Ең үздік ғылыми жоба «Ұрпаққа дарыған баба қасиеті»  Орындаған: Асылханова Айбибі

Ұрпаққа дарыған баба қасиеті

 Кіріспе 

Батыр да бектерімен нөкер қуған,

Ақындар күмбез салған ойып жырдан.

Билер мен бақсы, балгер, әулиелер,

Табылған шоқтығымен осы сырдан

Есқара Көмекбаев

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Мемлекеттік «Мәдени – мұра» бағдарламасын жариялау арқылы рухани мұраларымызды түгендеп, ұрпаққа ұлт жандылықтың ұрығын себудың үлгісін көрсетіп келеді. Бағдарламаны жүзеге асыруда өзін қазақпын деп санаған әрбір азаматтың өткен өмір жәдігерлерін қалпына келтіріп, жинақтап, насихаттауы абыройлы міндеті болмақ.

Ұрпақ сабақтастығын жалғастыруда қазақтың киелі өнерінің де орны ерекше. Сондай киелі өнерлердің бірі – бақсылық, көріпкелдік, емшілік, шипагерлік т.б. қасиеттері.

Қазақ халқы көшпелі заманда, ел ішіндегі бақсылық емшілік дәстүрлерді ерекше бағалаған. Ғылым мен қаруланған қазіргідей дәрігерлер болмаған заманның өзінде бақсы – балгерлер ел аралап, ауру – сырқау жандарды емдеп жазған. Сондықтан оларды халық қатты құрметтеген.

Бақсылық, емшілік дәстүрлер бүгінгі күнге дейін жойылмай, медицинамен қатар дамып келеді. Оның айғағы Қазақстан халық емшілері қауымдастығының құрылуы. Бұл қауымдастық ұлттың этникалық халық емшілерінің жақсылық жақтарын ашып, құпия сырларын шешуге көмектесіп, әлемдік дәрежеге көтеруге ықпал етуде.

Адам бойындағы бұл қасиеттердің тұқым қуалаушылық арқылы ұрпақтан-ұрпаққа берілетіндігін ескере отырып, ел ішіндегі белгілі Жәлен атаның әулиелік, бақсылық, емшілік, ұсталық, зергерлік қасиеттерінің киінгі ұрпақтарына дарығандығын және жалғасын тауып отырғандығын дәлелдеп, өлке тарихын құнды деректермен толықтырып, сонымен бірге бақсылық өнердің бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқандығын насихаттап, көпшілікке таныту, келешек ұрпақ бойына дарыту біздің міндетіміз.

Ғалымдар қаншама жаңалық ашып жатқанмен, жаратылыстың ашыл-маған қырлары әлі қаншама. Олардың барлығының  қыр – сыры дерлік ашылуы да мүмкін емес. Солардың бірі адам бойындағы бақсылық, көріпкелдік қасиеттер сыры. Адам қабілетінің шексіз екендігі әлдеқашан дәлелденген. Оны біз ғалымдар ашқан небір жаңалықтар, әдебиет пен өнер дүлдүлдерінің таңғажайып  туындылары арқылы да жақсы білеміз.

Бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан бақсылық қасиет өздігінен жойылып кетпейді, келесі буын өкілдеріне – ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады. Бақсы өз қасиетін қалайда мұрагерлеріне қалдырып кетуге тиіс.

Ел бақсылардың жаны о дүниеге кетпейді, тұрған жерінің адам аяғы бастпайды – ау деген жерге орнығады деседі. Соған қарағанда адам бойындағы бұл киелі қасиеттер кейбір мұқтаж жандардың өміріне әсер ететін тылсым күштердің (пара психологиялық қуат) бар екендігін аңғартады. Соңғы ғылыми зерттеулер мұны нақты дәлелдеп отыр.

 Қорқыт атадан бастау алған – бақсылық өнер

                        Бақсылықтың тарихы да тын әрі де жатыр. Орталық Азия халықтарының арасында бақсылар туралы деректер көне Қытай жылнамаларында кездеседі. Онда әр қоғамның ордасында бір-бір шаманның болғаны жазылады. Олар Қағанды және оның еліне төніп келе жатқан қауіп – қатерден сақтандырып, ауруларды емдеген, болашақты болжаған. Бақсылар көбінесе қыл қобыз, домбыра, аса таяқ, сазды аспаптар және әртүрлі қару жарақтың (қамшы, пышақ, темір, қанжар) көмегімен және дыбысты күшейтіп шығару үшін темірден жасалған сылдырмақтарды пайдаланған.

Қазақтың бақсылық өнерін зерделеу сонау XVII ғасырдан басталған. Қазақ ғалым – жазушылары Ш.Уәлиханов, Ә.Марғұлан, М.Әуезов, Қ.Жұбанов , Ә.Диваев т.б зерттеулері Бақсылық өнерінің жазбалық негізін қалады. Тарихта «Ұлы бақсы » деген  атпен есімдері қалған  –  Қара бақсы (VI- VII). Тіней , Асфандияр , Ізтілеу , Дархан ,Әбу ,Әжібай , Кенжебай, Дәулет , Омар т.с.с. бақсылар өнерінің  қайталанбас зор тұлғаларына айналды.

Бақсылық өнер – Қорқыт атадан бастау алып, бүгінгі күнге дейін жалғасып, насихатталып келеді. Оған 2006 жылы 22-24 шілде аралығында  Алматыда (Қаз ҰМУ – дың Конгресс холында ) «Қазақстан республикасының Халық медицинасындағы Бақсылық өнердің » даму  тарихын баяндау және рухани шипагерлік емнің маңызын міндетке алып өткізген «Қазақстан Республикасының Халық медицинасындағы Бақсылық өнері» атты I халықаралық форумы дәлел бола алады . Бұл форумға республикамыздан басқа да  тыс жерлерінен – мәселен Ресейден , Қытайдан , Қырғызстаннан , Өзбекстаннан  бақсы – балгерлер, емшілер қатысқан еді.

Бақсы, көріпкел, емші, шипагерлер де Алла берген қасиеттері мен қабілеттері ерекше дамыған жандар. Сондай  жандар Қазалы төңірегінде де жетіп артылады. . Мәселен : Райымберді, Сары Нысан , Алтай Шаймағанбет, Қожаназар ишандар , Өтеш , Қасым , Базар қожалар , Пахуадин , Дәулет , Қуандық. Қарамолда  , Алпамыс  әулиелер  және Мүсірәлі Абыз  бен Жиеналы ахундар мен бірге сынықшы Қани атаны атауымызға болады. . Бұл әулие  бабаларымыздың  қатарында  Қызылорда  облысы, Қазалы ауданы, Бозкөл ауылында  1904 – 1983 жылдар аралығында өмір сүрген  Жәлен ата Ерімбет баласы да бар .

