«Мамандығым – мәртебем!»

«Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға», – деп Абай атамыз жырлаған қызығы мен қиындығы мол ұстаздық мамандықтың иесімін.

Ұстаздық – өмірдегі көп мамандықтардың ішіндегі білімділікті, мейірім-ділікті, жалықпай ізденуді, талмай еңбектенуді қажет ететін мамандық.

Себебі, біріншіден, мұғалім ғылым негіздерінен білім беретін, екіншіден, шәкіртінің тағдырына басшылық ететін адам.

ХХІ ғасыр ұстазышәкіртке ғылым негіздерін үйретіп, білім беріп қана қоймай, дүниежүзілік бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу керек.

Ұстаз атанып, шәкірттерінің ықыласы мен құрметіне бөлену, мамандығын құрметтеу – әрбір мұғалімнің міндеті. Ұстаз – өз кәсібін, шәкірттерін, ұжымын шексіз сүйетін адам. Міне, осы талаптарға жауап берген адам сан мыңдаған шәкірттерге мәңгі ұстаз болып қала береді.

Мұғалім мәртебесі қандай болмақ?Ұстаз өнегелі ісімен, сыпайы қылығымен, мәдениетті сөзімен, шебер сөз саптауымен, әдепті жүріс – тұрысымен шәкіртіне де, ата – анаға да, жалпы жұртшылыққа үлгі болуға тиісті.

Білім беру жүйесіндегі өзгерістер ұстаздарға кәсіби икемділікті, шығармашы-лықты, ұйымдастырушылықты қажет етеді.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты – саяси экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан – жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру»,- деген тұжырым жасады.

ХХІ ғасыр ұстазына тән қасиет – рухани күш – жігері мықты, парасатты, білімді, өз ісінің  майталманы болу.

Мұғалім шеберлігі туралы жазылған дайын ереже жоқ, болуы мүмкін емес. Мұғалім бойына тән бірінші қасиет – баланы құрметтеу. Оның бойына адамгершілік нұрын сеуіп, намысын, тұлғасын жасына қарамай сыйлап, құрмет тұту. Сонда ғана дүниетанымы кең, үлкен жүректі ұстаз бола алады. Ұстаз сөзінің екі түрлі мағынасы бар. Бірі – пән  негіздерінен білім  беретін оқытушы да, екіншісі – шәкіртінің өмірге көзқарасын қалыптастыратын адам.

Мен 1989 жылы А.С.Пушкин атындағы  «Құрмет белгісі» орденді Орал педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, 1993 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын игеріп шықтым.

Ұстаздық мамандықты таңдап, ұстаз болуыма ықпал еткен адамдар өзімнің әкем мен анам болатын. Әкем Серікболат Закарияұлы да, анам Алуа Сатыбалды-қызы да бірнеше жыл ұстаздық қызмет атқарған еді. Бұл күнде бақилық болған ата – анам перзентінің ер жетіп, шәкірт тәрбиесіндегі еңбек жолын көре алмады. Бүгінде аяулы ата – анамның жолын қуып, іздерін жалғап, ұстаз болғанымды мақтан тұтамын.

Институтқа түсіп, студент атанып, ауылға барғанымда әкемнің қатты қуанғаны есімде. «Қызым, сенің болашағыңнан үлкен үміт күтемін. Оқуыңды жақсы оқып, сол мамандығыңның абыройлы иесі бол, жемісін көр»,- деп батасын берген – ді. Міне, содан бері ширек ғасыр өтсе де, әкемнің сөзі жадымнан өшкен емес. Әке аманатын санама сіңіре жүріп, мен өмірлік тәжірибемнен өзімді баланың екінші анасы, болашаққа жол сілтер ақылшысы екенімді түсіннім.

