Қазақстан 2020 стратегиялық жоспарының басымдықтары

Астана 2017

Жоспар:

I.Кіріспе

II.Негізгі бөлім

1.Стратегиялық жоспар-2020

2.5 Стратегиялық бағыт

3.Әлемдік экономикадағы үрдістер

III.Қорытынды

Кіріспе

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылдың қазан айында Республиканың 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын ұсынды. Бұл құжат Қазақстанда тұрақты, динамикалы экономикасы бар мемлекет құрудың ұзақ жылдарға бағытталған даму жолын көрсетіп берді. «Қазақстан – 2030» Стратегиясын іске асырудағы алғашқы кезең 2010 жылға дейінгі Стратегиялық даму бағдарламасы болды. Бағдарлама бәсекелестікке лайықты экономикасы мен өндірісі және ауыл шаруашылығы дамыған, әлеуметтік саланың қызмет көрсету деңгейін қолжетерліктей дәрежеге жеткізу міндеттерін анықтап берді. Стратегияны жүзеге асыру кезеңінде көптеген басты салаларда ілгері дамуға қол жеткізілді. Бүгінгі жеткен орасан жетістіктеріміз, Қазақстан азаматтарының алға қарай жасаған ұмтылыстарының бірізділігін сақтаудың, экономиканы жетілдірудің, заманауи азаматтық қоғам құрудың негізін анықтап берді деп мықты сеніммен айта аламыз. Дегенмен, 2010 жылға дейінгі Стратегиялық бағдарламаны жүзеге асыру кезеңінде алдыңғы қатарлы салалар айтарлықтай дамығанымен, көпшілігінің жоспарлары аяғына дейін жеткізілмей отыр. Қазақстанның даму жағдайында да елеулі өзгерістер болды. Әлемнің көптеген мемлекеттері сияқты 2007 жылғы әлемдік дағдарыс Қазақстанға да өз әсерін тигізді. Экономикамызды әлемдік дағдарыстың көлеңкелі тұстарынан сақтандыратын шаралар қабылдау қажеттілігі туды. Осыған орай «Қазақстан – 2030» Стратегиясының келесі кезеңі – 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму бағдарламасы қабылданды. Ол дағдарыс кезеңінде бәсекелесуге қабілетті экономиканы қалпына келтірудің негізін салуға бағытталған. ХХІ ғасырдың екінші онжылдығында мемлекеттік қызметте бес басты бағыт болады.

Бірінші бағыт

Келешектегі сапалы дамудың негізін салуға мүмкіндік жасайтын іскерлік жағдайды жақсарту, қаржы секторын нығайту және заң жүйесін жетілдіру мақсатында кешенді шаралар жасау қарастырылып жатыр. 2020 – Стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыра бастаған алғашқы жылдар, әкімшілік шараларды жеңілдету, олардың айқындығын күшейту , отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар бизнестерін жүргізу бағасын түсіру барысындағы белсенді іс-шаралардың бастамашысы болды. Болжам бойынша 2020 жылға қарай экономиканың шикізаттың емес секторында отандық және шетелдік инвестициялар 30 пайызға өседі. Ішкі жалпы өнімге (ІЖӨ) салынған шетел инвестициясының үлесі 10 пайызға өседі. Ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің де үлесі 7-10 пайызға көтеріледі. Экономиканың дамуы мен диверсификациясы үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында және оның шамадан шығып кетпеуі үшін ресми саясат жүргізіледі, ол елдің экономикалық көрсеткіштері жоғарылаған жағдайда үкіметтің шығынын тежеп, экономика құлдыраған кезде оны көтеріп отырады. Осыған қарамастан 2020 жылға қарай шикізаттың емес бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімнің 3 пайызынан аспауы керек. Кредиттік-ақша саясаты инфляцияны құрықтау шарасының тиімділігін арттырады. Теңгені айырбастау бағасының саясаты қазақстандық экономиканың ішкі және сыртқы бәсекелестік тепе-теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Дағдарыстан кейінгі кезең ішінде экономиканы қалпына келтіру барысында қаржы секторын мемлекет тарапынан қолдау сақталады. Жалпы оның дамуы елдің индустриалды-инновациялық дамуын жеделдетуге қаржы ресурсын тартуға бағытталады. Елдің қаржы секторына деген сенімін қалпына келтіру және оның қызмет көрсету ауқымын кеңейту бағытында жұмыстар жасалады. Қаржылық қызмет көрсету саласының тұтынушыларының құқығы мен мүддесін қорғау механизмін кеңейтуге, ішкі бақылауға тиімді жүйе енгізуге және қаржы мекемелерінің менеджмент тәуекелділігіне, сонымен қатар олардың қызметінің айқын болуына ерекше орын беріледі. Ішкі ресурстардың дамуына байланысты көпжақты қаржылық қызмет көрсететін нарықтық қор да дамиды. Сенімді құқықтық ортаны қалыптастыруға келетін болсақ, соттардың ашық және тәуелсіз болуына және сот корпусының кәсіби шеберлігін арттыруға, келешекте заң шығару мәселесін жетілдіруге, ескірген заң нормаларын жоюға, жалпы алғанда халықтың құқықтық мәдениетінің деңгейін көтеруге және кәсіби заңдық көмек көрсетуге басты назар аударылады.

