Секциясы:  Әдебиет

Тақырыбы: М. Әуезовтің «Абай жолы» романындағы әдет – ғұрыптар мен салт – дәстүрлер.

Мазмұны

І.Кіріспе

ІІ. Негізгі бөлім

2.1. «Абай  жолы» романындағы үйленуге қатысты салт-дәстүрлер.

  1. 2. «Абай жолы» романадағы балаларға қатысты орындалатын салт-дәстүрлер
  2. 3. «Абай жолы» роман-эпопеясындағы қазақ халқының қонақ күту дәстүрі

2.4. «Абай жолы» роман-эпопеясындағы қайтыс болған адамға қатысыты жасалатын салт-дәстүрлер, рәсімдер. Қаралы көш

ІІІ. Қорытынды

Кіріспе

Халқымыздың көне дәуірден бастау алатын бай тарихы, сан түрлі мәдениеті, өзіндік әдет- ғұрпы,салт-дәстүрі бар, пейілі кең байтақ даласындай қонақжайлылығы рухани мәдениетімізде суреттелгенімен қатар басқа елдер мойындағаны белгілі. Ұлтымыздың болмыс бітімі турасында небір ойшыл ғалымдар айтып өткендей, тыныштықта тәубешіл, жаугершілік сәтте тәуекелшіл, зерделі де ойшыл, сабырлы да төзімді, шыдамды да мейірімді, елгезек те еліктегіш, кеңпейіл де кішіпейіл, ерегескенмен ерегесетін, әділдікті жақтай білген халық.

Қазақ халқы салт-дәстүрді берік ұстанған. Оны әрқашанда орындап, ұрпақтан ұрпаққа асыл мұра ретінде қалдырып отырған. Қазақ «қазақ» деген атын осы күнге дейін өзінің қазақи салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен, тыныс-тіршілігімен талай елді таң қалдырып келеді. «Ата салтың-асыл қазынаң» демекші осы тәуелсіз еліміздегі ата-бабаларымыздың қалдырған асыл мұрасын қадірлеп, әспеттеп, жоғалғанды жаңғыртып, көнергенді жаңартып келер өскелең ұрпаққа мұра етіп қалдыру ата-бабаларымыздың міндеті болса, оны қастерлеу, орындау – біздің борышымыз.Салт-дәстүрлер қандайда бір  халықтың мәдени даму дәрежесін, өзіндік ерекшеліктерін көрсететін,оны басқа халықтан айырып танытатын белгі десек те болар. «Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» деген мақал осыған дәдлел. Сонымен бірге салт-дәстүрден адамдар өзінің өзгеден айырмашылығын, жеке басын танып білдіреді.

Жазушы Мұхтар Әуезовтің бар ғұмыры ғасырлар қойнауынан жеткен қара сөз бен өлең сөздің құпия қатпарларын зерттеп, ерекше ықыласпен қабылдап, оның өз ұлтының этносына сұлу да сырлы, терең көрінетін жұмбақ қасиетіне нұр қосып, құнарлы тілдің тұқымын егіп, жемісін сан ұрпаққа мәдени мұра етіп қалдырумен өтті. Қаламгердің көркемсөзді сүюін сол сөздерді өз туындыларында дөп басып пайдалану шеберлігінен байқауға болады.Ұлы суреткер алғашқы туындыларының өзімен-ақ бүкіл тіршілігі сөз бағып, сөз өсірумен келе жатқан дала тұрғындарының дара менталитетін, салт-дәстүрін дәл аңдап, айтар ойына алтын айдар тағуды машық қылды (Сыздық Р., 1997, 23 б.).                               Дәстүр – мәдениеттілік белгісі. Ол ел өмірімен біте қайнасып кеткен рухани байлық. Сонымен қатар бұл уақыт сынына төзген, өркениетке бет бұрған халықтың барынша жүйеленіп қалыптасқан өзіне тән өмір сүру формасы («Ата жолы» тарихи танымдық сайты:http://www.atazholy.kz.).

