Мазмұны :

  1. Кіріспе

Мылтықсыз майданның батыры

II.Теориялық бөлім

2.1. Жазушының бір кем дүниесіндегі – мың кем дүние

III.Қорытынды

Ақиқаттың алдаспаны

Пайдаланылған әдебиеттер

І  Кіріспе

Мылтықсыз майданның батыры

Тәуелсіз мемлекетіміздің өсіп – өркендеуі үшін аянбай еңбек етіп,  еліміздің тарихына, әдебиетіне, мәдениетіне өз үлесін қосып жүрген  ұлы тұлғаларымызға, елім, жерім  деп шырылдаған құрметті азаматтарымызға көз жүгірткеніміз абзал.

Шерхан Мұртаза –  қазақ халқының маңдайына біткен жарық жұлдызы. Туған елінің мәңгі үлгі тұтар бірегей тұлғасы. Замана көшін алға сүйреп, өз дәуірінің тамырын басып қалам тербеген арда азаматы. Шераға халықтың жоғын жастанып, кемел жолға бастар жолды іздеді. Сол жолда аянбай тер төгіп, өз заманының сипатын,  жеке адам бойындағы жақсы не жаман ниеттерді, өзінің дүниетанымында бейнеледі. Артына қалдырған мол мұрасы қазақ мәдениеті мен әдебиетінің дамуына үлкен ықпал жасады.

Біз нысанаға алып отырған қаламгер жөнінде белгілі сыншы Сағат Әшімбаев былай деп баға береді: «Туған әдебиетіміздің киелі табалдырығынан 60-жылдары имене де ілтипатпен аттаған, бүгінде айтар ойы қордаланып, қомақталып қалған тегеурінді буынның тегершігі берік белді бір өкілі» [2,118].  Шерхан Мұртаза – әрбір қазақ үшін аяулы есім, ардақты тұлға. Тумысынан текті, қара қылды қақ жарған ақиқатшыл азаматтың орны бүгінде ойсырап қалды. Туған елін, туған топырағын тәу етер киесі, жүз бұратын құбыласы деп қастерлеп өткен Шераға қазақ әдебиетіндегі ерекше құбылыс еді.Әдебиеттің асылы мен қазынасын алдымызға қойып кеткен алып тұлғаның бірі Шерхан Мұртаза болатын. Шерхан Мұртаза қаламынан туған әрбір туынды оқырманға ғибратты ой сыйлауымен бағалы болды. Тарихымыз бен әдебиетімізде өзіндік орны бар қазақ зиялысы. Сондықтан зерттеу нысанасына айналдыруға лайықты деп тануға болады [ 1,32б]

Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте бұрынғы Әулиеата уезі, қазіргі Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ топырағында дүниеге келген. Әкесі Мұртаза 1937 жылы сталиндік репрессияның құрбаны болып кетті. Шерхан 1941 жылы Талапты мектебінде бірінші кластың табалдырығын аттаған кезден бастап-ақ оқумен бірге еңбекке де араласты. Балалық шағы соғыстың қиямет, қиын-қыстау кезеңіне тұспа-тұс келді.

Шерхан Мұртаза зұламатты  жылдардың өзге де перзенттері сияқты балалық шағы ашаршылық, қанды соғыс оқиғаларына толы болды. Шераға ешбір сұхбатында балалық шағын жымия еске алмаған. Керісінше, балалық сананың түбінде қалған ауыр ойларды еске алады. “Айша шешем кеудесінен сүт шықпай қалғанда талқанды матаға түйіп, оны суға батырып, маған оны сорғызады екен”, – дейді жазушы бір естелігінде. Алдыңғы үш баласы шешек ауруымен шетінеген Айша  мен Мұртаза аш өзегіне  түскен балаларын осылай асыраған. Бірақ қуғын – сүргін келеді де әкесін баласының қызығына, ал баласын әкесінің қамқорлығына тойдырмастан, Мұртазаны «халық жауы» деп айдап әкетеді.

