«Ментоп жетекшісімін»

«Ұстаз–ұлық емес, ұлы қызмет»

Халқымызда «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деген даналық сөзі жиі айтылады. Расында да, әр адамның қоғамнан өз орнын тауып, тұлға болып қалыптасуында ата-анадан кейін, ұстаздардың мойнында тұрған бұл жүктің үлкен жауапкершілікті талап ететіні баршамызға мәлім. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген екен хәкім Абай.  Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық – ұстаздық мамандық. Олай дейтінім, мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман. Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуі керек.

Топ жетекшісі болудағы мақсатым – қазіргі өзгермелі жаһандану дәуірінде өз өмірін басқара алатын, қиын сәтте жол таба алатын, мүмкіндіктерін жақсы бағытқа бұра алатын, адамгершілігі жоғары, білімді жеке тұлға қалыптастыру. Әрине, топ жетекшісі болу өте қызықты, маңызды процестердің бірі.

Топты басқаруға келгенде оқушылар ұжымын қалыптастырып, оның әрі қарай гүлденуі үшін маған орыс ғалымы А.С.Макаренконың оқушылар ұжымын қалыптастырудағы тәрбие туралы ілімі көп көмектесіп келеді. Оқушылар ұжымының даму кезеңдерін А.С.Макаренко өзінің көп жылғы педагогикалық тәжірибелеріне сүйене отырып, оған терең педагогикалық талдау жасайды. А.С.Макаренко тағылымы ұжымды сатылы қалыптастырудың технологиясынан тұрады. Ол ұжымның өмір заңын былай түсіндіреді: қозғалыс – ұжымның өмір сүру формасы; тоқталу – оның жойылу формасы. Әйгілі педагог ұжымның даму принциптерін анықтады: ашықтық, жауапкершілік, тәуелділік, перспективалық, бірлікті әрекет. Ұжым болу үшін, топ сапалы жіктелу жолынан өтуі қажет. Осы жолда А.С.Макаренко бірнеше сатыларды белгілейді.

Бірінші саты – ұжымның құрылуы, яғни, алғашқы бірігу сатысы. Бұл кезеңде ұжым педагогтың тәрбие жұмысының мақсаты ретінде көрінеді, мұның өзі ұйымдасқан, белгіленген топты (топ, үйірме т.б.) ұжымға айналдыруға талпыну, яғни оқушылардың ұжымға қатынасы бірлескен іс-әрекет мазмұнымен, мақсат-міндеттерімен, құндылықтарымен анықталады. Ұжымның ұйымдастырушысы – педагог, барлық талаптар осы педагогтан басталады. Ұжым белсенділері анықталып, тәрбиеленушілер жалпы мақсатқа, іс-әрекетке және ұжымдық бірлікке келгенде бірінші кезең аяқталады.

Екінші сатыда белсенділердің ықпалы арта түседі. Енді белсенділер тек педагогтардың талаптарын қолдап қана қоймай, ұжым мүшелеріне ұжымға не пайдалы, не зиянды екенін байқатып, өз түсініктері бойынша басқара бастайды. Егер белсенділер ұжым қажеттілігін дұрыс түсінсе, онда олар педагогтың сенімді көмекшілеріне айналады. Бұл кезеңде белсенділер жұмысына педагог көп көңіл бөлуі керек.

Екінші кезең құрылымның тұрақтануымен сипатталады. Бұл сатыда ұжым бүтінделген жүйе ретінде көрінеді, онда өзін-өзі ұйымдастыру және өзін-өзі реттеу механизмдері іске қосыла бастайды. Ұжым өз мүшелерінен белгілі-бір қылықтарды, нормаларды талап ете бастайды, ал талаптар біртіндеп кеңейе береді.

Бұл сатыдағы педагогтың басты мақсаты – осы ұжымның алға қойған міндеттерін шешу мүмкіндіктерін мейлінше көп пайдалану. Тәжірибе жүзінде әр ұжым – дара оқушының жеке дамуын мақсатты бағыттайтын тәрбие субъектісі ретінде танылуы тиіс. Ұжымның бұл сатыда дамуы кейбір қарама-қайшылықтарды жеңумен байланысты, атап айтқанда:

-ұжым мен жеке оқушылар арасындағы;

-жалпы және жеке перспиктивалар арасындағы;

-әр қилы ерекшеліктері бар оқушылар топтары арасындағы және т.б.

