Тақырыбы

Алматы облысындағы жер-су атауларының «Қызыл жебе» романындағы кейіпкерлердің жүріп өткен, өмір сүрген жерлерімен сәйкестігі және елді-мекендердің шығарма кейіпкерлері есімдерімен аталуы

Бағыты: гуманитарлық

Секциясы: қазақ әдебиеті

Аннотация

Зерттеудің мақсаты:

Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты – Алматы облысындағы жер-су атауларының «Қызыл жебе» романындағы кейіпкерлердің жүріп өткен, өмір сүрген жерлерімен сәйкестігін зерттеу және елді-мекендердің шығарма кейіпкерлері есімдерімен аталу себебін анықтау.

Зерттеу кезеңдері:

  1. Романды оқи отырып, кейіпкерлері жайлы мәліметтерді және оқиға орын алған жерлердің атауларын түртіп алу;
  2. Шығармада кездесетін жер-су атауларын картадан іздестіру арқылы сәйкестігін зерттеу;
  3. Елді-мекендердің шығарма кейіпкерлерінің есімдерімен аталу себебін айқындау;
  4. Жиналған материалдарды талдау, қорытындылау, жинақтау.

Зерттеу әдістері:

  Ізденіс

 ∙ Салыстырмалы талдау

 ∙ Жүйелі қорытындылау

Зерттеу жұмысының  жаңалығы:  «Қызыл жебе» романының басты кейіпкері Тұрар Рысқұловтың әкесі Рысқұл Жылқайдаровтың  өмірі мен басынан кешкен оқиғаларымен байланысты кейбір жер-су атауларының  қазіргі күнде картаға түскені де, түспегені де бар . Шығармада  орыстың ғалымы атап кеткен «Рысқұл алқабы» да картаға түспеген. Дегенмен, сол алқаптың бар екені дәлелденді.

Зерттеу жұмысының қорытындысы:  Зерттеу қорытындысы бойынша шығармадағы ұнамсыз кейіпкер ретінде берілген Саймасай болыстың есімі жер-су атауларына берілгеніне оның ұрпақтарының ықпал жасағанын және болыстың жақсы қасиеттері, елге сіңген еңбегінің орасан екенін  білдік.

Жоспар  

  1. Кіріспе бөлім.

«Қызыл жебе» романының жазылу себебі, шығармадағы кейіпкерлердің прототиптері

  1. Зерттеу бөлімі:

ІІ.1. «Қызыл жебе» романындағы жер-су аттары және олардың бүгінгі күнге дейін сақталуы

ІІ.2. Еңбекшіқазақ ауданындағы елді-мекендердің «Қызыл жебе» романының кейіпкерлері есімдерімен аталуы. 

  1. Қорытынды:

Жер-су аттарының сақталуы және елді-мекендерге берілген атаулар тарихын үлгі ету.

Кіріспе

Айналасына сыни көзқараспен қарайтын жастар өзінің жүріп өткен көшесінің аты, ауылының аты туралы, қоршаған әлемнің кешегі  және ертеңгі күнмен байланысын зерделейді. Біз Тұрар Рысқұлов атындағы мектепте оқитындықтан, қайраткер туралы жазылған Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе» романын оқуды өзімізге міндеттедік. Осы романды оқи отырып, өзімізге таныс көптеген жер-су атттарын кездестірдік. Күнделікті жүріп жүрген көшеміз осы шығарманың кейіпкері Саймасай болыс есімімен аталуы бізді таңқалдырды. Т.Рысқұлов мектебінен шығып Саймасай көшесімен үйге жетеміз. Тұрардың әкесі мен Саймасай болыстың  өшпенділігі бірінің өіліміне, бірінің каторгіге айдалуына әкеліп соққанмен, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін екеуінің есімі қалайша бейберекет бір көшенің бойына тоғысқан?