Салт-дәстүр уақыт талабына сай кешегінің негізінде дамып, жаңарып отырады. Әр халықтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы сол халықтың келбеті, тәрбиелік ережесі іспеттес болатыны белгілі. Қазақтың тұлғалы ғалымы Қаныш Сәтбаев «Абай жолы» – қазақ өмірінің жарты ғасырлық энциклопедиясы» деп дәл анықтама берген. Әуезов Абай өмірін шығармаға өзек ете отырып, сол тұстағы халықтың өмірін, тұрмыс-тіршілігін, әлеуметтік жағдайын, салт-санасын, әдет-ғұрпын, дәстүрін терең қамтып зор шыншылдықпен көз алдымызға әкелді. Үш жыл оқып елге келе жатқан 12–13 жастағы баланың 60 жасқа жуықтағанға дейінгі өмірін оқып отырып, Абаймен бірге ғұмыр кешкендей әсерде боласыз. Мұхтар Әуезовтей қазақ халқының салт-дәстүрін жетік әрі терең білетін автор болмаса керек деп ойлаймын. Адамның туғаннан бастап ана өмірге кеткенге дейінгі өмірінде кездесетін торқалы той мен топырақты өлімде көрінетін салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың барлығын кездестіруге болады. Ол жазушының «Еңлік-Кебек», «Қараш-қараш оқиғасы», «Қаралы сұлу», «Қыр суреттері» сынды шағармаларында біршама көрініс тапса, «Абай жолында» жан-жақты қамтылады. Абайдың Ділдәмен үйленуі, Әйгеріммен үйленуі, Айдар мен Ажардың тағдыры бейнеленетін сюжеттердің барлығы біздің ұлтқа ғана тән салт-дәстүрлердің әдемі жиынтығы іспеттес. Құда түсу, қыз көру, қыз ұзату, ұрын бару кезінде жасалатын кәделер, құйрық-бауыр жеу, неке қияр барлығы да «Абай жолында» кең қамтылған әдет-ғұрыптар.                                                                                                            Өлім жөнелтуге байланысты қазаны естірту, жоқтау, дауыс салу, қаралы ту тігу, қаралы атты күзеу, көшкенде қаралы аттың ер тоқымына қайтыс болған кісінің киімін жауып қойып оны бос жетекке алу, ас беруде қаралы атпен көрісу, қаралы туды жығу, көші-қонға қатысты салттар ерулік, қарулық, жұрт майлау, қымызмұрындық сынды ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрыптардың жиынтығы біртұтас суреттелген бір туынды болса, осы «Абай жолы» деп айтуға болады. Салт-дәстүрден өзге аңшылық, саятшылыққа қатысты қанжыға майлау, олжаны біреудің қанжығасына байлау, олжа салу сынды кәделер «Абай жолында» қанық бояумен боялғандай көрінеді.          «Абай  жолы» роман-эпопеясында Мұхтар Әуезов ұлы ақын Абай Құнанбаевтың жеке өмірін, күресін ғана суреттеп қоймайды, сонымен бірге ақын өмір сүрген сол дәуірдің шындығын мейлінше мол әрі терең бейнелейді. «Абай жолы» роман-эпопеясында, суретшінің дәуір шындығы, феодалдық-рулық тартыстар, көшпелі қоғамдағы топтың жіктелуі, қарапайым еңбек адамының аянышты, азапты өмірі ғана емес, ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ халқының таным-түсінігі, әдет-ғұрпы, салт-жоралғылары, көшпелі тұрмысы, бір сөзбен айтқанда, қазақ халқының өмірі, жан-жақты эпикалық планда, энциклопедиялық тұрғыдан терең суреттеліп жазылған. Сондықтан да халқымыздың біртуар ұлы перзенті Қаныш Имантайұлы Сәтпаев: «Егер сен ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ халқының өмірін, тіршілігін, тарихын, әдет-ғұрпын білгің келсе, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» оқы. Ол – шын мәніндегі энциклопедиялық шығарма», – деп бағалаған. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, өмір сүруін жан-жақты бейнелейтін энциклопедиялық «Абай жолы» роман-эпопеясында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, халықтың әдет-ғұрпы терең суреттелген тұсын ғана алайық. Біз қазір белгілі бір жағдайда орындалатын халқымыздың салт-дәстүрін біле бермейміз. Романда халқымыздың салт-дәстүрі сол кездегі өмір шындығымен астасып, романның көркемдік қуатын күшейтіп, романдағы кейіпкерлер әлемімен тұтаса келе көз алдымызға көркем шежірелі ғажайып өнер туындысын ұсынады. Жазушының әрбір туындысы үлкен еңбекті, ізденісті қажет етеді. Ал «Абай жолы» роман-эпопеясын жазуға Мұхтар Әуезов үлкен дайындықпен келіп, оған дейін аса мол ізденіс сатыларын бастан өткерген еді. Осындай  жазушының талмай еткен еңбегінің арқасында, қазақ әдебиетіндегі тұңғыш, шоқтығы биік роман-эпопея дүниеге келді. «Абай жолы» роман-эпопеясында жазушы М.Әуезов ұлы ақын Абай Құнанбаевтың жеке өмірін суреттей отыра, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамындағы шындық, ондағы талас-тартыс, тап арасындағы қарама-қайшылықтарды, жеке бір адам өміріндегі өзгерістермен байланыстыра отырып өте шебер бейнелейді. М. Әуезовтың халық өмірін терең білуі, оның энциклопедиялық білімі мен жазушылық дарын шеберлігінің ұштасып келуі «Абай жолы» романының реалистік көркемдік деңгейін ғарышқа көтеріп кеткендей.
       Мұхтар Әуезовтің қай шығармасының тілін алсақ та қазақ халқының мәдениетіне тән, этномәдени шеңбері ауқымды, ұлттық нақышқа бай. Сондықтан бүгінгі таңда туған жекелеген байсалды еңбектерге қарамастан, оның мұрасы әлі ұзақ уақыт жан-жақты, сан алуан, әр бағыттағы зерттеулердің объектісі болып отыр.

Негізгі бөлім

2.1. «Абай  жолы» романындағы үйленуге қатысты салт-дәстүрлер.           М.Әуезов қазақ қанымен біте қайнасып кеткен ең ұлы дәстүрлеріміздің бірі той жасау салтын өз шығармаларынан қалыс қалдырмаған-ды. «Той дегенде домалайды қу бастар»  деген сөз нағыз қазақ жұртына  айтылғандай. Әрине ,қазақтың тойы ешкашан да  бітпесін. Бұл тойда халқымыз бар жиған  тергенін өзінің жақындыры, ұл- қыздары, бауырлары, туыстары үшін аямай шашып, есесіне жарты ғұмырларына жетерліктей қуаныш шаттыққа бөленіп, бір марқайып қалары һақ. Ауыз толтыра айта берсек шашымыздың түгі жетпестей болар еді.                                                                          М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында Абайдың Ділдәмен отау құруы да бірнеше  салт-дәстүр арқылы көрініс табады.

Осыдан он жыл бұрын Алшынбай ауылына Құнанбай кеп құда түсіп, Ділдәні Абайға айттырған уақытта, бас құда Құнанбайға кит деп, Алшынбай ауылы күміс таратқан .(М.Әуезов.Абай жолы.Роман-эпопея.1.2 – кітап.179 б.)

Құдалық (дәстүр) – күйеу жігіттің әкесі баласы мен, өзінің жақындары мен құда түсуге келеді. Құда түсу – аса қызықты өтеді. Құдалардың келуі «құда түсер» деп айтылады. Алдын ала ескерту бойынша қыз әкесі өз туыстары мен жақындарына, сыйлас адамдарына хабарлайды. Құдаларды аса құрметпен, салтанатпен қарсы алады. Екі жақтың құдалары бірібіріне құрметтеп сыйлықтар тапсырып қуанышқа бөленеді. Құда аттанар, құда тарту, атбайлар, құйрық-бауыр т.б. Жігіт жағынан келген адам – «бас құда», күйеудің және қыздың әкесі – «бауыздау құда» – ең жақын адамдар. «Бас құда» жаңа жерге келген қыз үшін (келін) әр уақытты қымбат сыйлы адам болады. Жаңа түскен келін оны «ағеке» деп атайды, өйткені ол әр уақытта келінге назарын аударып жүреді. Келін оны әрқашан құрметтеп жүреді. «Құда түсу» – өте мағыналы, аса жоғарғы дәрежеде қазақтың ұлттық болмысын көрсетеді (Кенжеахметұлы С., 2007, 31 б.).
Қыз айттыру (дәстүр) – әр түрлі болған. Егер ұл мен қыз әлі жас, мүмкін әлі дүниеге келмеген күнінде адамдар бірін-бірі жақсы білетін, дос, жолдас, дәрежелерінде тең адамдар, бірінікі ұл, не қыз болса құда болуға келіседі. Бұл атастыру деп аталады. Тумаған балаларымен құдаласу – «бел құда», бесіктегі балалары барлар құдаласса – «бесік құда» деп аталады (Кенжеахметұлы С., 2007, 24 б.).

