Мақсаты: Абай Құнанбаевтың өлеңдеріндегі тәрбиелік ойларды зерттей отырып, қазіргі өмірмен сабақтастығын анықтау. 

Міндеттері:

  • А.Құнанбаев өлеңдеріндегі адамгершілік құндылықтарды айқындау;
  • Ұлы ақынның өлеңдеріндегі тәрбие мәселесін ашып көрсету;
  • Ойшылдың өсиет сөздерін жас ұрпаққа насихаттау.

Жоспар:

I.Кіріспе

  1. Негізгі бөлім
  2. А.Құнанбаевтың шыққан тегі
  3. Ақынның әдебиетке құмарлығы
  4. А.Құнанбаевтың өлеңдеріндегі тәрбиелік мәні бар сөздер

III. Қорытынды

       I.Кіріспе

«Әрбір іс бастан түзу бола келмесе, түбінде түзелуі де қиын болады. Ағашты жас күнінде қисығын түзей білсең түзу болып өседі һәм бір түзу болып өскен соң жаңадан қисаймайды.Ағаш ұлғайып қатып кеткен соң түзеуге де көнбейді, сынып кетеді.Сол жақсы көркем мінезді жасыңнан әдет етсең, ол әдет тура жолдан соңғы уақыттарда қандай қиыншылық көрсеңіз де жаздырмас.Ұлғайғанша өзгерту де қиын болса керек, бәлки, мүмкін болмастығы да ғажап емес»,- деп тәрбие жайлы, көркем мінез жайлы Ш.Құдайбердіұлы айтып кеткен сөзін өзіме бастау ғып алдым.

Біз бірінші сыныптың екінші жартыжылдығынан бастап қолымызға «Әдебиеттік оқу» оқулығын аламыз.Оны төрт жыл оқимыз. Ертегі, аңыздар мен ұлтымыздың ақын-жазушыларының шығармаларымен таныса бастаймыз. Қазақта тәрбие, көркем мінез тақырыбына шығарма жазбаған ақын, жазушы жоқ шығар деп ойлаймын.Соның ішінде әрбір өлеңінде халықты, жастарды білімге, тәрбиеге шақырған ұлы ақынымыз, қазақтың дара, дана ұлы Абай Құнанбайұлын атауға болады. Абай Құнанбаев өлеңдерінде табиғат көрінісін, адамдар суретін жасауға, ішкі-сыртқы қылықтарын, мінездерін айқын суреттермен көрсетуге өте шебер. Қай өлеңінен де қазақ жерінің, қазақтың ұлттық сипатының ерекшеліктері көрініп тұрады.Сол себепті, Абай атамыздың шығармаларын кішкентайымыздан бастап оқып, танысу маңызды деп ойлаймын.

II.Негізгі бөлім

Бүкіл өмірін елінің сауатын ашып, алға жетелеуге арнаған ұлы Абай атамыздың еңбегін бағалағанда алдыңғы орында оның бүкіл халықтың ұстазы болғандығы тұрады. Өйткені күні бүгінге дейін жасөспірімнен ересектерге дейін, оқушылардан ғалымдарға дейін оның шәкірттері болып, мұрасынан сусындауының өзі соның айғағы.

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев 1845 жылы тамыз айында қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Шыңғыстау бөктерінде дүниеге келген. Шыққан руы – Тобықты. Ата – тегі сол тобықты ішінде билік құрып, үстемдік еткен тұқым.

Бала Абайды – дана Абай, шәкірт Абайды –  ұлы ұстаз еткен қандай күш? Ұлы Абай атамыз «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады, біріншісі – ата-анасынан, екіншісі – ұстазынан, үшінші – құрдастарынан»,-деген екен. Отбасындағы бала тәрбиесінде үлкен тұлға – ата мен әже. Атаның ақылын, әженің әлдиін, өнегесін естіп өскен әрбір қазақ баласы үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете алады.

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың зерттеулеріне сүйенсек, Абайдың әкесі Құнанбай – ел билеген көсем, қара сөзге шешен, талапты да, табанды адам болған екен. Абайдың анасы Ұлжан ақылды, мейірімді кісі екен, ал Абайды әжесі Зере тәрбиелеген. Қос ана қазақтың ертегі, аңыз – жырларын көп білген. Әжесі Зере мен анасы Ұлжан Абайдың әдебиетке құмарлығын оятып, ел-жұртын сүйер мейірімділікке баулыған.