Роман мазмұны бойынша Түлкібас-Жуалыдан жер ауып келген Рысқұл жаңа қонысқа келiсiмен Саймасай болыстың жұмсауымен өзi қаламаған ұрлық-қарлық iстерге араласады. Рысқұл Саймасайдан бойын қанша аулаққа салғысы келсе де, кедейлiк, мұқтаждық аяғын жаздырмайды, қайта айналып, амалсыздан болыстың тұзағына түсе бередi. Мiне, осындай оқиғаның бiрi – Рысқұлдың Саймасай болыстың жұмсауымен Тұқымбай байдың елден асқан жүйрiк аты – Қызыл жебенi ұрлауы болады. Мұндай әйгiлi атты ұрлау – орасан үлкен тартыс тудырарлық әрекет. Қызыл жебенiң дауынан құтылу үшiн, Саймасай опасыздық жасап, жаламен Рысқұлды түрмеге қаматады, ауылдастарын азапқа салдырады. Iшiнде кегi мен намысы шемен боп қатқан Рысқұл түрмеден қашып шығып, Албаннан жас тоқал алып келе жатқан Саймасайды атып өлтiредi. Мұның аяғы Сәлiк – Шiлмембет ауылының адам айтқысыз қорлыққа, Рысқұлдың жалғыз ұлы Тұрардың өлiм қаупiне ұшырауына ұласады. Ақырында, Рысқұл өз аяғымен барып, түрмеге қайта жатады, губернаторға арыз жазып, баласын қасына алдырады, тергелiп он жылға каторгаға кесiледi.  Т.Рысқұловтың жастайынан болыстан, түрмедегі надзирательдерден көрген қорлығы бала Тұрарды қайрай түседі.  Әкесінің түрмеде жатып шерткен сырлары баланың бойындағы күрескерлік, қайсарлық қасиеттерін шыңдады.

«Тұрар енді бір жиырма жылдан кейін ұлы жазушымен дос болып, өз әкесінің басынан өткен шытырман шындықты оған, арман ағысындай етіп айтып берер. Содан барып «Қараш-Қараш» туар…» (Шерхан Мұртаза. Жеті томдық шығармалар жинағы. 1-том, «Қызыл жебе», роман, 235-бет).

Ұлт тағдыры тоғыстырған М.Әуезовке кезінде көмек қолын созып, Ташкент пен Қазақстанның оңтүстік өңірін паналап, ғылыми, педагогикалық және шығармашылық жұмыспен шұғылдануына қамқорлық жасады. Әуезовпен 1922 ж. Ташкент қаласында танысып, Әуезовтің Орта Азия мемлекеттік университетіне еркін тыңдаушы ретінде оқуға түскенде қамқорлық жасаған. М.Әуезовтің шығармашылығына қызығушылық танытып отырған.Т.Рысқұлов пен М.Әуезовтің қоғамдық қызметтегі қарым-қатынасы отбасылық сыйластыққа ұласып, Тұрардың бастан кешкен тағдыры, әкесі Рысқұлдың өжет бейнесі Мұхтарды қатты қызықтырып, оның өмірбаянын өзек етер шығарма жазуды жоспарлайды.

Молдияр Серікбаев 1970 жылдардың басында академик-жазушы Ғабит Мүсірепов пен Шерхан Мұртазадан естігенін айтады: «Мүсірепов: «Шерхан , сенің Тұрар Рысқұлов жайында ізденістер жасап жүргеніңді білемін.кезінде Мұхтар Әуезов ол туралы жазбақшы болып, көп ізленістер жасаған еді.Бірақ 1937 жылдың репрессиясында Тұрар «халық жауы» ретінде атылды ғой.Бұл жағдай Мұхтардың жазуына үлкен қолбайлау болды. Елуінші жылдары да өз басына күн туып, жан сауғалап елден шеттеп кетті емес пе.Бір жолы маған: «Ғабит, менің Рысқұлов туралы жазуға еш мүмкіндігім болмады. Менің  қолымдағы материалды алып, осыны сен жазсаң деймін» деп қолқа салған соң мен меселін қайтармай келісім берген едім. Алайда, менің де жазуға мүмкіндігім болмады. Рысқұлов туралы сен жаз. Оның көркемдік бейнесін алып шығу сенің қолыңнан келеді»,-деп айтқанын өз құлағыммен естідім». Кейін Ш.Мұртаза Тұрар Рысқұлов туралы 5 томдық кітап шығарып, асыл ағаларының аманатын абыроймен орындады.

Жазушы бұл шығарманы жазуда көп ізденіп, жер аралап, мәлімет жинап, осы романды жазып шығады.  Бұл шығармада кейіпкерлердің шын есімдері беріледі,  жер-су атаулары да ойдан құрастырылмаған.

Сонымен қатар, шығармадан Тұрардың әкесі жүріп өткен көптеген жер атауларын кездестірдік. Бізді осы  жер атауларының бүгінгі күнге дейін жеткен-жетпегені де қызықтырды. Ол үшін біз романда кезедесетін елді-мекендердің атауларын теріп шығып, картадан іздестіріп, бүгінгі күнге дейін сақталуын сараптадық.

