А. БАЙТҰРСЫНОВТЫҢ ӘЛІППЕЛЕРІНІҢ ӘДІСТЕМЕЛІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Бұл мақалада Ахмет Байтұрсынұлының әліппелерінің ерекшеліктері жайында баяндалған.

Адамдық диқаншысы қырға шықтым,

Көлі жоқ, көгалы жоқ – қорға шықтым.

Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,

Көңілін көтеруге құл халықтың, – деп жырлағандай бар ғұмырын өз халқына шын құштарлықпен қызмет ету жолына бағыштаған зерделі ғалымның 1925 жылы өз кезеңінің жағдайын былай деп жазды: «Аш адам астың бабы мен дәміне қарамайды. Қазақ оқу жағынан қандай ашығып отырғанын топырлап мекеме алдын тоздырып, оқитын орын таба алмай жүрген қазақ балалары көрсетіп отыр. Сол ашығып отырған қазаққа бабын-дәмін келтіріп соңыра беретін асыңнан бабы-дәмі кем болса да әзір берген асың артық. Тамақты қарны тойыңқырап, қанағаттанған кезде талғайды».Әліппелерінің дүниеге келуі, қайта – қайта басылым көруінің себебі де осында.

Ғұлама әдіскердің өз қолымен жазған, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырған, кезеңіне сай теңдесіз қызмет атқарған, шарқ ұра үнемі іздену, жылдан-жылға толықтыру, жетілдіру сарабынан өткен әліппе, оқу құралдарының жалпы саны – 15. Бұл тізбекке А.Байтұрсыновтың шәкірті Телжан Шонанұлымен бірге жазған үш «Оқу құралын» қоссақ, барлығы – 18. [1, 443-445б].

Ахмет Байтұрсынұлы әліппелері мектепке жасаған көп жылдық (14 жыл – 1895 – 1990 жылдар) педагогикалық эксперименттік еңбегінің қорытындысы, нәтижесі. Сонымен қоса «Әліпби», «Оқу құралдары» балаларды неге және қалай оқытамыз деген сауал төңірегіндегі ғылыми педагогикалық, әдістемелік ізденістерінің куәсі тәріздес.

Жалпы «Оқу құралы» мен «Әліпбиді» (жаңа құрал) шығарудағы мақсаты: қайсысымен оқытқанда балалар оқу мен жазуды тез үйренетінін анықтау, осы жағынан тәжірибе түю. Әліппелерінде қандай принцип ұстанса да, әдіс-тәсіл қолданса да , нақты да дәл болуын көздеген. Біздің ойымызша, А.Байтұрсынов әліппелері арқылы мынадай мақсатты шешуге әрекет ұстаған: 1) ана тілінде сауат аштыру; 2) шәкірттің көркем талғамын қалыптастыру; 3) табиғат құбылысы мен адам тұрмысының әр қырымен таныстыра отырып практикалық білім беру; 4) оқыта отырып тәрбиелеу, адамгершілік тәрбиесін беру.

Осы бағыттағы шәкірттердің сауатын ашуды, ана тілінен тиянақты білім беруде белгілі бір жалпы дидактикалық принциптерге сүйенетініміз сөзсіз. Бұл орайда А.Байтұрсынов: 1) ғылымилық, 2) көрнекілік, 3) жүйелілік, 4) түсінуге жеңіл қолайлылық принциптерін басшылыққа алған. Аталған принциптердің сақталуы  әліппелерінде алынған жадығаттардан (материал), олардың орналасуынан да анық байқалады.

Мысалы, А.Байтұрсынов «Оқу құралы» (Орынбор, 1912) арқылы қазақ тіліндегі дауысты, дауыссыз дыбыстарды, олардың таңбасын меңгертуді көздеген. Әліпби қазақтың төл дыбыстық артикуляциясына дәл келтіре тұжырымдалған. Оқулықта ең алдымен 28 дыбыстың таңбасын меңгертуді, соған орай жаттықтыруды көздеген. Қолданған амал-тәсілдері де, ұсынған мысалдары да бірте – бірте оңайдан ауырға қарай күрделене түседі. 1- сабақта (шартты түрде бөліп қарағанда «а», «р», «з», дыбыстарын меңгерту бағдарланған.Бұл үш әріпті үйрету үшін ескертпе – нұсқау да берген. Онда балалардың дыбыстарды естумен қатар өз көздерімен көруі керектігін, ол үшін дыбыс таңбасын бормен тақтаға әдемілеп жазу арқылы не әрбір әріпті бір-бір жапырақ қағазға үлкен етіп көрсетуді, яғни, көру көрнекіліктерін пайдалануды ұсынады.Қысқасы, әліппеде берілген мысалдарға назар аударсақ мынадай реттілікті, жүйелілікті байқауға болады: 1) әуелі дыбыс таңбасының берілуі; 2) бір буынды сөздерді алу; 3) екі-үш буынды сөздерді келтіру; 4) барлық сөздерді алдыңғы өтілген әріптерден тұруы; өтілмеген әріп қоспау; 5) жеңілден ауырға қарай өсуі, әрбір дыбыстың бір-бірлеп, қосылып отыруы(ар, ара, араз – әуелі бір буынды сөзге (ар) «а» әрпі (ара), сосын «з» әрпі (араз) (аз –аза – азар); 6) дыбыстық үндестікке, қайталауларға аса мән беруі оқуға (сөзді) жеңілдік туғызған; 7) ұсынылған сөздері бала түсінігіне жақын, ұғымына сай болуы, бейтаныс, бөтен, түсініксіз сөз болмауы (ар, ара, араз, аз, аза, азар, зар); 8) ең соңында алынған сөздердің тәрбиелік мәні болуы да ескерілген.Әліппе бойынша бірінші сабақта жеті сөз, екінші сабақта екі есе сөз ұсынған. Балалар ерекшелігіне сәйкес сөздер көп болуы да, аз болуы да мүмкін екенін ескерген. Ал әрі қарай дамыту мысалдармен толықтыру мұғалім шеберлігіне, білім дәрежесіне байланысты. Ең бастысы оқытудың әдіс-тәсілдерінің ғылымилық жағы ескерілуі тиіс. А.Байтұрсынов тұңғыш әліппесін жаза отырып, оқытудың осы жағына қадам, ұмтылыс жасады. Жалпы мәтін жазуда жаңылтпаш айту тәсілін жиі ескерген әрі шебер қолданған. Әліппе осынысымен құнды.

