Функционалдық сауаттылық.     

          Мәтінмен жұмыс

ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 25 маусымдағы №832 қаулысымен бекітілген «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары» Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы мен Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізінде қабылданды.

Елбасының ұлттық жоспарды қабылдауға қойған міндеті:

–          Қазақстанның елу елдің қатарына кіруі;

–          Тұлғаның ең басты функциялық сапаларының қалыптасуы;

–          Белсенділік, шығармашылық тұрғыда ойлауы;

–          Шешім қабылдай алуы;

–          Кәсіби жолын таңдай алуға қабілеттілік;

–          Өмір бойы білім алуға дайын тұруы.

Ұлттық жоспардың мақсаты:

Қазақстан Республикасындағы мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылықтарын дамытуға жағдай жасау.

Ұлттық жоспардың міндеттері:

Мектеп оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудың отандық және халықаралық практикасын зерделеу; Функционалдық   сауаттылықты  дамыту бойынша шаралар жүйесін іске асырудың тетіктерін анықтау; Білім мазмұнын жаңғыртуды қамтамасыз ету: стандарттар, оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары; Білім беру процесін оқу-әдістемелік қамтамасыз етуді әзірлеу; Мектеп оқушыларының білім сапасын бағалау және мониторинг жүргізу жүйесін дамыту; Мектептің және қосымша білім беру жүйесі ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту.[1] 1-2 б.

Мектептік білім беру жүйесін жаңа уақыт талабына орай жетілдіру білім беру жүйесін өзіміздің ұлттық болмысымызға, негізге алынған ұстанымдарымызға сай құруды қажет етеді. Осыған орай мектептегі берілетін білімді шынайы өмірмен ұштастырып, мектепті бітіруші түлектерді үлкен өмірге дайындау қажеттігі туындайды.

Сонымен, функционалдық сауаттылық – жеке тұлғаның  әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы және өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық факторы, яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына қарай ілесе отырып, меңгерген білімді тұрмыс тіршілікте қолдана алуы мен жетілдіре отыруы. Сонда, функционалдық сауаттылық ұғымына келесі анықтаманы беруге болады: адамның мамандығына, жасына қарамастан меңгерген білімді сауатты қолдана алуы мен үнемі білімін жетілдіріп отыру процесі. Мұндағы басшылыққа алынатын функционалдық сапалар: белсенділік, шығармашылық тұрғыда ойлау, шешім қабылдай алу, өз кәсібін дұрыс таңдай алуға қабілеттілік, т.б., яғни, жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның өзгермелі әлемде әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттіліктерін қанағаттандыру болып табылады. Осыған орай, Ұлттық жоспарда функционалдық сауаттылықтың  төмендегідей негізгі тетіктерін бөліп көрсетеді.

–          білім беру мазмұны (ұлттық стандарттар, бағдарламалар);

–          оқыту нысандары мен әдістері;

–          білім алушылардың оқудағы жетістіктерін диагностикалау мен бағалау жүйесі;

–          мектептен тыс қосымша білім беру бағдарламалары;

–          мектепті басқару моделі;

–          барлық мүдделі әріптестікке негізделген тараптармен достық қалыптағы білім беру ортасының болуы.

Ұлттық жоспардың жоғарыда аталған мақсат, міндеттерін жүзеге асыруда төмендегідей тетіктері мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін білім беру жүйесінде басшылыққа алынады.

Оның алғашқысы – оқыту  әдіснамасы мен мазмұнын түбегейлі жаңарту, яғни мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту  жалпы білім беретін орта мектептің  Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын (МЖБС) жаңартудан бастау алуға тиіс. Ол үшін мұғалім білім алушының бойына алған білімін практикалық жағдайда тиімді және әлеуметтік бейімделу үдерісінде пайдалана алатындай негізгі құзыреттіліктерді  сіңіруі керек.