Негізгі бөлім

ІІ.1. «Қызыл жебе» романындағы жер-су аттары және олардың бүгінгі күнге дейін сақталуы

Романның басынан  дерлік Рысқұлға аса ыстық болып көрінетін жер – Талғар тауы. Орыс досы Дмитриев екеуі шыққан Талғар шыңы. Бұл шыңның  суретін ғаламтор желісінен таба алдық.

Рысқұл Талғар шыңына Есік өзенін өрлей шыққан екен.  Есік өзенін сағасымен бастап отырып,                        Есіккөлдің  жағасына шыққан. Өзенді өрлей бұрын-соңды ешкім аяқ баспаған Ақкөл көліне орыс ғалымы Дмиртриевті алып барады.

Шығармада жазушы Дмитриевтің дәйексөзін келтіреді. «1923 жылы 28 июльде менің Талғар шыңына шығуыма тура 20 жыл толды. 1903 жылы 28 июльде мен Талғардың күнгей жағында жатқан ең биік мұзартқа шықтым. Оны мен «Богатырь» деп атадым… Талғар шыңдарын бірінші зерттеуші ғалым ретінде мен Мұзарт етегіндегі Есік өзенінің сағасы басталатын алқапты Рысқұл алқабы деп атап, оның есімін мәңгілік қалдыруға өзімнің құқығымды пайдалана отырып, шешім қабылдадым». Ғалымның «Рысқұл алқабы» деп атап кеткен жерді картадан іздестірдік.. Ғалымның бұл жерге «Рысқұл алқабы» деп ат қоюына негіз бар.  Дмитриев: «1903 жылы менің бағыма қарай, маған жол көрсетуші болып Шығыс-Талғар болысының қазағы Рысқұл Жылқыайдаров жолықты.  Бұл өзі Шілмембет руынан шыққан қарапайым қазақ еді. Қара шаруа болса да, рухы күшті, қайраты мол, қажырлы қазақ. Бұл атырапта одан өткен мерген, Іле Алатауын  одан артық білетін адам болмаған». Соның нәтижесінде ғалым елеулі жетістіктерге жеткен. Ғалым атап кеткен Рысқұл алқабын картадан іздестірдік.

Картада Ақкөл бар болғанмен Рысқұл алқабы деген атау жоқ екен. Шамамен Есік өзенің басталған тұсы «Рысқұл алқабы» деп  аталуы тиіс деп картадан алған сызбаға белгілеп қойдық (Шерхан Мұртаза. Жеті томдық шығармалар жинағы. 1-том, «Қызыл жебе», роман, 21-бет).

 

Рысқұл алқабы

Ертеңіне Рысқұл Дмитриевті  Талғардың ең биік шыңы – «Богатырьдің» жап-жалтыр мұзымен алып жүрді (Шерхан Мұртаза. Жеті томдық шығармалар жинағы. 1-том, «Қызыл жебе», роман, 22-бет). Картада «Богатырь» мұздығы берілген.

«Қара қойдың отары Кекілік сайдың күнгей қабағындағы шырмауық аралас шүйгінде шылқып жатыр екен» (Шерхан Мұртаза. Жеті томдық шығармалар жинағы. 1-том, «Қызыл жебе», роман, 24-бет). Кекілік сай деген жерді картадан таба алмадық. Шамамен бұл атау Іле Алатауының картасына енбегенге ұқсайды.

«Шығыс-Талғар болысы Рысқұл  тобын Дала-Шілмембетке қоспай, таудың бір қуысына  – Бесағаш деген жерге орын тепкізді» (Шерхан Мұртаза. Жеті томдық шығармалар жинағы. 1-том, «Қызыл жебе», роман, 29-бет).

Қазіргі кезде Бесағаш деген елді-мекен бар, бірақ оның орналасқан жері кітаптағы суреттелген жерге ұқсамайды. Картада Бесағаш өзені бар. Өзенге жақын Рысқұлов ауылы бар. Шамамен, Бесағаш өзені басталатын тау бөктері сол кездегі Рысқұлдың мекен еткен жері болуы керек.

«Рысқұл түрмеден қашып шыққан бойда бірден Талғарға тартпай, кәнігі аңшының  әдісіне салып, орағытып, түстікке, Медеу сайға қарай жылжыды. Медеуге жетпей, түстік-шығысқа қарай бұлым болып бойлап кеткен Шыбынсайға түсті» (Шерхан Мұртаза. Жеті томдық шығармалар жинағы. 1-том, «Қызыл жебе», роман, 68-бет).

