Қазақ тілі сабақтарында ойын түрлерін қолдану барысы 

Оқу орыс тілінде жүретін мектептерде қазақ тілі пәнінің мақсаты – оқушылардың қарым – қатынасын қалыптастыру,дамыту,тілдік және танымдық біліктілігін қамтамасыз ету.

Баланың өмірге қадам басардағы алғашқы қимыл әрекеті- ойын, сондықтан да оның мәні ерекше. Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай атамыз: «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала болар ма?..»-деп айтқандай, баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Ойын- тәрбие құралы, ақыл-ойды кеңейтеді, тілді ұстартады, сезімді кеңейтеді. Ойын баланың көңілін өсіріп, бойын сергітіп қана қоймай, оның өмір құбылыстары жайлы таным-түсінігіне де әсер етеді. Балалар ойын арқылы тез тіл табысып жақсы ұғысады, бірінен-бірі үйренеді, ойын арқылы тілін дамытады.

Мұғалім үшін басты міндет оқушының қызығушылығын арттыру,оның дамуына жағдай туғызу,сөйлеу қабілетін дамыту.

Орыс сыныптарындағы қазақ тілі сабағында ойын түрлерін қолданудың маңызы зор. Ойын дегеніміз-баланы әдептілікке ,сауаттылыққа баулитын құралдың бірі.Сабақта ойындарды қолданудың түрлі жолдары бар.

Ойын элементтерін пайдалану оқушылардың ой-өрісін,танымдық белсенділігін арттырады,алғырлықты,тапқырлықты,логикалық ойды дамытады.Әрбір сабақта қолданылатын ойын түрінің белгілі мақсаты болады…..  Ойын барысында балалар тегіс қатысып өз ойларын ортаға салып,өз білім дәрежесін көрсете біледі.

Мысалы,қазақ тіліне тән дыбыстарды өткенде сол  дыбысқа байланысты сөздер беріледі.Сол дыбыстарды пысықтау кезінде мынадай тиімді сәттерді қолдануға болады. Оқушыларды топтарға бөліп,әр топқа үш әріптен үлестіріледі.Қай топ бұрын және көбірек сөз жазса ,сол топ озады.Оны топтың ішінен бір-бір оқушыға тақтаға жаздырылады.

Ойын таңдағанда тақырыпқа сай ойындар ойналады.Біз  ойын элементтерін сабақта екі түрлі мақсатта пайдаланамыз. Оның біріншісі – оқушының сабаққа қызығушылығын ,ынтасын арттыру,екіншісі – оқушыларды тапқырлыққа  баулып,зейінін,байқампаздығын арттыру және ойлау  қабілеттерін арттыру.

«Ойын- бала үшін өмірлік   тәжірибе», – деп М.Жұмабаев атап көрсеткендей, оқу орыс тілінде жүретін мектептерде қазақ тілі сабағында орынды қолданылған ойын элементтері  оқушылардың ынтасын арттырып,білім дағдыларын  игеріп,іскерліктерін шыңдауға өз септігін тигізеді.

Ойынға қойылатын әдістемелік талаптар:

  • Ойынның мақсаты нақты және керекті көрнекіліктер мен материалдар күн ілгері дайындалып, оңтайлы жерге қою.
  • Ойынға кірісер алдында оның жүргізулі тәртібін оқушыларға әбден түсіндіру.
  • Ойынға сыныптағы оқушылардың түгел қатысуын қамтамассыз ету.
  • Ойын үстінде шешім қабылдай білуіне, ойлана білуіне жетелеу.
  • Ойын түрлерін бағдарламаға сай іріктеп алу.
  • Ойынды баланың жас ерекшеліктеріне қарай түрлендіріп пайдалану.
  • Қарапайым ойыннан қиын ойынға көшу.
  • Міндетті түрде ойынның қорытындысын жариялау қажет.

“Ой – ойыннан басталады” десек, баланың ойын жетілдіріп, сабаққа қызығушылығын арттыратын – ойын.

“Моншақ”ойыны
Ойынның мақсаты: Жуан, жіңішке түбірлі сөздерді қайталау және ажырата білу.
Ойынның шарты: Қатты қағазға жуан және жіңішке түбірлі сөздерді жазу. Сыныпты екі топқа бөліп, қағазға жазылған сөздерді тарату. Белгіленген уақыттан кейін әр топ бір жуан, бір жіңішке түбірлі сөздерден жіпке моншақ тізулері қажет.
Қай топтың моншағы бірінші тізілсе, сол топ жеңеді.
Керекті сөздер: дәріхана, аурухана, дәрі, тамақ, астана, орман, кезекші, үзіліс, оқушы, өшіргіш, қалам, күнделік, көктем, қыс, балық, т. б.
“Қалалар” ойыны.
Ойынның мақсаты: Буыннан сөз құрастырып, дұрыс жазуға дағдыландыру.
Ойынның шарты: Сыныпты екі топқа бөліп, тақтаға қала атауының кез келген буынын жазу. Қай топ дұрыс сөзді бірінші тапса, сол топ жеңеді.
Тапсырма үлгілері: қар – Қарағанды
ас – Астана
алма – Алматы
тау – Көкшетау
рау – Атырау
кент – Шымкент.

“Сұрақ – жауап” ойыны.
Ойынның мақсаты: Сұрақтарға дұрыс, әрі тез жауап беруге дағдыландыру.
Ойынның шарты: Сыныпты екі топқа бөлу. Әр топқа сұрақтардың жауаптары жазылған карточкалар тарату. Сұрақ оқылғаннан кейін оқушылар дұрыс жауабын көрсетеді. Қай топтың дұрыс жауаптары көп болса, сол топ жеңеді.
Сұрақтар:
1. Сөмкеде не жатыр?
2. Бір аптада неше күн бар?
3. Асханада кім бар?
4. Сыныпта неше терезе бар?
5. Қолда неше саусақ бар?
6. Жазда ауа райы қандай?
7. Бір тәулікте неше сағат бар?
8. Мектеп неше қабатты?
9. Күзде не сарғаяды?