Олар:

–         басқарушылық (проблеманы шешу қабілеті);

–         ақпараттық (өз бетінше ақпарат көздері арқылы үнемі білімін көтеріп отыруы, сол арқылы танымдық қабілетін ұштау);

–         коммуникативтік (үш тілде: қазақ, орыс, ағылшын (шет) ауызша, жазбаша қарым-қатынас жасау);

–         әлеуметтік (қоғамда, өзі өмір сүрген ортада іс-әрекет жасай алу қабілеті);

–         тұлғалық (өзін жеке тұлға ретінде қалыптастыруға қажетті білім, білік, дағдыларды игеру, болашақ өзі таңдаған кәсібін өзі анықтау, оның қиыншылығы мен күрделілігіне төзімді болу);

–         азаматтық  (қазақ халқының салт-дәстүрі, тарихы, мәдениеті, ділі, тілін терең меңгеріп, Қазақстанның  өсіп-өркендеуі жолындағы азаматтық парызын түсінуі);

  1. технологиялық (әр азамат өз мамандығына қарай ақпараттық технологияларды, сандық технологияны, білім беру технологияларын сауатты пайдалануы).[2] 7-8 б.

Қазіргі мектептерде оқушылардың бойындағы функционалдық сауаттылық пен өмірге қажетті құзырлылықтар жиынтығын дамытуға басты назар аударыла бастады. Сондықтан әрбір ұстаз жаңа кезең талаптарына сай болу үшін педагогикалық үрдістің бірізділігін және оқу мен тәрбиенің біртұтастығын сақтай отырып, оқушының рухани өсуіне жағдай туғыза алатын, жаңалықтарды қабылдауға ынталы, өз әрекетіне өзгеріс енгізе алатын, өзгермелі өмірге оқушыны да, өзін де даярлай білетін шығармашыл тұлға болуы тиіс.

«Сауатты оқу – бұл мақсатқа қол жеткізу, білім мен әлеуетті дамыту, қоғамға қатысу үшін жазбаша мәтінді түсіну, пайдалану, көрсету және жұмыс жасау». (PISA, 2009). Оқу сауаттылығының 3 құрамдауышы бар,олар: жағдай, мәтін, аспект.

1-құрамдауыш, Жағдай:

Жағдайдың санаттары: жеке пайдаланым үшін оқу, көпшілік пайдалану үшін оқу (қоғамдық), жұмыс жасау үшін оқу және оқыту үшін оқу.

2-құрамдауыш, Мәтін:

Мәтін формасы: тұтас және жадағай. Мәтін типі: сипаттама, мазмұндау, мазмұндама, аргументациялау, нұсқау, келісім.

3-құрамдауыш, Аспект:

Аспектілер – бұл оқырман мәтінде, мәтін айналасында және мәтін арасында аталған тәсілдерді келісу үшін пайдаланатын психологиялық стратегиялар, тәсілдер және тапсырмалар. Оқу сауаттылығы тапсырмаларын әзірлеумен айналысатын бес аспект:

  • ақпарат іздеу, қол жеткізу және алу;
  • кеңінен түсінуді қалыптастыру;
  • интерпретациялауды дамыту;
  • мәтін мазмұнын көрсету және бағалау;
  • мәтін нысанын көрсету және бағалау.[4-5] 8-9 б, 79 б. 105-106 с –147с.

2012 жылы РІSА халықаралық зерттеуіне Батыс Қазақстан облысы бойынша 8 білім беру ұйымы қатысқан, оның ішінде 3 қалалық мектеп, 4 ауылдық мектеп, 1 колледж. Барлық қатысушылар саны 218, оның 128-і оқыту тілі  қазақша, 90-ы орыс тілінде білім беретін мектептер.

Осы  2012 жылғы PISA тапсырмасы бойынша мынадай 1 мысал келтіре кетейін. Мәтін «Печенье» деп аталады.

Бір қыз бала орталық вокзалда пойыздың келуін күтіп отырды. Уақытты қысқарту үшін ол кітап сатып алуды ұйғарды. Содан соң ол күту залынан тыныш қана отырып, кітап оқитын орын тауып алды.

