МАЗМҰНЫ

КІРІСПЕ………………………………………………………………………………………..

  1. КОННОТАЦИЯ ҰҒЫМЫНЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ ЖӘНЕ

ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІСІ

1.1. Коннотацияның лингвистикалық табиғаты…………………………………..

1.2. Коннотация – семантикалық деривацияның бір көрінісі….

1.3. Астарлы мәтін (подтекст) және коннотаттық компонент

арақатынасы…………………………………………………………………………………..

1.4. Көркем мәтіндегі коннотацияның пресуппозициялық мәні…..

  1. МАХАМБЕТ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ ТІЛДІК КОННОТАЦИЯ ЖӘНЕ

ОНЫҢ ТҮРЛЕРІ

2.1. Махамбет өлеңдерінің тіліндегі топонимдер мен

антропонимдердің коннотациясы……………………………………………………….

2.2. Ақын шығармаларындағы жан-жануар және құс атауларының

коннотациясы………………………………………………………………………………..

2.3. М.Өтемісұлы поэзиясындағы түр-түс, киім атаулары және

фразеологиялық коннотация……………………………………………………………

2.4. Махамбет шығармашылығындағы көріктеу құралдары

коннотациясының қолданылуы…………………………………………………………

2.5. Махамбет өлеңдеріндегі коннотацияның көркемдік ерекшеліктері…………………………………………………………………………………

ҚОРЫТЫНДЫ…………………………………………………………………………….

КІРІСПЕ

Тіл-тілдің сөз байлығы әрқашан мағына байлығымен астасып, тығыз байланыста болатыны белгілі. Сондықтан да лексикалық жүйенің дамуы жаңа сөздердің, терминдердің пайда болуы, өзге тілден енген лексикалық бірліктердің көлемі негізінде ғана жүзеге аспай, ол тілде бұрыннан бар сөздердің семантикасының дамуы, әр түрлі үстеме мағыналардың пайда болуы, тілдік бірліктердің ассоциативті-бейнелі әлеуетінің жүзеге асуы негізінде де көрініс табады. Ал тіл көріктігінің, сөз мағынасы өрісінің кеңейіп, жетілуі, әсіресе, көркем шығарма тілінен байқалатыны сөзсіз. Бұл тұрғыда қазақ халқының өмірінде өшпес із қалдырған тарихи оқиғаларды, халқының тіршілігін, мәдениетін, дүниетанымын бейнелеуімен, ана тіліміздің мол мүмкіншілігін айқындай түсуімен, тілдің тарихи даму барысын көрсете білуімен ерекшеленетін ақын-жыраулар поэзиясының тілі айрықша болып табылады. Сондықтан да қазақ көркем сөз дәстүрін жалғастырып, әдеби тілге жаңа образдар мен жеке сөздерді әкелген Махамбет ақынның асыл мұрасын танып-білу тіл тарихы үшін, жаңа сапаға жаңғырып жатқан ұлттық сана үшін де өте маңызды.

«Махамбет өлеңі – қазақ сөзінің қайталанбас құдіреті. Әрбір буыны мен бунағы, тармағы мен шумағы мұншалық тап-таза қорғасыннан құйылған ап-ауыр асыл сөз қазақтан басқа жер бетіндегі ешбір елдің өлең-жырында жоқ. Оның өзге тілге оңай аударылмайтыны да сондықтан» (З.Қабдолов); «Махамбет шығармашылығы – тілі мен көркемдік стилі жағынан өзіне дейінгілерден де, өзімен тұстастарынан да, өзінен кейінгілерден де, тіпті тақырыптас, жанрлас ақын-жыраулардың өлең-толғауларынан да көрінеу оқшауланып тұрған дүние. Бұл оқшаулық тек тілдік-стильдік ерекшеліктерінде ғана емес, суреткерлік дағдыларынан, өзгелерде жоқ сонылығынан, белгілі бір поэтикалық мектепті барынша жаратып, екінші бір шығармашылық бағыттың көшбастары болғандығынан көрінеді…» (Р.Сыздықова), – деп жоғары бағаланған Махамбет Өтемісұлы өлеңдерінің көркемдік, тілдік ерекшеліктері, дәстүрлі жыраулық поэзиямен сабақтастығы т.б. біршама зерттеліп келді (Х.Досмұхамедұлы, Қ.Жұмалиев, Б.Аманшин, Қ.Өмірәлиев, Р.Сыздықова, Ә.Құрышжанов, Қ.Мұқаметқанов, Б.Шалабай т.б.). Бұл тұрғыда ақын мұрасын лингвистикалық жағынан зерттеген Қ.Өмірәлиев, Р.Сыздықова, Ғ.Әнес, Ш.Ниятованың еңбектерін айрықша атап өтуге болады.

Ғалым Қ.Өмірәлиев «XV-XIX ғасырлардағы қазақ поэзиясының тілі» атты еңбегінің бесінші тарауын Махамбет Өтемісұлының шығармашылығына арнайды. Ол ақын поэзиясының өзіне дейінгі дәуірдегі поэзия үлгілерімен байланысын, Махамбет тілінің лексикасын (ономастикалық, қару-жарақ атауларының, туыстық қатынас пен әкімшілік жүйеге қатысты ұғымдардың, өзге тілдерден енген кірме сөздердің қолданысы, сөздердің ұшырасу жиілігі), ақын өлеңдеріндегі сөздердің стильдік-мағыналық қолданысын, Махамбет поэзиясының синтаксистік жүйесін т.б. сипаттайды. Ал «Махамбет поэзиясының өзіне дейінгі дәуірдегі поэзия үлгілерімен байланысы», «Махамбет поэзиясындағы философиялық-психологиялық параллелизм» атты мақалаларында ақынның шығармашылығына халық ауыз әдебиеті мен жыраулар поэзиясының үлкен әсері болғанын нақты мысалдар арқылы көрсете келе, қажетті жерінде бұрынғы жыраулар сөзін қайталап отырғанын дәстүрлі жалғастық, мұралану ретінде тану қажеттілігіне назар аудартып, Махамбеттің бірқатар өлеңі өзіне дейінгі философиялық және философиялық-психологиялық әдіспен жасалғанымен, өзінің лексикасы жағынан да, ұйқастық түрі жағынан да қазақ поэзиясында жаңа сападағы көркем дүниелер ретінде танылады.

Профессор Р.Сыздықова «Қазақ әдеби тілінің тарихы» атты еңбегінің бесінші тарауында Махамбет өлеңдерінің тіліне тоқталып, ақын тіліндегі көне сөздер, әдеби-көркемдеу тәсілдері, Махамбеттің өзіндік тың образдары жөнінде сөз қозғаса, «Махамбет өлеңдерін оқығанда», «Махамбеттің әр сөзін түсініп оқысақ», «Хатқа түскен сөз тағдыры» атты мақалалары мен «Сөздер сөйлейді», «Көркем тексті лингвистикалық талдау» сияқты еңбектерінде суреткер шығармаларында молынан кездесетін мағынасы күңгірт тартқан сөздердің әуелгі мағыналарын ашып, түп-төркінін жан-жақты талдайды.

