ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС 

Тақырыбы: «Қазақстандағы онлайн басылымдардың өзекті мәселелері»

  1. Дипломдық жұмыс тақырыбы: Қазақстандағы онлайн басылымдардың өзекті мәселелері. 2019 жылдың «27» қарашасындағы ректордың № 1935-п бұйрығымен бекітілген.
  2. Студенттің дайын жұмысты тапсыру мерзімі 2020 жылдың «15» мамыры.
  1. Жұмыстың бастапқы мәліметтері (заңдар, әдеби деректер, зертханалық-өндірістік мәліметтер): ҚР Қылмыстық Кодексінің 274-бабы «Көрінеу жалған ақпарат тарату» заңы, ҚР Конституциясы 20-бап (сөз бен шығармашылық еркіндікке байланысты), .
  1. Дипломдық жұмыста (жобада) қарастырылуы тиіс мәселелер тізімі: қазақстандық онлайн басылымдардың дұрыс жұмыс істеуіне, дамуына кедергі болатын мәселелер, соның ішінде, кибербуллинг, лоббизм, жалған ақпарат, журналистердің шығармашылық, қаржылық мүмкіндіктері, сөз бостандығы, басылымдар саясаты, журналистердің құндылықтары мен принциптері, онлайн медиа оқырмандарының ерекшеліктері, басылым нарығындағы монополия.
  1. Графикалық материалдар тізімі (сызбалар, кестелер, диаграммалар және т.б.): Тақырыпты зерттеу кезінде тап болған ақпараттардың түпнұсқалық кейпін сақтау мақсатында мәтіндік емес, экран көшірмесі арқылы жасалған суреттер арқылы жеткізілді. Олар актуалды тақырыпқа қатысты мысалға келтірілген ақпараттық порталдар мен сайттарда көрініс тапқан мәселелердің дәлелі ретінде қарастырылды.
  1. Негізгі ұсынылатын әдебиеттер тізімі: Диплом жұмысының негізі Қазақстандағы «Рухани жаңғыру» аясындағы «100 кітап» жобасының негізінде қазақшаға аударылған «Медиаэтика: Жас мамандар тәжірибесінен» деп аталатын Ли Энн Пек пен Гай С. Рил бірігіп жазған еңбегі мен «Медиа және журналистика: теория мен практикаға жаңа көзқарас» деген Бейнбриж Жейсон, Гок Никола, Тайнан Лиздардың кітабы және, оған қоса, ресейлік А.В.Евдокимовтың «Дәстүрлі медиа мен онлайн басылымдардағы глобалды шындықтың көрінісі» еңбегі және тағы басқа бірнеше қосымша еңбектерге сүйеніп жазылды. Ал алыс шетелдік ғалымдардың еңбектерінен Junqiang Университеті оқытушылары Сара А. Әлходайра , Стивен Х. Х. Дингб , Benjamin C. M. Fung жазған «Жаңа тақырыптар туралы әлеуметтік желілердегі соңғы қауесеттерді анықтау» кітабы пайдаланылды.
  2. Жұмыс бойынша кеңестер (оларға қатысты жұмыс бөлімдерін көрсете отырып):
Нөмір, бөлім, тарау  атауы Ғылыми жетекші, консультант Тапсырмалар алу күні Тапсырма берген  (қолы) Тапсырма қабылдаған (қолы)
Жоспар құру Аксейіт Ғ.М. 10.11.2019
Әдебиеттерді жинақтау Аксейіт Ғ.М. 25.11.2019
Бірінші бөлімді аяқтау Аксейіт Ғ.М. 02.01.2020
Екінші бөлімді аяқтау Аксейіт Ғ.М. 20.02.2020
Кіріспе мен қорытындыны жазу Аксейіт Ғ.М. 20.03.2020
Дипломдық жұмысты рәсімдеу Аксейіт Ғ.М. 24.04.2020
  1. Дипломдық жұмысты (жобаны) орындау кестесі
Жұмыс кезеңдері Жұмыс кезеңдерін орындау мерзімі Ескерту
1 Диплом жұмысы тақырыбын бекіту 10.10.2019
2 Дипломдық жұмысты дайындауға деректер жинау 15.11.2019
3 Диплом жұмысының теориялық бөлімін дайындау (Бөлім 1) 25.12.2019 Практика басталуына дейін
4 Диплом жұмысының (жобасының) сараптамалық бөлімін дайындау

(Бөлім 2)

17.02.2020 Практика өту кезінде
5 Дипломдық жұмыс (жоба) толық мәтінінің қолжазба нұсқасын аяқтау 27.02.2020 Практика аяқталғаннан кейінгі бірінші аптада
6 Дипломдық жұмысты (жобаны) алдын ала қорғауға ұсыну 03.03.2020 Шолу дәрістері(консультация) кезінде
7 Дипломдық жұмысты (жобаны) рецензияға ұсыну 15.04.2020
8 Дипломдық жұмыстың (жобаның) соңғы нұсқасын ғылыми жетекшінің пікірі және рецензиямен бірге ұсыну 30.04.2020
9 Дипломдық жұмысты (жобаны) қорғау МАК кестесіне сәйкес

МАЗМҰНЫ

Кіріспе…………………………………………………………………………………………………………

1  Қазақстандағы онлайн БАҚ: қалыптасуы мен даму ерекшеліктері…………….

1.1  Дәстүрлі БАҚ-тан онлайн БАҚ-қа көшу процесі…………………………………..

1.2  Онлайн БАҚ аудиториясының ерекшеліктері мен қажеттіліктері…………..

2  Онлайн БАҚ-тың өзекті мәселелері мен оны шешу жолдары……………………

2.1  Онлайн БАҚ-тағы сөз бостандығы, шығармашылық, қаржылық мүмкіндіктері……………………………………………………………………………………………..

2.2  Онлайн БАҚ-тың қоғамдық пікір қалыптастырудағы кері әсері: жалған ақпарат, лоббизм, кибербуллинг………………………………………………………………….

Қорытынды…………………………………………………………………………………………………

КІРІСПЕ 

Тақырыптың жалпы сипаттамасы.  Цифрланған заманда дәстүрлі журналистикамен қатар онлайн БАҚ-тың да дамып, кең таралғанын көреміз. Ол жаңа бағыт әкеліп, жаңа оқырман тәрбиелегенімен қоймай, жаңа мәселелерге де душар болуда. Осы жұмысымда онлайн БАҚ-тың не екенін, оның қазақ журналистикасындағы маңызын көрсете отырып, ондағы мәселелердің шығу себебімен, салдардарымен таныстырып, осы мәселелер не үшін маңызды екенін және бұл мәселелерді қалай шешуге болатынын көрсетемін. Онлайн медиа қазіргі сәттегі әрбір қоғамның журналистикасының өте салмақты бөлшегіне айналды. Осыған сай, оның өнімдерін тұтынушы оқырмандар да, оның айналасында пайда болған мәселелер де аса үлкен маңызға ие. Бұл маңызды нәрселерге мұқият назар салынып, зерттелік, зерделеніп, Қазақстан қоғамы үшін, үкімет үшін, журналистер нарығы үшін релеванттылығы мен өзектілігі барынша толық түсіндірілді. Бұл диплом жұмысының негізі болған мәселелердің себепкері болған әртүрлі жағдайлар бар. Мәселен, журналистердің кәсіби деңгейінің төмендігі, жаңашылдықтан алыстығы, принциптерінің болмауы немесе оған адал бола алмауы, журналистерді даярлаушы институттардың ішкі-сыртты мәселелері, халықтың сауатсыздығы, саяси жүйенің әсері. Бұлардың бәріне бір акторды кінәлі етіп көрсетуге болмайды. Алайда, мәселенің шешім таппауына, өршуіне, сақталуына болашақ ұрпақ алдында қоғам мүшесі ретінде әр адамның жеке жауапкершілігі бар. Осы жауапкершілікті толық сезініп, қоғам ретінде бірігіп амал жасауға тырысқан кезде ғана мәселенің шешілу коэффиценті жоғарылайды.

Тақырыптың өзектелігі. Ғаламтор қазақ оқырмандарының өмірінің ажырамас бөлігіне айналған кезден бастап ақпаратты таратудың ескі үлгісімен ғана жүру аздық ететінін түсіндік. Адамдар бұрынғыдай газет оқымайды, дәл баяғыша теледидардан кешкі жаңалықтарды күтетіндер көп емес және үйде радио ұстайтындар да бірен-саран. Халық бұл платформалардан мүлде арылып кеткен жоқ. Бірақ, дәл осылай жалғаса берсе, келесі ұрпақ жаңалық дегеннің не екенін білмей қалар ма еді, апталық газеттеріміз баспаханадан бірден архивке аттанар ма еді. Әйтеуір, қазіргі көзқараспен бәрі мүмкін сияқты және сол мүмкіннің бәріне ғаламтор кінәлідей, әрі бұл мәселеден ғаламтордың өзінен басқа ештеңе құтқара алмастай көрінеді. Құтқарды. Дұрысы – журналистердің заман талабына ыңғай білдіре алуы, бір орында отыра бермей дамуға тырысуы құтқарды. Кештеу, әлсіздеу, бірақ жоқ емес. Шынында, оларда басқа амал жоқ еді. Не жаңа әдістерді қолға ала бастайды, не ағыстан шығып қалады. Иә, бұл өзгеріс кішкене қаталдау болды. Қанша қатал болса, сонша қызық, әрі табысты деуге болады. Адамзаттың бұл өзгерісі қазақ оқырмандарының тек жаңа бағыт пен платформаға әкелген жоқ, сонымен бірге, өмір сүрудің жаңа стилін сыйлады. Не үшін дәл осы тақырыпты таңдадым? Цифрлы журналистика қаншалықты өзекті болса, ондағы мәселелер де соншалықты өзекті.       Журналистер өз алдына ғаламтордың қыры мен сырын үйренуге ұмтылып

жатыр, оқырман өз алдына бұндай ақпаратты дұрыс қолдануды үйренуге тырысуда. Осы екіжақты ұмтылыстың екеуінде де мәселелер жеткілікті. Ал оған тек бұл екі жақ қана кінәлі емес деп санаймын. Мәселенің түбірі тереңіректе. Ең қызығы, бұлардың бәрі бір-біріне тікелей байланысты және бұл айналым ешқашан шешілместей көрінеді. Бұл мәселелердің шығу себебін және оларды шешуге қатысты ұсыныстарымды егжей-тегжейлі сараптап негізгі бөлімнің екінші тарауында баяндаймын.

Тақырыпты зерттеудің мақсаты мен міндеттері.  Мақсат – Қазақстандағы онлайн басылымның назар аударуымыз керек мәселелерінің қаншалықты маңызды екенін көрсету және солардың шешімі бола алатын механизмдер ұсыну, онлайн медиа редакцияларының жұмысымен танысып, олардың нәтижелірек, жақсырақ жұмыс істеуіне кедергі болып отырған факторларға сараптама жасау. Осы мақсатты орындау үшін мынадай міндеттер бойынша жұмыс істедім:

– қазақстандық онлайн басылымдарға мониторинг жасау;

– нарықтағы танымал онлайн басылымдардың жұмысын бағалау;

– онлайн басылым редакторымен сұхбаттасу;

– мәселелерді журналистік кәсіби жағынан бөлек, азаматтық тараптан анализдеу;

– қазақстандық басылымдар мысалы арқылы нақты мәселелерге назар аударту;

– теориялық анализдер арқылы мәселелердің шешу жолын ұсыну.

Зерттеу жұмысының пәні: ақпараттық сайттар мен бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары.

Жұмыстың теориялық – әдістемелік базасы.  Бұл дипломдық жұмыс шетелдік және отандық ғылыми мақалалар мен әдебиеттер негізінде жазылды.

Зерттеудің жаңалығы және тәжірибелік маңыздылығы.  Аса күрделі емес болса да, әлі күнге дейін басылымдардың сапасы мен болашағы үшін қабылдануы керек шешімдер мен қажет өзгерістер осы дипломдық жұмыста ашық жазылады. Бұл жұмыстарды онлайн басылымның құрылымдық негізіне айналдыру арқылы қазақ журналистикасын түбегейлі орнынан қозғап, серпін беруге болады және жүйелі түрде айналысу арқылы тұрақты даму жолына түседі.

Дипломдық жұмыстың құрылымы.  Бұл ғылыми еңбек кіріспеден, екі тараудан, төрт бөлімнен, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

  • ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОНЛАЙН БАҚ: ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ 

1.1 ДӘСТҮРЛІ БАСЫЛЫМНАН ОНЛАЙН БАСЫЛЫМҒА КӨШУ ПРОЦЕСІ.

Бұл процесс бірден бола қойған жоқ. Адамдар бір күннің ішінде теледидарды өшіріп, жазылған газеттерінен бас тартып, сайттардағы ақпаратты тұтынуға ауысып кеткен жоқ. Сол сияқты журналистер де бірден ескі стилінен заманауиланып кете қойған жоқ. Қазірдің өзінде радиодан басқа ештеңеге сенбейтін тыңдарман да, ақ қағазға көк сиямен жазғаннан танбайтын журналистер бар. Бірен-сараң. Бірақ, бар. Көшу процесі қалай басталды? Әрине, басқа жаңалықтар сияқты бұл да дамыған шетелден келген үрдіс еді. Біздің қоғам әдеттегідей біраз кешігіп, бірақ ерекше қарқынмен ғаламторды жаулай бастады. Тұтынушы ретінде ғана, әрине. Қалай дегенмен, журналистиканың цифрлануына екі жақтан да әсер болды. Біреуі – тұтынушылар тарапынан сұраныс пайда болды. Мүмкін бұны басқаша атау керек шығар. Бірақ адамдардың назары және, сәйкесінше, ақшасы ғаламторға ауа бастағанда бұқаралық ақпарат құралдары да олардың артынан баруға мүжбүр болды. Аудитория жоқ жерде ақша да жоқ екені белгілі. Бұл журналистер үшін ештеңемен алмастыра алмайтын мотивация болды. Екінші әсер – жаһандық өзгеріс. Бүкіл әлем, оның ішінде біз үлгі алуға тырысатын дамыған батыс мемлекеттері ғаламтордың зейнетін көріп, соны дамытып, қолданысқа енгізіп жатқанда біз есігімізді жауып үңгірде отыра беруімізге болмас еді. Осы себепті, елден қалмай өзгерістерді аз-аздан біртіндеп енгізіп отыруға тура келді. Бұл қағаз бен қаламға төселіп қалған азулы журналистердің бәріне бірдей жаға қойған жоқ. Өзгерістерге ілесіп кете қою оңай емес еді. Сол үшін де бұл прогресс біреулерде баяу, басқаларында, салыстырмалы түрде, жақсырақ жүрді.

Онлайн басылым келген кезде біраз өзгерістер болды. Олардың жағымсыз да, көңілге жайлы жақтары да болды. Жақсы тұстары келесідей:

– бұл өзгеріс журналистиканы дамытты. Бәсекелестік бұрынғыдан бетер артып, журналистерді көбірек, жылдамырақ, сапалырақ жұмыс істеуге мәжбүрледі;

– сайт пен әлеуметтік желіден парақшаны ашып, оны жүргізу және ақпарат тарату басқа кез-келген БАҚ түріне қарағанда физикалық тұрғыдан оңайырақ, әрі тезірек. Кез-келген сайт пен парақша туралы емес, БАҚ ретінде тіркелген басылымдар туралы айтып отырмын. Рұқсат алу жағын санамағанда, компьютермен ғана жасалатын жұмыстар азырақ уақыт пен ақшаны қажет етеді;

– оқырмандар оңай таңдай алу мүмкіндігіне ие болды, сонымен қоса, таңдау бұрынғыдан бетер көбейді. Бұрын бірнеше газетті таңдап, соларға ғана бір жылға жазылып оқушы едік. Қазір ғаламтордан бір уақытта бірнеше сайтты қарап шығуға болады және оларды күн сайын ауыстырып отыруға болады. Оған қоса, бұл үшін бір тиын да төлемейміз.

