Тақырыбы:                 «Қазақстандағы ұйғыр әдебиетінің Тәуелсіздік кезеңіндегі өзгерістері мен жетістіктері»

«Қазақстандағы ұйғыр әдебиетінің Тәуелсіздік кезеңіндегі өзгерістері мен жетістіктері»  тақырыбына жазған ғылыми жұмысына

А Н Н О Т А Ц И Я

          Ғылыми жұмыс   үш тараудан:  кіріспе, негізгі бөлім, қорытындыдан тұрады.  Кіріспеде түркі халықтарына ортақ болып келетін көптеген жазба ескерткіштері қамтылған.

Негізгі бөлім «ХХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстандағы ұйғыр әдебиеті», «Ұйғыр әдебиетінде алғаш ШҰАР халықтарының тарихи мен әлеуметтік тұрмысы», «Қазақстандағы ұйғыр әдебиетінің гүлденуі» деген 3 бөлімнен тұрады.

Еңбектің 1 бөлімінде ХХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстандағы ұйғыр әдебиеті туралы жан-жақты айтылған. Ақын – жазулардың шығармашылық жолы бағаланып, талдау жасалған.

Еңбектің 2 бөлімінде Ұйғыр әдебиетінде алғаш ШҰАР халықтарының тарихи мен әлеуметтік тұрмысы туралы жазылған еңбектер  жан-жақты көрсетілген.

Еңбектің 3 бөлімінде Қазақстандағы ұйғыр әдебиетінің гүлденуі туралы жазылып, Тәуелсіздік кезеңіндегі өзгерістері мен жетістіктері жазылған.

Соңында ғылыми жұмыстың қорытындысы жасалған.

Жоспар

  1. Кіріспе

Түркі халықтарына ортақ болып келетін көптеген жазба ескерткіштері

  1. II. Негізгі бөлім:
  2. ХХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстандағы ұйғыр әдебиеті
  3. Ұйғыр әдебиетінде алғаш ШҰАР халықтарының тарихи мен әлеуметтік тұрмысы.
  4. Қазақстандағы ұйғыр әдебиетінің гүлденуі

Қазақстандағы ұйғыр әдебиетінің Тәуелсіздік кезеңіндегі өзгерістері мен жетістіктері

  1. Кіріспе

Түркі халықтарына ортақ болып келетін көптеген жазба ескерткіштері

Қазақстанды мекен ететін ұлт диаспораларының ішінде өзіндік орны бар әдебиеттердің бірі – ұйғыр әдебиеті. Ол қазақ, орыс әдебиеттерімен қанаттаса, іргелес дамып келе жатыр. Оның үстіне қазақ және ұйғыр халықтарының рухани байланыстары сонау ежелгі замандардан-ақ басталған…

Түркі халықтарына ортақ болып келетін көптеген жазба ескерткіштері ұйғыр мен қазақ халықтарына да ортақ. Жалпы осы екі ұлттың ежелден аралас-құралас болып, әр тараптан қарым-қатынас жасап өмір сүргені жайында көп айтыла бермейді. Мәселе мынада. Ұйғыр халқы өз атауымен ежелден келе жатса, рулық жүйемен қоғамдасып өмір сүрген қазақтардың жекелеген рулары ұйғырлармен байланыста болған. Атап айтқанда, орта ғасырларда Найман, Жалайыр, Үйсін, Керей, Дулат руларының адамдары қазіргі Шыңжаң жерінде ұйғырлармен жақсы қарым-қатынас орната білген. Қазақтың белгілі тарихшысы Мұхаммед Хайдар Дулатидің жазғандарына қарағанда, бір жылдары Тұрфан, Хотан және Қашқар қалаларының әкімдері осы Дулат руының өкілдері болған. Мұхаммед Хайдардың өзі де 1500-шы жылдардың бас жағында Қашқар қаласын билеген. Оларды арнайы қазақ деп айтпағандықтан, ескеріле бермейді. Оның бер жағында «Алты шаһар немесе Шығыс Түркістан» деген еңбегінде Шоқан Уәлиханов ұйғырлар тарихынан бірсыпыра мағлұматтар келтіріп, сол арқылы Ресей империясы тиісті деректер алған. Шоқанның жазбалары бүгінде баға жетпес тарихи ескерткіш.

Зерттеу жұмыстарының нәтижелеріне қарағанда, тәуелсіздік жылдары ұйғыр әдебиеті дамудың жаңа бір арнасына түсіп, өзіндік сипаттарымен ерекшеленеді. Әдебиеттің поэзия, проза сияқты дәстүрлі жанрларымен бірге драмтургиясы да жаңа сипат алды. Әдебиеттану мен сын өнерінде жас, жаңа толқын өз тегеуірінін байқатып жүрсе, ұйғыр тіліндегі көркем публицистика саласында да жаңа көкжиектер ашылғанын аңғару қиын емес.

