Қазақтың халық шығармашылығы – бала тәрбиесінің құралы.

Тәрбиенің қалыптасып дамуында халық шығармашылығы орасан зор рөл атқарады. Халық шығармашылығына ауызекі поэтикалық, музыкалық, сәндік – қолданбалы өнер түрлері енеді. Онда қайырымдылық, мейірімділік, ізеттілік, инабаттылық, бауырмалдық, туыстық, достық, жолдастық сезім, туған жерге, елге сүйіспеншілік, ұлттық намыс, ата-баба дәстүріне сыйластық көзқарас, ұлттық өнерді құрметтеу, сақтау, отансүйгіштік сынды құнды адамгершілік қасиеттер дәріптеледі. Жеткіншектердің жеке тұлға болып қалыптасуына тікелей ықпал еткен тәрбиенің негізгі құралдары – халық шығармашылығы, қазақ даласының ойшылдары мен ақын-жырауларының шығармашылығының тәлімдік-тағылымдық мәні.

Балаларға тәрбие беруде мақал-мәтелдердің де орны еркеше болған. Мақалдап сөйлеу маңызды қасиет саналады.

Орыстың педагогі К.Д.Ушинский мақал-мәтелдерді балалардың тәрбиесі мен жеке адамның қалыптасуындағы ғасырлық тәжірбиесін қорытындылаушы нағыз халықтың педагогикасы деп санады. К.Д.Ушинскийдің бейнелі сөзімен айтқанда, балалар тәрбиесі саласындағы мақал-мәтелдер, сондай-ақ басқа да қанатты нақыл сөздердің інжу-маржандарында халықтың даналығы, байқампаздығы, оның бала тәрбиесіндегі үлкен өмірлік тәжірбиесі, еңбекке деген көзқарасы, үміті мен арманы, мүддесі қалыптасып сақталған.

Мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерден әр ғасырдың адамдары ғибрат алған, көпшілік ақын-жырау, шешендердің, ағартаушы-педпгогтердің шығармаларына арқау болып, көрік берген. «Көп ішінде сөйлеген – көсемдіктің белгісі, көпке сөзі ұнаған – шешендіктің өнердің қалыптасуына ықпалын тигізетінін бала кезден санаға сіңіре берген. Орнын тауып сөйлеуді маңызды қасиет деп түсіндірген.

Мақал-мәтелге сөйлеу мәдениетінің бір көрсеткіші ретінде қарап, биік талаптар қойған. « Мақал – сөздің мәйегі» деп, айтылар ой-пікірдің әрі қысқа, әрі нұсқа болуын, мақал адамның тіл байлығын, сөздік қорын, ақылын, ой-өрісін, сөйлеу мәдениетінің көрсеткіші екенін ескертеді. «Сөздің көркі – мақал», «Мағынасыз сөз болмайды, мақалсыз ел болмайды», «Делдал малдың базарын келтіреді», «Жіптің ұзыны жақсы, сөздің қысқасы жақсы», «Сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады», «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле» деп айтылар ой-пікірдің әрі қысқа, әрі нұсқа болуын, мақал адамның тіл байлығын, сөздік қорын, ақылын, ой-өрісін, сөйлеу мәдениетін байқататынын ескертеді.

«Саны бардың мәні бар», «Есепсіз дүние жоқ» деген мәтелдер арқылы жас жеткіншектерді сан ілімін меңгеріп, оны үйренуге, оған үлкен жакапкершілікпен қарап, есептің өмірдегі мәнін дұрыс түсінуге шақырған.

«Жалғаймын деп үзіп алма, түзеймін деп бұзып алма», «Кийм пішсең кең піш, тарылтуың оңай», «Жеті рет өлшеп, бір рет кес», «Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме», «Түйенің үлкені көпірден таяқ жер», «Керек тастың ауырлығы жоқ», «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда», т.б. мақалдар баланы әрбір қадамын ойланып жасауға шақырады.