Керекті сөздер: қалам, жеті, аспаз, үш, бес, ыстық, жиырма төрт, үш, жапырақ.

Сөйлемдерді қазақша жаз:
Это школа. Она большая, высокая, красивая, двухэтажная. В школе много учеников. Они учатся. Их учат учителя. Учителя дают ученикам знания.

“Аукцион” ойыны.
Ойынның мақсаты: сөздік қорларын молайту. Пәнді сүюге тәрбиелеу.
Ойынның шарты: сынып екі топқа бөлінеді. Тақтаға қағазға жазылған сөзді іліп, бұл сөзге әр топ қанша ұпай беретінін анықтап алу. Ең көп ұпай берген топқа сөзді ашып, дұрыс аудармасын сұрау.
Егер команда дұрыс жауап берсе, берілген ұпайлар команданың қорына көшеді. Дұрыс жауап бермесе, ұпай екінші командаға көшеді. Ең көп ұпай жинаған команда жеңімпаз атанады.

“Сұрақ – жауап” ойыны.
Ойынның мақсаты: сұраққа дұрыс жауап беруге үйрету.
Ойынның шарты: қатты қағаздан 40 карта жасау. 20 картада сұрақтар, қалған 20 картаға жауаптар жазу. Оқушылар шеңбер құрып отырады. Бір оқушы сұрағы бар картамен жүреді. Келесі оқушы сұраққа жауап беретін картамен басады.

“ Жалғасын тап” ойыны.
Ойынның мақсаты: сөйлемдерді дұрыс құратуға үйрету.
Ойынның шарты: оқушыларды екі топқа бөлу. Қатты қағазға
мақалдарды бөліп жазу. Оқушыларға карточкаларды таратып беру.
Оқушылар тақтаға шығып мақалдың басын оқиды. Мақалдың жалғасы бар оқушы қасына барып, жалғасын оқиды.

“ Сиқырлы қоржын” ойыны.
Ойынның мақсаты: оқушыларды сұраққа жауап бере білуге үйрету.

Ойынның шарты: тақтаға қоржынның суреті ілу. Қоржынның ішіне сұрақтар салу. Оқушылар бір – бірден шығып қоржыннан сұрақтарды алып оқиды.
Сұрақтар: Сен қайда тұрасың?
Сенің Отаның қай ел?
Қазақстан Республикасының рәміздерін ата.
Елтаңбада не бейнеленген?
Әнұранның авторлары кімдер?
Солтүстік Қазақстан неге бай?
Сен қай көшеде тұрасың?
Сен неше жастасың?
Сенің әкең кім болып жұмыс істейді?
Кім нан пісіреді?
Кім етік тігеді?

«Үндемес ойыны». Сөйлем мен сөйлемдегі сөздердің байланысын өткенде, қайталағанда жүргізуге болады. 5 оқушыға орны ауысқан сөздері бар сөйлемдер жазылған қима қағаздар беріп, оларды дұрыстап жазу тапсырылады, немесе интерактивті тақтадан көрсетіледі. Анам, әкелді,қызыл, алма,ұшады, жылы, құстар, жаққа. Оқушылар сөйлем дұрыс құрып болған соң үндемей қол көтереді де тақтаға жазады. Дұрыс жазса оқушылар алақандарын соғып қуаттайды. Егер дұрыс жазылмаса, басқа бір бала дұрысын жазып береді,

Ұлы педагог В.А.Сухомлинский ойын ойнамай бала толыққанды дамымайды деп жазған. Ойынға да басқа оқыту формалары сияқты арнайы психологиялық қағидалар талап етіледі. Басқа да кез-келген іс-әрекеттер сияқты ойын әрекеті де сабақ кезінде ынталандыруды қажет етеді, ең бастысы оқушылар ойынның қажеттілігін сезіну керек.

Қазақ тілі сабағында өзге ұлтты балаларға сабақ қызықты да тартымды өту үшін ойынның рөлі өте жоғары. Оқушылар сабаққа қарағанда ойынды ұнататын белгілі. Ойын оқушылар сабақта зерігіп, шаршаған кездерінде сергіту мақсатында ғана емес, оларға негізгі ұғым, түсініктерді толық меңгерту мақсатында да жүргізіледі. Ойын арқылы оқушы өздігінен қорытынды жасай білуге машықтанады. Ойынның негізгі мақсаты- баланы қызықтыра отырып,өткен тақырыпты берік меңгерту,саналарында сақталып қалуға жұмыс жасау. Сондықтан ойынның пәндік мазмұны басты назарда болуы керек. Тек сол жағдайда ғана оқушылардың ойлау қабілетін дамытып,білімдік, тәрбиелік мақсаттарға жетуге септігін тигізеді.

You May Also Like

Бастауыш пен баяндауыштың арасына қойылатын сызықша, сабақ жоспары

Зат есімнің тәуелденуі ІІІ- сабақ, сабақ жоспары

Индустрияландыру: ұлттық өндіріс. Сөз мәдениеті, сабақ жоспары

Табиғат ресурстары және олардың түрлері, қазақ тілі пәнінен 9-сыныпқа сабақ жоспары

  ПӘН: ҚАЗАҚ ТІЛІ Бөлім: Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану. МЕКТЕП:  КҮНІ:  …