Екінші бағыт

Экономикалық диверсификация мұнай өңдеу мен мұнай-газ секторы инфрақұрылымдары; металлургия мен дайын металл бұйымдарын шығару; химия, фармацевтика және қорғаныс өндірісі; ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу; құрылыс индустриясы мен құрылыс материалдарын шығару, сонымен бірге энергетика, көлік және коммуникациялардың озық дамуы сияқты басым бағыттар есебінен қамтамасыз етіледі. Осы салалардың дамуы экономикалық модельді өзгертіп, шикізат бағытының индустриалды-инновациялық бағытқа өтуіне мүмкіндік жасайды. Әсіресе бұл «болашақ экономика» секторының дамуына қатысты, олар таяу екі онжылдықтарда өте маңызды болуы керек. Бұлар информациялық және коммуникациялық технологиялар, биотехнологиялар, балама энергетика, ғарыштық қызмет. Ұтымды, әлеуетті дамыған экономика аймағын қалыптастыру мақсатындағы экономика диверсификациясы, экономикалық даму орталықтарын құру жоспарларымен үйлестіріледі. Іскер адамдар мен туристерді қызықтыратын, бәсекелестікке төтеп бере алатын экономикасы мен қоршаған ортасы жанға жайлы қала ретінде, елордамыз – Астананың әрі қарай дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Экономикалық диверсификация қарқынын күшейту барысында мемлекет тиімсіз жобалардың іске асуына қарсы тұрады, мемлекет есебінен қаржыландырылатын барлық жобаларға қаржылық және экономикалық тиімді стандарттар енгізіледі. Осыған орай мемлекет қаражатының жұмсалуының ашық және айқын болуы күшейтіледі. 2020 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің құрамындағы қайта өңдеу өндірісінің үлесін 13 пайызға дейін жеткізу, шикізаттың емес экспорттың жалпы экспорт көлеміндегі үлесін 45 пайыздан кем емес көрсеткішке дейін көтеру жоспарланып отыр. Қайта өңдеумен айналысатын өндірістік салаларда еңбек өнімділігі 2 есе, агроөнеркәсіп кешендерінде 4 еседен кем емес болуы керек. Ішкі жалпы өнімнің энергетикалық сыйымдылығы 25 пайызға төмендейді. Энергетикалық сектордың даму шеңберінде Қазақстан зарарлы техникалық газдың ауаға тарауы жөнінен жаһандық мақсаттарға жетуге жағдай жасайды. Арзан электр қуатын алудың бірден-бір жолы атом энергетикасын дамытумен атом электр станциясын салу. Көлік қатынастарынан дамытудың негізгі бағыты көлік инфрақұрылымын құрайтын 4 құрамдас негізгі бөліктерін өзара біріктіру: теміржол, автомобиль, ауа және су. 2020 жылға дейін 1400 жаңа теміржол линиялары, мысалы Бейнеу – Шалқар, Жезқазған – Сексеуіл, олар 2017 жылы іске қосылады. 2014 жылға қарсы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік автожолының Қазақстан арқылы өтетін бөлігін қайта құру жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр, екінші онжылдықтың аяғына қарай республика көлемінде 16 мың шақырымға жуық республикалық маңыздағы автожолдар салынып, күрделі жөндеуден өтеді. Әуе жолы саласындағы стратегиялық алға қойған мақсаттардың да бағыты осал емес. 2020 жылға дейін республикада 4 халықаралық әуежай-хабалар болуы қажет, ал әуежай ИКАО категориясына ие болады. Қазақстан порттарының өткізу мүмкіндігі 2020 жылға дейін 48 млн тоннаға жеткізіледі. Телекоммуникация саласын ынталандыру әрі қарай дамиды, заманауи ИКТ саласы құрылады, телекоммуникациялық және электрондық қызмет көрсету кең етек жаяды. Халықты телефон байланысымен толық қамту және кең түрдегі Интернетке қол жеткізу, «Электронды үкімет», «Электронды әкімшілік» жобаларын жүзеге асыру шеңберінде әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызмет көрсетудің 50 пайыздан кем емес бөлігін электрондық формаға кешіру жоспарланып отыр. Қазақстанда бұл жоба 2015 жылы жүзеге асады, бұдан арғы бес жылда ИКТ-ның халыққа базалық қызмет көрсетуі қолжетерлік болады. Негізгі күш отандық тауарлардың сыртқы нарыққа шығуына бағытталған, тиімді сауда саясатына жұмсалады. Әзірше өтімді жоба Белоруссия, Қазақстан, Ресей Кеден одағын дамыту болып отыр. Үш мемлекетті интеграциялаудың келесі сатысы – Бірыңғай экономикалық кеңістік Қазақстан ТМД елдері арасындағы интеграциялық жұмыстар барысын қолдай отырып, Әлемдік сауда ұйымына мүше болу барысын жеделдетеді.

