«Жалпақ жұртыңды, исі алашыңды құрметтеу алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады.  Қазақ даласының әрбір ауылының, тау- тасы мен өзен бұлағының тарихы жазылуы тиіс».

Н.Ә.Назарбаев

«Көтібар туған заманда бес Пұсырман қатар ауыл, қоныстас болып отырса керек. Олардың ішінде Бәсен ауылы, Сәкен Саңырық ауылы жаз жайлауға бір бағытта көшіп-қонып жүреді екен. Көтібар туарда екі үйі көрші отырған. Осы баланың тууына әкесі Бәсен де, ауыл ақсақалдары да ерекшелік күткен. Себебі, Дәрібике шешеміз Көтібар атамызды көтеріп жүргенде жыланның етіне жерік болған екен. Ол туралы мынадай әңгіме бар. Шешеміз жаздың күні ошақтың басында от жағып отырса, үйілген отынның ішінен бір ірі сарыбас жылан (жабағының қазынасындай екен деп те айтады) сумаңдап шыға келіпті. Сол кезде шешеміз шімірікпестен «Ойпырмай, алла, көктен іздегенімді жерден берді ғой, көптен аңсағаным сенің етің еді»,-деп жыланды көсеумен басын қысып жіберіп, жанып жатқан отқа қақтап, түгелдей жеп алған екен. Үш күн қатарынан оянбастан  ұйықтап, үшінші күні «Ой, аллай, ұйқым да қанды, құмарып да қанды» деген екен дейді  айтушылар.

Әжеміз жүгіріп келіп, Саңырық атамызға «Шүйінші, Бәсеннің үйіндегі келін босанды», деген де «Не бала туды келін», деп сұрапты. Әжеміз «көті бар бала туды, батаңды бер» депті және белгілерін айтыпты. Саңырық әулие: «Құдай аузыңа салған екен, аты Көтібар болсын, бұл ердің ері, жігіттің  жігітті болады дегенім. Жауырынында қалы болса, дұшпаны қарсы келмес, көкжал батыр болады екен, қабағы қалың, көзі ашық болса, дүниенің төрт бұрышын тегіс көремін, өзім билеймін деп туған екен. Ал уысында бір талшық қан болса, заманында қантөгіс көп болатын шығар, мен бата берсем, қанішер, қатыгез, мейірімсіз болар, баламыз құтты болсын, аты Көтібар болсын» деп Саңырық атамыз тұжырым жасаған екен.

Көтібар өсе келе сол Саңырықтың батасын алуды армандайды. Батыр жастайынан ер тұлғалы қайратты, атқа құмар, қару жарақты игеруге өте икемді, зейінді, ақылды болып өседі. 9-10 жас шамасында, жазғытұры ел көл жағалап қонып жатқанда, ауыл ақсақалдары бір-бірімен табысып, шұрқырасып, ауыл жағалап, «Қоныс жайлы болсын» айтып жатады. Сол кезеңде қасында бір топ адамдары бар Саңырық атамыз да ауыл аралап жүрсе керек. Қайыбын тапқан Көтібар бір үлкен дуадақты садақпен атып алып, бөркін көзіне баса киіп, шауып келіп, Саңырық атаның қанжығасына байлай салып «Ата, батаңды бер» – деп Саңырықтың батасын алады. Қолды қайрып салып, сақалын бір сипап, әулие Көтібардың бетіне қарап «Мынау қай бала?» деп сұрапты. «Бұл Бәсеннің Көтібары ғой» депті қасындағылар. «Ой  батамды бермеспін деп жүр едім, қапыда алдың, алсаң да халқыңа қайырымды бол» деп ризасын білдіріпті.

Көтібар Саңырықтың батасын алағанда, сол алақанын төмен, оң алақанын жоғары жайыпты.  «Неге, екі алақаныңды бірдей оңынан жаймадың?» дегенде, «Сол алақаныңда қан уыстап тудың деп, батасын  туғанымда бермепті, әулиенің әруағына адал болғым келеді. Саңырықтың бір алақанға берген батасы да бір кісінің өміріне кетеді»  деген екен. Сол батаның нұрлы шапағаты дарыған Көтібар атамыз ұзақ өмір жасап, бақытты өмір сүрген»,-деп жазады.

Мұрағат деректеріне қарағанда Көтібар 1787 жылдың жазында 800-ден аса өзінің жасақтарымен Сырымның қозғалысына қосылып, көтерілістің аяғына дейін қатысады, тіпті одан кейін патша өкіметіне қарсылығын тоқтатпайды. Тарихи деректерде көрсетілгендей, 1797 жылы 26 наурызда Есімнің ордасын талқандап, өзін өлтіретін Сырым тобының ішінде Көтібар мен Арсытан да болған. Осы оқиғадан кейін Сырым қуғынға түсіп, жағдайы нашарлайды. Осы кезде ол Арсытан мен Көтібардың көмегімен Хиуаға өтіп кетеді.

