Қазақ тіліндегі «ақ» және «қара» түс атауларының қолданыс аясы

Мазмұны 

І  Кіріспе ……………………………………………………………………………………………..

ІІ Негізгі бөлім

2.1. Түр-түске байланысты аталымдардың танымдық негізде зерттелуі………………………………………………………………………

2.2.  Түр-түске қатысты күрделі атаулардағы

ұлттық дүниетаным көрінісі……………………………………………………………………..

2.3. «Ақ» түс ұғымымен қалыптасқан аталымдардың

таңбалық  қызметі………………………………………………………………………………….

2.4.  «Қара»  түр-түс ұғымымен қалыптасқан атаулардың

таңбалық қызметі……………………………………………………………………………….

ІІІ Зерттеу бөлімі

3.1. Қазақ тіліндегі «ақ» және «қара» түс атауларының

қолданыс аясы……………………………………………………………………………………

3.2. Фразеологиялық сөздікте берілген тіркестер

және олардың білдіретін мағыналары…………………………………………………

Қорытынды……………………………………………………………………………………..

І КІРІСПЕ 

Кез келген ұлт мәдениетіндегі түр-түс әлемі өзіндік ерекшелікке, өзіндік белгілік таңбалық мәнге ие. Яғни, «мәдениеттегі түр-түс» арқылы халық өзіндік эстетикалық көзқарасын, эмоциялық қалпын, адамгершілік түсініктерін білдірген. Қоршаған орта, аспан әлемін тіпті кез-келген материалдық мәдениетке байланысты заттар, киім-кешек, құрал-жабдық, болмаса рухани мәдениетке қатысты салт-дәстүрді түр-түссіз қабылдау мүмкін емес. Онсыз оның болмыс-бітімі толыққанды болмайды. Сондықтан түр-түс – ұлт мәдениетін танытатын бірден-бір жол. Психологияда түс ашықтығы, реңі және қанықтығы тұрғысынан алынып сипатталады. Адамның көзі ең алдымен жарықты айырады, содан кейін барып түсті айырады.  Сондықтан ақ түс түстердің ішіндегі ең жарығы, ал қара түс ең өңсіз түс деп танылады. Басқаша айтқанда, ақ, қара деген сөздер жарық – қараңғы деген ұғымдармен тікелей байланысты. Ол өз тамырын терең жайып, ата- бабамыздың мифтік түсінігімен де астасып жатады. Осыған байланысты мен өзімнің осы зерттеу жұмысым арқылы қазақ тіліндегі «ақ» және қара түс ұғымдарына байланысты түрлі деректерді сараптап көргім келді.

Зерттеу жұмысының мақсаты:

Қазақ тіліндегі «ақ» және «қара» түстермен байланысты  күрделі аталымдарды танымдық негізде түсіндіру, олардың тілдегі мазмұны мен қызметін саралау.

Міндеттері:

– түр-түске байланысты аталымдардың танымдық негізде зерттелуіне шолу жасау;

– қазақ тіліндегі «ақ» және «қара» түстер ұғымдарымен жасалған күрделі аталымдардың  шығу төркінін, қалыптасу жолдарын айқындау арқылы халық дүниетанымындағы   тілдік таңбалардың мәнін анықтау;

– «ақ» пен «қара» түстердің «адам», «қоғам», «табиғат» саласындағы  қолданыс аясын жинақтап, топтастыру;

– «ақ» және «қара» түс ұғымымен келген фразеологиялық тіркестердің тілде қолданылу үрдісін зерделеу.

Өзектілігі: Қазақ тіліндегі «ақ» пен «қара» түстерінің негізіндегі күрделі атаулардың тілдік таңбалық мәнін қарастыру – тіл мен таным, тіл мен ойлаудың бірлігінен туған өзекті мәселенің бірі.

Мәселе: “Ақ” және “қара” түстерімен байланысты ұғымдардың қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымындағы орны қандай?

Болжам: “Ақ” және “қара” түс атауларымен келген күрделі тіркестердің мағынасына тереңірек үңілсек, келешек ұрпақтың дүниетанымын арттырып, рухани болмыстарын арттыра түсеміз

Күтілетін нәтиже:

  • “ақ”, “қара” түстерінің таңбалық мәні нақты тілдік деректер арқылы анықталды;
  • түр-түс ұғымды күрделі аталымдардың шығу төркіні, өзіндік ерекшеліктері ашылды;
  • күрделі аталымдардың таңбалық және танымдық қызметі анықталды;
  • бірқатар түр-түс күрделі атауларының этимологиясы ашылды;
  • күрделі аталымдардағы жаңа ұғым, жаңа мағына жасаудағы түр-түс ұғымдарының танымдық қызметі анықталды.

Жұмыс жүргізу барысында материалдар жинақтау, оларды топтастыру, мағыналық түріне қарай талдау,  таңбалық қызметтеріне қарай жіктеу, қолданыс аясына байланысты ажырату, сонымен қатар фразеологиялық сөздікте берілген тіркестерді топтастыру әдістерін қолдандым.

ІІ НЕГІЗГІ БӨЛІМ 

2.1. Түр-түске байланысты аталымдардың танымдық негізде зерттелуі

Түр-түстік ұғымды білдіретін сөздерден жасалған күрделі атау да басқа күрделі ұғымдық атаулар сияқты біртұтас лексика-грамматикалық бірлік деп танылатын, сыңарлары кем дегенде екі мағыналы лексемалардан тұратын аталым болып табылады. [2, б.52] Күрделі ұғымдық атаулар номинациялық қызметпен қоса, танымдық қызмет атқарады. Қазіргі кезеңге дейін түр-түс атаулары түркі тілдерінде тіл білімінің морфологиялық саласында қаралып, лексика-грамматикалық тұлғалары анықталды. Қазақ тілінде бұған қатысты мәселелер І.Кеңесбаев, Н.Сауранбаев, А.Ысқақов, М.Балақаев, С.Аманжолов, Ғ.Мұсабаев, т.б. қазақ тілі мамандарының еңбектерінде талданды. Күрделі сөздер тақырыбында түске қатысты күрделі аталым А.Байтұрсынұлы еңбектерінен бастау алып, 30-жылдардың ішінде Қ.Жұбанов, Н.Т.Сауранбаев, К.Аханов, А.Ысқақов, А.Ермеков, Г.Жаркешева, Ж.Шәкенов  еңбектерінде күрделі сөздер мен күрделі тұлғалар жайындағы мәселелер жан-жақты қарастырылған.

