Тәуелсіз елдің ұлымын!

Өлмедік! Зар еңіредік, сабыр еттік,

Шашатын алтын сәуле таңды күттік.

Көп күттік, сөгілдік те, соғылдық та,

Сатылдық та, тілекке ақыр жеттік!

М.Жұмабаев

Бір қаламның ұшымен жазылып, барша қауымның жүрегіне орнаған, бір ауыздан айтылып, кең өлкемді шарлаған осынау бір ыстық сөз, ыстық көңіл лебізі бүгін ғана емес, бар уақытта да қан тамырымыздың лүпіл-бүлкіліндей естіледі бізге. Иә, бұл – бүкіл қазақ жұртының, дүйім Қазақстан елінің қызу құштарлықпен, сарқылмас сүйіспеншілікпен айтар, ардақ тұтар асыл лебізі. Ол – өлең, ол – ән, ол – асқақ арман, ол – шалқыған дәулет, көркейген сәулет! Елдік туымыз тігілген үлкен үйіміз, алтын шаңырағымыз да осында. Дүниені күніне бір дүр сілкінткен табыстарымыздың ұйытқысы да осында. Жарастығымыз да, жақсылығымыздың да, тыныштығымыздың да қиясы, махаббатымыздың да ұясы – Қазақстан. Сонау Алтайдан Атырауға дейінгі созылып жатқан кең байтақ, ғажайып өлке. Осындай аймағы үлкен, қойнауы қазынаға толы құнарлы жерімізге кімдер көз тікпеді?

Жер жаһандағы қай халық болсын еркіндікте, азаттықта ғұмыр кешу бақытын көксейді. Сол еркіндк үшін, азаттық үшін аянбай айқасып, жанын қияды. Еркіндік, азаттық біздің халқымыздың да ежелгі арманы еді. Ғасырлар бойы «күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінген, күдеріден бау тағып, кіреуке сауыт киген» талай тарлан егеулі найзаны қолға алып, еркіндік үшін егессе, жатпай-тұрмай күйзеліп, елінің ертеңін ойлап, шыбын жанын шүберекке түйген, ақылы мен парасатын, еліне деген махаббатын қару еткен арыстарымыз да азаттық үшін арпалысты.

Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала,

Әр адамда өз анасынан басқа да

Болу керек құдіретті төрт ана:

Туған жері – түп қазығы, айбыны.

Туған тілі – сатылмайтын байлығы.

Туған дәстүр, салт-санасы- тірегі,

Қадамына шуақ шашар үнемі.

Және туған тарихы, еске алуға қаншама,

Ауыр әрі қасіретті болса да, –

деп Мұхтар Шаханов тебіренгендей әр адамның адамдығының, әр халықтың халықтығының кепілі төрт ана болса, сол киелі төрт ананы пәле-жаладан, жаманшылықтан сақтап, қорғайтын, желеп-жебейтін бойтұмары – еркіндік. Сол бойтұмарды ерлеріміз жауына қолдан бермеуге тырысып, қасықтай қаны, шыбындай жаны қалғанша қорғады.

ХҮ ғасырда алғашқы хандарымыз – Жәнібек пен Керей хандарымыз Әбілқайырдан бөлініп, жеке қазақ хандығын құрғаннан кейін, ешкіммен ісі болмай, алдындағы малымен бірге жусап, бірге өріп жүрген халқымыздың ұлан-ғайыр өлкесін көз алартып, сұқтана қараған сұғанақтарға ата-бабаларымыз сол өлкенің ұлтарақтайын да тигізбей, ұрпаққа қалдыру үшін бүкіл ғұмырын ат үстінде өткізді. Тамыры тереңге байланған алып бәйтеректей қазақ халқы талай боздағынан айырылды, талай тозақты көрді, талай теңселді, бірақ құламады.

1723 жылдары сау ете қалған қалың жоңғар бейқам жатқан бірліксіз елдің тоз-тозын шығарып, ел-жұртынан айырып, «Елім-ай» деп еңіретіп, тентіретіп жіберді.

Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді,

Ел-жұртынан айырылған қиын екен,

Екі көзге мөлтілдеп жас келеді, –

деп қайғырып, қайың сауып, шөптің тамырын жеп, беті ауған жаққа босып кеткен елі үшін ет жүректері езілген ер жүрек Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай , Жәнібек, Райымбек, Баян сияқты батырлар тізе түйістіре, бірлікті ту етіп көкке көтеріп, ақ білектің күшіне сене айбарлана жауға ұмтылды. Қалың жоңғарды ойсырата қырғанмен, төр басында жатып, сары қымыз сапырып ішер қамсыз күндер тумады. Орыс империясының бодандық бұғауы келесі кезекте орын алды. Бұл бұғаудан босанбақ болып, қылыш сермеген Сырым, Исатай, Махамбет, Кенесары , Амангелді сияқты боздақтарымыз армандарына жете алмай қапыда кете барды.

