«ХАЛЫҚ ДАНАЛЫҒЫНА БАУЛУДАҒЫ МАҚАЛ – МӘТЕЛДЕРДІҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ»

Зерттеу  жұмысының  мазмұны:

  1. Абстракт  ——————————————————————–     3-5
  2. Кіріспе  бөлім   ————————————————————–     6-7

2.1.  Зерттеу  жұмысының  өзектілігі,   мақал – мәтел  туралы

  1. Зерттеу  бөлімі  ————————————————————–   8-22

3.1.  Мақал–мәтелдердің құрылымдық ерекшеліктері   ————-    8-10

3.2.  Мақал–мәтелдердің өзара айырмашылығы   ——————–    11-12

3.3.  Мақал – мәтелдердің тақырыптары     ——————————    12-16

3.4.  Халық даналығына баулудағы мақал–мәтелдердің

тәрбиелік мәні  ———————————————————–     16-22

  1. Қорытынды  бөлім    ——————————————————      22-23
  2. Пайдаланылған әдебиеттер  тізімі   ———————————-      24
  3. Жоба  жетекшісінің  пікірі    ——————————————–       25
  4. Қосымшалар   ————————————————————–        26-28

Абстракт

Зерттеу жұмысының мақсаты – Талдау, саралау  негізінде ұтқыр, дәл айтылған тіркестерде берілген қазақ халқының  ділінің жалпы  және  жеке  ерекшеліктерін анықтау;  ұлттық мінез-құлықтың мақал-мәтелдерде айтылған  өзіндік  ерекшеліктерін зерделеу.

Зерттеу жұмысының міндеттері – Оқушылардың,  менің достарымның сөйлеу тілінде пайдалануын белсендіруге  және жеке  өмірлік тәжірибесін кеңейтуге  ықпал ететін қазақтың  тіл  шығармашылығының  бірегей  формасы,  мақал-мәтелдердің тақырыптарын зерделеп, мәнін  ашу.

Зерттеудің болжамы – Қазақ мақал-мәтелдерінің тақырыптары мен мағынасын зерделеу  заманауи  адамның  тілінің  мәдениетін, нақтылығын, байлығын   анықтайтындығы  жөніндегі  болжам  алынды.

Зерттеу  объектісі – Сонау ықылым  заманнан  бізге өзінің тағылымдық мәнін жоғалтпай  жеткен  қазақ әдебиетінің  ажырамас  бөлігі болып табылатын мақалдары мен мәтелдері, сонымен қатар халқымыздың мақал-мәтелдерінде  айқындалған  мәдениеті.

Зерттеу  пәні – Қазақ  халқының  мәдени  және  әдеби  мұрасы.

Зерттеу  әдістері – Талдау,  бақылау,   іс-тәжірибеде  қолдану.

Зерттеудің  жаңалығы – Зерттеу  жұмысында мақал-мәтелдер арқылы қазақ  халқының  салттары мен  дәстүрлерінің  ерекшеліктері сараланды.

Жұмыстың нәтижесі  мен  қорытындылар – жастарға    тәлім-тәрбие беретін,  ұнамды үлгі қалыптастыратын мақал-мәтелдерді насихаттау;  мақал-мәтелдерді  мектеп  өмірінің  барлық  бағыттарына  /сабақта,  сыныптан тыс  өмірде ,т.б./  кеңінен  енгізу  керек  деген  қорытындыға  келдім.

Іс-тәжірибеде  пайдалану  аясы – Мектепте  тек    қазақ  тілі  мен  әдебиеті  пәні  ғана  емес,  сонымен  қатар  басқа  да оқу  пәндерін оқыту  іс-тәжірибесінде;   әсіресе,   жастардың  сөйлеу  тілінде   пайдалану керек.

Мақал-мәтел – әрі  қысқа,   әрі  нұсқа  айтылған  сөз  мәйегі, ой  маржаны. Мақал-мәтел  бір  ғасырдың  ғана  жемісі  емес. Олардың  алғашқы  үлгілері  есте   қалмаған   ықылым   заманда   туып,   өзінің   қалыптасу,  даму,  өсу   процесінде  талай  ғасырмен   бірге  жасасқан.   Бұл   жолда  әр  түрлі  қоғамдық,  таптық тілектерге  сәйкес  өзгеріп,  жаңарып  отырған. Мақалдар  мен  мәтелдерде  айтылмайтын,  сөз  болмайтын  өмір  саласы  жоқ  десе  де  болады.