Жәлен ата тарихымыздың аумалы – төкпелі кезеңінде ақ найзасын қолға алып , арғымақ мінген батырлардың бірі әрі биі, әулие атанған , хан дәреже-сінде   болған  Кіші жүз елінен шыққан Сартай бабамызға бес – алты  атадан

барып қосылады екен. Жәлен атамыздың Ата қонысы – Арал ауданындағы  Ақшатау елді мекенінде. Дін жолын ұстанған әкесінің қорымы Сартай батыр-дың  қорымында жатыр .

Жәлен Ерімбетұлы кіші жүз Жаманақтың  Жақайым аталығынан тарайтын  тоқал Асаннан туады.Ол әруақты бақсы әрі дүкен ұстаған ұста болған. Жәлен атаның  арғы аталарының бірі  әруақты Сасықбай атты бір рулы елге есімі жайылған құдіретті кісі болған екен. Тұқым қуалап, Сасықбай бақсының бақсылық қасиеті  Жәлен атаға қоныпты . Ал ұсталық  өнері өзінің туған нағашысы Анарбек ұстадан дарыған . Анарбек заманында Қазалы уезіне белгілі ұста болған . Нағашы жұртына келген ата Анарбек ұстаға шәкірт болып , оның ұсталық өнерін  толық меңгерген. Жәлен  ата Анарбек ұстадан  бата алып, киелі кара дүкенге иелік еткен . Сонымен бірге қыр мен сырға, теңіз бойына атағы  жайылған  әруақты Өтеш Қожадан  бата алған . Атаның көзін көрген ауыл тұрғындарының айтуы бойынша:  1962 жылдың тұсында науқастанып жатқан Өтеш Қожаның халін сұрай барған Жәлен атаны сыртта тұрған қожалар «жалғыз атты жақайым келді» деп мысқылдаған көрінеді. Сонда ата «екі қап құрыспен келіп едім ,үш қап құрыс пайда болды, осы жерде тұрған қожалардан біреуіңді жұныртайын, барлық  қожа жабылып жазып аларсыңдар »деген кезде Өтеш қожа  «мына дауыс Жәкеңнің дауысы ғой,  сол жерде тұрған қожалар қайтып, маған Жәкең келсін»- деп, Өтеш қожа Жәлен атаға мелде көйлегін кигізіп , батасын берген екен . Өтеш қожаның мелде көйлегі әлі күнге дейін өз шаңырағында сақтаулы тұр .

Киелі бабаларымыздан бата алған  Жәлен ақсақал өзіне қонған бақсылық қасиетпен қара дүкеннің киелі әруағы арқасында өз кезінде жын, пері айнал-дырған   ұстамалы ауру, көтеріліп ауырған, жын айналдырып, бала көтермей жүрген әйелдер  немесе зиянды әрекет еткен әйелдерді қарап, түрлі аурумен ауырған адамдарға  қолдан дәрі жасап ,ем қолданған екен . Жәлен атаның қолынан ел арасынан жазылған адамдар көптеп саналады.  Оған нақты дәлел келтірер болсақ, ауыл ақсақалы, сөз зергер, Тілеуберген атамыздың 2005 жылдың 15 қаңтарында аудандық «Тұран – қазалы » газетіне жазған «Аманат » атты мақаласында Жәлен атадан ем алып ,жазылып кеткен Жанасбай келіні Торғай, Қартанбай келіні Інжіпия , Қытан келіні Інжіпия , Жүсіп келіні Пәтима, Сары келіні Тәрбие , Дарайы Ырыскүл , Айнаш, Бердібай келіні Шынжан, т.с.с адамдарды атап көрсеткен. Бұлар ортамыздағы адамдар. Шеттен келгендері қаншама. Баласы Сахит әкеміздің айтқан әңгімелерінде Жәлен атаның бақсылық , зікір салу қасиетін былай деп айтады Сахит әкемізді  жасынан ізіне ертіп, көкірегін  баулып тәрбиелеген. Ата Пахуадин әулие, Жұбаныш  тәуіп, Өтеш қожа, Ақтыным кемпірмен бірге зікір салған . Бірде Сырлыбай деген кісі  науқастанып келгенде Пахуадин әулие науқасты пері оқуымен оқыпты . Оқыған сайын үрлеген шар секілді ісе берген көрінеді. Перінің күштілігі сондай ,ауру мекенін таптырмапты . Қайтарып теріс оқу оқығанда науқас өзінің бұрынғы қалпына келген көрінеді. Сол жерде отырған көпшілік «Бұл жазылмас, жазылса моладағы келер » деген екен. Әулиелер ұйқыға жатып,  Пахуадин ата түс көріпті. Ертеңіне Жәлен атаға «бұл науқасты сен жазасың, сенің қолыңнан келеді» деп, сенім артыпты .Науқастың пәтін  Жәлен ата  зікірмен қайтарыпты. Ата зікір салғанда сексеуілді  ортаға жағып қойып, шоғын қолымен ұстап , ауызына салып шайнағанда  ауызынан шыққан шоқтар науқастың үстіне ұшқын  боп ұшқан. Шоқ таусылғаннан кейін қалақты қыздырып, тілімен бажылдатып жалаған екен. Содан кейін науқастың  беті бері қарапты .