ХХ ғасырдың басында тарих төріне шыққан қазақ зиялылары – Ахмет, Әлихан, Мағжан, Мұстафа, Міржақып, Жүсіпбек, Тұрарлар қылыштан гөрі қаламның қуатты екенін пайымдап, еркіндік үшін күресте білім мен білік жолын қару етті. Алайда, бұл қарумен келген  жеңіс ұзаққа созылмады. Өз билігі өзінен кеткен қазақ қызыл империя үшін ойыншық тәрізді болды. Олар ойларына келгенін істеп бақты. Жасанды ашаршылықпен сүйектерінен төбе тұрғызды, тілден, діннен айырып, салт-дәстүрді құртты, тың игеру сылтауымен келімсектерді топырлатты. Қазақта атасының кегі бардай үстімізден атом бомбаларын жарды.

Бірақ халқымыздың бойына туа біткен төл қасиеті – намысшылдық пен ешкімге еңкеймес өр мінезділік дұшпандардың  дегенінің бәрін істетпеді.

1986 жылы 16 желтоқсанда Алматыдағы  алаңда қазақтың сан ғасыр бойы күл астында бықсып жатқан қоламтадай булыққан ащы ызасы лап етіп, жалын боп аспанға атылды. Бодандықтың күлін көкке ұшырар лаулаған өрттің тамыздығы еді. Бұл күресте қыршын кеткен Қайрат, Ләззаттар халқымыздың азаттық үшін шалынған соңғы құрбандығы еді.

Мінекей, бүгінде біз – тәуелсіздіктің берік тұғырына мінген егеменді елміз. Бейбітшілік нұры тұнған көк аспанда көк Туымыз желбіреп, Әнұранымыз асқақтай қалықтайды. Азаттықтың ашық аспаны астында алшаңдай басып, жиырма тоғыз жылды артқа тастадық. Болашаққа деген жарқын сеніммен алға қарай нық қадам басып келеміз. Бізді бұл бақытқа жеткізген – ата-бабаларымыздың, аяулы арыстарымыздың еркіндік үшін күресте төгілген қаны, қыршыннан қиылған жаны, солардың жанқияр ерлігі! Бабаларымыз әперген осы бақытты баянды етіп, егеменді еркін елдің еңсесін биікке көтере, тұғырын тұрақты болдырудың ізгі жолында тәуелсіздік тізгінін қолға ұстаған халқымыздың тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Есім ханның ескі жолын», «Қасым ханның қасқа жолын», Әз Тәукенің «Жеті жарғысын» жадында ұстай, Абылайдың ақ жолын басшылыққа ала отырып, бар қажыр-қайратын , ақыл-парасатын, іскерлігін танытты. Мемлекетімізді бүкіл әлемге паш етіп, өркениетті елдермен терезесін теңестірді. Тар заманның тепкісіне төзе алмай бытырап кеткен қандастарымыздың байырғы ата-жұртына қайта оралуына жол ашып, құшақ жая қарсы алды. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір тудың астына жиналған біртұтас ел сомдады.

Біз, еркін елдің жас қырандары, ХХ ғасырдың басындағы зиялыларымыз таңдаған білім мен білік жолын басшылыққа алып, туған еліміздің тәуелсіздігін сақтауға, талай теперішке тозбаған ұлтымыздың асыл мұрасын, салт-дәстүрін, биік рухын қадірлеп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге парыздармыз. Бұл игі мақсат жолында халқымыздың «алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса,төбедегі келеді» деген дана мақалын әрдайым жадымызда ұстап, бірлікті, тұтастықты ту қылып көкке көтеруіміз керек.

You May Also Like

Елімнің бақытын тербеткен-Тәуелсіздік, эссе

«Елімнің бақытын тербеткен-Тәуелсіздік» Тәуелсіздік! «Тәуелсіздік» дегенде әр адамның бойын мақтаныш кернейді. Тәуелсіздік…

Кемпірқосақ қалай пайда болады? эссе

Эссе Тақырыбы: Кемпірқосақ қалай пайда болады? Мазмұны:                                                                                                                                                        І. Кіріспе: Кемпірқосақ – аспан…

С.Сейфуллиннің «Сыр сандық» өлеңіндегі нағыз досқа тән қасиеттерге өз көзқарасыңызды танытып, сыни талдау жасау, эссе

С.Сейфуллиннің «Сыр сандық» өлеңіндегі нағыз досқа тән қасиеттерге өз көзқарасыңызды танытып, сыни…

Әрбір адам ұзақ және бақытты өмір сүруге армандайды, эссе

Әрбір адам ұзақ және бақытты өмір сүруге армандайды. Сонымен бірге,  біз осы…