Тақырыбы: Асан Қайғы Сәбитұлы. Жер жаннаты – Жерұйық

Секциясы: әдебиет

«Асан Қайғы Сәбитұлы. Жер жаннаты – Жерұйық » тақырыбына жазылған ғылыми жұмысына

ПІКІР

Қазақ халқының қоғамдық санасы мен философиялық дүние танымының  қалыптасуына Асан Қайғы мұралары елеулі деңгейде  ықпал етті. Қазақ әдебиетінің, фольклорының, жыраулық жанрының көшбасшысы  Асан Қайғы деп аталады. Жырау ел, қоғам, хандықтар қатынастарының үйлесімділігін қарастырып қоймай, ертеңгі келешекті болжайтын, ел тағдырын ойлайтын қамқоршы, ойшыл тұлға болған. Оның  бүкіл философиялық  пайымдаулары, өзін аңызға айналдырған  «Жерұйықпен»  тығыз байланысты. Әділеттілікті іздеу, ақиқатты іздеу деп түсінген Асан бірігіп қимылдауға, әрекеттенуге үнемі шақырумен болды.

Қазақ ойшылдарына,оның ішінде Асан ата мұраларына тән ерекшелік олардың поэтикалық формамен айтылған шығармаларында көркемдік бейнелеу тәсілі  мен  ойды оймен қозғау, өрбіту, дамыту шеберліктері астасып кеткен.

Ғылыми жоба ізденушілері  қазақтың данышпан, ақылгөй жырауы, өз дәуірінің абызы, бас биі Асан Қайғы (Хасан) Сәбитұлының өмірі, шығармашылығын сөз ете келе, Асанның  жер жаннаты «Жерұйықты» іздеуі туралы  зерттеуге талаптанды.

Зерттеушілер  Асан Қайғы туралы аңыздардың  шындыққа жақын тұстарын анықтауда күрделі де ауқымды мәселе төңірегінде  еңбектенді. Жұмыста оқушылардың өзіндік пайымдаулары мен талдаулары нақты  ашылып, тиянақты дәлелденді.

Жұмыстың ғылыми  сипаты бар. Мақсат мен міндеті өз мәресіне жеткен.

Абстракт

Зерттеу жұмысының мақсаты: Ғылыми жұмыстың мақсаты – – алғашқы дербес көшпелі қазақ қоғамының би- шешені, ойшыл – гуманисі Асан Қайғы бабамыздың рухани мұраларын  пайымдау, зерделеу,  мәліметтерді жүйеге түсіріп, зерттеу жүргізу, мектеп оқушыларына таныстыру.

Зерттеу кезеңдері:

  • Жұмыстың тақырыбы, мақсаты, міндеті айқындалып, мәтінмен жұмыс жүргізілді.
  • Кітапханадағы құнды материалдарды жинақтау,саралау.
  • Зерттеу  жұмысы жинақталып, қортынды жұмыс жүргізілді.
  • Зерттеу әдістемелері:
  • Зерттеуде баяндау, жинақтау, саралау, әдеби –ғылыми  талдау әдістері басшылыққа алынды.

Аннотация

Ғылыми жобада Асан Қайғы мұраларының қасиетті  де ізгілікті ерекшеліктерін тарихи тұрғыдан және практикалық ізденіспен жан – жақты зерттеген. Асан Қайғының дүниені, табиғатты, әсіресе көшпелі қоғам өмір сүрген далалық кеңістікті дұрыс түсінуі, сөйтіп, философиялық, күрделі қортындылар жасауы – қоғамдық қажеттіліктерден туып, қайшылықтарды шешуге бағытталғандығы  қарастырылған.

    Сондай-ақ жобада ізденушілер Асан Қайғының халықты бақытқа апаратын жолды іздеу барысында табиғаттың тылысым сырларының мәнін ашып, солардан ой түю арқылы түрлі қайшылықтарды тудыратын себептерге терең үңілген шығармаларын аша отырып,  тәрбиелік мәнге тиек ете зерттеген.

Annotation

The research project has been thoroughly studied historic and practical search for sacred and local features of AsanKaig’s heritage.

AsanKaіgu’s understanding of the world, nature, and the steppe space, especially in the nomadic society, is that philosophical, complicated conclusions are drawn from the public needs and aimed at resolving contradictions.

