Ғ.Мұстафин шығармаларындағы тілдік ерекшеліктер

Мұстафин Ғабиден (1902-1985) – қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі. Туған жері қазіргі Қарағанды облысының Бұхар жырау ауданындағы Жауыр тауының етегі.

Ғабиден Мұстафин шығармаларының елеулі ерекшелігі оның өзіндік стилінде. Ол сөйлемді қысқа құрып, аз сөзге көп мағына береді. Тілі қарапайым да жатық, ұғымға жеңіл, оралымды,  ұтымды.  Халықтың қанатты, бейнелі сөздерін орынды пайдаланумен қатар өз тарапынан да өткір, ықшам сөз тіркестерін жиі қолданады.

Қазақ әдебиетінде шаруа еңбек адамдары тақырыбына жазылған шығармалардың ішіндегі айрықша көркемдік қуатқа ие болғаны – «Шығанақ» романы.  Мұстафиннің «Шығанақ» романы Берсиев өмірінен жазылған.

Тіл білімінің диалектілер мен говорларды зерттейтін саласы – диалектология     ( диалектос – сөйлеу, говор, логос – ілім деген грек сөздерінен құралған) деп аталады. Диалектологияның міндеті – жергілікті тіл ерекшеліктерін тексеру. Қазақ диалектологиясы қазақ тіліндегі говорлар мен диалектілерді зерттейді. Диалект, говор деп халықтық я ұлттық тілдің өзіндік ерекшеліктері бар жергілікті тармақтарын, бөліктерін атаймыз. Ол жалпы тілге тән ортақ белгілерден өзгеше ерекшеліктерді қамтиды.

Диалект деген термин тілде жалпыхалықтық сипат алмаған, белгілі бір жерде ғана қолданылатын ерекшеліктердің жиынтығын, өзіне ғана тән тілдік ерекшеліктері бар жекелеген аймақ, территорияны білдіреді. Бұл мағынада диалект халық не ұлт тілінің құрамды бөлігі болып табылады.

Говор – жергілікті диалектілердің шағын аймақты қамтитын бөлігі. Мәселен, Қазақстан жағдайында диалект екі – үш облыс көлеміндей жерді қамтыса, говор бір облыс немесе екі – үш аудан көлеміндей жерді ғана қамтуы мүмкін. Оның қанша аймаққа таралуы говорлардың қалыптасу тарихына, ондағы нақты жағдайларға байланысты. Негізгі тілдік белгілері бірыңғай говорлар ғана диалект ұғымын тудырады [2, 38]. Әдеби тілдегі жалпыға белгілі сөз, яғни зат атауы диалектіде басқаша айтылуы мүмкін, мысалы, әдеби тілдегідей зардабы, салдары деудің орнына жергілікті жерде зарпы, тегі, заты деудің орнына сойы, талаушы – шабаған, беймаза – бейана, кебек – буыз, үнемі – бойлай, әрең – шаққа, табалдырық – тебелдірік, есік ілгегі – тепкі, шұлғау – байтаба болып айтылады.

