Ұмыт болған дәстүр

Қазақ халқы ежелден еркін кең байтақ жерде қоныс тепкен, жалғанды жалпағынан басып жүрген  байырғы халық. Әр ұлттың, әр елдің дінінен, ділінен, тілінен өзге өзіндік, басқаға ұқсамас тек өзіне тән ерекшелігі болады. Қазақтың қазақтығын айқындайтын оның ән-жыры, күй-айтысы, қадірлі асы, салт-дәстүрі деп ұғынамын. Осыладың ішінде тал бесіктен жер бесікке дейінгі дәстүрін тілге тиек еткенді жөн көрдім.

Дәстүрді атам заманнан ата-бабаларымыз ұстанып келеді. Бұның барлығы тегіннен-тегін емес деп болжаймын. Қайсы бірінің болмасын астарында үлкен мән-мағына, тәрбие жатыр. Адамзат баласы дүниеге келгеннен бастап, өмір бойына дейін дәстүрді ұстанып, соның аясында өмір кешеді. Мысалғы: «Кіндік кесу», «Отау тігу», «Ит көйлек кигізу», «Жиенқұйрық беру», «Ұрын бару» тағы да басқа көптеген дәстүрлер қазақ халқының өмірінен орын алды.

Қазақ халқының дәстүр тәрбиесі отбасынан  бастау алады. Ертеден әрбір қазақ отбасысы – үлкен мектеп, үлгі-тағылым ордасы болған. Онда жалпы тәрбиенің өзегі – адамгершілік, ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, жанашырлық, арлылық, мұраттылық және көпшілдік сияқты адамзаттың ең бағалы қасиеттерін негіз еткен. Осы мектеп пен үлгі-тағылым ордасында әрбір ата-ана ұрпақтарын міндетті түрде асқақ адамгершілік рухымен суарып, өнер-білім нәрімен азықтандырып, адал-арам, обал-сауап, әділет-шапағат, ізгілік пен зұлымдық, жанашырлық пен жақындық, жауыздық пен мейірімділік, озбырлық пен өзімшілдік сияқты істердің бәрін егжей-тегжейлі ұғындырып, перзенттерін көпшіл, халықшыл, отаншыл болуға; ел намысы мен Отан даңқына, ата-ананың бет-беделіне дақ түсірмеуге; кеңпейілді, кешірімді болуға; «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейтін үлкен кісілік қасиет қалыптастыруға жетелеп, ешқашан халықпен жауласпауға, дауласпауға, көпке топырақ шашпауға; әрқашан тектілік, ірілік, даналық, ұлылық, пенделік, ұсақтыққа бой алдырмауға жетелеп отырған.

Халықтық дәстүр тәрбиесін алған әрбір азаматтың адамгершілігі асқақ, білімі терең, көз аясы кең болады. Өнер-білімді бәрінен жоғары қояды. Отанына, халқына атақ-даңқ әкелетін үлгілі, өнегелі азамат болып жетілуіне ықпал жасайды.

Бірақ, қазіргі таңда заманауилыққа салынып, көптеген дәстүрлерді ұмыт қалдырып, бір шетке ысырып қойып жатыр. Көптеген жастар кейбір дәстүрдің мағынасы түгіл, атын да естімеген деген ой келеді. Осы ұмыт болып бара жатқан дәстүрлердің біразын қай кезде қолданылғанын, оның мән-мағынасын еске түсіргім келеді.

Адамгершілігі жоғары, көңілі көл-көсір жомарт қазақ елі адамдарды, әсіресе, қарттарды сыйлап-құрметтеудің алуан жолын тауып, оларға күтім жасап, қуандырып отырудың сан түрлі әдісін қолданып, осы бір тамаша әдетті ұлттық салт-дәстүрге айналдырған. Сондай салт-дәстүрдің бірі – қариялар мен науқас кісілерге «белкөтерер» беру. «Белкөтерер» тағамы әдетте, қоректік қуаты біршама жоғары – қазы-қарта, сары май, қымыз, жент сияқты тағамдар жұмсақ әрі дәмді етіп жасалады да, оны қариялар мен ауру-сырқау адамдарға  көрші-қолаң, дос-жарандары әзірлеп апарып береді. Жанашыр жақын адамдарының бұл сыйына риза болған қариялар мен науқас кісілер оларға ақ баталарын беріп, ағынан ақтарылып, шерін тарқатады. Қуанып, көңілдері көтеріліп, бір жасап қалады. Осылайша қарияларды жалғызсыратпауға, ауруларды ширақы, қағілез болуға жетелейді, қоғамдық қарым-қатынастарын нығайтады.

