистика бұл модельді тек бүкіл когнитивті ғылымдар шеңберінде ғана жасай алады. Ол ғылым білімнің әр түрлі типтерін, олардың ұйымдастырылу және өзара әрекеттесу тілдерін зерттейді. Екінші жағынан, бүгінгі тілдерді зерттеу интенция, ес, семантикалық қорытынды, есте сақтау, түсіну, жоспарлау, дискурсты басқару сияқты когнитивтік категориялардың қатысуынсыз мүмкін емес. Когнитивтік лингвистика – тіл көмегімен информацияларды беру, сақтау құрылымдары мен тәсілдері туралы көзқарастарды тереңдетуге арналған» [2, 181 б.].

Когнитивтік лингвистика нысандарының ерекшелігі: біріншіден, олар адамның психикалық, мәдени қызметінің негізінде жатады, олар инвариантты және көлемді, жеке сөз мағынасының өрісінен әлем бейнесіне дейін түрленеді, екіншіден, тілдік сипаттаудың өзіндік құралдарын иемденбейтін ерекше бейнелілік арқылы сипатталады.

Когнитивтік ғылымның басты назар аударатын негізгі ұғымдары – «әлем бейнесі» (картина мира), «әлемнің тілдік бейнесі» (языковая картина мира), «әлемнің ұлттық (тілдік) бейнесі» (национальная картина мира) және «әлем моделі» (образ мира) немесе когнитивтік модель (кейде «әлемнің концептуалды бейнесі» деп те аталады).

Әлемнің концептуалды бейнесінің негізгі элементі болып концепт есептеледі. Концепт ­ дүниені, ақиқат болмысты адам санасында (миында) бейнелейтін когнитивтік бірлік. Ол тілдік ұжымның (халықтың) дүниені танып білуінен жасалады. Кез келген концепт тілдік бірліктер (атаулар, терминдер, тұрақты сөз тіркестері, сөйлемдер т.б.) арқылы, олардың әртүрлі құрылымдық модельдері арқылы тілде көрініс табады.

«Концепт» дегенді «ұғым» дегенмен бірдей түсінуге болады. Концепт те ұғым болып табылады. Бірақ ол – жинақталған, топтасқан, жүйеленген күрделі ұғым. Екі ұғымның айырмашылығы – екі түрлі ғылымның терминдері: ұғым – философия, логика ғылымдарының терминдері болса, концепт – мәдениеттанудың термині. Ұғымда энциклопедиялық ақпарат беріліп, ғылым мен білімнің нәтижесі көрініс тапса, концептіде ұғыммен бірге сөздің пайда болу тарихы, этимологиясы, мағынасы, әр дәуір мәдениетінің сөзге тигізер әсері, сөзге берілген баға (жағымды, жағымсыз) және бір сөзді айтсаң, екіншісін еске түсіретін ассоциациясы да көрініс табады.

Лингвистикада концепт термині мен түсінігінің қалыптасуы тіл, сана, және мәдениеттің өзара әсерлесуінің ерекшеліктерін, заңдылықтарын, амал-тәсілдерін игерудегі жаңа қадам болды. Осыған орай лингвистика, когнитология, мәдениеттану, философияның өзара әсерлесуінің жаңа аспектілері пайда болып, соның арқасында семантикалык зерттеулер тереңдей түсті.

Адамзаттың рухани мәдениеті саласында қалыптасқан концептілер «адамның сана-сезіміндегі мәдениеттің қоюы», яғни мәдени концептілер; адамның ментальді әлеміне енудегі мәдениеттің құралы; сөзбен бірге жүретін ұғым, елестету, білім, ассоциация, қобалжулардың «шоғы».

Кең мағынада концепт ­ жалпы әлем туралы білім жүйесінің (әлемнің концептуалды бейнесінің) бір бөлшегі, үзіндісі, яғни индивидтің объективті шындық туралы өз танымындағы тірек ұғымдары, білетіні, ойлайтыны, елестететіні.

Үлкен энциклопедиялық сөздікте: «Концепт (мысль, понятие) ­ смысловое значение имени (знака), т.е. содержание понятия, объект которого есть предмет (денотат) этого имени (например, смысловое шачение имени Луна ­ естественный спутник земли)».

Концепт және сөз қатынасы семантикалық үшбұрышпен байланысты: реалия – ұғым – атау».

Тілдің мазмұндық жағын интерпретациялау міндетті түрде оның тілмен, ойлаумен, шындықпен қарым-қатынасы мәселесімен байланысты. Зат (предмет, референт, денотат), идея (ойлау, ұғым. мағына, мән, сигнификат, десигнат) және атау (сөз, таңба, мәтін) арасындағы қатынасты және байланысты зерттеу семантиканың фундаментальді мәселелерінің бірі. В.Н. Телия осы үштіктің әр мүшесін былайша анықтайды: «Реалия предстает как денотат имени, то есть как совокупность свойств, вычлененных в актах номинации у всех обозначаемых данных именем релий (класса объектов). Понятие, вбирая в себя категориально- языковые признаки, выступает как сигнификат (смысл) имени, в которой могут входить и экспрессивные признаки. Имя осознается как звукоряд, расчленяемый в языковом сознании в соответствии со структурной организаций данного языкового кода» [3, 336-337 бб.]. Яғни «реалия» – атау денотаты, яғни номинация процесінде атаумен белгіленген зат пен құбылыстың белгілерінің жиынтығы ретінде; «ұғым» атаудың сигнификаты ретінде; «атау» – көрсетілген тілдік кодтың құрылымдық ұйымдастырылуы сәйкес тілдік танымда мүшеленетін дыбыстық қатар ретінде үғынылады.

М.Оразов мағына туралы: «Лексикалык мағына дегеніміз белгілі бір дыбыс не дыбыстар тізбегі мен шартты, тарихи және әлеуметтік  байланысқа түскен объектив дүниедегі заттардың, амал-әрекеттердің, түрлі құбылыстардың адам санасындағы жалпыланған, дерексізденген бейнесі» – деп айтады [4, 45 б.].

Сөздің лексикалық мағынасы мен ұғымы құрылымында дәстүрлі түрде сигнификат пен денотат компонеттерін ажыратады. Денотат зат-объектінің объективті қасиеті, ал осы қасиеттің ойлауда бейнеленуі мен тілдік формада бекітілуі – сигнификат. Тілдік таңбаның ұғымдық мазмұны түрліше аталады: «таңбаланушы» (Ф.де Соссюр), «десигнат» (Ч.У.Моррис, Ю.С.Степанов), «мағына» (Г.Фреге), «интенсионал» (Р.Карнап), «концепт» (А.Черч), «тілдік донотат» (А.А. Уфимцева).

«Концепт» термині М.М.Копыленко бойынша, «тек ұғымды ғана қамтымайды, сонымен қатар ортақ мағынаны қалыптастыратын ұғымнан алғашқы (предпонятийные) және деконцептуализацияланған құбылыстарды да қамтиды, ал реалияларды білдіру үшін тек сөздер ғана емес және де фразалық үйлесімдер қолданылады» [5, 44-45 бб.].

М.В.Никитин «концепт – бұл ең біріншіден, түсінік пен ұғым» екенін айтып өтеді [6, 66 б.].

Қазіргі тіл білімінде концептуалды семантиканың екі бағыты бар: семантикалық және логикалық бағыттар. Бұл бағыттардың ерекшелігі концепт пен сөз, концепт пен ұғым ара қатынасын түрліше түсінуге негізделгендігінде болып отыр.

Семантикалық бағыт. С.А.Аскольдов-Алексеев еңбегінде «концепт және сөз» арқа сүйейтін негізгі ұстанымы: «концепт біздің ойлау процесімізде бірдей қатардағы көптеген заттарды ауыстыратын ойдың құбылысы» [7, 28 б.].

Д.С.Лихачев осы айтылғанды әрі қарай дамытып, нақтылайды. Концепт тек сөздің өзі ғана емес және сөздің сөздіктегі әрбір негізгі мағыналары үшін өмір сүреді. Мұнда концепт біз күнделікті ауызша және жазбаша тілде көп колданатын мағыналардың соммалық сипаты. Концепт сөз мағынасынан тікелей пайда болмайды, сөздің сөздіктегі мағынасының адамның жеке және халықтық тәжірибесімен ұштасуының нәтижесі болып есептеледі.

Е.С.Кубрякова «концепт» және «ұғым» терминдері адам ойлауы мен санасының түрлі аспектілерін сипаттайды дейді. Ұғым – объективті шындықтың логикалық формада бейнеленуінің белгілі бір түрлерінің бірі; концепт сананың шұғыл (оперативті) мынадай бірліктерін қамтиды: елестету, образдар, ұғымдар, ал олар жинақталып барып концептуалды жүйе не әлемнің концептуалды моделін жасайды.

Сонымен қатар концепт пен сөз, концепт пен ұғым туралы өзге ғалымдардың айтқанына тоқталайық.

С.Г.Воркачев формалды» мағынада лингвоконцептілер ­ өзге тілдерге аударғанда бірсөзді (однословно) эквивалентті таба алмайтын, сөздерден кейін тұратын семантикалық құбылыстар дейді.

Бір қарағанда сөздің лексикалық мағынасын концепт деп атауға болады. Бірақ қазіргі күні сөздік мақаласындағы берілген сөз мағынасы «когнитивті шындықтан шалғай, тар, жетіспейтіндігі және тіпті парапар келмейтіндігі» туралы тезис дәлелденді.

Концепт ұғымға тепе-тең емес. Қазіргі зерттеушілер жаңа терминнің айту мағынасын таңбалау үшін енгізілгенін ескермеген, сондықтан да көптеген философиялық сөздіктер мен энциклопедияларда концепт ұғым не оның мазмұнын білдірумен тепе-тең көрінеді, осының өзі оларды ажыратуды керек етеді. Ұғым ­ заттың түрлі кезеңдерінің объективті идеалды бірлігі және қарым-қатынасқа тәуелсіз, ойдың қалыптасу қызметін атқаратын тілдің таңбалық және маңызды құрылымымен байланысты. Бұл – танымның нәтижесі, баспалдағы немесе кезеңі. Ал концепт сөйлеу арқылы жүзеге асады. Концепт субъективті. Жад және елестету – бір жағынан дәл қазір және осы жерде ұғынуға бағытталған, екінші жағынан ол жад акті ретінде – өткенге, елестету акті ретінде – болашаққа, пайымдау акті ретінде – осы шаққа негізделген жанның үш қабілетінің синтезі, концептінің ажырамас бөліктері.

