ҒЫЛЫМИ ЖОБА 

Секция: медицина және адам денсаулығын қорғау 

Тақырыбы:

«Қымыз»

 

Мазмұны:

Аннотация………………………………………………………………………………..
І. Кіріспе …………………………………………………………………………………
ІІ.Зерттеу бөлімі……………………………………………………………………….
А) Қымыз түрлері…………………………………………………………………….
Ә) Жасалу жолдары…………………………………………………………………
Б) Шипалық қасиеті…………………………………………………………………
ІІІ. Қорытынды ……………………………………………………………………….
ІV. Ұсыныстар…………………………………………………………………………

Аннотация
Ұлттық тағам – ұлы тағам. Ата –бабаларымыздан мұра боп қалған осындай ұлттық тағамдарымыз бен сусындарымыз, яғни ұлттық өнімдерімізді білу оқушылардың міндеті.

3-сынып оқушысы Тоқбаул Нұрәділдің “Қымыз” атты тақырыпта ғылыми зерттеу жұмысын жасады.

Зерттеу жұмысының барысында ұлттық тағамдардың ең құрметтісі, дастарқан дәмінің бірі-қымыз жайлы, олардың адам денсаулығына келтірер емдік шипалы сусын екендігін зерттеп, өз ойымен ұштастыра білді.  

Кіріспе

Мен бұл жобамды қазақ халқының сусыны – қымыздың шипалық қасиетін зерттеуге арнадым. Қымыз – қазақтардың сүйікті тағамдарының бірі. Осы бір тамаша сусын салтанаттардың барлығында алдымен ұсынылатын тағам. Әйел адамдардың асқан шеберлігі алдымен баптап ашытқан қымызының сапалылығымен бағаланған. Тостағандағы қымызды тауысып ішпей, түбінде сарқыт қалдыру айып болып саналған.
Әкем маған ылғи да «қымыз іш, ол пайдалы» дей беретін. Маған осы қымызда не пайда бар екен деген ойлар жиі келетін. Сол сұрақтарыма жауап іздеп көруге бел байладым. 

Зерттеудің мақсаты: Қазақ халқының ұлттық сусыны-қымыздың пайдасын анықтау арқылы маңызын көрсету. Қазақтың сусыны қымызды ұлттық бренд ретінде әлемдік нарыққа шығару қажеттілігін түсіндіру.
Гипотеза: Қымыздың дәстүрлі медицинадағы емдік қасиеті туралы тың мәліметтер таратуда – қымыздың жасалу жолындағы құрамын анықтай отырып, қандай дәрумендер адам денсаулығы үшін маңыздылығы мен пайдасын асыруға мүмкіндік тудыру. Болашақта қымыздың ұлттық сусындардың ішіндегі бренд болатындығына сендіру.

Зерттеу барысы: 

  1. Өз қалауым бойынша тақырыпты таңдадым.
  2. Таңдалған тақырыбымды жетекші мұғалімнің көмегімен талқыладым.
  3. Осы өнім жөнінде ауыл шаруашылық мамандарынан толық мағлұматтар мен кеңестер алдым және сол бойынша зерттеу жұмысын бастадым.
  4. Ізденіс жұмыстарын жүргізу барысында ата-анамның, ата-әжемнің көмегімен ұсынып отырған жұмысыма қосымшалар жасадым.
  5. Жиналған деректерім бойынша және жүргізілген зерттеулер қорытындысымен өз ғылыми жобамды құрастырдым.

Негізгі бөлім

Ең алғаш қымыз туралы зерттемес бұрын жетекшіммен ақылдасып, жұмысты неден бастарымды жоспарлап алдым.

  1. Қымыздың құрамын анықтау.
  2. Қымызды дайындау әдістерін үйрену.
  3. Қымыздың емдік қасиеттері қандай?

Үйірілген сары алтындай сары қымыз,

Ауруға – ем, сауға – қуат, дәрі қымыз.