Сырлыбай есімді науқас жазылып , 80 жасында қайтыс болған . Осы сияқты әр түрлі аурумен аурып келіп, атадан жазылғандар жетіп артылады. Күні бүгінге дейін Жәлен атаның қара дүкеніне жер- жерден , лек – легімен ағылып, адамдар келіп жатады. Атаның бойына дарыған тағы бір киелі өнері ұсталық-зергерлік өнері . Жәлен ата бақсылық , емшілік өнерімен бірге кезінде өз дүкенінде қара темірден түйін түйіп, зергерлік  бұйымдарды өте шебер жасаған.Ол ер – тұрман әбзелдері мен белбеу , алтын жалатқан қанжар, әр түрлі қөзтартатын бұйымдар жасаған . «Таза өнердің иесі жомарт келеді» деп Сайып Сарай айтқандай  Жәлен ата өте жомарт , қарапайым , қайырымды жан болған . Жәлен атаның келіні Күләш анамыздың айтуы бойынша: «Қарақалпақстанда тұратын бір бай ас жасайтын болып , атамызға  қамшы соққызған екен . Атамыз сегіз қырлы , ысырмалы , насыбай салатын шақшасы мен  сабының ашылу сыры бар қамшы соққан. Асқа жиналған көпшілік, таңырқап, қамышының сырын аша алмапты. Ата қамышы сырын бойға көрсетіп, тарту етіпті . Көпшілік ішінен біреу : «қолы кесілгірдің  жасаған заты – ай » деп таңырқапты . Сол аста атамыз көзігіп , келген соң, көп ұзамай қолының білек тұсына тарыдай болып жара шықты  .Сол жарамен атамыз 25 жылдай жүрді . Талай көзім көрді , төске қос қолды балғаны соққанында  білегінен  қан сорғалап ағып тұратын» деп әңгімесін айтты. Жәлен атамыздың  Бахит, Сахит, Амангелді, Аманжол  атты төрт ер баласы болған . Үшінші баласының есімі Амангелді болу себебі , ата 1941 жылы Ұлы Отан  соғысына алынған . Әруақ жолымен ауырып 6 айдан кейін елге оралыпты. Келген соң аяғы ауыр қалған жолдасы Набат әжеміз ұл босанып, атаның аман – есен елге оралғанына, ұлының атын Амангелді қойыпты . Ауыл тұрғындарының ауызынан естіген Жәлен атаның әңгімесінен : Әруақ  жолымен ауырған атаға командир сенімсіздік білдіріп «Бұл соғысудан қорқып әдейі  істеп жүр » деп қақаған қыстың желтоқсан айында, «бұған оқ  шығындамаймыз, оқ тапшы  өзі үсіп өлер » деп , қалың қардың  үстіне   тастаған екен . Ертеңіне қараса ата терлеп – тепшіп , айналасындағы қардың бәрін ерітіп  шалқыған судың ортасында  ұйықтап жатқан көрінеді . Командир «бұның  денесінде магнит бар шығар  дереу шешіндіріңдер» деп  бұйрық  беріпті . Шешіндірсе ,  тастаған киімдер  тастаған күйінде  сақырлап қатып қалса керек . Атаны профессорға көрсетсе, тексере келе, « бұл қазақтың  әруақты әулиесі »деп еліне қайтаруға шешім қабылдапты. Әскер қатарына алынған атаның немерелері де ата тәрізді әруақ жолымен  ауырып  әскерден  2-3 айда заңды түрде қайтарылып жатыр . Атап айтсақ  Сахит әкеміздің  баласы  Қылыш 1977 жылғы.  Амангелді  әкеміздің  ұлы Нұрлыбек 1985 жылғы . Кезінде  Жәлен атаның көзін көрген, қазір Оңтүстік  Қазақстан облысы Түлкібас ауданы  Түлкібас поселкесі  Горная көшесі № 3 үйде  тұратын  1936 жылы туылған Іскендіров Ысқақ  ата хат арқылы берген  әңгімесінде былай  дейді.

«Жәлен  ата  соғыстан  келе сала Андреев колхоз ұстасы болды . Ол уақытта қазіргідей  техника атымен  жоқ болатын . Колхоздың  бар тіршілігі  сол кісінің қолына қарайтын . Колхозда  өгіз арбадан  басқа көлік болмайтын , сол  арбаларды соғатын, сол кісі болатын, сонымен бірге шөп  шабуға  шалғы, орақ , егін егуге кетпен, күрекке дейін сол кісінің қолынан дайындалатын. Ол кісінің қай уақытта да  демалып, тынығатын уақыты бола бермейтін. Олай дейтінім таңның атысы , күнің батысы , түнің бір уақытына дейін  өзінің қара дүкені, ұстаханасында қара терге малынып , балға соғып тұрғанын көретінбіз . Одан да басқа ол кісінің ерекшелігі , сол темірлерді қыздырып ,  құрал  дайындау үшін колхоздан ештеңе  талап етпейді. Әрбір жеті он күн сайын қара ешегіне мініп алып, елден жырақта , өсетін жыңғылдарды кетпенмен шауып , оны сол жерде өртеп, шала жанғаннан кейін  үстін құммен көміп кететін . Ертеңіне сол кешегі шала жанған жыңғыл көмір болып жататын. Сол көмірді ешегіне артып келіп, ұстаханасында сол көмірмен жұмыс істейтін. Жәлен ата 1959 жылы басқа жерге қоныс аударғаннан кейін, көне қоныстың орнынан түнде жанған оттың сәулесін, төске  ұрылған  балғаның дауысын естігенін талай адамдар айтатын. Ол қара  дүкеннің ерекше құдіретті күш екенін, қасиетті орын екенін  аңғартады. Мен 1961 жылы оқу бітіріп, Қызылорда қаласындағы Реалбазға жұмысқа келдім. 1962 жылдың жаз айы болатын. Ойда жоқта үйіме Жәлен ата келді. Қасында үлкен баласы Бахит және кіші баласы Аманжол бар. Бар жайды айтып, қолына шыққан жарасын көрсетті. Жараның үлкендігі шай кеседей қып – қызыл ет сияқты. Әрине оны көргенде жүрегіміз тас төбемізге шығып шошып кеттік. Адам сенетін нәрсе емес сияқты. Біз ертесіне Жәлен атаның облыстық ауруханаға алып бардық. Дәрігерлер бұл емдеуге келмейді, рак ауруы деді.(Бұл әңгімені дәрігерлер маған ғана құпия түрде түсіндірді) Дәрігерлерден болса да , алты айлық өмірі қалса операция жасауға көндірейік  деп шештік . Бес күннен кейін түскі сағат 10-11- лер шамасында операция жасалды. Оң қолды шынатақтан жоғары, иықтан төмен кесетін болды . Операцияны 45-50 шамасындағы орыс жігіті жасады . Операция жасалып болғаннан кейін әлгі орыс жігітінің аузынан мынадай сөз естідік . «Мен өмірімде қанша адамға операция жасағанда дүниеде мынадай мықты , берік адам бар екен деп ойламаппын»- деді. Біз, сіз не себепті олай дейсіз? –дегенде ол кісінің қайтарған жауабы : «біріншіден, ол кісі операцияны наркозсыз жасауды өтінді. Біз атайдың өтінішін орындадық. Екіншіден ,сүйегін кесіп жатқанда маңдайын кіржиткен де жоқ , тек шашының әр талынан шып – шып ағып жатқан терді көрдік» – деген сөзіне куә болдық . Дәрігер алты айдан кейін келіп, көрініп кет деп тапсырып жіберді. Бірақ Жәлен ата бірде -бір келіп көрінген жоқ . Құлан таза айығып , онан кейінде 21 жыл өмір сүрді. 2005 жылы елге барғанымда  атаның Андреев колхозындағы қара дүкеннің  орнын ұрпақтары адам аяғы баспасын деп қоршап қойған екен , көріп қуанып қалдым» деп бізге жолдаған хатын аяқтапты.

