ҒЫЛЫМИ БАҒЫТЫ: ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ

Жұмыстың тақырыбы:

«М.Мақатаев поэтикасындағы метафораның қолданыстық сипаты»

Жұмыстың мақсаты:

Ақиық ақын М.Мақатаев өлеңдеріндегі метафораның қолданылу ерекшеліктерін қарастыру болғандықтан мынадай міндеттер шешу көзделеді: 

Жұмыстың міндеті:

– М.Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына тоқталу;

– Қазақ тіліндегі метафоралардың тілдік сипатын айқындау;

– М.Мақатаев өлеңдеріндегі метафоралардың түрлеріне тоқталу;

– М.Мақатаевтың табиғат лирикасына қатысты жазылған өлеңдеріндегі метафоралардың жұмсалу ерекшеліктерін нақты мысалдар арқылы талдау. 

Жұмыста қолданылған әдіс–тәсілдер: 

  • сипаттамалы;
  • салыстырмалы;
  • топтау;
  • жинақтау.

Жұмыста қолданылған тірек сөздер: 

  • троп түрлері;
  • метафора;
  • тура мағына;
  • ауыспалы мағына.

Жұмыстың құрылымы: 

  • кіріспе;
  • негізгі бөлім;
  • қорытынды;
  • пайдаланылған әдебиеттер тізімі.

ЖҰМЫСТЫҢ МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ……………………………………………………………………………………………………

НЕГІЗГІ БӨЛІМ………………………………………………………………………………………..

1 М. МАҚАТАЕВ – ҒАСЫР АҚЫНЫ  ………………………………………………….

  • Ақиық ақын М.Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы……
  • М. Мақатаев – лирик ақын ……………………………………………………………..

2 ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ МЕТАФОРАЛАРДЫҢ ТІЛДІК, ҚОЛДАНЫСТЫҚ СИПАТЫ………………………………………………………………………………………………..

2.1       Қазақ тіліндегі метафоралар, олардың тілдік ерекшелігі……………….

 2.2 М. Мақатаевтың табиғат лирикасындағы метафоралардың қолданылу ерекшеліктері …………………………………………………………………………………………

ҚОРЫТЫНДЫ………………………………………………………………………………………..

КІРІСПЕ

Жұмыстың өзектілігі: Мұқағали Мақатаев – өзіне дейінгі өлең өру мен жыр сомдаудағы қазақ халқының ұлттық мектептері мен дәстүрлерін жалғап қана қоймай, оны жан-жақты дамытқан, тереңдеткен, қазақтың өлең-сөзін жаңа заңғарларға көтерген, жаңа кеңістіктерге алып шыққан жиырмасыншы ғасырдың санаулы саңлақтарының бірі. Ақын шығармашылығын зерттеу, ғылыми жоба тақырыбына сәйкес ақын өлеңдеріндегі  метафоралардың тілдік сипатына талдау жасау жұмыстың өзектілігін көрсетеді.

Жұмыстың мақсаты: Ақиық ақын М.Мақатаев өлеңдеріндегі метафораның қолданылу ерекшеліктерін қарастыру болғандықтан мынадай міндеттер шешу көзделеді: 

Жұмыстың міндеті:

– М.Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына тоқталу;

– Қазақ тіліндегі метафоралардың тілдік сипатын айқындау;

– М.Мақатаев өлеңдеріндегі метафоралардың түрлеріне тоқталу;

– М.Мақатаевтың табиғат лирикасына қатысты жазылған өлеңдеріндегі метафоралардың жұмсалу ерекшеліктерін нақты мысалдар арқылы талдау. 

Жұмыста қолданылған әдіс-тәсілдер: сипаттамалы; салыстырмалы; топтау; жинақтау. 

Жұмыста қолданылған тірек сөздер: троп түрлері, метафора, тура мағына, ауыспалы мағына. 

Жұмыс кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

І М.МАҚАТАЕВ – ҒАСЫР АҚЫНЫ

«…Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын.

М.Мақатаев.

1.1 Ақиық ақын М.Мақатаевтің өмірі мен шығармашылығы туралы

Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев (1931–1976, шын аты Мұхаммедқали) – қазақтың лирик ақыны, мұзбалақ ақын. Ол 1931 жылдың 9 ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Алайда, құжаттар бойынша ақынның туған күні 9 ақпанда тойланады. Бұған тиісті ақынның анасы Нағиман апа былай деген: «Мұқағалиым 1931 жылы наурыз айының 8-інде дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз уақыт кейін Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз деп күтіп отырғанбыз».

Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Оразақын Асқар ақынның екінші ту­ған күніне байланысты мынадай сөз айта­ды: «Ал құжат бойынша Мұқағали  9 ақпан­да дүниеге келген. Бұл куәлікті ақын ес білген кезде сол кездегі сайлау науқанына байланысты өзі жаздырып алған екен». Азан шақырып қойылған аты – Мұхаметқали. Әкесі қарапайым шаруашы: колхозда сушы, шалғышы болып істеген. Мұқағали үйдің тұңғышы болған, оның артынан бір қыз және үш ұл туған. Ақынның қарындасы мен алғашқы інісі ерте көз жұмған. Соңғыларының есімдері – Тоқтарбай мен Көрпеш. Қазақ дәстүрі бойынша үйдің алғашқы баласы ата-әжесінен тәрбие алуы тиіс, сондықтан Мұқағали әжесі Тиынның қолында өсіп, анасын жеңгесіндей қабылдайды. Балалық шағы соғыспен қатар өткендіктен, ақын тағдырдың ащы дәмін ерте татады. Ақын «Неңді сенің аңсаймын, бала шағым?» деп аталатын өлеңі өмірінің осындай қиын күндеріне арналған.