Үшінші бағыт

Кез келген мемлекеттің тұрақты және жүйелі дамуындағы басты факторлар адамдар ресурсының саны мен сапасы. Адам – прогресстің, инновация мен өндірістің дамуының негізгі қозғаушы күші. Осылайша, болашақ он жылдың ішінде адамдар капиталына салынған инвестициялар күн тәртібінің өзекті мәселесіне айналды. Бір бағыт шеңберінде, мемлекет назары 3 мәселеге аударылады. Олар білім беру саласын модернизациялау, денсаулық саласын реформациялау мен еңбек ресурстарына ықпалды саясат жүргізу. 2020 жылға қарай мектеп жасына дейінгіден жоғары оқу орнына дейінгі барлық деңгейдегі білім саласы модернизацияланады. Соңғы жылдары жыл сайын балабақшалар мен мектептер ашылуда, мұндай қарқын тәуелсіздікке қол жеткен он бес жыл ішінде болған емес. Жалпы білім беру саласы 12 жылдық білім беру моделіне көшеді, оқушы он жылда жалпы орта білім алып шықса, қалған екі жылда кәсіптік орта білім беріледі. Техникалық және кәсіптік білім беру саласы заманауи еңбек нарығының сұранысына сәйкес жүйеге қол жеткізеді, ал білім стандарттары Ұлттық мамандық жүйесі арқылы кәсіби стандарттарға сәйкес құрылады. Орта, техникалық және кәсіби білім беру салаларына электронды оқыту жүйесі енгізіледі. Жоғарғы оқу орындарына корпоративтік менеджмент қағидасы енгізілген, академиялық еркіндіктер беріледі. 2020 жылға дейін Қазақстанның кем дегенде екі жоғарғы оқу орнына әлемнің алдыңғы қатарлы университеттері рейтингісіне ену мақсаты қойылады. Орта білім беру жүйесіндегі модернизациялауға жағдай туғызатын ең маңызды жобалардың бірі, «Назарбаев Зияткерлік мекептері» және «Назарбаев Университет». Ол еліміздің барлық жерлеріндегі балалар бақшалары мен 12 жылдық білім беру салаларына арналған оқу-тәрбие бағдарламаларын дайындайтын, енгізетін және тәжірибеден өткізетін алаң болады. Университет отандық инженерлік-техникалық және ғалым мамандарды дайындауда, заманауи ғылыми-зерттеу инфрақұрылымдарын құруда, озық, сапалы білімді қамтамасыз етуі керек. Мемлекеттік білім беру саласын әрі қарай да қаржыландыру жүйесін жақсарта түседі. Денсаулық сақтау жүйесінің кезек күттірмейтін міндеттері медициналық жәрдемнің сапалы және қолжетерлік болуы. Осы бағытта мемлекеттік медициналық мекемелерді басқару бағыттары қайта қаралады, инвестициялық саясат жүргізу қарастырылады, нәтижелілікке биімделген қаржыландыру және медициналық қызмет көрсету ақысын төлеу жүйесі енгізіледі. Бұл шаралар медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік туғызады, 2020 жылға дейін халқымыздың орташа өмір сүру ұзақтығы 72 жылға жетеді, осыған орай өлім көрсеткіші (30 пайызға), қауіпті аурулармен ауру (мысалы, өкпе құрты ауруы 20 пайызға) төмендейді. Әлбетте, жалпы бұқаралық дене шынықтыру-спорт қозғалысы, салауатты өмір салтын енгізу мен жеке адамдардың денсаулықтарына деген ниеттестік принципі, денсаулық сақтау саласымен қатар қазақстандықтардың күнделікті өмірлік және мемлекет саясатын ажырамас бөлігі болады. Білім беру саласы мен денсаулық сақтау саласындағы реформалардан басқа мемлекет еңбек жағдайының қауіпсіздігіне, елімізге білікті мамандардың келуіне, соның ішінде өзінің тарихи отанына келіп, еліміздің экономикалық дамуына өз үлесін қосқысы келетін отандастарымызға жағдай жасайтын көші-қонды басқарудың ұтымды болуына ерекше көңіл бөлетін болады.

Төртінші бағыт

Мұндағы басты мақсат, тұрғындарды әлеуметтік қорғау мәселелерін күшейту және тиімді тұрғын үй мен коммуналдық қызмет көрсету. Ондаған жылдар бойы тиімділікке негізделген атаулы әлеуметтік көмек жүйесі қалыптаса береді. Негізгі әлеуметтік және зейнетақы төлемдері өсіп, тұрғындарды әлеуметтік сақтандырудың көлемі кеңейтіліп, әлеуметтік қолдауға зәрулердің жағдайлары лайықты қамтамасыз етіледі. Атаулы әлеуметтік жүйенің әрі қарай дамуы мен көмекті қажет ететін тұрғындардың әлсіз бөлігін қолдау, әлеуметтік тәуекелділікті азайту мен кедейлікті жеңуге бағытталады. Осыған байланысты халықты жұмыспен қамтамасыз ету және жұмыссыздар қатарын азайтуға бағытталған кешенді шаралар өткізіледі. Әлеуметтік қызмет көрсету саласына маңызды көңіл бөлінеді. Мемлекеттік стандартты енгізу мен арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің сапасын көтеру, бәсеклестік аясын кеңіту және азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану көмекті қажет ететін азаматтардың өмір сүру деңгейін жоғарылатады. 2020 жылға қарай күнкөрісі төменгі деңгейдегі тұрғындардың саны 20 пайызға дейін төмендейді, ал жұмыссыздық деңгейі 5 пайыздан аспайды. Сапалы коммуналдық қызмет көрсету мен тұрғын үй мәселесінің жетілдірілуі ТКШ саласында ынталы нарықтық жағдай туғызу және қызмет берушілер мен азаматтардың өзара нәтижелі қарым-қатынастары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың құқықтары мен жауапкершіліктері анық бөлінген жағдайда іске асырылады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымдарын модернизациялау эксплуатациялық шығындардың үлес салмағын азайту, ресурстарды сақтағыш технологияларды енгізу, нормадан жоғары шығындарды жоятын, нормативтік шығындарды азайтатын тарифтік реттеудің тиімділігін көтерумен қатар жүргізіледі.