In the project, researchers also explored the aspiration of AsanKaigu to find ways to lead people to happiness, and to discover the essence of nature’s hidden secrets and to dig deeper into the causes of various contradictions.

Ғылыми жобаның сипаттамасы

Жобаның мақсаты мен міндеттері:

Зерттеудің алдына қояр  негізі мақсаты – алғашқы дербес көшпелі қазақ қоғамының би- шешені,ойшыл – гуманисі Асан Қайғы бабамыздың рухани мұраларын  пайымдау, зерделеу,  мәліметтерді жүйеге түсіріп, зерттеу жүргізу, мектеп оқушыларына таныстыру.

Осы орайда жұмыстың алдына мынадай нақты міндеттер қойылды: Халық ауыз әдебиетінің жанры – аңызды  ажырата отырып, ондағы Асан Қайғы туралы  терең білсем, түсінсем дейтін оқушыларға толық мағұлмат беру.

Халық ауыз әдебиетінің сырын жетік білу, өзінің туған халқына,  тарихына, әдебиеті мен тіліне деген сезімі ояту.

Жобаның өзектілігі:

Зерттеу жұмысының негізгі нысаны  ретінде Асан Қайғы көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан қоғамның классикалық түрінің тарихи тұлғасы болып табылатындығы өзекті. Шығармаларының құндылығы, қасиеті.

Жобаның зерттеу әдістері:

Зерттеудің негізгі әдіс – тәсілдері – баяндау, салыстыру,қажетті мәліметтерді саралау, ұғымдарды жинақтау, пікірлерді қорыту, ғылыми тұрғыда талдау.

Жобаның нысаны: Асан Қайғының өмір тарихын және шығармаларының құндылық қасиетін білу,тану.

Асан Қайғы Сәбитұлы. Жер жаннаты –  Жерұйық

Кіріспе  Асан Қайғы тіршілік еткен тарихи орта

Негізгі бөлім

  1. Асан Қайғы жөніндегі аңыз – әңгімелер
  2. Асан Қайғының «Жерұйықты» іздеуі

Қорытынды.…………………………………………………………

Асан Қайғы тіршілік еткен тарихи орта           

Қазақстан тарихына арналған кейбір еңбектерде Асан Қайғы ХV – XVI ғғ.  Межесінде өмір сүрген  делінеді.

Асан Қайғы күмбезі Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Қазақстан теміржолының 2- ші разьезінде орналасқан, күмбездің тарихи уақыты XVI ғ. делінген.[9]

Асан Қайғының саяси іс- әрекеттері төңірегінде қалам тартқан академик Ә. Марғұлан «Ол халық қамын көп ойлап содан  Асан «Қайғы» атанған», деп жазады. [7]

Қазақ халқының тарихы, ұлттық сипаты мен парасат -пайымының қалыптасуында XV-XVI ғасырлар шамасында өмір сүрген әулие –көріпкел, көшпенділер кемеңгері Сәбитұлы Асан Қайғы орасан зор рөл атқарады.

Асан Қайғы қазақ халқының тағдыры шешілер тұста өмір сүрді. Жаңадан құрылған Қазақ ордасы болашақ даму жолдарын айқындау барысында екі түрлі қиындыққа тап болды. «Қандай бағыт ұстану керек және не істеу керек?», жалпы алғанда «Тарих сахнасында өмір сүреміз бе, жоқ па?» деген сұрақтар жайдан-жай қойылмаған болатын.

Асан Қайғы мұралары хақында терең пікір жазып қалдырған жазушы- ғалымдарымызда бар. С. Сейфуллиннің «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары»

атты  еңбегінде Асанның құнды толғаулары  келтіріліп, олардың саяси әлеуметтік мазмұн – мағынасы көркем әдеби тұрғыдан  қарастырылған.[6]

Асан Қайғы  жөніндегі аңыз әңгімелер  мен әр алуан деректерді біршама қалыпқа түсіріп, құнды пікірлер айтқан  акадимик – жазушы М. Әуезов ол туралы былай деп жазды: «Бұл тарихта болған адам. Бірақ тірлік еткен заманы  Жәнібек ханның тұсы дегені болмаса, әлді кім еді, қай ортадан шығып еді, қандайлық еңбек, әрекет етіп, қандай өмір кешіп өтіп еді. Бұл жайынан ешқайсынан дәл дерек жоқ». [6]

Ауызша айтылған мәліметтерге сүйенсек, Асан Қайғы қазақтың жыраулық поэзиясының, қоғамдық-саяси және философиялық үрдістің сабақтастығын дамытушы ғана емес, сонымен бірге ол Қазақ ордасының ардақты тұлғасы екені даусыз. Ол орданың негізін қалаушылармен сындарлы кезеңдерін, қалыптасу және даму жылдарын бірге өткізеді, сөз құдіретімен де, ісімен де көмектеседі.