Елімнің баяғыдай сүйген асы,

Шығаршы тағы нең бар кәрі қымыз, -деп жырлаған екен Жамбыл атамыз.

Қымыздың құрамын анықтау мақсатында мен жетекшіммен бірге алғашында кітапханаға барып «Ұлттық энциклопедия» кітабіндегі мәліметті оқыдым, әрі өзіме түртіп алдым.

Қымыз сүт тәрізді ақ- сұрғылт түсі бар, біркелкі болады.

Қымыздың химиялық құрамының атауларымен толық танысу үшін  мектебіміздің химия пәнінің мұғалімі Қалдыбаева Алтынай Бекболқызымен  кездестім.  Бие сүтінің химиялық құрамы процент есебімен алғанда мынадай болып келеді: сүттегі қант-6.7%, жалпы белок-2.0 %, казеин-50.7%, минералды тұздар-0,5%, май- 1.3-2.0%, витаминдер: А вит.- 0.125-0.832мг, С вит.- 97-135мг, В тобындағы витаминдер, Д вит., Е вит.-0.65-1.05 мг.

Ғылыми мағлұматтар бойынша қымыздың құрамында витаминдер де кездеседі:

       1 л қымыздағы витамин мөлшері:

  1. Витамин А және каротин 0.9-6.9 мг
  2. Витамин С (аскорбин қышқылы) 91-157 мг
  3. Витамин В1 (тиамин) 194-154 мкг
  4. Витамин В2 (рибофлавин) 257-416 мкг
  5. Витамин В12 (цианокоболамин) 3.25-4.05 мкг
  6. Витамин РР (никотин қышқылы ) 299-1060 мкг

Бұның өзі қымыздың қасиеті мен бірге оның түрлерінің көп екенін аңғартады. Қазақтар жыл маусымына қарай қымызды уыз қымыз, жазғы қымыз, күзгі, қысқы қымыз деп атаған.

Солардың негізгі түрлері мыналар:

Уыз қымыз – бұл бие сүтінің уыз дәмі таралған кезде ашытылған қою қымыз;

Сары қымыз – жаз ортасындағы, шөп әбден пісіп, буыны қатқан кездегі қымыз;
Түнемел қымыз – мол қордың үстіне сүт қышқылы арнаулы торсықта сақталып, екі тәулік сапырылған, пісуі жеткен қымыз;

Құнан қымыз – үш тәулік бойы ашытылады;

Бал қымыз – бал, қант секілді тәтті қосып жуасытқан қымыз;

Дөнен қымыз – төрт тәулік ашытылады;

Бесті қымыз – бес тәулік ашытқан қымыз;

Асау қымыз – бесті қымыздан да күшті қымыз;

Жуас қымыз – баяу ашыған немесе саумал қосқан қымыз;

Қорабалы қымыз – мол қордың үстіне күн сайын сүт құя отырып, бірнеше күн жинаған қымыз;

Сірге жияр қымыз – күзді күні бие ағытарда соңғы қымыз бірнеше күн
жиналады.
Биенің жаңа сауылған сүті – саумал деп аталады. Бұл саумалды жылыдай кішкене сәбилерге беруге болады. Саумалды бие шелегіне (күбі деп аталады) құймас бұрын шелекті дайындап алу қажет. Яғни, оны алдымен қаймақпен майлап аламыз. Майланған шелекті тобылғыны жағып ыстаймыз.
Дайын болған шелекке қор құямыз: «Қор» деген апамның айтуы бойынша күзде қымыз ашыту маусымының аяғында, күбідегі қымызды бірнеше күн бойы тимей, сұйығы бетіне шығып, маңызы түбіне тұнғанға дейін ұстайды.Сосын әлгі тұнбаны дәкеге салып сығып, одан қалған қоюын кептіреді де, жабық ыдысқа салып, келесі көктемге, алдағы қымыз ашыту маусымына дейін салқын жерге сақтайды. Міне осы қорды салған соң қымызды күбіге құюға болады. Саумалды құйған соң оны көп уақыт жақсылап піспекпен пісу керек. Әбден пісілген қымыз ертесіне ашып, ішуге дайын болады.