  1. Негізгі бөлім:

1.ХХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстандағы ұйғыр әдебиеті

Ұйғыр әдебиетінің тәуелсіздік кезеңіндегі өзгерістері мен жетістіктері туралы әңгіме етпес бұрын оның қайнар көзі туралы айтуға тиіспіз. Ол қандай кітаптар? Олар Зия Сәмәдидің «Жиллар сири», тетралогиясының үшінші, төртінші кітаптары, «Әхмәт әпәнди», «Истәк вә кисмәт» дилогияларын, Йүсүпбәк Мухлисидің «Мәшьәл», Жамал Босақовтың «Ялқун», Мәсимжан Зулпиқаровтың «Янар тағ» трилогиясын, Шайим Шаваевтың «Билал Назим», Султан Жамалдың «Дозақ отида көйгәнләр», Хәмит Һәмраевтың «Кульджинский тракт», Жамал Мұсаевтың «Һижран», «Исиян», «Қиян» дилогияларын, Турған Тохтәмовтың «Аниниң көз йеши», «Назугум», Әхмәтжан Һаширидің «Нур ана», «Идиқут», «Баурчук Арт Текин», Абдуали Садыровтың «Кашгарский гладиатор», «Взгляд волка». «Каган уходит последним», Мирғиясдин Яқуповтың «Огузхан», Алимжан Бавдиновтың «Мәһбус», «Жаду», «Өтнә аләм» тәрізді көрнекті шығармалары.

Поэзияда да ұйғыр ақындарының қолтаңбасы айқын көрінеді. Хелил Һәмраев, Долқун Ясенов, Савутжан Мәмәтқулов, Мәсимжан Зулпиқаров, Һезим Бәхниязов, Батур Әршидинов, Абдуғопур Қутлуқов, Рәхимжан Розиев, Һебибулла Юнусов, Һезиз Һезимов, Аблиз Һезимов, Малик Садиров, Абдуреһим Мутәллип, Патигүл Сабитова, Мәшүр Жәлилов, Илахун Жәлилов, Илахун Һошуров, Ташполат Намәтов, Раһиләм Һапизова, Хуршидә Илахунова, Мирзахмәт Меримов сияқты белгілі ақындардың ізін ала Абдумежит Дөләтов, Жәмшит Розахунов, Баһар Рәһимов, Нурахмәт Әхмәтов, Патигүл Мәхсәтовалар өз оқырмандарын тапты.

Драматургия, сын, әдебиеттану даму жолында өз қолтаңбасы бар мамандар шықты. Белгілі ұйғыр ғалымдары Махмут Абдрахманов, Рабик Исмаиловтардың ғылыми еңбектері бүгінгі ұйғыр әдеби процесстерін анықтап отыр. Тәуелсіздік кезеңінде ұйғыр көркем публицистика жанрында бүкіл қоғам мүшелерінің назарын аударатын оқиғалар, мысалдар, типтік фактілерді талдау, сипаттау әдісімен түсіндіріледі.

  1. Ұйғыр әдебиетінде алғаш ШҰАР халықтарының тарихи мен әлеуметтік тұрмысы.

ХХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстандағы ұйғыр әдебиеті зор серпінмен дамығаны мәлім. Ұйғыр сөз өнері сан жағынан болсын, сапа жағынан болсын, қалыпты даму жолына түсті. Талантты жазушылар Һезмәт Абдуллинның “Түккән түгүчләр”, Қурван Тохтәмовтың “Қәдирдандар” хикаялар топтамасының жарық көруі ұйғыр халқы мәдениетінің дамуында ерекше рөл атқарып, елең етерлік оқиға болды. Көп өтпей Һезмәт Абдуллинның “Жутдашлар” романы басылым көріп, ұйғыр прозасының жаңа сапасы айқындалды. Бұл Қазақстандағы ұйғыр әдебиетінде Мөмүн Һәмраевтың “Долқунлар арисида” романынан кейінгі екінші үлкен эпикалық жанрдың дүниеге келуі еді. Аталған эпикалық шығармада соғыс жылдарындағы майдан мен тылдағы қаһармандық көріністер бейнеленіп, кеңес кезінде қалыптасқан ұйғыр халқының ұлттық сана-сезімі, көзқарасы және басқа ұлттармен болған қоян-қолтық байланысы суреттеледі. Сол себепті кеңес ұйғыр әдебиетінде жаңа қаһарман образы жасалды. Бұл – алғашқы “Қаһарман халық” образының қалыптасуы еді. Әрине, бұл соцреализм талаптары мен қатаң ұстанымдарының негізінде жүзеге асырылды. Негізінен Қазақстандағы ұйғыр әдебиетінің көрнекті өкілі және қарымды прозаигі Һезмәт Абдуллинның шығармашылығы аса нәтижелі болды. Шығармаларда жазушы ойының асқақтығы, мазмұн мен идея аясының кеңдігі, оқиғалар шиеленістілігі айырықша ерекшеленіп тұрады. 1960 жылы жарық көрген “Турпан тәвәсидә” және оның жалғасы ретінде жазылған “Тәғдир” романы ұйғыр проза жанрының жаңа бағытының белең ала бастағанын аңғартқан болса, кейінгі “Жутдашлар”, “Отлуқ чәмбәр” романдары жаңа ұйғыр әдебиетінің салмағын түбегейлі айқындап берді. Шытырман оқиғалы бұл дилогияда ұйғыр халқының өткені мен бүгіні, келешегі тарихи публицикалық және эстетикалық, ерекше романтикалық пафоста бейнеленген. Жазушының “Яркәнт симфонияси”, “Устилар”, “Һәқиқәт егиләр, сунмас” сияқты повесті мен хикаялары, романдары ұйғыр әдебиетінің Қазақстан мәдениетіндегі өзіндік орнын көрсетті.

