АНА ТІЛІН БІЛМЕГЕН, ХАЛҚЫН СҮЙІП ЖАРЫТПАС

Біздің өмірімізде тағы да бір тарихи кезең – XXI ғасыр басталған жаңа әлемдегі рухани дамудың даңғыл жолындағы Қазақстанға аяқ басудамыз. Біз толып жатқан аласапыран оқиғалар мен қайғы-қасіреттерді бастан кешіріп, егемен елге айналдық. Егемендігіміздің басты белгісі – ана тіліміз. Ана тіліміздің тағдыры – біздің тағдырымыз.

Халқын сүю, тілін құрмет тұту, туған жерге деген перзенттік сезім қазақпын деген әр ұл-қыздың бойынан табылуға тиіс. Қазақстанның болашағы мен болмысы тілге байланысты.

«Тіл – адам жанының тілмашы, тілсіз ұлт, тілінен айрылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес, ондай ұлт құрымақ», – дейді ақын Мағжан.

Қазақ тілі – біздің ұлтымыздың жаны, біздің дүниеде барлығымыздың, тіршілікте ой-пікірлеріміздің айғағы, онсыз әрекет етуіміз мүмкін емес. Өйткені ол – ұлт қаруы, халықтың қымбат кені. Тіл тағдыры – ел тағдыры. Тіл арқылы мәдениеті мен білімі шалқыған халықтың үні жарқын естіліп, даусы нық шығады. Әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануының қандайына болса да қарсы тұруы тиіс.

Менің ана тілім – қазақ тілі. Қазақ тілі аса бай, икемді тіл. Орамын тауып, қисынын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қалап, текемет оюға болады. Кейде қазақ болып туғаным үшін және әлемдегі ең бай тілде сөйлегенім үшін өзімді бақытты сезінемін.

Ана тілі – менің байлығым, рухани байлығым. Менің адам болып қалыптасуыма, азамат болып өсуіме, саналы болып тәрбиеленуіме ана тілімнің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.

Мен ана тілімде құрбы-құрдастарыммен сырластым, ана тілім арқылы білім атты мұхитқа жүздім. Ата-бабамның шежірелі інжу-маржандарына қанықтым. Өз халқымның болмысымен, өткен тарихымен таныстым. Қарлығаштың балапанындай Отан-Ана ұясында тәрбиелендім.

Болашақта арманым – медициналық университетке түсу. Балабақшада жүрген кезімнен бастап ақ халатты абзал жандарға құрметпен қарадым. Өскенде соларға ұқсап дәрігер болғым келеді. Кісінің алғысын алған қандай жақсы! Қиналған кісіге көмек беріп, жанын жадырату, одан көл-көсір алғыс алу қандай ғанибет!

Мен кішкентайымда ине егуден қатты қорқатынмын. Мектептің медициналық бөлімшесіне сынып жетекшіміз егуге қатар тұрғызып апарғанда аяғым дірілдеп, қорыққанымнан жылайтынмын. Кезегім келгенде аппақ халат киген мейірбикенің: «Кел, айналайын, қорықпа!» – деген мейірлі сөзінен қорқынышым сейілетін. Маңдайымды сипаған алақаны жұп-жұмсақ сезілетін. Оның жылы жүзі, айтқан сөзі есімнен көпке дейін кетпейтін.

Қазақтың «Айналайын» деген сөзі қандай әдемі! Бұл сөз ағылшында да, орыста да жоқ. Аударуға келмейтін, баламасы жоқ, біздің қазақ тіліне ғана тән сөз. Міне, сөз құдіреті деген осы!

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауларында ұландардың үш тілді еркін меңгеруі керектігін жүктеуі заман талабынан туындап отыр деп білемін. Өз тілің қазақ тілің – ұлттық болмысың, дінің, ділің, шежірең, тарихың, ұлттық мінез-құлқың, намысың, елдігің.

Орыс тілі мен ағылшын тілін білуің – қатардан қалмауың, өзге жұртпен теңелуің, алдыңғы қатарлы отыз елмен иықтасуың, біліміңмен озуың.

Біздің қазақ тілімізбай. Сөз байлығымыз мол. М.Әуезовтің: «Қазақ тілі – көркем әрі бай тіл» – деген нақыл сөзі бар. Қазақ тілінің көркем әрі бай екенін «Абай жолы» эпопеясын оқыған адам айтар. Одан да басқа «Қан мен тер», «Боран», «Көшпенділер», «Дарабоз» тағы да басқа шығармалар.

