«…жетімді қорлама. 

Сұраушыны зекіме. 

Раббыңның нығметін білдір.»[1]

Өзіне ғана құлшылық етіп, мінсіз мойнұсынуды әмір еткен Алла тағаланың кітабы Құран Кәрім де, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің ﴾соляллаху алейһи уассалям﴿сара жолы сүннеті де, жетім-жесірге қамқорлық жасауға, жетімдердің басын сипап, көңілін аулай жүруге шақырады. Пайғамбарымыздың ﴾соляллаху алейһи уассалям﴿сол өнегесін сан ғасыр бойы ұстаныпкелген қазақ халқы да жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпай, «Жетім көрсең жебей жүр» деп, асыл дініміз Ислам қағидаларынан ауытқымай, иман беріктігі мен ахлақи кемелдігін танытып келгені даусыз.

Жалпы алғанда, кез келген қоғамның қай уақытта да ең қорғансыз әрі әлжуаз бөлігі – жетімдер. Жетім сөзінің түпкі мағынасы «жалғыздық». Жетімдер – өздері балалы болмай жатып-ақ, ата-ананың қадірін тым ерте түсінгендер. Оларды бұғанасы қатпай, небір сорақылықты көзімен көрген, көңілі қаралы, жаны жаралы жандар десек, артық айтқандық емес.

Он төрт ғасыр бұрын адамзатқа түскеннен бастап әлсіздер мен міскіндерді қорғауына алған асыл дініміз Исламда жетімдерге жақсылық жасау, оларға қамқор болу, Аллатың ризалығына жеткізетін, әрі пайғамбарымыз Мұхаммедтің ﴾соляллаху алейһи уассалям﴿шапағатына ие болатын ізгі амалдардан болып саналады. Ардақты Пайғамбарымыздың ﴾соляллаху алейһи уассалям﴿: «Менімен жетімге қамқорлық етуші адам жәннатта мына екі саусақ тәрізді жақын боламыз», – деп сұқ және ортаңғы саусағын көрсетуі де бұл істің абзал, әрі Алланың қош көрген салиқалы сүннет екендігін аңғартады.[2]

Адамзат тарихында алдыңғы қатарлы елдердің озық ойлы даму көрсеткіші, жетімдерге деген көзқарасымен өлшенеді. Сондықтан болар, ең қатыгез соғысқұмар мемлекеттерде жаны жарым жандарға жасаған қамқорлақтарын жария ету арқылы, адамзат алдындағы күнәсін жуып-шаюға тырысады. Өйткені, жетімнің жоғын жоқтап, мұң-мұқтажын өтеу, адамның рухани кемелділігінің белгісі.

Тегінде, қазақ халқы күш-қауқары жеткенше жесірі мен жетімін қорғауға тырысқан. Осы ұлағатты ұстаным ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бүгінгі тәуелсіз басшысының да тұрақты әрі салихалы саясатына айналған. Бүгінде мемлекет қамқорлығы аясында елімізде жүзге тарта балалар үйі жұмыс істеуде. Әрине, бұл қазақ халқы үшін қуанарлық жағдай деуге болмас. Сонымен қатар, жүрегіне иман ұялаған азаматтардың болашақ ұрпағы алдындағы жауапкершілікті терең сезінуінен туындаған жеке қайырымдылық мекемелерінің ішінара болса да бой көтеруі, қолдауға лайық іс. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед ﴾соляллаху алейһи уассалям﴿ұлағатты сүннет қазынасында жетімдердің басынан сипауға жігерлендіретін хадистер өте көп. Солардың бір қатарына тоқталайық.

1. Жәннаттың есіктерін ең алғашқы ашатын мен ғанамын, дегенмен, менен озуға тырысқан бір әйелді көремін, оған: «Саған не болды? Сен кімсің?» деймін. Сонда ол: «Мен жетімдердің басында отырып, тәрбиелеген әйелмін», – дейді.

2. Жетімнің жылауынан өте сақтаныңдар, өйткені, адамдар ұйықтап жатқанда, түнде олар жүріп жүреді. Яғни, жетімнің зары түнде жүреді, таң сәріде Раббына көтеріледі де, жылатушыны шағады. Алла тағала жылатушының тиісті жазасын береді. Сондықтан. Хазреті Пайғамбарымыз ﴾соляллаху алейһи уассалям﴿: «Жетімді жылатудан мейлінше сақтаныңдар!» – деп бұйырған.