Һезмәт Абдуллинның романдары Қазақстан ұйғырларына рухани әсерін тигізіп, ұлттық әдебиеттің дамуына жаңаша рең берді. Соның әсерінен өткен ғасырдың 70-жылдарының өзінде бірнеше ірі эпикалық шығармалардың жариялануына мүмкіндік туды. Атап айтқанда, жазушылар Жамалдин Босақовтың “Қайнам”, Қурван Тохтәмовтың “Жағистайлиқлар”, Муңлуқ Бақиевтің “Бир яз, бир қиш” романдары, Әхмәтжан Һаширидің “Өлмәс болуп туғулғанлар”, Мәсимжан Зулпиқаровтың “Һаят еқими”, Турған Тохтәмовтың “Дадамниң ахирқи хети” сияқты көптеген повестері мен әңгімелер жинақтары жарық көрді. Бұл Қазақстанда жаңа әдеби толқынның қалыптасып келе жатқандығын аңғартты. Қазақ, орыс зиялылары ұйғыр жазушыларының бұл жетістіктерін барынша қолдап, қуаттады. С. Мұқанов, Ф. Кузенцов сияқты көрнекті әдебиет сыншылары жаңа Қазақстан ұйғыр прозасының дамуына өте жоғары баға берді. Бұл жаңадан қалыптасып келе жатқан ұйғыр жазушыларын шабыттандыра түсті. Олар рухани тұрғыда қанаттанып, тың шығармалар жазуға кірісті. Һезмәт Абдуллинның “Яркәнт симфониясымен” үзеңгілесе Әхмәтжан Һаширидің “Ялғуз ялпуз”, Шайим Шаваевтың “Сехирлиқ ақ булутлар”, Мәшүр Розиевтің “Анайәт”, Йүсүпбәг Мухлисидың “Садир Палван”, Мәсимжан Зулпиқаровтың “Лутпулла” сияқты ірі эпикалық шығармалары жарық көрді. Бұл шығармаларға деген сұраныс болды. Бір сөзбен айтқанда, соғыстан кейінгі ұйғыр әдебиетінің тың серпін алуына Һезмәт Абдуллинның арманшыл, жігерлі шығармашылығы ерекше әсер етті. Бұл толқынға, ұлт зиялыларына Зия Сәмәди, Жамалдин Босақов сияқты қаламы қарымды жазушылардың аса қысқа мерзімде жарық көрген ірі эпикалық шығармалары да рухани азық болды, қанаттандырды, жаңа әдебиеттің бағыт-бағдарына зор әсер етіп, жол-жорық көрсетті. Әсіресе, Һезмәт Абдуллин қазақ, орыс жазушыларының арасында ерекше құрметке ие болды. Қазақстан әдебиетіндегі салмақты жазушылардың қатарында көрінді. Бұл көп ұлтты Қазақстан әдебиетінің тарихындағы маңызға оқиғалардың бірі болып қалды.