Түркі тілдері, оның ішінде қазақ тілінің тілдік материалдары түр-түс атауларының негізгі атауыш мағынасынан басқа да семантикалық ерекшеліктері мен олардың халық дүниетанымына, тіршілігіне қатысты әр түрлі символдық мән-мағыналары да өз алдына зерттеу нысаны бола алатынын көрсетеді. Алайда, түркологияда, қазақ тіл білімінде түр-түс проблемасын жан-жақты, түркі тілдерінің фактілері негізінде тұлғалық-мағыналық ерекшеліктерін аша отырып зерттеген еңбектер көп емес. Түр-түс атауларының семантикалық ерекшеліктеріне алғаш рет көңіл бөліп зерттеген академик А.Н.Кононов болды. Ғалымның осы мәселеге қатысты «Семантика цветообозначений в тюркских языках», «Способы и термины определения стран цвета у тюркских народов», «О семантике слов «ақ» и «қара» в тюркской географической терминологии» атты ғылыми зерттеулері жарық көрді. Қазақ тіл білімінде түр-түс атауларын бұрынғы зерттеулерден  мүлдем басқа тұрғыда қарастырып, олардың табиғатына тән ерекшеліктерді халқымыздың тыныс-тіршілігімен, салт-санасымен, эстетикалық талғамымен байланыстыра зерттеп, түр-түстер табиғатын басқа қырынан танытқан ғалым – академик Ә.Т.Қайдар. Ғалым өз зерттеулерінде табиғаттағы түр-түстерге, олардың жер-су атаулары құрамындағы мағыналық ерекшеліктеріне шолу жасай отырып, төрт түлік мал түстеріне байланысты атаулардың семантикалық және этнографиялық сөз орамдарына ұйытқы болуын жан-жақты баяндайды.

2.2. Түр-түске қатысты күрделі атаулардағы ұлттық дүниетаным көрінісі 

Адам баласы өзін қоршаған табиғатты, өзін-өзі, қоғамдағы заттар мен құбылыстарды жан-жақты да терең танып білудің көптеген тілдік қайнар көздері мен тәсілдеріне түр-түс әлемі де жатады. Адам баласы әртүрлі түр-түсті бір-бірімен салыстыра  отырып ажыратады. Олардың бір тобы адамға жылы көрінсе, енді біреулері суық болып көрінеді. Осыған байланысты түстерді жылы және суық түстер деп бөлу қалыптасқан. Бұған себеп: ыстық оттың жалыны қызғылт, қызыл екені, суық мұздың түсі көкшіл, жасыл, қаракөк екені түсінікті. Бірақ  табиғаттағы түр-түстердің барлығы әр уақытта да бір заттың,  құбылыстың түр-түсін, өң-реңкін, сыртқы сипатын ғана анықтаумен шектелмейді. Сонымен қатар түр-түс атауларының мүлдем түр-түске қатысы жоқ немесе одан мағынасы тым алыс ұғым-түсініктерді білдіре алатыны белгілі. Басқа халықтардағыдай  қазақ халқы үшін де әлем екі түске – ақ пен қараға бөлінген. Оның бірі ақ түс – күллі игі жақсы қасиеттер иесі болса, қара түс – жамандық біткеннің белгісіне ие. Бұл түсінік халық санасына терең ұялап, оның тілі мен ойлау жүйесінен орын алған. Сондықтан  ақ түс күні бүгінге дейін жақсы бастама атаулының бәрінен де табылады. Өйткені ол сұлулық әлемінің, адамгершілік қасиеттерінің біртұтас жиынтығын құрайды. Қазақ халқының ежелгі дүниетанымында дүниені төрт бұрышты деп түсініп, әр тұсқа өзіндік таңбалық түс бергені белгілі. Сонда қара түс солтүстікті белгілейді. Зерттеулерге сүйенсек, «Авестада» солтүстік жақтағы қасиетті тауды «Хукариа» деп атайтындығы айтылады. [7, б.63] «Хукариа» атауының иран тіліндегі бастапқы айтылу нұсқасының «Хух Хара» болғандығын ескерсек, мұндағы «хара» о баста дей-түркінің (арғықазақ) «қара» формасынан шыққандығын айтуға болады. Яғни «Хух Хара» сөзі бүгінгі түркі тіліне «Харатау» – «Қаратау» деп аударылады. Бұл жердегі «қара» сөзі түсті емес, «түпкі, бастапқы» деген мағынаға ие болып тұр. Түркі тілдерінің бірі өзбек тілінде «қара» сөзі «темір» деген мағынада қолданылады. Мұндай ұғым буряттардың дүниетанымдық негіздегі фольклорында да болғандығы байқалады. «Қара» сөзі жер асты, төменгі әлем ұғымын білдірсе, «ақ» сөзі оған қарама-қарсы жоғарғы әлем, құдайлар мекені, аспанның символы болған. Ақ түсінің о дүниелік символы қазақ халқының мифтік түсінігінде төрт түлік , соның ішінде жылқы малының ақ түстісімен байланысты болған. Ақ түс ежелгі түркі-монғол халықтарының архаикалық мифтік түсінігінде күн сәулесіне, күнге теңелген. Күн сәулесінің жылдам таралуына сол кезде желдей жүйрік жылқы ғана теңесе алған.

2.3. «Ақ» түс ұғымымен қалыптасқан аталымдардың таңбалық қызметі 

Кез келген халық тілінде түс атауы белгілі бір танымға, жаратылысқа орай  таңбалық ұғымды білдіреді. Бұл – түс атауларының әуелдегі қабылданған мазмұнымен, пайда болған кездегі шарттылығымен тығыз байланысты. Осыған қатысты ақ сөзінің алғашқы таңбалық белгісін, ұғымын ғалымдардың зерттеулеріне, пікірлеріне сүйеніп тануға болады. Қазақтар ізгі ниет, жақсы тілек, пәк сезім, адал көңіл тәріздес жан дүние құбылыстарына ақ көңіл, ақ тілеу, ақ пейіл, ақ жарқын  деп ат қойып, бұларды «ақ» түсінің көмегімен ардақтап, аялап келген.  Қазақ тілінде тазалық, пәктік, күнәсіздік, мөлдірлік, шынайылық, жақсылық, мейірімділік секілді дерексіз ұғымдар ақ түспен ассоцацияланып, қазақтың көңіл көзіне ақ түспен көрік береді. Ақ атауы қай тіркесте, контексте болмасын жақсылықтың, өмірдің нышанын аңғартып тұрады: ақ бата – бұл тіркестегі ақ түр-түстік мағынаны білдірмей, «бата» сөзімен тіркесе келіп, жақсы тілек, ізгі ниет, адал көңіл деген мағынаны білдіреді. Қазақтар әлдене жөніндегі келісімге келіп, бітім жасағанда, уағдаласқанда ақ ниеттің белгісі ретінде ақ қой сойып, бата қылған. Неке қию кезінде ақ кездеменің бір шаршысы қалыңдықтың басына жабылады. [8, б.41] Сондықтан  халық адам бақытының бір қазынасы – ақ жаулық дейді де, отау құру, шаңырақ көтеруге қатысты ақ босаға, ақ некені ардақ тұтады. Келін түсіргендегі ортаға ақ бұл тастау ырымы түтін басынан молшылық, жақсылық үзілмесін дегенді білдіреді. Ақтың бұл сынды мағынасымен «сұлулық», «келбеттілік», «әдемілік» ұғымдары астасып жатады. Оған тіліміздегі ақ құба, ақ тамақ, ақ маңдай, ақ білек т.б. тұрақты сөз тіркестері дәлел. Ақ түсінің «таза» деген мағынасымен сабақтас ауыспалы «басқа нәрсе араласпаған» мағынасының тектілікті, яғни хан, бек, төре тұқымына тәндікті аңғартатын да мәні бар ( ақ сүйек, ақ орда, ақ үй т.б.). Ақ сөзімен келген үй атаулары  үйдің түсін ғана емес, «ауқатты, дәрежелі, билік иесі отырған үй», «тайпа, ру басылары тұратын үй», «ата мен әженің отырған үйі»сияқты ұғымдарды қамтиды. Деректерді саралай келгенде, ақ сөзінен пәктік, құрметтілік, мейірімділік, қасиеттілік, берекелілік, молшылық, киелілік, тілектестік  мағыналарын түсінуге болады.