Сонымен қатар осы негізде Жәлен атаның кенже қызы Зейнегүл апайдың айтқан әңгімелерінде: «Бірде әкем қолына жара шықпай тұрып түс көріпті. Түсінде мазарларды аралап жүріп, бір үлкен мазарға кіреді. Кірсе бұрышта бес атар сүйеулі тұр екен. Алғысы келіп қолын соза бергенде, бір ақсақалды шал келіп, «сен неге рұқсатсыз қолыңды созасың, бұл ата – бабалардан қалған мұра. Қолыңды тарт!   Ата – бабалардың атынан саған белгі саламыз. Оң қолыңды соз» деп, білек тұстан ақ шүберекті байлайды. Ояна келсе таң атып қалыпты, қолын ауырсынып жатыр екен» дейді. Әкесінің қолындағы шыққан жара 25 жыл жүргендігін, бұл жараның Қызылорда қаласының дәрігерлері аша алмай, Алматыдан дәрігер шақыртқанын айтады. «Әкеме дәрігер «Мына жараның шыққанына қанша жыл болды?» дегенде әкеміз «бұл жараның шыққанына 2 жыл болды» деп жауап беріпті. Сонда дәрігер «неге жасырасың? Бұл қол 25 жыл жасадым деп тұр ғой. Егер сіз жаңа шыққан кезінде келгеніңізде операцияның үстінде кетер едіңіз. Жараны әбден қартайтып, күшін әлсіретіп келіп отыр екенсіз. Сіздің қолыңыздағы жараны сылып алып тастасақ 1 – 2 жылдан кейін жүрекке әсер етуі мүмкін. Кессек құдайдың берген жасын жасайсыз» деген әкесі туралы көрген білгенін айтады. Бұл да жоғарыда айтылған әңгімелердің бір дәлелі.

Таза бақсылардың бойында көріпкелдік , болжампаздық, жұлдызнамалық, құмалақшылық ,сынықшылық , тамыршылық , дәрі жасау , сазгерлік , ақындық, жыршылық , орындаушылық қасиеттері болғаны анық . Осы қасиеттерді біз әңгіме етіп отырған Жәлен атаның  және ұрпақтарының бойынан табуға болады.

Әруақты бақсы, дүкен ұстаған ұсынақты ұста, қол өнер шебері , әулие  Жәлен ата 1983 жылы 7 қараша күні 79 жасында қайтыс болды . Жәлен ата қайтыс болар алдында өзі жасынан тәрбиелеп, барлық ұсталық өнеріне үйреткен, әруақ қонған Сахит баласына ақ батасын беріп, қара дүкенге ие қылып аманатқа  қалдырды .

Бата алған Сахит әке ата жолын адалдықпен қастерлеп ұстап, Жәлен атаның тапсырған аманатын бұлжытпай орындады және өз қолымен әкесінің басына үлкен үй там тұрғызды.

Ауыл тұрғыны, соғыс және еңбек ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, марқұм Шындалы Бердібаевтың жырынан

Атасам атам Жәленді,

Әкесі дүкен ұстаған

Әулиелік жағынан,

Болған екен күшті адам.

Дүкенге ауру түнетіп,

Ем-домында жасаған.

Зергерлігі және бар,

Білезік, шолпы, сақина,

Жасалған осы ұстадан.

Дүкенге ие болуды,

Атама әке нұсқаған

Соқа-саймандар соғылған,

Кезінде науқан  қысталаң

Қолынан шықты атамның

Күмістелген ер-тұрман

Шеберлігі ұнап халқына

Алғыс алды жұртынан

Бұйымдары жасаған

Жауын ап көздің құлпырған,

Атамның жолын ұстауға,

Немерелері бар ұмтылған

Ұстаған ата дүкені,

Киелі еді бұрыннан.

Әруақты бабаның,

Қолыменен құрылған.

Түнегендерге ем қонып,

Сырқаты бойдан сылынған.

Дүниеден өтер шағында,

Шақырып алып балдарын,

Дүкенге ие болуды,

Сахитына ғана бұйырған.

Екі өнер де қонды Сахитқа

Бабасына сыйынған.

Үзілген емес түнеуші,

Жақын, алыс, қиырдан,

Атаның жолын сақтай бер,

Халқына болып мейірбан.

 Жәлен ата кереметтері

(Сағынаева Айымның 2006 жылғы 12 қыркүйектегі «Ұлан» газетіне жарияланған мақаласынан)

Жәнімшар әже, Қазалы қаласының тұрғыны (71 жаста):

– 1954-56 жылға дейін осы әулиенің үйіне келін болып түсіп, отын жағып, тәрбиесінде болдым. Қара дүкеннен көргенімді сөз етіп жеткізе алмаймын. Түннің бір уағында тысқа шыққанымда, дүкенде төс өзінен- өзі ұрылып, ішінде адамдар сөйлеп, күліп жұмыс істеп, көрікте от жанып, терезесінен түскен сәулесі есіктің алдын алып жатады. Әдепкі уақытта қорқып  жүрдім. Кейін үйрендім. Сонда менің қайынағам:

– Қорықпа, балам, жүрегің таза болса, саған ештеңе  қылмайды. Жұмыс істеп жатқан дүкеннің аруақтары,- деді.

Бір күні мені сынамақ үшін қойды ма? Мен отырған бөлмеге сандық қойды. Іші толған –сақина, білезік, ер- тұрман. Бұл бұйымдар өз қолынан шыққан. «Мынаған қызығып қолың тимесін, балам. Оның қарауылы бар. Саған зияны тиюі мүмкін»,- деп ескертті. Бір  күні пештің үстінде тұрған көрпе көктейтін жіпті ұстаймын деп, басым айналып құладым. Есімді түстен кейін жидым. Айналама қарасам, толған адам. Дүкеннің суын бетіме жағып, май иіскетіпті.