Халық мақалдарының тақырыбы орасан көп. Оның бәрін қамтып шығу мүмкін емес. Алайда шолудың өзі-ақ мақал-мәтелдердің бала тәрбиесіндегі жетекші рөл атқарғандығын дәлелдейді. «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Аз сөз – алтын, көп сөз – көмір», «Білімдінің сөзі жібктей, білімсіздің сөзі білектей», «Аузы жаман – ел былғайды, аяғы жаман – төр былғайды», «Жақсы сөз жан семіртер», «Жылы-жылы сөйлесең, жылан да інінен шығады», «Сөйлей білмеген өзін-өзі қор етер», «Сөз тапқанға қолқа жоқ», «Жақсы байқап сөйлер, жаман шайқап сөйлер», «Орынсыз сөз өзіңе тиер», «Ердің өзіне қарама, сөзіне қара», «Жақсының сөзі ақыл шақырады», «Көңіл көзін сөз ашар, сөйлемес кір басар» деп халық даналығы жас жеткіншектерді сөз мәдениетін меңгеріп, оны қадірлей білуге, оған үлкен жауапкершілікпен қарап, орынды, әсерлі, бейнелі сөйлеуге шақырады, басқаны да мұқият ілтипатпен тыңдауға, өзінің айналасындағыларға мейірімді, кішіпейіл, ізетті болуға, жақсы мен жаманды, қас пен досты, сұлулық пен ұсқынсыздықты айыра білуге баулиды. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» екенін ескере отырып, «Көп ішінде сөйлеген – көсемдіктің белгісі» деп, сөз мәдениетін меңгеру шешендік өнердің қалыптасуына ықпалын тигізетінін ұрпақ санасына бала кезден сіңіре берген.

Сонымен бірге әр нәрсенің шегін білуді, орнын тауып сөйлеуді өте маңызды қасиетретінде бағалаған. Бұған «Байлауы жоқ шешеннен, үндемеген есті артық, бәйге алмаған жүйріктен, белі жуан бесті артық», «Бір сом беріп айтқызып, мың сом беріп қойғыза алмадым», «Бояушы, бояйшы дегенге, сақалын бояйды» деген мақал-мәтелдер дәлел бола алады.

Ақыл-ой, мәдениет, өнер деңгейі білімге байланысты екенін ескерткен.

«Ағаш көркі – жапырақ, адам көркі – шүберек», «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді», «Жылтырағанның бәрі алтын емес» деген мақал-мәтелдер арқылы адамның сырт келбетінің, киім киісі мен жүріс-тұрысының дұрыс болуын ескерткен. Халық тағылымдық мақал-мәтелдерге де көп мән берген. Оларда ерекшелеп айтылатын ой мақтау сөзбен ғана шектелмейді. «Жақсы қыз – жағадағы құндыз, жақсы жігіт – көктегі жұлдыз», «Жақсы – ай мен күндей, әркімге бірдей», «Жақсы – көлмен тең суы тәтті, жаман – шөлмен тең желі қатты», «Ай десе аузы, күн десе көзі» деген небір әдемә теңеулермен жоғары бағалайды.

Мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер, орайын тауып қолданса, шығарманың да шырайын кіргізеді. Мәселен, Ы.Алтынсарин өзінің өлеңдерінде, ертегі, аңыз-әңгімелерінде, тіпті орыс достарына жазған хаттарында да мақал-мәтелдерге жүгініп отырған.