Сондықтан ұжым дамуында секірістер, тоқыраулар, өзгерістер мен ауысулар болмауы мүмкін емес. Егер болған жағдайда дер кезінде қолға алып, оң нәтиже алуға тырысу керек.

Топ жетекшісі ретінде менің міндеттерім мыналар болып табылады: оқушылардың қоршаған орта жайындағы  түсініктерін толықтыру, білім алу  қажеттілігін қалыптастыру, интеллектуалды  дамуды қамтамасыз ету, материалдық  құндылықтарды сақтауға және көбейтуге, материалдық құндылықтарға құрметпен қарауды қалыптастыруға бағыттау, дүниенің жалпыадамзаттық және әлеуметтік    құндылықтарын шынайы ұғынуға, дүниеге  өзіндік қатынасын ұғынуға, өз «Менін»  сезінуге бағыттау, сезімталдықты, әдемілікке қажеттілікті, көркемше ойлау қабілетін дамыту, жеке нышандар мен  қабілеттерді іске асыру, салауатты өмір салтын дәріптеу.

Тәрбие процесі оқушының жеке қызметі және топ жетекшісінің оған бағыт-бағдар беріп, жүйелеу шеберлігі негізінде қалануы тиіс. Топ жетекшісі болғаннан бастап жұмысым қызыққа толы, мәнді әрі сәнді болып өзгере бастады. Қазіргі таңда мен ЭЭС-16 тобына жетекшілік етіп келемін. Тобымызда қыркүйектің басында 21 оқушы болған, қазір 19 оқушы. 1 оқушым-ЭСЛ-10 тобына грантқа ауысты, 1 оқушым-белгілі себептермен басқа колледжге ауысты. Топта жақсы оқитын оқушылар-7. Олар: Ақылбек Елдос, Бексейтов Еламан, Ержанов Нұржан, Нұрбек Дулат, Байчимиров Ғани, Есетаев Бексұлтан, Жарқынұлы Есқат. Тобымды қатты жақсы көремін, мен үшін әрқайсысының орны бөлек. Алдағы оқу жылдарында бір үйдің баласындай болып кетеміз деп үміттенемін!!!

Мен үшін ұстаз деген: жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардың еш нәрсені ұмытпайтын алғыр да, алғарымпаз, ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да, әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсететін, қорқыныш пен жасқануды білмейтін батыл, ер жүрек болу керек деп есептеймін!!!

Бүгінгі таңда еліміздің білім беру жүйесінде оқыту процесін тың идеяларға негізделген жаңа мазмұнмен қамтамасыз ету міндеті тұр. Білім берудің басты мақсаты – келешек өмірге белсенді араласуға дайын құзіретті тұлғаны қалыптастыруға ықпал ету. Осы мақсатқа жету үшін педагог ең алдымен білім берудің жаңа тәсілдерін бойына сіңіруі керек.

Ертең осы елге ие болып, тәуелсіз еліміздің тізгінін ұстар азаматтар бүгінгі жастар. «Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін–білім» деп ұлы жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, елімізді өркениетке апарар жолдың бастауында білім беру мәселесі тұрады. Тәрбиелеп жатқан ұрпағымыздың білімі терең, ойы ұшқыр болуы үшін аянбай еңбек етуге дайынмын!!!

You May Also Like

Бүгінгі бақытты балалық шақ – ертеңгі қуатты Қазақстан ! эссе

Біз еліміздің тәуелсіздігінің арқасында бақытты балалық шағымызды өткізіп жатырмыз. Ата – бабаларымыз…

Тарихқа деген дұрыс ұстаным, эссе

Тарихқа деген дұрыс ұстаным  Біз – көшпенділердің ұрпағымыз,  ат үстінде жүрген елміз…

Мұрат Мөңкеұлының «Үш қиян» өлеңіндегі замана келбетін сипаттап жазыңыз. эссе

Мұрат Мөңкеұлы қазақ халқының суырып салма ақыны, төкпе жырауы болып табылады. Ол…

Абай –заман тынысы, эссе

Абай –заман тынысы Заман тынысы адамдардың өткен өмірі мен тұрмыс тіршілігі, заманауи…