Шераға тілшілерге берген тағы бір сұхбатында : «Мен бала кезімде тікенді қалың шеңгелдің арасынан жалаңаш өтіп шыққан адаммын»,- деп Ұлы Отан соғысы тұсындағы ел басына түскен зобалаңды, жетімдік зардабын бір сөйлеммен ұғындырғандай.

Кеңес және қазақ жазушысы, қоғам және мемлекет қайраткері. Өзінің 86 жасына дейін халқына, еліне аянбай еңбек еткен редактор.Оның еңбектері ,жасалған туындылары халқымыздың мәңгі мұрасы болып сақталатыны анық.

Жамбыл облысы Тараз және Нұр-сұлтан қалаларының құрметті азаматы Шераға 86 жасында 2018 жылдың 9 қазанда көз жұмды.

II.Теориялық бөлім

2.1.  Жазушының бір кем дүниесіндегі –  мың кем дүние

Шерхан Мұртазаның жас та кәрі де іздеп жүріп оқыған кітаптары жетерлік. Соңғы уақытта көркем әдебиетті сүйетіндердің аузынан түспей жүрген “Бір кем дүние” атты туындысының өзі бір төбе.

Кезінде Шерхан Мұртаза атамыздан «Бір кем дүние» кітабының атын «неге олай қойдыңыз?» деп сұрағанда, ол кісі: «Алла-тағаланың 99 аты бар. Таспих моншақтары – 99. Неге 100 емес? Бірі кем болып тұрған тәрізді. Міне, осы ойдан туындады» деген еді.  Көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рафаэль Ниязбек «Бүгінгі таңда адамның жан-дүниесіне шырақ жағатын мұндай рухани маңызы терең кітаптар ауадай қажет. Оқырманға жол тартқан бұл кітапта өмірдің әр түрлі көрінісі мен боямасыз болмысы бейнеленген. Жинақтағы бір-бірімен жарасымды жалғасып, бір-бірін толықтырып отыратын әңгімелер мен эсселердің жас ұрпаққа беретін тағылымы терең» деді. Қазіргі заманда әдебиетте Шерханның алатын орны ерекше. Оның шығармаларындағы басты ерекшелік адам баласының жан күйзелісін, ыза мен кектен тығырыққа тірелер  шарасының күйін аса шебер суреттеуі, қазақы мінез – құлық пен табиғат көріністерінің адам жанымен астасып қаз – қалпында сөзбен бейнелеуі. Жазушы шығармаларында философиялық тұжырымдар жасамайды немесе ұнамсыз қылықтарды шымшылап әзіл – оспақтың астына алмайды, кейіпкелерін көркем сурет галереясындағы көріністей көз алдыңнан тізбектейді. ”Бір кем дүние” кітабы орасан зор тақырыпты қамтыған. Дүниеде бәрі бірде бір дүниенің жетіспейтіндігін жеткізген. Қазіргі кезде қозғалып жүрген тіл мәселесі, адам санының аздығы, қазақ көшелерінің атауларының кемшілігі қаралған. Тарихтағы “Ұлы адамдар” өмірі қанша керемет болғанымен, өмірлерінің соңында қарапайым адам ретінде дүниеден озатындығы баяндалған. Сонымен қатар, тарихи мәселелер қазақтың тарихы сақтардан басталатындығын баяндап, қазақтың айбынды ұлдарын қозғаған. Әділеттіліктің орнағанын қалап, пара алу, адамгершілік мәселесін баяндаған. Шераға қаншама мемлекетке, қалаға саяхаттанып, жұмыс жасаған. Бірақ та өз туған жерін ешқашан ұмытпаған. Қанша қалаға барсам да, өз туған жеріме жетпейді деген екен.  Шерағаның «Бір кем дүниесі» – өмір тәжірибесінен туған ой толғамының қорытындысы. Сол арқылы кемеңгер жазушы әңгіме  жанрының өзіндік ерекшелігін пайдаланған. Жазушының  «Бір кем дүниесіндегі» бір жар әңгімесіне тоқталып өтсем.