-Әлі тұра тұр ,басыңда үкі жоқ деп қиғылық салады!

Басқа үкі тағу- бар күйеудің әдеті.Ол ғана емес қызыл манат шапан мен биік өкше етік киіп,елден ерекше ұзын төбе тымаққа үкі тағып алу бұл өңірдің бар күйеуіне жол болатын.

-Ата- баба жолы осы !Барған елің сені кінәламайды. «Әкесі – күйеу,шешесі – қалыңдық болмаған ба?» деп бізді мінейді.Ки ! – деп,дәл аттанар жерде Абайға жаңағы күйеу киімнің бәрін кигізеді.(М.Әуезов.Абай жолы.Роман-эпопея.1.2 – кітап.180 б.)                                                                                  

Күйеу киімі –  қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрі. Қалыңдығын алуға баратын жас күйеу міндетті түрде «күйеу киімін» киюге тиіс. Алдынан шыққан жеңгелер мен жас қыз-келіншектер күйеуді киімінен танып алады. Сондықтан күйеу басқа жігіттерден салт бойынша ерекше киінеді. Бөркіне үкі тағып, қызыл шапан, биік өкше етік киеді. Бөркін көзіне түсіріп төмен қарап, кішілік көрсетіп тұрмаса айып төлейді немесе сөзге, күлкіге ұшырайды.     Ұрын бару. Қыз ауылына бару үшін ер жігіт күйеу киімін кию керек екен. Ол қызыл шапан, қызыл шұғамен тысталған үкілі бөрік . Абай осы киімді киюге қарсы болады. Жол-жөнекей бірнеше ауылды басып өтемін. Сонда мен өзім жұртқа күйеу болып барамын деп көрсетемін бе?сол ауылға  жақындағанда  бірақ  киемін деп көнбеді.Әжесі: «балам салттан аттап кете алмайсың, ол бізге сын»– деп ескертеді.

Осы салтқа байланыстыАбай мен Ербол арасындағы әңгімеге назар аударайық.

Абай: Ербол осы мен салт-дәстүрге таң қаламын. Анам маған Ділда саған ұнайма?-деген сауал қойған жоқ. Ділдаға да ондай сауал қойылмағанын сеземін. Бірақ  екі елдің үлкендерінің өз қызықтары өзінде, тарту-таралғыларын бір-біріне сыйлап, құрмет көрсетіп шабылып жатыр.

Ербол: Рас айтасың. Жаңбырша жауған тілектер. Алай да  сый-құрметті аямай беріп жатыр. Үлкендердің қуанышы шексіз. Бірақ  Ділданы    ебін тауып мен көріп қайттым. Ақ сары, орта бойлы сүйкімді қыз. Тал бойында  олқылық жоқ.

-Ал, шешелер,көрімдік !

Көрімдік кәні!

-Болмаса,балаларыңды көрсетпейміз,беті ұялады! – деп алғашқы келген келіншектер күлген бойларында, шымылдықтың шетін ұстады.

-Алыңдар,көрімдік сендердікі! Бірақ бізге баламыздың жүзін көрсетіңдер,алыңдар! – үлкен бәйбіше қолына шашуын алады.

-Өмір – жасың ұзақ болсын! Алдыңнан жарылғасын, қарағым! – деп шашу шашады (М.Әуезов.Абай жолы.Роман-эпопея.1.2 – кітап.182 б.)

Көрімдік– қазақ салтында жаңа киім киіп, мүлік aлғанда, жаңа үйге кіргенде, жетістікке қол жеткізгенде туған-туысқан, жора-жолдастарының жасайтын кәдесі. Жаңа туған балаға, жас келінге, ботаға тағы басқа алғаш көрген сәтте көрімдік сұрау халықтың ежелгі және лайықты дәстүрі.

Шашу – қуаныш айғағы ретінде жасалатын өте сұлу да салтанатты дәстүр. Шашу бала туылғанда, тұсау кескенде, сүндетке отырғызылғанда, келін түскенде, күйеу келгенде, отау көтергенде, бүркіт ұстап әкелгенде, жүйрік ат бәйгеден озғанда, алыс сапардан жолаушы оралғанда, жақсылық күндерде, құда келгенде, тағы басқа зор қуанышты күндерде әйелдер құрт, ірімшік, өрік-мейіз, кәмпиттен, күміс теңгеден шашылады. Шашылған шашудан тойға қатысушылар теріп алып, ырым қылып балаларына апарып береді Осы берілген үзінділерден халқымыздың сан алуан салт-дәстүрлерін көреміз.

Шымылдықтың тұтылуы, көрімдік сұрау, шашу шашу – үйленуге байланысты жасалатын ғұрыптар. М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясынан алынған бір ғана үзіндіде қазақ халқының этностық ерекшелігін танытатын ұлттық белгілер тұнып тұр. Жазушы шығармаларында қолданылған шеберлігі, барлығы да ұлттық болмыс пен ұлттық ерекшелікті көрсетуге қызмет еткен.

Мына шешелерің, жеңгелерің сыбаға әкеп, енді тарағалы отыр, қарағым (Әуезов М. Абай жолы. Роман-эпопея. 1,2-кітап. 47 б.).

Сыбаға (дәстүр) – құрметті, сыйлы адамға оның сыбағасын (қазанға) салады. Ақсақал мен құдаларға бас, жая, жамбас, белдеме, омыртқа – бәрі де дәмді ет. Құдағи, қыздарға, күйеулерге, балаларға тиісті мүшелері болады. Дәстүр бойынша кез келген жолаушыға, қонаға келген адамға тамақ асып (сыбаға) салған (Кенжеахметұлы С., 2007, 43 б.). Қазақ әдебиетін былай қойып, әлем әдебиеті қазынасына ерекше қымбат көркемдікэстетикалық игілік болып қосылған “Абай жолы” эпопеясы өз заманындағы көшпелі қазақ мәдениетін, тұрмыстық-этнографиялық өмірін қаз қалпында, қаймағын бұзбай көрсете білді.

-Тоқта,жабысып қалыпсын ғой! Бері кел! Шаш сипа! – деді. Жақын отырған қыздар күліп жіберді. Жеңге Абайдың қолын көтеріп апарып, Ділдәнің арқасындағы қос бұрымына тигізеді. Қолының астында жаңағы жібек жүр. Сол жібекпен Абай бір-екі рет сипап өтті.