  1. 1. Киелілік, молшылық, берекелілік, мағыналары.  Ақ түс, әсіресе, түйе малымен байланысты көп айтылады. Мәселен, ақ түйе, ақ атан, ақ інген, ақ бота, ақ бура т.б. түйелердің түрлері, түгі бірыңғай ақшыл түске байланысты айтылады. Жалпы ақ түйенің өзі табиғатта сирек кездеседі екен. Қазақ дәстүрінде ақ түсті  ару ана, ақ інген, ақ бура төрт түлік малдың басы, киелі, қасиетті жануар болып саналған. Ақ боз аттың культі сияқты ақ түйені де саркальды күшке теңеген. Мысалы: Шырағым, ақ бура Көкшетаудың иесі еді, киесі ұрып жүрмесе нетсін (І.Есенб.). Қазақта ақ түйеге қатысты «ақ түйенің қарны жарылғанда» деген сөз – ақ атанның құрбандықққа шалынып, ауыл-аймақтың белгілі бір қуанышқа кенеліп, көл-көсір дәм-тұзға елдің қарық болуына байланысты пайда болған тіркес. Бұл – ақ түсті түйенің сирек кездесіп, оның қадірлі болуының тағы бір дәлелі.
  2. Тілектестік, тілеулестік мағыналары. Қазақтарда құдандалы болғанда, қыздың әкесі құдаларына батасын оқытып, ақ төс сары қасқаны сойған. Қазақта «ақ қойдың қаны – ақ бата оқығаны» деген сөз осыдан қалған сияқты. Ақ түсті тоқтыны таңдаудың мағынасы ақ тілеу мен өсіп-өнудің нышанына сенуден туындаған. Бұрынғы кезде атақты адамдардың асына арнап, ақ түсті жылқы сойғанын А.И.Левшин еңбегінде келтірген. Ақ түсті атты арнап асқа союдың – қайтыс болған адамның атақ-дәрежесін көрсету. Бірақ, осы әдеттің неліктен жылқы түсінің ақ боз, қой басының ақ сары немесе ақ төс сары қасқалы түсіне қатысты болғанын дәл айтып беру оңай емес.
  3. Қасиеттілік, құрметтілік, мейірімділік мағыналары. «Ақ» түске байланысты тілдегі символизмдердің түрлері, мотивтері, қолданыс аясы әр алуан. Солардың бір көрінісі, адам денесінде болатын «ақ» түсті қалға, қасқа, шашқа да қатысты. Адам бойында сирек кездесетін құбылыстарды халқымыз жақсылықтың, игіліктің, қасиеттіліктің нышаны деп танып келеді. Денесіндегі ақ қалы бар адамды құрметтеу салтымен «Аққал» деп ат қойып, жария қылатын; түшкірген балаға үлкендер «Ақ қас, мұңсыз бол!» деп тілегін айтып, көңілін қош қылады. Ал енді маңдайынан қасқайып бір тұтам ақ шыққан адамның жай емес, бір қасиеті бар деп түсінген. Демек, халық ұғымында «ақ қал», «ақ шаш», «ақ қас» адамдар, малда – боз қасқа, ақ түйе, ақ сары бас қой – бәрі де ақ түске байланысты нышан, ерекше белгі. Қазақ халқында ақ – пәктік пен ақтықтың нышаны, қуаныш пен жақсылықтың белгісі, махаббат, үміт, қайырымдылық деген ізгі сезімдердің символы. Қазақ халқы ақты қастерлеп, жуындысын аяқ астына төкпеген. Сондықтан да қазақтар үшін ең ауыр қарғыс: «Ақ ұрсын, хақтың киесі ұрсын» деген сөз болған. Кейде ақты жерге төгетін де ырымдар бар. Мысалы: қалың өрт келгенде алдына ақ шашады. Қазақ халқы дүние тұтқасы, барлық тіршіліктің бесігі, адамзат өмірін өрбітуші ананы ақ ана дейді. «Ақ» түсінің қасиетті, қастерлі мағынасы «ақ жауып, арулап көму» тұрақты тіркесінен де көрініс табады.
  4. Бейбітшілік мағынасы. Бірқатар символдық ұғымдар осы ақ түсімен байланысты әр түрлі нәрселерге: киім, мата т.б. бұйымдарға қатысты сөздермен тіркес құрап белгілі бір заттың атауын ғана емес, сонымен қатар олардың қоғамдық-әлеуметтік деңгейге көтерілген, салт-дәстүрге айналған символдық атауларын таңбалайды.  Мысалы: ақ жайма, ақ киіз, ақ сандық, ақ сүт т.б. ұғымдары – қазақ тіршілігіндегі қасиет тұтынылатын материалдық құндылықтар. Мұндай құндылықтар  ақ сөзінің белгілік мағыналары арқылы көрінеді. Оны сөздік арқылы саралағанда, ақ сөзіне қатысты тура, ауыспалы, тіркестік, тұтастық (яғни басқа сөз табымен тіркесу нәтижесіндегі тұрақты тіркестік мәндер) мағыналары  ажыратылған.