Ұғымға қарағанда концептілер тек ойланылмайды, сонымен қатар адамның өз басынан өтеді (переживаются). Л.А.Грузберг «Концепт — мәдени-ментальді-тілдік құбылыс ретінде» деген зерттеуінде олардың эмоция, симпатия мен антипатия, кейде қақтығыстар заты болып есептелетінін айтып өтеді.

Концептімен салыстырғанда ұғымның құрылымы қарапайым: ұғым кұрылымында мазмұндық құраушы басым және концепт құрылымында болатын барлық компонеттер енбейді.

Концептілер – белгілі мәдениетті онсыз елестету мүмкін болмайтын ең курделі, маңызды ұғымдар. Олардың саны шектеулі, себебі кез-келген  кұбылыс концепт бола алмайды. Белгілі бір мәдениет үшін құнды, Шекті және өзінің бекітілуі үшін саны көп тілдік бірліктерге ие, мақал-мәтелдердің, поэтикалық және прозалық мәтіндердің тақырыбы бола алатын құбылыстары ғана концепт бола алады. Олар халық жадының мәдени иегерлері.

В.А.Маслованың анықтауынша, концепт эмоционалдық, экспрессивтік, бағалауыштық қоршалған. Концептіге осы көрсетілген түсіндірулерден өзге анықтамалар да бар. Концепт ­ ментальдік және психикалық ресурстарды түсіндіретін және адамдардың білімі мен тәжірибесін бейнелейтін термин.

Концепт ­ оперативті есте сақтау бірлігі, әлемнің адам психикасында көрініс табуы. Концептілер – сөз және экстралингвистикалық шындықтың арасындағы дәнекерлер.

Концептінің осыншама түрлі анықтамаларының болуы, оның келесі вариантты белгілерін көрсетуге мүмкіндік береді: сөз арқылы вербалданатын және өрістік құрылымы бар адамзат көзқарасындағы өз тәжірибесінің минималды бірлігі;

білімді сақтаудың, өңдеудің, айтып жеткізудің негізгі бірліктері;

концепт жылжымалы шегара мен нақты функцияларға ие;

– концепт әлеуметтік, оның ассоциативті өрісі оның прагматикасын ескертеді;

– бұл мәдениеттің негізгі ұяшығы.

Сонымен, концепт – адамзаттың әлем бейнесі туралы жинақталған  түсініктерді беретін тірек ұғымдар деп жалпы түсінік береміз.

Ортақ анықтаманың болмауы, концептінің күрделі, көп қырлы кұрылымын, тіл иесі тек ойлайтын ғана емес, өз басынан кешіретін ұғымдык негізбен қатар әлеуметтік-психо-мәдени бөлікті иемденуін, ассоциациялар, эмоциялар, бағалар, белгілі бір ұлтқа тән ұлттык образдар мен коннотацияларының болуын көрсетеді.

Осылайша, концепт ­ лингвомәдени спецификасының белгіленген және осы не өзге түрде белгілі бір этномәдени иелерді сипаттайтын семантикалык құбылыс. Концепт этникалық әлемтануды бейнелей отырып, этникалық тілдік әлем бейнесін таңбалайды.

Метафоралық үйлесімділігі зерттеліп, нәтижесінде концептінің бейнелі белгілері анықталады. Соңғы кезде концепт термині қазақ тіл білімі ғылымында да жиі қолданылып, зерттеу нысандарына айналуда. Бұл бағытта концептінің  мән-мазмұны зерттеуші ғалымдар Ж.Манкеева, Н.Уәли, Г.Смағұлова, Г.Мұратова, Г.Сағидолда, Э.Оразалиева, Қ.Жаманбаева, Г.Снасапова, М.Күштаева, С.Жапақов, А.Ислам, Б.Ақбердиева, Б.Тілеубердиев, Ш.Ниятова, Ш.Елемесова, Г.Имашова, Ж.Жампейісова, Ф.Қожахметова т.б. еңбектерінде әр қырынан қарастырылып келеді.

Қазіргі таңда зерттелген философиялық және мәдени концептілер мыналар: «бостандық», «еркіндік» (Вежбицкая А.), «ақиқат» (Лукин В.А.), «ой», «идея» (Кобозев), «тағдыр» (Радзиевская Т.В.), «рух», «жан», «дене» (Булыгина Т.В.), «жақсылық» пен «жамандық» (Берестов Г.И.), «бақыт» (Воркачев С.Г.), «қуаныш», «ақиқат» т.б. (Степанов Ю.Д), «жан» (Тильман Ю.Д), «шындық», «ақиқат» (Агиенко М.И.), «дом» (Медведева А.В), «өзге» (чужой) (Куликова Л.В), «өлім» мен «өмір» (Іргебаева Б.), «ана» (Жанпейісова Н.М.), «контраст» (Сүгірбекова С.Р.), «тары» (Күштаева М.), «Ақ-қара» тілдік бірліктерінің оппозициясы (Жампейсова Ж.М.).

Қорытындылай келе, қазақ тіл білімінде бесік жайлы жазылған ғылымның өзге салаларындағы еңбектер бар болғанымен, концепт ретінде алғаш рет зерттеліп отыр. Сондықтан, бұл тақырып өте өзекті. Қазақ лингвомәдениетінде зерттелуді күтіп отырған бірнеше өзекті тақырып болса, солардың бірі бесік концептісі деп танимыз.

  1. Қазіргі қазақ тіліндегі сыпайылық концептісінің ұлттық көріністері

Сыпайылық мәнін білдіретін сөздердің семантикалық топтарын бірінші кезекте вербалды және бейвербалды деп бөлеміз де, әрі қарай жекелеген топтарға жіктеуімізге болады. Мысалы, бейвербалды формаларының гендерлік сипатына қарай да бөлуге болады. Амандасудың өзі әйел адам мен ер адамдардың жасайтын қимылдары әртүрлі. Ер азаматтар әдетте, оң қолын кеудесіне қойып, басын сәл иіп немесе изеп амандасады; қос қолдарын ұсыну арқылы амандасады. Ал әйелдер болса, еңкейіп, басын төмен иіп, сәлем салады немесе жай ғана даусын да қатты шығармай, амандасады. Міне осының өзінен сыпайылықтың гендерлік сипатын көруімізге болады. Қазіргі кезде жастардың, оның ішінде қыз балалар мен ер жігіттердің амандасу жүйесінде айырмашылық қалмаған секілді. Себебі оларда бірыңғай сәлеметсіз бе деген амандасу формасын қолданады. Бұл, әрине, амандасудың түрлерінің азаюына алып келіп отыр.

Қарым-қатынас тілдік қатынасқа қоса немесе сөйлесімге көмекші қызмет атқаратын бейвербалды амалдарды қажет етеді. Өйткені, қатынас немесе көркем мәтін тілдік қарым-қатынастың сыртында дауыстың құбылмалы реңктерінен, тембрінен, қарқындығынан, қимыл-әрекеттерінен, дене қимылдарынан, бет-әлпеттегі өзгерістерден де құралады. Олардың әрқайсысы баяншы мен қабылдаушы арасындағы қатынастың мақсатын ашады, түсінуге мүмкіндік береді.

Бейвербалды амалдарды алғаш зерттеу Г.Спенсер, В.Вундт, Ч.Дарвин еңбектеріннен бастау алған. Ч.Дарвиннің 1872 жылы жарық көрген «Эмоцияның адам және жануарларда бейнеленуі» атты еңбегінде тілдің шығу тарихы мен ым-ишараның дамуындағы байланыстарды ұштастырады [8, 103 б.]. Ч.Дарвиннің қазіргі «бейвербалды амалдарға» қатысты айтқан тұжырымдары мен бақылауларын бүгінгі күні әлемнің барлық ғалымдары мойындайды. Көптеген ғалымдар бейвербалды амалдардың сөйлесудегі ерекшеліктерін анықтай келе, адам өмірінде қайсысы қандай қызмет атқаратынына айрықша назар аударған. Мәселен, француз психологы Альберт Мейербиан қарым-қатынас кезінде вербалды амалдар – 7%, дыбыс, интонация – 38%, бейвербалды амалдар – 55% қолданылады деген пікір айтқан. Ал, профессор Р. Бердвислл адамдар қарым-қатынасында 38% – сөз, 65% – хабар бейвербалды амалдардың көмегімен беріледі деп тұжырым жасайды. Сөз етіліп отырған бейвербалды амалдардың қарым-қатынас құралына айналуында адамның дене мүшелерінің бәрі де қатысады. Осыған байланысты шетел және орыс тіл білімінде «Язык жестов», «Язык тела», «Язык лица» т.б. еңбектер, зерттеулер жарық көрген [9, 77 б.].

Бейвербалды амалдарды тіл білімінде паралингвистика деп, грек тілінде қасында, жанында және латынның lingua – тіл деген сөздерінен құралған деп қарастырады. Паралингвистика терминін қырқыншы жалдары американдық зерттеуші, ғалым А.Хилл енгізген. Лингвистикалық түсіндірме сөздікте бұл терминге мынандай анықтама берілген:

  1. Сөйлеуде қолданылатын мағыналы хабар жеткізуші, бірақ тілге жатпайтын құралдар.
  2. Тілдік байланысқа қатынасатын тілдік емес құралдардың жиынтығы [9, 243 б.].

Терминді алғаш ұсынған ғалым А.Хилл болса, жаңа ғылым саласының зерттеу нысанын белгілеген, бейвербалды амалдар мәселесін алғаш ғылыми тұрғыдан зерттеушілердің бірі – Дж.Трейгер. Зерттеуші бейвербалды амалдарды кинесика және паралингвистика деп екіге бөліп қарастырады. Паралингвистикалық амалдарға просодикалық яғни, дыбыстық ерекшеліктерді жатқызады [9, 108 б.].

Қазақ тіл білімінде қарым-қатынастың бұл түрі тек соңғы жылдар жемісі болса да, бейвербалды ертеден кездесуге болады. Атап айтсақ, бейвербалды амалдар туралы көзқарастар, алғашқы ойлар қазақ филологиясының тұңғыш профессоры Қ.Жұбанов еңбегінде кездеседі. Ғалым ымның ерекшелігі туралы былай дейді. «Ауызекі сөйленетін сөздердің андай-мұндай қисығын елетпейтін басқа жағдайлар бар. Дыбыстап сөйлеген сөздің олқысы, көбінесе, ыммен толығады. Тіпті бірінің тілін бірі білмеген я болмаса, бірінің тілі мүлде жоқ болған уақытта да ыммен ылаждап түсінуге болады». Қ.Жұбановтың ойынан бейвербалды амалдар ауызекі тілдің ажырамас бөлігі екенін, соңымен қатар қарым-қатынасқа көмекші компонент ретінде рөл атқаратынын аңғаруға болады [10, 57 б.].