Қол ұстасу, шаш сипату деген атақты ырымдар осы .(М.Әуезов.Абай жолы.Роман-эпопея.1.2 – кітап.185 б.) Қол ұстатар (салт) – күйеу баланың киіз үйінің сыртында,қызлың үйінің ішінде тұрып, киізз үйдің жабығынан бір-біріне қолдарын ұстау салты

Шаш сипар (салт) – алғаш рет есік көре келген күйеуге қатысты рәсім [3, 170].    

Ұйқыашар болсын, деп ойнап ем ғайыпқа бұйырмаңыз, Жұмеке! – деді (Әуезов М.. Абай жолы. Роман-эпопея. 1, 2-кітап. 10 б.).
Ұйқыашар (дәстүр) – ұйқыашар дайындап өздеріне құрмет көрсетіп, қызмет етіп жүрген жігіттер сақина, сырға, білезік сияқты ескерткіш ретінде сый-сияпат ұсынады. Ол жігіттің «жаман» ойын сезген сезімтал қыздар, әрине, «селк» ете қалады. Сондықтан да бұл сый «селт еткізер» деп аталады (Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл. 13 б.). 

Жаушы (дәстүр) – халық «қызды кім айттырмайды» десе де, қызын сұраған адамды жаудан бетер жек кереді. «Жаушы» деген сөз осыдан келіп шықан. 4–5 адамды бастап келген «жаушы» дастархан үстінде әдемі сөз бастап, келге шаруасын айтып, өздері текті, іргелі, белгілі ел (ру) екенін, ондағы жақсы адамдарды айтып өтеді. Туыс-туғанымен, ақсақалдармен
кеңескен әкесі келісім бергенде келген «жаушылар» баталасып, «қарғы бауын» өткізіп кідірмей аттанады. Қыз жағы жаушыға «шеге шапан» атты кәдесі жасайды. (яғни шапан кигізеді) Кейбір жерде, еліміздің шығыс, оңтүстік жақтарында құда болғысы келіп қыз сұрағанда «жаушылар» негізін шаруасын айтпай-ақ отырған жерінде немесе текемет кілемге біз шашып кетеді. Оны «біз шаншар» дейді. Бұл құда болайық деген сөз. Уәде бекінгеннен кейін күйеу жағы үкі тағады. Енді бұл қызды жұрт «айттырылған», «қалындық» немесе «үкі тағылған қыз» дейді.

Келтірілген мысалдардан М. Әуезовтің сол кездегі көне қазақ мәдениетін, салтын, этносын, халық тіл байлығын, әсіресе ондағы байырғы құбылыстарды, шешендік, нақыл сөздерді, мақал-мәтелдерді, билер астындағы және дәстүрлі сөз қолданыстарды, әр алуан этнографиялық, бұйымдық-рухани мәдениетке байланысты лексикалық қабаттарды қай-қайсысына да қажетінше қамтығанын көреміз.

Эпопеядағы салттың бірі– әмеңгерлік  салты. Жесір дауы- ірі даудың бірі болған. Жесірін жатқа жібермеген. Жесірге қамқоршы оның жақындары. Оспан 40 жасында өмірден өтті. Оның үш әйелі жесір қалады. «Інісі – өлсе, ағасы мұра, ағасы өлсе, інісі мұра» деген заң осы жерде көрініс береді. Оспанның үлкен әйелі – Еркежан, екіншісі  Зейнеп, үшіншісі-  Торымбала. Оспанның асы өткеннен  кейін, осы әйелдердің  алдынан кісі жіберіп сұрайды. Еркежан қарсылық көрсетеді. Кенже өлгенмен  менің бауырымда балам бар деп егіледі. Ақылбайдың ұлы мен қызы өсіп келе жатқан. (Перизат, Әубәкір)  Сондықтан тұрмысқа шықпаймын дейді. Тәкежан- Зейнепке, Ысқақ Торымбалаға әмеңгер болады.

Абайдан сұраған кезде, мен ешкімге де әмеңгер  болмаймын деп бас тартады. Эпопеяда  осылай айтылғанымен, бірақ Абай Еркежанға әмеңгер болады.

2.2. «Абай жолы» романадағы балаларға қатысты орындалатын салт-дәстүрлер.

М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы бала тәрбиесіне байланысты салт-дәстүрлерде кеңінен көрініс табады.

Тоғжан үйінің үлкендері жүріп кеткен соң, құрбылары жиылып, бастаңғы істеп жатыр (Әуезов М. Абай жолы. Роман-эпопея. 1, 2-кітап. 210 б.).

Бастаңғы (салт) – қазақ жастарының дәстүрлі сауықтарының бірі. Үйдің үлкендері жолаушылап кеткенде ауылдың қыз-келіншектері сол үйге жиналып, Бастаңғы жасайды (Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл, 21 б.).
Оспан мен Еркежан, Әубәкір мен Пәкизатты жөргегінен алып бауырларына салып өсірген. Ақылбайды Ұлжан өз бауырына салып, өз баласы қылып алды (Әуезов М. Абай жолы. Роман- эпопея. 1, 2-кітап. 216 б.).

Бауырына салу (ғұрып) – баласы жоқ адамдар біреудің баласын асырап алуы яғни бауырына салуы. Мұның да жөн-жоралары бар. Мысалы жаңа туған баланы асыраушы анасы шаранасынан етегіне салып алады. Қазақтың ежелгі заңы бойынша асыраушы адам жаңа туған балаға атын қойып, оң қолына асық жілік ұстатады. Асық жілік ұстаған бала сол үйдің баласы деп есептеледі. Кейде ата, әже өзінің бірінші немересін бауырына салып алады. Бірақ ол асырап алғанға жатпайды («Ата жолы» тарихи танымдық сайты: http://www.atazholy.kz).
Базарға ертіп бар да, шешелеріне, інілеріне алатын базарлығы болса, өзің таңдап алып бер! – деген (Әуезов М. Абай жолы. Роман- эпопея. 1, 2-кітап. 114 б.).
Базарлық (дәстүр) – алыс сапарға, саяхатқа, сауда жолына шыққан адамдар жерлестеріне, көрші-көлемдеріне, сыйлас адамдарына, жас балаларға ірілі-ұсақты сыйлықтар әкеледі. Оны «базарлық» деп атайды. Бұл жақсы көрудің, сыйластықтың белгісі және ескерткіш ретінде қабылданады (Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл, 26 б.).

…Құнанбайдың жаңағы бетіме Абайды сөз қыла бастады. Бөжей мен Байсалға қарап

-Сендер мұның сүндетке отыртқанда не дегенін естіп пе едіңдер? – деп аз күліп алады.