Өзінің асқақ идеяларын Асан да бекіте түсті. Шөл және жартылай шөлейт жағдайында көшпелі мал шаруашылығымен айналысу өмір сүрудің бір ғана әдіс-тәсілі екендігін үйрете берді. Сондықтан да ол өз жырларында жайылымы шұрайлы аймақтарды мадақтайды да, егіншілік аймақтары туралы  атүсті айтады.

Қазақ мемлекеттігінің қалыптасу кезеңінде қазақ болу мақтан болды, өйткені, оның өз дәуірінде идеологиялық мәні тереңде жатты.Оған дәлел Асан Қайғы жөніндегі қазақ халқының тарихи жадныда қалған аңыз-әңгімелер. Соның ең бір озық үлгілерін келтіреміз.

Асан Қайғы жөніндегі аңыз – әңгімелер

Аңыз – әңгімелерде Асанның бұрынғы есімі Хасан қоса аталады.

Асанның азан шақырып қойған аты- арабша құрани –Хасан.

 Асан Қайғының әкесінің аты Сәбит екен. Сәбит жасынан ел аралап, жүйрік ат мініп, қыран бүркіт, құмай тазы түз  мылтық ұстаған. Ол үйінен бір кетсе айында, жылында бір оралатын болыпты. Басқа дүниені ұмытып, аң аулап, ойын-күлкі, сауық-сайран тамашалап жүреді екен. Қайта айналып келгенде үйінде екі үш күннен артық болмайды екен. Сәбит елдің бетін айына-жылына бір көреді. Халыққа қадірлі болады. Қасына ерген жігіттер олжалы оралады. Ауыл ақсақалдары Сәбит саяттан оралғанада амандаса барып, одан олжа алып, көрген-білгенін тыңдап қайтады екен. Сәбит тек аңшы ғана емес, сонымен қатар түрлі ел аңыздарын кереметтей әңгімелейтін болған. Сондықтан да халық Сәбитті сапардан қашан қайтады деп асыға күтеді екен. Үйіне, әйеліне келіп: «Сәбит саяттан  қашан қайтады? Сәбит саяттан келді ме?» – деп ауыл- аймақ адамдары жиі сұрайтын болған. Сол себепті Сәбит «саятшы Сәбит» атанып кетіпті. Сәбит туралы бір қарттың әңгімесі:

– Таулы ешкісі сиырдай,

Қояндары құнандай,

Еліктері жылқыдай,

Түлкілері қызыл алтындай,

Құндыздары серкедей,

Осындай бір жер бар деп,

Естуші едім ертеден.[ 27 ]

Жасыңнан жер шарладың.

Өзіңді- өзің парладың,

Ел үшін туған бір ұлан

Отырмын соны бағалап.

Ержеткен қолда ұлым жоқ,

Қолда қайрат бұрым жоқ,

Айта салдым Сәбитжан,

Шалмын ғой мен бір құным жоқ, –  деп, орнынан тұрып жүріп кеткен екен. [ 28]

Сонда саятшы Сәбит көп ойланып отырады. «Осы шалдың айтқаны рас болса, іздеп шықсам қайтеді. Ажал жетсе адам қайда өлмейді. Басыма не келсе де өзім көрем.

Жар салып қол жинауға жай келмей,

Қанатым ұшатұғын ақ боз атым,

Қаруым ағайым қос қанатым,

Арыстан кез келсе де қайтпай туған құмайым,

Иттен бөлек сенің затың.

Жасымнан жолдас болған Салиха еді,

Серігім, ақыл табар, үйде – қатын», – деп, Сәбит үйіне келіп әйелін, ақ боз атын, бүркітін, итін бір жерге жинап алып, былай деп пікір алысады:

–  Ақ боз тұлпар серігім,

Салиха ақыл серігім.

Сегіз найза қолымда,

Ұстаған жерден айырылмас.

Қос қанатты берігім,

Құтылмаушы еді қашанда.