Сондай-ақ тілші М.Балақаевтың зерттеу еңбектерінде де бейвербалды амалдарға қатысты мәселелер сөз етіледі. Ғалым бейвербалды амалдарды сөйлесудің қосымша амал-әрекеті ретінде қарастырады. «…Сөйлеу әр уақытта сөйлеу жағдайында өтеді: дауыс ырғағы, екпін, қимыл, ым, нұсқау, қол көтеру, көз қысу, бас изеу, күле, ызалана… сөйлеу, бәрі ойды дәл жеткізе айтудың қағазға түсе бермейтін қосымша амал-әрекеттері», – деп қорытындылайды [11].

М.Мұқановтың қазақ халқының салт-дәстүрі мен тұрмысында кездесетін ұлттық-мәдени сипатқа ие бейвербалды амалдарды алғаш психология ғылымымен байланыстыра талдайды. М.Мұқанов қазақ халқының тұрмысында кездесетін бейвербалды амалдардың 28 түрін жинақтай келе, бірнеше топқа жіктейді: сәлемдесу амалдары (көрісу, сәлем ету); алғыс айту амалдары (ас қайыру, сарқыт беру, бата беру); үлкендерді немесе сыйлы адамдарды қошеметтеу амалдары (бас беру, жездеге төс беру, ауыз тию, жолаушының түсуі, ақ байлау); тілек амалдары (бата беру); кемсіту немесе қорлау амалдары (теріс бата беру, келген кісіні табалдырықта қабылдау, келген адамға ішек-қарын беру); қайғы амалдары (жылау, көрісіп жылау); салт-дәстүр амалдары (ерулік, із келсе шығарып салу); таңғалу амалдары (бетім-ай); өтініш амалдары (кіндік шешенің құттықтауы); өзгешелік амалдары [12, 88 б.].

С.Татубаев «Жесты как компонент искусства» еңбегінде қазақ халқының тұрмысында қолданылатын ишаралар мен опера, драма өнерінде кездесетін ишараларды салыстыра зерттейді. Автор: «Күнделікті қарым-қатынаста қолданылатын ишаралар мен драма және операда кездесетін ишаралардың бір-бірінен айырмашылығы жоқ. Өйткені қарым-қатынаста және сахна өнерінде қолданылатын ишаралардың беретін мағынасы мен атқаратын қызметі бірдей», – деп өз ойын қорытындылайды [14, 99 б.].

«Невербальные компоненты коммуникации в казахском языке» атты С.Бейсенованың ғылыми еңбегінде коммуникацияның бейвербалды компоненттерінің ұлттық-мәдени ерекшеліктері сараланды және олардың аудармасы, фразеологизмдермен сәйкестік дәрежесі анықталды. Ғалым еңбегінде қазақ тіліндегі қарым-қатынастың бейвербалды компоннттерінің классификациясы алғаш рет ұсынылды [15, 17 б.].

Ғалым М.Ешимовтың «Ым семантикасы универсалды және ұлттық табиғаты» диссертациясы әр түрлі халықтар қарым-қатынасындағы бейвербалды амалдардың ұқсастықтары мен айырмашылығын, әлеуметтілігін анықтауға арналған [16].

Ал Г.Сәрсекенің зерттеу жұмысынан бейвербалды амалдарға қатысты пікірлерді көптеп кездестіруге болады [17, 29 б.]. Бейвербалды амалдар – ауызекі сөйлеу тілінің ажырамас бөлігі боп табылады. Қарым-қатынас кезінде бейвербалды амалдар тілдік амалдармен қатар қолданылып, сөйлесім әрекетін жеңілдетеді.

В.М.Верещагин, В.Г.Костомаров бейвербалды амалдарды іштей екіге бөліп қарастырады:

Соматизм тілі. Бұл топқа ишара, дене қалыбы, мимика, бет-әлпет кескіні және әр түрлі адам жүзінде байқалатын психосоматикалық симптомдарды енгізеді.

Ғұрыптық тіл. Бұл топқа бір әлеуметтік топтың әдет-ғұрпымен, этикетімен, салт-дәстүрімен байланысты дене қимылдарын жатқызады.

Осы соматизм және ғұрыптық тілде де сыпайылықтың белгілері бар. Г.Колшанскийдің кез-келген еңбегін алып қарасақ та, бейвербалды амалдарға қатысты айтылған көптеген құнды ойлар мен тұжырымдарды кездестіруге болады. Ғалым бейвербалды амалдардың зерттелуіне шолу жасай келіп, «Паралингвистика» атты еңбегінде былай дейді: «Паралингвистикалық амалдар тілдік қатынаспен қатар қолданылып, қосымша хабар беред. Бұл амалдарға әр түрлі дыбыс ерекшеліктері, сонымен қатар мимика, ишара, дене қимылдары жатады» [18, 93 б.].

Бейвербалды амалдар тек қана қазақ тіліне ғана тән қарым-қатынасыны ғана тән емес, барлық халықтың қарым-қатынасында бар құбылыс.

Қарым-қатынастың тілдік амалдары сияқты бейвербалды амалдар да ұлттық нышандарға ие. Бейвербалды амалдар әр халықтың ұлттық-мәдени ерекшеліктерінің көрсеткіші болып табылады. Ұлттық-мәдени негіздегі бейвербалды амалдардың мағыналық астарында халық өмірінің бүкіл қыр-сыры жан-жақты сақталған.

Қазақ халқының ұлттық-мәдени ерекшеліктерінің бірі – әдет-ғұрпы, ырымы, салт-дәстүрі. Қай халықтың болмасын өзінің өмір сүрген дәуіріне қарай тұрмыс-тіршілігі, сол ұлтқа ғана тән әдет-ғұрып, салт-дәстүрі арқылы халықтың тұрмсы-салты, мінез-құлық ерекшеліктері мен дүниетанымының сыр-сипаты көрінеді. Бейвербалды амалдары сол халықтың мәдениетімен тығыз байланысты. Бейвербалды амалдар әр этностың ұлттық-мәдени ерекшеліктерін анықтауда маңызды рөл атқарады.

Жалпы коммуникативтік актіде қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрпына қатысты бейвербалды амалдар өзіндік көркемдік таныммен ерекшеленеді. Мысалы, ата-бабамыздың ежелден келе жатқан салтының бірі – біз шаншу. Бұл – «құда болайық» деген өтініш, елшілік хабарды аңғартатын бейвербалды амалдардың бірі. Қазақ халқы жолаушылап жүрген адамдарды жылы қарсы алып, сый-сыяпатын көрсетіп, аттандырып салатын. Біз шаншуға келгендер ешкіммен сөйлеспейді. Қандай шаруамен жүргенін де айтпайды. Қонақасын ішкеннен кейін үн-түнсіз аттанып кетеді. Қонақтар кеткен соң, үй иелері сырмаққа қадалған бізді көрсе: «Ұл ер жетті, қыз бой жетті – қасқұлақ бала бізде бар, қаса сұлу сізде бар, құда болайық» дегенді түсінген.

Сырға салу – бейвербалдық сипатқа ие қазақ халқының салт-дәстүрінің бірі. «Сырға салу» амалы ерте кезден келе жатқан дәстүр екені анық. Ертеден келе жатқан дәстүр бойынша, әдетте үйінде оң босағада отырған қызы болса, керегедегі түскиізге сырға іліп қоятын. Осы дістүр туралы қазақ зергерлік Р. Шойбеков былай дейді: «Ертеде қыздың басы бос, атастырылмаған болса, керегеге, кілемге, тіпті бақанға сырға іліп қою салты болған. Үйге келген қонақ, яки жолаушы үй ішін көзімен шолып, ілулі тұрған сырғаны көрсе, «бұл үйдің бой жетіп келе жатқан не бой жетіп отырған қызы бар екен, ата-анасы әлі ешкіммен құда болмапты, қыздың басы бос екен»» деген ой түйген. Мұның аяғы кейде құдалыққа ұласып жататын.

Сол сияқты құда түсудің тағы бір амалы – қамшы іліп кету. Қызды көруге келген жігіттің әкесіне шешесі «Қызымның ұнағаны рас болса, белгі тастап кет» деген. Жігіт әкесі «құдалықтың басы осы болсын» деп үйдің төріне қамшысын іліп кеткен.

Әдет-ғұрыптық сипатқа ие бейвербалды амалдардың бірі – қамшы тастау. Бұл ұлттық салт-дәстүр, әдет заңының жолы бойынша шешендер мен билердің, талапкерлердің дау-шар кезінде сөз сұраған белгісі болып саналады. Дау-жанжал, ақылдасу сәттерінде ер адам бір тізерлей отырып, қамшысын бүктеп, жерге қадаса, бұл бітімге келушілік белгісін аңғартқан. Қамшы – өте ерте заманнан бері қолданылып келе жатқан құрал. Санымен қатар, ертеректе «үйге қамшыны бүктеп алып кіру» әдептілікті байқатады деп есептеген.

Осы кезге дейін ата-бабаларымыздың жалғасып келе жатқан дәстүріміздің бірі – шашу. Қуанышты сәттің бәрінің шашумен басталуы – арты той-томалаққа ұласып, игілікті істерге босағадан аттаған сәтте, күйеу қайын жұртын келіп түскенде, қыздың жасауы келгенде, отау көтергенде, бәріне шашу арнайды. Гендерлік ерекшелікке байланысты шашуды әйел адамдар шашады.

Сондай-ақ, қазақ халқында ант ету, ант беру дістүрінде: құранды кеудеге басу, нан ұстау, нан жеу, тілінен қан шығару сияқты қимылдары да кездесіп отырады. С.Мұқанов: сарқыт беру, аң байлау, ауыз тию, ерулік, келген адамға ішек қарын беру, жездеге төс беру, жолаушының түсуі, ақ байлау сияқты дәстүрлерді де ұлттық-мәдени негіздегі бейвербалды амалдар қатарына жатқызады. Ұлт болмысын танып білуде бейвербалды амалдардың қосар үлесі зор. Көптеген салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарда ата-бабаларымыз тіл қатпай-ақ түрлі іс-әрекеттер, дене қимылдарымен демек, бейвербалды амалдармен көп нәрсенің мән-жайын жеткізе білуге тырысқан. Қазақ халқының ұлттық-мәдени ерекшеліктері бейвербалды амалдармен толығып отырады [12, 65 б.].