Бесінші бағыт

Ғасырдың екінші онжылдығында негізгі күш мемлекетіміздің алға қарай нығайып дамуына, қауіпті сейілту мен оған қарсылық көрсету, сыртқы ортаның қолайлылығының қалыптастыруға шоғырландырылады. 2020 жылға дейінгі кезеңдегі ішкі саяси саладағы басты мақсат Қазақстан қоғамының дамуындағы бейбітшілік пен келісімді, тұрақтылықпен пен орнықтылықты сақтау. Саяси жүйені әрі қарай да модернизациялау, этникалық және діни қайшылықтардың алдын алу, Қазақстан халықтарының бірлігін нығайту жөніндегі жүйелі жұмыстар өз жалғасын табады. 2020 жылға қарай сайланған биліктің маңызы артады, саяси партиялардың жауапкершіліктері мен рөлдері күшейеді, жергілікті өзін-өзі басқару органдары жүйесінің тиімділігі артады. Ұлттық саясатты іске асыратын, қоғамды нығайтуға мүмкіндік туғызатын, патриотизмді нығайтатын, жалпыұлттық идея мен біртұтас құндылықтар негізінде қазақстандықтардың сәйкестігін қалыптастыратын бірегей және аса тиімді институт ретінде, Қазақстан халықтарының Ассамблеясы әрі қарай дамиды. Ұлттық қауіпсіздіктің негізі, төнген қауіп-қатердің алдын алу шараларын қолға алып, оны жоюды қамтамасыз ету. Халықаралық терроризм мен діни экстремизм, нашақорлық бизнесіне және заңсыз көші-қон қозғалысына қарсы күресетін салалармен қоян-қолтық жұмыс жасауға аса көңіл бөлінеді. Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік жүйесі өзгерісінің аса маңызды бағыттарының бірі, жаңадан төніп тұрған қауіп-қатер мен қарсылықты уақытында білу, сонымен қатар барабар шаралар қолдануға дер кезінде әрекет жасауға мүмкіндік беретін, болжамдық-талдау жұмысының тиімділігін арттыру. Ұлттық мүддені қорғау, еліміздің халықаралық беделін арттыруға және ұлттық, өңірлік жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған праграматикалық және теңестірілген сыртқы саясат жүргізіле береді. Қазақстан ұлттық резервтік валюта қорын қалыптастыру мәселесінде өзінің мүда десін, қорғайды, дамытады. Бұл шаралардың нәтижелі болуы көп ретте Қазақстанның дағдарысқа қарсы жасалып жатқан шаралары мен дағдарыстан кейінгі елдің экономикасының даму қарқыны мен тұрақтылығына, инновациялық және диверсификацияланған экономика саласының нақты қол жеткен табыстарына байланысты. Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымының және Шанхай ынтымақтастық ұйымының беделді мүшесі, Азиядағы сенім шаралары мен бірлесіп әрекет ету кеңесінің басшысы ретінде ұжымдық қауіпсіздк ұйымдар арасындағы өзара келісімге белсенді стратегиялық жағдай жасайды. Қазақстан жанталаса қарулануға жол бермеу бағытын алға қарай да жалғастырады, ядролық қаруды қолданбау жөніндегі халықаралық қоғамдастықты және ядролық қаруды таратпау Келісімінің ережелерін нығайтуды қолдады және күшейтеді. Қазақстанның саясаты елдің Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік, ислам мен христиан әлемдері арасындағы көпір рөлін күшейту және өркениеттер мен конфессиялар арасындағы өзара келісімді нығайтуға бағытталған. Қазақстанның төзімділік моделі дүние жүзіне танылып, халықаралық беделге ие болды. Қазақстан Ресеймен қатар Тәуелсіз Мемлекеттер Ынтымақтастығының, Еуразиялық экономикалық қауымдастығының және құрылып жатқан Кеден одағының тұрақтылығын сақтайды. Тұтастай алғанда, 2020 – Стратегиялық бағдарламасы мемлекеттің Қазақстан азаматтарының алдында, олардың жарқын болашаққа қол жеткізуіне жол ашатын міндеттемесі. Оны орындап шығу үшін мемлекеттің барлық дәрежедегі құрылымдарының белсенділігі мен қазақстандықтардық қолдауы қажет. 2020 жылға деінгі Қазақстанның стратегиялық даму бағдарламасы сөз жоқ, жалпы ұлтымыздың, еліміздің даму бағдарламасы болып табылады және келесі онжылдықта елдің, қоғамның дамуына байланысты жаңа стратегияны жүктейді, ұзақ мерзімге арналған «Қазақстан – 2030» бағдарламасы анықтап берген міндеттемелерді орындауға мүмкіндіктер туғызады.

