Ақмаржан Таубаева – ақын, журналист. 1958 ж.17 қараша Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Қандық аулында  дүниеге келген. 2001 жылы «Жайықтың ақ самалы» тұңғыш жыр жинағы жарық көрді. «Нұр апасы Жайықтың», «Асыл арқау», «Ұстаздар әлемі» жинақтары шыққан. Өлеңдері «Қазақстан әдебиеті – 2000» байқауы қорытындысы бойынша «Күміс күйме» жинағына кіргізілген.

1976-1979 жылы Орал педагогикалық училищесінде оқыған.
1979-81 жылдары Қандық негізгі орта мектебінде бастауыш класс мұғалімі.
1983 жылдан ҚР Журналистер Одағының мүшесі, «Жайық ұстазы» газетінің бас редакторы.
1981-1990 жылдары  Ақжайық аудандық, облыстық  «Орал өңірі» газеттерінің қызметкері.
1985 жылы Орал пединститутын бітірген.
1990-94 жылдары Алматы қаласындағы  Жоғары партия  мектебінің  тыңдаушысы. Қазақстан Жастар Одағында баспасөз хатшысы.
1994-1996 жж. Алматы қаласы Бостандық аудандық «Қазақ тілі» қоғамының жауапты хатшысы.
1994-1996, 1998-2001 жылдары Ж.Досмұхамедов атындағы педколледждің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы.
2002 жылдан  «Жайық ұстазы» газетінің  бас редакторы.
2008 жылы «Ұстаздар әлемі» сұхбаттар мен очерктер жинағы. 

Өлеңдері

Беу, бал дәурен!

Сағынышымның бастауы болып тұрасың, ауыл, қашаннан.
Бала кездегі бақытты дәурен, сипайтын самал шашымнан.
Сол бір шақтардан
Айрылдым қашан?
Біле алмай қалдым, біле алмай,
Тілекшің болып жетермін бір күн сығалай бермей тасаңнан.
Атам мен әжем кезек арқалап,
Қонақтап бірге жүретін
Бал дәуренім-ай, балдырған үнді, шаттана қамсыз күлетін.
Қандықтың құмын сапыра кешіп, жүгіруші ек-ау жалықпай
Беу, бал дәуренім-ай, өттің де кетің… дәл кеше ғана гүл едім.

Аңқатым

Ақ қанатты көгершін болып,
Жырларым саған қалықтай ұшар.
Ауылым менің, көңілім толып,
Қуанған кезде аялай құшар.

Қымбат-ау елің,
Өз туған жерің,
Қып-қызыл дауыл тұрса да борап.
Өз туған жерім – Аңқатым менің,
Сен жаққа жүрмін сағына қарап.

Сағындым шоқым, «Ақтау» деп атар,
Алыстан көлбеп көрінген кербез.
Өзіңе шығып аспандап қайтар,
Жадыра шақты тым ыстық әр кез.

Сағындым жасыл далаңды шексіз,
Гүл терген сонау көгілдір көктем.
Көгершін жырым, сәлемімді жеткіз,
Мен ауылымды көрмедім көптен.

Алыстау кетіп бір сәтке ғана,
Сонда да сенен іздермін пана.
Арнадым, елім, ауылым – анам,
Өмірге келген жырымды жаңа.

Балауса сезім

Балауса сезім, айналып кеткен сағымға,
Жоғалтып ем ғой жеттім бе деген шағымда.
Көңілді құсым дүр етіп ұшып кетті де,
Көңілсіз құсым қонақтап қалды бағымда.

Кіршік тимеген көрікті балғын сезімдер,
Өте шықты ғой бантикті балғын кезімде.
Ақшаңқан шақтар, неліктен шапшаң жалт етіп,
Іздетіп қойдың көктемді мынау күзімде.

Балауса күндер, таңбасы қалып кеудемде,
Қол бұлғап кетті мәңгілік қайтып келмеуге…
Қоңырқай түстер – қоңыр наз,
қоңыр шумақтар,
Кеудеме толды,
Төгілердей боп ернеуден…
Жайқалған гүлден, шайқалған жасыл теректен
Іздедім, сені, осылай ету керек пе?
Бәрі де тұрды қоңырқай ғана мұңайып,
Жыр толды содан мазасыз мынау жүрекке.