Ғалым Ғ.Әнес «Махамбет Өтемісұлы өлеңдерінің лингвотекстологиясы» атты кандидаттық диссертациясында жұмыстың негізгі мақсатына орай «автор – мәтін – қабылдаушы» тізбесі бойынша Махамбет өлеңдеріне тілдік тұрғыдан ғылыми сипаттама береді. Ол әр жылдағы басылымдарды бір-бірімен салыстыра келе, канондық мәтіннен ауытқулардың пайда болу себебін, мәтінтанудағы автордың рөлі мен қызметін, Махамбет өлеңдеріне тән ерекше мәтінтүзуші белгілерді айқындау деген сияқты мәселелер төңірегінде зерттеу жүргізеді.

Зерттеуші Ш.Ниятова «Махамбеттің тілдік тұлғасы» атты кандидаттық диссертациясында Махамбеттің тілдік тұлғасын лингвокогнитивтік және прагматикалық тұрғыдан сипаттай келе, оның өзіндік ерекшеліктерін, шығармалары арқылы түзілген көркемдік әлемін ғаламның тілдік бейнесімен байланыстыра айшықтайды. Ол ақын өлеңдеріндегі этномәдени мазмұны күшті, концептуалдық әлеуеті аса жоғары тілдік бірліктерді тезаурус тәсілімен талдап, ондағы өзек қызметін атқаратын концептілердің этноэйдемдік сипатын айқындайды.

Бұл зерттеу жұмысында қажетіне қарай жоғарыда көрсетілген ғалымдар еңбектерінің тілдік деректерін және алдыңғы буын ғалымдар тарапынан ұсынылған бірқатар теориялық тұжырымдарды, нақты айтқанда, тілдік тәсіл-тұлғаларды, жеке тілдік элементтерді жалаң алып қарамай, «жалпы көркем контекспен, басқа да әр алуан бейнелеу құралдарымен» (Е.Жанпейісов) байланыстыру, «өлең тіліндегі жеке сөздің поэтикалық қызметімен қатар, оның информативтік қызметтерін, яғни өлеңнің мазмұны мен оның тілдік көрінісі арасындағы сәйкестікті анықтау», «шығарманың мазмұнымен, идеясымен» байланыста қарастыру (Р.Сыздықова), «бейнеленетін болмысқа автор қатынасының сипатын ескеру», «ғылыми дамудың жаңа бағыт-бағдарларына сүйену» (Б.Шалабай) деген сияқты басқа да құнды пікірлерді басшылыққа ала отырып, Махамбет ақынның көркем шығарма тілі лингвостилистика, лингвопоэтика, психолингвистика, тіл мен таным, тіл мен ұлттық мәдениет сабақтастығы, тіл мен тарихи орта сабақтастығы тұрғысынан қарастырылмақ.

Тақырыптың өзектілігі. Махамбет поэзиясы – аса күрделі дүние. Ақынның өткен заман шындығын, белгілі бір ортаның мәдени, саяси, әлеуметтік сипатын, ұлттық болмысын, ділін, танымын әр алуан көркем образдар арқылы таныта білген экспрессивті поэзиясы біраз зерттелгенімен, ақын тілінің өзіндік табиғаты, терең ұлттық-мәдени, тарихи мәні толық танылып, мән-мағынасы ашылып болған жоқ. Сондықтан да ұлттық мүддеге негізделген Махамбет шығармаларының поэтикалық өрісін қазақ тіл білімінің жаңа бағыттарымен ұштастырып (лингвостилистика, лингвопоэтика, психолингвистика, лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика, этнолингвистика тұрғысынан), арнайы қарастыру – өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Екіншіден, белгілі бір уақытқа сай келетін тарихи шындықты, халық өміріне, ұлттық санасына елеулі әсер еткен оқиғаларды, қазақтың ұлттық болмысын, дүниетанымын, өршіл рухын, дүниенің ағы мен қарасын (өмір – өлім, қуаныш – қайғы, сенімділік – опасыздық, әділдік – әділетсіздік, дос – жау т.б.) танытуымен, адам жанын жандандырып, «ұлттық идея», «намыс», «ерлік», «ақиқат», «өршіл рух», «елім, жерім» деген ұғымдарды айшықтай түсуімен ерекшеленетін және солардың бәрін көркем бейне, астарлы ой, үстеме мағына негізінде таныта білген Махамбет ақынның шығармашылық тілін зерттеу – көркемдік шеберлігімен, ұлттық дүниетаным тереңдігімен, бейнелі де экспрессивті тілімен айырықша келетін көркем мәтін тілін зерттеу деген сөз.

Үшіншіден, тақырыптың зәрулігі Махамбет Өтемісұлы өлеңдерінің тілі, оның ішінде коннотаттық компонент мағынасына тең келетін сөздердің қолданылуы арнайы қарастырылып, көлемді түрде зерттеу объектісі болмағанынан туындайды.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Коннотация құбылысының ерекшеліктерін айшықтап, лингвистикалық табиғатын нақтылап дәйектейтін Махамбет лексикасының үстеме мағынасын ашуға байланысты ақын шығармашылығындағы коннотаттық семантиканың орын алу деңгейін, мақсатын, жүзеге асу жолдарын анықтау – жұмыстың негізгі мақсаты. Белгіленген мақсаттың орындалуы төмендегідей міндеттердің шешілуін қажет етеді:

– коннотация құбылысына арналған теориялық еңбектерге шолу жасау;

– коннотация микрокомпоненттерін нақтылау;

– ақын тіліндегі екінші дәрежелі коннотаттық сема (К2) мазмұнын қамтитын тілдік бірліктерді мысалға ала отырып, семантикалық деривация мен коннотация категорияларының байланысын көрсету;

– Махамбет шығармашылығы негізінде коннотаттық компонент және астарлы мәтін арақатынасын анықтау;

– коннотаттық мағына мазмұнына тең келетін сөзқолданыстардың коммуникативтік-прагматикалық мәнін түсінудегі пресуппозицияның рөлін көрсету;

– ақын тіліндегі мәдени коннотация мазмұнын қамтитын тілдік бірліктерді тақырыптық топтар тұрғысынан саралап, көркем мәтіннің лексикасын ұлттық-танымдық тұрғыдан қарастыру;

– нақты тілдік деректер негізінде Махамбет поэзиясындағы көріктеуіш құралдардың қызметін прагматикалық үстеме мағына және мәдени ақпарат таныту тұрғысынан сипаттау.

Зерттеу нысаны. Көркем сөз шебері Махамбет ақынның ұлттық-танымдық, тарихи, прагматикалық сипатымен ерекшеленетін поэтикалық тілі. Махамбет поэзиясындағы коннотаттық компонент мағынасына тең келетін бейнелі сөзқолданыстар мен ұлттық-мәдени ақпарат мазмұнына ие тілдік бірліктер.