Шыбынсай

Картада Шыбынсай деген жер көрсетілмеген.  Медеу сайының оңтүстік-шығысындағы мекенді шамамен Шыбынсай болуы керек деп болжаймыз. «Шыбынсайдың қырқасына шыққанда шығыстан Талғар шыңдары жарқ ете қалды.»  Картада «Шыбынсай» деп болжаған мекеннің шығысында шынында, Талғар таулары орналасқан, Шығыс Талғар өзені бастау алады.

«Талғардың шыңдарына тіке бет алдынан көтерілу мүмкін болмай, осынау батыс-түстігінен қиялап, сонау Жаңғырық пен Алпамса шыңдарына көтерілген» (Шерхан Мұртаза. Жеті томдық шығармалар жинағы. 1-том, «Қызыл жебе», роман, 71 -бет). Картада Жаңғырық және Алпамса шыңдары көрсетілмеген. Біздің зерттеуіміз бойынша бұл шыңдар Қарақауырсын мен Инетау шыңдарының солтүстік батысында орналасуы керек.

«Албандағы Қызылбөрік еліне Саймасай «күйеу бала» болып, Алатаудың інжу-маржаннан таққан алқасы сияқты әдемі Көлсайдың алқымында жатқан Саты ауылына келіп түскеніне екі күн болған  (Шерхан Мұртаза. Жеті томдық шығармалар жинағы. 1-том, «Қызыл жебе», роман, 78-бет).  Райымбек ауданындағы Саты ауылы бүгінгі күнге дейін сақталған.

Саймайсай болысты өлтірген мекен Тау-Шелектен асатын Орта Қараш тұсында. Халық арасында Қараш-Қараш асуы танымал. Ол туралы қырғызстан режиссерлерінің түсірген киносы да бар. Алайда біз ол жердің суретін,  картадағы орнын таба алмадық.

Шығармада ол «Тау Шелектен асатын жолдың  Орта Қараш тұсындағы тар қылтанға таң ата жетті» деп берілген  (Шерхан Мұртаза. Жеті томдық шығармалар жинағы. 1-том, «Қызыл жебе», роман, 89-бет).  Картаға назар аударсақ, Саты ауылы арқылы Шелек өзені ағады екен. Осы шелек өзенінің бастауы Тау-Шелекті болуы керек.

Тау-Түрген
Саты ауылы
Тау- Шелек

Шелек өзені

Халық арасында танымал болғанымен картада Қараш-Қараш жоталары жоқ. Біздің болжауымыз бойынша, ол жоталар Тау-Шелек пен Тау-Түргеннің арасынада болуы керек.

«Қызыл жебе» романында кезедесетін жер-су аттарының көпшілігі картада бар, ал әлі де енгізілмеген жер-су аттары уақыт өте өз кезегінде назарға ілігетін шығар деп үміттенеміз.

ІІ.2. Еңбекшіқазақ ауданындағы елді-мекендердің «Қызыл жебе» романының кейіпкерлері есімдерімен аталуы.

Шығарманы оқи отырып, кейіпкерлер атымен аталатын жер-су аттары біздің елді-мекенде орналасқанына қуандық, әрі мақтаныш сезімінде болдық. Алайда, шығарманы оқи отырып, еріксіз «жағымсыз кейіпкерге» ренішіміздің пайда болатыны сөзсіз. Біздің көкейімізде «Біз тұратын көшеге неге Саймасай есімін берген» деген сұрақ тұрды, әрі Құлжа тасжолы бойындағы Саймасай Үшкемпіровке арналған ескерткішті  жиі көреміз,  көрші Саймасай ауылдық округі де бізге таныс.

Осыны анықтау үшін ауылымыздағы Жаныс руынан шыққан ауылдастарымызды іздестірдік. Сұрастыра келе, Саймасай болыстың ұрпақтары –  Рустамбеков, Өмірәлиев, Адамбектовтер әулетін таптық. Олар бізге Нұрсадық Сарғожаев жазған «Шелегім мен Есігім – жерұйығым, бесігім» атты кітапты берді.