3. Бір жетім дастарханда елмен бірге отырса, дастарханына пәле жоламайды.

4. Мұсылмандардың арасында ең қайырлы үй – оның ішінде жетім болып, оған жақсылық етілген үй және мұсылмандардың арасында ең жаман үй – ішінде жетімге жамандық етілген үй.

5. Аллатың қасында ең жақсы көрінген үй – ішінде жетімге құрмет етілген үй.

6. Хазреті Пайғамбарымызға ﴾соляллаху алейһи уассалям﴿біреу келіп, өз жүрегінің қаттылығын білдіреді. Пайғамбарымыз ﴾соляллаху алейһи уассалям﴿оған: «Жүрегіңнің жұмсаруын арманыңа жетуіңді қалаймысың? Онда жетімге мейірімділік көрсет, басынан сипа және тамақтандыр. Сонда жүрегің жұмсарады. Сондай-ақ, арманыңа жетесің», – деп бұйырады.

7. Мені ақиқат бойынша жіберген Аллақа ант етемін, жетімге мейірімділік еткен, оған жұмсақ сөз сөйлеген, оның жетімдігіне, нашарлығына жаны ашыған, сондай-ақ, Алла тағаланың өзіне берген бақытымен көршісіне мақтанбағанды Алла тағала қиямет күні азаптамайды.

8. Құл мен жетімдерге көмек еткен кісі, Алла жолында соғысқан немесе күндіздерде ораза ұстап, түндерде ғибадат еткен кісі сияқты.

9. Жетімдерге көмек еткен кісі мынадай үш кісімен түнді ғибадатпен өткізген, күнді оразамен өткізген және таңертең соғысқа кеткен кісімен тең.

10. Кім Алла ризалығы үшін бір жетімнің басынан сипаса, оның қолы тиген әр тал шашы сайын жақсылық болады.

Міне, сондықтан да әрқайсымыз күнделікті кездесіп жатқан түрлі жағдайлар үстінде жетімдерге, тек оларға ғана емес, бір-бірімізге сыйластықпен қарап, жылы жүрек танытқанымыз абзал. Яғни, жетімдердің көбеймеуіне әрқайсымыз үлес қосуымыз керек. Ол дегеніміз, үлкеніміз кішімізді адасушылықтан сақтандырып, имандылыққа баулуымыз қажет. Барлық жақсылықтар тек имандылықтың, адамгершілік пен мейірбандықтың арқасында болады.

Жетімдерге қамқор болу немесе қамқор болғандарға қолдау көрсетіп сөзімен де, ісімен де жәрдем беру – әр азаматтың міндеті. Қайырымдылық қанат жайып, сүйіспеншілік салтанат құрған елдің ғана болашағы баянды.

Алла тағаланың ризалығына лайық болуды қаласақ, жетім-жесірлерді қорғап, оларға қолдан келгенше, ие болып, оларды ауыр тұрмыс соққысынан, қиын жағдайдан құтқаруға тырысуымыз қажет. Алла тағала біздерді шынайы ықыласымен жетім-жесірлерге қамқорлық етіп, өз ризалығына бөленген, екі дүние мұратына жеткен бақытты құлдарынан еткей.

Жетім-жесірлерге садақа беру, оларға қамқорлық жасау, сауапты әрі салиқалы амалдардан екендігі жайлы жеткізген Пайғамбарымыздың ﴾соляллаху алейһи уассалям﴿сахабасы Әбу Сағид әл-Худриден (р.а.). Ол: «Бір күні Пайғамбарымыз ﴾соляллаху алейһи уассалям﴿мінберге шығып отырды да, біз оның айналасына жайғастық. Сонда ол: «Расында, менің өзімнен кейін сендерге қатысты қорқатыным – өздеріңе берілетін мына дүниенің жылтырақтары мен әшекейлері», – деді. Бір кісі: «Уа, Алланың елшісі! Жақсылық өзімен жамандық ала келе ме?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз ﴾соляллаху алейһи уассалям﴿ үнсіз тұрып қалды. Сонда (әлгі кісіге): «Не болды, Пайғамбарға ﴾соляллаху алейһи уассалям﴿сөйлеген едің, ол саған жауап қатпады?» – деп айтыла бастады. Сосын оған «уаһи» түсіп жатқанын көрдік», – деген.

