Исатай мен Махамбет.
Азаттық көшін бастаған ерлер
Тәуелсіздікпен бірге қайта жаңғырған бүгінгі қазақ елі бабалар рухына құрмет көрсетіп, тағзым етуді елдігінің белгісі деп біледі. Себебі қазақ халқы үшін бір тектен тараған бауырының қиындықты бастан өткеруі ар мен намысқа сын болған. Рухани байлықты, мәдениетті жоғары бағалаған халық арасында ел мүддесін басты мақсат санап талай батыр азаматтар құрбан болған.Сондай азаттық үшін арпалысқан арыстардың бірегейлері, Исатай мен Махамбет – бүгінгі тәуелсіз еліміздің төл тарихындағы тұғырлы тұлғалар. Қанатынан дауыл есетін қос қырандай жауға тиген Исатай мен Махамбеттің есімдерін ел ардақтайды, құрмет тұтады.
Даланың ержүрек ұлдары бастаған 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтеріліс – Кіші жүздің патша үкіметіне қарсы шыққан ең үлкен бас көтеруі болып тарих парақтарында қалды.Жер мәселесі, жайылымның тарлығы, орыс империясының қазақ хандығын жою мақсатындағы іс-қимылдары, сондай-ақ Жәңгір ханның жерді туған-туыстарына бөліп беруі мен ел билігінде қайын атасы Қарауылқожаға үстемдік берген астамшылық әрекеттері көтерілістің тууына себепші болды. Сонау ХІХ ғасырдың өзінде-ақ азаттық пен бостандықты аңсаған халық батырлары үстем таптың жүргізіп отырған саясатына өзіндік қарсылықтарын білдіріп, атқа қонып, жорыққа шықты.Әрқайсысы да ерлігін сипаттағанда сөз шеберлігі жетпейтін алып тұлғалар. Әрбірінің өмір жолы елі мен жерінің бодандығы үшін күрес жолына арналды.
Исатай жасынан аң аулап, құс атты, асау сәйгүліктерді үйретіп, қорқу дегеннің не екенін білмейтін батыл да қайсар, өжет болып өсті. Әділетсіздікке, зорлық, қорлыққа жанытөзбейтін.
Еділ мен Жайық арасындағы бұрынғы ішкі Орданың ханы Бөкейұлы Жәңгір патша өкіметіне сүйеніп, өз қарамағындағы кедей шаруаларды қанады. Оларға әр түрлі алым-салық салды, малдарын тартып алып, аш-жалаңаш халге жеткізді. Ханның жауыздығы мен халыққа жасаған зорлық-зомбылығын айтып, патша өкіметіне шағым еткенімен, олар әділдікті таба алмады, патша Жәңгір ханды жақтады.
Әділетсіздік пен қанауға төзе алмаған Ішкі Орданың шаруа қазақтары 1836 жылы көктем шыға Жәңгір ханға, патша өкіметіне қарсы көтеріліске шықты. Бұл шаруалар көтерілісін Исатай батыр басқарды. Ол елдегі ең беделді батырлардың бірі, әрі алдына келгендердің талап-тілегін әділ шешетін турашылдығымен аты шыққан еді.
Исатайдың туының астына жиналған көтерілісші сарбаздар ханға арқа сүйеген байлар мен билердің кедей шаруалардан тартып алған малдарын иелеріне қайтарып берді.
Исатай Тайманұлы мен оның серігі, батыр әрі жалынды ақын Махамбет Өтемісұлының соңына ерген халық әділдік, теңдік барына көздері жетті. Көтеріліс өрістей келе сол жылы тамыз айында Исатай мен Махамбеттің сарбаздары хан ордасын қоршауға алады. Көтерілісшілер Ордада патша өкіметінің ханды қорғауға бөлінген екі жүздей атты әскері мен ханның жасауылдарын, орданы, ханды, оның қасындағы жауыз билерін жойып жіберулеріне мүмкіндіктері болды. Бірақ Исатай батыр ондай батыл қимылға бармады, өйткені Жәңгір хан әлі де болса халықтың талап-тілегін орындайды, зорлық-зомбылық жасауын қояды деген сенімде еді. Жәңгірдің орнына басқа жақсы хан қойса, елдің жағдайы өзгереді деп ойлады.