Мұқағали – өзіне дейінгі өлең өру мен жыр сомдаудағы қазақ халқының ұлттық мектептері мен дәстүрлерін жалғап қана қоймай, оны жан-жақты дамытқан, тереңдеткен, қазақтың өлең-сөзін жаңа заңғарларға көтерген, жаңа кеңістіктерге алып шыққан жиырмасыншы ғасырдың санаулы саңлақтарының бірі, ақынның өз сөзімен айтқанда:

«…Ақынмын деп қалай мен айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын,

деген ерен жырдың жаратушысы, Ұлы тұлға, Ұлы ақын.

Поэзия!
Менімен егіз бе едің
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.
Сені іздедім кездескен адамдардан,
Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан
Сені іздедім жоғалған замандардан…
… Сені іздедім.
Ӏздеймін тағат бар ма?
Сені маған егіз ғып жаратқан ба?»

Ақын өзінің қысқа ғұмырында артындағы ұрпағына көп мұра қалдырған.  Жүрегі отты, рухы асқақ жырлары мен көркем дастандары сол еңбегінің жемісі. Ақын жаңа ғасыр қақпасын ентікпей, еркін ашып, жаңа мыңжылдық айдынына өз өлеңдерімен із қалдырады. «Қарасаздан ұшқан қарлығаш» деген өлеңінде: «Мен өзім жайында мынаны айтам:

Мен XXI – ғасыр ұрпақтарының құрдасымын.

Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысымын да …» – деп жазған екен.

Иә, Шынайы поэзия өкілі, ғажайып ақындардың бірі Мұқағали Мақатаев өлеңді он-он бір жасынан жаза бастайды. Алғашқы өлеңдері аудандық газетте жарық көрген.  Мұқағали шығармалары 1960-1970 жылдары үздіксіз басылады, бұл жылдарды ақынның қазақ поэзиясының биік шыңына көтерілген уақыты деп санауға болады. Ауыл орта мектебін 1948 жылы бітіріп, өз ауылында комсомол, кеңес қызметтерінде болған. Кейін аудандық газетте әдеби қызметкер, Қазақ радиосында диктор болған, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» жорналында поэзия бөлімін басқарған. Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясында әдеби кеңесші қызметін атқарған.

Тырнақалды туындылары Нарынқол аудандық «Советтік шекара» (қазіргі «Хан тәңірісі») газетінде 1948 жылдары жариялана бастаған. 1954 жылы бір топ өлеңі «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналында жарық көреді, «Қазақ әдебиетінде» жарияланады.

Аз ғұмыры ішінде бірнеше лирикалық жыр жинағы мен дастандарын ұсынған. Жыр аудармасы саласында Шекспирдің сонеттерін, Дантенің «Құдіретті комедиясын» қазақшалады. Ақынның «Саржайлау», «Сөнбейді, әже, шырағын», «Кел, еркем, Алатауыңа» өлеңдеріне сазгер Нұрғиса Тілендиев ән шығарған.

Ақын тұрмыс тауқыметін тарта жүріп, сынға ұшырағанда да «Ақынның ақындығы атақта емес, арда ғана» деген байламды берік ұстап, шеен-шекпенге де, лауазым-атаққа да қызықпаған.

Өмірді сүюдің ғажайып үлгісін көрсеткен ақын Мұқағали «Жан азасы» (реквием) поэмасында өмір туралы гимн туғызды. «Аққулар ұйықтағанда» поэмасында ел наным-сенімін қастерлеу, сұлулық үндестігін жыр етсе, «Райымбек, Райымбек!» дастанында ел тарихын, ел басына қатер төнгенде қолына ту алып, жауына қарсы аттанған Райымбек Хангелдіұлының ерлігін суреттейді.

М.Мақатаев поэзиясы барлық мәселеге арналады, кең, ауқымды тақырыпты қамтиды. Оның туған жер, адамдар тағдыры, өмір мен өлім, ана мен бала, ақын мен ақындық, соғыс тауқыметі т.б. тақырыптағы лирикасы қайталанбас ұлттық сипатта, ұлттық зермен кестеленген.

Ақын қай тақырыпты жазса да жалған сезім, жылтырақ сөзге әуес болмады, ол туралы:

«Мен  жырламаймын, сырласамын.

Сыры бір замандаспен мұндасамын.

Көгендеп жыр қосағын, келмейді жыр жасағым» немесе

«Тіпті де мен еместі «Мен» дегенім…

өзгенің  жан-сырын ұғу үшін,

өзімді зерттегенді жөн көремін» дейді.

Мұқағали шығармашылығының негізі «өзін-өзі» зерттеуден тұрады.

Ол әсіресе тауды, қазақ ауылын көп жырлайды (Тауда өстім, Тау бір аңыз т.б.).

Мысалы:

«Өлмесін деп  берген ғой тауды маған,

Мен күңіренсем, күрсініп тау жылаған».

Ол қазақ өлеңін мазмұн, пішін жағынан түрлентті.

«Қазақтың қара өлеңі құдіретім,

Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген», –  дейді ақын.

Мұқағали дәстүршіл ақын, ол өлеңге мазмұн тұрғысынан жаңалық енгізді. Мұқағали поэзиясы ұлттық мінезімен ерекшеленеді, мұны айқындайтын мынандай өлең жолдары бар:

«Су сұрасам, сүт берген, айран берген,

Қартайып қалыпсын-ау, қайран жеңгем».