Зерттеу жұмысының дереккөздері. «Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясының екінші кітабында жарық көрген Махамбет Өтемісұлының өлеңдер жинағы (Алматы: Арыс, 2001. – 160бет), Махамбет ақынның тарихи лексикасымен сабақтас халық ауыз әдебиеті мен жыраулар поэзиясының тілдік қолданыстары, ғалымдар зерттеулерінің деректері (Қ.Өмірәлиев, Р.Сыздықова, Қ.Мұқаметқанов, Ә.Нұрмағамбетов, Ғ.Әнес, Харузин А., Досмұхамедұлы Х., Ы.Шөрекұлы, Аманшин Б., Кенжалиев И., Құлкенов М., Отарбаев Р., Ә.Сараев т.б.), қазақ тілінің түсіндірме, фразеологиялық, этимологиялық, аймақтық сөздіктері.

Зерттеу жұмысының әдіснамалық және теориялық негіздері. Тіл біліміндегі лексикалық мағынаның коннотаттық компонентін, поэтикалық тіл ерекшеліктерін тануға байланысты В.И.Говердовский, В.И.Шаховский, М.М.Копыленко, Р.Сыздықова, Қ.Өмірәлиев, Е.Жанпейісов, Б.Шалабай, М.Оразов, Ғ.Әнес т.б. ғалымдардың зерттеулері мен монографиялары басшылыққа алынды.

Зерттеу жұмысында қолданылған әдістер. Жұмыстың мақсаты мен міндеттеріне орай түсіндіру, сипаттама, салыстыру, топтау, талдау (компоненттік, семантика-стилистикалық, контекстік, этнолингвистикалық, салыстырмалы-тарихи, дефиниционалдық), қорыту т.б. әдістер қолданылды.

Зерттеу жұмысы барысында қол жеткізілген нәтижелер:

– Махамбет туындыларындағы коннотаттық семантиканың жүзеге асу жолдары, мақсаты анықталып, олардың көркем мәтін тіліндегі мағынасы ұлттық-танымдық, мәдени-тарихи тұрғыдан қарастырылады;

– Махамбет поэзиясының тілдік деректері негізінде көркем шығарманың астарлы мәтіні (подтекст) мен коннотаттық компонент арақатынасы қарастырылып, оның (коннотацияның) астарлы мәтін қалыптастырудағы маңызды рөлі айқындалады;

– белгілі бір тілдік деректердің коннотаттық мағына мазмұнын айшықтау барысында өзге зерттеушілер тарапынан бұрын сипатталмаған Махамбет сөзқолданыстары мен өлең жолдарының үстеме мағынасы мәнмәтін мен тарихи орта (предметно-событийный фон (К.А.Долинин)) байланысында талданады;

– Махамбет өлеңдерінде көрініс тапқан жыраулар поэзиясының сөз үлгілері (жеке сөз, сөз тіркестері немесе өлең жолдары) таза лингвистикалық себептер мен дәстүрлік сабақтастыққа байланысты танылып, сыртқы формасы, құрылысы жағынан сай келгенімен, өзге тың мазмұнды, ерекше мәнді қамтитын дүниелер екеніне назар аударылады;

Зерттеу жұмысының теориялық маңызы. Махамбет ақын поэзиясының коннотаттық семантикасын зерттеу барысында алынған нәтижелер мен ұсынылған тұжырымдар көркем шығарма тілін талдау, мәтін лингвистикасы, поэтикасы және лингвостилистика теорияларын толықтыруға өзіндік септігін тигізеді.

Зерттеу жұмысының практикалық маңызы. Көркем мәтін лингвистикасы, стилистикасы, когнитивтік лингвистика, лингвомәдениеттану бойынша оқылатын дәрістер мен арнайы курстарда, Махамбет шығармаларын талдауға арналған семинар сабақтарында, Махамбет сөздігі мен қазақ тілінің түсіндірме сөздігін құрастыруда пайдалануға болады.

Зерттеу жұмысының құрылымы: Диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

  1. КОННОТАЦИЯ ҰҒЫМЫНЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ ЖӘНЕ ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІСІ

1.1 Коннотацияның лингвистикалық табиғаты

Коннотация – бұл «connotation» – қосымша мағына деген латын тілінен алынған термин. Бұл тараушада коннотацияға қатысты Л.Ельмслев, Р.Барт, Ю.Апресян, Н.Комлев, А.Леонтьев, Л.Васильев, Е.Шендельс сияқты сынды ғалымдардың пікірлері мен А.Уфимцева, Л.Сергеева, В.Говердовский тарапынан ұсынылған коннотаттық макрокомпонентінің типтеріне шолу жасалынады.

Қазақ тіл білімінде коннотация құбылысы теориялық тұрғыдан арнайы қарастырылмаған. Дей тұрғанымен, бұл мәселенің танылуы зерттеушілер еңбектерінің лексикалық мағына, екіншілік номинация, лингвопоэтика, лингвостилистика аспектісіне сәйкес қамтылып, М.Оразов, А.Салқынбай, Е.Абақан, Р.Авакова, Ғ.Хасанов, Г.Байгунисова, Д.Әлкебаева сияқты ғалымдар тарапынан берілген анықтамалар негізінде айшықталады.

Коннотация құбылысына арналған еңбектерді шолу барысында ғалымдар тарапынан коннотацияның құрылымдық бөліктері әр түрліше танылып, коннотация ұғымы кең мағынада және тар мағынада қарастырылатындығы байқалады. Бұл тұрғыда зерттеушілерді толғандыратын негізгі мәселелердің бірі – бұл бағалауыштық, экспрессивтілік және эмоционалдылық микрокомпоненттерінің денотация және коннотация аспектілерінде орын алу деңгейі. Мысалы, В.И.Говердовский, К.А.Долинин еңбектерінде аталмыш категориялар толықтай коннотацияның микрокомпоненттері ретінде танылса, проф. М.Оразов көрсеткендей, Э.Азнаурова, В.Звегинцев, И.Арнольд сияқты ғалымдар «сөздің эмоционалды-экспрессивтік қызметін стилистикалық мағына құрамында қарап, оны коннотаттық (негізгі мағынаға қосымша) мағынаның қатарына жатқызады» [1,109]. Ал ғалым А.В.Филиппов коннотация ұғымына тек эмоционалдық және стилистикалық мазмұндағы семантикалық мағына жатады деп есептейді де, бағалауыштық және экспрессивті семаларды ол денотацияның белгілі бір бөлшегі ретінде қарастырады. Ғалымның пікірінше, бағалауыштық сема – ұғымның (түсініктің) прагматикалық компоненті, сондықтан да ол денотация аспектісінің объектісі. Ал экспрессивтілік әрқашан сөздің (денотаттың) әдеттен тыс, жаңа тұлғасында көрініс тауып, нормадан ауытқыған окказионалдылықпен байланысты [2].

Сондай-ақ, қазақ тіл білімінде семантика мәселесімен арнайы айналысқан ғалым М.Оразовтың: «… сөздердің эмоциялық мағынасы сөздің негізгі мағынасы болмайды, негізгі мағынаға қосымша мағыналық реңк болып саналады дейтін болсақ, онда тентек, ақымақ, дана, сараң, нас, топас (бұлардың тура және ауыспалы мағыналары да) деген сияқты сөздердің мағынасын түсіндіріп бере алмаған болар едік» [1,109], – деген пікірі де аталған ғалымдардың ұстанымын құптамайтындығын байқатады.