Қонақты күле қарсы алу, аттан түсіру, төрге отырғызып, шынтағына жастық төсеу, сусынды қос қолдап ұсыну, кетерде қолтығынан демеп аттандыру барлығы сый-құрмет бейвербалды амалдары болып табылады.

Қазақ халқы ертеден-ақ «адам арқауы – асты» ерекше қастерлеген. Қазақ үйінде қонақасылық еті бола тұрса да, құрметті қонағына арнап мал сойған. Қазақ салтында қойдың басын көбіне, қадірлі қонаққа, беделді ақсақалдарға тартады. Қазақ дәстүрінде «Бастың жолын ашу» қонаққа – ұзынынан түскені сіздің жол, көлденеңінен түскені біздің жол» деген мағынаны білдіреді. Бас тартылған қонақ оның тұмсығын өзіне ұстап, алдымен «Меккенің қасиетті топырағын иіскеген» деп тұмсығының ұшынан бармақтай етіп кесіп салып, тұмсығы тартылатын адамға қаратылып қойылады. Бұдан кейін бастың оң жақ езуінен бастап кесіп, бірінші өзі жеп, содан кейін басқа қонақтарға бір-бір кесек ауыз тигізген соң, құлағын кесіп алып сол үйдің кенже ұлына немесе балаларының біріне береді. Одан әрі бір көзін өзі алып жесе, екінші көзін үй иесіне ұсынған. Оның мағынасы «әрқашанда бір-бірімізді көріп жүрейік, көзінің нұры солмасын» дегенді меңзейді. Енді қойдың таңдайын алып, үйдегі қыз бала мен келіннің алақанына үш рет ұрып береді. Мұның мағынасы «сөздің құдіретін білетін шешен бол, елдің қамын ойлар, елдің сөзін айтар ділмар бол!» деп бас бермейді. Қонаққа қойдың басын тісін қақпай ұсыну қазақ этномәдени ұжымының өзінде екі түрлі қабылданады. Қойдың басын тісімен ұсыну тұтастық пен берекенің белгісі болып табылса, енді бірде оған қарама-қарсы мағынадағы үй иесінің қонаққа деген көңілінде назы, өкпесі бар екенінің белгісі ретінде түсіндіріледі.

Адамдар бір-біріне деген ілтипатын, адал сезімін, бір-біріне деген сүйіспеншіліктерін сәлемдесу арқылы білдірген. Әдетте, амандық-есендік сұрасудан бұрын пайда болған амандасу әдептерінің бірі – қолымен ишарат ету, белгі беру. Қол алысып амандасу – ерте заманнан келе жатқан дәстүр.

Қол алысу – жазушы шығармаларындағы  сәлемдесу рәсімінде кеңінен қолданылған бейвербалды амалдардың бірі. Сөз етеліп отырған амандасу рәсімдері көбінесе, жазушы шығармаларында түрліше баяндала келіп, ұлттың, халықтың дістүріне, мәдениетіне ұласып жатады. Қазақ халқында қолдасып амандасу – бар ықыласыммен сәлемімді қабыл алыңыз дегенді аңғартады.

Әдетте ер адамның кездескенде, амандық салты «Ассалаумағалейкум» деген сөзден басталады. Ол жақсы тілек «Сізге Алланың нұры жаусын» деген сөз. Жас адам жолы үлкен адамға алдымен ұмтылып, қос қолын ұсынады, сәлем беруші адам оған жауап, яғни сәлемді қабылдау ретінде «Уағалейкумассалам» деп оң қолын ұсынады.

Мұндай қос қолдап амандасу – қазақ халқында тек ер адамдар қарым-қатынасында басым кездеседі. Мұны жазушы О.Бөкейдің шығармаларынан мысал келтіру арқылы дәлелдей түсейік.

Жазушының шығармаларында сәлем беруші қабылдаушыға деген сый-құрметін, ілтипатын қос қолдап амандасу арқылы білдіреді. Амандасудың бұл түрі халқымыздың ұлттық-мәдени ерекшеліктерін аңғартатын бейвербалды амалдардың бірі ретінде қаламгер шығармаларында жиі кездеседі.

Тентек ұлды әкесі үйге қуып шықты да, баласы үшін кешірім өтінгендей, қос қолын ұсынып қауқалақтай амандасты («Атау-кере»).

Коммуникативтік актіде қол соматизміне байланысты жиі қолданатын келесі бір дене қимылы – қол бұлғау. Сәлемдесудің бұл түрі жазушы шығармаларында көбінесе, коммуниканттардың арасындағы қашықтыққа байланысты қолданылады.

Кабина терезесінен әуелі басын қылтитқан ұшқыш ыржия күліп, қолын бұлғады («Атау-кере»).

Осы сеңдей соғылысқан вагонның біріне жабысқан Дархан қолына қолақшасын ұстап күле қарап тұрған стрелочник жігіттің жанынан өте бере қол бұлғады («Өз отыңды өшірме»).

Негізінен, жасы үлкен болсын, кіші болсын көп адам жиналған жерге келгенде кісі ең алдымен көпшілікке сәлем береді. Мұндай жағдайда сәлемдесудің вербалды түрімен қатар бас изеу кинемасы да коммуникативтік қызмет атқарады.

Колхоз басқармасының бастығы көпшілікпен бас изесіп амандасқан болды да, анадай тұста отырған Әкімді төрге шақырады («Мынау аппақ дүние»).

Сәлемдесу рәсімінде қолданылатын бейвербалды амалдың бірі – иек қағу. Сәлемдесудің мұндай түрі жазушы шығармаларында өте сирек кездестіреміз.

…Тура алдына келіп: «Бураш, хәл қалай?» деп, дауыстағаныңша байқамас еді, Ыржия күліп бетіңе қарайтын да «аман-аман» деп иегін қағып өте шығар еді («Бәрі де майдан…»).

Сәлем – арабтың тыныштық, бейбітшілік мағынасындағы ассалам сөзінің тілімізде фонетикалық өзгеріске түсіп, қалыптасқан түрі. Сәлемдесу – тұңғыш рет немесе араға белгілі бір уақыт салып, кездескен таныс және бейтаныс адамдардың дәстүрлі сөз, ишара не дене қимылы арқылы бір – біріне жақындық ниет, ілтипат білдіріп, жылы шырай танытуы. «Сәлем – сөздің басы» делінетіні де сондықтан. Тегінде, әдеп, адамшылық – амандасудан басталады. Адам баласының рухани тарихында қолы жеткен зор игілігі – сәлемдесу. Оның шарапаты мен кереметі сонда – адамзат әдебінің қалыптасуында, жұмыр басты пенделердің  бір — біріне жылы мейір мен кең пейіл көрсетуінде, достықты, өзара жақындықты бейнелеуде аса зор маңызға ие. Сондықтан бүлдіршіндерге ең алдымен үлкенге сәлем беру әдебін үйрету қажет. Адам баласы қашанда тыныш – бейбіт, басы аман, бауыры бүтін, бір -бірімен тату – тәтті, сыйласып өмір сүруді аңсап, армандаған. Соның негізін сәлемдесу салған.

Көбінесе, балаларды жастайынан ең алдымен таңертең ұйқыдан тұрған соң, беті-қолдарын жуып келіп, ата-анасына, отбасы мүшелеріне, қонақтарға сәлем беруге дағдыландыру керек. Адамның әр күнгі іс- қимылы таңертеңгі сәлемнен, жақсы лебіз, қошеметтен басталатынын сәбиге түсіндіру керек. Қазіргі таңда сәлемдесудің түрлері өте көп, бірақ балаға соның ішіндегі ең керекті түрлерін үйреткен жөн. Мәселен, басқа сәлемдесу түрлеріне қарағанда балаларға «Сәлеметсіз бе?» және «Ассалаумағалейкум» деп амандасу қолайлы сияқты. «Ассалаумағалейкум» деген араб сөзінің мағынасы «Сізге тыныштық тілеймін»дегенді білдіреді. Алайда, балаға құр ғана «ассалаумағалейкумды» айтып, бір міндеттен құтылғандай болатын тоң  – торыс сәлемнің ізеттілік емес екенін, қайта кісі көңіліне қаяу түсіретін қылық болып табылатынын айтқан жөн. Сәлемдесудің әдеп ретіндегі ең басты шарты – жылы шырай. Онда сәлем беруші мен алушының қас – қабақ, бет – жүз құбылысы, даусы маңызды қызмет атқарады. Міне, осылардың бәрін балаға үйрету өте маңызды. Дұрыс амандаса білудің өзі дұрыс сөйлеуге, сөз әдебін қалыптастыруға көп көмегін тигізеді. Осындай тәлім – тәрбие арқылы бүлдіршіндер дұрыс сөйлеуге үйренбек.

Сөз этикетінің өз алдына дербес бір саласы – қоштасу. Оны дербес сала дейтініміз – оның өзіндік мақсаты, арнайы жұмсалатын тілдік таңбалары, қолданылатын тұрақты орны бар. Қоштасудың да түрлері өте көп. Мәселен, «Сау болыңыз», «Хош», «Көріскенше күн жақсы», «Хош болыңыз» т.б. Бұларды балаларға тиісті жерінде лайығымен қолдануға үйрету әдептілік әліппесі болып табылады. Себебі қоштасу түрлерінің қолданылуында өзіндік жүйе, қалыптасқан дәстүрлі тәртіп бар. Бала кетер алдында қоштасып, әдеп сақтауға тиіс [19, 84 б.].

Мысалы, қазақ сөз этикетінде жиі қолданылатын «Сау болыңыз» әдеби тілде қоштасуды білдіргенмен, Қазақстанның батыс говорларында, Түрікменстан қазақтарының тілінде (Ә.Нұрмағамбетовтың деректері бойынша) «Рақмет» деген мағынаны білдіреді. Әрине, мұндай тілдегі ауытқушылықтарды бала кішкентай кезінен біліп өскені жөн.

Қоштасу формуласы табан астында болмайды, яғни бүлдіршіндерге тек қоштасу сөздерін ғана емес, қоштасуға дайындық сөздерін де үйреткен жөн. Олар, атап айтқанда, «Уақыт болып қалыпты-ау», «Амал жоқ, қайтар уақыт таяды», «Уақытыңызды алмайын», «Осымен болайық» қыстырма сөздері. Яғни, қалыпты қоштасу сөздерінің құрылымы тұтастай алғанда формуладан – негізгі актіден және дайындық актіден тұрады. Міне, осындай қарым-қатынастарды балаға үйрету арқылы сөз әдебін қалыптастыруға болады.