Қаратай күле отырып:

 – Сүндетке отырғызғанда ауырсынып жылап жатқан: «Құдай-ай, бұл қорлықты көргенше, қыз қып неге жаратпадың!…» депті. Сонда шешесі: «Ақылсыз балам-ау, қыз болсаң бала таппас па едің, содан қиын боп па?» десе, мынау «Ойбай, онысы тағы бар ма еді?» деп,жылауын тия қойып,шыдай беріпті ,- деді. Үлкендер ақырын мырс-мырс күліп қояды [2, 13].   

Сүндет той – қалыптасқан дәстүр бойынша ата-бабаларымыз ер балаларын бес-жеті не тоғыз жасында сүндетке отырғызады. Сүндетке отырғызбас бұрын әрбір ата-ана баласын алдын ала психологиялық тұрғыдан дайындайды. Алдымен «бір, екі. үш, төрт, бес, шүметайымның басын кес!» деп тақпақ үйретеді, «сүндетке отырғаннан кейін ғана сен нағыз жігіт боласың» деп күнделікті құлағына құя береді. Осындай әңгімелерге әбден еті үйренген бала осы бір күнді асыға күтіп, іштей дайын болып жүреді.

2.3. «Абай жолы» роман-эпопеясындағы қазақ халқының қонақ күту дәстүрі       Романдағы қазақ халқының қонақтарды қарсы алып, шығарып салуына назар аударайықшы. Алыстан келген құрметті қонақтарды ауыл сыртында үлкендер жаяу қарсы алған. Келген қонақтар да ауыл үлкендеріне атынан түсіп, жаяулап келіп сәлем берген. Ал егер келген қонақтар ауыл арасындағы үлкен адамдар болса, жастау қызметші жігіт алдынан шығып, сәлем беріп, аттан түсіріп, өзін қонақ үйге бастап келген. Егер қонақ  жолаушылап жүрген бөгде кісі болса, үй сыртынан «сөйлес» деп дауыс қылып, сөйлесуге шыққан үй иесіне жолаушы екенін айтып, қонуға рұқсат сұраған. Әрине, үй иесі жолаушыға қонуға рұқсат береді. Өйткені, қонаққа үйіне қонып шығуға рұқсат бермеу дала заңында жоқ қағида. Ал егер бөгде жолаушы қасында атқосшысы бар мырза болса, атқосшысы мырзадан бұрынырақ келіп, үй иесіне жай-жапсарды түсіндіріп, қонуға рұқсат сұраған. Халқымыздың осындай салт-дәстүрін М. Әуезов өзінің «Абай жолы» романында қалай суреттеген екен?  «Ербол түсетін үйді сырт нобайынан барлап келеді екен. Осы сегіз үй ішіндегі ең бүтіні және үлкендеуі ортада тұрған жалпақтау, бес қанат үй екен. Соған қарай, Абайдан озыңқырап бет бұрды. Абай тақап келгенде, үй иесі шыққан еді. Иығына шекпен жамылған сақалды біреу. Бір аяғын сылти басатын сияқты. Ербол бұрын сөйлесіп, «қонақпыз» деп, өздерінің кім екенін айтып еді. Үй иесі: – Е, жігіттер, түсіңдер. Дәм айдап келген екенсіңдер! Барымыз әзір!.. Кәні! – деп кеп, Абайдың атын өзі байлады!..»   (2, 245 б.)

Халқымыздың игі дәстүрі «Абай жолы» романында көптеп кездеседі. Абайдың оқудағы баласы Әбішті күтіп алатын, болмаса Құнанбай ауылына келген үлкендерді немесе ірі жиындарға барған Абайдың қасындағы адамдармен күтіп алған, Абайдың Әйгерім ауылына түскендегі, «Бөжей асы» туралы жазылған тарауларды оқығанда осыған көзіміз жете түседі. Ал енді құрметті қонақтарды шығарып салу дәстүрі қалай болған? Қонақтар қайтар алдында аттарын ерттетіп қойып, үйге кіріп, бәрі, яғни ауыл иелері және қонақтар жеңіл ас мәзірін, көбіне қымызды іше отырып, қонақтарға рақметін айтып, сый-сыяпат, тарту-таралғысын жасай отырып, оң сапар тілеген. Қонақтар да қонақжайлылыққа рақмет айтқан. Содан соң бәрі сыртқа шығып, қайыр-хош айтысқан. Мінгізетін қараларын кермедегі қонақтарының аттарының қасына байлатқан.                                                          Романдағы Біржан салды Абай ауылы шығарып салған кезіне тоқталып көрейікші.

«Біржанға дәл жүрер кезінде Ұлжан өз үйінен, өз алдынан дәм татқызып отырып бата берді де, оң сапар тіледі. Сонымен қатар Айғыз, Нұрғанымдарға әкелгізіп тоғыз-тоғыз сый ұсынды. Біржанның өзіне өз қолынан үлкен күміс тай тұяқ сыйлады. Қасындағы бір жолдасына қоржын тола манат, мақпал сәлем-сауқат берді». (Абай жолы, 122 б.)     

Міне, қазақ қонағын әрқашан сый-сыяпат беріп, ризалықпен аттандырып отырған. Қонақтармен есіктің алдында, кермедегі аттарына мінгізіп болғаннан кейін қоштасқан.

Ал енді отбасы мүшелері алыс сапарға шығарда жолаушыны оң сапар тілеп, үлкендер және от анасы, яғни сол үйдің әйелі  шығарып салып отырған. Құнанбайдың қажыға аттанар сәтіндегі, әйелі, от анасы Ұлжанмен қоштасар сәтін оқып көрейікші.

