Жоспар

Кіріспе

  1. Қазақ хандығының негізгі құқықтық ережелері.
  2. «Жеті Жарғы» немесе Тәуке ханның «Ережесі»

Қорытынды

Пайдаланылған әдебиеттер

Кіріспе

Қазақ даласындағы құқықтық ережелердің қолданылу тарихы тереңде жатыр және оның өзіндік қайталанбас ерекшеліктері бар. Онда туындаған әдет-ғұрып нормалары ұлттық сана-сезімнің көрінісі әрі құқықтық мәдениеттің іргетасы. Қазақтарға ар-ождан қашанда қымбат, «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген сөзге бас иген. Қазақтың әдет-ғұрып нормалары адамгершілік қасиеттерге тұнып тұруы да сондықтан. Бір сөзбен айтсақ, көшпелі қазақтардың құқықтық мәдениеті халықтың болмысы мен тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық салт-санасына лайық еді. Яғни, әдет-ғұрып нормалары ұлттық болмыстың туындысы болды.

Ханның ұлыс сұлтандары, билер мен жыраулардан тұратын кеңесі болса да, аса маңызды мәселелер (территория, дипломатия, тақ мұрагерлігі, әскери істер) «қаз» (жиын, мәслихат) деп аталатын жалпы халықтық құрылтайда шешілді. XV-VII ғасырларда қазақ қоғамындағы негізгі, реттеуші механизм Шыңғыс ханның «Жасақ» заңдары болды деген пікір бар. Шын мәнінде осы кезеңдегі қазақ қоғамы көне әдет-ғұрып заңдарын жетілдіре түсудің негізінде қоғамдық өмірдің жаңа ережелерін жасады. Бұлар – «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» атауларымен белгілі әдет-ғұрып заңдарының жинақтары. Мұхаммед Хайдар Дулатидің пікірі бойынша Қасым хан билікті нығайтып, қоғам өмірін реттейтін заңдардың қатаң сақталуына ерекше мән берген. Ол хандықтың барлық саласын қамтитын, қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлеріне негізделген жаңа заңдар жинағын енгізген. Оны халық «Қасым ханның қасқа жолы» деп атаған. Кейбір деректерге қарағанда бұл заңдар жинағы бес бөлімнен тұрған. Оған мүліктік, қылмыстық, әскери, елшілік және жұртшылық заңдары жинақталған. XVII-XVIII ғасырларда қазақ мемлекетінің дамуында ерекше орын алатын «Жеті Жарғы» аталған әдет-ғұрып ережелері де әлеуметтік өмірді барынша әділетті реттеу қажеттілігінен туындайды. Оның «Жеті Жарғы» аталуының өзі Әз Тәуке заманында Түркістанда қызмет жасаған хан кеңесінің құрамына байланысты. Сонымен бірге, бұл заман мұсылмандық құқық ережелерінің, яғни «Шариғаттың» жанданған кезі, олардың әдет-ғұрып заңдарына ене бастаған уақыты да XV-XVII ғасырлардағы Қазақ хандығының тұсы.

Тәуке хан өкіметтің беделін көтеруге және оған үш жүздің руларын бағындыруға бағытталған шаралар қолданды. Оның тұсында «Жеті Жарғы» деген атаумен қазақ қоғамындағы әдеттегі құқық өлшемдерінің жинағы құрастырылды. Мұнда феодалдық құқық тәртібі мен мемлекеттік құрылымның негізгі шарттары белгіленді. Тәуке хан елдің бірлігін, ынтымағын ойлап, халықты ру-руға, жүзге бөліну саясатын және бет-бетімен әрекет жасауды шектеу үшін аянбай күресті. Осы мақсатта ол қазақ мемлекетінің саяси-құқық жүйесін белгілеп, халықты бірлікке, ынтымаққа шақырды. Тәуке хан өз төңірегіне Ұлы жүзден Төле биді, Орта жүзден Қаз дауысты Қазбекті, Кіші жүзден Әйтеке биді кеңесші ретінде қызметке тартты. Cөйтіп, қазақ халқының тарихына ірі құқықтық өзгерістер енгізді. Бұл оның халыққа кең тараған «Жеті Жарғысымен» байланысты еді. Ол тек сол заманға сай құқықтық құжат емес, сонымен қатар көшпелі қазақ халқының этникалық, шаруашылықты ұйымдастыру және географиялық ерекшеліктеріне сай келетін аса құнды ескерткіш. Бұл заңдарда сондай-ақ феодалдық меншікті қорғауға және меншік жөніндегі дау шараларды шешуге баса мән берілді.