Ақын өлеңге ерекше кие деп қарап, Музаға табынған:

«О , Муза, маған алыс сөреңді бер,

Ғайыптан кел де, мені демеп жібер».

Ол «нағыз ақын» алдымен ойшыл, философ болуы қажет. Поэзияда философ болу өзін қоршаған әлемді ұғыну, әр заттың мәнін білу, ақырына дейін «адам жанының инженері болып  қалу» дегенді ұстанды. Мұқағалидың адамзат ғұмыры мен әлем сырың жыр еткен лирикасы қазақ әдебиетіне қолмақты мұра боп енді.

Мұқағали поэзия жанрында ғана емес, проза, драма, сын саласында да қалам тартты. Қаламгердің  «Қош, махаббат» жинағына (1988) әр жылдары жазылған  «Құлпытас», «Марусяның тауы», «Өзгермепті», «Әже», әңгімелері,«Қос қарлығаш», «Жыл құстары» повестері мен  «Қош, махаббат» пьесасы, бірнеше сыни еңбектері енген. «Рух және сезім», «Сезім найзағайы», «1969 жылғы қазақ поэзиясы» атты әдеби сын еңбектерінде О.Сүлейменов, М.Әлімбаев, Қ.Мырзағалиев ,Ж.Нәжімеденов, С.Мәуленов, т.б. шығармаларына талдау жасап, өнер, поэзия, туралы ой толғайды. Ақынның көз тірісінде 3 аударма кітабы (У.Уитмен, «Шөп жапырақтары» (1969); У.Шекспир, «Сонеттер» (1970); Д.Алегерьи, «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» бөлімі (1971) ),8 жыр жинағы («Ильич» (1964), «Армысыңдар, достар» (1966), «Қарлығашым, келдің бе?» (1968), «Мавр» (1970), «Дариға-жүрек» (1972), «Аққулар ұйықтағанда» (1974), «Шуағым менің» (1975), «Өмірдастан» (1976) ) жарық көрді. У.Уитмен, У.Шекспир,  Н.Тихонов, Р.Бернс, Ф.Ансари, А.Акопян, А.Исаакян, Е.Евтушенко, Ф.Моргуннің бірнеше өлеңдерін аударды.

Ақын өз шығармашылығында әртүрлі тақырыптар қамтылады. Атап айтар болсақ, Махаббат туралы, Табиғат туралы, Достық туралы,  Отан туралы, т.б.

2 ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ МЕТАФОРАЛАРДЫҢ ТІЛДІК, ҚОЛДАНЫСТЫҚ СИПАТЫ 

«Метафора табиғатында жұмбақтылық бар»

Аристотель 

2.1       Қазақ тіліндегі метафоралар олардың тілдік ерекшелігі

Белгілі бір тілдегі сөздердің тұтас жиынтығы сол халықтың басынан өткізген бүкіл өмір-тіршілігін, жалпы өткен тарихын айнытпай дәл бейнелейтін таусылмас бай қазына, өшпес тарихи мұра екендігі даусыз. Қазақ халқының  басынап кешкен көне тарихын, ақыл-ойын, тілек-мүддесін, барлық кәсібі мен шаруашылығын, күллі мәдениетін, керек десеңіз, оның өзіне тән сезімі мен эмоциясын да білгіміз келсе, осы тілдің бай лексикасын түбегейлі зерттеу арқылы көз жеткізуге болады. Неге десеңіз, өмірдегі зат пен құбылыстың бейнесі ұғым арқылы бейнеленеді. Ұғым сөз арқылы беріледі де тілде сол арқылы өмір сүреді. Зат пен құбылыс болмаған жерде ұғым да жоқ, ұғым жоқ жерде сөз де болмайды. Сөз мағынасы өмірдегі зат пел құбылыстарды топшылап, жалпылама көрсетеді. Сөз мағынасында әр тілдің өзіндік ерекшелігі мен өзіндік бояуы, ұлттық сипаты болады. Сөздің мағыналық жағынан дамуына сыртқы себептер де, ішкі себептер де ықпал етеді. Әсіресе, сөздің мағынасының, өзгеруіне ішкі себептерден гөрі сыртқы себептер көбірек әсер ететіндігі байқалады. Сөз мағынасының ішкі (лингвистикалық) өзгерістерінің бір себебі, жаңа сөз немесе жаңа мағына сөздік кұрамға келіп қосылғанда, бұрыннан тілде бар сөздердің мағыналарымен өзара тығыз қарым-қатынасқа түсіп, солармен синонимдік байланыста жұмсалады. Мұндай жағдайда байланыс екі жақты болуы мүмкін. Сөздік құрамға келіп қосылған жаңа сөз не жаңа мағына бұрыннан тілде өмір сүріп келе жатқан байырғы сөздер мен мағыналарға қандай әсері болса, байырғы сөздер мен байырғы мағыналардың жаңа сөздер мен жана мағыналарға да сондай әсер етуі ықтимал. Бұлар бірнеше амал-тәсілдер арқылы жүзеге асады. Қазақ тіліндегі жаңа мағыналардың даму жолдары метафоралық, метонимиялық және синекдохалық тәсіл арқылы келіп шыққан.