Таза қымызды алу үшін не қажет?  Біз таза қымыз алу үшін оны беретін бие, яғни жылқы малын да күтіп баптау керекпіз. Сүттің химиялық құрамы биенің физикалық және қоректену жағдайына ауа-райына, күтіміне байланысты болады, – деді жылқы бағушы өз сөзінде. Және таңертең ертемен биені байлаған соң оны күні бойы 1,5-2 сағат сайын сауып, кешке қарай оны өріске айдап жіберу керек.  Мал дәрігерлерінің айтуы бойынша : «Жылқы малын жылына 1 рет «жамандап» ауруына қарсы егу керек. Сонымен қатар  жылқы малын әртүрлі аурудың алдын-алу үшін тексеріп отыру керек екен.      

Қазіргі медицинада қымызды антибиотиктермен және басқа да дәрі-  дәрмектермен байланыстыра отырып, өкпе, сүйек және бүйрек туберкулезін, жүрек, қан тамырлары ауруларын емдегенде, сондай-ақ витаминдер жетіспегенде, зат алмасу бұзылғанда қолданады. Антибиотикалық дәрі- дәрмектер қымыздың құрамындағы: витаминдермен, қоректік заттармен, ашытқылармен қосылып организмге оңай сіңеді. Өзінің адам организміне жасайтын күрделі және әр жақты әсеріне қарай қымыз тіршілік көзі ретінде ықпал етеді және маңызды тамақ өнімі болып табылады.

Қымыздың құрамына кіретін түрлі заттардың бәрі де адамның бойына жақсы сіңеді. Майы дәмді, белогы жұғымды. Аз шамада кездесетін сүт және көмір қышқылдары адамның тәбетін ашып, асқазанның жақсы жұмыс істеуіне жағдай туғызады. Бие сүтінде «С» витамині мол болады. Сондықтан да туберкулез ауруынан емдеу үшін айрықша жоғары. Туберкулез ауруы туралы мағлұмат алу мақсатында мектеп мейірбикесі Шелбаева Мереке Абилкаировнамен  кездестім.

Сондықтан да туберкулезді қымызбен емдейтін ең алғашқы курорт 1858 жылы Самара қаласының маңында ашылған. Қазақстанда қымызбен емдейтін алғашқы ашылған санаторий — “Бурабай”.

Қымыздың қасиеті жайлы “Қазақтың халық медицинасы” кітабында: “Қымыз – шипалы сусын. Ас қорытуға көмектеседі. Денені, жүйкені қуаттандырады, ұйқыны түзейді. Өкпе туберкулезіне шипа болады. Көңілді көтеріп, рухтандырады.  Ұзақ науқастан кейін арықтап, дененің әлсізденуіне, созылмалы өкпе туберкулезіне маусымның соңынан шілденің аяғына дейінгі қымыз өте жақсы ем болады. 3 айға дейін науқас адам шамасына қарай 1-2 литрге дейін күніне 2-3 рет ішкені жөн. Сонымен қатар қымызды жиі пайдалану ағзаны түрлі аурулардан арылтып, адамның оларға қарсы тұруына күш береді” делінген. Аурудың даму барысына қарай Қымызбен емдеу әдістерін Қазақ тағамтану академиясы зерттейді.

Қымызбен емдеу ережесі: алғашқы 3 — 4 күн бойы аз-аздап, күніне 0,5 л-дей ғана ішіп, кейін 1 л, одан да көбірек ішуге болады. Қымызды тамаққа дейін 1 — 1,5 сағ бұрын ішу керек.