Осы орайда ұстаздық қызметтің қандай қиындығы болса да төзіп, еңбегімнің жемісін көруге ұмтылдым. Алдымда отырған шәкірттеріме мейірлене қарап, олардың ағаттықтарын кешіре білуге тырыстым. Ақылым мен білімім арқылы талай тентекті жусатып, еркелерді сабасына түсіріп, тәртіпке баулып, білім мен тәрбиені бойларына сіңірдім және шәкірттеріме үлгі – өнеге көрсетіп, сүйікті ұстаздары болуды мақсат еттім. Бұл қасиеттердің өзі маған білім берген ұстаздардың, ата – анамның ақыл – кеңесінен дарыды. Сондықтан әрбір шәкірт өзіне көшбасшы болған мейірімді жанды «ұстазым» деп атайды.

Ұстаздық еткен жылдарымда білімім мен тәжірибемді шәкірттеріме арнап, нәтижесінде мыңдаған жүрекке жол тауып, мәңгі ұстаз болып қалғанымды бақыт деп санаймын.

Әр шәкірт кірпіш болып қаланып, өмірде өз орнын тапса, ұстаздан шәкірт озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің жемісі деп білемін. ХХІ ғасыр шәкірттері ұлттық бәсекеге қабілетті, инновациялық технологияларды меңгерген «Мәңгілік Елдің» білімді азаматы болып қалыптасуы керек.Шәкірттерім  еліміздің түкпір – түкпірінде білім алып, әр түрлі мамандық иелері болып қызмет атқарып жүр. Менің ойымша, шәкірттердің биік тұғырдан көрінуі әрбір ұстаздың еңбегі мен мәртебесі деп білемін.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Ұстаздықтың алдына қойған міндеті өте ауқымды: білім жүйесін іштей қайта құру және сол арқылы бүкіл қоғамдағы ағарту жүйесінің  барлық аймағын өзгерту. Ұстаз өзінің адамгершілік этикалық парызын орындауға тиіс. Білімді түрлендіруде, білім беру үрдісін реформалауда  зерттеуші мұғалім жаңа формация мұғалімі ретінде орталық тұлға болып табылады. Қазіргі заман мұғалімі – рухани дамыған әрі әлеуметтік тұрғыдан есейген, педагогикалық құралдардың барлық түрлерін шебер меңгерген білікті маман, өзін – өзі әрдайым жетілдіруге ұмтылатын шығармашыл тұлға. Ол жоғары білімді шығармашыл тұлғаны қалыптастырып, дамыту үшін жауапты»,- деген болатын.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай ұстаздың мәртебесі алдымен оның кәсіби шеберлігі, оның өмірге көзқарасы, этикасы, екіншіден, өзі сабақ беретін пәнін жетік білуі, оқушының алдына терең дайындықпен баруы, үшіншіден, оқыту мен тәрбиелеудің әдіс – тәсілдерін меңгеруі арқылы жүзеге аспақ.

Міне, осы қағидаларды меңгерген мұғалім «Мәңгілік Елдің» білімді ұланын тәрбиелей алады. Таңдаған мамандығымның жемісі мен жеңісін көру де мен үшін үлкен мәртебе. Сондықтан ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арымдай таза ұстау – менің борышым.

You May Also Like

Жеңіс – қасиеттi мереке эссе

Жеңіс – қасиеттi мереке  (эссе) 1945 жылдың  9 мамыры…  Жылдан-жылға алыстап бара жатқан…

Кемпірқосақ қалай пайда болады? эссе

Эссе Тақырыбы: Кемпірқосақ қалай пайда болады? Мазмұны:                                                                                                                                                        І. Кіріспе: Кемпірқосақ – аспан…

Архимед заңы, шығарма, эссе, баяндама

Архимед заңы Архимед біздің заманымыздан бұрын 287  жылы Сицилия аралында орналасқан  Сиракуз…

Тарихқа деген дұрыс ұстаным, эссе

Тарихқа деген дұрыс ұстаным  Біз – көшпенділердің ұрпағымыз,  ат үстінде жүрген елміз…