Диалектілік ерекшеліктер түрлі тілдерде бірінде аз, бірінде көп мөлшерде сақталған. Қазіргі диалектілер алғашқы қауымдық құрылыс кезінде тайпаның сөйлеу тілі болған. Демек, диалект дегеніміз – жалпыхалықтық тілдің бір тарауы, одан тыс құбылыс емес [3, 16]. Осы орайда көркем әдебиетте де диалектілер көп қолданылатындығын айта кеткен жөн, мысал келтірер болсақ Ғ. Мұстафиннің «Шығанақ» романы. Бұл романда диалектілер де, говорлар да өз орнымен тиісті жерінде қолданылып, шығарманың сөздік қорын толықтырып тұр десек те болады. Мысалы:           1. «Сарыадырдан» көлге қарай тура тартқан қара жолды қалдырып, қамшылар жақтағы жам жолға таман Олжабек ойысса да, Жамалдың сөзімен қайтадан жолға келіп түсті [ 1; 23]. Жам – ( Гур.; Маңғ.; Тең.) өзек жерлер. Жам сөзінің  диалектологиялық сөздікте бірнеше мағыналары берілген. Бірақ біздің мәтіндегі мағынасына байланысты Маңғыстау, Атырау аймақтарында қолданатын «өзек жерлер» мағынасын аламыз. 2. Қазақ аулында «кірме» деген бұралқы иттей, оған кім қоқаңдамайды [ 1; 27]. Кірме – басқа бір рудан, я елден ауысып келген келімсек. 3. Алты өгіз жеккен бір сабан, алдын бастаған қаршадай бала, артын ұстаған дода сақал қара кісі жер қыртысын таспаша тіліп, қара шымды төңкеріп барады [ 1; 28]. Сабан – ( Ақт.; Ойыл.; Ырғ.; Маңғ.; Қ.орда.; Арал.; Қост.; Түрікм.) соқа. 4. Жүрегі алып – ұшып, жаппаға қарай жүгірді Жамал [ 1; 34]. Жаппа – ( Алм.; Кег.; Нар.; Жам.) күрке, балаған, киіз қос. 5. Жамал жаппаға еніп кетіп, құрымдай қара сүйретпені шайқап – шайқап жіберді де, шайқалып келген уыз қымыздан шүпілдетіп бір аяқ қымыз әкеп берді [ 1; 35]. Сүйретпе – ( Көкш.; Шуч.; Еңб.; Павл.) қымыз құятын теріден жасалған үлкен ыдыс. 6. Құрт жеген мұрындай опырылып жатқан әр бөктерде бір тас кепе, тас мола, қу сүйектер кездеседі     [ 1; 36]. Кепе – 1) (Қ.орда.; Сыр.) жер үй. 2) ( Қост.; Жанг.; Шымк.; Мақт.; Жал.) үсті жабық мал қора. 3) ( Ауғ.; Иран.) күрке. 7. Жер қапқан қос тегершік қозғаған сайын жерге еніп бара жатқандай сияқты  [ 1; 39]. Тегершік – ( Қост.; Об.; Орал; Орда; Рес.Сарат;) арбаның дөңгелегі.                     8. Тамшылаған терге шелектеп су алған Олжабек шыбыртқысын беліне көлденең ұстап сілейіп тұр [ 1; 39]. Шыбыртқы – (Қост.; Жанг.; Ақт.; Жұр.; Ойыл; Рес. Орын.;) өріп, кейде өрмей жасайтын ұзын қамшы. 9. Онда бір шығырға үш – төрт үй қарайтын [ 1; 41]. Шығыр – ( МХР) су құйылатын доға. 10. Басына шаршы байлаған қара бәйбіше, қашан кірсең де сары самауырды сақылдатып, сары шұбатты көпіршітіп отырғаны [ 1; 44]. Шаршы – (Өзб.) ақ матаның екі енінен дайындалатын кемпірлер орайтын орамал.

Кірме сөздер, яғни шығу төркіні жағынан басқа тілдік сөздер, әрбір тілдің лексикасында да бар. Сөздік құрамына басқа тілден сөз енбеген тіл жоқ деуге болады. Дүние жүзіндегі түрлі – түрлі тілдерде сөйлейтін халықтар өзара бір – бірімен қарым – қатынаста болады да, бір – біріне сөз ауысады. Әрбір тілдегі басқа тілдік сөздер санының аз я көптігі тарихи жағдайлармен байланысты [4, 104]. Кірме сөздерге басқа тілдерден әр түрлі себептермен енген сөздер жатады. Қазақ тілінде монғол, араб және иран, орыс тілінен енген сөздердің саны мол. Монғол тілінен сөз ену кезеңі XI—X ғасыр деп саналады ал араб, иран тілінен сөз ену орта ғасыр деп шамаланады. Қазақ тіліне араб-иран сөздері тәжік, өзбек тілдері арқылы мынадай жолдармен енеді. 1. Шаруашылық, сауда қатынастары арқылы енген сездер: айна, таға, базар, таба, орамал, перде, таразы, мақта, т. б. 2. Мәдени және ғылыми қарым-қатынастар арқылы, әсіресе, Фердауси, Науай, Омар Хаям, Хафиз шығармаларымен енді. Мәселен, мектеп, мереке, емтихан, ғылым, ғалым, пән, медресе, қағаз, қалам, мағлұмат т. б. 3. Дінмен енген сөздер: шариғат, ораза, намаз, аруақ, ақырет, т. б. Міне, қазақ тіліне араб-иран тілінен сездер осьшдай үш түрлі жолмен келіп енді. Орыс тілінен қазақ тіліне сез ену сонау XVIII ғасырдан баталады.

Шығу төркіні жағынан алып қарағанда, сөздердің тілден тілге ауысуының тікелей ауысу және жанама түрде ауысу деп аталатын екі түрі болады. Бірінші тәсіл бойынша кейбір сөздер бір тілден екінші тілге тікелей енеді де, екінші тәсіл бойынша кейбір сөздер бір тілден екінші тілге тікелей емес, басқа бір тіл арқылы енеді.