Ұйғыр әдебиетінде алғаш ШҰАР халықтарының тарихи мен әлеуметтік тұрмысы кең көлемде назарға алынуы, Қазақстан халықтарының, зиялы қауымының көзқарастарын, түсініктерін кеңейтті. Себебі Һезмет Абдуллинның “Турпан тәвәсидә”, “Тағдир”, “Жутдашлар” романдарында бейнеленген оқиғалар мен кейіпкерлер объективті сипатталып, қалың оқырман беймәлім тарихи шындықтарды ұғынды. Әсіресе, жазушының Мөмүн, Садиқжан, Һенипә сияқты басты кейіпкерлерінің бейнелерін аса шеберлікпен сомдалуы оқырмандардың назарын аударып, әлеуметтік тұрмыстың жаңа үлгілерін танып-білуіне мүмкіндіктер жасалды. Шығармалардың тағы бір ерекшелігі – күнделікті тұрмыс-тіршіліктің күрделі мәселелеріне жауап беруімен тығыз байланысты және тұрмыс бейнесі, адамдардың ой-пікірі, іс-әрекеттері, олардың ішкі дүниесі, шиеленіскен оқиғалар т.б. бәрі-бәрі бір-бірімен біте қайнасып, жымдасып жатады. Осылар арқылы жазушы сұлулықты, қарама-қайшылыққа толы идеалдар мен өзіндік көзқарастарды суыртпақтап көтерді. Тың өзгерістерге толы өмірдің шынайы эстетикалық понараманың көркем үлгісін жасады. Бұл жаңашылдық әдебиетке енді ғана қадам басып келе жатқан жас жазушылардың реалистік ойларын, ұстаным-талаптарын қалыптастыруына негіз болды.

Һезмәт Абдуллин шығармашылығымен мұқият таныс оқырман оның әр туындысында жаңа бір әлеуметтік-географиялық шындықтың қалыптасқанын сезіне алады. Бұл – ХХ ғасырда қазақ бауырларымен бірге тіршілік жасап келе жатқан Іле және Жетісу ұйғырларының қоғамдық тұрмысы. Әрине, нақты әлеуметтік-географиялық шеңбер ұлттық сана-сезімнің түйіні қарапайым халық үшін әдемі өмір сүруінің мүмкіндігі екендігі анық. Һезмәт Абдуллин қалыптастырған жаңа мәдениет типі, этникалық рухани қазына, жаңа ұлттық тіл, фольклор, әдебиет, өнер, әдет-ғұрып, тұрмыс ережелері ғылыми нақтылыққа ие. Әсіресе, жазушының ұлттық тарих, құрмет-ізет, ар-намыс қағидаларына құралған екінші шеңбері де шынайы эстетикалық мазмұнға бай. Бұл Қазақстандық отансүйгіштік сезіммен тығыз байланысты.

Кейбір кейіпкердің мінез-құлқы ішкі жан-дүниесі жағынан өзіндік кескін, келбетімен ашыла бастайды. Мысалы, Садиқжанның образында пафос күшею себебінен шығарманың оқылуы жеңіл әрі оқырманды өзіне тартып тұратын қасиетке ие. Мөмүннің байсалдылығы, оның шығармадағы салмағын күшейтеді. Сондықтан кейіпкер көздеген арман-мақсаттарын жүзеге асыра алады. Шығарманың негізгі мақсаты жаңа дәуір талаптары мен көне қоғамдық идея арасында өрбиді. Садиқжан, Мөмүн және әкім-қаралар, мансапқорлар арасындағы тірес өмірде туындаған қоғамдық қайшылықтың көрінісі.

  1. Қазақстандағы ұйғыр әдебиетінің гүлденуі

Бұл ретте Қазақстандағы ұйғыр әдебиетінің гүлденуіне Шынжаң Ұйғыр автоном районынан көшіп келген жазушылардың үлесі бар екендігін атап өткен орынды. Әсіресе, Зия Сәмәди сияқты ірі жазушының туған топырағы Қазақстанға көшіп келуі, ұйғыр әдебиетінің шынайы эстетикалық салмағын еселеп асырды. Классик жазушы ұйғыр әдебиетінің даму үрдісіне белсенді араласып, өзінің кемел шығармаларының бірі “Жиллар сири” роман-дилогиясын жарыққа шығарды. Бұл роман ұйғыр әдебиетінің ғана емес, көп ұлтты Қазақстан әдебиетінің мәртебесін асырды. Кеңес кезеңінде туынды бірнеше тілдерге аударылып, оқылу аясы кеңи түсті. Шығармаға білікті қазақ, орыс, өзбек сыншылары мен жазушылары жоғары баға берді. Зия Сәмәдидың тарихи романы ШҰАР халқының аянышты тағдырына арналып, ХХ ғасырдың бірінші жартысында болған геосаяси оқиғалардың ұйғыр, қазақ және қырғыз халықтарына тигізген ықпалы, олардың әлеуметтік-мәдени нәтижелері романның негізгі нысанасына айналды.

Зия Сәмәди сол кезеңнің тарихилығын емес, замана келбетін жазды. Ол тарихи оғиғаларды жазып жатқанда аса нақты және қайшылықты қаншама жағдайға тап келгенмен, олардың шырмалған байланыстарын қалай да шешуге тырысты. Сондықтан жазушының алдында тарихи кезең, ұлттық мүддеге ұмтылған мемлекеттердің, өз тағдырын өзі белгілеуге талпынған халықтың аңсар-арманы, тағдыр-талайы, қоғамдық сана-сезім мәселелері тұрды. Заман бейнесін жасау және оның аясын кеңейту жазушыға үлкен шеберлікті талап етеді.