Арыстан алдың бір күні,

Қасқырдан қанбай жерігің, – деп. Осыдан кейін: «Қарсылықтарыңыз жоқ па?» – деп әйелінен, құсы мен атынан шыңдап сұрапты. [30]

Ердің осы тәуекел,

                    Ажал жетсе өлмекке.

                    Байлады белді  ер Сәбит,

                    Тірі болса айналып,

                   Қайтып елге келмекке.

Сәбиттің іште қалған баласы  Асан он төрт жасқа келеді. Зергек болып өседі.[39]

Асан Қайғы әкесі қалдырған мұрасымен саят құрады. Жер кезеді, ел кезеді, аралайды. Жұртшылықтың қамын ойлайды. Болашақты болжап айтатын болады, ел күйзеледі, егін шөп шықпайды, қыс қатты болады, мал қырылады, қараңғылық түседі деп сәулегейлік жасап, жұртшылыққа күні бұрын ой салып, құрғақшылық болып қыста жұт болатынын жылы зарлап жүріп елге жар салады  екен.

Асан қайғы халқына жайлы қоныс тауып, соған елін тұрақтандырып, дәулетке қолын жеткізу жолында полимист-саясаткер есебінде де, жырау-насихаткер мәртебесінде де бойындағы бар талантын қамшылайды. Бұл аздай-ақ, тек қана оптимизм емес, творчество заңдылығы қиялгер-жыраудан жиі-жиі пессимизм де бой көрсетіп қалатынын байқатады. Мысалы, Жәнібек ханның қара Ертіс бойынан орда салмақ дарақы ойынан Асан: “Түйе бойы қары бар,// Аша тұяқ қырылып,// Қардың беті қан болар.// Аштық келіп алашқа,// Бір түйір етке зар болар…” – деп басталатын ащы толғауымен сақтандырады.

Асан Қайғының Жәнібек ханға айтқаны:

  • Түйе бойы қар болар…

Аша тұяқ қырылып,

Қардың беті қан болар,

Аштық келіп халыққа,

Бір түйір етке зар болар.

…Мына жақта бір жер бар,

Қыстан малы күйзелмей,

Құба дөңде жатады.

Жақынан шығып күндері,

Жақынан келіп батады.

Қысы өте жылы жер,

Дей алмаймын сол жерде,

Еші майы қатады.

Қар жатпайды жеріне,

Күн кетпейді белінен.

…Сол жерге қашан барамыз,

Десек егін саламыз.

Қиыншылық қырмай ма?

Кейінгі ұрпақ баламыз,

Жылқыны айда алысқа,

Қырық күндік жолы бар,

Қырылар жылқы бұл жерде.

Қарыса мұз жерінде,

Он екі қарыс тоңы бар,-

дегенде, хан:

– Асан  әулие жылқыға бас болып өз балаң Абат барсын деген екен. Сонда Асан: «Барса барсын. Бірақ бір тілегімді беремісің?» -деген екен. Сонда хан ойланып отырып: «Тілегіңді аларсың, жылқым аман қолыма келген күні аларсың» деген екен.[43] Сол жылы қыс қатты болады. Асан алдындағы тұяқтың бәрін қырып алады. Адам шығыны көп шығады. Асанды хан шақыртып алып: «Айтқаның келді, Асан,  мына елді қалай асыраймыз » дейді.   Асан айтады: « менде елдің қарызы жоқ, қарызы ханда.  Ел қырылса  хан далаға хан бола ма?»

Аша тұяқ қалдырмай,

Бәрін түгел сой дедім.

Ашаршылық болады,

Етін сақтап қой дедім

Мен елдің қарызынан құтылдым, ендігі ақылды ел билеген хансың, өзің тап деген екен.  [44] Асан Қайғының еліне, жұртына жайлы, мәңгілік қоңыс іздеуі осы толғаудан бастау алады.