Осындай әр қилы көзқарастардың орын алуы – бұл ғалымдар тарапынан аталмыш мәселеге бір жақты және белгілі бір тұрғыдан ғана қарауынан туындаған жағдай болса керек. Осыған орай коннотация табиғаты, нақты айтқанда, экспрессивтік, эмоционалдық және бағалауыштық микрокомпоненттер «толықтыру, үстемелеу қағидасы» («принцип дополнительности») негізінде сипатталу қажет сияқты. Бұл қағида физика ғылымынан бастау алып, қазіргі кезде лингвистикада да кеңінен қолданылып жүрген әдіс. «Толықтыру, үстемелеу қағидасы» бойынша бір объектіге қатысты қарама-қарсы келетін екі немесе одан да көп ғылыми теориялардың болуы – заңды құбылыс. Себебі: «…айтарлықтай күрделі таным объектісі бір ғана үлгіде толықтай танылуы мүмкін емес. Ол оны жан-жақты көрсете алатын, онымен байланысты құбылыстардың түрлі тобын, түрін ашып бере алатын бірнеше үлгіден тұруы қажет» [3,202] және «кез келген тұжырым – бұл күрделі және іштей қарама-қайшылықтарға толы объектінің біржақты идеализациялануы, санадағы біржақты көрінісі» [4,112] екенін ескеретін болсақ, «әрбір тұжырым тек өз орнында, өз құбылыстар тобын түсіндіру кезінде орынды» [4,112] болып табылатынын ұғамыз. Сондықтан да бағалауыштық, экспрессивтілік және эмоционалдылық микрокомпоненттерді тек денотацияға тән немесе коннотацияның ғана бөлшектері деп бөлмей, олар осы екі макрокомпоненттің объектілері бола алады деген ұстанымды құптаймыз.

Көбіне мырза, жынды, пысық, жек көру, масқара, жауыздық, тентек,

бақыраю, зымырау іспеттес лексика-семантикалық бірліктер тілдік коннотациялар ретінде танылып жүр. Дегенімен, бұл сөздердің коннотация аспектісіне тікелей қатысты болуы күмән тудырады. Себебі, коннотаттық мағына екіншілік, ол денотаттан пайда болады деген қағиданы басшылыққа алатын болсақ, аталмыш сөздердің коннотативті деп танылуы үшін олардың денотаттық мағынасы айқын көрініп тұру керек. Яғни, осы іспеттес сөздердің мағынасы коннотаттық компонент мағынасына тең келеді десек, онда олардың денотаттық мағынасы қандай деген сауал туындайды. Осыған орай көрсетілген сөздердер эмоционалды, экспрессивті және бағалауышты бояу танытып тұрғанымен, олар денотация аспектісінің объектілері болып танылуы қажет деп есептейміз. Аталмыш лексемалардың табиғатына тән микрокомпоненттер сөздің заттық-логикалық мазмұнымен тығыз байланыста болып, белгілі бір ұғым ретінде көрініс табады. Бұны зерттеушілер еңбектері де байқатады. Мысалы, ғалым В.И.Шаховский льстец, негодяй, эгоист, вздыхатель (поклонник), красться т.б. сөздерін мысалға ала отыра, «в этих примерах коннотацией является образное представление, зафиксированное в денотативной сфере семантики слов и соотносящееся с понятием, которое оно замещает в языке» [5,33] деп, сөз семантикасының экспрессивтік, эмоционалдық және бағалауыштық компоненттері денотативті де бола алады деген ой түйеді. Немесе, бірқатар зерттеушілер тарапынан бағалауыштық бірліктер екі түрге бөлініп, оның бірі рационалды (интеллектуалды) баға (ұнату, жек көру, қуаныш, қайғы, сыйлау т.б.) ретінде қарастырылуы – олардың (бағалауыштық бірліктердің) ұғыммен, демек десигнатпен тығыз байланыста танылатындығын көрсетеді. Сондай-ақ лексикалық бірліктер мен фразеологиялық жүйенің құрамындағы эмоционалды, бағалауышты және экспрессивті компоненттердің екі сипатта болатынын байқап, олардың семантикалық ерекшеліктерін денотативті және коннотативті аспектілерде қарастыру қажеттілігіне назар аудартқан тілші-ғалымдар Т.Трипольская мен В.И.Шаховскийдің көзқарастары да ерекше орын алады.

Жалпы лексика-семантикалық бірліктердің денотация және коннотация аспектілерінің объектілері ретінде танылуы шарттылыққа негізделеді. Себебі сөз жеке-дара тұрып коннотаттық мағына таныта алмайтындығы белгілі (тек жалпыхалықтық сипат алған сөз-символдар жөнінде толықтай олай айта алмаймыз). Сөз мағынасының бұл бөлігі (коннотаттық компонент) тек коммуникацияда (мәнмәтінде, ситуацияда) жүзеге асып, тілдегі сөздердің семантикалық құрылымындағы белгілі бір семаның өрістілігімен және қолданыстық сипатымен байланысты болып келуіне орай ерекшеленеді. Оның айшықты көрінісінің өзекті аясы – көркем мәтін. Мысалы, Махамбеттің: «Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен, // Атқан оғы Еділ, Жайық тең өткен, // Атқанын қардай боратқан, // Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан // Арыстан еді-ау Исатай!», – деп келетін өлең жолдарындағы көк шыбық тіркесіне назар аударайық. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» шыбық сөзі: «1. Ағаштың бұтағы, жапырағы жоқ, ұзын да жіңішке, солқылдақ жас өркені. 2. Бір нәрсені жүргізу, ұру, жазалау үшін, қамшы орнына қолданылатын жіңішке ағаш. 3. Жаңа өсіп келе жатқан жас өркен; көшет. 4. Ауыс. Таяқ, соққы» – деп көрсетілген. Алайда, шыбық сөзінің бұл семантикалық мағыналары ақын тіліндегі көк шыбық тіркесінің семантикалық сипатын ашып бере алмайтын сияқты. Аталмыш сөзқолданыстың мағынасын дәл айтып беру қиындау. Дегенмен, мынадай үш болжам жасауға болады: 1. Көк шыбық – бұл қылыш (семсер). Осы орайда біз ғалым Қ.Мұқаметхановтың зерттеуіндегі мынадай деректерге сүйенеміз. Зерттеуші «Әділ сұлтан» жырынан: «Орақтың ұлы Қарасай, //          Шалқасқаны мінеді енді, // Көк шыбығын байланып, // Ғаскерінің Қарасай // Басы болып жүрді енді», – деген үзінді келтіре отыра, «Осы өлеңнің мазмұнына қарағанда, «көк шыбық» – «қылыш» деген сөз болып шығады. Олай деуімізге тағы бір толығырақ дәлелді татар әдебиетінен табамыз. «Чура батыр хикаяте» атты дастанда Шағали ханның қызы Сарқани батырларға әр кімнің өз дәрежесіне қарай сыйлық үлестіргені баяндалады. Шора батырға бір алтын қобди береді. Бұл сыйлыққа батырдың көңілі толмай, өкпелеп, қобдиды ашып та қарамай тастай салады. Бірнеше күн соғысқа шықпай жатып алады. Шағали хан қызы Сарқаниды батырға жіберіп, соғысқа неге шықпай жатқан себебін сұратады.