-Сені жіпті рұқсатсыз ұстады деп, періштелер жерге атып ұрыпты,- дейді. Бірде «Тасарық» елді мекенінде Жұмахмет деген Керейттің кемпірінің ауырғанын көріпкелдігімен білді. «Шайыңды қоя бер. Науқас келе жатыр. Бұл үйді аттап кетпесе, адам болар. Аттап кетсе, жақсы болмас» ,- деді. Айтқанындай кісі соқпастан, үстімізден аттап өтіп кетті. Көп ұзамай естідік, ол кісі қайтыс болыпты.

Жасаған бұйымдары көздің жауын алушы еді. 1955-56 жылдары көз тиіп, оң қолына жара шықты. Дәрігерлердің шешімі бойынша, облысқа барып, оң қолын шынтақтан жоғары кестірді. Бір қолымен болса да, ұсталығын, емшілігін жалғастырды. Жолдастары: «жұрт екі қолымен жұмыс істеп оңдырмайды, сен қалай сыңар қолмен жұмыс істеп жүрсің?»- деп таңданысатын. Ол пішен оратын, отын да шабатын. Сонда беретін жауабы:

-Мен аттан түскенше, пішенім де, жыңғылдарым да өзінен- өзі  құлай береді. Аруақтарым істейді. Өзімнің екі періштем бар. Өтеш қожа маған 30 періштесімен бір мелде көйлегін аманат етіп тапсырды. Сонымен 32 балам бар. Солар істейді,- дейтін. Қайынағам бізге баладай болып, әңгімесін айтып отырушы еді.

-Бірде жыңғыл шауып жатқанымда, ауылдан бір бала келіп:

-Ата, кемпіріңіз ауырып жатыр, – деді. Әруақты екі періште баламнан:

-Кемпір неге ауырып жатыр?- деп сұрадым. Екі періште балам:

-Сандықтан сақина  ұрлап алды,- деді. Үндемей жыңғылымды шаба бердім. Екінші рет шақырушы келді. Періштемнен:

-Сақинаны орнына қойды ма?- деп сұрадым.

-Жоқ- деді.

Отынымды  шаба бердім. Үшінші рет шақырушы келді. «Кемпір нашарлап жатыр», – деді. Сосын ауылға қайттым. Үйге келсем, кемпірім сұлық жатыр екен.

-Не істедің, бір нәрсе алдың ба?- деп едім:

– Жоқ,- деп мойнына алмады.

-Періштелерім айтып отыр «сандықтан сақина алды»,- деп. Жан керек болса, сақинаны орнына қой. Сұрасаң да беремін ғой,- дедім. Мойнына алмады. Періштелеріме:

-Кемпірдің жанына әлі батпаған ғой, бармағыңды батыра түс,- дегенімді, кемпірдің аузынан ақ көбік атты. Сол кезде сақинаны лақтырып тастап, кемпірім есін жинады, – деп айтып отырушы еді.

Айша әже, Бозкөл ауылының тұрғыны (71 жаста)

-Жәлен атаның құдіретті кісі екенін бала кезден білемін. Жас кезім еді. Бір күні пішен оруға бардым. Артымнан Жәлен  ата да келді. Келді де апыр- топыр пішенін ора бастады. Онымен бірге бірнеше адам пішен орып  жатқандай көрінді. Аңтарылып тұрып қалдым. Пішенін орып болды да, баулап жолға шықты. Атына пішенді артқанда, қасында адам бар ма деп қалдым. Бірақ ештеңе көрінбейді.

-Ата, қасыңда адам бар ма?- дедім. Ол үндемеді. Мен аңтарылып тұрып, пішенімді әлі орған жоқ едім. Ол кісі кете берді. Мен ол жерде қалып қоюға қорықтым. Алып қайтатын пішенім жоқ болса да, бостан-бос ол кісінің соңынан мен де ілесіп, ауылға қайттым.

Тілеуберген ата, Бозкөл ауылының тұрғыны (80 жаста)

«Бірде Жәлен атаға Шауқа деген құрдасы:

-Сенде осы не бар дейсің ?-деп әзілдепті.

-Менімен ойнағаныңды қойсаңшы, -дегенде құрдасы қоя қоймапты. Шауқа әжей түнде  ұйқыға жатарда, есіктен екі бала кіріп келіп:

-Біз Жәлен атаның балаларымыз. Бізді сізге жіберді,-деп, көрпесін тартып ойнапты. Таң атқанша жатқызбай, таң атқан соң ғайып болыпты. Ертесіне Шауқа әжей жеті күлше нанын пісіріп, құрдасына барып кешірім сұрапты. Біз осы оқиғаның куәсіміз»- деп сөзін аяқтады Тілеуберген ата.

Жәлен атаның қызы, Жәленова Зейнегүл Қазалы қаласының тұрғыны  (53 жаста):

-Балалығымыз ба, әкемізбен ойнап тұрушы едік. Көке күшті болсаңыз, мына сақинаны шығарып берші?- деп, орамалға түйген сақинаны мықтап ұстап отырушы едім. Сонда ол  құдіретімен сақинаны сыртқа шығаратын. Бірде ағамның жолдастары үйге келіп бас қосып отырған. Сол кісілердің ішінен біреуі лас сөз айтса керек. Бір кезде үйдің ішін біртіндеп көк түтін басты. Үй іші әбігерге түсіп, қай жерден от кеткенін  білмей дал болды. Болмаған соң үйдің бір бөлмесінің төбесін аудара бастады. Сол кезде зергерлік бұйым жасауға жыңғыл өртеп, көмір дайындап жүрген әкемнің жанындағы періштелерінің бірі озып, олардан алыстай беріпті. «Кері қайт» десе қайтпай кетіп қалса керек. «Осы періштем бірнәрсені бүлдіріп жатпаса керек еді» деп үйіне келсе, ойлағанындай үй әбігерге түсіп жатыр екен.

«Не бүлініп жатырсыңдар?» – деп айқайлағанда, үйдің ішін жайлаған түтін бірте- бірте сейіліп сала берді. Бірде Андреев колхозынан Бозкөл ауылына көшіп жатқан кезіміз. Үйде мен апам екеуміз қалып, әкем бір шаруамен кетіп қалған. Бір кезде ас үйдегі шелектегі сулар бір – біріне құйыла бастады. Қорқып өзіміз отырған бөлменің есігінің ілгішін іліп алдық. Апам орнына отырған сәтте, ілгіш өзінен өзі кері ашылып кетті. Апам «Бисмилла» деп ілгішті қайта ілді. Ілгіш ашуланғандай қаттырақ кері ашылып кетті. Қайта іліуге қорқып отырғанымызда әкем келді. Әкеме болған жайды айтқанымызда «үшінші рет әркеттенбегендерін дұрыс болған екен. Бір рет ескерту бергесін нелерің бар еді, бір жерлеріңнің жазым болмағанына шүкіршілік етіңдер» деді.