Зия Сәмәди үшін еркіндік – мәңгілік арман-мақсат. Жазушы бұл пікірін “Әхмәт әпәнди” диалогиясында да қайталайды. Әхмәт әпәнди – гуманист, кемеңгер, қарапайым, азаттыққа жол сілтеуші ұстаз әрі еркіндік символы. Зия Сәмәдидың концептуалдық әдісі бойынша бас кейіпкердің бейнесі түбегейлі шешілген, өйткені оның тұлғасы ұлттық көзқарасы арқылы суреттелген. Жазушы бас кейіпкерінің ұлттық характерін, оның алдына қойған мақсат-міндеттерін асқан шеберлікпен жан-жақты аша алған. Сол себептен мұндай ұлттық концептуал оны кеңес кезеңіндегі қалыптасқан кейіпкерлердің жалпы бейнесінен оқшаулайды.

1980 жылдардың екінші жартысында Қазақстандағы ұйғыр әдебиетінің өрісі кеңіп, тарихи даму сатысының ең жоғарғы деңгейіне көтерілді. Әсіресе, проза жанрының дамуында үлкен өзгерістер байқала бастады. Атақты жазушылар Һезмәт Абдуллинның «Отлуқ чәмбәр», Мәсимжан Зулпиқаровтың «Янар тағ», Жамал Босақовтың «Көч-көч», Йүсүп Ильястың «Еғир тиниқлар» сияқты жаңа тарихи романдары басылым көріп, қалың оқырмандар мен сыншылар тарапынан бағаланып отырды.  Мурат Һәмраев, Савут Моллаудов, Махмут Абдрахманов сияқты әдебиеттанушы ғалымдар бұл романдарға байланысты іргелі ғылыми зерттеулер жүргізді.

Әсіресе, Һезмәт Абдуллинның «Отлуқ чәмбәр» тарихи романы сыншы, ғалымдардың назарын бірден өзіне аударды. Тарихтың терең қатпарларына бойлаған тәжірибелі жазушының аталған шығармасымен танысқан әдебиеттанушылар, сыншылар романда бейнеленетін әр халықтың сан қырлы, өзіндік характерге ие екендігіне көз жеткізді. Естелік-романның сәтті жазылуы да – жазушының да сан қырлы өмірінің жемісі. Туынды еркін мазмұнда жазылғандықтан болар, оның Қазақстан әдебиетіндегі бет-бейнесі де өзгеше. Бұл үрдіс жалғасын тауып, түркі халықтарының ежелгі тарихы көркем шығармалардың нысанасына айнала береді деген сенім туғызады. Сондықтан әрдайым жаңа тарихи, мәдени және қоғамдық дикурстың әсерін сезінуге тиіспіз деп ойлаймын.

«Отлуқ чәмбәр» романы әдеби дискурс есебінде тарихты танып-білудің, санаға сіңірудің аса маңызды екенін айқын аңғартады. Шығарманы даму нысанасы еткісі келетіндер бұл тарихи естеліктегі белгілі, болмаса бейтаныс жайттарды тереңірек байыптау керек сияқты. Өйткені тарихты аса қызығушылықпен танып-білумен алынған ақпараттар арқылы оқырман шығарманы бағалайды. «Отлуқ чәмбәрді» жан-жақты талдаған профессор Махмут Абдрахмановтың пайымдарына қарағанда, ежелгі тарихты барынша қамтыған болашақ көптомдықтың бірінші тарауы еді. /«Жиллар садаси», 28 бет/. Өкінішке орай, дүниеден озуына байланысты жазушының бұл ойы жүзеге аспай қалған.

Шығармаға Орхон-Енисей дәуіріндегі түрік қағанаттарының қоғамдық-саяси тағдыры негіз болған. Һезмәт Абдуллинның сезімі мен метафорасына қарағанда, түрік халықтарының басына түскен сол бір ауыр кезең лаулап жанған отты шеңберді елестетеді. Жазушы ежелгі түрік қағандарының арасындағы дау-жанжалдарды, олардың иелігіндегі қоғамдық тұрмыс-тіршілікті, түрлі соғыстардағы жеке ерлікті, жанкештілікті қанық бояулармен аша білген. Романның негізгі идеясы – түркі халықтарының рухани ынтымақ-бірлігі, тарихи тұлғалардың жеке бастарымен қатар өзгені де тануы. Тіпті, бұл идеяға қарсы тұлғалардың да бейнесі айқын суреттелген. Әсіресе, қырғыз Ажо-ноян, найман сардары Сұңқардың, әскербасы Үдзәр сияқтылардың характерлері шығарма идеясының маңызды эстетикалық бөлімі болып табылады. Үдзәр текиннің әйелі Тәйхәнің характерлік бейнесі де назар аударарлық. Ұйғыр жұртына ұзатылған қытай қызы қауіпті жағдайдың алдын алуға тырысады. Ол Үдзәр текинді жан-тәнімен жақсы көретіндіктен, онымен бірге отқа да, суға да түсуге дайын. Түркі қағанаттарына қарсы тұрған Таң патшалығы билеушілерінің бейнелері де Орта ғасырға тән мінез-құлықты, ішкі жан-дүниесін ашуға бағытталған. Романда дәл осындай топ-топ бейнелердің жиынтығы көрініс береді.