Әдіскер «с» дыбысын өтерде ғана, яғни үшінші сабақ тұсында, сөз тіркестерін құрастырады. Онда  да сөз тіркестері екі сөзден ғана тұрады. Әрбір сыңарлары бір не екі буынды сөздерден алынған. Мысалы: Саз, аз. Ас, асар. Алса, алар.Салса, салар. Азса, азар. Сөздер бір – бірінен туындап, өрбіп отырады. Қиындықсыз, жеп – жеңіл, оп – оңай оқылады. Оқушы оқуға ыңғайлы, қызыға да құмарлана, ынталана оқиды.

А. Байтұрсынов әліппелерін құрастыруда, мәтін жазуда жаңылтпаш айту тәсілін жиі ескерген әрі шебер қолданған. Шәкірт тілін дамытудың басты амалдарының бірі деп есептеген. Әрбір ұсынылған мәтіндерден кейін тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініндей мақал – мәтелдер берілген. Көп жағдайда мәтін мен мақалдың арасындағы мағыналық үйлесімділік те ескерілген. Екеуінде де үйретілер дыбыс, дағды бір арнадан шығып отырады, соған әрекет етеді. Бұндай іштей үйлесімділік, өзара сабақтастық, байланыстылық айналып келгенде әдістемелік жүйелілікті аңғартады. Байқап қарасақ А. Байтұрсынов әліппе арқылы тек сауат ашқызып оқытып қана қоймай, өз ой – пікірін де қоса білдіргендігіне көз жеткізу қиындық туғызбайды. Бұдан шығар қорытынды    әліппе оқыту құралы ғана емес бүлдіршіннің сана-сезімін оятушы, өмірге көз қарасын, көркем талғамын қалыптастырушы тәрбие құралы да.Үңіле қарайтын болсақ, әліппеде мақал – мәтелдер, жаңылтпаштар, жұмбақтар көптеп кездеседі. Әдіскер ағартушы бұларды да ел өмірінен ала отырып, рет – ретімен, тіл дамыту, тәрбиелеу құралы ретінде пайдаланған. Балалардың жас ерекшелігіне сәйкес тіл дамытуда, ой ширатуда таптырмайтын құрал  әрі қажетті тәсіл екенін жоғары бағалай білген деп тұжырым жасаймыз. Мақалдарды белгілі бір жүйелілікпен, бірізділікпен орналастырған.

Ұсынылған мәтіндер арқылы балалар бойына туған еліне, отбасына, табиғатқа, ел тарихына деген сүйіспеншілікті сіңіруді мақсаттанған. Шәкіртті адамгершілікке, еңбекқорлыққа, достыққа, имандылыққа үйірген.Мысалы: «Күз белгісі» мәтіні арқылы балаға мезгіл құбылыстарын аңғартуды, айналаға зер сала жүруді, сөйтіп өмір тануды үйретеді. Оқушыны байқағыштық, сергектік, істі алдын ала болжағыштық қасиеттерге баулиды.

Қорыта келгенде, А.Байтұрсынов әліппелерінен жоғарыдағыдай әдістемелік иірімдерді молынан келтіре беруге болады. Бұлардың бүгінгі оқыту ісімізде пайдасы шексіз.Оқу құралдарының өміршеңдігі де осында. Мұның бәрі айналып келгенде тілді оқыту әдістемесі тарихынан бастау алатындығында.

You May Also Like

Критериалды бағалау – сапалы білім өлшемі, мақала

Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту- өмір талабы, мақала

Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту- өмір талабы. «Барлық нәрсені біліп, анализ жасай білуі…

БОЛАШАҚТЫҢ ІРГЕСІН БІРГЕ ҚАЛАЙМЫЗ, мақала

БОЛАШАҚТЫҢ ІРГЕСІН БІРГЕ ҚАЛАЙМЫЗ! Қазақстан Республикасының Президент Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы (28.01.2011,  Астана…

Бәсекеге қабілеттің медия ұстаз, мақала

«Бәсекеге қабілеттің медия ұстаз»         Ұстаз – бұл қоғамның негізгі тірегі… болашақ…