Жеті жарғы. Тәуке хан билік құрып тұрған кезінде қазақтардың әдеттегі құқық нормалары бір жүйеге келтіріліп, толықтырылды. Тұжырымдалған заңдар «Жеті жарғы» деген атпен мәлім, мұның өзі сөзбе-сөз алғанда «жеті ереже» деген сөз. Оларда орта ғасырдағы қазақ қоғамының патриархаттық-феодалдық құқығының негізгі принциптері мен нормалары баянды етілген. Ғылыми әдебиетте бұл заң құжаты «Тәуке ханның ережесі» немесе «Тәуке ханның заңдары» деп аталады. Деректемелерде «Ереженің» авторы кім болғаны жөнінде мәліметтер жоқ. Тарихи аңыздарға қарағанда, оны жасаушы Тәуке хан делінеді: ол Күлтөбе деген жерде үш жүздің басты билерінің басын қосқан, сөйтіп олар «Қасым мен Есім хандардың ескі әдет-ғұрыптарын» Жеті жарғы деп аталатын нормаға біріктірген деседі. Олар қазақ қоғамындағы қалыптасқан құқықтық нормаларды талқылап, жаңа заң ережелерін бекіткен. Бұл реформа XVII ғасырдың 707 жылдарында жасалған деген болжамдар бар. Өйткені, Бұл Қазақ хандығы тағдырындағы аса күрделі кезеңдер еді. Тәуке ханға екі майданда – Сырдариялық қалалар үшін аштархандықтармен және оңтүстік-шығыста ойраттармен соғыс жүргізуге тура келді. Алда жоңғарлармен болмай қалмайтын қатал да ауыр соғыс күтіп тұрды. Мұның үстіне хандықтың өз ішінде де алауыздықтар тоқталмады. Сол себепті де, сыртқы жаулардан қорғану үшін, бірінші кезекте ішкі жағдайды қалыпқа келтіру қажет болды. Бұл сол кезеңнің талаптарына жауап беретін жаңа заң ережелерін қабылдауға алып келді.

«Тәуке хан ережесінің» негіздері туралы қайсыбір тиянақты пікір айту қиын; кейбір ғалымдар оның негіздерін Шыңғысханның Ясасынан іздейді, енді біреулері Жеті жарғы Ясадан мүлдем тәуелсіз жазылған деседі. Яса әдеттегі құқықтың жемісі болғандықтан, өз кезінде Ясаның құрамына кіріп, XVII ғасырдың аяғындағы қазақ қоғамы жағдайында өз маңызын жоғалтпаған оның дәстүрлі нормаларын Жеті жарғыны жасаушылардың ескергені, бірақ өз заманының талаптарына сәйкес пайдаланғаны табиғи нәрсе. Тегінде, Жеті жарғының негізгі көзі деп бәрінен бұрын қазақтардың әдеттегі байырғы құқығын, сондай-ақ Тәукеден бұрын өмір сүрген қазақ хандарының жазылмаған заң ережелерін мойындаған жөн. Заңдарға, негізінен алғанда қазақ қоғамының XVII ғасырдағы әскери-саяси және әлеуметтік өмірінің қажеттеріне сәйкес келетін ережелер енгізілген. Жеті жарғыны жасау қолданылып келген әдеттегі құқық нормаларын қазақтың феодалдық қоғамының жаңа қажеттеріне бейімдеу, бұл орайда ол нормалардың феодал шонжарлардың мүдделеріне сай келетіндерін ғана сақтау мақсатын көздеді. Сөйтіп, Тәуке ханның «Ережесінде» сол кездегі қазақ қоғамының әлеуметтік және құқықтық нормалары заң жүзінде баянды етілді. Жеті жарғыға әкімшілік, қылмыстық істер, азаматтық құқық нормалары, сондай-ақ салықтар, діни көзқарастар туралы ережелер енгізілген, яғни онда қазақ қоғамы өмірінің барлық жақтары қамтылған.

«Жеті Жарғыда» әкімшілік, қылмыстық, азаматтық, отбасылық құқықтардың нормаларын, сонымен қатар салық, діни көзқарастар туралы ережелерді заңдық тұрғыда бекітті.

«Жеті Жарғы» бойынша мемлекеттік билік ханның қолына шоғырландырылды. Ал елді басқару сұлтандар мен ру-тайпа көсемдері арқылы жүргізілді. Хандықтың маңызды мәселелері халық жиналыстары Құрылтайда талқыланды. Оған қатысушылар қарумен келуге міндетті еді.

Қылмыстық-құқықтық нормалар бойынша: кісі өлімі, денеге зақым келтіру, зорлау, сабау, қорлау, балалық борышын атқармау, ұрлық, зинақорлық жасаған қылмыстар үшін түрлі жазалар бекітілді. Жаза түрлерінің бірі бойынша «қанға – қан, жанға – жан» қағидасы сақталды. «Жеті Жарғының» ең басты жаңалығы ол құн заңының белгіленуі еді. Яғни жазадан құн төлеу арқылы құтылудың жолдары белгіленді.

Өлім жазасы: әйелі ерін өлтіргені үшін, әйел өзінің некесіз тапқан баласын өлтіргені үшін, әйелдің зинақорлық жасағаны үшін, құдайға тіл тигізгені үшін берілді. Ол дарға асу немесе таспен ұрып өлтіру түрінде жүзеге асырылатын болды.