Сөздіктегі «ақ» сөзінің таңбалық мағынасын былайша бөлуге болады:  1. Тура түстік мағынасы – адамға танылған заттың түсі (қардың, сүттің, бордың түсі, малдың, құстың т.б. жануарлардың түсі). 2. Заттық таңбалық мағынасы – өсімдік аты; Әк; Кеңес үкіметіне қарсы күрескен дұшпан тобы; Дойбының, шахматтың фигуралары. 3. Дерексіз сындық мағынасы – Адал, кінәсыз, жазықсыз. [14, б.68]

Бұдан өзге ақ сөзінің басқа сөз табымен тіркесуінен  пайда болған мағынасын екіге жіктеуге болады: 1.Зат есіммен тіркескендегі мағынасы –  ауыспалы, фразалық. Ақ жауын, ақ жаңбыр. Ашылмай ұзақ жауатын жаңбыр. Ақжүрек. а) Кіршіксіз, таза, пәк, адал. ә) Сөйл. Белсенді, асыра, сілтеуші. Ақ табан болды. Шаршап – шалдықты, табанынан таусылды.  2. Етістікпен тіркескендегі мағынасы –  ауыспалы, фразалық:  Ақсүтін ақтады – ананың еңбегін өтеді. Ақсүтін кешті – Ризалығын берді.

Ақсүтін көкке сауды – қарғады, теріс батасын берді. Бұл мағыналар тілдік талдау негізінде көрінетін мағыналар болып табылады.  «Ақ көңіл, ақ жүрек, ақ жан, ақ ниет» сияқты ұғымдар мазмұны тілімізде адам мінезіне сай өріс алса, «ақ бесік, ақ отау, ақ босаға, ақ бөпе, ақ бала» тазалықтың, пәктіктің белгісіндей болып, «ақ жаулық, ақ сақал, ақ бас» үлкендік пен көрегендікке жеткен сый-құрметтің символы, «ақ тілек, ақ бата, ақ жол» адамның адамға деген шынайылық көңілі, «ақ қу, ақ сұлу, ақ жібек» сұлулықтың символы іспеттес ұғымдарды таразылайды. Зерттеу жұмысының ерекшелігі де сонда қазақ халқының дүниетанымында, рухани мәдениетінде қалыптасқан ұғым-түсініктерге сүйене отырып, қазақ тіліндегі ақ сөзінің   қолданысына қарай бірнеше тілдік таңбалық  топтарға бөлінді: 

Ақ түсінің мағыналық топтары

 

 

 

Ақ

Тазалықтың белгісі ( ақ босаға, ақ отау, ақ бесік т.б.)
Сұлулықтың белгісі (ақ тамақ, ақ дидар, ақша бет т.б.)
Үлкендіктің белгісі( ақ сақал, ақ бас, ақ қас т.б.)
Қасиеттіліктің белгісі(ақ сүт, ақ ана ақ шаш т.б.)
Қуаныштың белгісі (ақ күн, «ақ сарбас» т..б)
Адалдықтың белгісі (ақ жол, ақ ниет, ақ бата т.б.)

 2.4.  «Қара»  түр-түс ұғымымен қалыптасқан атаулардың таңбалық қызметі 

         «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» қара сөзінің мағынасына қатысты берілген сөздерден түстік,  белгісіздік, қайғы-уайым, қатыгездік, киелілік, қасиеттілік, қарапайымдылық мағыналарын тануға болады. Бұл мағыналар қара сөзінің ұғымдық нышандық, яғни таңбалық белгісін де білдіріп тұр. Қара сөзінің тура мағынасы – «ақтың қарама-қарсы түрі». Бұл оның негізгі мағынасы. Бірақ бұл номинативтік мағына одан кейін пайда болған коннотативтік мағынаның қалыптасуының барлығына бірдей ұйытқы бола алмайды. Мысалы: түркі топонимикалық жүйесінде жиі кездесетін gara su тіркесінің мағынасы сумен емес, жермен байланысты. Ал барлық орта ғасырлық түркі ескерткіштерінде кездесетін gara budun термині халықтың түсіне байланысты емес, оның қоғамдық-әлеуметтік орнымен байланысты, яғни қарапайым төменгі сатыдағы халық. Қара сөзінің ауыспалы коннотативтік мағынасы оның номинативтік мағынасына қарағанда әлдеқайда көп: қара, қара тұту, қара жамылу, қара ту, қара тігу, қараны жығу, қаралы көш, қара қазан, қара шаңырақ, қара шымылдық, қара жаулық, қара ниет, қара жүрек  т.б. Ш.Уәлихановтың, Ы.Алтынсариннің, белгілі этнограф Ө.Жәнібековтің көрсетуінше, қазақ халқында ертеректе ел жақсысы қаза тапқанда шаңырақтан қара ала шашақты қара жалау көтеріп, жақындары қара жамылып аза тұтатын, оның мінген атын бір жылға дейін тұлдап, ер-тұрманына қара жабу жауып, көші-қон кезінде жетелеп ертіп жүрген. Қазақтар адам өлгенде найзаға қаралы ту  тағып, шаңырақтан шығарып қоятын болған, адам жерленгеннен кейін найзаны сындыру ырымы жасалған. Құрбанғали Халидтің «Тауарих хамса» атты кітабында айтқанындай, қазақтар өлікті қойып болған соң «қара» тұрғызады. «Қара» дегені – найза ұшына белгі байлау, мәйіт жас болса – қызыл, ересекке – ақ, орта жасар болса – бір жағы қара, бір жағы қызыл не ақ матадан құрап тігеді. Бұл қара  қазаның белгісі. Өлікке тігілген белгі қай түрлі болсын «қара» деп аталады. «Қара» түр-түс атауының басқа қасиетті, киелі деген мәнді білдіретін  мағынасы бар. Бұл тіліміздегі қара қазан, қара шаңырақ  сияқты сөз тіркестерінің құрамындағы қара сөзінен көрінеді. Қара сөзінің ендігі бір символдық мағынасы – шыдамдылық, төзімділік: қара түсті мал ақ, боз түстіге қарағанда шыдамды келеді екен. Бұдан қара түсінің шыдамдылық мәнінде болатынын көреміз. Қазақтағы қара өлең ұғымы да алғашқылықты, бастапқылықты білдіретін сияқты: Қазақтың қара өлеңі – құдіреттім, Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген (М.М.). Мұнда Қара заттың түсін білдіретін негізгі мағынасынан әлдеқайда кең ұғымда.  Демек қара өлең дегеніміз – байырғы өлең, өлеңнің бастапқы қалпы деген сөз. Қара тау, қара халық, қара сөз, қара жол деген тіркестердегі анықтауыштар тек түсті ғана білдіріп тұрмағандығы түсінікті: ежелгі тау, негізгі халық, бастапқы сөз, басты жол деген ұғым береді. Зерттеу жұмысының ерекшелігіне сәйкес «қара» сөзіне байланысты туатын ауыспалы мағыналарға орай ұғымдық белгілері  анықталды. Сөйтіп, «қара» түсіне қатысты атауларды  мағынасына қарай 6 топқа бөлуге болады:

Қара түсінің мағыналық топтары

 

 

 

Қара

Жамандықтың белгісі (қара тізім, қара қағаз, қара ту т.б.)
Жауыздық, қатыгездіктің белгісі (қараниет, қарабет, қара көңіл т.б.)
Алғашқылықтың, бастапқылықтың белгісі( қара су, қара тау т.б.)
Киеліліктің, қасиеттіліктің белгісі( қарашаңырақ, қара жер т.б.)
Қарапайымдылықтың белгісі (қара қазақ, қара бұқара т..б)
Қайғы-мұңның белгісі (қара күн, қара уайым, қара түн т.б.)