«Сарқани барып сұрағанда, Шора батыр айтты:

Мен саған өкпелеп жатырмын, сен маған құр қобди бердің, ал басқа батырларға сауыт бердің, – деді.

Сонда қыз айтты:

– Қане, сол қобдиды ашып қарашы, – деді. Шора батыр қобдиды ашып қараса, ішінде «Көк шыбық» («Кук чыбык») деген қылыш бар екен. Шора батыр мұны көріп, қызға риза болып, әскерімен аттанып, көп жауды қырып салды» дейді. Сөйтіп, батырға әдейі арнап соқтырған әйгілі қиғыр қылыш – «Көк шыбық» деп аталып, ерлік жырларында ежелден қолданылатын бейнелі сөз екен», – деп түйіндейді. Сонымен, зерттеуші Қ.Мұқаметханов келтірген тілдік деректер негізінде көк шыбық мықты (көк) қылыш ретінде айшықталатынын көреміз. Дәлірек айтқанда, «көк шыбық» деп өткір, темірден жасалған (көк) семсер (шпага) аталса керек: «Шпага – семсер. Скрестить шпаги – біреумен семсерлесу» [6,1126]. Бұған, біріншіден, визуалды-бейнелі ассоциация негіз болса, екіншіден, түркі халықтарының тіліндегі кесіп, шауып, тіліп жіберетін қару-жарақ атауларының (меч, сабля, шпага) «семсер» және «қылыш» тұлғаларында келіп, бір ұғымды танытатындығы дәлел бола алады. 2. Көк шыбық деп садақ та аталуы мүмкін. Ол мынадай өлең жолдарынан танылады: «Орақтың ұлы Қарасай // Шалқасқаны ту астында жықтырып, // Көк шыбықты орта белден бүктіріп, // Көк сырлы оғын төктіріп, // Баданадай сауытын // Тері тондай жырттырып…» (Әділ сұлтан), сондай-ақ, «Жас шыбықтан жай тарттың, // Жалғыз шиден оқ аттың…» (Ер Тарғын). Көк шыбық – заттың тура атауы емес, яғни денотат емес. Ол «садақ» мағынасына қосымша, ономасиологиялық уәжі бар, тарихи сипаттағы коннотат. Яғни, ол қарудың жасалған материалы атауға уәж болған. Екіншіден, көк шыбық сөз тіркесінің коннотаттық сипатын анықтайтын микрокомпонент – «көкке» қатысты. Бұл арада «көк» сын есімі «жасыл» деген түс атауымен және содан туындайтын «жас» деген ауыспалы мағынамен синонимдес. Себебі садақтың серпімділігі мен қүштілігімен сипатталатын, әлі ағаш бұтағы боп бекімеген шыбықтан жасалғаны мәлім. Қараңыз: «… садақты тобылғы, үйеңкі т.б. ағаш шыбықтарынан доғаша иіп, екі ұшын қайыспен керіп жасайды» [7,VII]. 3. Біздің ойымызша, Махамбет тіліндегі көк шыбық – бұл жебе (садақтың оғы). Бұған дәйек ретінде жоғарыда көрсетілген Махамбет шумағын қайта келтіріп, салыстыра талдап, мазмұнына үңіліп көрелік: «Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен, // Атқан оғы Еділ, Жайық тең өткен, // Атқанын қардай боратқан, // Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан // Арыстан еді-ау Исатай!». Байқап отырғанымыздай, шумақтың мазмұнына сәйкес атқан оғы, атқаны деген сөздермен мағыналық байланыс бұл арада «көк шыбық» сөзінің мағынасы – «жебе» (садақтың оғы) деп болжауға негіз береді. Екіншіден, «көк» микрокомпонентінің коннотаттық құрылымының түзілуіне «көк» түстің мифтік танымға сәйкес «ерекше тылсымдық күш» деген мағынаның да әсері болуы мүмкін. Үшіншіден, көк шыбық тіркесінің «жебе» деген мағынасы «қандыауыз» сөзіне байланысты айшықтала түседі. Қандыауыз сөзінің бірнеше мағынасы бар. Соның бірі – қару-жараққа қатысты. Мысалы, «Тасада мерген кезенген // Қанды ауызға жолығар» (Ауыз әдебиеті); «Қатынасы биік көлдерден // Қатар түзеп қу ұшар. // Алғасап тез оқ ата көрмеңіз, // Қандыауыздан сыйлы жебе сайламай» (Шалкиіз); «Аударылмас қара кемедей, // Қандыауызға сырлап салған жебедей» (Ер Шобан). Келтірілген өлең жолдарының мазмұнына қарағанда, қандыауыз – бұл «садақ». Осыған орай Махамбеттің: «Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан», – деп келген өлең жолындағы «қандыауыз» сөзі – «садақ» деген мағынаны танытса, «көк шыбық» тіркесі – «жебе» мағынасында жұмсалуы мүмкін. Қалай болғанда да көк шыбық – бұл бейнелі сөзқолданыстардың бірі екені анық. Оның аталмыш контекстердегі көрініс табуы коннотаттық компонент мағынасына тең келеді.

Байқағанымыздай, коннотаттық компонент мағынасы көркем бейненің дамуы барысында пайда болып, контекст шеңберінде жүзеге асады. Сонымен қатар контекст ерекше семантикалық өріс, ассоциативті ая туғыза келе, әр түрлі мағынаның ішінен қажеттісін ғана таңдап, коннотаттық компонент мағынасының эстетикалық құндылығын арттыруына себепкер болады.

Белгілі бір сөздің денотаттық мағынасын денотаттық семалар танытса, коннотаттық компонент мағынасы коннотаттық семалар негізінде жүзеге асады. Денотаттық семалар объективті шындық дүниедегі заттар мен құбылыстардың бейнесін ассоциациялайтын, яғни тілдік тұрғыдан көрініс тапқан денотаттардың бейнесін танытатын семалар болып танылса, коннотаттық семалар лексемасы өзара ортақ болып келетін денотаттық семалардан туындай келе, белгіленген затқа деген жаңа көзқарасты, өзге қатынасты білдіретін семалар ретінде көрініс табады. Осы мәселенің теориялық-әдіснамалық қағидасын белгілеген М.Копыленко мен З.Попова еңбектерінде [8] жасалу жолына қарай денотаттық семаның екі түрі (Д1, Д2) және коннотаттық семаның үш түрі (К1, К2, К3) ажыратылады. Жұмыста осы семаларға түсініктеме беріле келе, нақты мысалдар негізінде олардың Махамбет тіліндегі көрінісі қарастырылады. Сондай-ақ «біріншілік номинация» және «екіншілік номинация» деген терминдердің ұғынылуы мен аталмыш семалардың қамтылуы көрсетіледі.