– журналистер еркіндігі. Бұл басылымның жұмыс режиміне байланысты, әрине. Бірақ, онлайн басылым қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Журналистер іс-сапарда жүріп-ақ мақалаларын жазып сайтқа жүктей бере алады.

– оперативтілік. Бұл осы ресурстың беретін ең керемет мүмкіндігі болар. Материалды дайындап қойып баспаханаға жіберіп, олардың шығарып болғанын, оны халыққа таратып болғанын күтем дегенше көп уақыт өтіп кетеді. Бұл газеттен гөрі қауесет тез тарайды. Телевизия мен радиода тікелей эфирге шығуға мүмкіндік бар. Дегенмен, дәл эфирдің уақытында хабарсыз қалған көрермен сайттағыдан 10 минут кейінірек оқи алмайды.

– кері байланыс. Дәстүрлі басылымдар үшін оқырмандарының кері байланысын алу оңай шаруа емес. Ол үшін оқырманның есіне үнемі салып отыру керек, оқырман ерінбей хат жазып жіберуі керек немесе редакцияға келіп пікірін білдіреді. Ал электронды жүйеде бұл функцияны іске қосу және оқырмандардан кері байланыс алу айтарлықтай оңайырақ. Кез-келген мақаланы қанша адам көргенін, қанша адам соңына дейін оқығанын, олардың қаншасына ұнағанын және өз достарына таратқандар санын білуге мүмкіндік бар.

Көшу процесінің жағымсыз жағына мән берейік:

– журналистер де, оқырмандар да бұл өзгеріске бірден дайын болған жоқ. Олар жүйеге үйренісіп кеткенше біраз уақыт қажет болды. Оларға үйретіп отыратын адамдар да табыла қойған жоқ. Сондықтан, бұл біраз жерде тәуекел мен қиындық тудырған болуы мүмкін.

– желінің өзіне ғана тән мүмкіндіктері өзіне ғана тән проблемаларды тудырды. Жалған ақпараттың ретсіз, тез, бақылаусыз таралуы, кибербуллинг сияқты онлайн медиа тудыратын мәселелер туралы екінші тараудың екінші бөлімінде толық ашып түсіндіремін.

– тағы бір жағымсыз тұсын психологияға қатыстылығымен түсіндіруге болады. Өте көп мүмкіндіктер шексіз көп ақпараттар ағынын алып келеді. Ресми БАҚ өкілдерінен бөлек жекелеген адамдар мен ұйымдар, кез-келген ерінбеген адам ақпарат бөлісіп, таратуға тырысып жатыр. Бұл адамдардың назарын жаулап алуды қиындатады. Яғни, адамдар бір нәрсеге ұзақ уақыт бөліп оқып отыра алмайды. Оны қызықтыратын, назарын аулайтын, алаңдататын өте көп факторлар бар. Бір оқырманды ұстап тұру мүмкінідігі азайғанымен қоса оқырмандар санының азаюы әбден мүмкін. Оның да себебі осы: ақпарат таратушылар шамадан тыс көп.

– шексіз мүмкіндіктер дегенмен, оларды қолдану үшін де күш пен ресурс керек. Осындай кезде ақшасы мен билігі барлар нарықты жаулай береді, әлсіздерге қиын бола береді.

– рейтинг жүргізуге мүмкіндік болған кезде журналистер рейтинг үшін жұмыс істеп кетеді. Олар қатты назар аудартатын тақырыппен түкке тұрмайтын материал жазуға ұялмайды. Өйткені, ол көп адамның назарын аудартып рейтинг жинап жатыр. Басшылықтың сұрайтыны да осы.

– оқырманда көп таңдау болған кезде бұрынғыдай тұрақты оқырмандарды жинау, олардың сеніміне кіру өте қиын. 

1.2 ОНЛАЙН БАСЫЛЫМ АУДИОРИЯСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ МЕН ҚАЖЕТТІЛІКТЕРІ.

Бұл аудитория дәстүрлі басылымнан өзгерек. Олар өздерінің ережелерімен жүреді және БАҚ оның ығына жығылады. Мысалы: газет өзі қалаған уақытта шығады, оқырман соны күтіп оқиды, теледидардағы бағдарламалардың өз уақыты бар, сол уақытты көрермен күтіп көреді. Ал онлайн БАҚ-та бұл тіптен басқа. Оқырман «бұл сайт қашан шығарар екен?» деп күтіп отырмайды. Кім бірінші ақпарат таратса, сол жеңеді.  Басқаларына, сәйкесінше, назар да, ықылас та азырақ бөлінеді. Бұл сайыста оқырман ойын ережесін енгізеді деуге де болады. Бұнымен бітпейді, егер ақпарат адамды қызықтыра алмаса, еңбекпен жинаған оқырманнан тез-ақ айырылып қалуға болады. Өйткені, оқырман үшін қолжетімді ақпарат көздері жеткілікті. Бұл сайттың суреті ұнамаса, тақырыбы тартпаса, дәл сол ақпаратты басқа жерден оқу оңай. Сонымен қоса, бұл платформада адамдардың назарын ұстап тұру қиынға соғады. Өйткені, жалпы адамның назары бір жерде сақталу ықтималдығы аз. Дәл осы ғаламтор  адамзатты тез ақпаратқа, тоқтаусыз жылдам қозғалысқа үйретіп тастады. Бұны даму деп те қарастыруға болады, заманның алып келе жатқан тығырығы деуге де болады. Бірақ, факт сол күйі қала береді. Жылдам ақпарат таратуды үйренгеніміз жақсы. Бірақ, бұл жаңа мәселелер тудыруда және оны шешу барған сайын қиын болып бара жатыр. Неге? Қозғалыс бар жерде – даму бар. Оған еріп отыру үшін бұрынғыдан да көбірек қозғалыс керек. Оған үлгеру үшін әрдайым жаңа білім мен бейімділік керек. Ал «қазақ журналистері бұған қаншалықты дайын?» деген бөлек сұрақ. Оған бөлек жауап керек. Дәл бұл ситуацияда салмақ тұтынушыларға емес, ақпарат өндіріп, таратушыларға түсіп отыр. Халық жаңа техникаларды тез игеріп, трендтен қалар емес. Бірақ, олардың қажеттіліктерін толық қанағаттандыру әлі де қиын. Заманауи мәселелер заманауи шешімдерді қажет етеді. Онлайн медиа тауарын тұтынушыларын ерекшелейтін де осы фактор. Олар жаңа дүниеге ашық, бұрын болмаған нәрсені оңай қабылдайды, оны тез меңгеріп алады және өзгерістер үшін кінәламайды. Сондықтан, еш уайымсыз қорықпай эксперименттер жүргізуге болады. Өйткені, осындай өзгерістер ғана дамуға әкеледі. Онлайн басылым оқырмандары дамуды қалайды. Журналистер олармен бірге дамуы керек. Бұл фактор басқа платформаларға тән емес деуге болмайды. Оған мысал келтіре кетейін. 2020 жылғы әлемдік пандемия кезінде АҚШ журналистері де үйде жұмыс істей бастады. Осы уақытта «14 First Alert» арнасының ауа-райы болжамдарын жүргізушісі эфирге өзінің Бэтти деген мысығымен шыққан кезде елдің назары соған қатты ауа бастады [29]. Бұл болжамдарды тек жергілікті тұрғындар емес, Еуропа халқы да тамашалайтын болды. Бұл жоспарланбаған ерекшелік болса да, халық түсіністікпен қарап қана қоймай, керісінше, қолдау көрсетті. Бұл көрермендердің стандарттардың бұзылып, жаңаша әдістер қолдануына қарсы емес екенін көрсетеді. Сондықтан, тек онлайн медиа журналистері ғана емес, барлық журналистер жаңашыл болғаны жақсы. Халық оған ашық және бұндай өзгерістерді жақсы көреді. Бұл жаңа медиа ақпаратын тұтынушылар басқалардан гөрі ерекшерек екенін көрсетеді.

Енді онлайн БАҚ оқырмандарының қажеттіліктерін саралап көрейік. Онлайн БАҚ оқырмандарының талаптары жоғары, талғамы бар, еңбек пен қабілетті бағалай алады. Осы ерекшеліктеріне сай қажеттіліктері де қалыптасқан. Олардың негізгілері мыналар:

  1. Оперативтілік. Оқырман жылдамдықты талап етеді. Онлайн басылымда бір ғана ереже бар: не бірінші бол, не ерекше бол, не жоқ бол! Шынында, бұл ережені басқа медиалар да ұстанады. Бірақ, онлайн басылым мен дәстүрлі медиа жылдамдықтарының максимумын салыстыруға болмайды. Онлайн медиа құралдарының өзі үлкен жылдамдыққа мүмкіндік береді. бұны қолданбау – күнә. Ал дұрыс қолдана білгендері үлкен артықшылыққа ие болады. Оқырмандар бір басылымның тұрақты бірінші болып ақпарат тарататынын түсінген кезде ол оқырман сізбен бірге ұзақ уақыт болады. Адамдар еңбекті бағалайды. Оқырмандар репутациясы жақсы басылымға сенім білдіреді. Ол үшін алдымен олардың сеніміне ие болу керек және сол репутацияны сақтап тұру үшін имиджді дамытуға назар аудару керек. Бұл тізбек оқырман мен басылымның арасындағы қарым-қатынасқа алып келеді. Бұл қатынасты орнату үшін, оның жақсы болуы үшін тек редакция жұмыс істейді. Басылым қаншалықты адал болса, оқырмандары үшін жұмыс істесе, оқырмандары да соншалықты кері байланысты нығайта түседі. Ол да алып бара жатқан қиын стратегиялық шаруа емес, ең бастысы, басылым ретінде, оқырман алдындағы принциптеріңізді анықтап, сол принципті бұзбасаңыз жеткілікті. Осы принципті жақтаған адамдар жинала береді, ұнатпағандар кете береді және әр басылым осылай жұмыс істесе, олардың әрқайсында өз оқырмандары қалыптасады. Кейін барлық уақытта сол оқырмандар ақша да әкеледі, абырой да береді, қиын кезде құтқаруы да мүмкін.
  2. Ерекшелікке де тоқталайық. Басылымдардың принциптері, жұмыс істеудегі қолданатын амал-техникалары, журналистерінің мектептері басылымдарды бір-бірінен ерекшелеп тұрады. Бұл ерекшеліктер басылымдардың жақсы жағына, «фишкасына» айналуы әбден мүмкін. Соны анық көре білу керек және көрсете білу керек. Бұл неге маңызды? Көп ақпарат жылдам құйылғанда оқырман олардың ішінен таңдауға мүмкіндік ала бастайды. Сол кезде бір-бірінен аумайтын басылымдар назардан тыс қалады. Осы кезде өзінің фишкасы бар, ерекшелігімен жаулап алатын платформалар алға шығады. Объективтілігімен, сапасымен ерекшеленсе, тіпті керемет.

Бұл ерекшелікті қалай анықтау керек? Жаңа қалыптасып келе жатқан басылымдар өздері анықтап, бір бағытта жұмыс істей бастауына немесе мықты басылымдарды үлгі етіп, солардың ұнамды, өткір жағын жинақтап өз ерекшелігіне айналдыруына болады. Егер жұмыс істеп келе жатқанына біраз болған, тұрақты оқырмандары бар, бірақ, ерекшелігін білмейтін басылым болса, бұл туралы өз оқырмандарынан сұраған жөн. Солай ол адамдар не үшін дәл осы басылымды таңдағанын біле алады. Дәл осы нәрсе басылымның ерекшелігі деп санай аламыз. Бұл ерекшелікті әрі қарай да дамыта беру қажет.

  1. Адалдық. Кім болса да, шындықты білгісі келеді. Кез-келген оқырман тек шынайы ақпаратты оқығанды ұнатады. Оған қоса, ол өз сұрағына жауап табуға ұмтылады. Яғни, оқырманға жәй ғана шынайы, тексерілген ақпарат берудің өзі аз. Кез-келген керек ақпаратты беруден қорықпау керек. Айтылмаған шындық өзі өтірікпен тең. Ол да адалдыққа жатпайды. Бірақ, ол бәрінің қолынан келе бермейді. Әсіресе, Қазақстанда бұл қиындау. Оның себебін мәселелер бөлімінде қозғаймын. Дегенмен, адал, әрі шынайы болу барлық кезде, барлық жерде барлық адам үшін қиын болған. Журналист үшін бұл екі есе қиын. Бұл адамның принциптеріне тікелей байланысты. Бұл үлкен тәуекелді қажет ететіні белгілі. Бірақ, адамның сенімін жаулау әркез қиын ғой. Адал басылымның оқырманы да адал.
  2. Креатив. Бұл категория екіншіге жақын. Бірақ, екеуі бір нәрсе емес. Ерекшелік үнемі сақталып отыратын бір принцип, басылымның бөлігі, жазу стилі болуы мүмкін. Ал креатив тұрақты болуы міндет емес. Жүйелі түрде болып тұрса жетеді. Бұл неге қажеттілікке жатады? Адамдарды бірнәрсеге үйретіп қою аздық етеді. Оларды арасында сілкіп отыру керек. Әйтпесе, зерігіп кету қаупі бар. Қазір бір басылым ұнаса, онымен бірге мәңгі болатын оқырмандар аз. Олар не үшін дәл осы басылымды оқуды жалғастыруы керек екенін үнемі дәлелдеп отыру керек. Ол үшін арасында қызық рубрикалар жүргізуге болады, дизайн жаңартуға болады, ерекше материалдар дайындауға болады. Оқырман креативті материалды бірден байқайды және бағалайды.
  3. Қолжетімділік. Заманауи оқырман кез-келген нәрсенің өзіне ыңғайлы болғанын қалайды. Сол үшін әр оқырманның қалауына мән беру керек. Сол үшін заманауи онлайн медиа барлық платформада оқырмандары үшін жұмыс істейді. Мысалы, бір ғана Tengrinews-тың барлық әлеуметтік желіде ресми парақшалары бар. Жеке адамға қай желі ыңғайлы болса, сол арқылы ақпарат ала береді. Солайша, әр парақшадан негізгі сайтқа сілтеме жіберу арқылы аудиторияны бір жерге жинай алады. Бұл неге маңызды? Әр әлеуметтік желінің сүйікті қолданушылары болады. Басылым ретінде біз олардың біреуіне ғана мән берсек, басқа платформалардағы аудиториядан айырылып қаламыз. Оларға жеке-жеке мән беріп әрқайсына қолжетімді ақпарат бере алу арқылы басылым өз оқырмандарын ойлайтынын көрсетеді және сол арқылы көбірек аудитория жинауға да мүмкіндік алады. Бұл соңы емес. Әр платформадағы аудиторияның ерекшелігін де, желінің беретін мүмкіндіктерін де ескере отырып, негізгі ақпаратты соған сәйкестендіріп бейімдеу керек. Бір мәтінді инстаграмға да, твиттерге де, сайтқа да жаза салуға болмайды. Олардың әрқайсына өз ерекшелігі мен сұранысына сай түрлендіріп жазу керек.
  4. ОНЛАЙН БАҚ-ТЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ МЕН ОНЫ ШЕШУ ЖОЛДАРЫ  
  • ОНЛАЙН БАҚ-ТАҒЫ СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ, ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ, ҚАРЖЫЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕРІ 

 

Көп мәселелер бар. Ішіндегі маңыздыларын, өзектілерін, кейінгі қалдыруға болмайтындарын қарастыруға тырыстым. Олардың бәрі бір-бірімен байланысты. Дәстүрлі БАҚ-қа қатысты мәселелер онлайн БАҚ-қа да қатысты және одан бөлек уникалды мәселелер де жеткілікті. Бұлардың бәрін екі топқа бөліп, оларды бөлек қарастырамын. Бірінші топ – журналистиканың дамуына, дұрыс жұмыс істеуіне кедергі болып отырған мәселелер, екінші бөлік – біз қалайтын дәрежеге жетпеген журналистиканың кесірінен туатын мәселелер. Яғни, онлайн басылымдардың әсерінен халықта, қоғамға ортақ және жеке адамның басында пайда болатын мәселелер. Себептері мен салдары десек те болады.  Олардың қайсы маңыздырақ екенін айту қиын. Бірақ екеуі де актуалды, екеуі де назар аударуға тұрарлық деп есептеймін. Біртіндеп сараптап көрейік.