Қорытынды

Әрдайым алда жүретін Еуропа тағы да алдымызды орап кетті. Бүгінде қымыз өндірумен Германия, Голландия, Австрия, Италия мемлекеттері айналыса бастаған. Неміс ғалымдары қымыздың емдік қасиетін дәлелдегеннен кейін күллі Еуропада оған деген сұраныс жыл сайын арта түсуде. Өйткені бұл табиғи дәріні көзі ашық, жаңалықты бізге қарағанда тез қабылдайтын Еуропа жұрты бірден жоғары бағалап, қол жетімді қылуға күш салған. Бір ғана Германияда қазір осы өндіріспен 50-ге тарта кәсіпорын айналысады (бізде бар болғаны 10 шақты кәсіпорын ғана)

Басқада мемлекеттер туралы білу үшін мектебіміздің география пәнінің мұғалімі Сарманова Гульнар Жайлаубаевнамен кездестім.

Қымыз – ауруға ем, сауға қуат. Қымыздың денсаулыққа тигізер пайдасын айтып тауыса алмайсың. Қымыз құрамында «С» дәрумені мол, сиыр сүтімен салыстырғанда он есе көп. Оның емдік қасиеттері, әсіресе құрт ауруын емдеу қасиеті жоғары. Оның адам ағзасын әлсірететін созылмалы ауруларға қарсы күресетін артықшылығын да айта кеткен жөн.Дәрігерлер қымызды безгек ауруына және жөтелге қарсы ішуге ұсыныс жасайды. Қымызбен емделгенде қан құрамындағы гемоглобин эритроцит көбейеді. Тамырдың соғуы жиілеп, қан айналымы жылдамдайды. Қан тамыры жұмысы мен жүрек соғысы жақсарады.

Оның төмендегідей қасиеттері бар екен:

–    Денені қуаттандырады

–    Ас қорытуға көмектеседі

–    Ұйқыны түзейді

–    Көңілді көтереді

–    Өкпе туберкулезіне шипа болады

–    Адамның ұзақ өмір сүруіне көмектеседі

Міне керемет, қымыздың сыры да, шипасы да, түрі де, пайдасы да көп екен ғой.

Ендеше достарыма айтарым шипалы сусын қымызды күнделікті ішіп

отырсақ, біз ең мықты, ең ұғымтал, ең зерек, ең дені сау азамат болып өседі екенбіз. Және жетекшіммен бірлесіп, үлкен ағаларға  мынадай ұсыныстар жасадым:
1.Шипалы әрі шөл басар сусын ретінде сауда орындарында  қолайлы ыдыстарға құйылып сатылса;

2.Дүкендердегі зиянды сусындарды қымызбен алмастырса;

3.Салауатты өмір кешу мақсатында тойларда дастарханға тек қымыз қойылса;
4.Қаламыздың  демалыс бағында  жаздық қымызханалар көптеп ұйымдастырылса.

Ұсыныс
1. Қымыздың адам денсаулығына, аурудың алдын алу мақсатында сапалы дайындалған қымызды әрбір жас ұрпаққа ішкізіп, кеңінен қолға алынса.
2. Қымызды ауру түрлеріне байланысты шипа ретінде пайдаланатын бірқатар емдеу сауықтыру орындары ашылса.

You May Also Like

Үй жағдайында слайм жасау және оның пайдасы мен зияны, ғылыми жоба

Секциясы: Жаратылыстану Жобаның тақырыбы: «Үй жағдайында слайм жасау және оның пайдасы мен…

Қазақстандағы ұйғыр әдебиетінің Тәуелсіздік кезеңіндегі өзгерістері мен жетістіктері, ғылыми жоба

Тақырыбы:                 «Қазақстандағы ұйғыр әдебиетінің Тәуелсіздік кезеңіндегі өзгерістері мен жетістіктері» «Қазақстандағы ұйғыр…

Ою-өрнектердегі математика, ғылыми жоба слайд

Жылыжайлар, ғылыми жоба

Мазмұны Кіріспе 3 1 Бөлім. Жылыжай туралы жалпы түсінік 1.1 Жылыжай жағдаяттарын…