Сонымен, коннотативті сөздің ішкі формасында берілген бейне денотаттан алынып, сөйлеуші тарапынан берілген ойдың барынша нақты, ықшам, психологиялық жағынан әсерлі болуын қамтамасыз етеді. Екінші жағынан, коннотаттық макрокомпонент сөздің мәнерлілігін, көркемділігін күшейту, айтар ойдың ерекше әсерлігін, эстетикалық жағын арттыру, объективті шындық дүниедегі затқа не құбылысқа субъективті көзқарасын білдіру мақсатымен қолданылатын мағына бөлшегі болып табылады.

1.2 Коннотация – семантикалық деривацияның бір көрінісі

Денотаттық компонент мағынасына тең келетін тілдік бірлік коннотаттық мағына мазмұнына ұшырау барысында жаңа мағынада, жаңа қызметте қолданылып, мазмұндық (семантикалық) өзгеріске түсетіні белгілі. Сондықтан да, «өзгеріс – деривация, деривация – процесс. Деривация – өзгеріс болғандықтан процесс» [9,20] деген қағиданы негізге ала отырып, коннотаттық макрокомпонентті, оның пайда болып, жүзеге асу процесін деривациялық процестің бір көрінісі ретінде танимыз.

Деривация бастапқы кезде негізгі сөзге жұрнақ қосу, сөздерді біріктіру, сөз тіркесі т.б. амалдар негізінде жүзеге асады деген бағытта ұғынылып келсе, қазіргі уақытта кең мағынада қарастырылып, сөздің түрлену және сөздің туындау процесін білдіретін жалпылама термин ретінде немесе белгілі бір бастапқы тілдік бірліктен кейінгі тілдік бірліктің, яғни кез келген екіншілік таңбаның пайда болу процесін танытатын атау ретінде ұғынылады. Осыған орай тіл білімі ғылымында деривациялық поцестің фонетикалық, грамматикалық және семантикалық түрлері ажыратыла келе, олар деривациялық процестің формалық және мазмұндық типтері негізінде көрініс табады. «Тілдің формалық деривациялық процесіне фонетикалық-грамматикалық құбылыстар, яғни бастапқы таңбаның тек синтагмалық өзгеруі, мазмұндық деривациялық процесіне семантикалық құбылыстар» [9,21], яғни таңбаның іштей өзгеруі жатады. Мазмұндық деривациялық процесс барысында сөз мағынасы кеңейеді, тарылады, күңгірттенеді, екіншілік және ауыспалы мағына мазмұнына ілігеді. Бұл тұрғыда коннотаттық макрокомпонент басқа да лексика-семантикалық деривациялар іспеттес осы мазмұндық деривациялық процесс нәтижесін танытады. Ғалым А.А.Уфимцева сөз семантикасының іске асу процесі сөзөзектік (лексицентристік) және мәтінөзектік (текстоцентристік) бағытта болатынын көрсете келе, оның зерттелуі де осы екі аспекті тұрғысынан жүргізілуі қажет екеніне назар аударады.

Бұл тұрғыда сөз мағынасының қозғалысын танытып, аталмыш бағыттардың жүзеге асу процесін көрсететін тілдік дәйек ретінде Махамбет өлеңдерінің деректерін негізге алуға болады. Себебі ақын тілінде әртүрлі семантикалық деривация процесінің нәтижесін көрсететін сөздер молынан кездеседі. Олардың бірқатары жоғарыда көрсетілген мәтінөзектік (текстоцентристік) бағытты, яғни жекелеген семалар өзгерісінің мәнмәтін (контекст) негізінде жүзеге асуын көрсетсе, енді бірі сөзөзектік (лексицентристік) бағытты танытады. Сөзөзектік бағыт негізінде өзгеріске ұшыраған сөз мағынасының көрініс табуы тілдік (интралингвистикалық) және тілдік емес (экстралингвистикалық) факторларға байланысты болып келеді. Осындай ұзақ уақыт, таным әрекетінің нәтижесі болып табылатын тілдік бірліктер қазіргі тілімізде кездескенімен, кеңею, тарылу, ауыспалы мағына мазмұнына ұшырау процесінің нәтижесінде, өткен ғасырларда қолданылған мағынасынан өзге мәнді қамтитын дүниелер болып табылады. Тараушада осыған қатысты Махамбет өлең жолдарындағы қарындас, ауыр, алаш, байтақ, сан, аға, ала ту, алқалау, қара орман, жетім сөздеріне кеңінен назар аударылады.

Сонымен, синхрондық тұрғыдан қарағанда мазмұндық деривация процесінің нәтижесін танытатын дериваттардың қайнар көзі болып көне ескерткіштер тілі, халық ауыз әдебиеті мен ақын-жыраулар тілі танылса, солардың бір арнасы ретінде Махамбет туындылары саналады. Жоғарыда көрсетілген сөздер бұл күндері кездескенімен, қазіргі тілдік тұрғыдан уәжденбейді. Сондықтан да олар М.М.Копыленко мен З.Д.Попова жіктемесі бойынша екінші дәрежелі коннотативті сема мазмұнын қамтитын тілдік бірліктер болып табылады. Екіншіден, олар тілдің даму барысын, сөз мағынасының жылжу процесін байқата келе, халқымыздың өткен тарихынан, мәдениетінен, салт-дәстүрінен көптеген мағлұмат бере алатын мәдени коннотациялар ретінде ерекшеленеді.

1.3 Астарлы мәтін (подтекст) және коннотаттық компонент арақатынасы

«Астарлы мәтін (ой) – эксплицитті жеткізілген баяндаудан туындайтын жеткізілмеген (айтылмаған) мағыналар ағыны. Астарлы мәтін – мәтінді талдап түсіндіру нәтижесінде пайда болатын категория. Мәтіннің өз ішінде дами отырып, тікелей берілген ой үрдісімен салыстырғанда жаңа нәрсе болып табылады» [10], – деп сипатталатын астарлы мәтін категориясы мәтін мәселесіне арналған еңбектерде кеңінен қарастырылып, ерекше орын алған категориялардың бірі ретінде танылады.

Осыған қатысты И.Гальперин, В.Кухаренко, И.Арнольд, А.Камчатнов, А.Лурия, К.Долинин сияқты ғалымдар еңбектеріне шолу жасалынады.

Астарлы мәтін кез келген көркем шығармаға тән, ол алдын ала автордың шығармашылық ойымен жоспарланады. Ақпараттың бұл түрі табиғаты жағынан имплицитті болып келеді, яғни вербалды түрде айтылмайды. Сондықтан мәтінді оқу барысында ол бірден байқалмай қалуы да мүмкін.

Аталған зерттеу еңбектері және белгілі бір көркем мәтінді талдау барысы астарлы мәтіннің жүзеге асу жолдары алуан түрлі болып келетіндігін байқатады. Бұл тұрғыда: «Кез келген астарлы мәтіннің мәні белгілі бір үлгінің бұзылуында жатыр» [11,60], – деп түйген И.Торсуеваның ойы да негізсіз емес. Себебі, толық айтылмаған ойлар, қалдырылып кеткен жолдар, белгілі бір жағдайға деген айтылымның сай келмеуі және тағы басқалары -–астарлы мәтіннің жасалуына негіз бола алады. Сонымен қатар астарлы мәтіннің жүзеге асу жолдарының көрінісі ретінде кейіпкерлер сөздерінің арасындағы кідіріс, монологтың үзілуі, коммуниканттың тап осы кездегі жағдайға маңыздырақ болып келетін тақырыптан бейтарап тақырыпқа (немесе керісінше) кетуі, жағдаяттық қайталаулар, белгілі бір айтылымның қайта-қайта оралуы және тағы басқалары танылады.