Журналистердің сөз бостандығы. «Бүкіләлемдік пресса еркіндігі индексінің» 2020 жылғы рейтингі бойынша Қазақстан 180 елдің ішінде 157- орынды алады. Тіпті, шекарасын жақында ғана ашқан Өзбекстанның өзі бұдан жоғары тұр. Осылайша, біз Орта Азия елдері ішінде сөз бостандығы бойынша Қырғызстан мен Өзбекстаннан кейінгі үшінші орынды аламыз. Бұл елдермен қоса, Ресей, Түркия, Беларусь елдері де рейтингтің қызыл деңгейінде тұр. Қазақстан тағы бір саты төменге түссе, ең соңғы қара деңгейдегі Қытай, Ирак, Тәжікстан, Әзірбайжан, Түркменстан, Сауд Арабиясы елдерімен бір қатарда тұрады [31].

Бұл мәселе журналистикадағы сөз бостандығынан емес, «Қазақстанда сөз бостандығы бар ма?» деген сұрақтан басталуы керек. Журналистерді былай қойғанда адамдар өз ойларын бүкпесіз айтуға мүмкіндігі бар ма? Конституция цензураға тыйым салып, сөз еркіндігіне кепілдік береді. Бірақ, конституцияның іс жүзінде сақталуына ешкім кепілдік бере алмайды. Бұның себебі неде? Қызғылт көзілдіріксіз журналистика ешқандай да төртінші билік емес екенін көре аламыз. Оны журналистер де, билік те қаншалықты ерте мойындаса, соншалықты бәрі үшін жақсы. Төртінші билік болу үшін қалған үш биліктің журналистер жұмысына кедергі келтірмеуі тиіс. Журналистер өздігінен зерттеулер жүргізе алуы керек. Оларға барлық ақпаратты алуға жағдай жасалуы керек. Ұйымдар мен мекемелер олардың жұмысына ыңғай жасап, заң мен атқарушы үкімет бұның орындалуын қадағалау керек. Одан бөлек, мемлекет әртүрлі әлеуметтік жеңілдіктер беріліп журналистердің еркін жұмыс істей алуына көмектесуі керек. Ал ресурсы мен билігі жетпейтін журналистерден тәуелсіз болуды талап ету күлкілі болар еді. Қалыптасқан жағдай бойынша журналистер қарапайым баспасөз хатшысының өзінен керек ақпаратты дер кезінде ала алмау қаупі бар. Оның себебі, баспасөз хатшылары ауызша сұранымға жауап бермеуге, жазбаша сұранымды бір аптаға дейін шегеруге құқылы. Оны ақпараттың өңдеу процесінде болғанымен түсіндіре алады. Демек, мекеменің баспасөз хатшысымен ара-қатынас жақсы болмаса, базалық ақпараттың өзін ала алмайсыз деген сөз. Алуға мүмкіндік болған кезде ақпараттың өзектілігі жоғалып ешкімге керек болмай қалады.

Теориялық тұрғыдан бір-бірінен тәуелсіз деп есептелетін үш билік бар. Ал журналистердің билігі осылардың ешқайсына қазіргі жағдайда тәуелсіз болуы мүмкін емес. Өйткені, біріншіден, журналистердің құқықтарын қорғайтын заңдар аз және олар әркез сақтала бермейді. Журналистер мен ойын ашық айтатындар үшін қауіп әлі де бар екенінің дәлелі болатын соңғы жағдайлардың бірі – Арман Шораев пен Әлнұр Ілияшевтің қамалуы болды. Олар желіде жалған ақпарат таратты деген айыппен қамауға алынған еді. «Factcheck.kz» жалған ақпаратқа қарсы ұйым ретінде бұл жаза тым қатаң деп есептейді [22].

Екіншіден, егер үкімет мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарын қаржыландыруын тоқтатса, қазіргі үлкен медиалар өз жұмысын бірден тоқтатар еді. Сол үшін бұл БАҚ-тар әлі күнге дейін финанстық тұрғыда тәуелді бола береді. Бұл тәуелділік олардың еркіндігіне тікелей кері әсер етеді. Иә, мемлекеттің қаржыландыруымен де айтарлықтар тәуелсіздігін сақтап отырған шетелдік медиалар бар. Ең қарапайым мысал: көрші Қырғызстанның өзінде оппозициялық басылымдарды қаржыландырады. Бірақ, отандық басылымдардың ішінен бұндай қаһармандарды әлі көре алар емеспіз. Не «Азаттық радиосы» секілді шетелден қаржыландырылады, «Factchek.kz» сияқты тәуелсіз қорлардан қаржы алады, не әртүрлі қысымдардың әсерінен жұмысын тоқтатады.

Бұл мәселені шешудің бірнеше қадамдары бар:

  1. Мемлекет сөз бостандығы мен журналистердің құқықтары туралы заңның орныдалуын қатаң қадалағауы керек. Журналистердің құқықтарын қорғайтын заңдарды күшейту керек. Солай болса ғана күзетшілер журналистермен төбелеспейтін болады, солай ғана активист студенттер операторлардың камераларын қағазбен жаппайтын болады, солай ғана митингтегі журналистердің жұмыс істеуіне кедерді жасамайды, солай ғана журналистерді жазған сыни материалы үшін қамамайды. Бұл, өкінішке қарай – жалғыз ғана жол. Заңды күшейтпей, оның орындалуын қадағаламай адамдардың өз санасымен бұндай түсініксіз жаман әрекеттерін тоқтатуы неғайбіл. Шын мәнінде, бұл журналистердің қате әрекеті кесірінен туындаған мәселе емес. Ең өкініштісі – бұл тек журналистерге тән мәселе де емес. Бұны шешу үшін журналистердің тарапынан қандай әрекеттер керек екенін де дөп басып айту қиын. Бұл мәселенің жалғыз шешімі – биліктің өзгерісі. Екі ғана жол бар: не билік бұған қатысты позициясын өзгертуі керек, не биліктің өзі өзгеруі керек. Басқа жол жоқ.
  2. Әр басылым мемлекеттік бюджеттен бөлек кіріс табу жолдарын қарастыру керек. Бұның қаншалықты маңызды екені келесі пунктте түсіндіріледі. Қысқаша логикалық түсіндірмесі мынау: ақшаға тәуелсіз болмай тұрып толық тәуелсіз бола алмаймыз, сәйкесінше, сөз бостандығы да, басқа бостандық та бола алмайды. Сол үшін ең алдымен шешу керек мәселелердің бірі – осы. Оның да бірнеше шетелдік тәжірибеде қолданыста бар бірнеше модельдерін ұсына алам:

а) Халықтан ашық түрде ақша жинау. Яғни, ақпаратты сатуға болады. Дамыған елдердің кейбірінде халық сапалы ақпаратты сатып алады. Осылай олар өздерін пайдасыз, әрі толассыз ақпарат ағымынан сақтайды. Демек, ол жақтағы оқырмандар дұрыс ақпараттың қаншалықты маңызды екенін саналы түрде түсінеді. Біз де өз оқырмандарымызды соған үйрете бастауымыз керек. Журналистердің өзі сапалы жұмыс істеген кезде ғана сапалы оқырмандар қалыптасады. Бұл үрдіс тек журналистерге тән емес, басқа әртүрлі салаладағы тәуелсіз жұмыс істеушілер донат жинап, жұмыс істей алады. Мысалы, тәуелсіз контент жасаушылар, аудармашылар, дубляждаушылар, видеоойыншылар, ресми емес басылымдар, т.б. Бұл ұят емес. Бұл – норма.

ә) Жеке брендті қалыптастыру арқылы тек ақпаратты ғана емес, әртүрлі қосымша элементтерді сатылымға қоюға болады. Ол журналистикаға қатысты да, қатысты емес те нәрселер болуы мүмкін. Басылым өз мамандарымен бірге жас талапкерлерге журналистика академиясын ұйымдастыруға болады. Осы арқылы қосымша табыс тауып қана қоймай, болашақ әріптестерін тәрбиелейді, жастардың өз басылымына деген көзқарасын қалыптастырады, жақсартады. Сол сияқты кәсіби кітаптар басып шығарып, сатуға болады. Бұл тек журналистикаға қатысты нұсқалар. Дегенмен, бұдан бөлек те амалдар жасауға болады. Мысалы, Ресейдің өзінде «Дождь» деген басылым өз брендінің қосымша өнімдерін сатумен айналысады. Олардың ішінде киімдер, аксессуарлар, әртүрлі бұйымдар бар. Бұл тек қосымша табыс көзі емес, брендтің жарнамасы да бола  алады. «Дождь»-тің логотипі оқырмандар үстіне киіп жүрген киімінде болса, басқаларды да қызықтыруы әбден мүмкін. Осылайша, басылым қаржы көзін табады, оған қоса, тегін тұрақты жарнамаға да қол жеткізеді [26].

б) Жарнама. Қазақ басылымдары жарнама алуға болатынын біледі. Жарнама жасап табыс тауып жүрген басылымдар да бар. Бірақ, салыстырмалы  түрде, бұл аса дамымаған деуге болады. Бұрын, қазақша басылымдардың оқырмандары азырақ еді, қазір олай емес. Оқырман бар және олар ақпаратқа зәру. Оларға кез-келген жақсы өнім беріп, сұранысын қанағаттандыруға болады. Бірақ, мәселе оқырмандардың бар-жоғында емес, олардың сапасында.  Себебі, қазақша оқитын оқырмандардың төлем қабілеттілігіне жарнама берушілер тарапынан күмән бар. Бұл да оқырмандардың сапасына тікелей қатысты дүние. Бұған да алдыңғы логика жұмыс істей береді: басылым сапалы өнім ұсынса, сапалы оқырман да қалыптасады. Сондықтан, басылым толық тәуелсіз болуы үшін, онда сөз бостандығы болуы үшін, еркін жұмыс істеу үшін оған лайық болу керек. Алдымен, сапалы жұмыс істеп нарықта өз орнын қалыптастырып алса, басылым өлмейді.

в) Спонсормен жұмыс істеу. Бұл мәселені толық шешіп, толық тәуелсіздікке жеткізбейді. Бірақ, бірқатар жақсы жақтары бар. 1. Мемлекеттің ықпалында болғаннан жеке адамның ықпалында болу жақсырақ. Себебі, жеке тұлға ұлттық идеология жүргізуге, сол үшін халықтан бірдеңелерді жасыруға мүдделі емес. Ол барынша көп адамның назарына ілігіп, өз жарнамалауға, өзін жақсы жақтан көрсетуге мүдделі. 2. Спонсорды таңдау мүмкіндігі бар. Таңдау үшін нұсқалар сондай көп емес, бірақ ақшалы азаматтар баршылық. Мемлекетті таңдай алмаймыз және оның идеологиясы, саясаты ұнамаса, басқа мемлекетке жұмыс істеп кете алмаймыз. Ал жеке адамның қарамағында жұмыс істегенде одан кетуге мүмкіндік әрдайым бола береді.

Бұл теориялар әркез дұрыс болмауы да мүмкін. Сондықтан, бұл жол тәуекелге толы. Спонсорды таңдаған кезде, онымен келісімге отырар кезде көп нәрсеге мұқият мән беру керек және осындай сәттерде принциптен аттап кетпеу өте маңызды.

Журналистердің шығармашылық мүмкіндіктері. Бұл мәселенің түпкі негізі олардың сөз бостандығына, еркіндігіне жақын. Алайда, одан бөлек қосымша қарастыруды талап ететін бөліктері де бар. Сонымен, қазақстандық басылымдардың журналистерінде шығармашылыққа байланысты қандай мәселелер болуы мүмкін?