Әлемдік экономикадағы үрдістер

Стратегиялық жоспар-2010 әзірленіп жатқан кезеңде әлемдік экономика өркендеу сатысына енген еді. Стратегиялық жоспар-2020-ға дайындық түбегейлі өзге — жаһандық экономикалық құлдырау жағдайларында жүзеге асырылды.
2007 жылдың екінші жартысында АҚШ-тағы ипотекалық облигациялар нарығының құлдырауынан басталған қаржы-экономикалық дағдарыс іс жүзінде әлемнің барлық мемлекеттерін қамтыды. 2009 жылдың басында әлемдік сауда көлемінің өсу қарқыны 50-ден астам пайыздық тармаққа: жылына 20 пайыздық жылдық өсімнен 30 пайыздық төмендеуге дейін азайды.
Жаһандық экономиканың дамуын бағалау оны қалпына келтіру баяу жүреді дегенге негізделеді. Әлемдік сұраныстың азаюына орай экспорттық нарықтағы бәсекелестік күшейе түседі, ал тауарлардың бағасы орнықты өсерліктей жағдай жасалмайды немесе қалай болғанда да өткен онжылдыққа қарағанда ақырын өсетіні байқалады.
Жаһандық экономиканың болжанып отырған шамалы өсімі мен экологиялық таза энергетикалық технологиялардың өскелең рөлінің ұштасуы дәстүрлі энергия тасығыштардың әлемдік бағасының төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Таяу онжылдықта азық-түлік қауіпсіздігі әлемдік қоғамдастықтың үнемі назар аударатын саласы болады. Жаһандық рецессия азық-түлік бағасының 2007-2008 жылдарда байқалған біршама жоғары деңгейімен салыстырғанда уақытша төмендеуіне алып келді. Сонымен қатар, көптеген елдерде адам саны өсуінің жалғасуы және әлемдік экономиканың қалпына келуі азық-түлік тауарлары бағаларының ұзақ мерзімді өсуіне алып келеді деп болжанып отыр. Жер ресурстарына бай, халқы көп елдердің ортасында тұрған Қазақстан азық-түлікке өсіп отырған әлемдік сұранысты қанағаттандыруға сай болу үшін отандық ауыл шаруашылығын дамытуды ынталандыруы тиіс.
Жақын болашақта денсаулық сақтаудағы жаһандық проблемалар, сірә, күшейе түспек, өйткені түрлі елдердің адамдары арасындағы байланыс барған сайын қарқын алып келеді. Нәтижесінде Қазақстанның аумағына түрлі аурулардың тарау қатерлері арта түседі. Барлық елдер үшін АҚТҚ/ЖҚТБ әлі де айтарлықтай қатер төндіріп отыр. Адамдардың денсаулығы үшін жаңа A/H1N1 вирусы қауіпті болып тұр.
Ағымдағы жаһандық дағдарыс әлемдік экономикада өзара байланыстың жоғары дәрежеде болуының да өз кемшілігі бар екенін көрсетті. Дамыған елдердегі қаржы және экономикалық проблемалардың әлемдегі ахуалға әсер етуінің нәтижелері еркін нарықтың ашықтығы мен құндылықтарының артықшылықтары мен кемшіліктері туралы дау туғызып отыр. Жекелеген елдердің әлемдік сауданың дамуын шектейтін және өңірлендіру үдерістеріне ықпал ететін протекционистік экономикалық саясаттың түрлі нысандарына ұмтылыстарының күшейіп отырғандығымен есептеспеуге болмайды.
Күтіліп отырған жаһандық жылыну нәтижесінде климаттың өзгеру проблемаларымен және атмосфераға зиянды заттар шығарындыларын бақылау қажеттілігімен қатар, Қазақстанға өңірлік проблемаларды шешуге қатысуға тура келеді. Мәселен, Орталық Азия және Батыс Қытайдың ірі өзендер ресурстарын пайдаланатын елдерде экономикалық белсенділік пен халық санының өсуі жалғасатындықтан, ал климаттың өзгеруі судың қолжетімділігі мен сапасына қосымша келеңсіз ықпал ететіндіктен суды пайдалану мәселелері өткірлене түседі. Көші-қон, халықтың жұмыспен қамтылуы, сауда және қаржы қатынастары секілді басқа да өңірлік мәселелер біршама өзекті бола түседі.

Қазақстан 2020 жылы

Қазақстан 2020 жылы әлемдік дағдарыстан біршама қуатты және бәсекеге қабілетті, экономикасы әртараптандырылған және халқы белсенді түрде жаңа экономикаға тартыла отырып шыныққан елге айналады.
2020 жылға қарай Қазақстан ел экономикасының шикізат емес секторларына қомақты шетелдік инвестициялар тартуға мүмкіндік беретін қолайлы іскерлік ахуал қалыптасқан әлемнің бәсекеге барынша қабілетті елу елінің қатарында болады. Экономика келесі экономикалық дағдарыстарға жақсы дайындықта болады. Қазақстан шектес елдермен және басқа да мемлекеттермен өзінің саяси және экономикалық байланыстарын нығайтады.
2020 жылға қарай ел әртараптандырылған экономиканы дамыту үшін қажетті адами ресурстарға, сондай-ақ отандық кәсіпкерлер мен экспорттаушыларға қызмет көрсету үшін қажетті инфрақұрылымға ие болады. Көлік инфрақұрылымы мен телекоммуникацияны қарқынды дамыту есебінен өзге әлеммен үзіліссіз байланыс қамтамасыз етіледі. Қазақстанның өңдеуші өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы мен қызметтер көрсету саласы экономика құрылымында тау-кен өнеркәсібімен қатар лайықты орын алады. Әлеуметтік салада және қоршаған ортаны қорғау саласында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіледі.
2020 жылға қарай Қазақстан экономикасы нақты мәнде 2009 жылдың деңгейінің үштен бірінен жоғары өседі1. Экономиканы әртараптандыру жөніндегі жоспарларды табысты іске асыру есебінен экономиканың қайта өңдеу салаларының өсу көрсеткіштері 2020 жылға қарай өндіруші салалардың өсу көрсеткіштерінен жоғары немесе оларға тең болады.
Ойластырылған макроэкономикалық саясат жүргізу нәтижесінде 2020 жылға қарай алтын-валюта резервтерінің деңгейі (Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін қоспағанда) үш айлық импорттан немесе (қандай көрсеткіштің жоғары болатынына қарай) ел экономикасының мемлекеттік және корпоративтік секторларының қысқа мерзімді (1 жылға дейінгі) сыртқы борышының көлемінен төмен болмайды. Ұлттық қордың активтері ІЖӨ-нің кемінде 30%-ын құрайды. Осы кезеңде инфляция жылына орта есеппен 5-8% деңгейінде сақталып тұрады. Айырбас бағамы саясаты қазақстандық экономиканың ішкі және сыртқы бәсекеге қабілеттілігінің теңгерімін қамтамасыз етеді.
2020 жылға қарай табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 8%-ға төмендейді. Халықтың әлеуметтік осал топтары, мүмкіндігі шектеулі адамдар, әйелдер, балалар мен жастар өздерінің барынша қорғалғанын сезінеді және өздерінің қоғамдағы мүмкіндіктерін кеңейте алады.
Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесiнде 2020 жылға қарай отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында әйелдерге қатысты жасалған қылмыстардың үлес салмағы 9,7%-ға дейін және кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың үлес салмағы 2,2%-ға дейін азаяды.
Балабақшадан университетке дейін сапалы білім беру бүкіл ел бойынша қолжетімді болады, халық денсаулығының жай-күйі айтарлықтай жақсарады. Денсаулық сақтау қызметтері әлемнің үздік стандарттарына сай болады. Қазақстандықтар барынша саламатты өмір салтын ұстанып, темекі шегетіндер мен алкогольді асыра пайдаланатындар саны азаяды. Қоғамның тыныс-тіршілігінің барлық салаларында мемлекеттік тілді қолдану дәйекті және кезең-кезеңімен кеңейеді. Әртүрлі этностық топтар мен діни конфессия өкілдері ішкі тұрақтылық, қауіпсіздік, бейбітшілік пен келісім жағдайында өмір сүретін болады.