Қораптағы печенье газет оқып отырған ер адам мен екеуінің ортасында тұрды. Ол бір печенье алған кезде ер адам да біреуін алды. Ер адамның бұл әрекетіне ол қатты таңырқады, бірақ ештеңе айтпастан кітап оқуын жалғастыра берді. Өзі іштей: «Сене алар емеспін! Мен батылдау адам болсам, міндетті түрде қарсы бірдеңе айтқан болар едім» деп ойлады.

Ол әлсін-әлсін қораптан бір печенье алған сайын ер адам да соны қайталады. Осы іс-әрекет бір ғана печенье қалғанша жалғасты. Қыз бала ер адам қандай әрекет жасар екен деп қарап отырды. Ер адам болса соңғы печеньені алды да, ортасынан тең бөліп, бір жартысын қызға берді.

Қатты ашуланған қыз кітабын сөмкесіне тоғытты да, бұл жерден кеткенше асықты. Ашуын басу үшін ол залдың басқа бір жеріне барып отырды. Ашуы тарқағаннан кейін ол кітап алу мақсатымен сөмкесіне қолын салды. Сонда ғана ол сөмкесінде қорабы ашылмаған өз печеньесін көрді.

Сұрақ 1.

Әңгіменің басында қыз бала не істеді?

А) Ол вокзалда пойыз күтіп отырды

В) Ол вокзалды тастап шығып кеткісі келді

С) Ол вокзалда ер адаммен сөйлесті

Д) Вокзалдан газет сатып алды

Сұрақ 2.

Әңгіменің ортасында қыз: «Сене алар емеспін!» деп ойлады. Қыз бала неге сене алмайды?

Сұрақ 3.

Көз алдыңызға елестетіңізші, әңгімеде сөз болған қыз бен ер адам әңгіме аяқталғаннан кейін бірнеше минуттан кейін кездескен болса, қыз бала ер адамға не айтар еді? 

Бұл мәтінде .

1-сұрақ жабық сұраққа жатады, себебі оқушы дайын жауаптан белгілейді. 2-3-сұрақтар ашық сұраққа жатады, себебі мәтіннен алатын дайын жауап жоқ, оқушы өзінше ой қорытып, тапсырманы өз бетінше орындайды, яғни  интерпретациялауды дамыту бойынша жұмыстанады. Интерпретация дегеніміз – қызығушылық тудыратын ерекше дағдылар, көзқарастар немесе кейде логикалық қорытынды деп те аталады.

3-сұрақта. оқушы мәтінді өзі аяқтайды, өмірлік жағдайлармен байланыстыра отырып, зерделейді.  Осы тапсырманың талдауына келсек,  оқу сауаттылығының аспект құрамдауышы бойынша 1-жабық сұраққа қатысушылардың 90%-ы дұрыс жауап берген, ал 2-сұраққа, яғни аспект құрамдауышының «ақпарат іздеу, қол жеткізу және алу» тапсырмасы бойынша оқушылардың 54%-ы дұрыс орындаған. 3-сұрақ аспект құрамдауышының «мәтін мазмұнын көрсету және бағалау» бойынша 70%-ы дұрыс орындаған.

Әр оқушы оқу сауаттылығының 3 құрамдауышы: Мәтін, Жағдай, Аспект түсініктерін күнделікті сабақта оқып, түсініп, тапсырмаларын мұқият орындауы шарт, ал мұндай тапсырмаларды орындау дағдыларын қалыптастыру жауапкершілігі мұғалімге жүктелетіні сөзсіз.

You May Also Like

Баланың тіл мәдениетін отбасымен бірге қалыптастыру, мақала

Дамыта оқыту технологиясын пайдалана отырып, студенттердің танымдық құзіреттілігін қалыптастыру, мақала

ДАМЫТА ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ПАЙДАЛАНА ОТЫРЫП, СТУДЕНТТЕРДІҢ ТАНЫМДЫҚ ҚҰЗІРЕТТІЛІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ  Қазіргі заман талабына…

Жастар жылы – Жас ұстаз, мақала

Мемлекеттік тіл, мақала

   Менің аты-жөнім – Магашова Жулдуз Рашидовна, мен Инновациялық Еуразия университеті Екібастұз…