Ал лексика-семантика тұрғысынан алғанда, белгілі бір көркем мәтін ішіндегі коннотаттық компонент мағынасына тең келетін сөздер мен сөз тіркестерінің ұтымды қолданылуы да астарлы ойдың өрбіп, ұласуына себепкер бола алатынын аңғартады. Бұл тұрғыда Махамбеттің жұмбақ тәрізді жазылған «Шерниязға айтқан жұмбағы» атты өлеңі тарихи шындықты әр түрлі бүркеме сөздер мен образдар арқылы танытуымен қызықтырарлықтай.

Ақын мәнмәтіндегі қолданысына орай жағымды немесе жағымсыз сема танытатын көптеген образдар пайдаланады. Бұл өлең түгелдей бүркеме сөздер мен сөзқолданыстарға негізделген десе де болады. Мәнмәтіндегі арғымақ, лашын, сұңқар, бүркіт, аққу деген зооморфизмдер мен көп қағып дауылпазды көл шайқаған, алты айшылық жер жайқаған, қанат қақпай дәмін татқан, телегей теңіз тасып шамданғанда, жемсау құс деген сияқты икондық (бейнелі) сөз тіркестері мәтіндегі басқа да лексика-семантикалық элементтермен байланысып, ақынның көңіл-күйін, көзқарасын білдіре келе, тарихи шындықты таныта алатын мейлінше терең ойды қамтиды. Диссертациялық жұмыста ойымыз дәйекті болу үшін мәнмәтінмен қатар экстралингвистикалық факторларға да мән беріліп, сол кездегі жалпы жағдай (тарихи, әлеуметтік-саяси жағдай) ескеріле келе, «Шерниязға айтқан жұмбағы» атты өлеңі талданады.

Астарлы мәтін белгілі бір адамның жеке тезаурусына, қасиетіне, ой бағытына, өмір тәжірибесіне қарай әр түрліше ұғынылады. Ал түсіндіру кезінде пайда болатын көпмағыналық мәнмәтін көмегі арқылы ажыратылады.

1.4 Көркем мәтіндегі коннотацияның пресуппозициялық мәні

Айтылған ойды түсінуге мүмкіндік беретін аялық білім жиынтығы лингвистикада пресуппозиция деген термин арқылы анықталады. Ауызша немесе жазбаша түрде жүзеге асқан сөйлесім мазмұнын қабылдауда аялық білім рөлінің орасан зор екендігі, оның тілдік қарым-қатынас негізін құрайтындығы және аялық білімнің қажетті мөлшерде немесе мүлдем болмауы коммуниканттардың түсінісуін жоққа шығаратындығы ғалымдардың еңбектерінде атап көрсетілген (Ахманова О., Верещагин Е., Костомаров В., Колшанский Г., Арутюнова Н., Столнейкер Р., Ерназарова З. т.б.).

Ауызша сөйлеу актісінде продуциент (автор) пен реципиенттің (оқырман) түсінісуі пресуппозиция ортақтығымен қатар, есту, көру арқылы (дауыс ырғағы, ым, дене, бет қимылы т.б.), қабылдау қабілетімен толықтырылса, коммуникацияның жазбаша формасында тілдік ақпаратты игеру толықтай мәтінге негізделеді. Ал мәтін тілін меңгеру – бұл адамның білім деңгейіне, тезаурусына, өмір тәжірибесіне тікелей тәуелді. Әсіресе, белгілі бір дәрежедегі дайындықтың (пресуппозицияның) болуын өзге халық тілі мен ұлттық көркем сөз тілі қажет етеді. Себебі, әрбір халықтың рухани және дүниелік өмірін, елдік қасиетін, таным-түйсігін, салт-санасын, қоғамдық қатынастарын танытатын – оның тілі. Кез келген ұлт тілінің өзіне тән ерекшеліктері болады. Ол халықтың рухани өмірі мен діліне байланысты болып келеді.

Осыған орай да батырлық пен ерлік, өмір шындығы образдылықпен ұштасып, шынайы түрде көрініс тапқан Махамбет өлеңдерінің рухын бүгінгі таңда саналы түрде ұғыну, эстетикалық жағынан дұрыс қабылдау, жан-тәнімен сезіну – оқырманнан белгілі бір дәрежедегі дайындықты талап ететіні сөзсіз. Бұған, бір жағынан, туындылардың көнелігі себеп болады. Ақын өз өлеңдерін XIX ғасырдың І жартысында өзімен тағдырлас, замандас болған адамдарға арнаған. Уақыт өте келе, мәдениеттің, тарихтың, саясаттың өзгеруіне сай, сол кезде түсінікті болған сөздердің, астарлы ойлардың көбі бүгінгі оқырманға беймәлім. Екінші жағынан, көркем мәтіннің мазмұны мен оның коннотациялық сипатының түсінікті болу-болмауы, автор мен оқырман пресуппозицияларының сай келу-келмеуіне байланысты болады. Махамбет поэзиясы тілінің өзіндік табиғаты, терең ұлттық-мәдени, тарихи мәні, образдарының мән-мағынасы толық танылып ашылмауы – бұл қазіргі кездегі оқырман пресуппозициясы мен ақын пресуппозициясының сай келмеуінде болса керек. Ал Махамбет пресуппозициясының (аялық білімі мен таным тереңдігі, онымен тамырлас шығармашылық сипаты) жоғары деңгейде болғанын біз ақын өлеңдерін оқи отыра аңғарамыз. Сонымен қатар оның арабша, орысша, татарша сауатты болғаны, «Құранды» терең білгені, «Қырымның қырық батырын» және өзіне дейінгі жыраулар шешендігі мен халық даналығын игергендігі де оның шығармашылық тұлғасын толықтыра түсетін жайттар.

Махамбет шығармаларындағы көркем сөздің пресуппозициясы мен тарихи коннотациясын түсіну – экстралингвистикалық жағдаят, адамның жеке танымдық ассоциациялары, аялық білім деңгейі байланысына тіреледі деген пікірімізді дәлелдей түсу үшін жұмыста Махамбеттің: «Мұсылманшылық кімде жоқ, // Тілде бар да, дінде жоқ», «Дұшпаның қарсы келгенде, // Ер дініне берік болсын!» – деген өлең жолдары талданады.

  1. МАХАМБЕТ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ ТІЛДІК КОННОТАЦИЯ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТҮРЛЕРІ

2.1. Махамбет өлеңдерінің тіліндегі топонимдер мен антропонимдердің коннотациясы

Ассоциативті ойлау халықтың мәдени-тарихи өмірімен тығыз байланыста көрініс тауып, тілді қолданушылардың «ұжымдық есін», «мәдениет ескерткішін», «ұлт өмірінің айнасын» танытады. Сондықтан да ғаламның тілдік бейнесін қалыптастырудағы әр ұлттың өзіне ғана тән таным, ассоциативті-образды ойлау ерекшеліктерін айшықтауға бағытталған мәдени коннотацияның мәні айрықша. Бұл тұрғыда Махамбет тілінде үстеме мағына мазмұнына сәйкес сипаттауыштық, символдық, бейнелеуіштік қызметте жұмсалған жер-су, жан-жануар, құс, киім, түр-түс т.б. атаулары мен фразеологиялық сөз орамдары ұлттық-мәдени коннотация мазмұнын танытатын тілдік таңбалар ретінде көрініс табады.