Жәлен атаның немересі Ләззат, Бозкөл ауылының тұрғыны  (40 жаста)

-7- сынып оқитын кезім. Қыс айы. Қасымда көкем жалғыз қолымен ер шауып отыр. Мен ошақтан сексеуілдің шоғын атөшкірмен (шымшуыр) алып, самаурынға салып отырғанмын. Сексеуілдің шоғы еденге түсіп, мен оны ала бергенімде, бөлініп кетті. Ала алмай жатқанымда , көкем қолымен алып, самауырынға салып жіберді.

-Көке, қолыңыз күйіп қалды ғой!- деп, шошып кеттім. Ол:

«Неге күйеді?» -деп, бір сексеуілдің шоғын аузына салып жіберді.

-Көке , аузыңыз күйіп қалған жоқ па?- деп безек қақтым. Ол сасқан жоқ.

«Тәтті екен» – деп, жұмысын әрі қарай жалғастыра берді.

Жәлен атаның немересі Қайрат, Байқоңыр қаласының тұрғыны (38 жаста)

– Мен үнемі көкеме көмектесіп жүруші едім. Ол кезде көкемнің жасы 77-лер шамасында. Бір күні түнгі сағат 12-ге дейін ер шаптық. Сонда менің көргенім: көкемнің бір заты қара дүкеннің ішінде қалып қойып, қасында тұрған қол фонарын іздеп таба алмады. Әрі іздеп, бері іздеп, көкем миығынан күліп: «Бұлар да (әруақты періштелері) мен үлкейгесін ойнайын дегені ме?»-деп, мені ертіп шам жағып, сырттағы адам қабылдайтын қара дүкеніне алып барды. Есіктен кірді де айқайлап іздей бастады. Фонарды таппады. Әлгі керек затын алып , үйге келдік. Үйден фонарын тағы іздеп, қайта қара дүкенге бардық. Барсақ, қол фонары жағулы тұр. Көріп таң қалғаным әлі есімде. Мен куә болған осындай таңғаларлық жәйттар өте көп.

Ғалия Аманқызы Қазалы ауданы Өркендеу ауылының тұрғыны, ақын, ұстаз.

«Қара дүкен»                      «Қазалы» газеті 2010 ж. 11 қыркүйек

 

Бозкөлге баршы балам, баршы балам,

Барсаң болды бәрінен аршып алам.

Текке келіп өмірден текке кетпе,

Алынбаған сенің де бар сыбағаң.

Қара төске басыңды тигіз балам,

Маңдайыңды жалынға сүйгіз балам.

Құйрық майдың түтінін иіскелеп,

Жәлен қартқа есіңді жиғыз балам.

Құм шағылды табаның бассын балам,

Тазалық пен мерейің ассын балам.

Түнеухана ішіне қонып қайтшы,

Жын мен сайтан бойыңнан қашсын балам.

Жусан иісін иіскеп тазар балам,

Жаның кірлеп жүргені азар маған.

Бозкөлге бар, Бөзкөлде ғұлама бар,

Бергі бетін өмірдің ажарлаған

лды ғой!олымен алып, самауырынға салып жіберді. «ып отырғанмын. Сексеуілдің шоғы еденге түсіп, мен оны ала

Әке жолын жалғаған                                                        

Тарих –бір алтын көпір,

Ұрпақты, ұрпақтарға жалғастырған.

Әруақты бақсы, дүкен ұстаған ұсынақты ұста, қолөнердің қас шебері Жәлен атаның ақ батасын берген ұлы 1939 жылы туылған Сахит әкеміз бабасының киелі жолын адалдықпен жалғастыра білді. Қасиетті қара дүкенге, баба мазарына зират етуге жер-жерден адамдар келуін тоқтатпады.

Сахит әке Жәлен атаның мазарының қасынан адам түнейтін түнеухана салды. Түнеухананың қасында адамдар жазда демалып отыратын шәйла бар. Түнеухана іші екі бөлмелі, жиһазбен жабдықталған, қазан-ошақ, отын-су, көрпе-төсек тағы басқа, заттармен қамтылған. Түнеухана айналасына су келтіріліп, көгалдандырылған. Көлемі 15-20 сотық жер.

Сахит әке мұқтаж боп келген пенделерге баба жолымен ем-домын жасап, ел алғысына бөленді. Қасиетті орыннан емделіп, жазылғандар жалғасын тапты. Нақты дәлел келтірер болсам, Сахит әкеміздің емделіп, жазылған Бүркіт ағайдың хатынан:

«Мен Әбдіхалықов Бүркіт Қызылорда қаласының тұрғынымын. Осыдан 10 жыл бұрын асқазаным ауырып, қалада емделіп жүргенмін. Тілім быжылдап, мазамды кетіріп жүрген кез болатын. Туыстарым қара дүкенге барып, емделіп жүрміз дегесін, мен де барып көрейін деп ойладым. Сонымен Қазалы ауданы, Бозкөл ауылындағы қара дүкенге бардым. Сахит есімді замандасым қабылдады. Ем алдым, дәрі жасап берді. Соларды айту тәртібі бойынша іштім. Екі-үш рет қатынадым. Қазір асқазаным ауырмайды. Тілімнің быжылдағаны қойды. Құлан таза жазылып кеттім. Ол кісіге алғысым шексіз.»

Сондай-ақ осы тектес лебіздер саны өте көп. Қазалы ауданы, Түктібаев ауылының тұрғыны Мергенбай ағаның берген жауабынан:

«2000 жылы аяқ-қолым тартылып, Қазалы қаласындағы ауруханаға жаттым. 45 күн ем алдым. Ауруыма еш шипа болмады. Сонымен Бозкөл ауылындағы қара дүкенге ағайындарым алып барды. Жүре алмаймын. Қара дүкенге жамылғыға салып, алып кірді. Екі-үш барғанымда, өзгеріс болып, таяққа сүйеніп бардым. Төрт-бес  барғанымда науқасымнан айықтым. Қазір өз ауылымда еңбек етіп жүрмін. Киелі орынның шипасы мұқтаж жандарға дари берсін .»