  1. Сыпайылық мәнінде жұмсалатын вокативтер

Қазақ тілінде қаратпа сөз туралы зерттеулер баршылық. Осыған дейін қаратпа сөзді зерттеушілер оның грамматкалық сипаты мен синтаксистік қолданысына назар аударған. Қазақ тілінің құрылымы туралы жазылған еңбектерде оқшау сөздердің үшке бөлінетіндігі, қаратпа сөздердің біреуді өзіне қарату үшін қолданылатындығы, олардың тыныс белгілері, орнын ауыстыруға болатындығы, интонациясы туралы сөз қозғалады да, қаратпа сөздердің сөйлем ішіндегі функционалды қызметі жайлы сөз көп болмайды.

А. Байтұрсынұлы, С. Аманжолов, М.Томанов, Т. Сайрамбаев, М. Бимағамбетов, Н. Егіншібаева, А. Таусоғарова сынды зерттеушілердің еңбектерінде структуралқ, ситаксистік жүгі, коммуникативтік талап шегінен шыға білуі секілді біраз қырынан зерттелді.

Ең бірінші А. Байтұрсынұлы бұндай сөздер тобын бұратана сөздер деп атады. Бұратана сөздер деп атаған себебі – оқшауланып, бөлектеніп тұратын болғандықтан, сонымен қатар сөйлем аясына емін-еркін кірігіп, қолданылатын болғандықтан атаған екен. Енгізіп отырған терминінің өзі таза қазақи сипатта берілгеніне назар аударғымыз келеді [20, 286-б.].

Одан кейінгі жылдары С. Аманжолов, М. Томанов, Т. Сайрамбаевтар  қазақ тілінің қысқаша курсын жазған кезде, қаратпа сөздерге тоқталып өтеді.

Қаратпалардың қызметіне қарай үш түрге бөліп қарастырады. 1) кейіпкердің көңіл-күйінің көрсеткіші (мысалы, бұған, ей, мұңлы күн, сен менің күйімді сезесің бе); сипаттама мінездеу тән (мысалы, Жапырақ жүрек, жас қайың); номинативтік қызметі (Жәңгір хан, қызғыш құс т.б.).

Өлең мәтінінің синтаксистік ерекшеліктерін зерттеген ғалым Аяужан Таусоғарова «Лирикада коммуникация қаратпа сөздердің қолданылуымен, автор субъектінің объектімен, субъектімен қатынасындағы ауызекі сөйлеудегі диалогтық формалардың қолданылуымен, сонымен бірге жіктік жалғауының 1, 2-ші жақтарының қаратпа сөздің контакт тудыру қызметімен анықталады деп көрсетеді [21].

Қаратпа сөз – сөйлемде айтылған ойдың кімге арналғанын білдіру не оған басқаның назарын аудару мақсатында жұмсалатын сөз немесе сөз тіркесі. Қаратпа сөз, сөйлемде басқа сөздермен грамматикалық байланысқа түспей, ерекше әуенмен айтылады, сөйлеушінің көңіл күйін, моральдықты білдіреді. Қаратпа сөз болатындар: жалқы есімдер, туыстық атаулар, эмоционалдық мәнді сөздер, көркем әдебиетте жан-жануар, жер-су атаулары т.б. Қаратпа сөз сөйлемнің басында келсе, одан кейін үтір, не леп белгісі, ортасында келсе, екі жағынан үтір белгісі, соңында келсе, оның алдынан үтір қойылады.

Қазақ тілінде оқшау сөздердің, оның ішінде, қаратпа сөздердің сөйлем мүшесі қызметін атқармайтыны белгілі. Десек те, олардың өзіндік синтаксистік жүгі бар. Мәселен, Дина, сен бүгін сабаққа барасың ба деген сөйлемдегі қимылдың  негізгі иесі Дина болғандықтан оған грамматикалық бастауыш деген терминмен атау берген. Ендеше, қаратпа сөз грамматикалық  бастауыш қызметінде тұр деген сөз. Бұл жөнінде зерттеуші «….мысалдар келтіре отырып, «осы сөйлемдердегі қаратпа сөздердің мақсаты, біріншіден, айтылған ойға қатысатын, тыңдайтын 2-ші жақ болумен қатар, екіншіден, сөйлемдегі іс-әрекетті орындайтын адресатқа қатысты деуге болады. …қаратпа сөз арқылы берілген субъект грамматикалық бастауышпен қабаттасып, бастауыш сияқты қызмет атқарып тұр. Басқаша айтқанда, қаратпа сөз осы сөйлемнің іс-әрекетін білдіретін баяндауышпен мағыналық байланыста тұр. …Қаратпа сөздерден кейін орналасқан сөйлемнің бастауышы, көбінесе, бұйрық райды білдіріп, грамматикалық көрсеткіші 2-ші жақтың нөлдік тұлғасы немесе –ыңыз, -іңіз, -ңыз,-ңіз, -ыңдар, -іңдер, -шы,-ші, -саңшы, -сеңші т.б. қосымшалы баяндауышы бұйрық немесе өтініш мәнді болып келетіндігі байқалады. Сондықтан қаратпа сөздер сөйлемдегі субъект, адресантпен мағыналық байланысты анықтап, сен,  сіз, сендер, сіздер немесе нөлдік тұлғалы 2-ші жақстың есімдігі есімдігі – бастауыш қабаттасып тұр деуге болады» [22, 15 б.].

Негізінен, «Зат есімнің … қаратпа сөз ретінде жұмсалуының өзіндік эволюциясы бар. Сонда, ең алдымен, жалқы есім, одан кейін жалпы есім, келе-келе барлық жан-жануар, тіпті барлық тіршілік атауы, соңынан сөйлеу тілінің ең дамыған сатысында абстракт заттардың да қаратпа ретінде жұмсалуы қалыптасты. Бұған қарап, зат есімдердің барлық категориялары қаратпа сөз ретінде жұмсалатыны нақты дәлелденіп отыр» деген пікірдің бар екенін «Қазақ грамматикасынан» көреміз [23, 10 б.]. Ендеше, сыпайылық мәнін беретін реңк мәнін туғызатын жұрнақтар арқылы жасалған тілдік бірліктер де тіл дамуының кейінгі жылдарына тиесілі деп ойлаймыз. Себебі адамзат баласы ең бірінші тілді үйренгенде сыпайылық туралы ойламаған шығар. Ол кезеңдегі бірінші мақсат – «Тіл – қатынас құралы» деген қағидат болса, келе-келе адамзат миының дамуының негізінде сыпайылық деген категорияның мағынасын беретін тілдік бірліктер пайда болған. Рең мәнін тудыратын жұрнақтардың есте жоқ ескі заманда пайда болмағаны анық.

Сыпайылық мәнін беретін жалқы және жалпы есімдер қаратпа сөздер орнында жұмсалып та сыпайылық мәнін береді. Мысалы, Әкешім, мына жерге отырыңыз деп, баласы әкесіне орындық ұсынды. Осындғы әкешім деген сөз қаратпа сөз болып тұр да, түбірге жалғанған –ш қосымшасы сыпайылық, сыйлау, жақсы көру, жақын тарту мәндерін үстеп тұр. Ал –ім қосымшасы меншіктеу, өзіне тәуелдеу мәнін жамап, сыпайылық, сыйластық мәнін одан сайын үдетіп, үстемелеп беріп тұр да, сыпайылық мәнінде жұмсалып тұр. Кейінірек сөзжасамдық үдеріс негізінде жеке-дара тілдік бірлікке айналған жалпы және жалқы есімдер де бар. Мысалы, әпке –апеке, Сәдуаас- Сәкен, Дінмұхаммед – Димаш, Гүлсара, Күлдария т.б. есімдер – Күлән т.б. болып кеткен тілдік бірліктер бүгінде сөздің құрамды молайтып тұр. Бұдан өзге жеке тілдік бірлікке айналған Мұқаш, Тоқаш, Жәркен, Айкен секілді кісі есімдері де бар.

Бір кездері рең мәнін тудыратын қосымшалар жалғанған сөздер қазіргі қолданыста жоқ. Қалқа деген сөз негізінде жасалған  қалқажан, қалқатай деген сөздерді бұл күнде ешкім айтып, қолданбайды. Бұндай тілдік бірліктерді қазір біреудің қолданғанын көп естімейміз. Қазақтың халық жырларында, кешегі ХХ ғасырдың орта шеніне дейін қолданылған бұл сөздер қазір тіл мұрағаттары құрамын толықтыруға кетіп бара жатқан секілді. Қазіргі әдебиеттерде де  бұл сөздің қолданысы жоқ десе де болады.

Этноерекшелік мәнін сақтаған сыпайылық ұғымын білдіретін, құлыным, ботам, басеке, Бәке, Сәке, айналайын, шырағым, келіндердің ат тергеуі шырайлым, айнамкөз, қарғам-ау, қоңыр қозым секілді атаулар да жиі қолданылады.

Шырағым, қарағым, шырақ, қарындас, інішек, ағай, апай, атай, әжей тәрізді қаратпа сөздер үлкен мен кішінің арасындағы ілтипатты білдіреді.

Сыпайылық мәні тек ауызекі сөйлеуде ғана қолданылмайды. Ол стильдің барлық түрлерінде қолданылады. Мақаланың негізгі өзегі қаратпа сөздер болғандықтан, қаратпа сөздер арқылы берілетін сыпайылық мәні тек ғылыми стильде ғана көрініс бермейді. Қалған стиль түрлерінде қаратпалардың рөлі зор деуге болады. Мәселен, публицистикалық стильде шарщы топ алдында баяндама жасауда қалыптасқан этикалық сөз орамдары осының айғағы. Мысалы, қаратпа сөз, сәлемдесу, танысу мазмұнындағы «Құрметті әріптестер…», «Ханымдар мен мырзалар», «Сіздермен кездесу мүмкіндігі туғанына өте қуаныштымын…». Кіріспе сөздің міндеті – тыңдаушының назарын бұру, ойына түрткі жасау арқылы негізгі бөлімде айтылар тұжырымдарды қабылдауға дайындау.