Асан Қайғының «Жерұйықты» іздеуі

Бізге жеткен фальклорлық материалдардың мәніне терең үңілген М.Әуезов: “Асан айтты деген болжау сөздерінің” көпшілігі бертін келе қоныс тепкен елдердің Асан атынан қосқан өз шығырмалары, сындары болады. Асан жайында ең мағыналы әңгіме оның “Жерұйықты” іздеуі. Сонда жетсе ғана, мекен етсе ғана халқы бақытты болмақ”, – деп жазды [66].                                                                                                М.Әуезов Асан Қайғының Жерұйықты іздеуін теріске шығармайды, растайды.                                Ә.Марғұлан мен М.Әуезов айтқан ойлардың маңызы ерекше, сондай ақ шығыстанушы ғылым Ә.Қоңыратбаевтың пікірлері де дәлелді болып шығады. “Асан Қайғының аралаған жерлері – Моғолстан (Жетісу),Қыпшақ(Қаратау), Сарыарқа (Торғауыт), Байсын (Әму). Ол ноғайлы заманындағы аласапарын бүлікшілік кезінде омір сүрген үлкен ойшыл.” [67].                                                               Асанның Жерұйықты іздеуіне тағы бір себеп болған құбылыс – үшінші Жәнібектің тастан сарай салдыруы немесе Астрахан қаласының іргесін қалауы. Асан Қайғы оған да өкпелі, ренжулі, себебі ол жерде ертеңгі күні жау алса, ел бүлінеді. Асан жаңа қоныс іздеп жеті жыл жер кезеді. Ақыры ол Жиделі Байсын немесе Жерұйық деп аталатын мекенді табады. [68].

Фольклорлық мәліметтер бойынша, Асан Қайғы Қазақстан және Орта Азия жерлерін желмаясына мініп көп кезген ақылгөй дана болып суреттеледі. Оның бармаған жері, баспаған тауы жоқ десе болғандай. Еліне жақсы қоныс іздейді, табады. Кейбір ауызекі әңгімелерде ол Жерұйықты және «Жиделі Бай сынды» табады, тауып қана қоймай, сол жерге әз-Жәнібекті елімен көшіріп әкеп қондырады. Жолда жеті жыл жүреді. Жол бойында кездескен жер-суды сипаттап, оның сыңын айтқан. Сонда Асан атаның айтқандары:

Қаратаудан өткенде айтқан екен:

Қаратау еншіңе алған құсың көкек,

Бауырың қара от, ойпаң шөбі көкпек.

Бір түйеге болмаса төрт түлік мал,

Қыстауға тар, жазғы шөлде не күнелтпек.

Шымкент, Сайрамға келгенде былай депті:

Ел айтпас жақын болса базарлы жер,

Көбейтпес ел өсімін мазарлы жер. 

Сыр бойын көріп айтыпты:

Секілді мынау Сырдың басы байпақ,

Аяғы жайылыңқы болар тайпақ.

Боларлық екі ауылға қонысы бар,

Жер еді бұрында өзі, жүрген байқап

Керек екен деп тұрды басын шайқап.

Шуға келгенде:

Өзен екен айнала жері борбас,

Жағасы қара қамыс, аң, жолбарыс,

Пышағын қынабынан алып ет жемейтін,

Көшесі көп баланың еш қуырылмас.

Еркегі ат, әйелі жат болатұғын,

Жер екен бұл араға тұрып болмас.

Асанның айтқан сөзін ұғып алып,

Жалықпай ере берді өмір жолдас.

Жетіқоңырға келгенде:

Деген жерге келгенде Жетіқоңыр,

Мәуіт екен арақаға болар өңір.

Онан басқа сө айтпай жүріп кетті,

Артық сөз болмаған соң оған теңер.

Торғай өзеніне келгенде:

Өзен екен аққан суы бал татыған,

Еті барақ, шабағы май татыған.

Қыстауға тар, жайлауға өрісі жоқ,

Деді де өте шықты аты судан.

Терісаққан өзенін көргенде:

Келгенде өзеніне Терісаққан,

Суынан ұрттап алып дәмін татқан.

Тұздығы екен Сарыарқаның деді-дағы,

Жүріп кетті түк айтпай басқа жаққа. 

Қара қойын Қарлыны көргенде:

Қара қойын Қарлытау керіліп тұр,

Жылқының жал-құйрығы төгіліп тұр.

Лайықты жылқыға жер болғанменен,

Бір жұтқышы бауырыңа көрініп тұр.

Қыс болғанда бораны ашылмайтын,

Екендігі басыңнан сезіліп тұр.

Соққанда бәрі менің тамағым деп,

Айдаһар аузын ашып емініп тұр

Нұраға келгенде:

Жер екен ат семіртер алты күнде,

Тоқатты онан кейін сөзін мүлде.

Тіс жарып енді басқа сөз айтпады,

Артық сөз қоса алмадық бұған біз де.

Есілге келгенде:

Өзен екен қыры бірдей суыменен,

Жарлысы болар бірдей байымен тең.