Арнайы оқуына келсек, ауыл молдасынан сауат ашқан зерек Абай Семей медресесіндегі 3-4 жылдық діни оқуды оқыған соң, бүкіл ғылым негіздері мен білім түрлерін өз бетімен оқып үйреніп, ақыры даналықтың асқан биігіне көтеріледі. Оқуының соңында Абай мұсылманшамен бірге Семейдегі «Приходская школадан» үш ай орысша білім алады. Осы үш ай Абайдың өз бетімен орыс тілін, әдебиетін игеріп кетуде, қазақ әдебиетіне жаңалық әкелуде көп әсері болады.

Абай атамыз өлеңді ерте, он екі жасынан бастап шығарған. Оның бұл кезеңде шығарғандарының көпшілігі бізге жеткен жоқ. Абай атаның жас кезіндегі өлеңдерінің кейбіреулері және бірқатары ұмытылған, болмаса жоғалып кеткен. Біздің білетіндеріміз Абай атамыздың үлкейген шағындағы жазған өлеңдері.

Жоғарыда айтып кеткенімдей Абай ата өлеңдерінде жастарды білім алуға, тәрбиелі болуға шақырған.Абай ата білімді барлық атақ,құрмет пен бедел, байлықтан жоғары қояды. Ақын атамыз адамның ең қымбат кезі – жастық шақты оқуға, ғылымға жұмсауды еске салады. Ойын-сауықты кейін қоя тұрып, алдымен  ғылым жолында еңбек ет, ізден, білімдіден үйрен, үлгі ал, солардай болуға тырыс дей келе,  «Адам болам десеңіз» өлеңінде:

Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз.

Ондай болмақ қайда деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз.

Сізге ғылым кім берер,

Жанбай жатып сөнсеңіз?

Дүние де өзі, мал да өзі,

Ғылымға көңіл берсеңіз, – деп жас ұрпақты білімді болуға, ғылымға жақын болуға шақырды.

Келесі мына жолдарында:

Өзің үшін үйренсең,

Жамандықтан жиренсең,

Ашыларсың жылма-жыл.

Біреу үшін үйренсең,

Біреу білмес, сен білсең,

Білгеніңнің бәрі – тұл.

Сөзіне қарай кісіні ал,

Кісіге қарап сөз алма…

Тез үйреніп, тез жойма,

Жас уақытта көңіл – гүл, – деп адамның келбетіне, сыртқы бейнесіне қарап бағалама, адамның сөйлеген сөзіне, ақылына қарай бағала деп үйретеді. Бұл өлең шумақтары қазіргі уақытта да үлгі-өнеге беретін қанатты сөз ретінде көп айтылады.

Ал, келесі «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде:

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге… – деп «ғылым» деген сөзді қайталап айта отырып, әрбір жастың арманы ғылым болуы керек екенін түсіндіреді.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз.

Тілеуің, өмірің алдыңда,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой –

Бес асыл іс көнсеңіз… – дей келіп адам болам деген жастардың бойында қандай жақсы қасиет болу керек, неден қашу керек дегенді айтады.Жастарды бос даурығуға, өтірік, өсек айтуға, жалқаулыққа қарсы шығып, еңбекқорлыққа, қанағатшыл болуға, талаптануға, рақымшылық жасауға шақырды. Жақсы, үйренуге болатын істер мен жаман әдеттерді салыстыра отырып ақыл береді. Осы өлең жолдары өте қарапайым, түсінікті тілмен жазылған, бірақ үйрететіні көп. Оқыған, естіген адам ойланып өз істерін, қылықтарын қарап «Мен дұрыс істедім бе?», «Жақсылық іс жасадым ба, әлде жаман іс жасадым ба?» – деп ойланады. Өз бойынан сол мінездерді іздейді. Жақсы болуға талпынады.

«Әсемпаз болма әрнеге» деген өлеңінің мына шумағында:

Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң арқалан.

Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар қалан! – деп жас ұрпаққа өмір жолын таңдауда өзіңді таны, өмірде өз орныңды таба біл дейді. Келесі шумағында:

Қайрат пен ақыл жол табар

Қашқанға да, қуғанға.

Әділет, шапқат кімде бар,

Сол жарасар туғанға…- деп талапты жас адамға жарасымды қасиеттер: ақыл, қайрат, әділет, жүрек мейірімі екенін санап айтып береді.