«Құнанбай Ұлжанға қарай бар денесімен бұрыла түсіп, бет беріп сөйледі: – Бәйбіше, үй серігім ғана емес, өмір серігім едің. Ұзақ кешкен тірлікте қай белдің астында жүрсем де, артымда отырған бір бел – өзің едің. Сенің айтар кінәң болса да, менің саған айтар бір түйірдей назым жоқ. Адал жүрек, ақ бейілің үшін балаларыңның бағы ашылсын, – деді. Ұлжаның нұрлы біткен ақшыл-қызғылт жүзі, ішін тоңазытқан сезімнен көкшіл тартып, қатты өзгерді. Бірақ көпке шейін үндемей отырып, жүрек тоқтатты: –  Мырза, мынадай сапарыңа кінә түгіл, наз ертсем, оным білместік болар еді! – деп күйеуінің бетіне салмақпен қарады. Ұлжан, енді тең адаммен мейлінше еркін сөйлескен, ойшыл түске ауысты. Бұл уақытта оның өңі қайтадан өз ажарын тауып, бір түрлі нұрға балқып тұр еді. Кесек біткен сұлу, кең, дана пішін. Сөзін дамыта берді. – Жастықта адамға төсек те, үй де, тіпті дүние де тар екен. Ал егде тартып, зауал шағыңа бейімдеген сайын дүние кеңейе береді екен. Өзің болсаң, кішірейе беріп, айналаңда қуыс дүниені көп тауып, өзгеге орын босата бергің келеді. Кінәң азайып, кешірімің көбейіп, суына бастайды  екенсің. Осы көңіл мені жеңгеніне көп болған! – деп, біраз толас етті. Құнанбай аса қатты ден қойып, ұйып тыңдап қалған еді. Ұлжанның жүзіне телміре қадалып қапты. Ұлжан қабағын көтеріңкіреп, екі көзін қысыңқырап, тағы да толғанумен нұрлана түсті. – Әйел еркекке ене бауырындағы құлындай жанасып жүріп те, не шеттеп тайталасып жүріп те сүйеніп өседі. Ерден әйел жамандық та алады, қасиет те алады. Мінім болсын, өзгем болсын, бір жағы өзіңнен еді. Ұзақ дәурен кешіп келіп бүгін сен ырзалық айтып аттансаң болады. Мен сенімен енді кеп кінәласам ба, мырза! – деді. Ұзақ өмірде күйеуінен көп реніші есінде тұрса да, ашпады. Оны іркіп қалды».(1)

Иә, ұзақ сапарға жолаушы кінәласып емес, ырзалық айтып қоштасқан. Айтатын сөзі, бұйымтайы қоштасар сәтте айтылған. Бұл романдағы Барлас ақынды, Біржан салды немесе Құнанбайды қажыға, жас Абайды ұзақ сапарға аттандыратын тараулардан көрініс тапқан.                                                           Қазақ халқының ежелгі дәстүрлері, ертеден келе жатқан белгілі адамдарға ас беру, бір жыл өткенше өліктің  артын күту, азалы отбасының үй тігіп, ат тұлдап, қаралы көш жүргізу, жоқтау айтып, көрісу дәстүрі «Абай жолындағы» Бөжей өлімінде кеңінен бейнеленген.

2.4. «Абай жолы» роман-эпопеясындағы қайтыс болған адамға қатысыты жасалатын салт-дәстүрлер, рәсімдер. Қаралы көш

«Өмір бар жерде, өлім бар» дейді. Бұл – өмірдің бұлжымас қағидасы. «Адамның өмірге деп басқан алғашқы қадамы – өлімге деп басқан алғашқы қадамы» – дейді ұлы Фердоуси. Ал сол өмірден өткен адамның  қазасын естірту, жаназасын шығару, артынан құран бағыштап, ас беру романда қалай суреттеледі? Адам, оның ішінде өңірге белгілі, беделді адам қайтыс болған соң, сол адамның қайтыс болғаны жөнінде жан-жаққа хабар айтылады, хабар айтушы шапқыншыны «хабаршы» деп атайды. Хабар көршілерден бастап, жан-жаққа «хабаршы» арқылы таратылады. Хабаршы арқылы қаза хабарын алған ағайындар, ауылға жақындағанда, ауылға «ой бауырымдап», екі жаққа кезек ауытқып, ат қоя шабады. Қаралы ауылға жақындағанда ат қоя шабу үлкен адам қайтыс болғанда жасалынатын жол-жора. Ал жас бала қайтыс болғанда ауылға ат қоя шабу жақсы ырым емес. Қаралы үйге келген соң көңіл айта келген адам есік алдындағылармен көрісіп, іште жоқтау айтып жатқан әйелдерге «құлыным, құлыншағым» деп үн сала, жылап кіретін болған. Ал халқымыздың бұл дәстүрін М.Әуезов қалай суреттейді?

«Абай Тәкежан үйіне ат қойып келген жоқ. Жас балаға ат қою жақсы ырым емес. Және жанкүйерлер саналатын қаза бұл емес, Мақұлбай үшін Абай да әрі аға, әрі әке шендес. Тыста тұрған Тәкежан мен Абай құшақтасып көрісті де, үйде дауыс айта бастаған Қаражанға, басқа әйелдерге дағды бойынша «құлыным, құлыншағым» деп үн салып, жылап кірді.»

Ал, Бөжей үлкен кісі. Оған ат қоя шабу орынды. Қаралы ауылға жақындағанда ат қоя шапқан кісілер, аттарынан түсіп, қаралы үй алдында тұрған, ағайындармен көрісіп, үйге кіреді. Үйде қаралы әйелдермен сол үйдің бой жеткен қыздары, қаза болған адамның өмірдегі жетістіктері мен ерекше қасиеттерін айтып жоқтайды. Жоқтау аяқталар, аяқталмастан, егер, қайтыс болған адамның жаназасы оқылған жағдайда, көрісе келгендер қаза болған адамға құран бағыштайды. Құран оқылып жатқанда ешкім жылауға тиіс емес. Құран оқылып жатқанда жылау құранмен таласқандық болады. Бұл салт-жора «Абай жолында» былай суреттеледі: «Құран оқу басталысымен, Құнанбай басын төмен салып, мүлгіп, жалғыз көзін жұма түсті. Әлі жылауын тоқтатып болмаған келіні жаққа сол қолымен ишарат жасап, «тоқтат» дегендей етті. Қаражаннан жоғары отырған Айғыз, Қалиқалар Құнанбайдың қимылын көре сала, келінге: – Тоқта, құранмен таласпа!–десті» (1) -деп суреттейді жазушы. Әуезов.