(Әбу Сағид): «Сосын Пайғамбар ﴾соляллаху алейһи уассалям﴿ (маңдайынан) аққан терді сүтіп, оны мақтағандай: «Сауал қойған қайда?» деді де: «Расында, жақсылық өзімен жамандық әкелмейді. Шын мәнінде, көктемде шығатын (өсімдіктер) көкті екі бүйірі керіліп кеткенше жеген (жануарды) ғана өлтіреді немесе ауыртады. Сонда ол (жануар) күн көзіне қарап қыздырынып, қиын шығарып, зәрін төгеді де, (тағы) жейді. Сондай-ақ бұл мал-дүние де дәмді көкөніс (сияқты). (Байлыққа) ие болған мұсылман одан кедей-міскінге, жетімдер мен жолда қалғандарға беріп отырса қандай жақсы! (Немесе Пайғамбар ﴾соляллаху алейһи уассалям﴿ (бір сөзді айтты). Ал (байлықты) нақақ жолмен тапқан адам – жеп тоймайтын (мешкейге) ұқсайды және ол (байлығы) Қиямет күні оған қарсы куә болады», – деп айтты», – дейді.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед ﴾соляллаху алейһи уассалям﴿ өзінің ұлағатты хадистерінің бірінде: «Жетімге пана болған кісімен мен ақыретте былай боламыз», – деп сұқ саусағы мен ортаңғы саусағын қоса көрсетіп, жетімге пана болғанның ақыретте өзімен жақын болу бақытына қол жеткізетінін сүйіншілеген еді. Дархан халқымыз да «Жетім көрсең жебей жүр», – деп, осы хадисті өміршең дәстүрге айналдырды. Қазақ хандығы құрылмай тұрып-ақ қазақ топрағында өмір сүрген көптеген бабаларымыз, оның ішінде Бақырған бабамыздан қалған мына өлең жолдары, барша мұсылман жанға жетім-жесірге қамқорлық жасауға үндейді.

Бабаларымыз бастаған даңғыл жолды жалғастырған халқымыз Құран аяттары мен хадистерді ұлттық дүниетанымымызға сай болмысымызбен ұштастыра білген. Соның айқын бір дәлелі ретінде: «Қазақ арасында да жетім-жесірлер болған. Бірақ, олар жаппай бір қатер болмаса, ешқашан тентіреп, ел аралап қайыр сұрамаған. Өйткені, қазақтар өз жетім-жесірлерін өздері қамқорлығына алған, қаңғыртпаған» – деп жазады Д.Кішікбеков өзінің «Қазақ менталитеті: кеше, бүгін, ертең» атты еңбегінде. (86-бет, Алматы. 1999ж.)

Сонымен, мұсылмандық қасиеттерді бойына сіңіре білген халқымыз жетімдерді мойындарына аманат деп біліп, оған қамқор көңілмен қараған. Алайда, бүгінгі таңда елімізде тастанды бала санының күн өткен сайын артуы, әрі олардың мүшкіл халі – бүгінгі ұрпақтың аталарымыздың бойындағы әлгі асыл қасиеттерден алыстағанының белгісі болса, болашақтың бұлыңғыр болуына ықпал етуі мүмкін. Сондықтан да жетімдерге қамқорлық жасау әр саналы мұсылман жанның міндеті болса керек.

———————-

[1] Құран Кәрім. «Духа» сүресі. 9-11-аяттар.

[2] Хадисті Имам Бұхари риуаят еткен.

You May Also Like

АСКОН-ның кешенді шешімдері, дәріс жоспары

12-дәріс. АСКОНның кешенді шешімдері АСКОН (Санкт-Петербург қаласы) компаниясы 1989 жылы құрылған. Оған…

Гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлымен болған әңгіменің стеннограммасы

СОҒЫС ПСИХОЛОГИЯСЫ (стенограмма) Гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлымен болған әңгіменің стеннограммасы Алматы қаласы.…

Ежелгі Грекияның этикасы

Ежелгі Грекияның этикасы Жоспар: Ежелгі Грек философиясы Этика. Этиканың құрылымы Этика ғылымының…

Төтенше жағдайлары кезіндегі қорғану әдістері

Қазақстандағы экологиялық апаттар Жоспар: —Батыс Қазақстандағы су тасқыны —Қызылағаштағы су тасқыны —Тентексай…