Әке жолын жалғаған Сахит әкеміз Жәлен атаның емшілік қасиетімен бірге зергерлік, ұсталық, өнерін яғни ұрпақтан-ұрпаққа берілген киелі өнерді жалғастыра және кейінгі жас буынға үйрете білді. Оның қолынан шыққан түрлі тұрмыстық бұйымдар, ат әбзелдері, қару-жарақтар, ағаштан ойылған заттар көрме сәніне айналды.

Сахит әке емшілік, өнер жолымен бірге ұстаздық жолды да қатар атқарған. 1963 жылда 1994 жылға дейін сол кездегі № 96 Бозкөл орта мектебінде ауылшаруашылық және машинатану пәні мұғалімі болып қызмет еткен. Мектепте ұстаздық еткен шәкірттер санасына өнер дәнін сіңірген, еңбектерін айтсақ артық болмас.

Мектеп ұстаздарының айтуы бойынша: «Ол – еңбек еткен жылдары жабдықтаған машинатану кабинеті тек мектеп бойынша емес, аудан, облыс көлемінде жақсы кабинет болып саналды.Ол басқарған «жас техниктер» үйірмесінің мүшелері «Беларусь» тракторы мен «Алматы» кір жуатын машинасының макеттерін жасап, облыстық  «жас техниктер» көрмесіне қатысып, нәтижесінде жоғары бағаланып, республикалық көрмеге жолдама алды. Кабинетінде электрленген «Экзаменатор» аппаратымен оқушылардың білімін тексеріп, бағалады. Сол сияқты басқа да кабинеттерді пультпен басқаратын жүйеге келтірді.»

Қазіргі таңда Сахит әке жасаған макеттер мен көрнекі бұйымдар мектептің еңбек пәні кабинетінде сақталуда. Қазіргі ұрпақ бұл бұйымдарды көріп, тамашалаумен бірге қажетті жағдайда пайдалануда.

«Алтын да топырақтан аршылады» дегендей жоғарыдағы әңгімелерге сүйене отырып, Сахит әкенің жан-жақты өнердің қас шебері екенін аңғару қиын емес. Сахит әкеміз әке аманатын 21 жыл ардақтап ұстады.

Ауыл ақсақалы, сөз шебері Тілеуберген атаның айтуы бойынша:

«Сахит дүниеден өтер алдында әке зираты қасынан «Аманат» атты қара дүкен саламын деді. Сахит бұл жұмысты көп ұзамай-ақ бітірді. Қара дүкенді салып бітірген соң, ауылдың қарияларын зират басындағы түнеуханаға шақырды. Ондағы мақсаты- кенже баласы Аманатқа қариялардан бата алып беру және ата жолымен өз батасын беріп, аман-сау тұрғанда қара дүкенді Аманатқа аманат етіп тапсыру. Баба зираты басындағы салынған түнеуханада көргеніміз: қара дүкен салынып біткен. Қара дүкеннің маңдайына «Аманат» деп жазыпты. Салынған жайдың ішінде өзі қолдан жасап, көрік орнатыпты. Барлық ұста дүкенінің жабдықтары үлкен стол жасалынып сонда қойылған. Дүкеннің ішіне темір соғатын төс жабдықтары орнатылған. Қара дүкенге кірген соң Сахит көрікті қолымен басып жандырып, ата жолының әдет-ғұрпы бойынша Аманатқа әкесі- Жәлен атаның өлер алдындағы өзіне аманат етіп тапсырып, батасын беріп, кигізген ақ көйлегін кигізіп, тебірене көзіне жас алып, ұзақ сөйлеп, ата-бабаларының әруағына сыйынып, Аманатқа ақ батасын беріп, қара дүкенді аманат етіп тапсырды.»

Әкесінің ақ батасын алған кенже баласы Аманатқа да әке, өнері қасиеті дарыған.

Халық өнерін көрнекті дамыта білген Сахит әкемізге, балдызы Смағұл Темірбек «Сахиттың қазасына» атты жоқтау жырында:

«Пейіліңе құдай берген ағам едің,

Шалқыған айдын көлде жағам едің.

Пір тұтқан қара дүкен шаңырағын

Артыңда қалды-ау жоқтап тамам елің

Сырымды кімге айта алам сен туралы,

Нағыз ер тәуекелге бел буады.

Алтынның сынығы едің асыл аға,

Аузыңда сөзі болған көп дуалы.

Қайтейік, толмас сірә, орның әлі,

Қасиетің ұрпағыңмен толығады.

Аманатқа тапсырған қара дүкен,

Қара төсің  қашанда  соғылады.»

– деп жырлағандай 2004 жылы 19 желтоқсанда 65 жасында артын өшпес мұра қалдырып, дүниеден өтті.

Ұрпаққа дарыған баба қасиеті бойынша  Сахит әкеміздің отбасы түгелімен өнерге жақын жандар. Бірі әнші, бірі суретші, бірі ағаш шебері, мүсінші, бірі тігінші, тағы сол сияқты. Балалары да баба жолын жалғастырып, түрлі бұйымдар жасаумен, сурет салумен  айналысып жүр.

Халық қолөнерін жетік меңгерген отбасының ата кәсіпті әрі өрістетуге деген ықыласы зор.

Баба мұрасын сақтау- ұрпаққа аманат

«Мәдениет пен өнер ісінің сан алуан сәулетті

түрін көп уақыт сақтап, келесі заманға мирас

етіп отыруға болады.»

Ә.Марғұлан

Уақыт тезінен өткен тарих көшін бағамдау- адамзаттың бір парызы. Өткенге көз жіберіп, құндылықтарды танып, білу әсіресе жас мемлекетіміз үшін аса маңызды. Рухымызды биіктетер рухани мұра сабақтастығы ұлт бар жерде үзілмейтіні анық. Ал, сондай құнды дүниелерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін бірден-бір орын- мұражай.