Мақал-мәтелдерден  халықтың   ой-санасы,  дүниеге  көзқарасы,  ақыл-  өнегесі  мол  көрініс  тапқан.  Мақал-мәтелдер  ой   дәлдігімен,  мазмұн тереңдігімен,  түр  жағынан   ықшамдылығымен   ерекшеленеді.  Онда өмірдің сан  алуан  салалы  құбылыстарына  баға  беріліп,  ой   түйінделіп,  халықтың  ғасырлар   бойғы   тәжірибесі   негізінде   пікір  айтылады.

Халық  терең  ойды  аядай  қалыпқа  сыйғызып,  шебер  беруге  тырысқан. Сөйтіп,  «тоқсан  ауыз  сөздің  тобықтай  түйінін»  жинақтап,  қорытып  береді.  Онда   халық  тарихы,   әлеуметтік   тіршілігі,   ақыл-өнегесі  кең  көрініс  тапқан.

Өкінішке  орай  ғылым  мен  техниканың,  жалпы  өркениеттің  қарыштап  алға  дамыған  заманында  біз  дайын  құндылықтарға  әбден  үйреніп,  төселіп  кеттік. Олар – әлемдік  ғаламтор  өнімдері,  электрондық өнімдер, т.б.  Сөз  жоқ  бұл  құндылықтардың  да  өмірде  алатын  орны  зор. Дегенмен, адамдардың  арасындағы  «тірі»   қарым-қатынасқа   жетпейді. Көпшілігіміздің  сөйлеу  мәдениетіміз,  сөздік  қорымыз,  ұтқыр,  ойлы  сөйлеу  шеберлігіміз   кемшін  түсіп  жататыны  жасырын  емес.

Мақалдар  мен  мәтелдерде адамның  жан-жақты  тәрбие  алуына  үлкен  мән  берген,  тәлім-тәрбиені мақал-мәтел  арнасына шеберлікпен  сыйғыза  білген.   Мақалдар мен  мәтелдердің мазмұны  бабаларымыздың  өмір  тәжірибесін қамти  отырып,  біздің  санамызды,  әсемдік  сезімімізді,  талғамымызды,  көзқарасымызды  дамытады.

Мақал – мәтелдің  өн  бойында  поэзияға  тән  жинақылық,  үнділік,  сазды-  лық,  ұйқас,  ырғақтылық  байқалады.  Онда  басы  артық  сөз  болмайды. Барлығы    өз   орнында,   екшеленген,   сұрыпталған,   жымдаса  біріккен, ой-өрнек   ажыраспас   туыстық   тапқан,  ішкі мазмұнына  сыртқы  формасы  сай  үндестік  тапқан  болып   келеді.

Мақал   мен  мәтелдер  сөйлеу  кезінде  тыңнан  жасалынбайды,   даяр  қалпында   жұмсалады,  құрамдары  әрқашан  тұрақты  болады. Мақал- мәтелдер – сан  ғасырлар  жемісі,  сондықтан  әбден  ой  елегінен  өтіп,  екшеленген,  сөйтіп  тұрақталған   сөз   оралымдары.  Мақал    мен   мәтелдердің  ішінде  тура  мағынасында  ұғынылатыны  да  бар,  яғни  олардың  мағыналары  сол  мақалдарды  құрастырушы  сөздердің  мағыналарынан  туады. Олардың  тұрақтылығы   мағыналарының  астарлы   келетінінде  емес,  керісінше,   олардың  даналық  қорытындылар  болып  келуінде.

Мақал-мәтелдер   құрылысы  жағынан   сырттай   ұқсас  болып  келгенімен,  олардың  мазмұнды  түйіндеуінде,  ойды  шешуінде  өзіндік  ерекшеліктері,   айырмашылықтары  бар.  Ол  айырмашылықтар  мен  ерекшеліктер мақал-мәтелдің  ойды  түйіндеу  жағынан  да,  құрылымы  жағынан  да  байқалады.