Кітапта Орынбасар Байболаевтың Cаймасай болыс туралы мынадай естелігі берілген: «Саймасай бабамыздың атап айтарлық бір еңбегі оның Жетісу өңірінің ең шұрайлы қонысын, жер-суын, өзен-көлін, Ойжайлау мен қыр жайлауын жат жұрттың билеп.-төстеуіне жол бермей, біртұтас күйінде  ұрпаққа мұра етіп аман сақтап қалғандығы. Бұған қоса ол Верный қаласындағы оязбен де, көршілес қырғыз елімен де тіл таба білген көрнекті диполмант және дау-дамайды әділ шешетін, тура би атанған » (Шелегім мен Есігім – жерұйығым, бесігім. – 70-бет).

Ал «Егемен Қазақстан» газетінің №90-93 (25939) 12 наурыз, 2010 жылғы санында Күмісжан Байжан «Тарих ақиқатын айтады» мақаласында Саймасай

Үшкемпірұлына туған жерінде мемориалды кешен ашылғаны туралы жариялайды. Мақалада “Болар бала бесі­гін­де бұл­қы­нар” деген хал­қы­мыздың дана­лы­ғы Саймасай болыс­тың өмірімен және ең­бегімен те­рең­дей та­нысқан сай­ын еске тү­седі. Өйт­кені, өт­кен­нің келеңсіздігіне тө­реші болған тарих ақиқатын айтып, тұлға есімінің елі­мен қайта қауыш­қаны тәуелсіздігіміздің нәтижесі, “өлге­німіз тіріліп, өш­ке­німіздің жан­ға­ны” десе болады. Елі үшін еңіреп өт­кен тұлғаларды кеңестік кезеңде құбыжық етіп, кері ұғымда тәрбие­ле­геннің сал­дары­нан талай-талай асыл­дары­мызды жоғалтып, жер сипап қала жаздағанымыз ащы болса да шын­дық. Солардың бірі – Саймасай болыс.

Саймасайдың әкесі Үшкемпір Алтыұлы баласының алғырлығы мен зеректігін байқап, Верный қа­ла­сында ашылған орыс гимна­зия­сына оқуға береді. Әке үмітін ақ­та­ған талапты жас оқуын үздік біті­реді. Сол кездегі уақыт ағымымен 1880 жылы ел арасында қарқын алған болыс сайлауына түсіп, 18 жа­сында ел билігіне араласып, тіз­гінді қолына алады. Содан 24 жыл осы өңірдегі ел арасында кездескен күрделі мәселелер – атамекендегі жер-су, күздеу мен жайлау, қыс­тауға қатысты көршілес елдермен арадағы дау-дамайды шешуде байыпты көзқарасы мен білікті­лі­гін, ақылдылығы мен мәмілегер­лігін танытқанын енді біліп, өткеннің жаңа парағын ашудамыз.

Жетісу өңірінің малға да, жанға да жайлы, шұрайлы мекендері – Ойжайлау мен Дөңжайлауды өзге­лердің билеп-төстеуіне жол бермей, бүгінгі ұрпаққа мұра ғып қалдыру үшін Верныйдағы оязбен, тағы басқа көз аларт­қан­дармен ортақ мәмі­ле­ге келуі баба­мыз­дың тапқырлығы мен әділ би екендігін дә­лелдейді.

Тарихтың жібек жібін үзбей, бүгінгі ұрпаққа ама­нат­­та­ған­дар көңілі шат, кө­кі­регі қазына қариялар дейтін бол­­сақ, бізге жет­кені – Саймасай болыс ірі тұлғалы, бидай өңді, са­быр­лы кейіптегі жан екен. Баба жай­лы ел ара­сын­да ке­зін­де-ақ жақ­сы пікір қалып­тас­қан. Со­ның бірі – “Бал­дай тәтті сөзі мен ақылдылығы ар­қа­сында сәуірдің бұл­тын Алатауға әке­ліп, құлындатқан қа­сиетті жан”, де­гені­нің өзі жақ­сы­ның аты – тарих­тың хаты де­ген­ге келеді.

Қай заманда, қай кезде адам пенде­ші­лік­тен ада-күде арыл­ған? Көреалмау­шы­лық, түсінбестік талай-талай жақ­сылардың “пе­ше­не­сіне” бұйыр­ған ғой. Осындай жай­лардың салдары­нан болар, ояз­бен де, басқа билік басындағы­лар­мен де тең тұрып, өз пікірін өткізетін Саймасайды бақталастары 1904 жылғы күзде 42 жасында Түрген шатқалының Қа­раш деген жерінде оққа ұшырады.