Су жайылып, мұз басып, қыс болғанда,

Өрісі малға тараң болады екен. 

Өлеңті өзеніне келгенде:

Әуелі еш нәрсе айтпай өлеңдетіп,

Кеткенде біраз жерге мұнан өтіп,

Сұрады жолдастары қасындағы,

Кеттіңіз неге үндемйе ағып өтіп.

Қопалы өзен екен қоныс болар,

Жер емес тайыншасы қысыр қалар.

Айраны ерте шығып әдеттеніп,

Кеу тамақ деп балаға атау тағар.

Тоқты торым ұрлығы үзілмейді,

Ел іші өтірік-өсек сөзге толы.

Соны айтып, өлеңдетіп өткендіктен,

Өлеңті ат сонан қалған ұзын хабар.

Бұл қоңыстарға Асан атаның көңілі толмайды, ешбір елдің тыныштығын сақтап, азып-тозбауына жарамайды. Бұл қоныстардың барлығының көзге  алдамшы

көрінетін уақытша құбылмалығы,жай көзге жайлы көрінетін тыныштығы оны қанағаттандырмайды. Қоныс іздеу-Асан атаның өмірінің ең басты мақсаты.Оны іздеу барысындағы жер-суларға қойған танымдық мәні зор қағидалар,болжамдар сол дәуірді мекен еткен ел үшін өте маңызды болатын.Көшпелі ру-тайпалар қауымның дәстүрі бойынша осы неше түрлі болжамдармен қанағаттанып сусынданған оның ел-жұрты Асанның даңқын асырып,беделін көтеріп отырған.      Асанның бүкіл дүниетанымы осы Жерұйықты іздеу,табу,арманына жету,яғни халықты бақытты ету төңірегінде қалыптасқан.  Асан Жерұйықты іздеуде деректер бойынша Ақ Ордадан бастап,жеті өзенге шейін сапар шегеді. [71] Асанның Жерұйықты іздеуін мифтік құбылыс деуге немесе ойдан шығарылған аңыз-ертегілер қатарына жатқызуға мүлдем болмайды.

Адам өміріне бақытқа жетуді аңсаушылық тән болғандықтан,берекелі татулық пен тыныштық мекені Жерұйықты іздеу ниеті Асанға жойқын ұмтылушылық күшті де даратады.Ұмтылушы күш дегеніміз әйгілі Әл – Фарабидің айтуынша «Адамның бір нәрсеге талпынуын, қалауын, ізднуін және бойтартуын,құмарлығын, шабыттануын және басқа жан құбылыстарын тудыратын күш » [78].

Әл – Фараби іздену күшін ұмтылушы күш аясында айқындайды, біріктіреді. Ұмтылушы күштің арқасында Асан Қайғы Жерұйық мекенін құр қиялмен елестетіп қана қоймай, оны үнемі іздеумен болады.

Асан әз Жәнібекке:

«Тіл алсаң іздеп қоныс көр,

Желмая мініп жер шалсам.

Тапқан жерге ел көшер,

Мұны неге білмейсің?!»[79] – деп, талпыныс, құштарлық,сенімділік танытып, өзінің ханды сендіреді, иландырады. Асанның Жерұйықты іздеуі көшпелі қоғамның сал- дәстүрі мен өміріне тән дала заңдылықтарымен астарлас болғандықтан, ол қарапайым тұжырымдамадан құралады. «Азапты өмірден қашып құтылып, жақсы өмірге жету» Асанның арманы.

Асан  ол мекенге жету үшін желмаяға мініп ұзақ жылдар жер көріп, азап шегеді, қиыншылық көреді. Асанның азап шегуі оның жанына, рухна қатысты мәнде болды. Ел қамын, келешек тіршілігін, жайлы қонысты ол қиындықпен іздейді деу аздық етер еді. Оның азабы елінің, жұртының азабымен қабысып жатады. Ел көрген азапқа қиналып,оны құтқару үшін өз жанын қоярға жер таппайды.

Бұл мекен жанға жайлы, «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» пейіш секілді болып көрінгенімен, Асанның қалауы басқа сыңайлы.

Жерұйықты іздеу барысында Асан  жүрген жеріндегі жақсы қонысқа, жаман қонысқа баға беріп отырды.