Қазақстандағы белгілі азаттық  қозғалыстарының бірі-Жоламан Тіленшіұлы бастаған көтеріліс. Оның да басты себебі қазақтардың қонысының тарылуы, елдің жағдайының нашарлауы болды. Бұл көтерілістің де басты ұйымдастырушыларының бірі Көтібар болғандығыны тарихи құжаттар айқындайды. Мысалы, 1823 жылы 3 қыркүйекте Жоламан Тіленшіұлы Орынборды әскери губернаторы П.К.ССенге Елек пен Жайық арасындағы қазақ жерлерін өз иелеріне қайтаруды сұрап хат жазған. Онда былай делінген: «Әбілқайыр ханның тұсында қазақтарға Оралдың арғы жағындағы шабындықтарды пайдалану және өзеннің жартысынан балық аулау еркіндігі беріліп еді, 1810 жылға дейін қазақтар бұл еркіндікті кедергісіз пайдаланды, ал кейін Ресей Елек өзенін алып, ірі бекіністер тұрғызып, бұрын берілген жерлерді пайдалануымызға тыйым салды. Ал біз болсақ, орманы, суы жоқ иен далада көптеген ауылдарымызбен мұқтаждық көріп отырмыз».

Көтібар тек Кіші жүз батырлары ғана емес, көршілес Орта жүздің озық ойлы зиялылармен пікірлес, үзенгілес болған. Мысалы, артына көптеген асыл мұралар қалдырған ақын Сегіз сері Шекті еліне келіп, Көтібардың ауылында болып, «Айман-Шолпан», «Қыз Жібек» жырларын шығарған.

Көтібардың алты ұлыЕсет,  Дәрібай, Сарбөпе, Матай, Шынтемір, Сатай

Бірінші дерек: Көтібар Орынбор жағынан Бершүгір тауына қарай келе жатқанда Жаңғасқа батырдың қолымен кездесіп, шайқаста қаза табады.

Екінші дерек: Көтібар батырды Ор өзені бойындағы Жағалбайлы Жаңғасқа батырдың ауылында өзіне арнап тігілген ақ ордада жалғыз ұйықтап жатқанда патша әкімдерінің екі жалдамалы жендеттері шауып өлтіреді.

Үшінші дерек: Көтібар батыр 1833 жылы патшалық әкімшіліктің Жағалбайлы Шекті арасында арандату саясатының құрбаны болып қыркүйектің 23 і күні қаза болды.

Төртінші дерек: ел аузындағы дерек. Күздің суығында 1833 жылы патша өкіметінің арандауының құрбаны болған.

Әруаққа бас ию

Бабалар әруақты қайратты күш,

Тындырған заманында айбатты іс,

Халқының азаттығын арман етірп,

Тынбаған найза салып, қайрап қылыш.

 

Заманның тартып талай тақсіретін,

Халықтың көтеріскен қасіретін.

Кең байтақ қазақ жерін қорғап қалған,

Дұшпанның кеудесінен басып өтіп.

 

Ұрандап «Бақтыбайлап» ту ұстаған,

Қаһарынан жаулардың ығыспаған.

Қасиетті әулием, қайран бабам,

Ерлігің сенің бүгін ырыс маған.

 

Қалдырған ұрпағыма бата-бағым,

Әруағыма айнлдың аталарым.

Сендер берген мынау азат дүниеде,

Қалайша мен тып-тыныш жата аламын,

«Айман-Шолпан» жырын көріп сахнадан,

Жиналды дүйім қауым, жақын адам.

Бәрі де қолын соғып тілек айтты,

«Өлмесін деп мәңгіге батыр атам».

Ақжарқын Кәрібекова

Қатардан асқан қарттарым.

(Көтібар Бәсенұлына)

Көтібар бабам! Өз заманының серісі,

Кейінгілерге аңыз боп жеткен ер ісің,

Ақылыңмен де, қайратыңмен де қорғадың,

Ата-Қазақтың қонысы менен өрісін.

 

Қаһармандықпен, мұратты жолдан аумадың,

Қартайған шақта, мерт етіп кетті жауларың.

Бәсеннен өрген, бұтақтарыңды жыр етті,

Бүгінгі тұяқ-Алыбайұлы Тауманың.

 

Патша мен ханға бас имей өткен батырсың,

Парасатыңмен, бір тайпа елге татырсың.

Тіршілік-ісің, күреспен өткен есіл ер,

Тынығып мәңгі, Көктөбе белде жатырсың.

 

Ерлік дәстүрің тарихтан тапты жалғасын,

Есет-перзентің артыңда тірі қалғасын.

Ер ұрпақтарың: Ерназар, Бекет, Қарағұл,

Еңіреп өтті халық ұлдары болғасын.

 

Сенеміз шексіз болашағыма Барытсай,

Сүйсінте бергей, азаматтарым арыстай.

Кең пейіл елдің келешегі де киелі,

Көтібар бабам! Өзіндік асыл намыстай.

Зиядин Әбдуәлиев.

You May Also Like

Қағаздан жасалған раушан гүлі

Өте әдемі әрі сондай шынайы көрінетін көктемгі бұл безендіру үйіңіз бен дастарқаныңыздың…

I believe in today’s youth

I  believe in  today’s youth Aluova Gulanar Aktobe humanitarian college Аннотоция  Бұл…

Іс-әрекетті ұйымдастыру мен мінез-құлық тәжірибесін қалыптастырудың әдістері

Іс-әрекетті ұйымдастыру мен мінез-құлык тәжірибесін қалыптастырудың әдістері. Әдет, мінез-құлықтың белгілі бір түрі…

Сәбіз қосылган езбе сорпа

Сәбіз қосылган езбе сорпа Қажетті өнімдер: 400 г сәбіз, 2 ас қасық…