Ерте кезде күйеуі жастай қайтыс болған әйелді және құда түсіп, қалың малын беріп қойған қызды жат жұртқа жібермей, өз еркі мен қалауы бойынша күйеуінің інісі немесе ағасына қосуды «әмеңгер» деп атайды. Сондай-ақ, жесірлерін кім көрінгенге жәбірлетпей «әмеңгерім» деп жақын туыстарының құқық-мүддесін қорғауға және тентіретпей бағып-қағуға құқықты болған. Бұл салт қазіргі замандағыдай аналар мен балалардың құқығын қорғайтын заң тараулары болмаған сол дәуірде жетім-жесірлерің құқық-мүддесі қорғау рөлін атқарған.

Ауылдың зеріккен жігіттер әзіл-қалжыңдары жарасатын ауқатты бір үйге барып: «деңгене» (бәс, бәсіре) жегелі келдік,-дейді. «Деңгене» – қазақ азаматтарының бір түрлі сынасу ойыны, оның шарты: «деңгене жейміз» деп сұраушылардың талабы бойынша, үй иесі ең семіз малын сойып түгел асып, сорпасымен қосып алдарына бір-ақ қояды. Егер қонақ сорпа мен етті түгел жеп, ішіп кетсе және үйден шыққанша құспаса – жеңген есептеліп, жеген малы төлеусіз кетеді және қалаған затын сұрап алуына болады. Ал, оны түгел жеп кете алмаса немесе есіктен шықпай жатып құсып қойса, онда жеңілген есептеліп, бір мал орнына екі мал береді, әрі жеңілген айыбын төлейді. Бұл адамдарды ашық-жарқын болуға, кеңпейілділікке баулиды.

Міне, осындай дәстүрлердің біршамасын жас ұрпаққа үлгі етіп көрсетіп олар болашақта қолданатындай етіп қайта жаңғыртып, тәлім-тәрбие арқылы бойларына сіңіру қажет деп ойлаймын. Бұл дәстүрлерді де болашақта халық бастауымен қолға алынатын дәрежеге жеткізуміз қажет деп ойлаймын. Қанша жерден ұмыт болып бара жатса да, біз дәстүрімізге ата-бабамыздың көзі, олардан қалған мұра ретінде қарауымыз керек. Білгенімізді дәріптеп, барынша құрмет тұтуға тиістіміз.

You May Also Like

Өмір – адамға берілген сый эссе

Өмір – адамға берілген сый (эссе) Өмір – ол үлкен жол. Өмір…

Өз өміріңіздегі әжелерді М.Мақатаевтың «Ақ кимешек көрінсе» өлеңіндегі ақынды табындырған әже бейнесімен салыстыра талдап жазыңыз. эссе

Әже.Әже-ата-ананың анасы, үйдің үлкені, мейрімі мол, құшағы кең, ақылы сара, өзі дана,…

Ә.Тәжібаевтың «Портреттер» поэмасындағы өмір, уақыт, жаңа адам туралы философиялық толғанысын талдап жазыңыз. эссе

Қазақ совет тарихында көрнекті орынға ие болған ақын жазушының бірі – Әбділда…

Мәди Бәпиұлының «Қарқаралы»,«Қаракесек» өлеңдері арқылы ақын өмірінің көрінісін талдап жазыңыз. эссе

Мәди Бәпиұлы Қарқаралы руынан шыққан,Қарқаралыда дүниеге келген.Ол өзінің туған жері Қарқаралының сұлу…