«Ей, Қарсақбай, мына  екі тау шақырар, бір байлық келер, елің ашықпас. Ей, Ақмешіт, әр бұтаның түбінде бір кесек ет жатыр екен, елің жұтамас, жерің шаң екен» депті [83]. Болжаулардың негізін түйсік пен танымдық сезімдердің тоғысуынан шыққан дала ойшылына ғана тән пайымдаулық деуге болады. Табиғаттағы заттардың мәнінен ғибрат алып, Жерұйық мекеніне жету жолында табиғат « сырын, тілін» меңгерген  Асан олардан  мағыналар шығарып, қорытынды жасап отырған.

Халыққа пайдалы жағын есептеп, елге ырыс әкелетін мекен- қоныстарға болжам, баға беру табиғат байлығының адамға игілікті қызмет етуін тез де нақтылы шешу арқылы көшпелі қоғамның әлеуметтік  қайшылықтарын шешіп беру тұжырымы туады. Асан Есіл өзенін көргенде «Алты күнде ат семіртіп мінетін жер екен» десе, екі Келес  өзендерін көргенде:

Екі Келес, бір Талас,

Бал татыған жерің- ай.

Ағайының аралас,

Тату екен елің – ай.

Желмаяға өңгертіп,

Алып кетер едім –ай.

Симаған соң алдыма,

Әттең, дүние, дедім –ай! [85].

Табиғаттағы заттық  қасиеттер мен адамның абыройлық іс- әрекеттерімен тоғысуы өзінің салдарын көрсетіп тұр.

Көрке сөзбен көмкерілген  нақтылы пайымнан жаңа ой байламын түйіндеп, қорытынды шешім тудырған. Табиғат болмысы мен адам болмысының диалектикалық бірлікте болуы Асан арман еткен үлгілі үйлесімділік.

Асан Қайғының  болжам толғауларының  өзіндік  мәнін айрықша оқшау көрсетіп тұрған әдіс деп оның ешкімге еліктемейтіндігін, жалтақтамайтындығын айтуға болады.

Асан Қайғы өзінің  «Жерұйығын» бірде табады, бірде таба алмайды. Аңыздық деректерге сүйенсек, «Жерұйық»  немесе  «Жиделі Байсын» бүгінгі күні Өзбекстанның  Бұхара  жерінде делінеді. «Жиделі Байсын»  атауы «Жерұйық» ұғымынан бұрын қолданылса керек. Аңыз – әңгімелерде  екі атауда кезек айтылады.

Алайда «жерұйық » мекенін іздеу идеясы тек қана ел- жұртын қайғы қасіреттен аман сақтап  қалудан, әділетсіздіктен арашалаудан пайда болған деп айту жеткіліксіз болатын секілді. Қандай заманда болмасын адамға керегі оның өзі өмір сүрген мезгілдегі қызығы, қуанышы, тыныштығы, тоқтығы, аман – саулығы екендігі белгілі.

Осы армандарды жүзеге асыру үшін Асан көшпелі қоғамның  аясында өзінің Желмаясымен тарихи ролін атқарды. Дегенмен Асанда  өнебойы дамылсыз ілгері жетелейтін бір белгсіз тылысым күш бар екені сезіледі.

Біржағынан Асанға «Жерұйық» мекені нағыз көшпелі  өркениетті «Тірілту» үшін керек болды. Себебі, бұл өркениет  өзінің  соңғы сатысына көтеріліп, оның дамуы бәсеңсіп, енді құлау қаупінде еді. Бұл табиғи заңдылықты сезген Асан  сол өркениетке «дем» беру арқылы  оны құтқарып қалуды ойлайды.

Асанның арманы –Тәңірдің адамға мейірімі  түскен жерді табу. Адам санасын әділеттік жолына бағыттауда ол үнемі  табиғатқа жүгінеді, қоршаған дүниеден құбылыстардан өзіне медет іздейді.

Адамға аса қажетті көшу қону процесінде кездесетін қолайсыз табиғат жайыттарын,иәсіресе малға қолайсыз болса да өмірдің басқа салаларына қажеттілігін дәлелдеп, анықтап отырған.

«Дауыл болмай, жауын болмас,

Екі тентек бірігіп ауыл болмас.

немесе

Балығы тайдай тулаған,

Құстары қойдай шулаған,

Несібелі көл екен» [200]  деген шумақтары осыған дәлел бола алады.

Тауға айтқаны

-Биік таулар асқарым,

Сағымданған қоңыр бел.