Осылай менің түсіп бір еңсем кеткенде,
Жапырақ сонда тіл қатты маған өктемдеу.
Сыр айтып тұрды тәкаппар, сұлу тіршілік,
Жақсылық хабар жетер деп келер көктемде.

Балауса сезім, қалдырған табын суытпай,
Мәпелеп келем жыл бойы қылау жуытпай.
Қоңырқай түстер – қоңыр наз, қоңыр шумақтар,
Дір-дір етеді көктемін күткен шыбықтай.

 

Бәйтерек тектес шынарым

Аштыққа ұшырап, жастығын сезбей, соғысты жеңген кейуана,
Бар қиындықты көтергені аздай, тағы да қайғы жиған,ә?!
Көнерген сол бір шеткері үйде немере ғана сенері,
Мұңын шертеді, жүрегін жеген шемен сыр ішке сыйған ба?
Қамықпа, әже, жуып берейін ақ жаулығыңды кірлетпей,
Көңіліңдегі кірбіңдерің де ар суыменен бір кеткей!..
Мен ес білгелі көз алдымдасың, анамның әзіз анасы,
Бәйтерек тектес биігім менің, аласармас шыңым, бірбеткей.
Күте бер, әже, оралам саған, күрең шәйіңді демдей бер,
Сандықты ашып, зер камзолың мен ақ жаулығыңды сәндей бер.
Қаһарлы хандар тізесін бүккен анадан асыл адам жоқ,
Дүниенің қадір-қасиетін де жалғайтын, әже, сендейлер.

Жайығым, саған келем мен
Жайығым, саған келем мен,
Өзіңдей мөлдір өлеңмен.
Қуанышыммен және де
Мұңыммен жырға бөленген.
Жайығым, сенің жағаңнан
Арманым аппақ таралған.
Өлеңге ғашық қызыңның,
Сенімі сенен нәр алған.
Талыңа өскен жағалай ,
Өр толқыныңа қарамай.
Орнамас жанға жаз көңіл,
Сағыныш қалар тарамай.
Тұйыққа бір сәт тірелген,
Кезімде саған келем мен.
Жүрегім толса жігерге
Тағы да келем елеңдеп.
Қимаймын, Жайық, жағаңда
Қалдырған..

Өзіңе ғашықпын, өлең

Жанымның шуағындай елжіреген,
Өзіңе ғашық болдым, мөлдір өлең.
Көңілім талпынады биігіңе,
Гүлдері, көктемеде желбіреген.
Жүректі жұбатамын енді немен,
Өзіңсіз жұпынымын, өндір өлең.
Қыз жанын сен болмасаң, кім түсінер?
Сенім – тал жапырағы селдіреген.
Сырымды ақтарамын саған ғана,
Сонан соң бар сенерім – анам, далам.
Солар бар түсінетін өкпе-назды,
Еркемін, ештеңеге алаңдаман.
Жасымнан, өлең, саған ғашық болдым,
Өзіңмен кездескенде тасып-толдым.
Өлеңге жаны ауырмас жанды көрсем,
Мен одан құтылғанша асық болдым.
Сиыспас алдамшы жар, мөлдір өлең,
Өзімді осы ойға сендіремін.
Қимайтын, қиыспайтын қасиетсіз,
Адамға сезімімді сөндіремін.
Білемін жақсыларды,
Жамандарды,
Білемін жомарттарды, сараңдарды.
Ақынға жаны ауырмас жанды көрсем,
Жырларым кеудемдегі қараң қалды.
Өткердім дей алмаймын бәрін бастан,
Жүрегім тұрады ылғи жабылмастан.
Өлеңнен ашылған бір бағым болса,
Жанашыр сол бір жалғыз бағымды ашқын.

Пушкин мен дала

Маңғаз Пушкин маң даланы аңсады,

Жайық бойы болып оның аңсары.

Мүмкін тістеп заманының иттері,

Жалықтырды ұзын-шұбақ, дау-шары.

Орынбордан тартты тура Оралға,

Ақын жаны көрмей тыным табар ма?

Шығарып сап ұлы ақынды досы Даль,

Көп сыр айтты жырға тиек боларға.