  1. Басылым саясаты. Редакцияның саясаты журналистерге бірқатар цензура жасап беруі қалыпты жағдай. Олар жеке журналистің ерекшеліктеріне қарай өз басылымдарын ыңғайлап өзгертпейді. Оның орнына басылымның бағыты мен стиліне сай журналистерді ыңғайлағанды дұрыс көреді. Бұндай бейімдеулер әрдайым жаман деуге болмайды. Қалай дегенмен, басылымды таңдау еркіндігі журналисте қала береді ғой. Бұған қоса, біздегі көп басылымдардың жеке саясаты тек биліктің саясаты аясында қалыптасатынын ескерсек, басылымдардың принциптері еркін ойлы журналистер үшін біраз қиындықтар тузығатыны таң қалдырмайды. Бұндай ситуацияда «журналистікі дұрыс па, басылымдікі дұрыс па?» деген сұрақ маңызды емес. Бұндай мәселе қаншалықты жиі туындауы мүмкін, олар қаншалықты маңызды деген сұрақтар маңызды. Қалай болғанда да, бұл мәселенің өзектілігі кемімейді және мәселе өзімен өзі шешіліп кетпейді. Бірақ, өте маңызды бір сұрақ қала береді: редакцияның саясаты құқықтық, саяси, адамгершілік, этикалық принциптерге сай ма? Егер сай емес болса, журналист өте қиын жағдайға тап болады. Басшылық пен өз принциптері немесе халыққа адалдық позициялары қатар келгенде олардың арасынан дұрыс таңдау жасау өте ауыр ситуацияға алып келеді. Өйткені, принциптік тұрғыдан бұл жұмыста қалу мен принциптеріңді сақтау арасындағы таңдаумен тең. Бұл жағдайда өзіне адал бола алатындар кемде-кем. Себебі, журналистердің әлеуметтік жағдайы мен қоғамдағы социалды статусы бұндай мүмкіндіктер бере алмайды. Бұндай кезде ол үшін ең абзалы – өз принциптеріне қайшы келмейтін басылымға көшу немесе тәуелсіз жұмыс істеу. Бірақ, біздікіндей әлемде бұлай істей салу оңай емес. Ондай басылымды табудан бөлек, онда орналаса алу, онда өзің қалағандай жұмыс істей алу мүмкіндігінің ықтималдығы үлкен емес. Бұл қай кезде мүмкін болар еді? Тәуелсіз басылымдар әртүрлі бағытта өз ерекшеліктерін тауып, тек өз принциптеріне сай жұмыс істеген кезде және сол басылымдар жаңа қызметкерлерді тек қабілеттері бойынша бағалап жұмысқа алған кезде ғана журналистер үшін ізгі қоғам мен жайсаң нарық орын алар еді [9].
  2. Қаржылық қиындықтар. Оралдың ар жағындағы бір ауылдың 120 жастағы қаһарманынан ұзақ бақытты өмірдің сырын білу үшін сұхбат алғыңыз келді дейік. Осы талап туындаған кезде жәй ғана ұшаққа билет алып аттанып кете сала алмаймыз. Оны басылымның бюджеті де, журналистің жеке қаражаты да көтеруі екіталай. Ондайлар жоқ емес, әрине. Бірақ бұл көпшілікке ортақ нығмет емес. Демек, актуалды мәселе. Бұл жәй сұхбат алу мүмккіндігінен айырғаны журналист үшін соншалықты катастрофалық мәселе тудырмайтыны рас. Алайда, сұхбаттан бөлек журналистердің жұмысында өте маңызды, әрі қаржылық ресурстарды қажет ететін бөліктері бар. Мысалы, журналистік зерттеу. Иә, бұл Қазақстанда соншалықты қатты дамымаған және соның көп себептерінің бірі де осы. Журналистік зерттеуді қажет ететін көптеген оқиғалық тақырыптар, саяси, экономикалық, әлеуметтік және басқа да мәселелер оқиға орнында болып, кейіпкерлермен жеке сөйлесіп жағдайды бақылауды қажет етеді. Бұнсыз зерттеу жүргізудің өзі мәнсіз болады. Дәл осындай мәселелерге қатысты финанстық қиындықтар туындайды. Бұл неге маңызды? Осы мәселе шешілер болса жас журналистер басқа қиындықтарға қарамастан журналистік зерттеуге бас сұғуы мүмкін болады. Осылай ғана осы сала да, жалпы журналистика да дамиды. Ал бұл саланың беретін нәтижелері журналистердің сапалы материалына, халық алдындағы беделіне әсер етеді. Дәл осы жол журналистердің халыққа беретін пайдасын арттырар еді. Сондықтан, осы мәселені шешу маңыздылығы жоғары.
  3. Әлеуметтік бедел. Журналистердің қоғамдағы орны қандай? Бұл сұраққа қатысты журналистер қатары екіге бөлініп қарастырылуы керек. Алғашқы топ – жұлдыз журналистер. Көбіне, арнаның бет-бейнесі болып жүрген, танымал журналистер жұлдыз ретінде қалыптасады. Арналар солардың келбетін пайдаланып сол журналистің фанаттарын қалыптастыруды ойлайды. Сол арқылы дәл сол фанаттар журналист үшін арнаның тұрақты көрермені, тіпті, жанашыры болып шығады. Мысалдар: Нартай Аралбайұлы, Мейіржан Әлібекұлы, Гүлназ Әлімгерей, Махаббат Есен, Ләйлә Сұлтанқызы, Бейбіт Әлібеков (тәуелсіз журналист), Динара Сәтжан, тағы басқалары. Ресейден Юрий Дудь, Владимир Познер, Иван Ургант, Владимир Соловьв дегендер бар. АҚШ-та бұл тіптен керемет дамыған. Ол жақтың Ларри Кинг, Опра Уинфри деген сияқты журналистері жәй ғана қызыл кілемге шығатын жұлдыздар емес, ақшасы мен атағы тең ықпалды адамдар. Журналистердің екінші тобы – қарапайым халыққа такси жүргізушісінен айырмашылығы аз қауқарсыз бейшара болып есептеледі. Жоғарыда айтылған, енді айтылатын барлық мәселелер журналистердің көп бөлігінің осындай беделге ие болуына жағдай жасап берді. Бұл неге алып келеді? Адамдар журналистерге сенбейді, оларға бүкпесіз сырын ашып айта алмайды. Журналистер халықтың мәселесінің шешімін табуға көмектесе алатынына сенбейді. Шын мәнінде де журналистер бірдеңені түбегейлі өзгертуге күші жетпейді. Сол үшін журналистер халықпен бірге екендігіне күмәнмен қарайды. Осы сенімнің жоқтығының кесірінен адамдар журналистерге көмектесуге тырыспайды. Журналистерге халықтың көмегі өте маңызды. Себебі, олар ақпараттарды даладан тауып ала салмайды. Оқиғаның кейіпкерлері де, құрбандары да, куәгерлері де халықтың ішінде болады. Халық журналистерге қорқынышсыз сенгенде ғана өз ақпаратымен бөліседі. Ал ақпаратсыз ешқандай журналистің құны болмайды. Одан бөлек бұл халықтың арасында әртүрлі қызметкерлер де бар екені түсінікті. Олар өз жұмысын істегенде журналистке жол ашып беру мүмкіндіктері бар. Бірақ оны істей ме, істемей ме, ол тағы да сенім мен қолдаудың мәселесіне қатысты. Осындай кезде журналистің заңдық тұрғыдан кейбір ресурстарға қол жеткізуге құқығы болуы керек. Олардың ішінде архивке, құжаттардың қоймаларына, мемлекеттік мекемелерге, мемлекеттік органдарға кіріп керек ақпаратын еркін ала алатындай жағдай жасап беретін құқық беру керек. Журналистердің «корочкасы» бірдеңені шешуге қауқарлы болғанда ғана олардың абыройы болады. Мысалы, Түркияда журналистердің кез-келген транспортты қызметтік мақсатта тегін қолдануға рұқсаты бар. Бұл олардың жұмыстарын жеңілдетіп қана қоймайды. Сонымен бірге, халықтың журналистердің жұмысына қатысыты пірікін де жақсартады. Әлеуметтік бедел деген осы. Оған журналистердің өзі де, халық та, үкімет те ат салыса алады.
  4. Жұмыс режимі және еркіндік. Шығармашылық еркіндікке жұмыс орнындағы жағдай, әріптестер мен басшылықтың көзқарасы, жұмыс уақыты графигі, корпоратив өз әсерін тигізбей қолмайды. Қазақстандық көп басылымдардың жұмыс уақыты басқа жұмысшылардікіндей 9:00-ден 18:00-ге дейінгі тоғыз сағаттық жұмыс негізінде жүзеге асады. Бұл дәстүрлі жұмыс режимі ретінде қалыптасқан жағдайды өзгерту кейбір басылымдар үшін қиынға соғып отыр. Солардың бірі Қазақстан Темір Жолы газетінің тілшісінің хабарлауынша редакцияның жұмыскерлердің қашан келгенін бақылап, белгілеп отыратын бөлек қызметкері бар екен. Ол қызметкер адамдардың қанша минут кешіккенін, қанша уақытқа ерте кетіп жатқанын жазып, сол көрсеткіштер бойынша премия тағайындау тәртібі де жүзеге асады. Яғни, көп кешіксе, қосымша сыйақы да жоқ. Бұл логикаға сыйымды дұрыс шешім болып көрінеді. Бірақ, бұндай жүйе жазалау принципіне бағытталған. Қызметкерлерді ынталандыру, уәждемесін арттыру тәсілімен емес, оның орнына қорқыту, қармақта ұстау жолымен басқаруды көздейді. Бұндай менеджмент қызметкерлердің пайдалы әрекеттер коэффицентін арттырмайды, керісінше төмендетеді. Соның ішінде журналистер үшін бұл тіпті тиімсіз жүйе. Себебі, бұл шығармашыл адамдар. Оларға еркіндік керек. Оңай жүріп-тұру арқылы ғана өз қалағанын істей алады. Қалағанын істеу арқылы ғана көздеген нәтижесіне жете алады. Журналистикадағы менеджментке қатысты біз карантинде қолданып жатқан амалдарды батыста еретеден-ақ қолға алған. Солардың бірі – BBC арнасының редакциясының басым бөлігі қашықтан жұмыс істеуге әлдеқашан көшіп кеткен. Редакцияда тек редактордың өзі, техникалық жауапкершілігі бар қызметкерлер және кезекпен ауысып отыратын кезекші журналистер отырады. Ал шығармашылықпен айналысушылар өз үйлерінде немесе жұмысқа қатысты оқиға орнында жүріп-ақ материалын дайындай береді. Бұл өзгеріс олардағы жұмыс тиімділігін 30%-ға арттырған [11]. Олардың бұндай жүйеге көшуге мүмкіндігі бар және бұл аса үлкен қиындықтар тудырмайды. Оның себебі, редакция журналистері мультимедиаланған. Бір адам жалғыз өзі бірнеше маманның қызметін атқара береді. жазуды да өзі жазып, суретті де өзі түсіріп, видеоны да өзі монтаждап, дыбысты да өзі қойып ақпаратты дайындап, өңдеп тарата бере алады. Бұл адамдардың бір-бірінен тәуелсіз және қашықтан байланыссыз жұмыс істей алуына мүмкіндік береді. Бізде де журналистердің еркіндігін арттырып жатқан басылымдар бар. Дегенмен, бұл мәселе көпшілік үшін актуалды болып қала береді.
  5. Ақпарат қолжетімділігі. Былай қарасақ, журналисті ақпаратсыз елестету қиын. Бәрінің алғашқы ақпарат көзі журналист сияқты көрінеді. Алайда, бәрі соншалықты оңай емес. Журналистің өзі де бұл ақпаратты керек жерден алып, өзі соған қол жеткізуі тиіс. Осы кезде туындайтын қиындықтар журналистің шығармашылық еркіндігіне, ол, сәйкесінше, жұмыстың нәтижелілігіне әсерін береді. Қандай мәселелер болуы мүмкін? Бірінші мәселе – акредитация. Акредитация дегеніміз – журналистің қандай да бір маңыздылық деңгейі жоғары мекемеге кіруге құқық алуы. Айталық, парламент отырысына қатысуға журналист ұмтылды делік. Бұндай жерде көрінген адамды кіргізе салмайтыны белгілі. Алайда, бұндай рұқсатты ала салу да оңай емес. Егер, журналист оппозициялық жазбалардың авторы болып, жаман жағынан көзге түскен болса, оның жағдайы тіпті қиын. Ресми түрде оған бас тарту қиын емес. Мысалы, мемлекеттік арналар мен басылымдардан бірнеше журналисті қатар кіргізіп лимидті толтыра салуға болады. Бұндағы мәселе журналистердің алалануында. Бұны шешу жолы қандай? Бір ғана жолы бар. Ол – әділдік орнату. Барлық мәселені шешу үшін бұл маңызды элемент. Ал дәл осы мәселе бұнсыз еш шешімін таба алмайды.
  6. Журналистердің саяси партия мүшесі болмауы. Журналистік объективтілік деген ұғым барлық уақытта актуалдылығын жоғалтпайтын құндылық болуы шарт. Ал егер журналист қандай да бір саяси партияның өкілі болатын болса, ол толыққанды объективті жұмыс істей алмайды. тіпті, қаласа да. Әрі бұл нәрсе журналистің шығармашылық еркіндігіне де тосқауыл болады. Себебі, партия мүшесі болған адам оның ішкі мәселелерін зерттеп жариялай алмайды. Оның ішкі цензурасы қалыптаса бастайды, партия өкілі ретіндегі міндеттері мен журналистік кәсібилігі арасындағы таңдаудың қайсын таңдаса да дұрыс шешім бола алмайды. Ал бұл басылым үшін маңызды мәселе болып қала береді.
  7. Бәсекеге қабілетсіздік. Тұтас қазақ журналистикасының дамыған елдердікімен бәсекеге түсе алмайтынынан бөлек, ішкі медиа орталықтар бір-бірімен әділ бәсеке жасай алмайды. Оны қайдан көреміз? Жәй ғана жаңалықтарды қарап отырсақ, бір ақпаратты көп жерден бірдей күйде көруге болады. Мағыналық айырмашылықсыз бірдей ақпаратты барлық медиа тарата береді. Айырмашылық тек ақпаратты беру тәсілінде ғана. Неге бұлай болып отыр? Бұл мамандардың кәсіби деңгейін көрсетеді. Пресс-релизді сол күйінде өзгеріссіз жеткізетіндер де бар. Бұл дегеніміз баспасөз хатшысының журналистерге арнап жазғаны халыққа кетіп жатыр деген сөз. Бұл халыққа түсініксіз, әрі тартымсыз ақпарат тарап жатқанын білдіреді. Жаңашыл журналистер бұлай істемейді.

«Ескі мектептің» журналистері қазір бәсекеге қабілетсіздікке ұшырап отыр. Олар заман ағымына қарай өзгеріп отыруға, халықтың қажеттілігіне сай ыңғайланып отыруға тырыспаған кезде өзгеріссіз, сәйкесінше, дамусыз қалады. Алға жылжымаған нәрсе бір орында тұра алмайды. Ол артқа шегіне береді. Ал олардың орнын жаңашыл, жалынды, білімді, амбицияға толы жас журналистер басады. Ал үлкендердің көпжылдық тәжірибесі мен сол уақытта жинаған беделі оларды толқында ұстап тұра алады. Бірақ, бұл да дамуға әкелетін жол емес.

Бұның бәріне журналистердің өздерін кінәлай беруге де болмайды. Адал бәсекенің болмауына олардан бөлек биліктің де әсері бар. Жоғарыда айтылған ақша бөлінісіндегі айырмашылық та монополия қалыптастырып бәсекені жоюға алып келеді. Қыруар ақшаға жұмыс істейтін басылым мен аз ғана бюджеті бар басылымның арасындағы бәсеке адал деп айта алмаймыз. Өйткені, олар бұл ақшаны өздері тауып жатқан жоқ, мемлекеттен алып жатыр. Адамдардың салығын монополия жасау үшін қолданғанның кесірінен нарықтағы журналистердің бәсекесі әлсіреп халық сапалы ақпаратқа қол жеткізе алмай отыр.

Жалғыз себебі бұл емес. Практик журналист Асқар Ақтілеудің айтуынша, қазақ басылымдары, қазақша жазатын журналистердің өзі жалқау. Тіпті, Қазақстандағы орысша жазатын басылымдар әлдеқайда еңбекқор, әрі талапты көрінеді. Бұлай айтуының себебі де жоқ емес. Салыстырмалы түрде, аймақтардағы орыс басылымдары кез-келген ақпаратты бірінші болып шығарады. Басқа басылымдардың жазғанын дәл солай қайталамайды. Қазақ сайттары бір ақпаратты еш өзгеріссіз, қосымша талдаусыз таратып жібере алады. Бұл жалпылама басылымдардың бейнесі. Бұл суреттемеге кірмейтін, тек сапалы материалдар шығаратын басылымдар да бар. Олардың қатарына «The village Kazakhstan», «The steppe», «We progect», «Factcheck.kz» сияқты заманауи басылымдарды жатқызуға болады. Солардың бірін талдап көрейік.

«The village Kazakhstan – Астана мен Алматыдағы актуалды оқиғалар, мәдени, қоғамдық өмір, бизнес, стиль, тамақ, көңіл көтеру туралы сайт. Біз қарапайым адамдардың оқиғалары арқылы қаланың феномендерін ашамыз». Сайт өзі туралы осылай жазады. Бас директоры – Айсана Әшім [4].

Бірінші ерекшелік – дизайн. Сайттың визуалды эстетикасы сақталған, тартымды түстердің үйлесімділігі сақталған.

Екінші  ерекшелік – жазу стилі. Басылым барлық ақпаратты қамтуға бәрі туралы жазуға тырыспайды. Оның орнына тұрақты айдарларға қатысты материалдарды жүйелі түрде шығарып отырады. Осылайша, оқырмандар сайттан не күткені жөн екенін алдын ала толық түсініп отырады және сайтқа өзі саналы түрде кіреді. Мәселен, оқырман стиль туралы жаңалықтарды білгісі келсе сайттың осы рубрикасына арнайы кіріп қарайды. Басқа айдарға да дәл солай кіріп оқи береді. Егер оқырманға керек рубрика жоқ болса, оқырман бұл жерден іздеудің керек емес екенін бірден түсініп отырады. Бұл қолданушылар үшін өте ыңғайлы жүйе. Себебі, керек нәрсесі бар-жоғын білместен оны іздеуге көп уақыт жұмсау бұл заманның адамдары үшін өте тиімсіз [4].

Үшінші ерекшелік – сайт құрылымында. Әр рубриканың бөлек терезелерінен бөлек жаңалықтардың бөлек лентасы бар. Олардың тақырыптары заметка ретінде жазылып, толығырақ мәліметке сілтеме жасайды. Шолып шығуға да, оқуға да ыңғайлы [4].

Осы үлгімен «Егемен Қазақстан» сайтын мысалға алып көрейік. Неге дәл осы сайт? Өйткені, бұл басылым мемлекеттік тапсырыс алатындардың алдыңғы ондығына кіреді. Бір ғана 2018 жылдың өзінде 901 700 549 теңге бөлінсе, 2009 жылдан бері бас-аяғы 6 665 619 330 теңге алған [28]. Бұл «The village Kazakhstan» алған суммадан дәл осыншаға көп. Бұл екі басылым бір-біріне мүлде ұқсамайтын екі түрді саясатты ұстанады. Бұл олардың материалдарынан да, тақырыптарынан да анық көрінеді.

«Егемен Қазақстан» басылымының сайтының визуалдық көрінісінен суреттерге көбірек орын беріліп, азырақ жазуды көрсетуге тырысқанын байқауға болады. Бұл дизайнерлік тұрғыдан жақсы шешім. Алайда, суреттердің үйлесімділігі жағынан әлі де жұмыс істеуге болады. «The village Kazakhstan» сайтындағы суреттердің үйлесімділігіне әсер еткен бос орындар еді. Яғни, сурет пен жазудан бөлек адам көзі демалатын бос кеңістік болғаны керек. Бұл минимализм стилін елестетіп, адамдарға жайлылық сезіндіреді. Ал бұл мысалдағыдай суреттер көзге шабуыл жасап, назарды өзіне аудартуға тырысып жатқандай көрінеді. Бұл талғамға қатысты мәселе болғандықтан, толықтай дұрыс, не қате деп айту қиын. Бірақ, үнемі жаңашаланып, өзгеріп отыруды талап етеді [5].