Ертегілер

Бала санасына тәрбиелік ықпал етуде ертегілер ерекше орын алады. Қазақ ертегілерін ең алғаш зерттеп, жинақтағандар – Ш.Уәлиханов, Г.Н.Потанин, Н.Березин, М.Көпеев, С.Сейфуллин, М.Ғабдуллин, М.Әуезов. Бұл зерттеушілердің барлығы да ертегілерді адам баласының арман-мүддесі, болашақтан күтетін үмітінен, қиялынан туған деп қарастырады. Жанрлары сан қилы (қиял-ғажайып, хайуанаттар және шыншыл ертегілер, салт, ғұрып, күлдіргі ертегі, аңыз ертегі) қазақ ертегілерінің жас ұрпақ тәрбиесіне берер өнегесі мол. Қазақ халқының ертегілері тереңдігі, шынщылдығы, тапқырлығы, әжуа-мысқылы және әлеуметтік мәні жағынан алғанда көрнекті көркем құбылыс болып табылады. Қазақтардың алғыр ойлылығын, тапқырлығын, эпикалық дастан мен ертегілерді жатқа айтып шығу және оларды ұзақ мерзім есте сақтау қабілетін өзіндік ерекшелік ретінде кезінде көптеген зерттеуші ғалымдардың атап көрсеткені белгілі. Осы қасиеттер ұрпақтан-ұрпаққа, атадан балаға беріліп отырды.

Сонымен қатар, баланың қиялын даымтуда қиял-ғажайып ертегілердің де алатын орны ерекше. Мысалы, «Керқұла атты Кендебай», «Ағаш ат» ертегілерінде алты айшылық жолды алты-ақ аттар қанатты тұлпарларды, «Ер Төстук» ертегісіндегі Саққұлақ, Желаяқ, Таусоғар, Көлтауысарларды, «көлденең жатқан көк тасты тиген тұяғы саз балшықтай иледі» деген суреттерді көз алдына елестету үшін бала өз қиялына жүгінеді.

Ертегіде суреттелген кейіпкерлердің көркемдік-поэтикалық бейнелері, парасатты істері, рухани таза жан дүниесі, арман-тілегі, сондай-ақ адамдардың рухани сұлулық пен нәзіктікке берген жоғары бағалары баланың адамгершілік қасиеттерін жетілдірудің және әдемілікке  деген қызығушылығын арттырудың құралы болады. Ертегіде адамдардың, әзіресе қыздардың сыртқы сұлулығын көрсетіп, түр-сипаты, жүріс-тұрысы ерекше әсерлі суреттеледі. Халық сыртқы сұлулықты адамның ішкі рухани байлығымен, оның ақыл-ойын моральдық қасиеттерімен: ерлік, батырлық, батылдық, ержүректілігі, патриоттық, гуманистік терең сезімімен үйлесімді болуын талап етті. Оған дәлел: «Күн астындағы Күнекей қыз», «Патша мен бүркіт», «Жігіт пен өнерлі қыз», «Ермек», т.б.

Көпшілік ертегілер балаларды адамгершілік асыл қасиеттерді меңгеруге, еңбектану арқылы өнердің бір түрін игеруге, өнер иесі болуға уағыздайды (Мәселен, «Жеті өнерпаз», «Ер Төстік», т.б.).

Халық шығармашылығында, әсіресе эпикалық дастан мен ертегілерде жекелеген құбылыстар фантастикалық бейнелермен, әсіресе көрсеткішімен, олардың мазмұныв шындығында болмыстан алынған көріністер болып табылады. Көптеген ертегілер балаларды өзінің көркемділігімен, әсемділігімен, тартымдылығымен баурап қана қоймай, олардың қиялын ұштап, қиындықты жеңуге, қиналған кезде ақылымен шешімді әрекетке баруға, зерек, тапқыр болуға итермелейді. Айналадағы әдемілікті түсіне, қызықтай, қабылдай білуге үйретеді. (Мәселен, «Қара батыр», «Ермек», «Момынбай мен жеті қарақшы», т.б.).