.   Мақалмәтелдердің  тақырыптары

Мақал-мәтел – сөз  мәйегі,  саф  алтыны.  Мақалдар  мен  мәтелдерді,  сара  сөз  бен  нақылдарды халқымыз  ежелден  жақсы  көреді,  сүттей  ұйып,  сүйсіне  тыңдайды.  «Сөздің  көркі – мақал»   деп  қадірлейді,   «Аталы  сөзге  арсыз  жауап  қайырады»  деп,  сөз  қадірін  білмейтіндерді  сынайды,  «Өнер  алды – қызыл  тіл»  деп,  сөз  өнерін  жете  бағалайды.

«Мақал – сөз  атасы». Олар   сөз  дәлдігімен,  ықшамдылығымен  ерекшеленеді.  Мақал-мәтелдер  нақыл  сөз  есебінде  қызмет  атқарады. Олардың  қайсысында  болсын   поэзияға  тән  ырғақ,   үйлесім,   саз,   интонация   барлығы   бар.

Мақал-мәтелдерде  бейнелі  көркем  сөз  айшықтарының  нелер  асылы  кездеседі.  Оларда  көркем  өрнек  жасалынады.  Мысалы,   «Түсіне  қарасаң,  күндей,  ішіне  қарасаң, түндей»  деген  мақалды  алайық.  Жүзі  күндей  күлімдеп,  іші  сұм  адамдарды  «түндей»   деген  теңеу  арқылы  қапысыз  тануға  болады.

Мақал-мәтелдердің  тақырыптары   әр  алуан.   Олар   халықтың  әлеуметтік,  шаруашылық,  рухани   өмірін  түгел    қамтиды.   Мақал-мәтелдердің  басты   тақырыбының   бірі –  Отан,  туған  жер,  атамекенге , еңбекке, ерлікке,  батырлыққа, ынтымақ – бірлік, достыққа,   жолдастыққа, төрт   түлік   малға, егіншілік   кәсібіне, өнер-білім,  оқу,  ғылым, адамгершілікке ,  қоғамдағы  қатынастарға,  әлеуметтік  мәселелерге,  ата- ана,  туған- туысқан,  денсаулыққа байланысты.

Мақал-мәтелдерді  байытып,  оның  сарқылмас көліне  үзілмей  құйылып  отыратын сала-сала бұлақтар  бар. Олар – нақыл сөздер,  толғаулар, шешендер сөзі  жеке,  сом  айтылған  мағыналы  өлең,  өлең  жолдары,  ақын-жазушылардың  кітабынан  шығып,  мақал-мәтелдер қатарына қосылып  тұратын тұжырымды  айтылған асыл  сөздер,  мағыналы  көркем  сөйлемдер. Ақын – жазушылар   шығармаларында   мақал-мәтел   болып   кеткен  жолдар  мол.

Мақал-мәтелдер – сан   ғасырлар  бойы  халықпен  бірге   өмір  сүріп  келе  жатқан   қастерлі   қазына.  Мақал-мәтелдер – ел  аузында,   сөйлеу тілінде қолданылатын  мазмұнды  салалардың  бірі.   «Сөз  асылы – мақал»  деп  тегін  айтылмаса  керек.    «Мақал – логикалық,  образдық  ойдың  қос  қанаттасқан   ғажап   табысы,   тәжірибеден   туған   философиялық   сөздер. Сөздің  ұйтқысын  ең  алдымен  мақалдан  іздеу  керек. Онда  этикалық,  философиялық,    ұжымдық   мазмұн    бар.   Мақалдың    қорытындыларын    халық   еш   уақытта    теріске    шығара    алмайды»    дейді     ғалым

Ә.Қоңыратбаев.

Мақал-мәтелдердің   адамды   игі   қасиеттерге   үндеу,   уағыз-өсиет  сипаты   бар   екені  баршаға  мәлім.  Бұл  қазына  тәрбиелі  қыз,  ұлағатты  ана, ардақты  ұл,  елі  аялаған  ер,   жылы  жүректі   әке  қандай   болуы  керек,  осының  бәрін  тобықтай  сөздің  түйінінде  түйіндейді.