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің “Қараш-Қараш”, егемен еліміздің қайсар қаламгері Шерхан Мұртаза­ның “Қызыл жебесіндегі” кейіп­кер­лердің (Саймасай, Жарасбай) “Қа­раш-Қараш” тауында оққа ұшуы­ның дерексіз еместігін көреміз. Ба­ба­ның ұрпақтары оны Құлжа тас жолынан төмен Қойшыбек ауы­лын­дағы Қанымсайдың бойындағы жүрек­шеге жерлеп, басына бағалы тастан белгі қояды. Кейіннен ол қолды болады. Алайда, ұлысы мен әруағын қадірлеген көпшілік ары-бері өткенде аялдап, тәу етіп, құран-дұға бағыштап, ұмытпаған. Осы­лай­ша, Саймасай болыс ұрпақ­тары­ның ғана емес, жалпы көп­ші­лік­тің тілегімен егемендігіміздің ар­қа­сында 2002 жылы Александровка ауылына есімі беріліп, осы аймақ Саймасай ауылдық аймағы деп аталғаны жазылған.

Ал Жаңашар ауылындағы бір көшеге Саймасай есімінің берілуіне болыстың ұрпақтары себепкер болған екен. Бұрынғы «Комсомольская» аталған көшені бабаларының 100 жылдығына орай оның игі істері туралы деректер жинақтап, көшеге есімін беруге ұсыныс жасаған екен. Содан бері бұл көше «Саймасай көшесі» деп аталған.

Сонымен қатар, біз Іле Алатауындағы шыңдар мен мұздықтар туралы мәлімет жинақтағанда «Дмитриев шыңының» бар екенін анықтадық.

Қорытынды бөлім

Елбасымыз «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасында «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі» деп айтқан сөзін жүзеге асыру мақсатында осы жобаны қолға алдық. Мемлекет  қайраткерінің есімімен аталатын Т.Рысқұлов мектебіің оқушысы ретінде  Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романын зерттеп шықтық. Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романындағы кейіпкерлердің жүріп өткен жерлерінің қазіргі күнмен сәйкестігі және романдағы кейіпкерлердің есімдерімен елді мекендерге берілген атаулардың себебін анықтап, туған жердегі тарихи ескерткіштермен, тарихи тұлғалардың есімдерін ел есінде қалуын жөн  көрдік. Зерттеу қорытындысы бойынша шығарманың басты кейіпкері Тұрар Рысқұловтың әкесі Рысқұл Жылқайдаровтың  өмірі мен басынан кешекен оқиғаларымен байланысты кейбір жер-су атауларының  қазіргі күнде картаға түспеуі немесе басқа да себептермен аталмай қалуының куәсі болдық. Шығармада  орыстың ғалымы атап кеткен «Рысқұл алқабын» картаға түспегенін анықтадық. Дегенмен сол алқаптың бар екені дәлелденді. Сондықтан Есік көлінің жоғары бойындағы алқапты «Рысқұл алқабы» деп атаса деген ұсыныс айтар едік. Себебі Рысқұл Жылқайдаровтай адам болмаса Тұрардай қоғам қайраткері, елді ашаршылықтан алып қалған бір туар азамат болмас еді деген пікірге келдік. Cонымен бірге, Рысқұл жүріп өткен жерлердегі жер-су, тау шыңдарының кейбіреулері картаға түспегенін анықтадық.

Зерттеу қорытындысы бойынша шығармадағы ұнамсыз кейіпкер ретінде берілген Саймасай болыстың есімі не себепті жер-су атауларына берілгенін зерттей келе, оның да жақсы қасиеттері, елге сіңген еңбегінің орасан екенін білдік.

You May Also Like

Жануарлар әлемі- кірпілер тіршілігі, ғылыми жоба

Тақырыбы: Жануарлар әлемі- кірпілер тіршілігі Бағыты: биология Мазмұны Кіріспе. Негізгі бөлім. 1.1.Кірпінің…

Туған жерім-Жылыбұлақ, ғылыми жоба

Ғылыми жобаның тақырыбы: « Туған жерім-Жылыбұлақ» Ғылыми жобаның бағыты:Тарих өлкетану Ғылыми жобаның…

Аңызға айналған Ақша батыр, ғылыми жоба

«Аңызға айналған Ақша батыр» Мазмұны: І.Кіріспе. ІІ.Зерттеу бөлімі. Батырдың өмірі мен ерлік…

ШУДЫҢ АДАМ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ЗИЯНЫ, ғылыми жоба слайд