Баяндаманы дайындауда ауызша және жазбаша нұсқасында тілдік құралдарды пайдалануда біраз айырмашылықтар болуы мүмкін. Мысалы, жазбаша мәтінде жоғарыдағыдай «Құрметті әріптестер…», «Ханымдар мен мырзалар», «Сіздермен кездесу мүмкіндігі туғанына өте қуаныштымын…» секілді сөз орамдары қолданылмайды. Онда ғылыми, кейде ресми (мәтін ресми түрде болса) стильде түзіледі. Түзілген мәтінді ауызша айту және оны көпшілік алдына ұсыну арқылы баяндаманың ауызша және жазбаша мәтіні түзіледі.

Мәдениетаралық қарым-қатынас дегенде тек түрлі тілдес халықтар мәдениетіндегі ғана емес, бір халықтың екі түрлі қоғамдық дамуға түскен кездегі айырмашылықтарын да көрсетуге болады. Мәселен, кешегі кеңес үкіметі кезінде құрметті жолдастар деп сөйлеу сыпайылықты білдірсе, қазір бұл сөздің орнын ханымдар мен мырзалар ауыстырған. Сонымен қатар бұрын патриархалдық басым болып, жолдастар деген тілдік бірлік қолданылса, қазір ханымдар мен мырзалар деп, бірінші кезекте ханымдар сөзін алдыға шығарып айтамыз.

Сондай-ақ, орыс тілінде девушка, пожалуйста, вот это сделайте десе, қазақтарда девушка дегеннің орнына бірнеше сөз қолдануға болар еді. Оның себебі мынада: орыс халқында бойжеткеннің жасындағы барлық әйел затына бір ғана девушка деген сөз қолданылса, қазақ тілінде бірнеше тілдік бірлікті қолдануымыз мүмкін. Мысалы, үлкендер кішіге қызым, балам, жастар бір-біріне  бойжеткен, қарындас, қыз т.б. кішілер апай, тәте, әпке деген секілді сөздерді қолданады. Қазіргі кезеңде бұндай қазақи қолданысқа орыс тілінен калькалап аударып алған қыз, қыз деп қарату да орын алып жүр. Бірақ бұл сыпайылық па?  Әрине, сыпайылық емес. Сондықтан, кейде дұрыс сөйлеп, имидж қалыптастыратын орталық қажет-ау деген ой да келеді.

Міне, бұндай талдаулар сыпайылық ұғымын беретін  қаратпа сөздердің қолданысында да мәдениетаралық айырмашылықтардың бар екенін көрсетеді. Бұл әр халықта қатысымның әртүрлі тілдік бірліктермен жүргізілетінін, яғни коммуникативтік стратегия мен тактика бірдей болғанмен, әртүрлі тілдік бірліктерді қолдану арқылы жүзеге асатынын көрсетеді.

Ата салтымыз бен сөйлесу этикетінің заңдылықтары бойынша қазақ тілінде амандық сұрасудан соң шақыру, ниет білдіру сияқты конуструкциялары тән. Халқымыздың тұрмыс-салтына байланысты келген адамды шақыртуда «төр» ұғымы маңызды мағыналық және этнолингвистикалық рөд атқарады. Мәселен:

«…Төрлетіңдер! Күтуші күң бе, қызметші құл ма деп ойлаған едім. Қайдан келесіңдер?» (Д.Досжанов)

«Сөйлеу этикетінің келесі бір лексика-семантикалық тобы қаратпалар болып табылады. Тіл білімінің ономостика бөлімінде олар екі топқа бөлінеді: антропонимдер мен апелятивтер. Антропонимдерге келетін болсақ, қазақ тілінде олардың ерекше формасы ретінде сый-құрмет мағынасында қолданатын, адам атына –ақа, -еке, -қа, -ке, -а, -е қосымшаларды жалғау арқылы туған қаратпалар болып табылады», – дейді Г.Сәрсеке өз еңбегінде [17, 56 б.].

Бұл жоғарыда айтылған вокативтер жасалу барысында кісі есімі едәуір қысқартылады, демек, атаудың басты әрпіне басты буыны негізге алынады. Қазақ дәстүрінде сыйлы адамды тікелей өз атымен атау ерсі саналады, мысалы:

«- Жүсеке, жүріңіз, ауыл сыртына шығып серуендеп қайтайық». (І.Есенберлин)

Қаратпалардың екінші тобы – апеллятивтер, оларды біз мағынасы мен қызметіне қарай бірнеше сыныпқа бөлдік: туыстық атаулар, сый-құрмет білдіру вокативтері, араб тілінен енгендер, таныс емес адамдарға айтылған, тарихи коммуниканттарға жасы, жынысы, қызмет бабы бойынша дифференциацияланатын атаулар.

Қазақ тілінде вокативтердің ішінде туыстық атаулар ерекше топты құрайды. Себебі, олар орыс тіліне қарағанда мағыналық ерекшеліктеріне сай өзгеше, сондықтан сан жағынан да көп. Ғалымдар оларды белгілі-бір критерийлерге байланысты бірнеше топқа бөлінді. Дәлірек айтқанда, А.Қобланова төмендегідей сатыларды көрсетсе: әке жағынан; шеше жағынан; некелік қарым-қатынас; құдандалыққа байланысты; [24, 16 б.].

Сонымен қатар, А.Сейсенова «аға» вокативінің туыстық жүйе ішінде жіктелетінін айтады: жасы үлкен өз ағасы; әкесінің ағасы; әкесінің інісі; немере (шөбере) ағасы; аталас адам; жасы үлкен еркектер болуы мүмкін. Осы тізбектен туындайтын ой – бір ғана «аға» атауы қазақ тілінде ерекше сипатқа ие. Әрі тіліміздің ұлттық-мәдени ерекшелігін айқындата түседі [15, 67 б.].

Халқымыздың ұлттық-мәдени ерекшеліктерінің қазақ тілінді тағы бірі – адамға құрмет пен ізеттілік, кішіпейілділік пен сыпайылық танытуды ат теруге немесе жанама ат қою. Ұлтымыздың қалыптасқан дәстүрі бойынша келін түскен ауылының үлкен-кішісінің атын атамайды, оларға лайық ат қойған. Бұл атауларды табу сөздер деп атайды және олардың бойында эмоционалдық-экспрессивтік мән үстем болады. Сонымен қатар, мұсылмандарға тән отбасындағы игі дәсдүр – күйеулерінің атын атамайды, «отағасы», «біздің үйдің кісісі», «пәленнің көкесі не әкесі», «әлгі кісі», т.б. формаларды қолданады.

Тілімізде апеллятивтердің ерекше бір тобы – балаларға қатысты айтылған, еркелету мағынасы бар экспресивті-эмоционалды вокатитер. Олар жөнінде Американдық ғалым И.Циртатус мынандай пікір айтады: «Қазақ тілі еркелету, ізет мағынасын білдіретін амал-тәсілдерге өзге түрік тілдеріне қарағанда әлдеқайда бай» [25].

Олар көбінесе жұрнақ, одағайлардың көмегімен туады және тәуелдік форманың I жағында болады: құлыншағым, ботақаным, құлыным, боташым, балақаным, қошақаным, жарқыным, көкетай, шырағым, т.с.с. Бұл вокативтердің кейбірінің орыс тілінде баламалары болмауы да мүмкін, өйткені, олар тіліміздегі сөйлеу этикетінің ұлттық-мәдени ерекшеліктерінің айғағы болып табылады. Осы ерекшелік жөнінде жоғарыда сөз болғандай зерттеуші А.Сейсенова: «Олар еркелету, ізет мағынасындағы сөздерді пайдалануға ұлттық мінез-құлықтың ең бір маңызды, басты ерекшелігі деп біледі. Сол себептен мұндай тілдік құбылыстарды зерттеу, қазақ мәдениетін білуге басқыш кіріспе бола алады», – дейді [15].

Соңғы жылдары тілдің коммуникативтік аспектісі, функционалдық жүйесі, әр ұлт өкілдерінің қарым-қатынас барысындағы жүріс-тұрыс ерекшеліктері, сөйлеу әрекетінің негізгі қағидалары мен қызметі т.б. мәселелерге көп көңіл бөлінуде. Адамзаттың өткені мен мәдениетінің қайнар көзіне зер салып, ойланатын болсақ, тілдің адам өміріндегі маңызы мен мәніне назар аударамыз. Кез келген этностың өткені мен бүгіні, оның салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыбы жөнінде мағлұматты тілдік жүйе арқылы аламыз. Тіл – мәдениеттің жемісі және оның құрамды бөліктерінің бірі, мәдениетті қолданудың бірден-бір шарты. Белгілі ғалым Э.Бенвенистің тіл, мәдениет және жеке адам үштігі негізінде басқа бір лингвистика тууы мүмкін, деген ұшқыр ойы ХХ ғасырдың соңы онжылдығында қалыптаса бастаған, жеке әрі дербес лингвистика мәдениеттану пәнінің пайда болуына болжал болған сияқты.

Тіл мәдениеттің ұлттық ерекшеліктері, этнопсихолгоиялық болмысы, қарым-қатынастың әр лингвомәдени қауымдастықтағы өзгешеліктері мен коммуникациядағы бейвербалды компоненттердің қызметі және т.б.мәселелер көптеген монографиялар мен мақалаларда қарастырылған.

Сөйлеу этикеті қарым-қатынас процесінің ұлттық мәдени ерекшеліктерін айқындау процесінде маңызды, себебі коммуникативтік мүмкіндіктер мен әрекеттер этнос мәдениетінің спецификациясына байланысты.

Қаратпалар – cөйлеу этикетінің күрделі әрі көпжақты бірліктерінің бірі, қатынас орнату және жалғастыру қызметтерінде қолданылады. Кез келген этностың тілінде қаратпа сөздердің белгілі бір жүйесі бар, оған кіретін әр элемент өзіне тән сементикалык ерекшелігі мен функционалдық сипаттарына байланысты өзге компоненттерден ерекшеленеді. Зерттеуіміздің жүйелі болуы үшін біз қаратпаларды антропонимдер және апеллятивтер деп екі топқа бөліп қарастырдық.

Сөйлеу әрекетін орнату және жалғастыру кезеңдерінде ең көп кездесетін қаратпа түрі – адамның азан шақырып қойған аты. Антропонимдер кез келген тілде өтетін қарым-қатынас процесінің негізгі компоненті ретінде қызмет етеді. Әр адамға өзінің есімі ерекше ыстық және құлаққа жағымды естіледі, қарым-қатынас пен шешендік өнердің білгірі

Д.Карнеги «Помните, что имя человека – это самый сладостный и самый важный для него звук на каждом языке,» – деген болатын.