Қазақ   халқы   мақал-мәтелге   өте  бай.   Мақал-мәтелде  халқымыздың  өніп-өсуіне,  мінез-құлқын  қалыптастыруға,  тіршіліктің  қыры  мен  сырын  түсінуге, оның  қайшылығын  тануға   терең  баға  беріледі.    Мақал-мәтелді  кез  келген  адам  шығаруға  құқылы.    Ал  ұрпақтан  ұрпаққа   жалғасып,   уақыт   арқалатқан   жүкті   мойымай  көтеріп,  сөйтіп, қалың   елдің   мұқтажын   өтейтін   мақал-мәтелдер   салиқалы   ой   иесі,   ділмар   шешен,   адуын   мінезді     ақындар   араласуымен   жасалған.

Қазақтың  мақал-мәтелдерінің  өскелең  ұрпақтың  эстетикалық  мәдениетін  дамытуда  да  маңызы  зор.   Мұндай   мақал-мәтелдердің   мазмұны  ата-бабаларымыздың  бүкіл  өмір  тәжирибесін  қамти  отырып,  жас  ұрпақ  санасын,  әсемдік  сезімін,  талғамын,  көзқарасын  дамытады.  Осыған  орай  көптеген   ғалымдарымыздың   ғылыми   зерттеу.

Қазақтың  жазба  әдебиетінің  негізін  салушы  ұлы  ақын  Абай  Құнанбайұлы  ұлтымыздың  ауыз  әдебиетінің  асыл  қазынасы  мақал -мәтелдердің  шығу  тегін  терең  зерттеп,  құнды  пікірлер  айтты.  Мысалы,  Жиырма  тоғызыншы  қара  сөзінде: «Біздің  қазақтың  мақал-мәтелдерінің  көбінің  іске  татырлығы   да   бар,   іске  татымақ  түгіл,  не  құдайшылыққа,  не   адамшылыққа  жарамайтыны  да  бар»   дей  келе,  «Қалауын  тапса,  қар  жанады,   сұрауын  тапса,    адам  баласының  бермейтіні  жоқ»,   «Атың  шықпаса  жер  өртте»,   «Алтын  көрсе,  періште  жолдан  таяды».

Қазақ  ата-бабаларымыздың   ақыл-парасаты   дүниежүзілік  алдыңғы  қатарлы  ойлау  жүйесімен  деңгейлес  екеніне  халқымыздың  мақал-мәтелдері  куәлік  ете  алады.

«Тәрбие   тілден  басталады»     дейтін  халқымыз  ана  омырауынан  ажырамаған   кезден-ақ   бөбегің   ана  тілінің  ақ  уызымен  ауыздандыра   бастау  керектігін,  ана  тілі – адамның  ғұмыр  бойғы  серігі,  рухани  қуаты,  күрестегі  құралы  екендігін   меңзеп  отыр.

Қазақтың  халық  педагогикасы – ғасырлар  бойында  қалыптасып,  қорлана  байып  келе  жатқан  ғылым.  Халқымыз  «Мақал – сөздің  мұнарасы»  деп,  халық  ауыз  әдебиетінің  асыл  бір  жанрына   осындай  бағаны  өзі  берген.   Мұнара   биіктікке,   асқарлыққа,   парасат  асқарына  мезгейді.  Мақал-мәтелдің   озық-артықшылығы   ойды  сығымдап,  нақышты  әрі  әсерлі,    санаулы  сөзбен   әрі  өткір,  әрі мәнді  айтып,  суреттеуінде.  Халық  өзінің  тәлімгерлік  трактаттарын   мақалдар   мен   мәтелдерге   шебер   сыйғыза   білген.  Бір  естігеннен   жадыңда  қалады,  тәлімгерлердің  де, тәрбиеленушілердің  де   жаттауына  оңтайлы,  жеңіл және   бір  ғажабы, өмірдің   өзі  секілді  желісі  үзілмей, өркен  жайып,  жыл  асқан  сайын  жемісін  елге  ұсынып  отыратын  даналық   көзі   мақал-мәтелдер    өз   қатарын   қалыңдатып  отырады.  Жаңа   дәуір   талабына   сай   жаңаша  туындайтын  мақал-мәтелдердің   иесі    де,    көнеден   сақталып   келе   жатқан,   сұрыптала,   сұлулана   түскен   асылдарды  сақтаушы  да – қарапайым  халық. Сонымен,   өткен   замандарда  жасаған   сал-серілер  мен  ақылмандарымыздың   бізге   қалдырған   ой-парасат,   мирасы   даңғыл   жол   сияқты  екен.

