«Әкеге қарап ұл өсер…»

«Әке – асқар тау» дейді халқымыз. Қазақ отбасында әкенің орны, құрметі ерекше. Әке –  шаңырақтың ұйытқысы, қамқоршысы, тірегі. Сондықтан оған үлкен құрметпен қарау баланың парызы болмақ. Баланың бойындағы кез келген жақсылы-жаманды қасиетті байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейтіні тегін болмаса керек-ті.

Қазақ халқында «Бір бала бар – атадан өте туады, бір бала бар – кері кете туады» деген тұжырымға, баланың қандай болмағына негіз қалайтын да әкенің өзі. Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау — әрбір әкенің басты парызы.

Мақаламыздағы басты кейіпкері әкенің салмақты сөзі мен тәлімді тәрбиесінен үлгі-өнеге алып келе жатқан жас өнерпаз Алтынбек Олжас мектебіміздің 7М сыныбында оқиды. Олжас кішкентай кезінен бастап әкесінің қолқанаты, сенімді ізбасары болып өсіп келеді. Отбасындағы бес ұлдың ең үлкені, тұңғышы. Бауырларына қамқор, анасына да,  әкесіне де көмекші. Қазақ халқының жанына жақын жануардың бірі  – жылқы екені белгілі. Олжас әкесімен бірге жылқы шаруашылығымен де айналысады.Атқа күтім жасау, күнделікті жем-шөбін беру, баптау көп еңбекті талап ететіні рас. Бұл жұмыстарда Олжас әрине әрдайым әкесінің жанынан табылып, өз көмегін аямайды.

Әнге қызығушылығы басым болып өсіп келе жатқан жас өнерпаз өзінің ерекше дауысымен талай сахнаның төрінде ән салып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүр. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген дана сөзге сүйеніп, Олжастың өнерін шыңдап  ән айту мен сахна шеберлігіне баулып жүрген ұстазы, мектебіміздің музыка пәнінің мұғалімі Құсаинова Жұлдыз Әбсадыққызының да еңбегі зор деп айтсақ болады. Атап айсақ, осы ұстазының жетекшілігімен  2019 жылы Халықаралық Қазақ Творчестволық Бірлестігі ұйымдастырған  «Бейбітшілік әлемі» атты фестивалінде– Бас жүлдеге,  2020жылы Алматы қаласында өткен  «Жырлайды жүрек» атты белгілі ақын Мұқағали Мақатаев атындағы  ХІІ Халықаралық ән-жыр байқауында байқауында – І орынға, 2020 жылы Алматы қаласында өткен  Республикалық «Дала сазы» байқауында «Дәстүрлі ән» номинациясы бойынша – І орынға, 2021жылы  Қызылорда қаласында өткен Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған «Есіңе мені алғайсың!» атты қалалық байқауда – ІІ орынға ие болды. Сондай-ақ, 2020 жылы   Мұрагер мектебінің 100 жылдық мерейтойына үлес қосқаны үшін мектеп директорының атынан Алғыс Хатпен марапатталды.

Ұлының  бойындағы қабілеті мен тулаған талантын таныған  әкесі  ерекше өнерді ары қарай шыңдау мақсатында Олжасты жыр-терме үйірмесіне береді. Сонымен қатар қазіргі уақытта Олжас  сырнай аспабының сиқырлы әлеміне қызығушылық танытып жүргендіктен музыкалық аспаптың қыр-сырын меңгеруде. Әрине, жанына тек  өнерді ғана жақын тартпай, Олжас сабағына да жауапкершілікпен қарауды ұмытпайды. Дарынды шәкіртімнің келешегінен зор үміт күтіп, Олжасқа білім жолында ізденіс пен өнер жолында жетістік тілеймін.

You May Also Like

Қазақ мысының Қарашаңырағы -Қарсақбай, мақала

Тарих сабағында жаңа технологияларды пайдаланып,оқушылардың ойлау қабілетін дамыту арқылы шығармашылыққа баулу, мақала

Тарих сабағында жаңа технологияларды пайдаланып,оқушылардың ойлау қабілетін дамыту арқылы шығармашылыққа баулу  Білім…

Жаңартылған бағдарламаның жәй күйін жетік түсіндік пе? мақала

«Жаңартылған бағдарламаның жәй күйін жетік түсіндік пе?» Жаңа технологиялар қарыштап дамыған сайын,…

Әдебиет әлеміндегі әл- Фарабидің құнды қолтаңбалары, мақала

Әдебиет әлеміндегі әл- Фарабидің құнды қолтаңбалары Ортағасырлық ислам мәдениеті мен философиясы өз…