Көрнекті ұйғыр жазушысы Жамалдин Босақовтың «Көч-көч» тарихи романы да ұйғыр әдебиеті тарихында маңызды рөл атқарды. Туындыда ХІХ ғасырдың екінші жартысында Шығыс Түркістанда болған саяси тарихи оқиғалар қамтылады. Сондай-ақ ұйғырдың дарынды ақыны Билал Назимның, орыс фольклортанушы Н. Пантусовтың, сол өңірге танымал Веливай Йолдашевтың бейнелері ауқымды көріністер арқылы сомдалған.

Оқырмандар назарына ілікен, ұйғыр әдебиетіндегі елеулі шығармалардың бірі – Мәсимжан Зулпиқаровтың «Янар тағ» трилогиясы. Оның екінші және үшінші бөлімдеріндегі оқиғалар желісі Қазақстанның тәуелсіз жылдарымен тұспа-тұс келеді. Трилогияның жалпы мазмұны ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы ұйғыр халқының саяси-қоғамдық тағдырына арналған. Тарихи тұрғыдан алып қарағанда, туынды аса ауқымды кезеңді қамтымаса да, аздаған жылдарда ғана болған тарихи өзгерістер, оқиғалар бірер ғасырдың жүгін көтеріп тұрғандай әсер қалдырады. Алғашқы кітаптың бірінші бөлімінде 1867 – 1876 жылдары Шығыс Түркістанда орын алған тарихи қозғалыстар сөз болады. Қытайда орын алған «Апин» соғысы Шығыс Түркістанды да айналып өтпегені баршаға мәлім. Сол тұста Іле аймағында үлкен-үлкен бас көтерулер болып, жергілікті халықтың азаттық үшін жасаған іс-әрекеттері ұлт-азаттық көтеріліске айналды. Соның негізінде Іле Сұлтандығы дүниеге келді. Бұл оқиғалар «Янар тағда» ерекше орын алып, аса шеберлікпен баяндалған. Трилогияның екінші кітабында Іле сұлтандығының Чин және Ресей империяларымен болған қайшылықтарға, саяси-әлеуметтік мәселерге, жекелеген тұлғалардың мінез-құлықтары, олардың тұтынатын өмірлік ұстанымдары, ішкі иірімдері жан-жақты ой елегінен өткізіледі. Ал үшінші кітапта Чин империясының Шығыс Түркістанды қайтадан басып алуына байланысты оқиғалар баяндалады. Жалпы трилогияға негіз болған жайт – ұйғыр халқының қаһармандық бейнесі мен қилы-қилы тағдыры.

Қазақстан тәуелсіздігін жариялап, дербес ел болуы ұйғыр прозасына да тың серпін әкеліп, еркін, жаңаша көзқараста жазуға мүмкіндіктер туғызды. Осы жылдары Мәмтимин Обулқасимовтиң 8 өлеңдер және қарасөздер жинағы, Жәмшит Розахуновтың 6 өлеңдер, Аблиз Һезимовтың 7 өлең және сын кітаптары, Абдуғопур Қутлуқов, Рәхимжан Розиев, Мирзахмәт Меримовтың үлкен шығармалары жарық көрді.

Көріп тұрғанымыздай, Қазақстандағы ұйғыр әдебиеті жаңа бір дәуірге сенімді қадам басты. Бұл әдеби бағытта көрнекті ұйғыр жазушысы, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әхмәтжан Һаширидың шығармашылық үлесі зор. Оның алғашқы «Ялғуз ялпуз», «Нур ана» романдары қазақстандық ұйғырлардың өміріне арналып, қазақ-ұйғыр халықтарының достығы баяндалады. «Ялғуз ялпуз» романында қазақ Қасқарау мен ұйғыр Сейіттің достығы, бір-біріне деген ықылас-пейілі оқырмандарды ерекше сезімге бөлейді. Егер Қасқарау табиғаттың тосын өзгерісіне тіке қарсы тұрса, Сейіт тағдырының жазмышына мойынсұнады. Ал «Нур ана» романының бас кейіпкері туып-өскен ауылының шөлейттеніп кетуіне қарсылық көрсетеді. Ол ауылды көгелдандыру үшін бірнеше ұрпақ аянбай тер тегу керек болатынын ойлап, қамығады. Нур ананың басты мақсаты – туған Отанын абаттандыру. Сондықтан ол елді тастап, жеке басын ала қашпайды. Түпкі арманы – ата-аналары жатқан топырақта аяқ-қолын созып, емін-еркін мәңгілікке көз жұму. Жазушының ойынша, адамзаттың өлімі де, ол жатқан топырақ та өте маңызды мәнге ие. Туған жерге деген махаббат адамзатты тура жолға бастайды.