«Егемен Қазақстан» мемлекеттік басылым болғандықтан биліктің жақсы жағын насихаттауға тырысатыны түсінікті. Соған сай көп суретте костюм киген салмақты кісілердің бейнесі кездеседі. Бұл бір қалыптылық та адамдарды зеріктіру қаупі бар. Барлық мәселе суреттерде ғана емес, мәтіндерде  де бар. Мәселен, Айбын Шағалақтың Қуаныш Сұлтанұлымен болған мына сұхбатына мән беріп көрсеңіз, мәтінді оқып отырып елдегі жағдай бірқалыпты жақсы деңгейде де деп ойлап қалуға болады. Журналист сұрақтарды нейтралды қояды, бірақ жауаптың бәрі бірсарынды биліктің жұмысын мақтау және оны ұзақ сөйлемдер арқылы жеткізу болған. Бұндай сұхбаттар адамдарды қызықтырып оқыта алмайтыны бөлек әңгіме, ең маңыздысы осындай мәтінді оқыған соң халық елдегі аса маңызды мәселелерді аңғармайды. Ал бұған басылым әрдайым кінәлі бола береді. Тіпті, журналист өз позициясын білдірмей нейтралдылықты сақтаса да [5].

Бұны «Егемен Қазақстанның» ерекшелігі деп қарастыруға болады. Ал мен осы арқылы мемлекеттік тапсырыс алатын және алмайтын екі басылымның арасындағы айырмашылықты көрсеткім келді. Қай басылым кім үшін жұмыс істейтіні олардың мақалалары жеткізетін ойдан көрінеді. Ал ізгі қоғамның тәуелсіз журналистері халық үшін жұмыс істейді [5].

«Zero.kz» қазақстандық сайттар рейтингісінің көрсеткіші бойынша ақпараттық сайттардың ішінен алдыңғы қатарды «Zakon.kz», «Stan.kz», «Астана тв» және «Хабар 24» арналарының сайттары алады екен. Олай болса, оларға да көз жүгіртіп көрейік.

«Zakon.kz» сайтының ерекшелігі спецификасында. Яғни, күнделікті жаңалықтардан бөлек заңға қатысты өзгерістер мен жаңалықтар, үкімдер мен қаулылар жарияланады. Бұл халықтың құқықтық, саяси сауаттылығы үшін үлкен рөл ойнайтын құрал деп есептеуге болады. Сол үшін де халыққа бұл қызық болып отыр [27].

Өкінішке қарай, құқық, заңнама және бухгалтерге арналған бөлімдердің қазақшасы жоқ екен. Қазақша тек жаңалықтар ғана таратады. Бұл өзгерісті қажет ететін бөлік деп есептеймін. Себебі, қазақша оқитын оқырмандар үшін де құқықтық сауаттылық, заң білімі, саяси сауаттылық мәселелері өте өзекті болып отыр.

Қазақстандық басылымдардың қаржылық мүмкіндіктері. Басқа салалар сияқты журналистикадағы көп мәселенің себепкері ақша болып отыр. Бұндағы мәселе ақшаның жоқтығында емес. Тіпті, аздығында да емес. Ақша бөлінісінің әділетсіздігінде. Мемлекеттік бюджет әр басылымға жыл сайын белгілі бір сумма бөледі. Бірақ, ол ақшаның көп бөлігі биліктің идеологиясын насихаттаушы платформаларға кетеді.

Соңғы екі жылда бұндай ақша бөлінсі құпия сақталып келе жатыр. Оған дейінгі дерек бойынша 2018 жылғы біржылдық жалпы БАҚ-қа бөлінген сумма 53,5 млрд теңгені құрайды.

Ең көбі – «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қауымдастығы – 19 041 807 588 теңге;

«Хабар агенттігі» акционерлік қауымдастығы – 12 448 705 613 теңге;

«Оңтүстік астана телерадиокомпаниясы» акционерлік қауымдастығы – 1 439 647 498 теңге;

«Қазконтент» акционерлік қауымдастығы – 1 252 069 867 теңге;

«Казахстанская правда» республикалық газеті акционерлік қауымдастығы – 910 917 695 теңге;

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті акционерлік қауымдастығы – 901 700 549 теңге;

«Жетісу телеарнасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі –  504 985 000 теңге;

«Ақтөбе медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі –  202 228 147 теңге;

Ең азы – «North Lion Market» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі –  90 000 теңге [28].

Бұл сандар мемлекеттік және жеке, орталық және аймақтық БАҚ-тардың арасындағы айырмашылық өте үлкен екенін көрсетеді. Бұндай бөлініс неге дұрыс емес? Шынында, бұл көп қаржы бөлінетін басылымдардың өздері үшін де керемет жақсы емес. Олар «мемлекеттің қуыршағы» деген халық атағын алып қана қоймай, нарықты бәсекелестіктен айырады. Ақшасы көптің мүмкіндігі көбірек. Олар оқырманның көңілінен шығуға тырыспайды. Өйткені, оқырманның басылым өндіретін тауарды сатып алғанына мүдделі емес. Керек болса, сатып алуға мәжбүрлеп қояды. Газетті оқи ма, оқымай ма, аса маңызды емес, бастысы, мемлекет бөлетін ақшадан айырылып қалмаса болды. Сол үшін халыққа керек объективті, сапалы, сарапталған материал жасамауға да болады. Оның есесіне билікті қолдайтын, оның халық санасына әсер етуіне ықпал жасайтын материалдарды үзбейді. Моральдік тұрғыдан, бұл үлкен қылмыс деп санауға болады. Сенім артып өнімін тұтынып отырған халықтың орнына биліктің ыңғайына қарай жұмыс істеу – кем дегенде, аморальді әрекет. Шынында, мемлекеттегі бұл қаражат ауадан пайда болған жоқ, оның бәрін халықтың салығынан және мемлекеттік табиғи байлықтардан тұратын мемлекеттік бюджеттен алынып отыр. Ал қазба байлықтың өзі бүкіл халыққа теңдей тиесілі болуы тиіс. Біздің логикасыз сүріп жүрген өмір жүйеміз халықтың күнделікті өміріне де, айналып келгенде, журналистердің жұмысына тікелей жаман әсерін тигізіп жатыр. Бұның саяси мәселелерінен бөлек журналистикаға қатысты кәсіби мәселелерге де алып келетін жағы бар. Осындай жағдай бар кезде журналистердің жазу алаңы тарылады. Оларға көп шектеулер қойылады. Бұл олардың шығармашылық, кәсіби дамуын шектейді. Бұдан бөлек, жақсы қаражат бөлінетін басылымдардан басқа басылымдардың журналистеріне де қиын. Оларға да бірқатар шектеулер бар болғанымен қатар, олардың мүмкіндіктері тіптен аз. Өйткені, ақшасы аз. Кейбірі мемлекеттің ықпалымен жүретінін жасыруға мәжбүр. Ақша мәселесі тек журналистерге тікелей әсер етіп қоймайды, сонымен бірге, газеттің имиджіне, таралуына, нарықтағы орнына үлкен кері әсерін тигізеді. Олар жәй ғана мемлекеттік мекемелерге тегін таратып бере алады. Сол үшін де біздің университетте студенттер керек етпейтін жаңа газеттер жаңа күйінде қоқысқа кетеді. Бұл тек біздің оқу ордамызға қатысты мәселе емес, көп жерде солай. Ешкім керек қылмайтын, ешкімді қызықтырмайтын өнімді шығарушыда қандай абырой болсын? Ең өкініштісі – қалың бұқара жекелеген басылымдарды ғана емес, толықтай журналистер қауымының беделіне күмән келтіру қаупі бар. Ал бұның бәріне биліктің журналистикаға деген, журналистердің ақшаға деген қазіргі орын алып тұрған көзқарасының кесірінен.

Ақша бөлінісінің айырмашылық көрінісі қарапайым тілшілердің жалақысынан-ақ көрінеді. Астанадағы тілшінің орташа жалақысынан аймақтағы тілшінікі үш есе кем. Ал істейтін жұмыстары бір, халыққа танылу мүмкіндігі әртүрлі, жетістікке жету коэффиценті әртүрлі. Бұл журналистикаға ғана емес, кез-келген саланың мамандарына қатысты үрдіс. Дегенмен, бәрі журналистер сияқты көзге түсіп орталыққа кетуге ұмтылмайды. Бәріне бұл қажет емес, ал журналистер үшін басқы приоритетке ие. Осының әсерінен басқа облыстарда журналистика дамуы шегеріле береді. Ал орталықтағы нарықта бәсекелестік үлкейе береді. Оның басқа да бірнеше себептері бар. Жұмыс орны шектеулі, үміткерлер көп, журналистиканы оқып, бітіріп жатқандар да жыл сайын қосылып отырады. Ал оқу бітіруші жас мамандардың кәсібилігі, білімі, жұмыс істеу қабілеті, бәсекеге қабілеттілігі тағы бөлек сұрақтар тудырады. Шын мәнінде, журналистика мамандығында оқитын студенттердің жағдайы қазақ журналистикасының даму процесіне де тікелей қатысы бар. Журналистика факультетіндегі бүкіл мәселелер болашақ журналистің дұрыс қалыптасуына ықпалын тигізбей қоймайды. Ол қандай мәселелер болуы мүмкін?

  1. Журналистиканы оқытатын оқу орындарының көбеюі. Қазір еліміздің 17 университетінде журналистика мамандығын оқытады. Олардың бәрінде профессионал журналист мамандар, оқытуға арналған құрал-жабдықтар, студиялар, кітап-оқулықтар, оқыту базасы мен ресурстық база жеткілікті емес. Соның кесірінен жақсы білім беру мүмкіндігі азайып, нәтижелі жұмыс істеу мүмкіндігі азаяды.
  2. Университеттегі практикалық жұмыстардың аздығы. «төрт жыл журфакта оқыса да жазу білмейді» деген көзқарастың пайда болуына дәл осы жағдай әсер етеді. Студенттердің негізгі уақыты теориялық білім алуға кетеді. Өйткені, білім жүйесі осы мақсатқа негізделген. Сондықтан, кейбір студенттер теориялық тұрғыдан біліп тұған нәрсесін іс жүзінде қолдана алмайды.
  3. Жемқорлық. Іс жүзінде оқымаса да, тізімге ілініп, журналистика дипломын алатын адамдар бар жерде адамдардың дұрыс білім алуына көмектеседі деп айта алмаймын. Бұл журналистердің кінәсі емес, жүйенің кінәсі. Дегенмен, бұның бәрі журналистерді дайындайтын білім ордаларының сапасын төмендетеді.

Олардың сапасын ескермегеннің өзінде журналистикадағы еңбек нарығы, адам ресурсы сұраныстан әлдеқайда жоғары ұсыныстың бар екенін анық байқалады.

Осылар Қазақстандағы журналистердің қаржылық мәселелерін туындатады. Бұл бөлімде басылымдар үшін ақшаның қаншалықты маңызды екенін және оған тәуелді болу қаншалықты қауіпті екені түсіндіріледі. Бұл мәселелер толық шешілмейінше, нарықтық заманда журналистер толықтай ешкімге тәуелсіз болуы екіталай.

  • ОНЛАЙН БАҚ-ТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ПІКІР ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ КЕРІ ӘСЕРІ: ЖАЛҒАН АҚПАРАТ КИБЕРБУЛЛИНГ ЛОББИЗМ 

Әлеуметтік желі жаңа медиа құралына айналып ресми БАҚ-тың ажырамас бөлігіне айналғанына көп болған жоқ. Дегенмен, әлеуметтік желіні БАҚ  ретінде мойындамайтындар да кездеседі. Осыны ескеріп, алдымен неге әлеуметтік желіні БАҚ есебінде қабылдау керек екені және неге ондағы мәселелер журналистер үшін қаншалықты маңызды екеніне дәлелдер келтіріп өтейін.

  1. Эксклюзивті ақпараттар. Дәл осы әлеуметтік желіде саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, азаматтық белсенділер үндеулер, хабарламалар, түсініктемелер беріп жатады. Қарапайым логика: бұл олар үшін ыңғайлы. Оперативті, еркін, цензурасыз және ыңғайлы. Осындай маңызды ақпарат әлеуметтік желіде тарап жатқан кезде дәстүрлі БАҚ оны халыққа таратуға үлгермейді. Ал кешіккен ақпарат – өзекті емес ақпарат. Сондықтан, журналистер осы нарықты мониторинг жасап отыруы керек. Ақпар таратар кезде басқалардан алда болуы керек. Егер осындай миссияны тек әлеуметтік желі арқылы орындай алатын болса, онда бұл платформаны мойындағанымыз жөн деп.
  2. Журналистердің өзі осы жердегі жұлдыздардың жазбаларын мақалаға айналдыруға тырысып жатыр. «Ерке Есмахан Дубайда не бүлдіріп жүр?», «Мадина Сәдуақасова жалаңаш еркекпен суретке түсіп желіні шулатты» деген тақырыптағы жазбаларды дәл осы журналистер дәл осы желінің арқасында жазып отыр [29]. Дәл осы платформаға жазып отыр. Бұл дұрыс демеймін. Бірақ, осыған мүмкіндік бергені үшін әлеуметтік желіні мойындаймын.
  1. Барлық дерлік ресми ақпарат құралдарының танымал желілерде ресми парақшалары бар. Олар сайттарға оқырман тартады, бөлек те ақпарат таратады. Бұл парақшалардың рөлі үлкен. Көп оқырмандардың сайттың жарнамасын, материалын алғаш рет дәл осы желілерден көру ықтималдығы жоғары. Қарапайым адамдар өз достарының қандай парақшалардан ақпарат алатынын көріп, өзі де соған қызығуы мүмкін. Егер бұл парақшалар болмаса, ресми емес парақшалардың ақпаратын тұтына беруші еді. Өйткені, «сайтқа шықты ма екен?» деп кіріп көретін, күтіп жүретін оқырман жоқ. Газет туралы айтудың өзі артық.
  2. Бұның бәріне қоса, әлеуметтік желі тудыратын мәселелер БАҚ тудыратын мәселелерге ұқсас. Бірақ қамту алаңы үлкенірек, таралуы жылдамырақ, шектеу қиын, бақылау тіпті мүмкін емес. Енді осы мәлелерге көшейік.

Ақпараттық гигиена сақталмайтын бірден-бір орын – осы. Шексіз мүмкіндіктер берілгеннің екінші жағы бар: ол мүмкіндікті қолданғанда шектен шығып кетуі мүмкін. Әлеуметтік желі оперативті болуға мүмкіндік береді, бірақ соны пайдаланамыз деп асығыстықпен жалған ақпарат таратып жіберген сәттер жетерлік. Бұл мәселелерді тізбектеп, жекелей қарастырып өтейін.

  1. Жалған ақпарат. Ақпаратты тексерместен бірден халыққа тарату қазақ журналистикасында күнделікті жағдайға айналып кетті. Соңғы мысалдарының бірі коронавирусты қолдан жасап Қытайға сатқан ғалым туралы ақпарат. Дәл осы ақпаратты «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Holanews» таратқан. Оны Factcheck.kz жоққа шығарып әріптестері біраз ұятқа қалған еді [22]. Бұл ақпараттың жалған екені анықталып халыққа жеткізілді. Алайда, еленбей кетіп жатқан ақпараттар да бар. Тіпті, фейкті анықтап, кейін дұрыстағанның өзінде жалған ақпаратты оқығандардың бәрі оның қате екенін кейін біле қоймайды. Осылайша, сол өтірікке сеніп жүре береді. Ал жалған екенін білген оқырмандар бұл басылымға қайта сенуден қалады. Ол тек бұл басылымға емес, жалпы журналистерге сенімін жоғалтады. Демек, бір журналистің қатесі оның ұйымының имиджіне ғана емес, барлық әріптестерінің репутациясына зақым алып келеді. Бұл барлық мәселенің бастауы бола алады. Халық пен журналистердің арасындағы байланыс сенімсіз орнамайды. Халыққа керек болмаған журналистика ешкімге керек емес. Бұндай сала дамымайды, ғылым болып қалыптаспайды, болашағын құра алмайды.