«Қара батыр» ертегісінде түрікпен жортушыларының қолына түскен Қара батыр деген баланың төзімділігі, ақылдығы, кішкене кезден үлкендерден естіп, көңіліне тоқығанын өмірде орынды пайдалана білуі суреттеледі. Құстарға мұңын шағып, көмек сұрауда (қарға, сауысқан, тырна, қаз, аққу, қарлығаш, т.б.) олардың өзіндік ерекшелігін, қылықтарын тауып айтуы, қарлығаш бейнесінен өзіне сенімді дос көре білуі сүйсіндіреді. «Қарлығаш ұштв аспанмен, баланың айтқан жолдарымен, асқар-асқар таулармен, айдын асқар көлдермен, батпақ-лай шөлдермен, түрлі-түрлі жерлермен, қос қанатын қамшылап, аспаннан қатер көрінсе, таза жерді жамшылап, үстінен тері тамшылап, неше мерзім жерді өтті, неше мерзім елді өтті, нақ отыз күн болғанда, бір ауылға сол жетіп» деп суреттелетін қарлығаштың қайырымдылығы мен табиғаттың әсерлі көріністері баланың ертегіні эмоционалдық сезіммен қабылдауына, көркемдік-эстетикалық талғамының дамуына әсерін тигізеді.

Сондай-ақ, әкесінің: «Ау, шырағым, құлыным, маңдайдағы тұлымым, көлге біткен құрағым, жалғыз ұлым шырағым!»; шешесінің: «Жалғыз біткен талшыбық, келбетің келген қарағым, бір дерегін білуге, д.ниені кезіп қарадым, аш бурадай жарадым, он екі мүшем сөгілді, таулардың насат тасындай, берік-ақ еді сүйегім, өрт шалғандай бүгілді. Қайда кеттің, сұңқарым, үміт еткен тұлпарым, бір көрсетіп алмады, сол ғана болды-ау іңкәрім»; қарындасының: «Наркескен деген алмастай, асыл еді негізің, бірге туған егізім, сен тұрғанда ойлаушы ем, арғымақ ат мінермін, асыл киім киермін, тең құрбымнан ілгері, мен жарқырап жүрермін, биіктен талап тілермін, ойын-күлкі сауықпен, қызық дәурен сүрермін», – деген жоқтау өлеңдерінде Қара батырдың әдемі келбеті, мінез-құлқы, жақсы қасиеттері небір тамаша теңеулермен еске түседі, орны толмас өкініш байқалады. Әке-шеше мен баланың, аға мен қарындастың арасындағы мәдени қарым-қатынасты, сыйластықты, сүйіспеншілікті, ізеттілікті көрсетеді. Өзінің тартымды мазмұндылығымен тыңдаушыларын жоғары адамгершілік белестеріне жетелейді.

Халықтың рухани үйлесімдіктегі сұлулықты дұрыс түсінуінің педагогикалық маңызы да, міне, осында болса керек. Яки, ерте сұлулықты адамгершілік ұғымымен дұрыс қабылдауға, айналадағы, ортаны эстетикалық және моральдық тұрғыда бағалай білуге тәрбиелеумен бірге, «адамның сұлулығы – ісінде» деп ескертуді де ұмытпайды. Ертегілерде суреттелген туған жер байлығы, табиғат сұлулығы мен ғажайып көріністері, адамдардың ұлы істері, ақыл парасаты, ертедегі батырлардың өз халқының бақыты үшін күресі, киген киімі, міне-құлқы, жүріс-тұрысы, пайдаланған қару-жарағы, сауыт-сайманы, мінген аты, музыкалық аспаптардың әуендері – балаларға жақсы мен жаманды айыра білуге көмектеседі.

Адамдардың (үлкен-кіші, жас-кәрі, еркек-әйел) ән айту, музыкалық аспаптарда ойнау шеберлігі мен өнердің басқа түрлерімен айналысуы да балалардың рухани сезіміне, талғамына әсерән тигізеді. Мәселен, «Есер мен есті», «Момынбай мен жеті қарақшы», «Ермек», «Ер жетімй, т.б. ертегілеріндегі қыздардың сырнайда, кемпірдің қобызда ойнауы, шалдың сыбызғыда күй тартуы, қыздардың жіп иіріп, кесте тігуі – балалар үшін үлгі тұтарлық іс.

