Жүсіпбек Аймауытов

Жүсіпбек Аймауытов (1889—1931) — қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі.

Астан-кестең ауыр, бірақ ерекше қуатты да қызық, әлеуметтік төңкерістер, ұлы революциялар заманында өмір сүрген Аймауытов өзінің осы қысқа ғұмырында артына аса бай, бағалы әдеби, ғылыми мұра қалдырып үлгірді.

Ол В. Шекспир, В. Гюго, Г. Мопассан, А. С. Пушкин, Н. В. Гоголь, Л. Н. Толстой шығармаларын, «Интернационалды», бірқатар ғылыми еңбектерді аударды, педагогика, психология, методика, эстетик. тәрбие туралы зерттеулер тудырды; әдебиет, эстетика, сын саласына араласты; сан алуан публицистик. мақалалар жазды; «Қартқожа», «Күнекейдің жазығы», «Шернияз», «Ел қорғаны», «Мансапқорлар» пьесалары, «Комплексті оқыту жолдары», «Жан жүйесі», «Өнер таңдау», «Мағжанның ақындығы туралы» еңбектері – күрделі таланттың қазақ әдебиеті тарихындағы өлмейтін орны бар шығармалар.

1918-19 ж. Семей қаласындағы М. Әуезовпен бірлесіп «Абай» журналын шығарды. Осы журналда «Екеу» деген бүркеншік атпен, Әуезовпен бірлесіп, «Абайдың өмірі және қызметі» (1918, № 2), «Абайдан кейінгі ақындар» («Абай», 1918, № 3) деген мақалалар жазды.

Бұл мақалаларда Абай өмірінің бірталай қыры сөз болып, оның поэтик, мұрасының аса құндылығы көрсетіліп, кейінгі ақындардың ұлы ұстаздан үйренуі шарт екендігі нұсқалды, Пушкин орыс әдебиетінде қандай тарихи қызмет атқарса, Абай да қазақ әдебиеті үшін сондай тарихи іс тындырғаны орнықты дәлелденген.

Қазақ әдеби тілінің қалыптасуына, оның поэтикалық мәдениетінің ержетуіне Абай шығармаларының қаншалықты әсері барлығын көрсеткен. Абай поэзиясының ұлттық дәстүрмен қоса Шығыс, Батыс әдебиеттерімен байланысы қарастырылған. Аймауытов – қазақ әдебиетінде Абайдың шығармашылық мұраттарын ілгері жалғастырған ең ірі тұлғалардың бірі.

1917-1919 жылдары Алаш партиясына кірсе, 1919 жылы бірінші желтоқсанда Семейде кеңес өкіметі орнап, Губревком құрылған мезгілде көптеген қазақ жастарымен бірге мүше болады.

Жүсіпбек Аймауытұлы 1920 жылы Қазақстан Кеңестерінің Құрылтай сиезіне делегат болып қатысса, 1921 жылы Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі, «Қазақ тілі» газетінің редакторы және журналистер бюросының хатшысы қызметін атқарды.

1922-24 жылдары Қарқаралыда мектеп мүғалімі, 1924-26 жылдары «Ақ жол» газетінде бөлім бастығы міндетін атқарды. Қазақ институтында істеді (Ташкент);

1926-29 жылдары Шымкент педагогикалық техникумының оқытушысы әрі директоры болды. Осының аз-ақ алдында, яғни алапат аштық қарсаңында ұлт жанашырлары күйзелген елге қолұшын беру мақсатымен Семейде «Жанар» атты ұйым құрды.

Ұйымның негізгі мақсат-міндеті: қарапайым халыққа көмектесу, ұлт бостандығы жолындағы жастарды қамқорлыққа алып, білімге, саясатқа тарту болды. Халыққа қасірет әкелген алапат аштық тұсында – Ж.Аймауытұлы мұраттас серіктестіктерімен бірге қол ұшын береді.

Мәдени-рухани түрғыдан, әлеуметтік жағынан қолдап, көмек етеді. Отызыншы жылдардың ойранына, НКВД-нің қанды шеңгеліне түскен қайран ер таланты кемелденіп, үлкен шығармашылық кезеңге бет бұрған шағында – 1930 жылдың 21 сәуірінде Мәскеудегі Бутырька түрмесінде атылды.

Жүсекеңнің, Жүсіпбек Аймауытұлының рухани өмірі аяқталған жоқ. Ж.Аймауытұлы ұлттық сөз өнерінің әр алуан саласында ерен еңбек етті.

Оның қаламынан туған, әсіресе ақындық әлемін танытатын («Сарыарқаның сәлемі», «Көшу», «Нұр күйі», т.б.), кемел прозашылығын («Әнші», «Елес», «Жол үстінде», «Қара бақсы» – әңгімелер), «Күнікейдің жазығы», (повесть), «Қартқожа», «Ақбілек» (романдар), белгілі драмашылығын («Сылаң қыз», «Мансапқорлар», «Рабиға», «Ел қорғаны», «Қанапия – Шәрбану», «Шернияз»), айтулы аудармашылығын («Сараң сері», «Тас мейман» (А.С.Пушкин), «Бақылаушы» (Н.В. Гоголь), «Бейшаралар» (В. Гюго), «Дәмелі», (Ф. Дюшен), «Тау еліндегі оқига» (С. Чуйков), сындарлы сыншылығын – «Мағжанның ақындығы туралы», «Аударма туралы», «Сұңқар жыры», жан жүйесінің білікті білгірі екендігін – «Тәрбиеге жетекші», «Психология», «Комплекспен оқыту жолдары», «Жаңа ауыл» т.б. еңбектері табиғи талант қырларын жан-жақты жарқырата көрсетті. Балаларға арналған – «Жаман тымақ», «Көк өгіз», «Шал мен кемпір», «Үш қыз» сынды ертегілер қарапайым мәтін мен көркем суреттің табиғи тұтастығы мен үндескен үлгісін терең танытады. Ең маңыздысы, бұл еңбектер бүгін де рухани-тәлімдік қырларымен мәнді.

You May Also Like

Сүйелді кетірудің тәсілдері

Сүйел – вирусты дерт болғандықтан науқаспен қарым-қатынаста тез жұгады. Балалар мен жастарды…

Жеңіл суды реакторлар

9.4 Жеңіл суды реакторлар Су-сулы энергетикалық реакторлар (ВВЭР). Біздің елде (Ресейде) бірінші…

Менің жазғы демалысым шығарма

Шығарма “Менің жазғы демалысым” Менің жазғы демалысым қызықты, әрі өте көңілді өтті. …

Әлемді сұлулығымен баураған әйелдердің құпиясы.

Әлемді сұлулығымен жаулаған арулардың көріктілігінің құпиясы баршылық. Мәселен, Клеопатраның ажары мен сұлулығының…