азақстанның өркендеуінің, гүлденуі мен қауіпсіздігінің орнықты тұғыры: түйінді бес бағыт

Таяу онжылдықта түйінді бес бағыт мемлекет қызметіндегі басымдықтар болады:

1)дағдарыстан кейінгі дамуға дайындық;

2)индустрияландыру және инфрақұрылымдық даму арқылы әртараптандыруды жеделдету есебінен орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ету;

3)болашаққа инвестиция ­– орнықты экономикалық өсім, өсіп-өркендеу және қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқатының жетістігі үшін бәсекеге қабілетті адам капиталын арттыру;

4)тұрғындарды сапалы әлеуметік және тұрғын үй-коммуналдық қызметімен қамтамасыз ету;

5)ұлтаралық келісімді, қауіпсіздікті, халықаралық қатынастардың тұрақтылығын нығайту.
Экономиканы қалпына келтіруге дайындық процесінде Қазақстан оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін реформаларды жеделдетіп іске асыруға тиіс. Бірінші түйінді бағыт – дағдарыстан кейінгі дамуға дайындық – нәтижесін онжылдық кезеңнің басында байқауға болатын шараларды қамтиды. Бұл – біршама қолайлы бизнес орта құру, қаржы секторын нығайту және құқықтық жүйені жетілдіру.
Екінші түйінді бағыт шеңберіндегі іс-қимылдар елді үдемелі индустрияландыру бағдарламасын іске асыру және инфрақұрылымды дамыту нәтижесінде Қазақстан экономикасын әртараптандыруды жеделдетуге ықпал ететін болады. Бұл экономикалық модельді өзгертуге және экстенсивті, шикізаттық даму жолынан индустриялық-инновациялық дамуға көшуге мүмкіндік береді. Елді инфрақұрылымдық дамыту жоспарлары экономиканы үдемелі әртараптандыруға және елге шетел инвестицияларын тартуға ықпал ететін энергетика, көлік және телекоммуникация салаларын жаңғыртуға шоғырланады.
Адами ресурстардың саны мен сапасы кез келген елдің болашағын айқындайтын негіз құрушы факторлар болып табылады. Адами капитал – бұл инновациялардың және экономиканың тиімділігін арттырудың негізгі қозғаушы күші. Үшінші бағыт – болашаққа инвестициялар – Қазақстанның адами ресурстарының сапасын ұзақ мерзімді кезеңде арттыру үшін қажетті шараларды қамтитын болады.
Төртінші түйінді бағыт – азаматтар үшін қызметтер көрсету шеңберінде – халықты әлеуметтік қорғау және тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді тиімді көрсету жөніндегі шаралар күшейтілетін болады.
Бесінші түйінді бағыт – ұлтаралық келісім, қауіпсіздік, халықаралық қатынастардың тұрақтылығы шеңберінде – ішкі тұрақтылықты, қауіпсіздікті, бейбітшілік пен келісімді нығайту, бейбітсүйгіш сыртқы саясатты дамыту жөніндегі шаралар көзделетін болады.
Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дамуының түйінді бес бағытының негізі ұтымды макроэкономикалық саясат болып табылады. Экономиканы қалпына келтіру және әртараптандыру, оның «қызып кетуін» болдырмау үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында экономиканың өсуі кезеңінде мемлекеттің шығыстарын азайтуды және оларды экономикалық бәсеңдеу кезеңінде ұлғайтуды көздейтін антициклді фискалдық саясат жүргізілетін болады. Бұл ретте келесі онжылдық кезеңнің соңына қарай бюджеттің мұнай емес тапшылығы ІЖӨ-ге қатысты 3%-дан аспайды. Ақша-кредит саясаты инфляцияны тежеу жөніндегі шаралардың тиімділігін арттыруға бағытталатын болады. Валюталық айырбас бағамының саясаты қазақстандық экономиканың ішкі және сыртқы бәсекеге қабілеттілігі арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталады.

Түйінді бағыт: дағдарыстан кейінгі дамуға дайындық

Жаһандық қайта өрлеу кезеңінде Қазақстандағы іскерлік ахуал елдің бәсекеге қабілеттілігінің орнықты негізін қамтамасыз етеді. Ол экономиканы жеделдетіп әртараптандыру және отандық бизнесті дамыту үшін ауқымды инвестицияларды тартуға ықпал ететін шешуші фактор болып табылады. Орнықты қаржы жүйесі және сенімді құқықтық орта да кәсіпкерлікті дамытуда сындарлы рөл атқарады.