Құн мөлшері қылмыскер мен жәбірленушінің әлеуметтік жағдайына байланысты белгіленген. Қарапайым ер адамды өлтіргені үшін қылмыскер оның туыстарына 1000 қой, әйел адам үшін -500 қой беріп құн төлейтін болса, ал сұлтанды немесе қожаны өлтіргені үшін қарапайым жеті адамның құны алынды. Сұлтанға немесе қожаға тіл тигізу – 9 бас қойға, оларға қол жұмсау – 27 бас қойға бағаланды. Құлдың құны оның иесіне қыран немесе тазы ит беру арқылы төленді.

Денеге зақым келтіру де құн төлеу арқылы шешілді. Мысалы: бас бармаққа зақым келтіргені үшін – 100, шынашық үшін – 20 қой белгіленді. Ұрлық үшін ұрланған малдың немесе заттың құны «үш тоғыз» мөлшерінде өтелетін болған. Ұрланған жылқыға жылқымен қоса түйе, қойға – жылқы қосып қайтаратын болған. Бір түйе үш жылқыға немесе 10 қойға теңестірілді.

XIV ғасырда Қазақ жерінде болған мароккалық араб жиһанкезі Ибн-Батут құқықтық нормалар туралы былай деп жазған: «Олар малды бақпайды, күзетші жоқ, өйткені олардың соттары ұрлыққа қатал қарайды. Олардың соты: кімнен ұрланған жылқы табылса, оны иесіне қайтартқызады және жылқының үстіне оның тоғыз есе құнын төлетеді. Егер ол оны төлей алмаса, онда оның балаларын алады, егер де оның балалары жоқ болса, онда ұрының өзін қойша бауыздайды». Ибн-Батуттың тағы бір байқағаны мынау болған: «Менің бұл елдерден көргендерімнің ішіндегі аса бір таңғаларлығы, олар әйелдерді өте қатты сыйлайды екен. Түрік әйелдері бетін жаппайды».

Жазаның басқа түрлері бойынша: христиандықты қабылдаған адамның мүлкі тәркіленген; егер екіқабат әйел күйеуін өлтірсе, онда ол рудан қуылған; егер бала ата-анасына тіл тигізсе, оны жұрт алдында масқаралайтын болған.

Қазақ қоғамының ерекшеліктеріне сәйкес қылмысқа ұжымдық жауапкершілікке де ерекше мән берілді. Яғни қылмысы үшін кінәлі адамның жеке жауапкершілігімен қатар, оның туысқандары да жауап берді. Егер бір адам екі немесе одан да көп қылмыс жасаса, онда оған қолданылатын жазаның қатаңдығы да күшейетін болған.

Әйелдер мен балалардың, күңдер мен құлдардың сотта куәгер болатын құқы болмады. Отбасы-некелік қатынастар бойынша мұрагерлік құқық нормалары белгіленді. Сотты нақты айғақтарсыз айыптау үшін екі адамнан жеті адамға дейін куәгерлер талап етілді, олар болмаған жағдайда ант берілетін болды. Сот және әкімшілік билігі бірін-бірі толықтырып тұрды. «Жеті Жарғы» заңдары бүкіл Қазақ хандығының аумағында жүргізілді.

Қорытынды

Дала заңдары ертедегі көшпелі бірлестіктердің өмір сүру жағдайларына сәйкес табиғи жолмен қалыптасқан әдет-құқық жүйесін қалыптастырып, бұл жүйенің еркін дамуына жағдай ту- ғызды. Олардың мазмұны мен құрылымына Қазақстан аумағын мекендеген түркі халықтарының және түркі текті емес халықтар- дың одақтары мен мемлекеттері өз үлесін қосып, байыта түсті. Қазақтың заңдары өзінің түп-тамырын байырғы жергілікті қоғам- ның құқықтық мәдениетінен бастау алып, екінші жағынан  қазақ елінің өміріне сай қоғамдық құрылымдар мен негізінен түркі және өзге де халықтардың құқықтық үлгілерін өз бойына жинақтаған жүйе ретінде қолданыс тапты.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Шаяхметов Н.У «Қазақстан тарихы» Алматыкітап 2012 (84-85-86 бет )
  1. Ж.Артықбаев «Қазақстан тарихы» Астана «Фолиант» (161-162 бет)
  1. «Көне заманнан бүгінге дейін» Бес томдық (Екінші том) «Атамұра» 2010 (437-438 бет)
You May Also Like

Дезинфектологияның даму тарихы, СӨЖ

Жоспар І.   Кіріспе ІІ.  Негізгі бөлім 2.1. Дезинфектологияның даму тарихы 2.2. Дезинфектология…

3D модельдеу және анимация, СӨЖ

СӨЖ Тақырыбы: 3D модельдеу және анимация Жоспар Кіріспе бөлім. Негізгі бөлім. 1.3D…

Экстрагенитальды патология және жүктілік, СӨЖ

СӨЖ Тақырыбы:   «Экстрагенитальды патология және жүктілік». Кіріспе Қалыпты босанудың дұрыс жағдайы көбінесе…

Органикалық синтез процестері мен шикізаттары, СӨЖ

СӨЖ Тақырыбы: Негізгі органикалық синтез процестері мен шикізаттары Жоспар Кіріспе………………………………………………………………………3 Негізгі бөлім…