Орыс тілінде жалқы есімдердің толық және қысқа формалары болғандықтан, сөйлеу әрекетінде олардың біреуін қолдағанда сөйлеушінің адресатқа деген көңілі мен қатынастың түрі (ресми-бейресми) анық байқалады. Демек, кісі есімінің толық формасы ресми ситуацияда, онша жақын емес адамдардың арасында, бейтарап қалып ретінде қолданылады. Ал орыс тіліндегі кісі атының қысқа түрі жақын таныс немесе туыс адамдар мен дос-жарандардың арасында, бейресми жағдайда қолданылады. Сонымен қатар, орыс тілінде  қысқартылған кісі есімдеріне арнайы экспрессивті баға беріледі. Мәселен, –очка, енька, ик, ок аффикстері еркелету мағынасын берсе, -к қосымшасы кішірейту мағынасында қолданылады (Лидочка, Наташенька, Марик, Димок, Юрик).

Барлық түркі тілдес халықтардың болмыс-тіршілігі және мәдени өмірінде жалқы есімдер ерекше орын алады. Бұл, әрине, мұсылман халықтарында кісі есімінің спецификалық мағынасы мен астарының болуы, жалпы, мотивациялануына байланысты туған ерекшелік. Бұндай этномәдени сипат қазақ антропонимдеріне де тән. Кісі есімдері халқымыздың тұрмыс-тіршілігі мен әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі және ырым-жоралғыларына байланысты қойылады. Бұған дәлел ретінде  Ботагөз, Наурызбай, Айтбек, Ұлтұған, Шалабай, Құдайберген т.б. емімдер бола алады.

Қазақ тілінде өтетін қарым-қатынас процесінде өзге тілдердегіде антропонимдер дара түрде жақсы және әлеуметтік жағдайы тең коммуниканттардың арасында қолданылады.

Мысалы: «Ғалия мен сені жолдан алып кетейін. Бекен, мен шығайын деп жатырмын» (Өмір сүргің келсе Р.С.,12 б.). Сонымен қатар, орыс тілінен енген, демек, әкесінің атын өз есімімен қоса айтатын қаратпа формалары ресми жағдайда немесе таныс емес коммунианттардың арасында жиі кездеседі. Қазақ тіліндегі сөйлеу әрекетінде кісі есіміне – тай,жан  қосымшаларының жалғануы арғылы пайда болатын вокативтер экспрессивті-эмоционалдығ реңкпен ерекшеленеді;

« – Нарқызжан, Сізге айтпақ сөзім бар» («Ақ боз үй», С.Е., 142 б.):

« – Сабыртай, естімеген шығарсың…»  («Алтын құс», С.Е., 318 б.) .

Бұндай қаратпалар жақсы таныс немесе туыс, әлеуметтік белгілері бірдей адамдардың арасында және еркелету мағынасында қолданылады.

Халқымыздың үлкендері сыйлап, сыпайылық танытып, сыйлы адамдарды құрметтеу дәстүрлі белгілі бір вокатив формаларын қолдану арқылы байқалады. Ұлттық мңдени сипаты бар бұндай этикет формалары жалқы есімге –еке, ақа, ке, қа, е, а қосымшаларының жалғанып және  олардың жалғанып және олардың түрленуі нәтижесинде пайда болады;

« – Жүсеке, жүріңіз, ауыл сыртына шығып азырақ серуендеп қайтайық» («Көшпенділер», І.Е.,190 б.).

Көркем шығармаларда белгілі бір этностың мәдениеті мен салт-дәстүріндегі ерекшеліктер кейіпкерлердің сөйлеу әрететәнде көрсетәледі. Әдеби туындыларды  аудару барысында тәржімәшілар сипатталып отырған тарихи-оқиға немесе кезең, халықтың өміріндегі өзгерістер, кейіпкерлердің психологиялық күйі мен ішкі жан дүниесі т.б. жағдайларда ерекше тілдік бірліктер мен сөйлеу этикеті формалары арқылы беріледі;

Қазақ және орыс тілдерінде коммуникативтік акт барысында кісі есіміне туыстық атауларды қосу арқылы пайда болған қаратпа формалары жиі кездеседі;

« –  Иә, Ақметқали аға» ( Аманат, І.У., 374 б.);

« –  Балжан – қызым ғой»  («Ақ боз үй»І.Е., 239 б.).

Орыс тілінде мәтәндерде түпнұсқадағы қаратпа түрі кейбірде еш өзгеріссіз беріледі;

« – Аман ага, да бросьте себя мучить!» (« Опасная переправа», И.Е., 11 с.)

Кешегі күнге дейін советтік дәуірдәі айғағы саналған «жолдас»., «азамат/ша» және « товарищ», гражданин(ка)  атаулары кісі есімі немесе фамилиясымен өосарланып қаратпа формаларын құрған . Мысалы:

« –  Бүркіт Кунтуаров жолдас, енді Сіз боссыз» («Қатерлі өткел», І.Е.,86 б.)

Тарихи романдарда кісі есімімен қоса кейіпкердің лауазымы мен дәрежесі, атақ даңқы мен қоғамдағы орны т.б. сипаттарын атайтын сөздерді қаратпа формалары ретінде қолданылады, мысалы:

« – Жау келе жатыр, Абылай сұлтан» («Жанталас» І. Е.,18 б.)

Сонымен қатар, халқымыздың тарихы мен өткенін бейнелейтін шығармаларда кісі есіміне «батыр» сөзінің тіркесуі арқылы пайда болған вокативтер кеңінен қолданылады.

Қазақ этносының сөйлеу мәнерінде әңгімелесушінің ел-жұрты, шығу тегі, яғни руының атын негізгі есімімен қолдану салты бар. Бұндай конструкциялар халқымыздың салт-дәстүрі мен болмыс-тіршілігінің белгісі ретінде қарым-қатынас процесінде қаратпа рөлінде қызмет етеді. Аудармаларда олар сол күйінде қолданылады:

« – Говори, Джалайр Борибай!»

« – Мы все сказали тебе, Каракипчак Кобыланды!»

Қос тілде де антропонимдер қарым-қатынасты орнату, жалғастыру функцияларын орнату кезінде тілдесуге ұлттық сипат беріп отырады. Олардың еркелету немесе сый-құрмет таныту формалары ұлттық тілдің сөзжасам қорын анық байқатады. Сөйлеу этикетінің осы белгілі лингвомәдени қауымдастықтың тілі мен мәдениетінің өзара байланысы мен өзара әсері процесінде ерекше рөл атқарады.

Күнделікті қарым-қатынас кезінде біз таныс немесе бейтаныс, туыс немесе мүлдем жақын емес адамдармен, өзіміздің әріптестеріміз және замандастарымызбен тілдесеміз. Сөйлеу әрекеті барысында адресаттың көңілін аударту үшін белгілі бір вокативтерді қолданудың арқасында қатынас үндестік жағдайда өтеді. Бұндай жылы және жағымды қарым-қатынастың орнауына қаратпалардың екінші түрі – апеллятивтер қызмет етеді.

Вокативтердің бұл тобы адресаттың әлеуметтік статусы, жасы мен жынысы, мамандығы мен қызмет дәрежесі, білімділігі мен тұрақты жері т.б. критерийлерге тәуелді. Оларды туыстық атаулар, әңгімелесушінің қызметі, лауазымы, мамандығы, мінез-құлығы, жасы т.б. белгілерді анықтайтын және белгілейтін вокативтер деп топтастыруға болады. Апеллятивтер кез келген тілдің ұлттық мәдени ерекшеліктерін анықтап отырады. Олар үлкен жүйе құрайды, кең тараған және көп қолданылатын вокативтерді қамтиды. Апеллятивтердің ішіндегі ең үлкен топ туыстық атаулар, олардың мағынасы мен қолданылу аясы, адамдардың туыстық дәрежесі т.б. өлшемдер жіктеуге мол мүмкіндік береді. Мәселен, орыс тіліндег туыстық атаулар тіке туыстық, жақын туыс емес адамдарды анықтайтын атаулар, ресми некелік қатынастарға байланысты терминдер, үрім бұтақ және ұрпақтарды атайтын сөздер деп бөлуге болады.

Қазақ тіліндегі ағайын туыстың арасындағы қолданылатын атаулар 70-тен асады, олардың әрқайсысы туыстық және қарым-қатынас ерекшеліктеріне байланысты сөйлеу әрекетінде іріктеліп, пайдаланылады. Тіліміздегі туыстық атауларға лингвистикалық мәдениеттану пәнінін тұрғысынан талдау жасауда, біз ең алдымен, олардың қандас туыстықты белгілейтін формаларын биологиялық критерий бойынша сұрыпталатын түрлерін қарастырдық, сонымен, ер адамдарға қатысты «баба, ата, әке, көке, іні, бауыр, ұл» т.б. терминдер қолданылады. Ал әйел кісілерге «әже,апа, шеше, тәтей, апай, қарындас, сіңлі, қызым» формалары айтылады. Жоғарыда аталған және осы туыстық терминдері халқымыздың дәстүрлі қарым-қатынас құралы ретінде туыс емес немесе мүлдем таныс емес адамға да қатысты айтыла береді.

Балаларға қатысты қазақ және орыс тілдерінде туыстық атаулардың ішінде «бала, қыз, ұл- ребенок, дитя, дети, дочь, сын, доченька, сыночек» т.б. вокативтер қолданылады. Сонымен қатар, қазақ халқының өкілдері балараға қатысты «тұңғыш, ортаншы, кенже бала» деген апеллятивтерді де айтады. Ұлдың немесе қыздың баласы, ұрпағы болуына байланысты жіктеп көрсететін және халқымыздың ұлттық мәдени ерекшеліктерінің бір көрінісі болып есептелетін туыстық атаулардың тағы бір тобы- «немере, шөбере, жиен, жиеншар» вокативтері.

Ұлттық тұлғаның екінші жұрты – нағашыларға байланысты туыстық атаулардың үлкен бір тобы бар. Анасының туысқандарын арнайы атау қазақ этносының ежелден келе жатқан және халықтың салт-дәстүрімен байлаысты ұлттық мәдени ерекшеліктердің бірі. Шешесінің еліндегі туыстарын атауда «нағашы» сөзі тіркесіп келеді, мысалы, «нағашы ата, нағашы апа, нағашы аға, нағашы іні» т.б. нағашы жұртына қыздың баласы жиен болғандықтан, жоғарыда аталған «жиен, жиеншар» атаулары қолданылады.