 Қара түсті білдіретін атаудың «ақ» түсті білдіретін атау сияқты көп мағынаға ие болуы, біріншіден, оның табиғаттағы ең негізгі, көрнекті және басқа да көп түстердің құрамында кездесетін табиғаты күрделі түс болуына  байланысты болса, екіншіден, қоғамдық өмірдегі көптеген құбылыстармен түр-түсіне байланысты сәйкестігі, ұқсастығы, мәндес-мағыналастығы негіз болған деп қарауға болады. Қара сөзінің түркі тілдеріндегі ауыспалы мағыналары бұдан да көп деп көрсетіледі, ал қазақ тілінде, ғалымдардың беруінше, талдауымызға нысана болған отыз шақтысын ғана кездестірдік. Сонымен қазақ тіліндегі қара сөзінің ауыспалы мағынасы нақтылы бір сөздермен тіркесте қолданылғанда ғана көрініп,  молая түсері белгілі.

ІІІ ЗЕРТТЕУ БӨЛІМІ 

3.1. Қазақ тіліндегі «ақ» және «қара» түс атауларының қолданыс аясы

Түр-түс атаулары тіліміздің ең бай әрі құнарлы, мағынасы мен қолданыс аясы кең лексика-семантикалық топтардың санатына жатады. «Түр, түс әлемі» – өмірде де, әрбір тілде де өте күрделі құбылыс. Қазақ тілінде түр-түс атауларының жалпы саны 70-тен астам. Олардың 30 негізгі, 40-тан астамы туынды түс түрлері болып саналады. Қазақ тіліндегі түр-түс атауларының барлық өзіне тән негізгі ауыс және символикалық мағыналарын сан алуан тақырыптық топтарда тіл практикасында қолдану ыңғайы менен қолданыс аясына қарап айқындау деген сөз оларды белгілі бір жүйе бойынша қарастыру болып саналады. Ол үшін бүгінде ғылымда қалыптасқан этнолингвистикалық принциптер мен жүйелеу тәсілдеріне сүйенуге болады. Бұл принциптер бойынша түр-түс атауларын дәстүрлі үш – «Адам»,  «Қоғам», «Табиғат» – салада топтастырып, сол салаларға жататын тақырыптар мен тақырыпшаларға жіктеп талдауға болады.

Жұмыстың мақсатына байланысты біз жинақталған материалдарымызды этнолингвистикалық принцип бойынша ең алдымен үлкен салада – «Адам»,  «Қоғам», «Табиғат» – топтастырып және олардың өздерін жіктеп, бірнеше тақырыптық ұяларға бөліп қарастыруды жөн көрдік.

І. «Адамға» қатысты түр-түс атаулары

Түр-түс атауларының «адамға» қатысты қолданыс аясы да өте кең. Этнолоингвистикалық дәстүр бойынша «адам» ұғымына, әдетте, оның сыртқы түр-түсі, сын-сипаты, дене мүшелері мен ағзалары, зиялы қасиеттері мен мінез-құлқы, адам есімдері, адамға тән ауру-сырқаулар, адам ішетін тамақ-тағамдар, киетін киім-кешектер, тұратын орын-жай, үй жиһаздары мен тұрмыстық заттар т.б. жатқызылады. Бұлардың біразы нақтылы заттық ұғымдар да, біразы абстракты ұғымдар. Қандай болғанда да, түр-түс атаулары бұл ұғымдарды білдіруші сөздермен тіркесе келіп, өзінің анықтауыштық функциясын атқарады да өзінен кейін тұратын анықтауышы атаулардың мағынасын жан-жақты суреттеп, сипаттап, әсірелеп, астарлап, бейнелеп көрсетеді.

  • Адамның жалпы өзіне тән қасиетіне қатысты атаулар: ақсақал (қария), ақжолтай (бақытты, ылғи жолы болатын адам), ақсары (қыз), қара адам, қара халық, қара кемпір, қара қазақ, қара торы (жігіт), қара шал, қара тоқал, т.б.
  • Адамға, оның мүшелері мен ағзаларына қатысты атаулар: ақ білек, ақ жүрек, ақ маңдай, ақ құба, ақ саусақ, ақ сүйек, ақуыз, ақ құлақ (ұлты орыс адам), қара көздер, ақ қас (көп жасаған адам), қара мұрт, қара азу, қара сирақ, қара басы, қара бауыр, қара жауырын, қара бет, жүзі қара, қара жүрек, қара қабақ, т.б.
  • Адамның зиялы табиғи мінез-құлық, қалып-күй қасиеттеріне қатысты атаулар: ақ ниет, ақ пейіл, ақ көңіл, ақ өлім, ақ жарқын, ақ тілек, қара ниет, қара өлім, қара пиғыл, қара тілек, қара уайым, т.б.
  • Адамға тән ауру-сурқауларға қатысты қолданылатын атаулар: ақтаңдақ, қара тышқақ, ақауыз, қара түйнек, қара қотыр, қара шешек; т.б.
  • Адам жейтін тамақ-тағам, сусын –ішімдіктерге қатысты қолданылатын атаулар: ақ нан, қара нан, ақ сүт, ақ сорпа, қара азыық, қара сорпа, қара шай, қара бұрыш, ақ шалым, ақ құман, ақ дастархан, қара қазан, қара көже, т.б.
  • Адам киетін киім-кешек, сәндік бұйымдар мен маталарға қатысты қолданылатын атаулар: ақ байрақ, ақ жаулық, ақ дабы, ақ бәтес, ақ қалпақ, ақ желең, ақ көйлек, ақ шидем, ақ шыт, ақ торқа, ақ торғын, ақ шолпы, ақ халат, қара барқыт, қара камзол, қар күпі, т.б.
  • Адам тұратын үй-жай, үй жиһаздары мен үй жабдықтарына қатысты қолданылатын атаулар: ақ там, ақ боз үй, қара үй, қара шатыр, ақ орда, ақ сарай, ақ отау, қара шаңырақ, ақжастық, ақ сандық, қар көсеу, ақ бесік, ақ киіз, ақ күмбез, ақ текемет, ақ көрпе, ақ төсек, ақ табақ, ақ тегеш, т.б.
  • Кісі аттарында қолданылатын түр-түс атаулары: Ақжол, Ақжолтай, Ақтілек, Ақгүл, Ақманат, Ақмарал, Қарабек, Қарабай, Қаратай, т.б.