Көтерілісшілердің талабын орындауға Жәңгір хан он күн мұрсат беруін сұрайды. Хан уақытты ұтып, осы берілген мерзім ішінде Орынбор, Орал, Астрахань қалаларына ат шаптырып, олардан көп әскер алдырып үлгерді. Оларда мылтық, зеңбірек сияқты қарулар болды, ал Исатайдың сарбаздарының қаруы садақ, найза, қылыш, шоқпар ғана. Күш тең емес еді. Сондықтан сарбаздар патша әскеріне төтеп бере алмады, жеңіліп қалды. Ең үлкен, шешуші ұрыс 1837 жылы қазанда Тастөбе деген жерде болды.
Зеңбірекпен атқылаған патша әскері көтерілісші сарбаздарды аяусыз қырып салды. Исатаймен Махамбет аз ғана жолдастарымен аман қалды.
Патша әскерімен қаша ұрыс салған Исатайдың шағын жасағы осы жылдың желтоқсан айында мұз үстімен Жайықтың бергі бетіне өтіп кетті. Ондағы ойлары – осы жақта қытап шығып, халықты ханға қарсы көтеру еді.
Исатай Тайманұлы мен оның сарбаздары ойларын жүзеге асыра алмады. 1838 жылы тамыз айында патша әскері Ойыл өзенінің маңындағы Ақбұлақ деген жерде Исатай сарбаздарын жеңіліске ұшыратты. Осы ұрыста Исатай батыр ерлікпен қаза тапты. Исатай есімі ел есінде мәңгі сақталады. Өйткені, ол қарапайым халыққа теңдік әперу үшін күрескен еді.
Ал Махамбет – ұлы даланың өр мінезді перзенті, батырлық пен ақындықты, қайсар рух пен зорлыққа қарсы үн көтеріп, азаттық, бостандық, теңдік туын желбіретті, әділетсіздікке қарсы өліспей беріспеу идеясының нағыз жаршысы.Ақын жастайынан ақындық өнерге кұмартып өсті. Асқан дарындылығына қалың жұртшылық бас иген. Махамбет тек от ауызды сөз шебері ретінде ғана ел кұрметіне бөленген жоқ, сонымен бірге, өзінің батырлығы, даналығы мен адамгершілігі арқасында да даңққа бөленді. Ол халық арасында болып жататын келеңсіз кұбылыстар мен келелі істерді өлеңдеріне арқау еткен.
Есімі қалың жұртшылыққа таныла бастаған асқақ ақынды Жәңгір хан өз еркіне көндіріп, билік басында отырғандарға қарсы өлеңдер шығаруына тыйым салғысы келеді. Алайда көзі ашық, көкірегі ояу ақын оның бұйрығына мойын ұсынбады.
Махамбеттің басқа ақындарда кездеспейтін тек өз басына ғана тән ерекше бір қасиеті мынада: басқа ақындар хан-сұлтандарды мінегенде, халыққа істеген қиянатын айтқанда, бетіне тура келіп айта алмаған, көбі сырттай мінеп-сынаған. Махамбет хан-сұлтандарды өз сарайының, өз үйінің төрінде қаймықпастан айтқан.
Табиғат бір Махамбеттің басына батырлықты да, ақындықты да аямай бере салған. Есіл ер қарсыласқан жауымен сарт та сұрт айқасып қалғанда найзасымен іліп түскен, тілімен тіліп түскен, семсерімен ойып жіберген, сөзімен сойып жіберген. Махамбет өзгеде жоқ та, өзінде ғана бар осы құдіретті қасиетімен батырлар тарихында да, ақындар тарихында да жарық жұлдыздай жарқырап жеке тұратын теңдесі жоқ дара да дана тұлға!
Махамбет поэзиясы ерлік, батырлық поэзиямыздың заңды жалғасы, барынша мықты дамыған түрі деуіміз керек. Махамбет ақындығы – жорық үстінде, ат жалында, күрес, майдан сахнасында өскен, шыныққан, күшейген ақындық.
Анықтап қарасақ, Махамбет жетіскеннен ақын болайын демеген секілді. «Қара қазан, сары баланың қамы үшін» қолына қалам немесе домбыра алмай, найза мен қылыш ұстап, «мұздай темір құрсанып», «Қу толағай жастанып», «Садағына сары шіркей үймелеп», «түн қатып жүріп түс қашқан» жағдайда іштегі ызасы мен кегін, өксігі мен арманын айту үшін амалсыз ақын болған секілді көрінеді. Ол өлеңді «бес қарудың бірі» – деп ұғады.