Ал келесі:

Пайданы көрсең бас ұрып,

Мақтанды іздеп, қайғы алма.

Мініңді ұрлап жасырып,

Майданға түспей бәйге алма…-деген шумағында пайдакүнем, мақтаншақ, менменшіл болма, бұлар адамға абырой әпермейді деп үйретеді.

Ақырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық қылған жалықпас

Үйретуден балаға…- деген жолдарда өз ісіңе сеніммен қарап, адал еңбек ет, халық құрметіне бөлен, бұл кейінгі жастарға ұстаздық еткенмен бірдей. Өмірге кірпіш болып қалану деген осы деп қорытынды жасайды.

«Сегіз аяқ» өлеңі Абай атамыздың аса бір көркем жазылған шығармасы.Өлеңнің Абай ата өзі шығарған әні бар. Кезінде өлең сол әнмен кең тараған. Қазіргі кезде де көп айтылатын Абай әндерінің бірі.Осы өлеңінде:

Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық,

Аздырар адам баласын, – дей отырып, осындай ұнамсыз мінездерді тудырып отырған жұмыссыздық деген қорытынды жасайды. Халықты еңбек етуге шақырады, тек қана еңбек адамды адам етеді дегенді түсіндіреді.

Өлеңді:

Атадан алтау,

Анадан төртеу,

Жалғыздық көрер жерім жоқ.

Ағайын бек көп,

Айтамын ептеп,

Сөзімді ұғар елім жоқ.

Моласындай бақсының,

Жалғыз қалдым – тап шыным,-деп сол замандағы халықтың мұңын, қайғысын өз атынан,өз басынан кешкен жағдай сияқты баяндап,аяқтайды.

 «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңінде:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Адамның бір қызығы – бала деген,

Баланы оқытуды жек көрмедім.

Баламды медресеге біл деп бердім,

Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім, – деп өзінің өмірде жіберген қателіктерін жасырмай айтып,ғылым-білімді кезінде зерттей алмағанына өкініш білдіреді.Өз қателігін балаларын оқытумен түзеуге бет алғанын айтады.Келешекте жастардың өзі сияқты өкініп қалмай, уақытын бос өткізбей, білім мен өнер қуып, еңбектенуіне жөн сілтейді.

III. Қорытынды

Аталарымыз «ел болам десең, бесігіңді түзе» деген. Тәуелсіз еліміздің болашағы біздерміз. Сондықтан, бізге жүктелген міндетті алып шығу үшін біз өзімізді қандай қасиеттерге тәрбиелеуіміз керек?-деген сұраққа жауапты мен Абай атаның өлеңдерінен таптым. Менің сіздерге талдаған өлеңдерім ақынның дариядай еңбегінің бір тамшысы ғана. Абай атаның қай өлеңін оқысақ та, бүгінгі күннің басты мәселесіне жазылғандай, біз өнеге алатын тұстары өте көп.  Мен Абай атаның өлеңдерін оқып – талдай келе, тәрбиенің барлық жерде керек екеніне көзім жетті. Менің ойымша таңдап алған тақырыбымның маңыздылығы – тәрбиесі бар жас ұрпақтың адами қасиеттері жоғары болады.Себебі, тәрбие бар жерде шыншылдық, еңбексүйгіштік, адамгершілік, мейірімділік орнайды, тәрбиелі жас ұрпақ өнерлі, білімді, еңбекқор, адал, әділ, қайратты, ғылым жолына түскен ізденімпаз болады. Абай ата өлеңдері мәңгілік, өшпек емес, өйткені өлеңдерінің тақырыбы адамның сана-сезімімен тығыз байланысты.

You May Also Like

Су асты қалалары, ғылыми жоба

Ең үздік ғылыми жоба «Су асты қалалары»  Авторы: 10-сынып оқушысы Ақтай Дінмұхамед…

«Жер–сенікі, менікі» ғылыми жоба

Оқушысы: Тельман Малика Данияровна Тaқырыбы: «Жер –сенікі, менікі» Aвторы: Тельман Малика Даниярқызы…

Опасный и безопасный интернет, научный проект слайд

С. Нұржанов кен орны, ғылыми жоба

№№ Мазмұны Бет 1 2 3 Кіріспе 6 1 Геологиялық бөлім 1.1…