Білім беру

2020 жылға қарай білім беру жүйесінің барлық деңгейлері – мектепке дейінгі білімнен жоғары білімге дейін түбегейлі жаңғыртылатын болады. Білім берудің әрбір деңгейінде білім алу, сондай-ақ кәсіптік біліктілікті арттыру, адамның бүкіл өмір бойы тұрақты түрде жаңа білім мен дағдыларды алу мүмкіндіктері ұсынылады.
Мемлекет тұратын жеріне және отбасының табысына қарамастан, барлық балаларға мектепке дейінгі тәрбие беру және оқу мүмкіндіктерін ұсынатын болады.
Орта білім беру жүйесінде оқытудың 12 жылдық моделіне көшу жүзеге асырылады, ол он жыл ішінде жалпыға бірдей міндетті білім беруді және екі жыл ішінде бейінді білім беруді көздейді. Бұл ретте білім беру бағдарламаларының мазмұны өмірде және кәсіпте қажетті құзыреттерді дамытуға барынша назар аударылатындай қайта қаралатын болады.
«Назарбаев зияткерлік мектептері» жобасы орта білім беру жүйесін жаңғыртуға ықпал ететін түйінді жобалардың біріне айналады. Бұл мектептер балабақшалар мен мектеп алдындағы даярлық үшін оқу-тәрбие бағдарламаларын, сондай-ақ 12 жылдық оқытудың білім беру бағдарламаларын әзірлеу, енгізу және байқап көру жөніндегі бастапқы алаңдар болып табылады. Бұл бағдарламалар қазақстандық білім берудің озық дәстүрлері мен әлемдік педагогикалық тәжірибенің озық үлгісімен үйлесетін болады, физика-математикалық және химия-биологиялық бағыттағы пәндер бойынша бағдарлануды көздейді, тілдерді кеңінен зерделеуге ықпал ететін болады.
Білікті кадрларды даярлау елді индустрияландыру жөніндегі жоспарлармен байланыстырылатын болады. Техникалық, кәсіптік және жоғары білім беруде заманауи еңбек нарығының талаптарына сәйкес келетін жүйеге көшу жүзеге асырылады, ал білім беру стандарттары ұлттық біліктілік жүйесі арқылы кәсіптік стандарттармен қалыптасатын болады.
Орта, техникалық, кәсіптік және жоғары білім беруде электрондық оқыту жүйесі енгізіледі.      Жоғары оқу орындарына корпоративтік менеджмент қағидаттары енгізіле отырып, академиялық еркіндік берілетін болады.
Астана қаласында әлемдік деңгейдегі беделді жоғары оқу орны – «Назарбаев Университетінің» құрылуы білім берудегі маңызды жобалардың бірі болып табылады. Бұл университет Қазақстанның ұлттық брендіне айналып, отандық инженерлік-техникалық және ғылыми кадрларды даярлауда және қазіргі заманғы ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын қалыптастыруда сапалы серпінді қамтамасыз етеді.
Университеттің құрамына кіретін әрбір мектептің (институттың) тиісті бейіндегі жетекші жоғары оқу орындары арасынан шетелдік академиялық әріптесі, білімді, ғылым мен өндірісті интеграциялауды қамтамасыз ететін мықты ғылыми және өндірістік базасы болады.
Университет бағдарламасының «Назарбаев зияткерлік мектептері» жобасының мектепке дейінгі және орта білім берудің оқу бағдарламаларымен сабақтастығы қамтамасыз етіледі.
Білім беру қызметтерінің сапасын арттыру білім беруді қаржыландыру жүйесін жақсартумен, үкіметтік емес, коммерциялық емес агенттіктерді енгізу есебінен білім беру жүйесінің инфрақұрылымын кеңейтумен, халықаралық стандарттар бойынша оқу орындарын аккредиттеудің тәуелсіз ұлттық жүйесін және тәуелсіз рейтингтерді құрумен, оқу орындарына бірлесіп басқару элементтерін енгізумен, оның ішінде осы процеске азаматтарды тартумен, білім беру сапасын бақылау тетіктерін жетілдірумен сүйемелденетін болады. Қомақты мемлекеттік қолдаудың арқасында ұстаз мамандығының беделі айтарлықтай артады.
Мемлекет денсаулығы бұзылған, тұрмысы төмен отбасылардағы және тәуекел топтарына жататын балалар үшін білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету жұмысын жалғастырады.
Ғылым саласында қазіргі заманғы және дамыған ғылыми-инновациялық инфрақұрылым құру есебінен ғылыми жетістіктермен алмасу үшін Қазақстанның тартымдылық деңгейін арттыру, ғылымды дамытудың басым бағыттарының шеңберінде әлемдік деңгеймен салыстыруға келетін ғылыми-техникалық қызмет нәтижелеріне қол жеткізу, сондай-ақ қолданбалы зерттеулердің экономикалық тұрғыдан қабылдануын ынталандыру және әлемдік ғылым мен технологияның перспективалық бағыттары бойынша инновациялық даму үшін әлеуетті жинақтау күтілуде.
Мемлекет біліктілігі жоғары ғылыми кадрлар даярлау жүйесінің тиімділігін арттыруды қамтамасыз етеді.
Ғылыми-зерттеулердің нәтижелері өндіріске енгізілетін болады.
Ғылыми қызметкерлер үшін, оның ішінде жастарды ғылымға тарту, ғылыми-техникалық қызметті және ғалым, инженер мамандығын көпшілікке танымал ету үшін материалдық және шығармашылық ынталандыру жүйесі құрылатын болады.

Стратегиялық жоспар-2020-ны іске асыру негізі:
нәтижелі мемлекеттік сектор

Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дамуының бес шешуші бағытын іске асыру үшін тиімділігі жоғары мемлекеттік аппарат негіз болып табылады.
Стратегиялық жоспар-2010-ды іске асыру кезеңінде басталған мемлекеттік сектор реформаларына негізделе отырып мемлекет корпоративтік басқару, нәтижелілік, ашықтық пен қоғам алдындағы есептілік қағидаттары бойынша мемлекеттік басқарудың сапалы да жаңа үлгісін құрады. Аталған үлгі 2015 жылға қарай толыққанды іске асырылатын болады, ал оның негізгі элементтері Стратегиялық жоспар-2010-ды іске асырудың алғашқы жылдарында енгізілетін болады.
Мемлекеттік секторды реформалау негізі бес бағыт бойынша жүзеге асырылады:
1) мемлекеттік органдардың, оның ішінде мемлекеттік басқарудың әр түрлі деңгейлерінде, өкілеттік пен жауапкершіліктің нақты шеңберін айқындау;
2) мемлекеттік қызметті тиімді көрсетуге жәрдемдесетін стандарттарды әзірлеу жене үдерістерді жетілдіру арқылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту;
3) мемлекеттік қызмет реформасын жеделдету, оның ішінде мемлекеттік қызметшілерді оқытуды жетілдіру;
4) нәтижеге бағдарланған мемлекеттік басқару жүйесінің толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті элементтерді енгізу;
5) әкімшілік реформаларды басқаруды жақсарту және мемлекеттік секторды реформалау үдерісі үшін жауапкершілікті күшейту.