Романда Бөжейдің қазасын естіртіп, Құнанбайға ғана «хабаршы» жібермейді. «…Кеудесіне  араздықтың   қаны   қатқан   ағайын,  енді  міне, өлім екеш өлімімен де оқ атып кеткендей! Аталас жатқан Олжай іші былай тұрсын, тіпті қалың Тобықты ішінде, алыс аталардың арасында да дәл мынадай алалау, кеудеге түрту болған емес» – деп суреттейді автор. Кеудедегі беріш болып қатқан ызалы кек, кейде тіпті салт-дәстүрді де аяққа басады екен. Кейіннен Құнанбайлар Бөжей ауылына бата оқырға келгенде, Бөжейдің өлімін жоқтап отырған қыздары:

Жау боп шықты Ырғызбай,

Айыпқа бердің бір қызды –ай 

Оның аты Құнанбай,

Жүйріктігі құлындай,

Шұбарлығы жыландай… – деп салады. Дәл осы өлеңде Құнанбайдың бүкіл болмысы мен образы ашылып тұрғандай. «Төрде төмен қарап, тымағын көзіне киіп, тұнжырап отырған Құнанбайды мына екі қыздыің қатал дауысы басқа соққандай болды. Бірақ бұл – дауыс. Намаз сияқты бұзылмайтын жол жора. Айтар сөз, тыяр тиым, істер шара жоқ» – деп суреттейді жазушы М. Әуезов.  «Қарадан шығып хан болған» дейтін қатал, һәм қаһарлы Құнанбайдың өзі жүздеген жылдар бұрын қалыптасқан халқымыздың әдет-ғұрпының алдында тым әлсіз. Бұдан әрі оқиға қалай өрбиді. Жазушы Мұхтар Әуезовты тыңдайық: «Сөйткенше, төрде отырған біреудің қатты тамсанған үнін есітті. Қараса – Сары апаң екен. Ол ашулы түспен түйіліп, қара шапанды басына жамыла беріп, жүрелей отырып ап, айқайлай жөнелді. Сөзінің басы Бөжейді мақтау мен сол жақсыны жоқтау еді. Соның аяғын шұбыртып кеп:

Мына да қарлар не дейді?                        

 Жақсыдан жаман көбейді.                        

Ескінің асыл көзі еді,                      

Ұрлап та көмдің Бөжейді, – деп қатты айқайлап қалт тоқтады. Екі жақ та: «Айтамыз, жеткіземіз» деген орайлы сөздерін осы әйелдердің ауыздарымен айтысты. Осыдан әрі қайталанған да, өршіген де сөз болған жоқ.» (Абай жолы, 205 б.) Міне, ер азамат тосылған жерде, жол табатын осындай  аналарымыз болған. Жалпы халқымызда «торқалы той, топырақты өлім» дегенде араздық, дау уақытша болса да ұмытылған. Ал Бөжей өлімі Тобықты ішінде оқшау жағдай туғызды. «Кісісі өлсе қаралы ол» – демекші, өлім әрине, трагедия, бірақ өлім, оның артын күту, оның  шығарып  салуға  байланысты   әр   халықтың   өзінің салт-дәстүрінен туған рәсімі болады.                                                                                Адам қайтыс болған соң оған арнап бөлек үй тігеді. Үй тігіліп болған соң оған бөтен жасау-жабдықтар кіргізілмей, сүйек төсек қойып, оны қара кілеммен тегістеп жауып, мәйітті осы сүйек төсекке әкеп салғызады. Жаназасын шығарғанша адам сүйегі осында болады. Бұл үйді «Қаралы үй» деп атап, оң жақ босағасына ұзын найзаның басына ту іледі. Оны қара деп атайды. Егер қайтыс болған адам кәрі болса ақ ту, жас болса қызыл ту тігіледі. Қайтыс болған адам орта жаста болса бір жағы ақ, бір жағы қызыл болады.

Осы күннің ертесіне суық сыбыс анық болды. Бөжей қайтыс болды деген қаралы хабар жетті. Бұл уақытта Құнанбай, Ұлжан, Зере, Абай, Оспан, Тәкежан таңертенгі шайын ішіп отырған еді. Бұны Құнанбайға ешкімде арнайы хабаршы жіберіп естіртпеді. Бұған ол қатты қапа болды. Зере көз жасын бір төгіп алды. Абай болса жүрегі аузына тығылғандай күй кешті.

Байдалы сүйекті орналастырып болысымен,сол өлік үстіне тіккен ақ үйдің оң жақ белдеуіне өз қолымен әкеліп қара тіктіЖаназасын шығарғанға шейін өлік осында болмақ.

Байдалы ескіге жүйрік Сүйіндікпен ақылдасады.

Сүйіндік жас кісі өлсетуы қызыл болатынын,кәрі өлсе туы ақ болатынын айтып келеді де, «Бөжейдей орта жасты кісіге – бір жағы қызыл, бір жағы ақ болуы керек» дегенді айтқан

Қара тіккен Байдалы халық атынан Бөжейдей арысына ас берем деген ырымын жасады (Әуезов М. Абай жолы. Роман-эпопея. 1, 2-кітап. 37 б.).

Қара тігу (салт). Кісі өлген үйдің үстіне ту тігіледі. Соған қарап ол үйдің қаралы үй екенін түсінуге болады. Қара тігілген үйді көргендер ол үйге соғып, дұға жасап өтетін болған. Мұндай үй кісі күтуге де дайын отырады. Жыл бойы жоқтау айтылады. Бұл халықтық рәсім марқұмның жылы өтіп, асы берілгенге дейін жалғасады («Ата жолы» тарихи танымдық сайты: http://www.atazholy.kz).
Жаназа (дәстүрқайтыс болған адамды соңғы сапарға шығарып салу, жанын азат ету, жуылып тазаланған мәйіт үшін мұсылмандардың дәрет алып, құбыла жаққа қарап, аяқта тұрып оқыған намазы мен мәйіт  үшін жасайтын дұғасы. Бұл дәстүр қазақ халқының тұрмысында әлі күнге дейін қолданыста болып келеді.                 Мәйітті осы үйге әкеп кіргізерде жоқтау айтылады. Жоқтауды бастайтын шашын жайып жіберіп, бетін тырнап қан қылған, қара шаршы орамалды шарт байлап алған, қайтыс болған адамның әйелі мен қыздары және жақын туыстарының оң жақта отырған қыздары мен жасы келген аналар тобы. Қаралы ту тігілген үй ол ауыл арасында ерекше көзге түсіп тұрады. Қаралы үйден жаназасын шығарып, мәйітті жерлеген соң, ол үйдің ішін қара түстес қымбат қалы киімдер, қымбат ішіктер іліп, қаралы теңдерге марқұмның таратылатын киімдерін жинап, ағайын-туыстарының жақсы жиһаздарын жинаттырып, қаралы үйдің ішін, бата оқырға келген кісілерді күтуге арнап безендіреді.                                                   Ең болмаса Бөжейдің жетісіне шейін, немесетіпті қырқына шейін «жыласатын ағайынды», «бата оқырды» осы кең қоныс – шалқарда тоспақ болды (Әуезов М. Абай жолы. Роман- эпопея. 1, 2-кітап., 134 б.).