        Қанағат қарын тойғызады

Араны ашылған, ашқарақ тойымсыздар – адалдықтың қазығынан ажырап қалғандар.

Адалдықтың қазығы – қанағат.

Бір кем дүние – зор кем дүние. 

      Опасыз алтын

Жүз жасаған теректi арқалап, балталап жатып алып кеткен. Томары қалып қойған. Кедей кемпiр самаурынға деп, күнде барып, томарды шетiнен кемiре бередi.
Бiр күнi балтасы тасқа тигендей болды. Қазып қараса, шағын сандық екен. Ашып көрiп едi, iшiнен киiзге ораған алты кило алтын шығады. Милицияға хабарлайды. Өкiмет кемпiрге алтын құнының 25 процентiн бередi. Баласы ұрсады:
– Балам-ау, осыған да шүкiр де. О баста өз иесiне опа қылмаған алтын ғой. Осыған да қанағат. Қанағат қарын тойғызар. Қанағатсыз жалғыз атын сойғызар. Саған қатын алып беруге осы да жетедi, – дептi кемпiр.
Баласы дүрдигенiн қоймапты.
Бiр кем дүние.

Қазақта «Қанағат қарын тойғызады ,  қанағатсыздық жалғыздың астындағы атын сойғызады» деген мақал бар. Қанағатшыл адам екі дүниенің де игілігіне кенелмек. Өкінішке орай, бүгінде осы тамаша қасиетті бойына сіңірген адам аз. Қызылды-жасыл дүние қызығына беріліп, өмір сүріп жатқан қоғамымызда біз көбіне дәулеті бізден артқан кісіге көз тігіп, соның деңгейіне жетуді аңсап, ғұмыр кешудеміз. Екі көз тек топыраққа тоятының естен шығарып, бар нәрсемізге қанағат тұтпай, дүниеге берілуіміз, көлігіміз бола тұра, оданда әдемісін мінгіміз келетіні қанағаттың жоқтығының белгісі. Киімнің ең жақсысын, әшекей бұйымнын ең қымбатын алғымыз келеді. Бұл әрекеттер ашкөздіктен, жүректе қанағаттың жоқтығынан туындайтын дерт. Шерхан атамыз бұл қасиеті жоқ адамдар адалдықтың қазығынан ажырап қалғандар дейді. Қанағатсыз адам «болды, тойдым» деп ешқашанда айтпайды. Қоғамдағы көп мәселе ,міне осы қанағатсыздықтың кесірі  деп білемін. Ол адалдықтың қазығы екенін бұл да бір зор кем дүние екенін  Шерхан Мұртаза айқындай түскен. 

       Ұятсыз болма

Адамға бала жастан ең керегі – Ұят деген қасиет.Ол туа бітеді. Бірақ кейбіреуі өсе келе, үлкейе келе ұяттан жұрдай болады. Бір кем дүние.

Шерхан Мұртазаның: Бір кем дүниесіндегі оқиғалар жүрекпен түсініп, көңілге түйетін нақылдарға бай. Бұл оқиғасындағы арам ойдан алшақ болуға шақырады. «Ұят – жаман ойдың жүгені»,- деп Ж.Баласағұн атамыз айтқандай, ұят – жақсылықтың ұрығы. Туылғанда ешбір пенде ұятсыз болып туылмайды. Ол уақыт өте келе пайда болатын жағымсыз дүние. Қазақтың «Өлімнен ұят күшті» деген даналығы бар. Шерхан атамыз да арлы адам үшін ұяттың орны бөлек, ол адамға жастайынан керек екенін, жамандықтың тамырын түбегейлі жоятын осы қасиет екенін атап көрсетіп кеткен      

         Жоғалған тіл
«Болашақ» деген шығып, бай балалары шет елде оқып, бірсыпырасы сол жақта қалады. Бірсыпырасы елге қайтады. Білімі жақсы, істі біледі. Бірақ тек орысша, иә ағылшынша сөйлейді.