Жазушы «Идуқут» және «Баурчуқ Арт Текин» дилогиясын жарыққа шығару үшін ұзақ жылдар ізденіп, мол тәжірибе жинақтаған. Кейін бұл материалдар өз кейіпкерлерінің жарқын бейнелерін сомдауға мүмкіндік берген. Әсіресе, автордың «Ялғуз Ялпуз» повестіндегі Қасқарау, Бостангүл, Жәмшит, Барат, «Нұр ана» романындағы Нұр ананың символдық бейнелері ұйғыр әдебиетінің қарыштап өркендеуіне үлес қосты. Әхмәтжан Һашири Қазақстан тәуелсіздігі жылдары ежелгі ұйғырдың Идиқут мемлекеті туралы тарихи материалдар мен деректерді жинақтап, үлкен саяси-әлеуметтік және мәдени бір дәуірдің тұжырымдамасын жасауды қолға алды. Соның негізінде кейін «Идиқут» атты тарихи роман дүниеге келді. Туындыда орта ғасырлардағы Ұйғыр қағанатының тарих сахнасындағы рөлі, сол қоғамдағы әскери, саяси-мәдени оқиғалары, түркі халықтарының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, қағанаттың Орта Азиядағы орны, будда дінінің ықпалы қарастырылады.

Романның негізгі кейіпкері Баурчуқ Арт Текинге жазушы ерекше көңіл аударады. Оның алысты болжайтын қабілеті мен қайтпас қайсарлығын, өзге мемлекеттермен қарым-қатынасын ерекше бояулармен жеткізеді. Баурчуқ Арт Текиннің Шыңғысхан әскерінің дарынды қолбасшыларының біріне айналуы, көрсеткен ерен ерліктерін шеберлікпен суреттейді. Зерттеулер барысында жазушының диалогтарға ерекше көңіл аударғандығы, психологиялық жүйені ұтымды пайдаланғаны айқын аңғарылады. Бұл теориялық тұрғыда автордың диалогтарға саналы түрде араласу ұстанымдарымен тығыз байланысты. Осы ұстаным «Баурчуқ Арт Текин» романының, атап айтқанда, «Әвлия дәрвазиси», «Чил бөриләр вадиси» тарауларында айқын көрініс береді. Сондықтан шығарманың аталған тарауларында мұсылман діні мен будда арасындағы текетірес адамдар тағдырына қалай әсер ететіндігі шынайы суреттеледі. Бұған дін кінәлі емес, дінді кері пайдаланатын адамдар кінәлі. Будда уағызшысы Атай Сәли мен мұсылман Мәхсут екеуінің арасында болған сұхбатқа көңіл аударар болсақ, диалогтағы «автордың саналы түрде араласуы»шығармаға эмоционалдық әсер тигізгенін аңғару қиын емес. Мысалы, диалогтың оқырманы ретінде алғашында кейіпкердің «ләззаттанып» тұрған бейнесін байқап отырып екінші кейіпкердің «таңқалысын» аңғаруға болады.

– Мени өлтүрүвәткинә, дада! – униң гепи қисқа, авази дирилдәп чиқти. – Женим дада, мана бешим, әйнә қилич! Ал қолуңға! Башкесәрғу сән! Роһиңни көтәрмәмсән! Чапмисаң өзәм үчүн, Айгөһәр үчүн, сениң гунариң үчүн, һәммини тазилап, жуюш үчүн тәқвадар раһип болушқа тавакәл қилдим.

Гәпни қой! – силкивәтти атиси. – Идиқутқа сән варислиқ қилисән. Чиңғизхан әвладиға хизмәт қилисән!

Мән Сакиямуниға хизмәт қилимән! – дәп жүригидики гәпни ечип ейтти. – Товва, истиқбар қилимән! Ордидин чиқип кетип берип тохтиди вә аста бурулуп айға қариди. – Перихун-бақши Чиңғизхан өлди. Панариң бу дунияда йоқ. Сени һеч қачан кәчүрмәймән. Өзәңни чапсан өлтүривал. Саңа беридиған мәслиһитим шу!

Авторлық кіріспе-түсіндірмелер шығарма диалогындағы екі кейіпкер сұхбатынан кейінгі бір-біріне сәйкес келетін үшінші бөлім ретінде ұсынылады. Жалпы, жазушы құрғақ сұхбаттан бойын аулақ ұстайды.