ІІ. «Қоғам» саласына қатысты атаулар

«Қоғам» саласына жататын тақырыптық топтар да көп.негізгілерін мынадай тақырыптық топтарға жатқызуға болады.

2.1. Қазақ қауымының негізін құрушы және басқа да ру-тайпалар атаулары құрамында қолданылатын атаулар: қар қазақ, қара керей, қара қыпшақ, ақ қаңлы, қара сарт, т.б.

2.2. Мемлекеттік құрылым және оны басқару жүйесіне (заң, құқық, жаза, рәміз, ақшы т.б.) қатысты атаулар құрамындағы түстер: қа заң, қара заң, қара зындан, қара бақыр, қара тиын, ақ тас, қара тас, қара қағаз, ақ (айыбы жоқ), қара (айыпты), қара гүреш (ақша), қара жалау, ақ жалау, т.б.

2.3. Материалдық және  рухани мәдениетке қатысты ұғымдарды білдіретін түр-түстер: ақ бата, ақ бесік, ақ бұйрық, ақ кебін, ақ жұмыс, ақ неке, ақ өлім, қара тану, қара сия, қара домбыра, т.б.

2.4.Ел қорғау, қару-жарақ, ер-тұрман т.б. әскери ұғымдарды білдіретін атаулар құрамында қолданылатын түр-түстер: ақ сауыт, ақ семсер, қара садақ, қара мылтық, ақ жалау, қара сауыт, қара сойыл, қара қанжар, қара шоқпар, ақ тоқым, т.б.

ІІІ. Табиғат саласындағы тақырыптық топтар

Зерттеу жұмысында біз аспан әлемін, табиғат құбылыстарын, жер бедерін, өсімдік дүниесін, жан-жануарлар әлемін қарастырамыз.

3.1. Аспан әлеміне қатысты түр-түс атауларының қолданылуы: Ақбозат, қара аспан, т.б.

3.2. Табиғат құбылыстарына қатысты түр-түс атауларының қолданысы: ақ жауын, қара жауын, ақ боран, ақ қар, ақ мұнар, ақ қырау, ақ таң, қара боран, қара түн, қара көн, ақ нұр,  ақ таң, ақ сәуле, ақ бұршақ, ақ жалын, ақ түтек, т.б.

3.3. Жер бедері (тау, дала, су) мен жер жыныстарына қатысты түр-түс атауларының қолданысы: ақ топырақ, қара топырақ, ақ теңіз, қара теңіз, ақсу, ақ бұлақ, ақ қайнар, Ақтау, Қаратау, қара кемер, ақ төбе, ақ балшық, ақ қыш, ақ метелл, ақ құм, ақ тас, ақ болат, ақ жазық, ақ күміс, қара темір, қара май, .т.б.

3.4. Өсімдік дүниесіне (ағаш, шөп, бұта, гүл, жеміс, көкөніс) қатысты түр-түс атауларының қолданысы: ақ шешек, ақ мақта, ақ бидай, ақ селеу, ақ сора, ақ тікен, ақ қайың, ақ жусан, ақ жүзім, ақ мия, ақ өлең, қара андыз, қара бидай, қара бүлдірген, қара жидек, қара қияқ, қарақат, қара  тал, қарасора,  ақ қурай, қара қурай, қараған, қара орман, т.б.

3.5. Жан-жануарлар (аң, мал, құс,балық, жәндік, насеком) әлеміне қатысты түр-түс атуларының қолданысы: ақбөкен, ақ марал, қара құйрық, ақ тоты, қара қарға, қара құс, қара торғай, аққу, қара қоңыз, қара шыбын, ақ балық, қара балық, ақ шағала, ақ аю, ақ иық бүркіт, ақ қоян, ақ тұйғын құс, ақ жылан, т.б.

3.2. Фразеологиялық сөздікте берілген тіркестер және олардың білдіретін мағыналары

Ғылыми жобаны жазу барысында біз Ісмет Кеңесбаевтың «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігін», Хадиша Қожахметова, Раушан  Жайсақова және Шолпан Қожахметовалардың  авторлығымен басылған «Қазақша-орысша фразеологиялық сөздік», Тұрағұл Қоңыровтың «Фразеологиялық сөздігін» пайдаланып, осы сөздіктерде берілген «ақ» сөзімен тіркескен 74 фразеологиялық тіркес және «қара» сөзімен тіркескен 110 фразеологиялық тіркесті анықтадық. Осыдан туындайтын қорытынды түсінік: түркі тілінен енген «қара» сөзі халық түсінігіндегідей тек жамандық пен қайғы-қасіреттің символы емес, сонымен қатар қарапайымдылық пен киеліліктің, бастаудың белгісі.

«Ақ» сөзіне байланысты

 

«Қара» сөзіне байланысты

 

Ақ баласы /сүт тағамдары/ Қара азық /ет-майдан басқа тамақ/
Ақ бата /жақсы тілек/ Қара аспан айналып түскір! /қарғыс/
Ақ безер де көк безер болу /ант-су ішті, таусыла қорғанды/ Қара аспанды жаудырды /уайым-қайғыны асқындыра айтты/
Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс

/біреуді пір тұту, айтқанымен жүру

Қара байлады /кісісі өлген үйдің қайғы-қасірет белгісі туралы айтылады/
Ақ жарқын  /көңілі таза/ Қара байыр /күш көлік аты/
Ақ жаулық  /анаға қатысты айтылған/ Қара бақыр /жезден, мыстан жасалған тиын-тебен/
Ақ жауын  /ұзаққа созылып, майдалап жауатын жауын/ Қара басқан /оңбаған, ісі қырсыққан/
Ақ жолтай болу /қадамы құтты адам/ Қара бастың қамын жеді /өзінің ғана пайдасын көздеді/
Ақ жүрек  /адал көңіл/ Қара басы /соқа, жеке басы/
Ақ иық, мұз балақ  /айрықша асыл адам/ Қара басыңа көрінгір /қарғыс/
Ақ иық /ерекше қыран/ Қара бауыр /безбүйрек, қаскөй жан/
Ақ киізге көтеру /дәріптеу Қара бет /ұятсыз, арсыз/
Ақ көз /надан, оқымаған Қара болды /бас-көз болды/
Ақ көйлек /адал ниетті адам Қара борандатты /ызғар шашты/
Ақ көңіл /ниеті түзу жан Қара борбай /бейнетқор шаруа адамы/
Аққа құдай жақ /қорғау, жақтау/ Қара бұқара /еңбекшілер, көпшілік жұрт/
Ақ қар, көк мұз  /қиын кезең/ Қара бітпеген /тақыр кедей/
Ақ май аузынан ағу /тойыну Қарадан қарап жүріп /тектен-текке/
Ақпа құлақ /сөз ұқпайтын дам Қарадан туды /қара бұқара ішінен шықты/
Ақ сайтаны ұстау /ашу-ызасы келді Қара дауыл /суық, ызғарлы жел/
Ақты-қарасын ашты /дұрыс-бұрыстығына көз жеткізді/ Қара дауына басты /ескі әдетіне басты/
Ақ саңдақ жүйрік  /жолы болып озып жүрген жүйрік Қара дүрсінге басты /ожар, дөрекі мінез көрсетті/
Ақсарбас айту /тәңірге жалбарынған тілек Қара есекке теріс мінгізді /атына кір келтірді/
Ақ сирақ жұт /үлкен жұт Қара ет /майсыз ет/
Ақ сөйле /әділ бол/ Қара еті жыртылды /денесі ауырды, көтертпей қойды/
Ақ сұңқар /ер-азамат баласы Қара жаңбыр /нөсерлі қалың жауын/
Ақ сұпыдай /әсем, ақ торғын Қара жапты /жала жапты/
Ақ сүтін көкке сауу /аналық қарғысын айтты/ Қара жарыс /бәйгесіз, жай жарыс/
Ақ түйенің қарны жарылу /қарық болды Қара жау /қас дұшпан/
Ақ түтек боран  /түк көрінбейтін боран Қара жаяу /көліксіз/
Ақтылы қой, алалы жылқы  /қалың мал/ Қара жаяу емес /құр алақан емес/
Ақ ауыз қылды /алдап кетті/ Қара жел /жауын-шашынсыз азынап соққан өкпек жел/
Ақ болып кетті /малдан сүт шықпады, суалды/ Қар жер /жер беті/
Ақ боран /көз ашқызғысыз боран, дауыл/ Қара жер болды /тапталды, тып-типыл болды/
Ақ бөкеннің таңындай /күн шалмаған аппақ/ Қара жерге отыртты /ұятқа қалдырды, масқара етті/
Ақ бұйрық /тағдырдың дегенімен болған тура қаза/ Қара жердің қыртысын қақ айырды /күш-қайрат жасады, маңдай терін төгіп бейнеттеді/
Ақ білек /сұлу, перизат/ Қара жер төсек болды /басына қиыншылық түсті/
Ақ дидар /сұлу келбет, ақ құба өң/ Қара жердің талысы /жер қойны/
Ақ етек /адал кісі/ Қара жермен тең болды /қадірсіз, сыйсыз болды/
Ақ жем болды /қанын суға сорғызған ет/ Қара жол /үлкен, даңғыл жол/
Ақ жерден қара болды /босқа күйді, жазықсыз жапа шекті/ Қара жон /еті, денесі тығыршықтай, толық деген мағынада/
Ақ жол /адал жол/ Қара жұмыс /қол еңбегі/
Ақ жұмыртқа, сары уыз /ана бауырындағы нәресте/ Қара жұрт /көпшілік, бұқара халық/
Ақ иіліп сыынбайды /адал адам жаладан мерт болмайды/ Қара жүнді қарға /түкке тұрғысыз бейшара/
Ақ кебінге оранды /дүние салды/ Қара жүрегі қақ айрылды /қатты құсаға шалдықты/
Ақ көбелек /ақ көңіл, аңқылдақ/ Қара жүрек /рақымы жоқ адам/
Ақ көбік қылды /терлеп-тепшіді/ Қара жүріс /шаппай жүріп отырған аяңды ұзақ жүріс/
Ақ көз ерлік /көзсіз батырлық, жалтақсыз қимыл/ Қарайған жұрт /барлық ел/
Ақ көкірек /ашық жан, мейірімді/ Қарайып қалды /тосырқап қалды/
Ақ күн тусын /жолың болсын/ Қара киді /қаралы болды/
Ақ құйрық көңіл ашар шай секілді /сапасы жақсы, хош иісті шайдай көңіл жадырататын адам/ Қара көбейтті /санын арттырды/
Ақ неке /адал жар некесі/ Қара көже /қатықсыз ас/
Ақ орда /үлкен киіз үй/ Қара көз /сұлу қыз/
Ақ отау тіктірді /үлкен ақ үй дайындатты/ Қара көлеңке /апақ-сапақ/
Ақ пен қара /дұрыс-бұрысы, жөні мен қисығы/ Қара көңіл /ниеті арам кісі/
Ақ пен қызыл арасында /күн ұясына кірген шақта/ Қара көрім /көз ұшы жетпейтін қашықтық/
Ақ сазандай бұлықсыды /сылаң қақты/ Қара көрсетті /жырақтан көзге түсіп отырды/
Ақ сақал, қара сақал /үлкен-кіші, кәрі -жас/ Қара күн /қиыншылық түскен кез/
Ақ сақалды, сары тісті бол! /көп жаса/ Қара күн туды /қиын-қыстау кез болды/
Ақ саусақ /қара жұмыс істемейтін кісі/ Қара күш /дүлей қайрат, мылқау күш/
Ақ семсер /сапы мен қанжардан ірі екі жүзді қару/ Қара күшке салды /әдіс-айласыз дене қайратына салды/
Ақ сүтін ақтады /борышын өтеді/ Қара қағаз /қаралы хат/
Ақ табан /мал-мүліксіз, сорлы/ Қара қазан бай /кедейден байыған жан/
Ақтан безген ары жоқ /тура жолдан тайған/ Қара қазан, сары бала қамы /бала-шаға, отбасы амандығын қорғау мағынасында/
Ақтан кетті /әділетсіздік көрді/ Қара қайыс болды /қаңсыған сірідей сіресті/
Ақ теріні қара тері қылды /бірді-бірге алмастырды, ауыстырды/ Қара қалмады /тұқым-тұқият қалмады/
Ақ үйек мал /адал мал/ Қара қамшы /қара күш иесі/
Ақ үстінен қара таныды /ақ-қараны ажыратты/ Қара қанат болды /өздігінен жетілді/
Ақ шелегі түскендей ақтарылды /таусыла сөйледі/ Қара қан боп қатты /жүрегіне кек боп байланды/
Ақ шелек келгір! /түйе малына айтылатын қарғыс/ Қара қаптал /жылқының жауыр-жарасы/
Ақ шолаң тарта құлан иектенді /рауандап атқан таң/ Қара қарын /жылқының іш ауруы/
Ақты аныққа шығарды /шындықтың әділ төрелігін берді/ Қара қасқа кедей /тым жарлы, кембағал/
Ақты көз /соқыр, көр мағынасында/ Қара қатқақ болды /жердің тоңазып жатқан кезі/
Ақтық сөз /соңғы сөз/ Қара құйын /шапшаң, дүркіреу, аяқ астынан/
Қара құлақ /қатерлі, тағы аң туралы айтылады/
Қара құлақ болды /едәуір жетіліп қалған төл/
Қара құрттай қаптады /быжынай түсті/
Қара құрым /өте көп/
Қара құрым /ескі, қара қошқыл киіз/
Қара қылды қақ жарған /әділдік/
Қара мал /сиыр малы/
Қара мысық өтті /ала ауыздық туу/
Қара нар, қалы кілем /берілетін сый-құрмет/
Қара ниет /арамдық, залымдық/
Қара нөпір /көп қол, әскер/
Қара нөсер /шелектеп құйған жауын/
Қара орнынан айрылған /ата қонысын қолдан шығарып алған/
Қара от /жусан тәрізді жабайы өсімдік/
Қара өзек шақ /жуанның созылып, жіңішкенің үзілген кезі/
Қара өрттей қаптады /құйындатып, астан-кестен болу/
Қара пәле басты /албасты басты/
Қара сирақ /тақыр кедей/
Қара сорпасын ұрттатқыр! /қазасына асылған тағамды жесін/
Қара сөз /ауызекі халық сөзі/
Қара сөзді қамшы қылды /тапқыр сөйлеу/
Қара су /судың өзі/
Қара судан қаймақ алады /қу кісі/
Қара суық /жер қара кездегі ызғарлы жел/
Қара таныды /хат таныды/
Қара тасты балқытқан /тас көңілді елжіретті/
Қара тұтты /арқа сүйеді/
Қара тұяқ /туар мезгілі жақындағы төл/
Қара түйнек /мал ауруы/
Қара түнді қақ жарды /түндегі шаңқылдаған дыбыс/
Қара түнек /қараңғы түн/
Қара үзіп қалды /көз жазып қалды/
Қара үй /ескі киіз үй/
Қара шаңырақ /үлкен үй/
Қара шапан /жібектеп басқа матадан тігілген шапан/
Қара шашы жайылсын /қаралы болсын/
Қара шешектей жайылды /бойды билеп алды/