Қазақшасы жоқ.

Бір кем дүние.

Ұлттың  ұлт ретіндегі өмірінің қалыптасуы немесе жойылуына себеп болатын бірегей фактор, ол тіл. Ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынов: «Ұлттың сақталуы мен жоғалуына да себеп болатын фактор халықтың өзі, тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп кесіп айтқан. Тіл мәселесі Шерхан атамыздың өзекті мәселесі. Ол әрдайым бұл туралы тілге тиек еткен.Бұл қазіргі кездегі жастарға тікелей . Қазақ тілі жастардан, соның ішіндегі білімі жақсы істі біледі деген азаматтардан бастау алып, бүкіл елге бір кем дүние арқылы жеткен.

Осы кітапты оқи отырып өзіме көптеген өмірлік тәжірибе алдым. Бәрі бір де өмірде бір дүние жетпейтіндігін, адамдық қасиетті сақтай отырып, білім алуым керек деген ой түйдім. Мен  Шерхан атамның: “Егер адамның жүрегіне мұз қатып қалса, көркем кітап соны жібітуге тиіс, егер еріте алмаса, ол осал шығарма”,- деген сөзімен аяқтай отыра, “Бір кем дүние” кітабын оқуға кеңес беремін.

III.Қорытынды

Ақиқаттың алдаспаны

Шерхан Мұртаза –Алаштың бақыты мен тәуелсіздігі үшін кү­рес­кен біртуар ұлт перзенті. Шерхан Мұртаза бүкіл ғұмырын төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына арнаған біртуар азамат, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған нар тұлғалы қаламгер, қарымды қоғам қайраткері болды. Ұлт руханиятында өзіндік қолтаңбасы бар заңғар жазушы соңына мол мұра, өрісті өнеге қалдырды.Халық жазушысының өнерімен, қалдырған мұраларымен танысып, оқу біздің, яғни болашақ жас ұрпақтың қолында. Қазіргі күндегі жасалып жатқан дүниелерді одан әрі дамытсақ Шерхан атамызды одан әрі тани түсер едік. Шерхан Мұртаза қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеген ұлттық баспасөздің биік бәйтерегі еді. Қашанда әділдік пен ақиқаттың алдаспаны болғаны үшін қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаны халқы «Шерағаң» деп қадір тұтты Шераға жөнінде “Қазақтың Шерағасы” атты көп томдық шығармалар жинағы бар. Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде “Шерхантану” орталығы бар. Орталық 2009 жылдың     29 сәуірінен бастап жұмыс жүргізуде, директоры Кембаева Айнұр Тұрарқызы.Атқарылып жатқан қызметтері өте зор. Ш.Мұртазаның шығармашылығын насихаттап, ғылыми зерттеуді ұйымдастыру және  жоспарлы зерттеу барысында зерттеуші ғалымдармен байланыс орнатылып, жазушының көптеген қырлары белгілі болуда. Аянбай еңбек еткен жазушының есімі – ел есінде. Еліміз бейбіт күнінде – Шерағаны ұмытпайтыны анық.

Шерхан Мұртаза өзінің  шығармаларында адам бейнесін табиғаттың  сұлулығымен астастыра отырып, өте көркем бейнелейді, әрі әр кейіпкердің ойын терең түсіне отырып, адам мен табиғаттың тынысы бір екенін көрсете білген жазушы. Шығармаларында көп сөзге орын бере бермейтін жазушы өмірдің өзін суреткерлік шеберлікпен тіршілік көріністерінен үзінді бере отырып-ақ көз алдыңа елестетеді. Бұл әңгіме жанрына қажетті қасиеттердің бірі. Жазушының болмыс-бітімі әңгіме жазуға ыңғайланып тұрғандай әсер қалдырады. Айтар ойы мен жеткізер түйінді мәселесін, нақтылап, қысқа ғана детальдармен беру шеберге тән тынымсыз еңбектің нәтижесі.