Сахит әкеміздің шаңырағында үй мұражайы бар. Мұражайда Жәлен атаның, Сахит әкенің және балалары Қайрат, Қанат, Талант, Аманат, Әсемкүлдердің қолдарынан шыққан бұйымдар қойылған. Бұл мұражайды ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары көріп, тамашалауда. Мұражайдағы құнды дүниелерді халыққа насихаттау мақсатында аудандық, облыстық мұражай өкілдері келіп, мұражай бұйымдарын өз мұражайлары арқылы насихаттауға алып кетуде. Мысалы Қызылорда облыстық тарихи өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Төремұрат Әлжан үй мұражайынан облыстық мұражайға Сахит әкеміздің қолынан шыққан сабында ер-тұрманымен ат мүсінделіп келтірілген, «Ат бәйгелі болсын» деген жазуы бар қамшыны және Жәлен ата қолынан шыққан сақина, білезіктерді заңдастыру арқылы алды. Сонымен бірге Қызылорда облыстық телеарнасының журналистері мен операторлары мұражайды бейнетаспаға түсіріп, «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасынан көрсетіп, көпшілікке танытты.                

Темірхан Смағұловтың  2014 ж. Алматы. «Үш қиян» баспасынан шыққан  «Ауылым- Жанай» кітабында «Қара дүкен иесі» өлең-жырында:     

Қара дүкен иесі, Жәлен өтті дүниеден,

Адам еді қасиетті, айта алады кез- келген.

Зергерлік бар, ер соғу, адам емдеу жалпылай,

Әулие деп атайды, сұрасаңдар сол елден.

Бақыт, Сахит, Аманкелді, Аманжол,

Балдары еді осы шалдан түлеген.

Біз білетін төрт шаңырақ арысың,

Ірге құмда зираттары бір жерден.

Бұл күндері Күләш апам балдармен,

Отағасын ажал шіркін алғанмен,

Шаңырағын биік ұстап Жәкеңнің,

Тұрып жатыр, шүкіршілік талғаммен.

Кешегі ұстаз, түп тамыры Әулие,

Шамшырағың мәңгілікке жанғанмен.

Өткінші өмір өтеді екен бір күні,

Ойнауыңа болмайды екен жалғанмен.

-деп жырлаған еді.

2014 жылдың 25 қазанында аудандық деңгейде Жәлен ата мен Сахит әкеге арналған ас берілді. Аста «Қолөнер- киелі өнер»  атты аудандық деңгейдегі қолөнер шеберлерінің байқауы  және «Баба мұрасын сақтау- ұрпаққа аманат» айдарымен қолөнер көрмесі ұйымдастырылды. «Жақсыны көрмек үшін», дегендей астан соң жиналғандар Жәлен ата ұрпақтары ұйымдастырған  ауылдық мәдениет үйіндегі көрмені аралап, онда «Білімді өлсе, артында хаты қалар, ұста өлсе істеген заты қалар»,- дегендей  Жәлен ата қолынан жасалған ат әбзелдері, ер- тұрманы, ұстанған төсі, балғасы, пышағы, қайрағы, зергерлік бұйымдары Сахит әкенің туындылары, жасаған мәшине, трактор модельдері, республика, облыс, аудан басшыларынан алған әр жылдағы мақтау қағаздары т.б.  зергерлік бұйымдарымен Жәлен ата ұрпақтарының қолдарынан шыққан қолөнер туындыларын тамашалады.  Көрмеден көпшілік қауым мол әсер алып, өнердің бұл түрін насихаттаушылар мен ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. Байқау  жеңімпаздары жүлделі орындар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырылып, өткізілген шара туралы  жергілікті тілші Әнуар Әбдімұрат 2014 ж. 19 қараша  күнгі № 90  аудандық «Қазалы» газетіне  «Бабалар рухына тағзым етілді» тақырыбындағы мақаласын жариялады.

Қазақ халқының ежелден келе жатқан киелі қолөнерін зерттеп, насихаттап жалғастыру келер ұрпақ еншісінде. «Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей қолөнердің осы бір түрін көненің көзіндей көріп, игілігіне жаратып, насихаттап жүрген талантты жастарға әлеуметтік қолдау көрсетіліп отырса нұр үстіне нұр болар еді..

Қорытынды

«Ел іші-өнер кеніші» дегендей бұл- әулет миясар отбасы. Яғни,

Әулие-елдің бүтіндігі, дін мен халық бірлігі, адалдық, тазалық, адамгершілік үшін күресуші адам.

Ұста– темірден заттар жасайтын шебер

Зергер-асыл тастардан, алтын- күмістен бұйымдар жасайтын шебер

Ерші– ер шабатын, шеберлер тілімен айтқанда, «ер қосатын» адам

Ағаш шебері– ағаштан заттар жасайтын шебер тағы басқа

Миясар– өнердің бірнеше түрін игерген шебер

Мен жазған бұл теңеулерді мына деректер анықтайды. 1998 жылы шыққан Н.Т.Мусабаевтың «Ортаймаған қазаны-қасиетті Қазалы» атты кітабының 88-бетіндегі «Қасиетті өнердің қас шеберлері» тарауында және 2008 жылғы шыққан А.Көшербайұлының «Тамыры терең, тарихы кенен Қазалы» атты кітабы І тарау «Әруақты әулиелер мен көріпкел көрегендер» 4-бөлімінің 79 бетіндегі Жәлен ата атты жазба дәлел болады. Ата бойындағы ұрпаққа жалғасқан қасиеттер көрінісі жергілікті жеріміздің тарихы мен мәдениетіне қосар үлесі зор. Халық өнерін жетік меңгерген отбасының баба кәсібін жалғастыруы болашаққа үлгілі. Сондықтан атақты бабаның мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа тарату арқылы бабаның атының өшпейтіндігін, ұрпаққа рухани күш беретіндігін келер ұрпақ біліп, ойға түю керек деп білемін. Осындай игі қасиеттерді жалғастыру, дамыту – келер ұрпақ біздің міндетіміз.

You May Also Like

Мектеп өмірінде қолдануға бағытталған жылулық құбылыстарды зерттеу нәтижесі, ғылыми жоба слайд

Жел энергиясын пайдалану, ғылыми жоба

Ғылыми  жоба тақырыбы: «Жел энергиясын пайдалану» Мазмұны Аннотация………………………………………………………………………………….3 Abstract (қазақ тілінде)……………………………………………………………….4 Кіріспе…………………………………………………………………………………………6…

Ата-бабамыздың сандар әлемін жаңғырту, ғылыми жоба

«АТА – БАБАМЫЗДЫҢ САНДАР ӘЛЕМІН ЖАҢҒЫРТУ» Мазмұны: Кіріспе 1.1. Өлшеу не үшін…

Киелі жылқы қазысының емдік қасиеті, ғылыми жоба

«Киелі жылқы қазысының емдік қасиеті» Мазмұны Кіріспе Жылқы – киелі жануар. …………………………………………………….10…