Бата қылу (салт). Қайтыс болған адамға жақын-жуықтары мен ілік – жұрағаттары арнайы келіп бата қылады. Бата қылу – сыйластық пен адамгершіліктің, жақын көңілдің белгісі ретінде қалыптасқан ғұрып. Мысалы: Бөжейдің бата оқырына Құнанбайдың үлкен үйі үш
саба, бір ту бие, бір тай сойыс пен Зере мен Ұлжан «азаға салғаным» деп түйе апарған екен.

…Байдалы белдеудегі қараны суырып алып, Байсалға берді. Ол ырымын істеп, қараны жерге сұлатты да, табанымен басып, сындырыып тастады (Әуезов М. Абай жолы. Роман- эпопея. 1, 2-кітап. 37 б.).
Қара жығу (салт). Кісі қайтыс болған күні тігілген қараны жығу салты. Ол шара марқұмның жылы беріліп, ас өткен соң жасалады. Яғни қара туды алып сындырады да, отқа жағып жібереді. Соңғы жоқтау айтылады. Бұл – қаралы жыл өтті, азалы күндер аяқталды деген сөз.

«Өлім – бардың малын шашар, жоқтың артын ашар» деген екен. Қайтыс болған кісінің жақындары жаназаға деп сабамен қымыз, сойыс, үй қамдап, кісі күтуге дайындалып барады және «азаға салғаным», «қосқаным», «аруағына арнағаным» деп қос ат, жамбы, «тай тұяқ», «қой тұяқ» секілді асыл бұйымдарды атап береді. Жаназадан соң қайтыс болған кісінің мініп жүрген атын жал құйрығын кесіп тұлдап, «тұл ат» қылып, оны жылдық асына дейін ешкім мінбей, әбден семірген тұл атты, астың бітер кезінде сойып, ең жақын туысқандары оның етін жеп, марқұмға құран бағыштап елдеріне тарайды. «Тұл аттың» сойылуы аза жылының біткенін білдіреді. Көшкен кезде, «тұл атты» бос ерттеп, ердің үстіне қара түстес иесінің ішігін жауып, ердің басына қамшы іліп, сол қамшыға қайтыс болған адамның тымағын теріс, алдын артына қаратып кигізіп қояды. Осылай жабдықталған «тұл атты» жетекке алып, ер адамның тымағын алдын артына қаратып киіп, қара киінген, қайтыс болған кісінің қыздары көш бастайды. Оның қасында қаралы киінген нөкер қыздары болады. Ауылдың тұсынан өткенде, болмаса адамдарға кездескенде көш бастап, «тұл ат» жетектеген қаралы қыздар тобы, дауыс салып, жоқтау айтып қастарынан өткен. Қаралы көшке жол ашық, оған ешкім кедергі жасауы тиіс емес. Осы қаралы қыздар тобынан кейін, қара киінген, қаралы тең артқан түйеге мінген қаралы бәйбіше көш бастайды.  «Бұл бастаған он бес түйелі көштің сәні өзгеше көрінді. Бар түйенің үстіне артылған жүктерді жапқан өңшең қара кілем, қоңыр алаша, қара ала текемет көрінеді. Жүкті түйелердің екі жағы сол үлкен қара ала жамылшылармен баяу ғана желпіне түсіп, өзгеше бір ауыр тыныс алып келе жатқан тәрізді» – деп суреттейді қаралы көшті Мұхтар Әуезов.

Сонымен ұлттық құндылық саналатын салт-дәстүрлеріміз халықтың тұрмыс-тіршілігімен астаса отырып, «Абай жолындағы» дәстүрлеріміз бүгінгі күнмен де сабақтасып жатыр.

Қорытынды

Ұлттық мәдениеттің оты шырақтай жанып, тіріліп, түлеп ұшуға бейімделіп қалғандай. Жазушы шығармаларының тілі рухани мәдениетке, ұлттық менталитетке, халықтық өлшемге, туыстыққа қатынастарға бай лексикадан тұрады. Қаламгер шығармаларының тілінен қазақ халының өміріне қатысты белгілі де белгісіз салт-дәстүрлердің барлығын кездестіруге болады.
Бүгінгі күннің тірлік-тынысы күрделі өзгерістерге түскенмен, қара сөз дәстүрлі құрылымынан алшақтап кеткен жоқ.                                                                     «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деп Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап өткендей  ұлттық болмысымызды сақтау үшін ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды ұмытпай, көзіміздің қарашығындай сақтап, болашаққа дәріптеуіміз қажет.

Отбасында ата – ана, мектепте ұстаз, көпшілік ортада ақсақалдар жастарға салт – дәстүрлерін үйретіп, айтып отырса, ұтарымыз көп болар еді. Құрдастарымның, сыныптастарымның бойына қазақтың салт – дәстүріне деген қызығушылықты қалыптастырып, қазақ халқының салт – дәстүрі мен әдет – ғұрпының тәрбиелік мәнін ұғындырып, олардың бойына адамгершілік, имандылық қасиеттерін қалыптастыра алдым деп ойлаймын. Балалар, үлкенге – сәлем, қуантқанға – сүйінші, соғымнан – сыбаға, егіннен – кеусен, малдан – көгендік, балаға – базарлық, кішіге – байғазы, сәбиге – көрімдік, көрші қонғанға – ерулік, жетім – жесірге – қолқайыр, мүсәпірге – садақа, алғашқы қымыздан – қымызмұрындық, соңғы қымыздан – сіргежияр, сағынғанға – сәлемдеме, қуанышқа – шашу шашып ешқашан салт – дәстүрімізді ұмытпай, қазақ деген халықтың патриот ұрпағы болу борышымыз.

You May Also Like

Отандық математика ғылымының жағдайы және даму бағыты туралы ойлар, ғылыми жоба

Ғылыми жоба тақырыбы: Отандық математика ғылымының жағдайы және даму бағыты туралы ойлар…

Квадраттық теңдеулер және оларды шешу жолдары, ғылыми жоба

ҒЫЛЫМИ  ЖҰМЫС Тақырыбы: Квадраттық теңдеулер және оларды шешу жолдары. Квадрат теңдеу 2-дәрежелі…

Влияние качества молока на организм человека, научная проект

Паспорт проекта Наименование проекта Внеклассная информационно-познавательная деятельность школьников Основной разработчик  проекта Консультанты…

Ұялы телефон – қоғам дерті, ғылыми жоба

Ең үздік ғылыми жоба «Ұялы телефон – қоғам дерті» Орындаған: Серікбайева Айгерім…