Шерағаның ана тіліміз туралы айтқан қанатты сөздері де аз емес. Біраз жылдар Парламент Мәжілісінің депутаты болып биік мінбеден ұлттық тұтастық, тіл, дін, діл жайында шамырқанып сөйлегенде түкпірдегі ауылда жатқан ағайынның айызы қанып, риза болатын. Тілінен айырылған ұлт-тарихынан, түп-тамырынан айрылған ұлт. Тілсізді ұлт деуге болмайды. Тілінен айырылған халық-ата-бабасының, туған әкесі мен анасының атын ұмытқан халық. Ал оларды мәңгүрт деп атайды, – деп қазіргі кездің басты мәселесін қозғаған, әр ұлт өз тілінде сөйлесе екен деп шырылдаған халық жазушысы.

Қазіргі кездегі танымал бағдарламаларының бірі, әлі жасап келе жатқан “Таңшолпан”-Шерхан атамыздың ойынан шыққан бағдарлама. Шерхан ағамыз еліміздің бас ордасын Алатаудың іргесіндегі әсем қаладан Арқа төсіне көшіру идеясын қолдаған жан. Егемендіктің елең-алаңында «Егемен Қазақстан» газетіне бас редактор болып, үлкен, күрделі әлеуметтік мәселелерді күн құрғатпай көтерген. Кішкентай кезінен бастап қиындық көріп, өмірдің сан мыңдаған тауқыметін шеккен тұлға сегіз қырлы бір сырлы бола білді.

Журналистика қызметі қандай қарбалас, ауыр болса да, Шерхан ата жазушылықтан қол үзген жоқ. Өзінің жүрегіндегі сезімін қаламмен ұштастыра білді. Әрбір жазылған кітабы, мақаласы жүректен шығып, халықтың да ыстық ықыласына бөлене білді.  Шерхан Мұртазаның қаламынан туған қай шығармасын оқысаң да, ерекше бір күй кешесің, әдемі сезімге бөленесің. Оның сыры – ол сомдаған кейіпкерлері адамгершілігі мол, жан дүниесі рухани бай, шынайы болып келеді. Шерхан Мұртаза шығармашылық тынымсыз ізденістің нәтижесінде өз тақырыбын тапқан тарлан суреткер екені даусыз. Оның туындыларының идеясы -гуманистік ойды насихаттау. Ал мұраты- шығармалары арқылы уақыт шындығын таныту, оқырман қауымды адамилыққа шақырып, қоғамды адалдық пен әділдікке тәрбиелеу болатын. Қоғамдық-әлеуметтік тұрғыдан қарағанда қоғамға осындай туындылар мен осындай идеялы жазушылардың қажеттілігі басым. Осы орайда Шерхан Мұртаза еңбектерінің мәні жоғары екенін атап өткен жөн.

Қорыта келе,  Шерағамыздың қай жанрда жырлаған туындысын алсақ та, болашақ ұрпаққа, жастарға берер тәрбиелік мәні және қоғам санасының өрлеуіне қосар үлесі зор.

You May Also Like

Үй жануарларының дене температурасының реттелуін зерттеу, ғылыми жоба слайд

Ккафедра еңбек гигиенасы, коммуналдық гигиена және ТҚН. Қазіргі кездегі тұрмыстық жағдайдағы және жұмыс орнындағы электромагнитті сәулелену, ғылыми жоба

Қазіргі кездегі тұрмыстық жағдайдағы және жұмыс орнындағы электромагнитті сәулелену žЖоспар: žЗерттеу өзектілігі…

QR кодтар – шұғыл жауап, ғылыми жоба слайд

Жасыл өндіріске – жасыл химия арқылы, ғылыми жоба

Кіріспе  А) Адам- табиғаттың ажырамас бөлігі Тіршілік иелерінің бәріне де қорек, ауа,…