Cөздің тура мағынасы заттың қоғамдық түсінігін білдіреді. Сондықтан да, сөздің тура мағынасы қашанда тұрақты, әрі айқын. Негізгі мағына әрқашанда ауыспалы жағынан қайнар көзі, базасы. Өмірдегі зат пен құбылыстың сыртқы не ішкі белгілі бір ұқсастық белгілеріне қарай сөздің бірнеше мағынада ауысып қолданылуын метафора дейміз. Метафора (грек metaphora – ауыстыру) – троптың (құбылтудың) бір түрі. Құбылыстар мен заттардың ұқсастық белгілері негізінде астарлы мағынада қолданылуы. Тіл білімінде бұл заңдылықты кейде ұқсату заңы деп те атайды.

Метафора тілдегі қолдану сипатына қарай:

а) тілдік (сөздік) метафора;

ә) тұрақты метафора;

б) жеке қолданыстағы (индивидуальная) метафора болып үшке бөлінеді.

Тілдік (сөздік) метафора сөзге жаңа мағына қосып, оның семантикалық шеңберін кеңейтіп, әрдайым үздіксіз дамытып отырады. Тілдік метафораның жалпы халықтық сипатына қарап дәстүрлі метафора деп те атайды.

Дәстүрлі метафоралық тәсіл бойынша ұқсату заңына сүйеніп, қазақ тілінде мынадай көп мағыналы сөздер шыққан. Мәселен, аяқ деген сөздің ең алғашқы заттық мағынасы деп адам мен жан-жануарлардың жүріп-түру қызметін атқаратын мүшесі деп түсінеміз. Мұнан кейін стол мен орындық тәрізді жансыз заттарды төрт таған тіреуішін де аяқ деп ұқсастырып айтқан. Бас пен аяқтың бірі жоғары, екіншісі төмен келуіне қарай (ауылдын басынан  кіріп, аяғынан бір-ақ шықтым  дегендегі) үшінші мағына пайда болған.

Сөздерді метафоралау процесінде үш түрлі жағдайды байқауға болады.

Бірінші жағдайда сөздің сыртқы белгісі алынады.

Мысалы,

  • кілт есіктің кілті, мәселенің кілті;
  • бастау бұлақтың бастауы, шығармашылық бастау т.б.

Екінші жағдайда метафора жасайтын сөздердің семантикасына, ішкі мазмұнына үңілуге тура келеді (түлкі – аң, айлакерлік белгісі; балшық – зат атауы, адам мінезіндегі ынжықтық т.б.).

Метафоралаудың үшінші түрінде белгілі бір белгілер мен қасиеттердің басқа топтағы заттар мен құбылыстарға тән екендігі белгілі бола тұра, басқа топтағы ұғымдарға сіңісті болып кетеді. Мысалы, ұлиды деп қасқырды айтады, бірақ ақындардың шығармаларында жел ұлиды. Сол сияқты өткір сөзі қатты заттарға қатысты болатын (өткір ұстара), кейінгі кезде өткір мәселе тіркесі қолдынылып жүр.

Сөз біткеннің бәрі метафоралық тәсіл арқылы ауыс мағына жасай алмайды, тілдегі заттар мен құбылыстардың атын, іс-әрекетін, сапа мен белгілерін білдіретін сөздер ғана жасайды. Бұлар сөзге нақтылы мағына қосып, семантикалық аясын үнемі кеңейтумен болады. Мүше деген сөздің ең алғашқы мағынасы жан-жануарлардың анатомиялық денелерінің жеке-жеке атауларын білдіру болған. Дәулет құсын бауыздап, аспазшы қатынның қолына берді де: бір мүшесін қалдырмай ас деді (И. Байзаков). Мұнан соң мүше сөзі сый ретінде біреуге берілетін белгіл үлес, сыбаға мағынасын білдірген. Батырдан сауға, мергеннен мүше деген (Мақал).

Бір затқа, құбылысқа сапаға тән қанша қасиет, неше ерекше белгі болса, соларды ұқсастырып айтудан бір сөз арқылы бірнеше ұғымды танып білуге болады. Мәселен, қалың деген саналық ұғымды білдіретін сын есімнен мынадай ерекше белгілер арылады: Қалың нәрсе жуан болады, оның үстіне ол тығыз, жиі, көп боп келеді. Бір сөздің бойына сыйған осыншалық ерекшеліктерін әрқайсысы сөйлемде жеке-жеке дербес мағына тудырып бас-басына сараланып көрінеді.

Мысалы:

1 Қалың деген сөздің жуан, толық деген мағынаны білдіруі. Қалың денелі адамның жүрісі баяу, сылбыр келеді екен (М. Әуезов).

Қалың дегең сөздің көп, мол деген мағынада жұмсалуы. Қалың жұрттың алдында сөйлеп көрген пенде емес едім (М. Иманжанов).

3 Қалың деген сөздің жиі, тығыз, бітік деген мағынада қолданылуы. Екеуі бір таса жерге, қалың  шөптің арасына барып жатты (Ы. Алтынсарин).

Сөзге қосылған үстеме (туынды) мағына заттың құбылыстың бойында бар сан алуан ерекше белгілердін негізінде ауыстырып қолдану арқылы жасалады. Сондықтан бір сөзден тараған қосымша мағыналар бір сөз табына да, кейде әр сөз табына да қатысты болып келді. Мәселен, балапан деген зат есім (құстың баласы деген ұғымда), осы сөздің метафоралык ауыспалы мағынасы сындык мағынада жұмсалады. Тасада өскен балапан қарағайлар мен шоғыр бұталар да анық көрінеді (Т. Ахтанов). Шыны деген зат есімнің (әйнек ұғымында) де метафора тәсілі арқылы жасалған ауыс мағынасы сындық ұғымды білдіреді. Мәселен, шыны май, шыны қар, шыны көз т.б.