Әрине, ертегіні мәнерлеп, нақышына келтіріп айту ертекшінің шеберлігіне, жеке басының ерекшелігіне, тіл өнеріне, сөз өнеріне, тыңдаушысының сезіміне эмоционалдық тұрғыда әсер ете білуіне байланысты. Ертекші күлдіргі, әзілқой адам болса, оның кейіпкері де күлдіргі сөз айтқыш, күлкілі жағдайларға кездескіш болады. Ертекші батырлықты, қаһармандықты сүйетін болса, ертегінің ішінде соғыс, майдан,ер сыны,, ерлік, сипаты көбірек көрсетіледі. Ертекші ойшыл, ақылгөй, дана кісі болса, оның ертегісіндегі кейіпкерлер аузында адамгершілік, жақсылық, жамандық туралы неше алуан терең ойлар, шешендік нақылдар, үлгі-өсиеттер жүреді. Ертекші өнер адамы болса, ертегіде табиғаттың әсем көрінісі, музыкалық аспаптар, ән-күй, халықтың сәндік-қолданбалы өнері туралы басымырақ сөз қозғалады. Осының бәрі ертекшінің жеке басының бала тәрбиесіне қосатын үлесінің зор екендігін көрсетеді.

Ертекшінің бір ерекшелігі – ертегінің мазмұнын домбыра, қобыз, сыбызғы, ән-күйлермен өзі сүйемелдеп отыруы. Бұл – баланың естігендерін эмоциялық тұрғыда қабылдауына әсер етеді, сезіміне, түйсігіне ықпал жасайды, қиялына қанат бітіп, әр түрлі елестер туғызады, музыкалық есту қабілетін дамытады, сөйтіп бейнелеген обрыздар оның жүрегі мен зердесінде мәңгі сақталып қалады.

Ертегілердегі күлдіргі әңгімелер мен өтірік өлеңдер де баланың қиялына қанат бітіріп, эстетикалық-эмоционалдық сезіміне әсер тудырадыы («Тазшаның өтірік өлеңдері», «Қанбақ шал», «Тоғыз тоқылдақ, бір шіңкілдек», «Суайттың өтірік өлеңдері», «Қу Тазша», «Құмытсқаға қой бақтырдым»).

Күлдіргі әңгіменің бір ерекше қасиеті – өзі жан иесінің бәріне мәлім, бәріне ұғымды көріністерін алады. Солардың болмас, көбіне қиғаш суретін тыңдаушының көз алдында өз басының ісімен, қатынасымен байланыстыра айтқанда, еріксіз өрескел, күлкілі күйлер туады. Ұғымдылығы мен күлкілігі тек қазақ тіршілігінен ғана туған емес, әр қазақ, әр адам баласына түгел жетерлік мөлдір айқындылығында. Әдетте күлкілі әңгімелерді өтірік өлеңдер жандандыра түседі. Өтірік өлеңдерде қиялға мейлінше еркіндік берілген. Алайда ол күнделікті тіршіліктен, күн көру кәсібінен туындап жатады.

Өтірік өлеңдердің көркемдік шарты – өтірікті жорта, шындай етіп баяндау, қиыспайтынды шебер қиыстыру болып табылады. Оны Тазшаның хан алдында айтқан мына өтірік өлең шумағынан байқауға болады:

Үш жаста мергеншілік кәсіп қылдым,

Ши оқпен мың құланды атып қрдым.

Ауынан өрмекшінің кілм тоқып,

Ұялмай жұз тұсақтан сатып тұрдым.

 

Айдадым  жылқы қылып тоқсан түлкі,

Борсықты ұстап мінсең аттың мүлкі.

Ішінде топ адамның тулап жығып,

Қылдың-ау, ойбай, қарсақ, жұртқа күлкі.