Өкінішке қарай, Қазақстанда жалған ақпаратты тексеретін, кәсіби мамандар көп емес. Солардың бірі Factcheck.kz басылымының журналистері көп фейктердің бетін ашып халыққа ақпараттың шынайылығын тексеріп беруде. Бұдан бөлек тағы бірнеше жеке телеграм арнаның иелері болса да, бұл қазақстандық нарық үшін тым аздық етеді. Бұл мәселенің шешімін тек біржақты салдарымен күресіп шешуге болмайды. Ең алдымен оның себебімен күресу керек. Ал себепті екіге бөліп, екі түрлі механизммен шеше аламыз. Біріншісі – журналистердің кәсіби білім деңгейін арттырып, тек дұрыс ақпарат таратуға жетелеу. Екіншісі – жалған ақпарат тарап кеткеннің өзінде халықтың санасында фильтр болатындай етіп оларды ақпараттық қауіпсіздікке үйрету. Журналистердің квалификациясын арттыру қалай жүретіні түсінікті – білім беру жүйесін реттеу керек, қосымша курстар мен тренингтер өткізу керек, мамандардан кеңес алу керек. Бұлардың бәрі білім көтеруге арналған қарапайым шаралар. Қазірдің өзінде болмай жатқан жоқ. Бірақ, бұны жаппай өткізіп барлық журналистердің игеруін қадағалау керек. Ал халықтың ақпараттық қауіпсіздігін арттыру үшін, бірінші кезекте, оларды осыған тәрбиелеу керек.

Бұл тәрбие қалай жүзеге асады?

  1. Адамдарды кішкентай кезінен бастап өз ақпаратын қорғауға, басқалардың ақпаратына қол сұқпауға үйрету керек. Қарапайым дәптер көшіру, үй жұмысын көшіру деген сияқты дұрыс емес әрекеттердің әкелуі мүмкін жағымсыз нәтижелері қаншалықты маңызды екенін барынша толық түсіндіру керек. Осылай ғана бір реттік мәселені шешуге емес, жалпыұлттық мәселенің түбірін жоюға жұмыс істеу істейміз. Ал жазалау арқылы тәрбиелеу функциясы осыдан кейін ғана қосылуы керек. Әйтпесе, адамдардың білімсіздік шырмауынан бұлай құтқара алмаймыз.
  2. Заң. Осы сәтте жазалау функциясы да жұмыс істейді. Өйткені, халық жалған ақпарат таратудың өзіне қатысты кесірін сезінбесе, бұл нәрсеге жауапкершілікпен қарай қоймайды. Заң бойынша жала жабу бабы арқылы жазаға тартуға болады. Алайда, барлық жалған ақпарат жала жабуға жатпайды. Сонымен қатар, көп адамдар әлі күнге дейін бұндай заңның бар екенін де білмейді. Сол үшін заңды түсіндіру және насихаттау жұмыстарын көбірек жүргізу керек.
  3. Менталитеттегі стереотиптерге қарсы жұмыс жүргізу. Біздің қоғам үшін адамның жеке ақпаратын қысым жасап сұрау әдеттегі жағдай болып есептеледі. Осының кесірінен адамдардың бойында әу бастан жеке ақпаратты құпия сақтауға қорқыныш пайда болып, жеке ақпаратын қорғау иммунитеті дұрыс қалыптаспайды. Мәселен, «Қызың бар ма?», «Класта нешінші атамансың?», «Маған айтуға жарамай қалғаның ба?», «Жалақың қанша?», «Көлігіңді қаншаға алдың?» деген сияқты қисынсыз, әрі әдепсіз сұрақтар қою қалыптасқан менталитет үшін норма есебінде қабылданады және оған жауап бермесең, дөрекі адам ретінде қабылдайды. Осындай түсінікті жойып, әркімнің жеке шекарасын сыйлап үйрену керек. Сонда ғана адамдар басқа адамға тиесілі, немесе сенімсіз ақпаратты таратудан саналы түрде бас тартады. Адамдар қандай да бір шешімге өз еркімен саналы түрде келген кездегі эффект басқа кез-келген нәтижеден жоғарырақ болады. Сондықтан, бұл дұрыс жол деп сеніммен айтуға болады.

Фактчекинг. Дәстүрлі басылымға тән бұл мәселенің онлайн медиаға да қатысы бар. Оның ішінде әлеуметтік желіде жалған ақпараттың таралуы басқаларымен салыстырғанда оңайырақ. Бұл жерде журналистерден бөлек қарапайым халық та қателесе алады. Бұның ықтималдығы жоғарырақ және бұл қауіпті. Өйткені, оқырманның журналистікіндей кәсіби білімі жоқ, медиасауаттылығы дамымаған болуы мүмкін және олар бұндай ақпаратты таратып жібере алады. Осылайша, дәл соған ұқсас басқа оқырман тізбекке қосылып жалған ақпараттың таралуы вирустық жүйеге енеді. Бір басылымның тарапынан кеткен қателікті басқа адамдар дер кезінде байқай алса, ол басылым немесе журналистің өзі ақпаратты дұрыстап, халықтан кешірім сұрауға мүмкіндігі бар. Ал қарапайым адамдар қателесетін болса, оларға тікелей бағыттап қатесін көрсететіндер табыла қоймас, оларды оқыған адамдар еш күмәнсіз сеніп қалуы мүмкін. Оған қоса, жеке тұлғалар таратқан ақпаратына қатысты ешқандай жауапкершілік сезінбеуі де ғажап емес. Олар жәй ғана өз пікірін білдіріп жатырмын, оған сену-сенбеу өз еркіңізде деп ойлауы мүмкін. Бұндай ойлардың барлығы адамдардың адасуына алып келеді. Бұл жәй бір басылымның қателескенінен де қауіптірек. Өйткені, осыны пайдаланып халықтың ішіне іріткі салуы мүмкін. Бұл бір басылымды сатып алып, ол арқылы елді ірітуден гөрі қиынырақ ситуация. Себебі, оған кінәлілерді анықтау, оларды жазалау үлкен қиындықтар туғызады. Сол үшін бір журналистің қателеспеуі аса маңызды. Еш журналист халықтың адасуына әсер етпейтін болса, керісінше, тек шынайы, әрі керекті ақпаратпен қамтамасыз етіп отырса, халықтың ішінде жалған ақпарат тарау ықтималдығы төмендейді. Себебі, халық өзінің ақпараттық қажеттіліктерін толық қанағаттандыра алмаса, ол жөнсіз басқа ақпарат көздерінен тарайтын сенімсіз жаңалықтарға сене бастайды және оған күмәнмен қарауды доғарады.

  1. Кибербуллинг. Желі кез-келген ақпаратты оңай, әрі тез табуға көмектесіп дамуға шексіз мүмкіндіктер ашып беретіні рас. Бірақ, бұл оның мүмкіндіктерінің шегі емес. Оның көмегімен зиян әрекеттер жасап, адамдарға кесірін тигізетіндер де бар және олар көп. Осындай зияндардың біреуі – кибербуллинг. Сонымен, кибербуллинг деген не? Әлеуметтік желі біздің күнделікті өмірде қолданатын жаман сөздерімізді адресаттың өзіне бақылауға және оны басқа көп адамның көруіне мүмкіндік береді. ол қандай жаман сөздер? Адамдар табиғатынан басқаларды салыстыруға, бағалауға және соны өсектеп айтуға бейім келеді. Үйде шәй ішіп отырып көршінің баласын, арғы көшедегі әйелдің киімін, туысқанның жұмысын сынап отыратынымыз өтірік емес. Бірақ бұны олардың өзіне тіке қарап айта алмайтын едік. Дегенмен, бұл әңгімені бәрі барлық жерде айтатынын бәрі біледі. Бұл адам үшін қысымды туғызады. Ал әлеуметтік желіде бұл қысым еселеп арта алады. Себебі, бұл өсек әңгімелер тура объектке қарай бағытталады. Айталық, бір қыз өзі блок жүргізіп әлеуметтік желідегі парақшасына видеолар жүктеп жүр дейік. Адамдардың назары ауса, жақсы көлемде аудитория жинап блок жүргізу жағынан дами алады. Осы сәттерде оған тамсанып сәттілік тілеушілер көп болса да бірдеңесін ұнатпай үнемі шағымданып отыратын азшылық болады. Оларды «хейтер» деп атаймыз. Хейтерлер әрдайым адамның жанды жеріне тиетін әдеті бар. Мысалы, «мына видеоң онша емес екен» деуі мүмкін. Қарап тұрсақ, адам жәй ғана өз пікірін білдірді. Бірақ, блогер қыздың позициясынан назар аударар болсақ, жағдайға тіптен басқаша баға беруге болатынын көруге болады. Қыз өзінің сонша жасаған еңбегінен кейін адамдарға ұнамағанын көргенде өзінің қабілетсіз екендігі туралы ойлана бастайды. Бұл сонша ауыр мысал емес. Өйткені, бұл мысалда блогердің тауарына сын келтіріп жатыр. Бұл әрдайым олай бола бермейді. Бұдан бөлек, адамның жеке басына, соның ішінде, сырт келбетіне, образына, сексуалды ориентациясына, жақындарына, талғамына, үлгеріміне қатысты айтылған сындар объектке ерекше қатты әсер етеді. Бірқатар мысалдар: «фу, неткен ұсқынсыз едің!», «шошқа сияқты семіз қыз», «үстіне киіп алғанын қараңдаршы!», «сен жігітке ұқсайсың, шынымен қызсың ба?», «төсің кішкентай екен, ұят-ай!», «осындай болғанша, өле салмайсын ба?»… Олардың айтқан сөздері хейтерлердің өздері үшін ешқандай мәнге ие болмауы мүмкін. Олар бұл нәрсені тез-ақ ұмытып кетуі де ғажап емес. Ал кибербуллинг құрбандары үшін бұл өте ауыр соққы болады. Тіпті, адамдар оны ешқашан ұмыта алмай, әрдайым психологиялық зақым болып сақталуы мүмкін. Осының кесірінен жұмысын тоқтатып жатқандар, өмірлік комплекске ие болып жатқандар, пластикалық операция жасатып жатқандар, психологиялық ауытқуға ұшырап жатқандар, тіпті, сиуцидке барып жатқандар бар. Мәселенің шығу себебі неде? Осындай сөздерді жазатын хейтерлердің өздері комплекске ие болып келеді. Олар өздерін толыққанды дұрыс сезіне алмайды. соның әсерінен басқаларға осындай сөздер айту арқылы өзін-өзін бағалау деңгейін уақытша арттырғандай күй кешеді. Қарапайым тілмен айтқанда, бұдан ол қанағаттану сезімін сезінеді. Адамдарда өзіне деген махаббат пен толыққандылық сезімі жетіспеген кезде өздерін бақытсыз сезінгендіктен осындай әрекетке барады. Хейтерлер бұндай әрекетті саналы түрде де, санасыз да жасауы мүмкін. Біреулерінің мақсаты арнайы адамды сындыру, оған кесірін тигізу болуы мүмкін. Ал басқа біреулер жәй ғана ойын ретінде көріп әзілдесіп жатырмын деп ойлауы мүмкін. Ондайлар әдетте адамға зақым келтіріп жатқанынан хабарсыз болады. Оған қоса, олар өзінің хейтер екенін білмей алаңсыз өмір сүреді. Дегенмен, екеуінің де диагнозы бір. Олардың өздеріне махаббат жетіспейді, олардың өзі бақытсыз.

Кибербуллингтің қандай түрлері болады?

Біріншісі – мәтіндік буллинг. Яғни, адамдардың жәй ғана пікір қалдыруы, «комментарий» жазуы арқылы жүзеге асатын түрі. Жоғарыдағыдай сөздерді адамға бағыттап жазғанда  мысалдағы қыз өзін жаман сезінуі ықтимал. Бұны бір адам жазған кезде болуы мүмкін жаман әсері туралы түсініп алдық. Ал егер ол хейтерлер көп болса, одан пайда болатын жаман эффект те еселеніп үлкейеді. Бір ғана адамның бір ғана сөзі адамды терең депрессияға түсіріп, жағдайын қиындатуы мүмкін. Ал егер сондай адамдар тым көп болса жіне олар тұрақты шабуыл жасап отырса адамның өміріне қатты әсер ете алады.

Екіншісі – топтық буллинг. Белгілі бір топтағы барлық адамдар бір адамға қысым көрсетіп соған бағытталған шабуыл жасаса, оны топтық буллинг деп атаймыз. Елестетіп көріңізші, бірге жұмыс істейтін әріптестеріңіз бәрі кеш жасап сонда жиналса және сізден басқаның бәрін шақырған болса, қандай сезімде болар едіңіз? Оның себебі әртүрлі болуы мүмкін. Сіз жеткілікті деңгейде әдемі емес боларсыз, сіздің нәсіліңіз немесе ұлтыңыз басқа болар, басқалардан гөрі тым ақылды боларсыз, тым ақымақтау боларсыз, біртүрлі киінетін шығарсыз, басқалар сияқты ақшаңыз көп емес шығар. Қандай екені маңызды емес, әйтеуір бәрі білетін бір себеп бойынша осындай жағдай орын алған кезде бұл сізге психологиялық тұрақтылығыңызға сәйкес айтарлық әсер етеді. Қандай себеп болса да бұндай әрекет ақталмайды. Оған қоса, бұл біріншідегіден гөрі қаттырақ әсер етеді. Себебі, адам жалғыз болған кезде, оған бәрі қарсы болған кезде, бұны көтеру қиынырақ болады. Себебі, адамның жанында қолдау білдіретін ешкім болмайды.

Үшіншісі – адамның жеке шекарасына кіру. Адамның құпия ұстағысы келген ақпаратты білуге тырысу, соған қатысты сұрақтар қою, парақшаны бұзуға тырысу, адамның жеке хаттарын оқу, архивтеріне көз салу деген мысалдардың барлығы осы пунктке жатады. Бұл тек әлеуметтік желіде емес, адамдардың шынайы жеке өміріне де қатысты өте өзекті мәселе. Адамдар басқалардың жеке шекарасын сыйламаған кезде осындай әрекетке барады. Бірақ, бұл хейтерлер ғана емес, ата-ана, дос, туысқан да болуы мүмкін. Жақын адамдардың өзі адамның жеке шекарасына кіріп кететін кездер жиі кездеседі.

Төртінші – анонимді қауіп-қатерлер. Кейде желіде тек өз ойын, пікірін білдірумен шектелмейтін кездер болады. Оған қоса, адамдарды қорқыту-үркіту де болып тұрады. Айжан Байзақова мен Шырын Нарчаевалар ашық-шашық суреттерін жүктеген кезде адамдар тек сүйсініп, не айыптап қойған жоқ. одан бөлек, «ұстап алсам, өлтіремін», «қолыма түссең, аямаймын» дегендер де болды. Осындай мысалдарды анонимді қауіп-қатер деп атаймыз. Қауіптің қайдан, қашан, кімнен келетінін білмесек те, оның болуы мүмкін екенін біліп тұрған кезде үнемі қорқып жүруге тура келеді. Бұл да кибербуллердің қате әрекетінің нәтижесі.