Орғытып қырдан асқаным,

Мінгенім тұлпар, жүйрік жел.

Жүйрік мініп орғытып,

Қырқадан қырқа асқан.

Тастан тасқа ырғытып

Қияңқы қырқа асқар бел.

     Көлдермен қоштасуы 

-Толқының бұйра шалқар көл,

Бір кезде сенде тұрағым.

Айдыны үлкен, суың мол,

Жағалай біткен құрағым.

Жайқалады соқса жел,

Жылқыны мініп пырағын

Айнала сайран, шапқан көл.

Тұйғынын ұстап қыранның,

Көңіліме суың жаққан көл .

Қаз бен тырна қиқулап,

Не қыранды салған көл.

Қоңыр дабыл қолға ұстап,

Талайын шүйіп алған көл.[76]

Тауларға

-Мақтанасың биік тау,

Сұлумын деп өзгеше.

Құр зорлықтан не пайда,

Панаңа ешкім келмесе.

Гүл шешек шашқан сайыннан,

Миуаңды ешкім термесе.

Сайраған бұлбұл ғашық боп,

Гүлінді жарған көрмесе.

Көлдерге

-Айдының үлкен шалқар көл,

Күні – түні шалқисың.

Көрмек біз онан не пайда,

Қаз- тырна жайлап қонбаса.

Соққан желмен жайқалған.

Балдыр қамыс болмаса.

Өзендерге

                                   – Сарқырап аққан өзен – су,

Жағалай құрақ болмаса.

Айнала біткен көкорай,

Жағалап ел қонбаса.

Пайдалы жанға тәтті су,

Арнасына томаса.

Ерлер мінген тұлпарлар,

Тұнығына қонбаса.

   Сол дала

-Сағымданған  құба бел,

Көз жетпес дүние, дала жер,

Ай жүрсем жетпес шетіне.

Құлашын жайған мидай шөл,

Қайысқан елің болмаса,

Көсілген кең салаңда,

Жайылған малың болмаса.

Өзіне арнап айтқаны

-Сайраңдап сені жайлаған,

Кермеге жүйрік байлаған.

Ел еркесі, ерке өскен,

Жайраңдап жастар жайлаған.

Ел үшін еңбек сіңіріп,

Халқынан ер  ұл тумаса.

Жанын қиып жұрт үшін,

Егескен жауын қумаса.

Қорытынды

Асан Қайғының өмір сүрген тарихи ортасы мен жер жаннаты «Жерұйықты» іздеуі туралы зерттеуде оның ой – толғамдарын аша келе қорытындылаймыз.

Асан Қайғының дүниені, табиғатты, әсіресе көшпелі қоғам өмір сүрген далалық кеңістікті дұрыс түсінуі, сөйтіп,  философиялық күрделі қорытындылар жасауы қоғамдық  қажеттіліктерден туып,қайшылықтарды шешуге бағытталған.

Халықтың хандық биліктегі адамдардан қысымшылық  көруі елінің тыныс – тіршілігінің күйзелуі, хандықтар арасындағы үздіксіз қақтығыстар Асанға өне бойы белгісіз мекенді іздетеді.

Халықты бақытқа апаратын жолды іздеу барысында табиғаттың тылысым сырларынның мәнін ашып, солардан ой түю арқылы көптеген қайшылықтарды тудыратын себептерге терең үңілді. Дүниені, өзін қоршаған қоғамның болмысын ол көбіне өзінің тәжірибесі мен түйсігі арқылы баяндады.

Асан Қайғының дүние құбылыстарын зерделеуі, «Жерұйықты» іздеуі қоғамдық мұрат мақсаттарды іске асырудағы саналы әрекеттерінен үлкен әлеуметтік мәнге ие болған құндылықтар еді.

You May Also Like

Математика сабағында компьютерлік бағдарламаларды пайдаланудың тиімділігі, ғылыми жоба слайд

Латын әліпбиінің болашағы -Ахмет Байтұрсынов көзқарасымен! ғылыми жоба

Мемлекеттік рәміздердің сандық сипаттамасы, ғылыми жоба

ҒЫЛЫМИ ЖОБА Тақырыбы: Мемлекеттік рәміздердің сандық сипаттамасы Бағыты: Экономикалық және әлеуметтік процесстерді…

Энергияүнемдеуші жарықтандыру құралын жинау және әзірлеу, ғылыми жоба слайд