Тазшаның осылай айтқан әңгімесіне де, өлеңіне де, бастан-аяқ ханның өзі мойындағандай, рас дегеннен бір ауыз сөз қоспай айтқанына да ханның мейірі қанып: «Адам қай іске бет түзеп ұмтылса, сол істің уәдесіне шығады. Егер осы неше түрлі жақсылық жұмыстарды мойнына артса, оның да уәдесінен шығарына көңілім сенеді. Түбінде мұның қолынан үлкен-үлкен жұмыс келер», – деп айтқан уәдесімен қызын беріп, уәзір етіпті. Бұдан халықтың балаға сенімі артқаны сенімді тәрбиенің әдісі ретінде пайдаланғаны байқалады.

Алдар Көсе, Жиренше шешен, Қорқыт, Асан Қайғы туралы аңыз ертегілердің мазмұны да балаларға үлгі-өнеге болған, болашақ тіршілік, әділеттілік жайлы ой салған. Оған дәлел – Қорқыт аңызы.

Қорқыт 20 жасқа толғанда түс көріп, түсінде оған Құдірет қырық жыл өмір сүретіні туралы аяң береді. Ол адам баласы мәңгі өмір сүретін жерді іздеп, дүниенің төрт бұрышын шарлайды. Қайда барса да алдынан өзіне арналып қазылған көр кездеседі. Ажал тырнағынан құтылмасын білген Қорқыт өзінің туған жері Сырдарияға қайтып оралады. Ағашты жонып қобыз жасап, астындағы желмаясын сойып, оның терісімен қобыздың сыртын қаптайды (шанақ жасайды). Жерде жүрсе, ажал алып кетер деген қауіппен, Сырдарияға кілем төсеп, соның үстінде отырып қобызын күндіз-түні ұйқы көрмей ойнай береді. Оның сұлу күйлерінде жақсылық пен жамандықтың бітпес күресі, адамзаттың арман-тілегі баяндалады. Ол әуендерді адамзат баласы, табиғат, жер-су, тау-тас, жердегі жан-жануарлар, аспандағы ұшқан құс, барлық тіршілік иесі тыңдайды. Тіпті күңіренген күйлерді тыңдаған ажал да Қорқытқа батып жеке келе алмаған көрінеді. Мұндай саздық аңыздарды ертекшілер балаларға түсінікті болу үшін саздық аспаптарда ойнар алдында әңгімелеп отырған. Күйдің құдыретті күшін,әуезді, сазды, мұңды әуенін баланың жан-дүниесіне жеткізе білді. «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артында із қалдырған?!» – деп ұлы Абай айтқандай, ертекшілер Қорқыт күйлерінің өміршеңдігін, оның күй тілімен толғаған даналық ақыл өсиетін бала зердесіне құя білді.

«Ертегінің әрбір сөзі мәңгілік фресканың өте нәзік нақышы секілді, әрбір сөзде, әрбірбейнеде халық рухы, шығармашылық күшінің ойыны бар. Ертегі – халық мәдениетінің рухани байлығы, оны тану арқылы бала туған халқын жүрегімен танып-біледі», – деген В.А.Сухомлинскийдіңсөзінде үлкен шындық жатыр. Өйткені ертегі – ақыл-ойды, адамгершілік қасиеттерді, эстетикалық талғамды, нәзік сезімді тәрбиелеудің қажетті құралы.

Қорыта айтқанда, ертегінің қай түрін алсақ та, ол – ерікеннің ермегі емес, зор қоғамдық тарихтың сыры, тәрбиелік мәні бар әңгімелер.

You May Also Like

Flowers in the attics or in the sheds…

Мұхтар Әуезовтың «КӨКСЕРЕК» повесіндегі Көксерек образының жасалуы

МҰХТАР ӘУЕЗОВТЫҢ «КӨКСЕРЕК» ПОВЕСІНДЕГІ КӨКСЕРЕК ОБРАЗЫНЫҢ ЖАСАЛУЫ Әлемдік әдебиетте жануарларды символдық бейне…

Қызан ауылы

Қызан тарихы “Қызан ауылы Бозашы түбегінің орта тұсынан шығысқа қарай, облыс орталығынан…

Nur-Sultan is the main city

Topic: Nur-Sultan  is the main city Table of contents  Introduction Nur –…