Қазақ тіліндегі туыстық атауларды қандас туыстық пен некеге байланысты терминдер деп екі үлкен топқа бөлуге болады. Құдандалық пен некеге байланысты қолданылатын туыстық атаулар қазақ тілінде балама ерекше және ауқымды топ құрайды, олардың орыс тілінде кейбіріне балама жоқ болғандықтан, адекватты аударма жасау қиынға түседі. Халқымыздың салт-дәстүріне сай қызмет атқаратын осы туыстық атаулар үлкен жүйе болып, бірнеше топқа бөлінеді. Олар ерлі-зайыптылардың өз араларындағы, келін мен келген жер, келіннің түскен жері, күйеуі мен қайын жұрт, апалы-сіңлілердің күйеулері мен ағалы-інілердің әйелдерінің арасындағы қатынасты анықтайды.

Орыс тіліндегі туыстық атаулардың бұл тобын зерттеуші В.В. Воробьев «термины свойства» деп белгілеп, некеге байланысты туған атауларға ерлі-зайыптылардың бір-біріне қатысты вокативтер, зайыбының туысқандары мен құдалардың арасында қолданылатын апеллятивтерді жатқызады. Мысалы, «муж, жена, свекровь, свекор, тесть, теща,зять, сноха, деверь, золовка, свояченица, сват, сватья» терминдерінің барлығы енеді.

Қазақ  тіліндегі неке туыстық терминдерге тоқталатын болсақ, ең алдымен некеде тұрған екі адамның арасында қолданылатын терминдер, демек «әйел/күйеу/, ер/келіншек/» және эвфемизмдер ретінде қолданылтын «зайып, жолдас, жұбай» т.б. атау жөн. Тұлғалардың атастырған немеес үйленген уақыты мен ерекшелігіне қарай «қалыңдық, күйеу бала, қатын, бәйбіше, тоқал, ер, әйел, ерлі-байлы, жар, зайып, жұбай, ерлі-зайыпты, қосақ, жолдас, нақсүйер, қыздай алған, жеңге алған» атаулары бар. Қазақ отбасындағы халқфмыздың салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігіне байланысты қалыптасқан осы туыстық атаулардың көпшілігі күнделікті қарым-қатынас барысында және талданған шығармаларда жиі кездеседі. Жігіттің үшінші жұрты- әйелінің туыстары, яғни қайын-жұрты. Халқымызда «Пайғамбар да күйеуін сыйлаған» деген мақал бар, сондықтан да болар, қазақ күйеуді құрмететтеп отырады. Қарым-қатынас барысында жігіттің жолы мен жасына байланысты «күйеу, күйеу бала, жезде» вокативтер қолданылады.

Қазақ тілінде некеге байланысты, соның ішінде қайын жұртқа қатысты атаулар өте көп. Олар белгілі бір жүйе құрайды және мағынасы мен қолданылу аясына қарай топтастырылады. Мәселен, келін келген жеріндегі ерінің туысқандарын «қайната, қайынене, қайнаға, қайынсіңлі, қайынбике» деп атайды. Қазақ халқының дәстүріндегі бір ерекшелік- адамдарға құрмет пен ізеттілік, кішіпейілділік пен сыпайылылық танытуды көздеген кезде әдет-ғұрыптардың ішінде ат тергеу немесе жанама ат қою салты. Ұлтымыздың қалыптасқан дәстүрі бойынша келін түскен ауылының үлкен-кішісінің атын атамай, оларға лайық ат таңдаған. Ат тергеуде келіндер ерекше тапқырлық танытып қайын жұрт еліндегі адамдардың түрі мен мінезі, кәсібі мен белгіленген жолына қарай ат таңдаған. Олардың арасында (мырзаға, молда жігіт, сынықшы ата, аңшы қайным, сал бала, қара бала, көзі ашық, үкілі жан, тетелес) т.б. бар.

Ат тергеу барысында пайда болған апеллятивтерде эмоционалдық экспрессивтік реңк үстем болады. Әсіресе, қайындары мен қайын сіңлілеріне арнап қойған аттарда жақсы көру, сұлулыққа және сүйкімділікке баулу мағынасындағы ішкі сезімдер астасып жатады.

Ұлттық-мәдени ерекшеліктерінің бір көрініс ретінде қазақ тілінде апеллятивтердің балаларға қатысты айтылатын, еркелету мағынасы бар экспрессивті- эмоционалды қаратпа формаларын атауға болады. Мысалы, «құлыншағым, ботақаным, қарашығым, көкем, қарағым, қалқашым, балақай, шырағым, жалғызым, жарқыным» т.б. Балаларға деген ыстық ықылас пен әкелік сезім және аналық махаббат осы лексикалық топтағы бірліктер арқылы беріліп отырады.

Қорыта келгенде, қаратпалардың антропоним және апеллятив түрлері кез-келген тілде ұлттық мәдени ерекшеліктер ие, сол себептен этностың тұрмыс-тіршілігі мен әдет-ғұрпының сипаттары мен айқындалып отырады. Қаратпалардың барлық түрі коммуникативтік актінің негізгі элементі болғандықтан, тіл мен мәдениеттің өзара байланысын анықтауда өте маңызды. Олардың белгілі бір формасын қолдануда қарым-қатынас барысында сыпайылық пен әдептілік, ізеттілік пен мәдениеттілік категорияларының орны ерекше.

Сөйлеу актілеріне әсер етуші тілден тыс факторларды да зерттеушілерімізге сүйене отырып айта өткенді жөн көрдік. Соңғы жылдары негізгі зерттеулер прагматика аясында, яғни сөйлеуші және жазушы субъектілердің, олардың түрлі «менінің» төңірегінде, адресант пен адресаттың, сөйлеуші мен тыңдаушының, жазушы мен оқырманның арасындағы қарым-қатынас, сөзбен әсер ету, иландыру т.б. түрінде жүргізілуде.

ҚОРЫТЫНДЫ

Сыпайылық – ізеттілік пен тәрбиенің, жылы лебіздің нышаны. Сондай-ақ, тілде адамдардың өзара қарым-қатынасын реттеп отыратын және олардың шынайылық деңгейін анықтайтын, әдепсіздік пен дөрекілікті шектейтін адам мінез-құлқына тән ізеттілік, инабаттылық, кішіпейілділік, қарапайымдылықтың, т.б. жиынтығы ретіндегі философиялық, этикалық ұғым боп саналады. Көбінесе, жұртшылықтың біразы дерлік, сыпайылық дегенді «коммуниканттың мәдениетті сөйлеуі» деп қабылдайды. Сыпайылықтың барысында адамдар арасындағы байланыс үзілмейді.

Сыпайылық әлеуметтік-лингвистикалық құбылыс болғандықтан да, оның өзіне тән қарым-қатынастық вербалды, бейвербалды амалдары бар. Жоғарыда біз осы амалдардың қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен, салт-дәстүрінен хабар бере алатынын ғалым, зерттеушілерімізге сүйене отырып айттық.

Жоба жұмысы барысында мұндай қарым-қатынас амалдары ауызекі тілдің ажырамас бөлігі екендігі дәлелденді. Мұндай амалдар қарым-қатынас кезінде тілдік амалдармен қатар қолданылып, сөйлеуді жеңілдетеді. Жоба барысында бейвербалды амалдардың мынадай үш түрлі атқаратын қызметі айқындалды:

Вербалды тілдер ерекшеліктеріне байланысты бір-бірінен ажыратылатындығы сияқты бейвербалды амалдар да ұлттық-мәдени айырмашылықтарына байланысты бір-бірінен ажыратылып отырады. Мұндай амалдар барлық халыққа тән болғанымен, әр ұлттың амалдар жүйесі әртүрлі болып келеді. Бұл айырмашылық сол елдің дүниетанамының, тұрмысының, халықтың таным-түсінігінің басқалығымен сипатталып отырады. Мұндай амалдар әр халықтың ұлттық-ментальдық ерекшеліктерінің белгісі болып табылады.

Сөйлеу этикеті – адамдар арасында байланыс орнату үшін жұмсалатын, сол байланысты жалғастыра беру мақсатында қолданылатын ұлттық ерекшелігі бар стеоретипке айналған сөздер мен тұрақты сөз орамдары болып табылады.

Сөз этикетіндегі негізгі ерекшеліктің бірі – кез-келген тілдегі этикет тілдік бірліктердің белгілі-бір дәрежеде стандартталуы. Кез келген тілде амандасу, қоштасу, рахмет айтудың қалыптасқан стандарт түрлері бар. Олардың жас, жыныс т.б. ерекшелігіне қарай белгілі бір формасын қолданғанмен әр адам, я автор амандасу, қоштасу, рақмет айту формаларын өздері таппайды.

Сөз этикетінің өзіне тән арнаулы қызметтері болады. Олар негізінен, зерттеушіліердің көрсеткеніндей, қарым-қатынас жасаушылардың арасында байланыс орнату, қарым-қатынасты реттеп отыру, сыпайылықты білдіру, көңіл күй көтеру қызметтерінде жұмсалады. Осы жұмыс барысында ең негізгісі – байланыс орнату екендігін айқындай түстік.

Қорыта келгенде, сыпайылық қарым-қатынас амалдарының бәрі сөз этикеті барысында көрініс табады. Сыпайылық – адамдардың қарым-қатынасы аясында жұмсалатын этикалық ұғым боп табылады. Ал сөз этикеті дегеніміз, адамдар арасындағы қарым-қатынас кезінде қолданылатын сөз жұмсаудың ұлттық сипатқа ие мәдениеті мен қарым-қатынас жағдаятына қарай жұмсалатын арнайы тілдік бірліктердің сипаты да түрліше болады. Бірақ сөз этикетін үлкен бір құрылым ретінде алып қараған кезде, аталған сипаттарының түрлілігіне қарамастан, ол жалпыланған біртектес жүйе ретінде танылады.

You May Also Like

Ең үздік ғылыми жоба «Жер тынысы тарылып барады»

Ең үздік ғылыми жоба «Жер тынысы тарылып барады» Дайындаған: Кадирова Г.А Менің…

Үй жағдайында ұлуды өсірудің пайдасы, ғылыми жоба

Ккафедра еңбек гигиенасы, коммуналдық гигиена және ТҚН. Қазіргі кездегі тұрмыстық жағдайдағы және жұмыс орнындағы электромагнитті сәулелену, ғылыми жоба

Қазіргі кездегі тұрмыстық жағдайдағы және жұмыс орнындағы электромагнитті сәулелену žЖоспар: žЗерттеу өзектілігі…

Робо күшік, ғылыми жоба слайд