  1. Лоббизм. Адамдардың санасына насихат арқылы әсер етуді және сол арқылы адамдарға манипуляция жасауды осылай атайды. Бұның қандай үлкен күш екенін және қаншалықты қауіпті екенін саналы түрде түсіну керек. Мемлекеттік, халықаралық, діни, азаматтық, қоғамдық деңгейде лоббизм жасайтын жеке тұлғалар, ұйымдар, тіпті, мемлекеттер де кездеседі. Олардың билігі, ақшасы, күші көп болған сайын лобби қауіптірек бола түседі. Әрине, бұндай шабуылда ақпараттық қарусыз болмайды. Оған қатысты қозғалыстан дәстүрлі медиа болсын, онлайн медиа болсын шетте қала алмайды. Бірақ, әлеуметтік желі арқылы жасалатын лобби ерекше қауіпті. Бұның себептері алдыңғы мәселелердікіне ұқсас. Оңай қолжетімді, халықтың ішіне іріткі салып жібере алады, сауаты төмен адамдар таратып жіберу қаупі бар. Сауаттылардың өзінен де күмәндануға болады. Ең жарқын мысалдардың бірқатары – Сириядағы жағдай, Араб көктемі, Қырғызстандағы көтеріліс. Бұлардың бәріне сыртқы күштің ақпараттық шабуылының қатысы бар деген көзқарастар бар және бұл жәй ғана болжам емес. Бұған елдің ішінен де біраз мысал келіруге болады. Әміржан Қосанов дәл осы әлеуметтік желідегі лоббидің күшімен көп адамды жүйенің өзгеретініне сендірді. Өйткені, сол кезде халықтың ықыласына ие бірнеше танымал адамдар соны насихаттай бастады. Әрине, бұл насихат ашық, әрі тіке жүрді. Соның өзінде бұған күмән білдіргендерден гөрі артынан ерушілер көп болды. Соңында бұл оның лоббиі емес екені де белгілі болды. Саясаттан бөлек тұрмыстық өмірімізге қалай еніп кеткенін түсінбей қалған құбылыстар мен түсініктер жетерлік. Темекі мәдениеті, рэп мәдениеті, k-pop мәдениеті, fast food мәдениеті, радикалды феминизм, ЛГБТ қозғалысы – бәрі ашық, әрі ұзақ лоббидің нәтижесінде өміріміздің бөлігіне айналды. Бұл абсолютті жаман деп те айту қиын. Өйткені, мемлекет идеологиясы, ұлттық идеология деген сияқты ізгі ұғымдарды жалпы ортақ насихаттаудың жақсы жағы да бар. Мәселе – ниетте. Оған қоса, бұнымен журналистер емес, саясаткерлер айналысқаны жөн. Әйтпесе, журналистік объективтілік деген нәрсе далада қалады. Дегенмен, кім болса да, кез-келген нәрсені журналистердің көмегінсіз істеуі көп уақыт пен ресурс шығынын алып келеді. Бұндай құрбандыққа баруды жөн көрмейтіндер журналистерді міндетті түрде пайдаланады. Оларға білдіртпеуі мүмкін, оларды қорқытуы мүмкін, қысым жасауы мүмкін, мүмкіндіктерін шектеуі мүмкін. Қалай болса да, бұның кез-келген жолы журналистер үшін өте көп қиындық туғызады. Оның нәтижесі тікелей халық үшін де, оппоненттер үшін де өте қиын. Ал бұл қабілетке кез-келген адам ие болғанда, оны сыртқы күштер мемлекеттің өзіне қарсы қолданғанда үлкен мәселелерге тап боламыз. Сол үшін де бұл аса қауіпті құрал. Қандай мәселелер туындауы мүмкін?

А) әділетсіз бәсекелестік. Сіз кішкентай қалашықта тұратын жалғыз ғана сүт өндіретін ферманың қожайынысыз деп есептейік. Жолдың қарсы бетінде жұмыртқа өндіретін құс фабрикасы бар. Кішкентай қалашықтың тұрғындары таңғы  асқа әркез жұмыртқа мен сүт қосылған қытырлақтың біреуін жейтін еді. Сіз өз бизнесіңізді дамыту үшін көрші ауылдарға сүт жеткізудің орнына, құс фермасының клиенттерін тартып алғыңыз келді. Өйткені, жол шығыны сіз үшін тиімсіздеу еді. Осы мақсатта сіз ауыл ішінде өсек тарата бастайсыз. Олардың біреуінде жұмыртқа бұзылып кеткені туралы, басқа бірінде осы жұмыртқадан омлет жеп уланып қалған бала туралы, тағы бірінде осы фермадағы тауықтардың ауруға шалдыққаны туралы және арасында жұмыртқада саруызды көп мөлшерде тұтыну денсаулыққа зиян екені туралы, оның орнын сүттегі майлар мен ақуыздар алмастырағаны жөн деп айта бастайсыз. Әрине, бұлардың бәрін өз аузыңызбен емес, ортаға лоббистерді салып жеткізесіз. Олар қалашықтағы шағын газеттің тілшілеріне ақша беріп, сүттің пайдасы туралы мақала жаздыртуы мүмкін. Бұл сізді мақсатыңызға жеткізіп, фабриканың клиенттерін сізге әкелді делік. Бірақ, бұл моральдік тұрғыдан қарағанда қаншалықты дұрыс? Қалай болғанда да, бұндай әдістерді қолдану заңға тікелей қайшы болмауы мүмкін болғанымен әркез әділетсіз бәсекелестіктің кесірінен нарықтың бұзылуына алып келеді. Бұл неге дұрыс емес? Өйткені, бұның кесірінен кішкентай ғана құс фабрикасы ғана емес, тұтас саяси партияға қатысты халықтың пікірін бұзып жіберуі мүмкін. Бұл елдің тағдырына тікелей әсер етеді және бұл әсер әрдайым жаман. Адамдардың, компаниялардың, партиялардың бір-бірінен озуға тырысып, бәсекелестікті арттырғаны жаман емес, керісінше жақсы. Бірақ, осы жолда осындай лас әдістерді қолданғаны дұрыс емес. Ал сол үшін журналистерді пайдаланғаны тіпті қате. Өйткені, бұл тек сол компанияның ғана емес, тұтас журналистер қауымының абыройын күмәнді қылуы мүмкін.

Ә) зиян насихат. Адамдар әркез сүт пен дұрыс тамақтануды, феминизм мен теңдікті насихаттай бермейді. Осылардың қоғаммен байланысқа жауап беретін мамандары сияқты алкогольді сусын өндірушілердің, темекі өнімдері компаниясының, тіпті, қару-жарақ сатушылардың лоббисттері үлкен жұмыс атқарып жатыр. Олар адамдардың бұл өнімдерге көзқарасын жақсарту үшін қыруар қаражат жұмсайды. «Здесь курят» фильміндегідей темекі компаниясының лоббисті телебағдарламаларға шығып, бір ғана эфирдің арқасында темекі шегу арқылы адам бақытқа кенелетініне сендіріп кетуі мүмкін. Бұл тек қана халықтың денсаулық әлеуетінің төмендеуіне әкеліп қана қоймайды. Сонымен қатар, адамдардың қалауына әсер етіп, олардың таңдауын, тіпті өмір сүру стилін өзгертіп жіберуге қауқарлы үлкен күшке ие.

Ресейлік алкоголь өндіретін компания лоббисі Агафонов Сергей Леонидұлы 2018 жылы Путинмен болған кездесуде әлемдік футбол чемпионаты қарсаңында алкоголь өнімдерін ашық жарнамалауға рұқсат беруін сұрайды. Оның айтуынша, бұл ұлттық мәдени құндылықтардың бірі болып саналады. Соны туристтерге көрсетуді ұсынады. Путин ойланып көретінін жеткізеді. Дегенмен, бұл жерде оның жауабы қандай болса да, лоббист өзінің жұмысын істеп үлгерді ғой. Ол қай нұсқада да жеңілмейді. Өйткені, кем дегенде, осы арқылы халықтың құлағына «алкоголь – мәдени мақтаныш» деген дән егіп кетті.

Б) саяси көзқарасқа кері әсер. Халықтың саяси білімді болуы, жағдайды объективті бағалай алуы, өз ұстанымдарына өзі келуі, оған ешкімнің әсеретпеуі максималды маңызға ие. Өйткені, азаматтардың дәл осы мәселеге қатысты көзқарасы мемлекеттің жағдайына, болашағына тікелей әсер етеді. Ізгі демократиялық қоғамның әр мүшесі өз билігін өзі таңдай алуы және оған өз талаптарын қоя алуы керек. Өйткені, кез-келген партияға, депутатқа, президентке билікті сеніп тапсырушы орган халық болып саналады. Осы таңдауды жасар кезде халықтың ой толғамына тікелей де, жанама да әсер етуші факторлардың барлығын жасаушыларды қылмыскер деп санауға болады. Олар бір адамның ойына әсер етуі арқылы тұтас мемлекеттің тағдырына әсер етіп жатқанын ұғынуы тиіс. Бұған лоббизмнің қандай қатысы бар? Биліктер халықтың санасына тікелей әсер бере алу мүмкіндігі аздау. Халыққа жәй ғана «маған дауыс беріңдер!» деп айту айтарлықтай нәтиже бермейді. Сол үшін билікте бірнеше құйтырқы жолдардың біріне түсуге тура келеді:

– Ердоған секілді кедейлерге көмектесіп, Түркияның көп бөлігін құрайтын кедейлердің қолдауына ие болуға болады;

– мемлекеттің арналардың бәрінен тек бір партияның тек жақсы жақтарын насихаттайтын жаңалықтар таратуға болады;

– жеке тұлғалардың жарнамасын қатты жүргізу арқылы соларды «сатып алып», артынан ерушілерге әсер етуге болады (мысалы, әншілер, блогерлер, жұлдыз қоғам қайраткерлері. Дулат Мұхамедқалиұлы ЖасОтанға мүше болғаннан «иглздардың» бір бөлігі бұған қатты назар аудара бастады);

– халықтың назарын мүлде басқа жаққа бұрып, маңызды нәрселерді байқатпай қоюға болады. Бұны біздің елде жиі тәжірибеде қолданады. 2015 жылғы девальвация кезінде Қытайға жер сатылуы жайында шу шығып, доллардың жайын ұмытып кеттік. 2019 жылғы президент сайлауы кезінде Байзақова деген блогердің  тұрмысқа шығу пранкі шығып біраз адамды есінен таңдырып жіберді. Бұл сияқты сәтті кейстің мысалдары жетерлік. Дәл осы әдіс әлі күнге дейін халықты үнемі өз қармағына жақсы іліп жатыр.

  1. Лоббиден басқа мақсаттар үшін де саясат ойыншыларына әлеуметтік желі қызмет етіп жатыр. Трамптың твиттерде жазған бір жазбасының өзі мұнай бағасын күрт өсіріп, әлемдік экономикаға тікелей әсер кетті. Дәл осы твитінде ол Сауд Арабиясның ханзадасымен сөйлескенін айтады. Жазуынша, ханзада Путинмен мұнай өндірісінің көлемін қысқартуға келісіпті. Осы жазбадан кейін әлемдік нарықтағы мұнай бағасы бірден көтеріліп кетті. Алайда, Путиннің баспасөз хатшысы ешқандай келіссөздің болмағанын айтып, мұнай бағасына тағы бір өзгеріс әкелді. Осы мысалдың өзінен-ақ бір ғана твиттің өзі қалай әлемдік экономикаға әсер ете алатынын көре аламыз. Қазақстанға қатысты мысал үшін айта кетейін, Қасым-Жомарт Тоқаев бір жыл бұрын ие болған орны үшін Елбасыға алғыс айтқанда бүкіл ел үлкен өзгерістен қауіптеніп, дүрлігіп қалды. Осы жазбадан кейін карантин уақытында Қасым-Жомарт Тоқаев отставкаға кетіп, орнына сенат төрағасы, әрі Нұрсұлтан Назарбаевтың туған қызы Дариға Назарбаева келуі мүмкін екенін хабарлайтын қауесеттер тарап, қазнет желісінде біраз талқыланған тақырыпқа айналды. Бұл факт тұлғалардың әлеуметтік желі арқылы туғыза алатын проблемалардың маңызын көрсетіп қана қоймай, әлеуметтік желінің күшін, өзектілігін тағы бір дәлелдейді.

«Жолы болмайтындар мен хейтерлер, кешіріңіздер, бірақ, менің I.Q-ім ең жоғарылардың бірі және бәріңіз бұны білесіздер! Бұл үшін өзіңізді ақымақ және сенімсіз сезінудің қажеті жоқ, бұған сіздер кінәлі емессіздер»

Бұл үрдістің жақсы жағын да көруге болады. Өйткені, бұл парақшаларда тек қана осы сияқты мәселелер емес, одан бөлек қарапайым халықты мерекесімен құттықтау жазбалары, саясаттағы әріптестерге алғыс пен құттықтау жазбалары, халыққа есеп беретін жазбалар да бар. Бұл президенттің, басқа да билік иелерінің халыққа жақын екенін, олардың постты комментарий жазуға болатынын көрсетеді. Бұл шындық болса – керемет, шын болмаса да – жаман емес.

  1. Қоғамда қауесеттер пайда болуына әлеуметтік желінің әсері. Журналистер қате ақпаратты таратпаған күннің өзінде басқа мәселелер жетіп артылады. Және ол мәселелерді жекелеген тұлғалар тудырғанымен қоймай, оны өздері де сезбеуі мүмкін. Қазір тек бізде емес, әлем бойынша әлеуметтік желіде жаңалық тарату үрдісі белең алып жатыр. Pew Research Center зерттеу орталығыны жүргізген соңғы сауалнаманың өзінде едәуір көрсеткішті байқауға болады. Оның нәтижесі бойынша американдықтардың үштен екісі әлеуметтік желілерден ақпарат алады екен және Twitter әлеуметтік желісін қолданушылардың 74%-ы сайттан жаңалық оқитыны белгілі болды. Әлеуметттік желінің маңыздылы оның тек журналистерге емес, барлық адамға бірдей беретін мүмкіндіктеріне сай. Яғни, оның көмегімен кез-келген адам еш қиындықсыз соңғы жаңалықтарға қатысты жаңа ақпараттарды жариялай алады. Бұл соншалықты ыңғайлы болғанымен, үлкен бір кемшілікке де ие болып отыр. Бұл ақпараттар үшін жеке тұлғалар жауапкершілікті сезіне қоймайды. Соның әсерінен жалған ақпарат, қауесет тарап кету қаупі бар. Әлеуметтік желілердің көмегімен тарайтын өте үлкен көлемдегі ақпараттың кейбір бөлігі жалған ақпарат болғанда қоғамда хаос орнау ықтималдығы жоғарылайды. Себебі, дәл осындай ақпараттық атмосфера қауесет таратушылар үшін аса ыңғайлы болып келеді. Солар іс жүзінде орын алған кезде көп адамдардың тарапынан жағымсыз реакциялар болуы мүмкін. Ал бұл, өз кезегінде, қоғамдағы хаосты тудырмай қоймайды.

Таң қалдырарлық бір мысал – 2013 жылы Twitter-дегі хабарламалардың біріндегі «Ақ үйдегі жарылыс туралы жазбаның АҚШ-ты дүрліктіруі. Қазақстанда да ондай жағдайлар аз емес. Мысалы, 2018-дің қаңтарындағы «KASPI BANK банкротқа ұшырады» деген жалған хабардың кесірінен жұрт жаппай өз ақшаларын шешіп ала бастады. Бұның кесірінен банк шынымен банкротқа түсіп қала жаздады. Оның қарқындылығы сонша, небәрі алты минуттың ішінде миллиондаған адамға тарап үлгеріпті. Әлеуметтік желідегі қауесеттің таралуы төрт кезеңнен тұрады: қауесетті анықтау, жалған ақпаратты табу, таралу себебін анықтау, нәтижелерін сараптау.

