Азаттықтың ақ таңы

 Эссе

«Тәуелсіздік», «егемендік» –  әлемдегі ең құдыретті сөздер. Әр елдің тарихында ерекше орын алатын күн – тәуелсіздікке қол жеткізген күн. Біздің еліміздің сол бір ерекше күні – 16 желтоқсан. Біздің еліміздің сан ғасыр аңсап күткен күні.

Біздің ата шежіреміз ғасырлар бойы Ресей тарихының құрамды бөлігі болып келді, солай хатталды да. Жаңа Тәуелсіздік заманда өз халқымыздың тарихын егеменді ел, азат халық тұрғысынан жазуға мүмкіндік алдық.

Әрине тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. «Елім, жерім» деп, ұлтарақтай жері үшін қазақтың небір батырлары өз өмірлерін қиып, қанды шайқастарда қаза болды.

Біз үшін қай замандағы тарихымыз болмасын қымбат, айтулы кезеңдерде ту ұстаған бабаларымыздың барлығы да құрметті. Исатай, Махамбеттер патшалық Ресейдің озбыр саясатына қасқайып қарсы тұра білді. Сан зұлматты өткерген еліміз ұлт-азаттық көтеріліске келгенде де тосылып қалған жоқ. Бұл күрестер азаттық үшін өткен сан күрестің соңы емес еді. Жерін жау аяғына таптатпай, сол туған жері үшін басын өлімге тіккен аталарымыздың бойындағы ерен күш, биік рухқа әр кез таңданамын. Аталарымыздың сол қасиеті елге мұра, ұрпаққа ұран болып келе жатыр. Ұлт-азаттық көтерілістер, Ұлы Отан соғысы мен желтоқсан оқиғалары, соғыстың қатал сынағынан өткен жандардың жанқиярлық ерлігі арқасында біз өмір сүру бақытына ие болдық.

Желтоқсан оқиғасы біздің мәңгі жадымызда. Мен бұл оқиғаның куәгері емеспін. Алайда үлкендердің әңгімелері мен теледидардағы деректі фильмдерден естіп, көріп жүргенім бар. Алматының алаңында өткен Желтоқсан қырғынының жазықсыз жаласына ұшыраған «қасқалдақтай қаны, бозторғайдай жаны» бар жанкешті жаужүрек жас Қайраттай ағаларымыз бен Ләззат сынды апаларымыз болды. Желтоқсанның ызғарына тоңып, тас қараңғы тас қамалда Қайрат ағамыздың жазған өлеңдері «Мен қазақпын» деген әрбір жастың, әрбір адамның жанына күш-қуат беріп, ұлтжандылық сезімін оятары анық.

Осы оқиғаға қатысқан  аға-апаларымыз «Халық жауы» атанып, қудалауға ұшырап, оқудан шығарылды. Сондықтан да ата, аға-апаларымыздың ерліктерін ардақтап, лайықты құрмет көрсету біздің перзенттік парызымыз деп білемін.

Мектеп оқушысы болсам да, Қазақстанның болашағы үшін, оның одан әрі дамып, көркейіп, гүлденуіне өз үлесімді қосқым келеді. Қандай да бір жақсылық болмасын, қиындықпен келетінін білемін. Дегенмен де қиындықтарға мойымай, әрдайым қарсы тұрып жеңе білу керек.

Халықта: «Өскен ел тарихын таспен жазады, өшкен ел тарихын жаспен жазады» мақал бар. Біздің халық тарихын ғасырлар бойы жаспен жазып келді, жоғын іздеумен қасіретті күн кешті. Біздің жоғалтқанымыз, ең асылымыз – ТӘУЕЛСІЗДІК еді. Біз тәуелсіздікті іздеп соқпақпен де, сүрлеумен де жүрдік, кейде жолға түскендей болдық, бірақ тығырыққа тіреле бердік. Осыдан 30 жыл бұрын түскен жолымыз даңғыл болды. Ол – ТӘУЕЛСІЗДІК даңғылы. Тәуелсіздік сапары тәуекелді керек етеді, жол көлігі керек, жол серігі керек, жол азығы керек, алыс жолға тәуекел етер жүрек керек, тірек керек, жол бастайтын көсем керек. Біз тәуекел қайығына міндік, ТӘУЕЛСІЗДІК даңғылына түстік. 30 жылда басқа халықтар ғасырлар бойы жүріп өткен жолдан өттік.

Біздің тәуелсіз ел болғанымызға – 30 жыл. Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз кие. Дүниеде тәуелсіздікті, бостандықты, теңдікті аңсамайтын адам да, халық та жоқ. Біздің егемендігіміз бен тәуелсіздігіміз – тек бір ұрпақтың ғана еңбегі емес, барша ұрпақтардың жемісі. Басты мұрат – қолымызға қайғы-қасіретпен түскен тәуелсіздік туына мейлінше бекем болу.

Тектілердің тұяғы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасында халқымыз- тыныштықта, Отанымыз еркіндікте. Аз ғана жылда аспанның астын жайнатып, Нұр-Сұлтан шаһарын тұрғызды. Елдің бірлігі артып, берекесі кірді. Іргеміз тыныш. Түндеріміз бейбіт. Күндеріміз нұрлы.

Мектеп оқушысының қолынан не келеді деп ойлауларыңыз да мүмкін. Теледидарда Елбасы Нұрсұлтан атамыз айтқандай, елдің болашағының көркейіп, гүлденіп, одан әрі дамып, өркендеуі біздің қолымызда. Яғни болашақтың жастары мына біздер, бүгінгі бүлдіршіндер мен жас ұрпақтар.

Әлем танып, мойындаған еліміздің беделін одан әрі асқақтату үшін, алдымен, білімді болуымыз қажет. Әрбір адам өз алдына мақсат қояды. Менің де өзімнің алдыма қойған үлкен мақсаттарым бар. Мектептен жақсы білім алып, одан әрі білімімді жалғастырып, елім үшін еңбек ету. Қазақта «бақыт» деген ұғым бар. Мен бақыт дегенді былай түсінемін: ол – сенің тәуелсіз Отаның, Ұлы тұғырың. Бақыттың кіндігі – Отан. Елімнің көркейіп, гүлденуіне өз үлесімді қосып, тәуелсіз елім үшін, Отаным үшін, елімнің тыныштығы мен сәбилердің күлкісі үшін, бар өмірімді, күш-қуатымды аямай жұмсап жұмыс жасасам. Еліме пайдамды тигізіп, халқым үшін еңбек етсем, мен үшін одан артық бақыт болмас еді!

You May Also Like

Алико Данготе, эссе

Эссе. Алико Данготе өте қарапайым саудагердің отбасында дүниеге келген. Оны бірі білер…

Президент – ел тірегі, эссе

Президент – ел тірегі Эссе Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың…

М. Жұмабаевтың «Сағындым» өлеңі мен С. Сейфуллиннің «Сағындым» өлеңін салыстыра талдаңыз. эссе

«Қазақ әдебиетінің асыл жауһарларының ішінде бір сыршылдығымен, бірі шыншылдығымен айрықша көзге түсетін…

Жастар жылының еліміз үшін маңызы зор эссе

Жастар жылының еліміз үшін маңызы зор Еліміздің жастары – бұл Қазақстанның болашағы.…