Қорытынды

         Әлем бейнесі мен ұлттық мәдениет, халықтың салт-дәстүрлері мен сенімдері, сол тілде сөйлейтін халық тарихы көрініс табатын кез-келген халық ұғымындағы түр-түстік символдар баға жетпес лингвистикалық қазына болып табылады. Қазақ тіліндегі түр-түс атауларының атқаратын қызметі мен аңғартатын мағынасы мен мәні сан алуан. Түр-түс атауларының бұл қасиеті жай уақытта байқала бермейтін, бірақ тілдің ұзақ даму тарихында қалыптасып қолданысқа енген, оның күші мен құдіретін, әсерлілігі мен әсемдігін танытатын қасиет. Түр-түстердің бұл қасиетін тілдің ішкі заңдылығына, табиғатына сүйене отырып қарастырғанда, түр-түс атауларының түстік мағынасынан тыс ауыспалы мағынасының өзі бірдей емес екендігін байқадық. Олардың бір тобы (мәселен: ақ отау, ақ сүт, қара қазан, қара  алтын) түр-түстердің негізгі номинативтік мағынасына жақын, о бастағы семантикалық байланысы әлі де үзіле қоймаған, логикалық қатыстығын түгел жоймаған сыбайлас мағыналар болып келсе, енді бірі (мәселен: ақ ниет, қара көңіл, қара қағаз, қара халық, т.б.) бүгінгі таңда мағыналық қатыстығы алыс, тіпті мүлдем байқалмайтын, алшақ жатқан мағыналар.Түр-түстердің  қоғамда, ондағы әдет-ғұрыптарда, дәстүрлерде, белгілі бір ұлтта,  кейде жеке тұлғаның түсінігінде өзіндік орны болады. Әрбір этнос, ұлт түсінігіндегі түстердің өзіндік ұғымы мен мағынасы, таңбалық символы болады. Қазіргі әрбір халықтың, мемлекеттің рәміздері мен нышандары, символикасы, тарихы олардың ұлттық дәстүрімен, салт-санасымен, әдет-ғұрпымен тығыз байланысты. Ерте кезде әрбір рудың, тайпаның өзіне ғана тән таңбалары мен ұрандары, тулары мен мөрі, ен-таңбалары болған.  Осы аталған этностың  белгісін көрсететін символдар халықтың өз дәстүріне сай әр түрлі түстер арқылы  бейнеленген. Олардың өзіндік мағынасы, қоғамдық-әлеуметтік дәрежесі, жалпы этносқа ортақ ұғым таңба, белгі, символ ретінде танылған. Сондықтан да, ақ пен қараның  түстік номинативтік мағыналары бірте-бірте дерексізденіп, олардың заттық, материалдық ауыс мағыналары даму негізінде қолдану шегі бірте-бірте кеңейе түседі.

Қай халықтың болмасын, тұрмысы мен танымындағы бар дүние сол халықтың жадында сақталып, тек тілінде ғана көрініс табады. Тіл арқылы мәдениетті: халықтың тарихын, салт-дәстүрін, мінезін, менталитетін танимыз. Халықтың дүниетанымы негізінде қалыптасқан мәдениеттің кейбір құпия сырлары тілдегі символ сөздерде жасырынған. Қазақ халқының ұлттық танымында қалыптасқан әрбір түр-түстік символдар халықтың рухани-материалдық мәдениетінен де, салтынын да орын алады. Бұл әр халықтың түр-түс табиғатын өзінше танып, өзінше анықтап, өз тілінде ат қойып, күнделікті қолданысына енгізуіне байланысты болса керек. Мәселен, ақ сөзімен келген тіркестердің мазмұны қазақ халқының ұлттық дүниетанымында қасиеттіліктің символдық галереясын сомдайды. Қара сөзі тіркескен сөзіне орай бірде қайғы, қаза, өлімнің, жамандықтың, арамдықтың белгісі, бірде (қара шаңырақ, қара қазан) қара сөзі қасиеттілікті, киелілікті,  қарапайымдылықты аңғартады

Қорытындылай келгенде, тіліміздегі түр-түстер өздерінің символикалық қасиеттері арқылы түр-түске мүлдем қатысы жоқ не одан бүгінде тым алыстап кеткен ұғым-түсініктерді, мән-мағыналарды білдіреді.

You May Also Like

Балаларға арналған жуғыш заттардың құрамы және олардың бала ағзасына әсері, ғылыми жоба

Тақырыбы: « Балаларға арналған жуғыш заттардың құрамы және олардың бала ағзасына әсері…

Ең үздік ғылыми жоба «Гастрономиялық Алматы»

Ең үздік ғылыми жоба «Гастрономиялық Алматы» Орындаған: Арын Ақбота, Имашева Дильназ Мазмұны Кіріспе………………………………………………………………………………………………………………………………

Үй жануарларының дене температурасының реттелуін зерттеу, ғылыми жоба слайд

Асық ойыны — қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі, ғылыми жоба

Мақсатым: Асық ойынының тарихы мен оның тәрбиелік мәнін зерттеу. Асық ойнаудың денсаулыққа тигізер…