Тұрақты метафора ойды естен кетпестей түсінікті етіп тыңдаушыға жеткізу үшін қажет. Ой негұрлым көркем құрылса, неғұрлым тыңдаушыға түсінікті, әрі әсерлі болады. Ойдың көркемдігі жалпы халыққа таныс суретке құрылуымен тығыз байланысты. Адамның күнделікті өмірден көріп біліп, әбден сырмінез болған дүниелерімен жазушының ойы қабысып үйлесіп тұрса, шығарманың тілі де соншалықты тартымды болмақ.

Тұрақты метафоралар көбіне-көп халық ақындарының шығармашылығында  жиі   ұшырасады.   Бір кезде мақтаны ақ алтынға, көмірді қара алтынға, астықты сары алтынға балап, жай қолданған болсақ, бүгінгі таңда осы метафоралык теңеулер әдеби тілімізге әбден сіңісті болып, біржола орнығып алды. Жекелік қолданыстан гөрі, қазір жалпы халықтық қолданысқа актив болып ауысты. Міне, осындай сөз шеңберін кеңейтіп, жұртшылыктың қажетіне жараған метафораларды тұрақты метафора  дейміз.

Жеке қолданыстағы (индивидуальная) метафора мен тұрақты метафора өзара тығыз байланысты. Алғашқысы соңғысының үлгісімен жасалады да белгілі бір ақынның я жазушынын, белгілі бір туындысында өмір сүреді. Бұлар сөздікте сөздік мақаланың мазмұнына ене алмайды. Белгілі контексте ғана ұшырасатын сөздің келтірінді мағынасы қашанда әр автордың өзіндігін көрсетеді. Сондықтан да келтірінді мағына әрдайым құбылмалы болады. Ойды әсерлі жеткізу мақсатында метафора қолданылады. Мәселен ақын Мұқағали Мақатаев шығармаларында мынадай өлең жолдары кездеседі:

«Қасқа бұлақ, қасыңнан неге кеттім?!

Не деген жел айдаған көбелекпін?» (М.Мақатаев).

Ақын өзін жел айдаған көбелекке теңеген.

Метафораны сөз өнері (поэтика, риторика), эстетика, логика, философия, тіл (стилистика, лексикология, психолингвистика) ғылымдары зерттейді. Сөз өнерінде метафораның символикалық, эмоционалдық ерекше мәні бар. Мұқағали өлеңдеріндегі «Өмір дегенің – бір күндік Сәуле екен ғой», «Өмір – бір күндік жарық мекенім» тармақтарында өмірді  – сәулеге, өмірді – жарық мекенге балайды. Енді бір өлеңдерінде:

Өмір деген – бір  жарқ еткен найзағай,

Өмір деген – көк  аспанның күркірі, – деп жырлайды.

Қазақ тілінде кездесетін «жастықтың оты», «жүректің көзі», «дүние есігі» деген метафоралармен қатар дәстүрлі қолданыстағы метафоралар да ақын шығармаларында кездеседі: жан азығы, табиғат-ана, өмір-өзен, өмір сыбағасы, асау толқын, т.б.

Метафоралар мақал–мәтелдер, тұрақты сөз тіркестері, қанатты сөздерде де жиі кездеседі. Метафораның кейбір түрлері теңеуге ұқсайды. Мысалы, тас жүрек. Бірақ онда теңеудегідей екі нәрсені салыстырудан гөрі сезім, әсер жақындығын көрсету басым. Көбіне ондай екі нәрсенің бірі айтылып, екіншісі емеурінмен білдіріледі.

2.2 М. Мақатаевтың табиғат лирикасындағы метафоралардың қолданылу ерекшеліктері

XX ғасырдағы қазақ поэзиясында өзгеше құбылыс болған  Мұқағали Мақатаев поэзиясының орны ерекше.  Туған жерді сүю, сиқырлы табиғатының қадір-қасиетін сезіну Мұқағали  жырларында ерекше көрініс табады. Туған жерінің алтын бұлағын «менің әрбір қан тамырым емес пе?» – деп атамыз ежелден қасиет тұтқан қанға теңеу арқылы метафора жасаған. Туған жердің алтын бұлағы аныққын үшін қан тамыр. Ерекше қолданыс, сәтті өрнек.

Мұқағалидың табиғат лирикасын ақын лирикасындағы «туған жер келбеті», «өлең өрнектеріндегі табиғат перзенттері», «жырға айналған жыл мезгілдері» деп топтауға болады.  Ал, қыс тақырыбына жазылған «Анау – аспан, мынау – бақ» өлеңінде:

Аспан жердің арасын,

Дәрігер-қыс алуда.

Табиғаттың жарасын

Ақ дәкемен таңуда.

Таңдырып ап маңдайын

Тағы көйлек сұрап жүр

Бақты кезіп тал-қайың,

Жалаң аяқ жылап жүр.

Қу бұтағын құшақтап,

Түксиеді кәрі емен.

Қыс – тазалық, қыс – аппақ, 

деп көз алдындағы көріністерді әшейін көзбен көріп қана қоймайды, көкірекпен қабылдап, өзінше, өзгеше бір бейнемен кейіптеп, кестелеп, бедерлеп көреді.

Ақын танымында қыс – дәрігер. Табиғат жарасын дәкемен таңатын дәрігер келбеті қыс бейнесін жасаған. Мұндай метафоралық қолданыс ақын шығармаларының көркемділігін арттыра түседі.        