Әхмәтжан Һашири шығармалары арқылы өз ұлтының ғана емес, қандас, туысқан халықтар жөніндегі оқырмандардың түсінік-пайымдары байыды. Жазушы асқан шеберлігімен оқырманды ғасырлар бойы қалыптасқан пәлсапаға, ғылыми негізге бай ұйғыр сөз өнерінің керемет әлеміне енгізуге тырысады. Ол бейнелеген оқиғалар, адамдардың мінез-құлқы және оларды қоршап тұрған сұлу табиғат, үлкен арман-мұраттар ізгілік ирімінде көрініс табады. Біз шығармалары арқылы өмірге Әхмәтжан Һаширидың Мұхтар Әуезов сияқты байыппен қарайтындығын, дүниетанудағы өзіндік өрнегін, қолтаңбасын көре аламыз. Жазушы жүрегі өзі дүниеге келтірген «жалғыздыққа» үкім етілген кейіпкерін де, мемлекет басшыларын да аяйды, олардың талап-тілектері тарихи міндет ретінде қарастырылады. Сол себептен де жазушының басты мақсаты – сол дәуірде қалыптасқан қоғамдық, саяси-әлеуметтік тұрмысты дәл көрсету.

ХІІІ ғасырда Идиқут мемлекетінде болған аласапыран оқиғалардың жан-жақты бейнеленуі арқылы Шыңғысхан ұрпақтарының өзара араздығы шиеленіседі. Олардың негізгі мүддесі өзге мемлекетті жаулап алу болғандықтан, Йұван патшалығының билеушілері Октайханның, Монкиханның, Қайдудың бір жақта, Шағатай хандығының әулеті Давахан қарсыластар сапында тұрып, ұйғыр елін әркім өзіне қарай тартуға тырысты. Бұл тартыс үлкен қайшылықтың пайда болуына әкеліп соқты. Жазушының ойымен айтқанда, адамзат үшін ең маңыздысы – оның қандай бір мансапты пайдаланса да тура, әділ шешім қабылдауы және сол жолмен жүруі. Ойланбай жасалған шешімдер бүтіндей бір мемлекетті ойрандап кетуі ықтимал. Негізгі кейіпкер Баурчук Арт Текин де – бар ғұмырын мемлекеттің дамуы үшін арнаған, қолындағы билікті әділдікпен жұмсаған тарихи тұлға. Ол Жужан хандығынан алшақтап, Шыңғысханға бағынышты болды. Сол арқылы өз мемлекетін сақтап қалды. Сол себептен жазушы Баурчук Арт Текинге өте жоғары тарихи баға береді, ұйғыр халқының кемеңгер көсемі ретінде суреттейді.

“Баурчук Арт Текин” романындағы көрнекті бейнелердің қатарында әйел кейіпкерлерді да атаған абзал. Идиқут мемлекет билеушілеріне ұзатылған моңғыл сұлулары Бабахәрдің, Булуханның, Бабучардың қолына қылыш алып, осы мемлекеттің тәуелсіздігі үшін жасаған ерліктері оқырмандарды тебірентпей қоймайды.

Қорытынды

Қазақстан тәуелсіздігі жылдары ұйғыр әдебиетінде қоғамдық тұрмысты, қоршаған ортаны тарихи шыншыл жағдайда жаңаша жазу үрдісі орын алып, бұрынғы саяси және діни идеялогиялық шектеудерге қарсы пікір білдірілді. Жазылған шығармалардың негізгі құны мен сапасы – сыни көзқарастарға қатысты болды. Тәуелсіз Қазақстандағы түрлі ұлттар мен ұлыстардың қатарынан өзіндік ұстанымы бар, даму үдерісі кемелденген ұйғыр әдебиеті де орын тапты. Сондықтан олар адамзаттың сұлу да көркем руханиятын нығайтуға көңіл бөлді. Адамның ішкі жан дүниесінің қалыптасуына, сондай-ақ оның жасампаздық мүмкіншіліктерін ашуға ұйғыр зиялыларының ұмтылысы жаңа Қазақстан ұйғыр әдебиетінің басты мүддесіне айналды.

You May Also Like

Тері илеудің маңызы, ғылыми жоба

Тері илеудің маңызы» Бағыты: «Дені сау табиғи орта – «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге…

Бала логикасының құпиясы, ғылыми жоба

«Бала логикасының құпиясы» Мазмұны: Кіріспе……………………………………………………………………………………….8 I тарау Негізгі бөлім Ұғым қалыптастырудың логикалық…

Судың құпия сырлары, ғылыми жоба

Судың құпия сырлары І Кіріспе 1 Су-өмір бесігі Жер шарында суды тіршіліктің…

Өсімдіктердегі қозғалыс, ғылыми жоба слайд