2020 – Стратегиялық жоспарын жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстан мынадай негізгі көрсеткіштерге қол жеткізуі тиіс:

1)Қазақстан 2020 жылға қарай экономикасы әртараптандырылған және халқы жаңа экономикаға белсенді тартылған, әлемдік дағдарыстан шыққан анағұрлым күшті және бәсекеге қабілетті елге айналады.

2)Қазақстан 2020 жылға қарай қолайлы іскерлік ахуалы бар, елдің шикізат секторында елеулі шетел инвестициясы тартылған, әлемнің ең бәсекеге қабілетті елу елінің қатарына кіретін болады.

3)2020 жылға қарай еліміз әртараптандырылған экономиканы дамыту үшін қажетті адам ресурстарына, сондай-ақ отандық кәсіпкерлер мен экспорттаушыларға қызмет көрсету үшін қажетті инфрақұрылымға ие болады.

4)2020 жылға қарай Қазақстан экономикасы нақты алғанда 2009 жылғы деңгейге қатысты алғанда үштен бірінен асады.

5)2020 жылға қарай төменгі күн көріс мөлшерінен аз табыс табатын халықтың үлесі 8 пайызға дейін төмендейді.

Қорытынды

XXI ғасырдың екінші онжылдығының басы күрделі болады. Қазақстан әртүрлі үлгілерге дайын болуға тиіс.
Ағымдағы жаһандық дағдарысты еңсеру барысында ауқымды  өзгерістер орын алады, жаңа әлемдік тәртіпті құру басталады. Осындай жағдайларда қажетті әкімшілік, экономикалық, әлеуметтік реформаларды жүзеге асыру үшін дағдарыс берген мүмкіндіктерді пайдалана білген елдер барынша табысты болады.
Стратегиялық жоспар-2020 уақыттың сын-тегеуіріндеріне Қазақстанның жауабы болып табылады. Оны іске асыру қорытындылары бойынша Қазақстан дамушы нарықтық экономикасы бар елдердің бірінші қатарында болып қалады.
Стратегиялық жоспар-2020 мемлекеттің жарқын болашаққа қол жеткізу жөніндегі Қазақстан азаматтарының алдындағы міндеттемесі болып табылады. Оны орындау үшін мемлекеттің барлық деңгейлері мен құрылымдарының белсенді қатысуы, сондай-ақ азаматтардың қолдауы талап етіледі.
Стратегиялық жоспар-2020-ның табысты іске асырылуы Қазақстанды «Қазақстан-2030» стратегиясында айқындалған елдің жарқын болашағына қол жеткізудің жолын бекем қамтамасыз етеді.

Әлеуметтік қорғалу, ішкі тұрақтылық және үйлес­ті­ріл­ген сыртқы саясат мәселелері таяудағы онжылдықта елдің даму басымдықтарының қатарында сақталатын болады. Әртараптандырылған экономиканың негізінде ел азаматтарының әл-ауқатын арттыру Стратегиялық жоспар-2020-ны іске асырудың басты жетістігі болады. Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының  толық мәтіні  республикалық  бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануда.

Қоғамды жаңарту және адами капиталға қойылатын талаптардың өсуі жағдайларында мемлекеттік жастар саясаты елді дамыту және қайта жаңарту құралына айналуға тиіс.

Бұл жастардың әлеуметтік қалыптасу процесіне қатысушылардың бәрінен жастарды өз проблемалары мен жалпы ұлттық міндеттерді шешуге тікелей тартуға бағытталған тәсілдерді әзірлеуді және оны дәйекті іске асыруды талап етеді.

Мұндай ауқымдағы мемлекеттік жастар саясатының міндетін жастардың ойдағыдай әлеуметтенуіне, мемлекеттілікті дамыту басымдықтарына қол жеткізуге бағдарланған жобалық тәсілді қолдану арқылы ғана шешуге болады. Мұның бәрі, сайып келгенде, жастар мен бүкіл халықтың өзіндік ұйымдасуы, Қазақстанның алдында тұрған міндеттердің ауқымына сай келетін бастамаларды дамыту – азаматтардың әл-ауқатының өсуі және қоғамдық қатынастарды жетілдіру үшін орнықты шарттарды қалыптастырады.

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев біздің буынның сүйіп оқитын кітабына айналған «Қазақстан жолы» атты өз еңбегінде атап айтқандай, «Егер де жастар гуманизмді, білімді, жауапкершілікті, әділдікті таңдап алса және өзімшіл болмаса, онда олармен бірге табыс та ілесіп жүреді».

You May Also Like

Пластик шөлмектің зияны мен пайдасы, ғылыми жоба

Тақырыбы:     Пластик шөлмектің зияны мен пайдасы Секция: экология Аннотация Зерттеу нәтижесінде біз…

ТҮСТЕРДІҢ АДАМ ПСИХОЛОГИЯСЫНА ӘСЕРІ, ғылыми жоба слайд

Анализ собственных наименований продовольственных товаров, научная работа

Тема:    «Анализ наименований продовольственных товаров на примере  магазина «Роза» Рецензия На конкурсную…

Вич инфекциясы туралы түсінік, ғылыми жоба

Ғылыми Конкурс DARYN.ASIA : «Вич инфекциясы туралы түсінік» Бағыты: Биология Секциясы: Медицина…