Бір жақсы жері, қазақ тілінің айтылуы мен жазылуы сәйкес. Мұны мен мақтаныш тұтамын. Ал ағылшын тілі мен орыс тілінің оқылуы мен жазылуы сәйкес келмейді. Халықаралық тіл дегейіне жетуі орта ғасырлық жаулап алудың нәтижесі екені айдан анық.

Біз азбыз. Тілімізді жоғалтпай, аман қалғанымыза, тәубә. Газет-журнал, теледидардан тіл мәселесін көп оқып, көп тыңдаймыз. Барлығымыз бірігіп, тіл мәселесін қолға алсақ, ел ерер.

Мен өз ана тілімді сүйемін. Ана тілім – қазақ тілі. Орыс тілі мен ағылшын тілінде сайрап тұрғым келеді. Олар маған өмірге құлашымды кең сермеуім үшін қажет.

Ана тілін білмеген,

Ақылы жоқ желік бас.

Ана тілін білмеген,

Халқын сүйіп жарытпас, – деп қырғыз ақыны Сарноғаев айтқандай, тілімізді құрметтеуді әр адам өзінен бастауы тиіс. Әр қазақ өз тілін қадірлемесе, ошағының басында, отбасында бала-шағамен ана тілінде сөйлемесе, қазақ тілі жаһандану саясатына жұтылып кете бермек.

Мен өз ана тілімді сүйем. Ертеңдері оқу бітіріп, жұмысқа тұрсам, ақ халатты абзал жандардың арасына табылып, алдыма келген әр науқасқа өз тіліммен шуақ құйып, мейір төксем, өз орнымды тапқаным, халқыма пайдамды тигізгенім болар деп түсінемін. Меніңше, бәрінен биік ұлттық намыс деген болу керек. Қазақша сөйлеу біреулер үшін, әсіресе, үлкен қалаларда артта қалушылық ұғымын береді. Мүлдем олай емес. Олай түсінетін адамдарды көзқамандар деп түсінер едім. Мұндай адамдар туралы академик Р.Бердібай: «…Көзқамандар ақыл-есі ауысқан адамдар емес, мектеп, университет бітірген, жоғары қызмет атқарғандар болуы әбден мүмкін. Кейбіреулер талай елдің тарихы мен философиясын жатқа айтып, жаңғақша шағып беретіндер, әділдік, адам құқы, өркениет, достық, ынтымақ, бейбітшілік секілді сөздерді судай сапыратындар… Бірақ бұлардың жазылмайтын немесе ұзақ емдеуді керек ететін ауруы – туған халқының дәстүрін танып-білуге салғырттығы, сөз жүзінде отаншыл болып көрініп, былай шыға бере елдің хас жауларымен тіл тауып, халықтың түпкілікті мүддесін сатып жіберетіндігі, ең жаманы – жұртының қадір тұтқан қамбаттарын, тәуелсіздігімізді тәрк етуде көздеп отырғандармен ауыз жаласып, соларға арқа тіреп, намысымызды таптап кететіндігі. Мәңгүрттер есінен айрылған міскіндер болса, көзқамандар – елдігімізге саналы түрде қарсы шығатын қасқүнемдер…».

Бұдан артық қалайша қатты айтуға болады?!

Қорыта айтқанда, «Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті», – дейді А.Жұбанов. еліңді, жеріңді сүю үшін білімді болу – парыз. Ендеше, қазақ елінің өскелең жастары үш тұғырлы тілдерді еркін меңгеріп, жарқын болашаққа самғай бергей.

You May Also Like

Ұйымның пайда болуы және оның құрылымы

Ұйымның пайда болуы және оның құрылымы   Адамзат қоғамының әрбір адамы әзінің…

Құрлық, су және әуе көліктерінің басты ерекшеліктері, құрамы және орналасуы

Құрлық, су және әуе көліктерінің басты ерекшеліктері, құрамы және орналасуы. Өндірістің қоршаған…

Пияз нан

Уйгурский хлеб с луком Время приготовления: 50 минут. Хранить: готовый пияз нан…

Кәсіпорынның өндірістік құрылымы және оны жетілдіру жолдары

Қарастырылатын сұрақтар:  Өндірістік құрылым және оның түрлері.  Өндірістік құрылымның негізгі көрсеткіштері және…