М.Мақатаевтың қуаныш сезіміне бөленген көңіл күйін «Біздің көктем» өлеңінен де көруге болады. Көктем мезгілі жер-дүниенің жасарып, тіршілік атаулының басталар тұсы және табиғат ананың босанып, айнала әртүрлі гүлдерге көміліп, жасыл желекке бөлінер сәті болғандықтан ақын көктемді өмірдің, жаңа тіршіліктің басы ретінде жырлайды. Лирикалық кейіпкердің көңіл-күйін, жан-толқынысын,  сезімін бейнелеу, суреттеу арқылы маусымның қайталанбас сәттерін бейнелеп береді. Күзді бейнелеудегі ақынның әдісі өзгеше.

Сен менің тынысым ең, тұрмысым ең,

Сен үшін өмір сүріп тырмысып ем.

Жыл құсымен оралған жаным менің,

Бірге  аттанып кетесің жыл құсымен.

Қызылы жоқ қырманды – күзде міне

Қайтқан құстың қараймын  тізбегіне, 

деп, өз сағынышын, күрең күзгі күндерін мұңдана еске алып, құлазыған көңілін қайтқан құспен сабақтастырады. Ақын үшін күз мезгілі – тыныс, тұрмыс. Күз – сағыныш.

Қазақ халқы кіндік қаны тамған жерді қасық қаны қалғанша жаудан қорғаған. Ақынның туған жердің қадір-қасиетін терең сезінуіне, тебірене жырлауына ата-бабаларымыздың осы қасиеті сіңсе керек. Расында да, «Туған даласын шөл етуге қимайтын» бұлақты қалайша жан иесі демейсің. Өйткені, оған ақын  адамға тән  мінез, қылық, әрекет берді емес-пе?  Жерді  анаға теңеу әріден бар ұғым. Осыны  Мұқағали ақын  «Ұқсайсың»  деген өлеңінде  жаңа қырынан танытады. Туған жердің әрбір тал-шыбығын, көз жетпес көк тіреген шыңырау құзын, тасқындап, таудан құлай аққан өзенін, әрбір тасын еш нәрсеге айырбастамайтын ақын ойын өлең жолдарынан аңғарамыз. Туған жердің шаттығына қуанып, күйігін өзінің қайғымдай көтеремін деген ақын пейілі туған жері үшін жүрегін де жұлып беруге бар. Бұл ақынның туған жерге деген ыстық махаббатынан туған жыр.

                                       Тамыры иіп,

Тәтті бір ұйықтап алғасын.

Ана-шайына,

Дала-нөсерге қанғасын.

Далаға-диқан,

Анаға-адал жолдасы.

Тыңайтпақ болып,

Даярлап жатыр қалжасын

Ақын тауды  «Ана – жердің төсіне алып сәби жарасқан», бейнелейтіні- қандай әдемі  жанды сурет. Бұл да метафоралық қолданыс болып табылады. Жер кіндігін, Отанның алыптығын  бұдан артық қалай сипаттау мүмкін.

Ақын сезімі адамды баурап,  көкірек көзін ашып өтеді. Айталық, «Қарасаз» өлеңін оқығанда көз алдыңызға бейнелі сурет елестейді. Қарасазда өткен ақынның әрбір мерейтойлары осы бір ойларға жетелейді.

Сен менің еліме бар, жерімді көр.

Жандар бар әр нәрсенің жөнін білер.

Қонағы бол, жыл сайын көріп жүрер,

Асылы бол, жыл сайын көріп жүрер,

Ардағы бол, артатын сенім, жігер!

Мені сұра бастаудан, жылғалардан,

Тоғайдағы көлшіктен, тұнбалардан,

Мені сұра сағымнан қуған арман,

Тал-шыбықтан сұрағын сырғаланған.

Таудан сұра, найзадай шыңдарынан

Шыға алмай таңсәріде  Күн қадалған.

Мұқағалидың ойлы лирикалары  оқырманды ойға батырып, көңілге толқын ұялататын туындылар екені кімге де болса аян.

Мұқағали – лирик ақын. Лирикада  адам болмысының түгел көрініс табатыны, адам жанының сыры, ой-сезімі жоғары поэтикалық деңгейде өрнектелетіні аян. Лирик ақын көбіне өзімен-өзі іштей сырласып, ойды іштей саралап, өзіне-өзі сауал қойып, тоқтам айтып, өз ойын дәлелдеуге тырысады. Өз мақсатына жетуде түрлі көркемдік әдістерді құбылта отырып пайдаланады. Соның бірі – метафора. Әсіресе өз кейіпкерінің ішкі сезімін, жан дүниесін, табиғатын, болмысын беруде пейзажды керемет пайдаланады. Табиғаттың сұлулығын бірде құлпырта сол күйінде суреттесе, енді бірде кейіпкерімен қатар ала отырып, салыстыра, астастыра суреттейді. Сол арқылы адам болмысын, оған тән мінез-құлықтарды, қасиеттерді нақты да шынайы бейнелейді.

Поэзия арқылы Мұқағали қоғам тынысын жай сезініп көруші емес, оның бағалаушысына айналған. Өнердің кәусар туындысы халық өмірінің терең және мөлдір қайнарынан шымырлап шығады да, сол халықтың өзінің рухани сусынына айналады. Ақын поэзиясында рухтың, аса бір ізгіліктің мекені бар, табиғаттың сиқырлы сый қоймасы бар, сезім-түйсіктің ең нәзік сазды пернесі бар ғаламның тіршілік ағзасы.