Қорытынды  бөлім

      Мақал-мәтелдер – ауыз  әдебиетінің ең  байырғы,  ең  көне  түрі.  Ол – ғасырлар  бойы  халқымыздың  ұқыптап  сақтап  келген  тәжірибесінің  жиынтығы,  ой-пікірінің  түйіні,  аңсаған  асыл  арманының  арнасы,  өмір  тіршілігінің  айнасы,  көнеден  жаңаға,  атадан  балаға   қалдырып  келе  жатқан  тозбайтын,  тот  баспайтын,  өмірлік  өшпес  мұра.

Мақал-мәтелдер   көркемдік  бейнелі   сөз   айшықтарымен   әсерлі.  Олардың  айтуға   оралымдылығы,   тілге  үйіріле  кететіндігі,  ойдың  өткірлігі,   ұшқырлығы,  тереңдігі   мақал-мәтелдердің   сапаларын   анықтайды.  Мақал-мәтелдер  адамды  сөз  қадірін  білуге,   жақсы  мен   жаманды,  қас  пен   досты   айыра   білуге,   айналадағыларға  мейірбан,   кеңпейіл   болуға,  сезімтал  болуға,  халық   шығармашылығының   інжу-маржанын   бағалай  білуге  баулиды.

Мен – оқушымын,  өмір  тәжірибем  аз.  Өзім  сияқты  балалардың,  достарымның  бойында   мәдениет,  адами   қасиеттер  қалыптастыру  мақсатында  айтылатын   әрі  әсерлі,  әрі  ойда  сақталып  қалатындай  мәнді  мақал-мәтелдер,   ақыл-насихат,    өнеге-өсиет төл  әдебиетімізден  көптеп  табылатынына  көзім  жетті. Біз  қоғамның  қамын  ойлайтын  азамат  болып  өсуіміз  керек. Осындай  игі  істе  біздің  таптырмас  көмекшіміз  халық  даналығы  болып  табылады. Себебі  халық даналығы – сарқылмайтын  теңіз,   ал  халқымыз – дана   ұстаз.  Демек,  өткен  замандарда  жасаған  серілер   мен   ақылмандарымыз   бізге   қалдырған   ой-парасат  мирасы  даңғыл  жол  сияқты  екен!  Біз  бұрынғылардың  ақыл-кеңесіне  құлақ  тоссақ,   адаспай – абыржымай,   жаңылмай,  жаза   баспай,   арман-тілегімізге   неғұрлым   тезірек   жетуімізге   жол   табылады.  Халқымыздың   сөз   мәйегі   мақал-мәтелдер   бізді   ізгілікке,   имандылыққа,   адамгершілікке,   адалдыққа,   еңбексүйгіштікке,    ұлтжандылыққа,   отаншылдыққа   тәрбиелейді.

Осы  зерттеу  жұмысының  қорытындысы  ретінде өркениетті   елдердің   өрге  тартқан   көшінде,   алға  тартқан  легінде  халқымыздың  мерейін  көтеруге,   қажыр-қайрат   жұмсауға,  қасиетті  қызыл  тіліміздің  үстемдігін  көтеруге   үлес  қоссам  деген  тұжырымға  келдім.

You May Also Like

Анализ собственных наименований продовольственных товаров, научная работа

Тема:    «Анализ наименований продовольственных товаров на примере  магазина «Роза» Рецензия На конкурсную…

Ешкі сүті ем, ғылыми жоба

Түстердің көңіл-күйге әсер ету себептері, ғылыми жоба

«ТҮСТЕРДІҢ КӨҢІЛ-КҮЙГЕ ӘСЕР ЕТУ СЕБЕПТЕРІ» Мазмұны: Кіріспе І. Негізгі бөлім Түстердің сипаттамасы…

Бүкіләлемдік тартылыс заңы, ғылыми жоба

Секция:                жаратылыстану – физика Тақырыбы:         Бүкіләлемдік тартылыс заңы Мазмұны Кіріспе Аспан денелерінің…