Махамбет жырлары түгелдей Исатай Тайманов бастаған халық көтерілісі (1836-1837) тарихымен тығыз байланысты екені мәлім. Сырт қарағанда, Жәңгір ханның үстемдігіне қарсы ұйымдастырылған сияқты көрінгенімен, бұл көтеріліс, түптеп келгенде, патшаның отарлаушылық саясатына қарсы бағытталған болатын. Оны кезінде Халел Досмұханбетов ашық айтқан: «Қазақтың хандығы ресми түрде ХІХ ғасырдың ортасына дейін созылса да, шынында Әбілхайырдан бастап қазақ хандары патша үкіметінің қолында ойыншық болды. Сондықтан 1731 жылдан бергі Кіші жүздің ханға болсын, сұлтандарға болсын, орысқа болсын көтерілістерінің бәрін патша үкіметіне қарсы көтерілістер деп атау керек» деп жазған ол.
Махамбет жырлары – осы көтерілістің үні, ұраны. Ол – сөзсіз қазақ әдебиетіндегі отаршылдыққа қарсы күрес жырларының ең жарқын беттері. Махамбет трагедиясы – дәл сол замандағы қазақ трагедиясы, бодандық, бағынышты қайрансыздық, елдің бақытсыздық поэзиясы.
Мұнда көтерілістің мақсат-мұраты, оған араласатын ерлердің қандай болуы керектігі, соғыс суреттері, Исатайдың батырлығы оны жоқтауға арналған жырлар, ақынның өз жайы, көңіл-күйіне байланысты өлеңдер жалғасып, көтеріліс тарихын тұтас күйінде көркем бейнелейді. Махамбет ақын ғана емес, көтерілісті бірге ұйымдастырысқан, жорықта ірі қайрат көрсеткен Исатайдың серігі, атақты батыр. Ол – ат үстінде туған жауынгер жырларымен күрескерлерге рух берген, тыңдаушысын қыздырып, еліктіріп алып кете алатын өнер иесі.
Махамбет ой толғап, ақылгөйсіп отыратын мезгілдің өтіп кеткенін, ендігі іске күрес адамы, нағыз ер керектігін жария етті. Ондай ерлердің «ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай, еңку-еңку жер шалмай…, тебінгі терге шірімей, терлігі майдай ерімей» ісі бітпейтінін айтады. Исатай екеуі бастаған көтерілістің ауырлығын түсінген ол жұртты тік көтеріп, «біздің бүйткен бұл іске», «толарсақтан саз кешіп, тоқтамай тартып шығатын, Қас үлектен туған қатепті қара нар керек, қабырғасын қаусатып, бір-біріндеп сөксе де, қабағын шытпас ер керек» деп ұрандады. Заман мен адам арасындағы қайшылықты тек күреспен шешуге болады деп пайымдады. Елге теңдік әперу, азаттыққа, еркіндікке қол жеткізу – оның арманы болды. «Еділдің бойы ен тоғай, Ел қондырсам деп едім, Жағалай жатқан сол елге мал толтырсам деп едім» деген жолдар оның күрескерлік мұратын танытады. Ол халыққа қызмет ету өлшемін осы жолдан іздеді.
Осылайша, өр рухты батырларымыз жадымызда біздің аңсап жеткен тәуелсіздігімізге қол жеткізу жолында жанын оққа тосқан, әрқашан есте сақтап, еске алатын ұлы бабаларымыз, үлгі алар тұлғалар болып қалды.
«Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуі тиіс», -деп президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткендей, ел болып, өз тұғырымызды биіктету жолында тарихымызды жаңғырту аса үлкен, маңызды рөл атқармақ. Себебі өткенін білмеген болашағын болжап, жоспар құра алмайды.
Биыл – халық батыры Исатай Тайманұлының туғанына 230 жыл. Ел азаттығы жолында қол бастаған даңқты тұлғаның мерейтойы тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Яғни, тәуелсіздікке қол жеткізу үшін қасық қаны қалғанша күрескен даңқты еріміз бен сол тәуелсіздікке жеткен жылдың тоғысуы – еліміз үшін атаулы мереке. Ал келер 2023 жылы Исатайдай батырдың тұлғасын жыр еткен Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығы.
Есімі ел есінде жатталған батырларды ұлықтау мақсатында бүгінде зерттеулер жүргізіліп, Ақтөбе облысы, Қобда ауданында Исатай батырдың кесенесі бой көтерді. Сонымен қатар Исатай батыр атында аудан, елді мекен, мектептер мен көшелер бар. Оралда, Аққыстауда, Махамбетте, Қобдада ескерткіштері тұрғызылған, ал Нұр-Сұлтан және Орал қалаларында Махамбет Өтемісұлы атындағы жоғарғы оқу орны мен оқушылар сарайы бой көтерген. Бұл да – тәуелсіздіктің арқасында қол жеткен елдік маңызы зор жетістік.