Қауесетті анықтау – істелетін жұмыстың ең оңайы болып көрінгенімен ең бастапқы, әрі маңызды бөлігі. Халық арасында, тіпті БАҚ-та тарап жатқан ақпараттардың қайсы шын, қайсы жәй қауесет екенін анықтау үшін бірнеше нәрсеге мән беру керек. Қауесет – факт екені дәлелденбеген ақпарат. Ол пікірге де жатпайды. Себебі, пікірдің авторы, осы ойға не себеп болғаны туралы түсіндірмесі болады. Ал қауесет, тура бір, нақты ақпарат сияқты сенімділікпен айтылады. Сондықтан, адамдар пікірлерге күмәнмен қарайды да, қауесетке сеніп қалады. Оның ерекшелігі: өте тез тарайды, адамдарға қорқыныш, үрей, ашу сияқты эмоциялар сыйлап, оларды бірден әрекетке шақырады. Осының әсерінен бұл ақпаратты басқаларға таратуым керек деп ойлап тұрады. Сол үшін қауесетті жүгендеу қиын және ол өте тез тарайды.

Қауесеттерді қалай анықтау керек? Ең алдымен, бұған қарсы иммунитетті қалыптастыру керек. Ол үшін ақпаратты шексіз тұтынуды доғару қажет. Кез-келген нәрсеге сеніп қалмай, сенімді ақпарат көздерін ғана пайдалану керек. Қандай да бір ақпаратты оқыған кезде оған күмәнмен қараған жөн. Бұл ақпараттың шығу көзін анықтап, сол адамның өтірік айту ықтималдығын есептеп көру керек. Бұндай ақпаратты ол не үшін таратуы мүмкін екенін ойланып сараптама жасауды әдетке айналдыру ұсынылады. Осы мәселеге қатысты ресми ақпаратты іздеп сұраныс жасауға болады. Мысалы, мектепте оқитын балаңызға қатысты жаңалық ата-атаналар чатында талқылана бастаса, оның шын-өтірігін анықтау үшін білім министрлігінің ресми сайтынан нақты ақпарат алуға болады. Ол жерде бұл жаңалыққа қатысты ешқандай ақпарат болмаса, алаңдаудың еш себебі жоқ деген сөз. Ақпараттың жазу стиліне мән беру керек. Ресми, сенуге болатын ақпараттар ресми іс-қағаздар стилінде жазылады. Мәтін эмоция тудыратындай әсерлі болса, бұл ақпаратқа күмәнмен қараған дұрыс. Олар әдетте мына мысалдағыдай болып келеді:

«САҚ БОЛЫҢЫЗДАР!

Коронавирустан адамдар жаппай өліп жатыр дейді. Менің ауруханада жұмыс істейтін жақын танысым билік халық байбалам салмау үшін жасырып жатыр дейді. Вирустан құтылу үшін сарымсақты күніне екі рет жеу керек. Сонда ауырмайсыздар. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыз! Кімнің вирустан өлмегенін қалсаңыз, соған осы мәтінді жіберіңіз! Бәле-жаладан құдай сақтасын!»

Осыған ұқсас типтегі ақпараттар телефоныңызға жиі келетін болса, қауесеттің күші мен қаупін жақсы білетін боларсыз.  Енді осы белгілері арқылы оларды анықтап, сақтанудың жолдарын қарастыра аламыз.

Екінші кезең – жалған ақпаратты анықтау. Қауесет жүз пайыз шындықтан да, жүз пайыз өтіріктен де тұрмайды, олардың қосындысынан тұрады. Көп жағдайда шындықты әсірелеу, оны эмоциямен, үлкейтіп немесе кішірейтін жеткізген кезде қауесет пайда болады. Осының кесірінен кейде өзіміз де қауесеттің пайда болуына, таралуына себепкер болып қалуымыз мүмкін. Бұған жол бермеу үшін ақпарат таратар кезде әрбір сөзге мән беріп, ақпараттың өзгеріске ұшырамағанына көз жеткізу керек. Оған қоса, екі түрлі мағына беретін, адамдарда күмән мен сенімсіздік тудыратын ақпарат таратудан алшақ болған жөн. Қауесеттің ішіндегі өтірікті анықтау арқылы дұрыс ақпаратқа жол тауып, неден сақтану керек екенін білуге болады. Қауесеттің ішіндегі жалған ақпаратты анықтау үшін мына нәрселерге мән беру керек.

  1. Ақпараттық мәтін ішіндегі негізгі мағынаны жеткізетін кілттік сөздерді анықтау. Сол сөздердің шынайылығын бөлек-бөлек тексеру. Әдетте осылардың ішіндегі кейбірінде ғана жалған ақпарат бар болып шығады.
  2. Мәтінді ресми ақпаратпен салыстыру. Осылай сәйкес емес бөлікті аңғаруға және сол арқылы қауесеттің ішіндегі жалған ақпаратты анықтауға болады.

Үшінші кезең – қауесеттің таралу себебін анықтау. Кез-келген ақпараттың не мақсатта таралғанын болжай беруге болады. Ал анықтау үшін оның қайнар көзін анықтаудан бастаймыз. Ең қарапайым жолы – ақпаратты сізге жіберген адамнан бұл ақпаратты қайдан алғанын сұрау. Егер жолыңыз болса, ол таратушыға апарады. Ал көп жағдайда ол адам да басқалар сияқты өз таныстарының таратқанынан көріп жатады. Авторынан тікелей еститіндер аз. Сол автордан шынайылығын сұрап тексеретіндер тіптен жоқтың қасы. Біздің халық жәй ғана сене салуға бейім келеді. Кіршіксіз ақ көңілі басқаларға күмән келтіруді қаламай ма, әлде жәй ғана тексеруге ерінетін жалқау ма, әлде бұл туралы ойланып көрмеген надан ба, кім білсін. Білетініміз – тек қауесеттің тез таралып адамдар содан жапа шегіп жатқаны ғана. Ақпараттың қайнар көзі анықталып оны тергеуге алған кезде қауесеттің пайда болуына әкелетін екі себептің біреуі анықталады. А) автор өзі қандай да бір себеппен қауесет таралуына жол берген. Ә) автордың қатысуынсыз бастапқы мәтін өзгеріке ұшырап кеткен. Екінші жағдайда халықтың білімсіздігі ғана кінәлі болып шығады. Ал егер автор өз еркімен шындықты бұрмалаған болса, оған не себеп болуы мүмкін екенін жіктеп көрейік:

– бәсекелеске зиян келтіру мақсатында. Kaspi bank-ке қатысты басқа банк басшылары немесе бұл банкке қастық ойлайтын адамдар қауесет таратып оның имиджіне, материалдық жағдайына нұқсан келтіргісі келуі мүмкін. Дәл осындай себеппен бәсекелес саяси партия туралы, көрші дүкен туралы, сіз ұнататын қызды ұнататын тағы бір жігіт туралы қауесет таралу қаупі бар.

– білімсіздіктің әсерінен. Адам жәй ғана өзінің қауесет таратып жатқанынан хабарсыз болуы мүмкін. Оның ойынша адамдарға маңызды, әрі шынайы ақпарат таратып, тіпті халықты құтқарып жатырмын деп ойлауы мүмкін. Бұл сауатсыздықтан болады.

– әзілдесу мақсатында. Кейде балалар ойнаймыз деп бір жерде жарылғыш заттар бар екендігі туралы хабарлауы мүмкін. Олар жәй ғана бұның қаншалықты маңызды қылмыс екенін түсінбейді. Ұсталмай, жәй ғана күлкіге қарық боламыз деген жаңсақ пікірдің кесірінен қате әрекетке барып, өкініп жатқандар да бар.

Адамдарды жаман пиғылынан арылту қиын. Дегенмен, бұндай әрекеттердің себебі басқа болса, оны халықтың медиасауаттылығын арттыру арқылы шешуге болады. Ең бастысы, осындай қателіктерді ресми басылымдардың өзі жібермеуі аса маңызды.

БАҚ қай кезде де жәй ғана ақпарат таратып қана отырмай, сол арқылы халықтың қандай да бір адамға, құбылысқа, оқиғаға, мемлекетке, әлемге көзқарасын қалыптастырып отырған. Адамдар мемлекет туралы өзімен өзі ой қалыптастыра алмайды. Жаңалықтардан оқитын үкіметтің әрекеттері, олардың интерпретациясы, қабылданған шешімдер мен өзгертілген заңнамалар, оқиғаға байланысты үкіметтің позициясы – бәрі қарапайым адамдардың мемлекетке қатысты көзқарасын қалыптастырады. Бірақ, солай болғаны үшін халыққа қызғылт көзілдірік кигізу дұрыс емес. Елдегі мәселелерді және оны қалай шешіп жатқанын ашық көрсету керек. Осылай ғана халық ертегідегідей емес, жағдайға рационалды қарап, журналистерге де, мемлекеттің өзіне де сенім қалыптаса алады. «Журналистика – халық пен үкіметтің арасындағы көпір» деп осыны айтамыз. Жоғарыдағы мысалдағыдай бәрі керемет немесе, керісінше, бәрі нашар деген позиция ұстанатын басылымдар қоғамдық пікір қалыптастыруға өте үлкен кері әсерін тигізеді. Бұл үшін әрбір басылым журналистік объективтілік ұғымының мәнін терең түсініп, соны ұстануы керек. Ал бұған, өз кезегінде, үкімет әсер етпеуі керек. Әйтпесе, журналистер үшін де, халық үшін де, үкіметтің өзі үшін де жақсы болмайды.

Қоғамның пікірінің қате қалыптасуына әсер ететін негізгі үш фактор – жалған ақпарат, кибербуллинг, лоббизм журналистердің жұмысының әсерінен туындаса, бұл мамандықтың құны да, журналистік этика да сақталмайды. Сондықтан, бұл халық үшін ғана емес, журналистердің өз мәртебесі үшін маңызды. Осы үшін дәл осы нәрселер онлайн басылымның өзекті мәселелерінің қатарында.

ҚОРЫТЫНДЫ

Саясатта мынадай бір сөз бар: «Егер мәселе туралы ешкім айтпаса, онда ол мәселені жоқ деп есептеуге болады». Кілттік сөз – айту. Бұл дипломның тақырыбының таңдалуында да осы сөздің мәні жатыр. Журналистердің ел алдындағы бейнесі жәй ғана ақпарат таратушы емес, шындықты жеткізуші, халықтың жағдайын бүкпесіз баяндаушы, ақ пен қараны айырып көрсетуші болып қалыптасқан. Бұл өте керемет имидж болғанымен қатар, үлкен жауапкершілігі бар жүк. Осы бейнеге сай болып жүру, халықтың көңілінен әрдайым шығу, әркез дұрыс шешім қабылдау орындалуы қиын миссия болып отыр. Бұл бейне халықтың журналистерге сенімі бар екенін, әрдайым оларға үмітпен қарайтынын көрсетеді. Үміт пен сенімді ақтау журналистік тайғақ жолда түзу сызық салып беретін принципке айналуы тиіс. Сол кезде ғана барлық жазылған мәселелердің шешімі табылатынына үміт пайда болады. Сонда ғана қазақстандық басылымдардың болашағы жарқын бола алады. Оның ішінде онлайн басылымдар да, дәстүрлі БАҚ та бар. Сондықтан, осы бір ғана маңызды миссияны орындауға мүмкіндік болу үшін бірқатар өте маңызды мәселелердің шешімін тауып, нүктесін қою керек.

Сөз бостандығы мен журналист еркіндігі. Журналистердің жақсы жұмыс істей алуына ең үлкен кедергілердің бірі осы. Бұл нәрсе болмайынша, халықтың сенімі де толық орнай алмайды, журналистер де нәтиже көрсете алмайды, азаматтық қоғам да қалыптаса алмайды. Қай жағынан қарасақ та, елдің дамуына кедергі болатын ең маңызды факторлардың бірі болып қала береді. Еркіндік сөзі барлық мағынасында жұмыс істеуі керек. Журналист шығармашылық жағынан да, қаржылық жағынан да, моральдік жағына да, физикалық тұрғыдан да тәуелсіз болуы шарт. Осы критерийлер ғана маманның еркіндігін толыққанды ете алады. Ал еркіндік деген коэффицентке бағынбайтын ерекше құнды ұғым. Ол бар немесе жоқ. жартылай бола алмайды. Журналистердің адал жұмысын көру үшін алдымен оған еркіндік беру керек.

Білім және ниет. Журналист еркін бола тұра істеуі қателіктері болады. Өзі біле тұра, халыққа зияны болуы мүмкін әрекетке бару ықтималдығы бар. Бұған себеп болатын екі фактор бар: білім және ниет. Не өз ниетімен қасақана жалған ақпарат таратып, халықтың миына зиян, керексіз мәліметтер құюы мүмкін, лоббизмге баруы мүмкін, не дәл осы нәрселерді білімсіздіктен істеуі мүмкін. Сол үшін журналист ешкімнің ықпалында болмауы да, өз басымен ойлана алатындай білімді болуы да маңызды фактор. Бұл қабілетті қалыптастыруға әр маманның өзі және оған білім беретін оқу орны жауапты болуы тиіс. Осы нүктедегі жүйедегі сыбайлас жемқорлық, оқу тәртібінің сақталмауы, сапасыз кадрлар арқылы маман дайындау мәселелері шешілмей білім сапасы да көтерілмейді. Бұған, бірінші кезекте, әр адам өзі жауапты екенін тағы да нақтылаймын.

Медальонның екінші жағы – осындай сапасыз журналистердің нашар жұмыстарының нәтижесінде пайда болатын мәселелер. Бұлар не үшін маңызды? Журналистердің жұмысына қатысты мәселелердің шешімі табылғанның өзінде, егер олар халық үшін жұмыс істемесе, бұл жұмыстардың еш мәні болмайды. Бұл мәселелерге не жатады? Фейк ақпараттың тарауы, лоббизм, кибербуллинг, қауесеттер және т.б. Бұлардың бәрі халықты шірітуге, одан сайын ақымақ қылуға, араздастырып, қоғамды бір-біріне қарсы қылуға, сол арқылы, елдің тыныштығына, экономикасына, саясатына кесірін тигізуге алып келеді. Журналист бекерге халық пен үкімет арасындағы көпір деп аталмайды. Бұл көпір бола береді. Мәселе оның сапасында. Көпірдің қаншалықты берік, сапалы болуы журналистердің өз жұмысына адалдығы мен кәсіби біліктілігінің деңгейіне тікелей байланысты.

Қазақстандағы онлайн басылымдардың өзекті мәселелері олар туралы ашық жазғанда және оны түсіндіріп, шешуге тырысқан кезде ғана шешіле бастайды. Оған тек журналистер емес, әрбір дұрыс журналистиканы, сөз бостандығын, сапалы ақпаратты қалайтын азамат ат салысуы керек. Осы диплом жұмысы онлайн басылымдардың барлық өзекті мәселелерін қамтып, олардың маңыздылығын көрсетеді. Оған қоса, сол мәселелердің әрқайсына оңтайлы болып есептелетін шешімдер  ұсынады. Олардың кейбірі шетелдік тәжірибелерден, кейбірі практик журналистермен сөйлескеннен кейін келген идеялардың нәтижесінен алынды. Шынында, бұл мәселелердің шешімін табу қиын емес. Бастысы – соған ұмтыла беру керек.

Мәселелерді жасырып, оның қашан жарып шығатынын күтуге болмайды. Ал ең маңыздысы, кем дегенде, бұл мәселелер туралы ашық, әрі объективті айту керек. Себебі, мәселе туралы ешкім айтпаса, онда ол мәселені жоқ деп есептеуге болады.

You May Also Like

Сексеуіл – қасиетті ағаш

Мазмұны Кіріспе Негізгі бөлім Тұщықұдық ауылының жер бедері туралы сипаттама І)  кіріспе…

Материалдық нүкте

1. Материялық нүктенiң механикасы Дененiң таңдап алынған санақ жүйесiндегi жасайтын үздiксiз сызығын траектория деп атайды.…

Әлеуметтік психологиялық тренинг

Әлеуметтік психологиялық тренинг Топтық психокоррекция ұғымы Топқа қатынасушылардың жекелеген мақсаттарын айқындау «Жағымсыз…

Қазақстандағы өндіріс орындары дамуы

Қазақстандағы өндіріс орындары дамуы Қазақстанда өндірістің дамуында келелі өзгерістер 1940 жылдан бастап…