Мұқағали поэзия бәрінен бұрын, халық өмірінің айнасы болуын, поэзияда, бәрінен бұрын халықтық мәні бар келелі шындықтардың  суреттелуін көкседі.

Қолаң қара шашың-ай күн қақтаған!

Қос бұрым-ай жотаңда бұлғақтаған!

Қарғам, сенде жерімнің иісі бар-ау,

Жер иісі жұпардан қымбат маған! –

деп  толғайды бір өлеңінде. Яғни  оның халқын сүюі табиғатынан, қанынан, бар болмысынан туады. Бұл ақынның туған топырағымен тұтастығын танытады.

Мұқағали Мақатаев – туған жерінің суретін бейнелеуде өзіндік өрнек таныта, өзгеше поэтикалық әлем аша жырлайды. Табиғат аясында туып-өскен әрбір ақынның сол тақырыпқа қалам тартпауы мүмкін емес. Туған жерді, оның әдемі табиғатын жырлау – барлық ақынның перзенттік парызы. Қазақ даласының табиғатын Мұқағали пәк, таза күйінде көргісі келеді. Адам мен табиғатты ол тұтастықта таниды. Табиғат та адам сияқты кейде көңілді, кейде мұңды. Соған лайық ақын да оны әр-күйде суреттейді. Бірде ол дала бетін жапқан жібектей жасыл шөптер мен асқар тау, балдан тәтті сулар көрсе, кейде сол даладағы  бабасы өскен Кеңбұлақты ғасырлардан оралған көштерге теңейді. Кейде сарғайған сары белін сәулелі лағылға теңесе, енді бірде сол даланың соққан самалынан  таңдайына қымыздың дәмі келген.

Мұндағы метафоралық қолданыстар:

Бабасы өскен Кеңбұлақ – ғасырлардан оралған көш;

Сарғайған сары бел – сәулелі лағыл;

Далалынң самал желі – қымыздың дәмі.

Аян ғой аймағыңның сыры маған.

Сөйлейсің, сөйлейсің сен Ұлы Далам!

Мен сенің көкке ұшырған бозторғайың,

Шырылдап жерге түспей тұрып алам.

Жаралған жан емеспін басы бөтен,

Туған жер, топырағыңды басып өтем.

Кеудемде қатып қалған бірдеңе бар,

Кім білсін, туған жердің тасы ма екен?!

Ақынның ойы да, сезімі  де  еркін, сыршыл, нәзік  мұңды көңіл-күйі аралас жүреді. Ақын көлгірсімейді,  ағынан жарыла шынын айтады. Сезім мөлдірлігін, үлкен шеберлікті, суреткерлікті танытатын мұндай өлеңдер  Мұқағали Мақатаевтың табиғат лирикасында мол ұшырасады.

М. Мақатаев адаммен бірге табиғаттан да келісім мен жарасым іздеген ақын. Оның лирикасындағы табиғат жай сурет, көрініс ғана емес, жанды, сезімтал. Сол үшін Алатауға мұң шағады, жас қайыңнан өзіне сырлас табады, жапырақты жүрекке теңейді, мергеннің оғына іліккен аққу мен киікке жаны ашиды.

Ақын туған жер табиғатын шабыттана, құштарлықпен өлеңге енгізеді. Жас ұрпақты туған өлкесін сүюге үндейді. Адам назарын аударатын және адам тіршілігімін етене байланысты табиғаттың тылсым құпия сыры көп. Адамзат жаралғалы, тіпті одан да бұрын жаратылған заңғар, биік таулар мен шалқыған айдынды көлдер, ширатылған заңғар өзендер қай заманда да ақын қиялын тербетіп, назарынан тыс қалмаған. М.Мақатаевтың туған жерге байланысты  өлеңдері бір шоғыр. Олар: «Апырай, туған жер-ай», «Дөңгелек жер», « Рахмет, дала», «Қазақ жері», «Жетісу», «Туған жерге», «Туған жер сағындырды», «Саржайлау», «Қайран, Қарасазым-ай», «Осынау шуақ шашқан кең өлкеде», «Туған елге» т.б. Себебі, қай ақынды алмаңыз, ең алдымен өзі өскен жерінің табиғатын жырлап өткен. Мұқағали да сол дәстүрді жалғастырушы.

Өлмесін деп берген ғой тауды маған,

Мен күрсінсем, күңіреніп тау жылаған.

Көңілімде бір құйын көтерілсе,

Тауларымда тұрады қарлы боран, – дейді

Тауды өзінің, өз көңіл-күйінің баламасы ретінде салыстыра алады. Жаны да, тәні де табиғатпен өзектес сипатты көреміз. Оның суреттеу мәнерінде сезім басым.  Мұқағали сөзінен сыңғырлаған сұлу дыбыс шығады. Ақынның  тілі  үнді, әуенді, музыкалы тіл. Өлеңін оқығанда  көкірегің күйге толып,  өз-өзіңнен ән салып отырасың. Бұл – сүйіспеншілік, құштарлық сезімі. Ақынның туған жерге деген махаббатты жыр  болып  төгілген.

М. Мақатаев атты дарын, алып ақындық талантымен қаншама жылдар өтсе де, өлмес өлеңдерімен өрлей бермек. Оның өшпес  өрнекті  өлеңдері  ұзақ өмір  сүріп,  жастардың  жүрегіне  жарқырап  жетіп, жалын  құйып, өзінің жылуы мен жарығын дарытуда. Әрбір оқыған, ізденген сайын ақынның  жаңа сырлары аңғарылып, тың толқындары тулап, сырлы саздарын  төгуде.