Жабайылау, ғажайыбы көп өлке,

Жайығымен, балығымен тым көркем.

Құрақ ұшып қарсы алады ақынды

Келе жатқан Санк-Петербургтен!

Ағыл-тегіл. Атаманның ауласы,

Ақсүйектің өзгеде жоқ шаруасы.

Ұлы ақын үш күн тұрды аялдап,

Елді ұнатты ойға қозғау салғасын.

Жазып алып Қозы-Көрпеш Баянды

Бәлкім маздап ақын жаны оянды.

Бұйра шашты, қоңырқай жүз Пушкиннің

Архивінен табылыпты Баян жыр.

Дала, дала – маңғаз дала, сар дала,

Бауырыңнан сабыр тапқан бар дана.

Орыстардың ең сүйікті ақынын

Табындырған сұлулығың бар дара.

Дала қызы – мен осыны түйсінем,

Жусаным-ай, әрбір талы күй сіңген.

Дала менен табыстырған Пушкинді,

Табиғи бір жарастыққа сүйсінем,

Жарастыққа сүйсінем!

Менің байлығым

Кейбіреудің көзі асыл киімде,

Бар мерейі мол жиһазды үйінде.

Мәңгі жолдас болмайды сол дүние,

Қалады олар сол бір жансыз күйінде.

Өзгелерден өзгеше емес ай-күнім,

Аулақ етсін қара бұлтын қайғының.

Анау жоқ деп, мынау жоқ деп өкінбен,

Достарым ғой ең бір қымбат байлығым…

Көз жұмарын білмес адам қай күні,

Ерте солып қалмаса екен май гүлі.

Алыс жүріп, сағынышпен табысқан,

Айналайын, бауырларым – байлығым.

Бірде жетсе, бірде жетпес айлығым,

Жолым болмас десм бір кез Әй, бүгін!

Менің нәзік қанатымнан демеген

Ауылдағы ағайындар – байлығым.

Жүзіп жүріп дос көңілдің айдынын,

Жетпейді деп жар салғаным – қай қылық?

Жетер-жетпес бұл дүниеде ештеңе,

Кең пейілің, дос көңілің – байлығың.

Май самалы

Мамырда – майда самал еркелеген,

Табиғат тамылжиды ертеменен.

Мамырда – мамыражай Жер-Ана да,

Мамырда сезім бар ма селдемеген.

Сілкінген тұр байқадым тіршіліктен,

Қашан да күлімдеген жүрші үмітпен.

Қарашы, сызылуын май күнінің,

Бұлбұл құс сайрап тұр ма жыршы күткен?..

Жеп-жеңіл желпіп өтсе май самалы,

Көңілің жастық шақтың айтады әнін.

Жағалап жүріп қайтсаң Жайық жақты,

Астан-кестең көңілің жай табады.

Шәкірт хаты

Мейрам күні жетті сәлем хаттарың,

Шәкірттерім – құйттай қолғанаттарым.

Осы хаттар қандай қымбат мен үшін,

Бойтұмардай қастер тұтым сақтармын.

Мына бір хат…

Сөз бастасы бөлектеу,

Өзгеше бір жылу құйып жүрекке.

Сағыныштың сазын шертіп барады:

Сонау бір кез.

Апай, сізбен бір ек, – деп.

Ақ параққа ойын тізген Ерболат,

Сәби кезі жүр сөзінде жорғалап…

Моп-момақан, озат, сүйкімдім менің,

Өткен күнін естелікпен жалғамақ.

…Мейрам күні жетті сәлемхаттарың,

Шәкірттерім – құйттай қолғанаттарым!

Хатпен бірге жіберейін жүректің,

Өздеріңмен бірге өткізген шақтарын.

You May Also Like

Есеп және аудит

МЕНІҢ БОЛАШАҚ МАМАНДЫҒЫМ- ЕСЕП ЖӘНЕ АУДИТ             Есеп және аудит– БҰЛ…  Экономикалық…

Шаттық салаты

Қажетті өнімдер: – 2 тал тауық саны; – 4 жұмыртқа; -15 тал…

Қазақстанның экологиялық дағдарыстары, слайд

Менің Отаным – Қазақстан, үш тілде шығарма