Жазбаша немесе кітаби кірме сөздер көбінесе ғылыми – техникалық әдебиет пен өнер т.б. арқылы енген және солардың белгілі бір саласына бейімделіп қолданылатын сөздер болып табылады. Жазбаша түрде енген сөздерге тән қасиеттің бірі сол – олардың басым көпшілігі өзінің дыбысталу түрін сақтайды [5, 236]. Бұған мысал ретінде «Шығанақ» романындағы кірме сөздерді қарастыруымызға болады. Бұл жерде де кірме сөздер өзінің табиғатын сақтап қолданылған. Мысалы:  1. Жалғыз апамды алған осында бір жездем болатын, өзі комсомол да емес, қолына «ағауыз» шығып, жұмысқа бармай жатушы еді [1; 31]. Комсомол орыс тілінен енген сөз. 2. Әлі қашасың колхоздан, соғысқан төс, алысқан қол қайда? [1; 42]. Колхоз – орыс тілінен енген сөз. 3. Ол Шығанаққа түсінеді, мәшинеге түсінбейді [1; 42]. Машина – ( фр. – machine, лат. – machina ) адамға қажетті еңбек құралы. 4. Амантай газетті жайып қойып, қара шақшаны қотара бастады [1; 44]. Газет – ( ит. Gazetta) күнделікті жаңалықтарды баспаға шығаратын басылым. 5. Контор еместігін есік алдындағы жер ошақтан, белдеудегі ботадан айыруға болады [1; 44]. Контор – ( нем. Kontor) мемлекеттік мекеме. 6. Штат сайлауына жатақта жатқан кедейлердің көнбегенін қамшымен әкелетін [1; 50]. Штат – ( нем. Staat – басқарма). 7. Жалындаған жас комиссар алаштың бір ордасы болған Ойылдан Досмұхамбетовтерді қуып шығып, Ревком орнатады да, өзі басқарады [1; 51]. Комиссар – ( фр. Comissaire – лат. – commissarius) әскери адам. Ревком – орыс тілінен сол уақыттағы өзгерістерге байланысты кірген кірме сөз. 8. Кәрібай порторг, әрі мұғалім [1; 52 ]. Мұғалім – араб тілінен енген кірме сөз. 9. Ондаған жылдар саудагер, қанаушылардың қалашығы болған Ақтөбе, қазір социалистік қала болғаны әр адамның сөзінен, әр үйдің өзгерісінен байқалады [1; 76]. Социализм – ( фр. Socialism – лат. Socialis) әлеуметтік. 10. Егілген жердің алдынан жүз, артынан қырық центнер тары алуға мен тұрдым [1; 141]. Центнер – (нем. Zentner – лат. Centum – жүз) өлшеу бірлігі жүзге тең өлшем.

Ғ. Мұстафин әр сөздің,  әр сөйлемнің  құрылуы мен ондағы ойдың терең де мағыналы болып шығуына ерекше назар аударады. Жазушының шығармаларының қай-қайсысында болсын, мақал – мәтелге айналып кеткен жолдар аз кездеспейді. Аз сөзге көп мағына беріп, сөйлемді қысқа құруы, тілінің қарапайымдылығы, ұғымға жеңіл, жатық әрі ұтымды, оралымды болып келуі Мұстафинның өзіндік стилін танытады. Халықтың бейнелі, қанатты сөздерін орынды пайдалана отырып, өз тарапынан да өткір, ықшам сөз тіркестерін жасай білген. Оған мысалдар «Шығанақ» романында көптеп кездеседі. Мұстафин жергілікті тіл ерекшеліктерін көрсету үшін диалекті сөздерді де кеңінен пайдаланған. Қазақ еліне келген сол кездегі саяси өзгерістің әсерінен біздің тілімізге кірген кірме сөздердің қолдану аясын барынша жақсы қамтыған.

You May Also Like

Ұстаз мәртебесі, мақала

Түстер әлемі ашық сабақ

Тре нинг. Түстер әлемі Түстер әлемі (Психокоррекциялық тренинг) Мақсаты: Балаларға негізгі түстерді…

Әкеге қарап ұл өсер, мақала

«Әкеге қарап ұл өсер…» «Әке – асқар тау» дейді халқымыз. Қазақ отбасында…

Жалпы адамзаттық құндылықтар – тұлғаны қалыптастырудың негізі, мақала

ЖАЛПЫ АДАМЗАТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – ТҰЛҒАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ НЕГІЗІ  Нарбекова Маржан Бастауыш сынып мұғалімі…