Тарихтағы ұлт ұлы ақыны ғана шығатын шұғылалы биікке көтерілген әрбір ірі ақындар сияқты Мұқағали да қазақ поэзиясын жаңа кеңістікке көтеріп қондырды да, өзі соның мәңгілік тұрғыны болып қалды. Ол әрбір мезгілмен бір көктеп көгеріп, әр ұрпақпен бірге жасайтын  ақындардың таңдаулы тобына жатса керек.

Поэзия – сөз өнері. Поэзия арқылы қаламгер әлеуметтік, қоғамдық құбылыстарды бейнелеп көрсете алады. Оны жанды көрініске айналдыра алады. Сөз қолдану шеберлігі, көркемдік шеберлік дегеніміз – өмір құбылыстарын танып-білу, ұғып-түсіну қабілетімен көркем ой-сезім қуаттылығымен терең тамырланып, қабысып жататындығында.

Ғасырлар қойнауынан тартқан бай тарихы, сан-салалы дәстүрі, алуан стильдік тармағы бар әдебиеттің даму жолына тыңнан соқпақ қосу – кез келген қаламгердің қолынан келе бермейтіні белгілі. Әр ақын сөз өнеріне айтарлықтай жаңалық алып келе бермеуі мүмкін. Ақын өз шығармалары арқылы танылып, кейінгі әдебиетке үлгі боларлықтай дәрежеде болса, ұлттық болмысты таныта алса ғана рухани қазынаға қосылған өміршең жаңалық болмақ.

Соңғы кезең, яғни шын мәніндегі стиль қалыптастырған кез – шығармашылық өрлеудің жоғарғы сатысы. Бұған жету үшін шыңдалған суреткерлік шеберлік керек. Стиль даралығы, әсіресе, әр қаламгердің көркем тіл ерекшелігінен айқын байқалады. Сонымен қатар жазушының шығармашылығы оның өмір тарихымен, адамдық болмысымен, азаматтық бітімімен, өзгеден бөлек өз тәжірибесімен, білімімен, мәдениетімен, дүние танымымен ұласып, тығыз  байланысып жатады.

ҚОРЫТЫНДЫ

Қазақ метафораларын ақынның ойды дәл, өткір, көркем және ұтымды ету мақсатында пайдаланылғанын аңғаруға болады. Әрбір халықтың тілінде қолданылған метафоралар  сол халықтың болып өткен ұзақ тарихының, рухани өмірінің, дүниетанымының, наным-сенімінің, тұрмыс-салтының, әдет-ғұрпының көрінісі ретінде сөз өрнегінде сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа, атадан балаға ауысып отыратын қымбат мұра болып саналады. Осындай тілімізде көненің көзіндей сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан сөз өрнектері арқылы тіл тарихы, қоғам тарихы, сол қоғамда өмір сүріп отырған халықтардың өткендегі әдет-ғұрпы, тұрмыс-салты ерекше өрнектелген. Қазақ метафораларының тәрбиелік маңызы өте зор. Қазақ халқының ұлттық болмысын көрсететін асыл қасиеттерін сақтап қалуға үндейді.

Метафораланған сөздер Мұқағали өлеңдерінде жаңа образдар жасап, қазақ тіл білімі сөзжасамында тың қолданыстар туғызады. Осының негізінде сөздердің экспрессивті әсері мен эмоционалдық бояуы арта түседі.

Сонымен, түйіндеп айтқанда, М. Мақатаев шығармашылығынан қазақтың нағыз ұлттық болмысын көреміз. М. Мақатаев жырларындағы қазақтың жері мен суы, тауы мен даласы көрініс тапқандығы өз алдына, өзгеше пайымдау ерекшелігі, өзіндік өрнек салар тілі, шалқыған шабыты сөзге шебер халықтың ұрпағы екенін аңғартады. Мұқағали Мақатаев өлеңдерінің өзегінен ақиқат өмір шындығын көреміз, көркемдік өрнегі өзгеше өрілген сөз өнерінің үлгісін танимыз. Ол халықтың ұлттық сипаттағы көркем бейнесін, сол арқылы адам болмысын, оның жан дүниесін, сезімін, яғни, адам өмірінің  асыл шындығын ерекше тебіреніспен толғайды. Ақын әрбір кейіпкерін өзінің  сезім елегінен өткізіп, сол күйде өзі тұрғандай етіп шебер бейнелейді. Сондықтан да оның қаһармандары шынайы, оқырманды бірден баурап алады. Сол себепті де Мұқағали мұрасы сөз өнерінің дара мұнарасы ретінде  болашаққа апарар құнды қазына болып қала береді.

You May Also Like

Киік – киелі аң, ғылыми жоба

ҒЫЛЫМИ ЖОБА Тақырыбы:    «Киік – киелі аң» АННОТАЦИЯ  Жобаның өзектілігі: Қазақ даласындағы…

Семіздік проблемалары, ғылыми жоба

Ғылыми жоба Тақырыбы: «Семіздік проблемалары» МАЗМҰНЫ КІРІСПЕ …………………………………………………………………. СЕМІЗДІК ЖƏНЕ ОНЫҢ САЛДАРЫ…………………………

Жел энергиясы, ғылыми жоба

Тақырыбы: «Жел энергиясын пайдалану» Мазмұны Түйіндеме                                                                                                        2 бет Кіріспе                                                                                                              3бет Теориялық бөлім…

Халық педагогикасы – ұлттық тәрбие бесігі, ғылыми жоба слайд