Өткен заман куәсі болып табылатын жер-су атаулары мен кісі аттары әрбір халықтың болмысы мен мәдениеті, тарихы мен қоғамдық өмірі жөнінен аса құнды мағлұмат беретін көне дерек көзі болып танылады. Кез келген этностың өмір-тіршілігі белгілі бір жағырафиялық кеңістікте көрініс тауып, оның тілінде таңбаланады. Сондықтан ономастикалық лексика өзінің номинативті функциясымен қатар оған тән ұлттық-мәдени таңба ретіндегі танымдық қызметімен де ерекшеленеді. Ономастикалық лексиканың дәстүрлі атауыштық қызметінен белгілі бір объект және осы объектіні сипаттайтын белгілер таңбасына ауыса алатыны бұлардың өн бойындағы экстралингвистикалық ақпараттың жоғары деңгейде шоғырлануымен түсіндіріледі.

Кумулятивтік қызметін жүзеге асыра отыра, топонимдер мен антропонимдер аталмыш объект жөнінде бүкіл ақпаратты қамтиды. Ал олардың сол тілді тұтынушы адам санасында, көбінесе, тарихи-әлеуметтік мазмұндағы коннотациялар туғызуы – бұл ономастикалық лексиканың тарихи оқиғалар мен аса танымал жағдаймен байланысты болуының белгісі. Топонимдер мен антропонимдер жеке-дара тұрып белгілі бір ақпаратты береді. Сондай-ақ олардың бір ерекшелігі, белгісі негізінде іштей байланысқан топтық атаулар да өзіндік бір ақпаратқа ие. Осындай топонимдік, антропонимдік лексика жүйесі белгілі бір бейне таныта алады. Мысалы, Нарын, Бекетай құмы, Жасқұс, Сағыз, Жайық, Қиғаш, Жәңгір хан Исатай, Баймағанбет сұлтан т.б. дегенде санамызда Махамбет Өтемісұлының шығармашылығы, 1836-1837 жылдардағы ұлт-азаттық көтеріліс жаңғырып, тілімізге Махамбеттің өлең жолдары оралады. Себебі, Исатай-Махамбеттің көтерілісі кезінде қиян-кескі шайқастар майданы болған жер-су атаулары мен замандас адамдар аттары, ру-тайпа атаулары Махамбет поэзиясында кеңінен орын алған.

Нарынның шығысы – Бекетай құмында дүниеге келіп, Қиғаш, Тептер, Жайық өзендерінің жағалауындағы сай-салалы, шұрайлы мекенде өсіп-өрбіген Махамбет үшін Нарын, Бекетай құмы, Жайық, Қиғаш т.б. – нақты жер атаулары емес, ішкі дүниесінде өшпес орын тепкен ең қадірлі, ең қастерлі ассоциациялық ұғымдар. Бұлар ақын тілінде «туған жер, атамекен, Отан, кіндік кескен өңір» концептілік ұғымын беретін сөз-символдар.

Ақынның «Айналайын Ақ Жайық» деуінің өзі-ақ оның жерге, елге деген ыстық сезімін, сүйіспеншілігін танытады. Бұл жердегі ақ лексемасы Э.Севортянның сөздігі көрсеткен: «ағу қимылын білдіретін етістік (ағыны қатты су)» және зерттеуші Ұ.Серікбаеваның: «Ақ – кең, ұшы-қиыры жоқ, шексіз… Ақ Жайық өзенінің атауын о баста «ені кең, жайылып жатқан өзен» деп жобалауға болады» деген пікірлерін қостай келе, сонымен қатар оның «киелі, қасиетті» мағынасындағы сөз-символ іспеттес коннотаттық мәнін де көрсеткен жөн. Ал Махамбеттің: «Ауыр әскер қол ертіп, // Жасқұсқа барып кіргенде», – деп келетін өлең жолдарындағы Жасқұс құмының атауы Жәңгір ханды, «ағаш үйді» (Жәңгір хан Сарайын), әділетсіздік пен озбырлықтың орталығын елестетсе, «Көзінен тізіп жіберді-ау // Орынбор деген қалаға-ай!», – дегендегі Орынбор қаласының атауы орыс патшасының саясатын жүзеге асырушы Орынбор казачествосын бейнелеп, Махамбет үшін өз тұрмыс тіршілігінен тыс, рухани өміріне жат елдің, мекеннің коннотациялық атауын танытады.

Махамбет мұрасын зерттеушілер әр кезде де ақын өлеңдерінің өзіне дейінгі жыраулардың көптеген образдарымен, кейде тұтас жолдарымен ұштасып жатуын «өзіне дейін поэтикалық дәстүрді жинақтаушы (синтездеуші) ақын» [12,181] ретінде танытып, «… тегінде дәстүрлі жалғастық, ауысу, мұралану дегендердің өзі осы «қайталаулардан» көрінбек [13,174] дегенді баса айтатыны белгілі.

Жыраулар мұрасын әдеби тілдің қажетіне жарату – бұл байырғы лексикалық байлықты сарқа пайдалану, реңк беру, тармақ үйлесімі сияқты себептерді ескеру дей тұрғанымен, бұны біз жаңа жағдайға, тариххи шындыққа байланысты өзге мазмұнды, өзіндік бір мәнді таныту мақсатынан туындаған көркемдік қажеттілік деп табамыз. Мысалы, Махамбет бірде: «Кет-Бұғадай билерден // Ақыл сұрар күн қайда?» – деп келетін образ қолданады. Зерттеушілердің айтуына қарағанда, Кет-Бұға – XIII ғасырда ғұмыр кешкен тарихи адам, атақты би. «Көне түркі тілінде «Кед» (кет, келі, кез) – күшті, мықты. «Бұғы» – бұға, бұқа, бүке – батыр, күшті адам, бөгу – дана, данышпан деген ұғым береді» [14,516]. Академик Р.Сыздықова «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінде зерттеуші А.Сейдімбековтің сөзін келтіре отыра, бұндай сөзқолданыс Доспамбет жырау тілінен сақталып келгенін растайды. Біздің ойымызша, Доспамбет жырау мен Махамбет ақын өлең жолдарындағы бұл образды тіркес тек сыртқы формасы жағынан үндесіп жатыр. Ал осы қолданысқа салынған ой мен мән әр басқа. XV ғасырда жасаған Доспамбет жыраудың: «Кет-Бұғадай билерден // Кеңес сұрар күн қайда!» деп жырлауында өзіндік бір себеп бар шығар. Ал Махамбет ақынның араға үш ғасыр салып Кет-Бұғаны аузына алуына таза тілдік факторлармен қатар, тарихи-әлеуметтік жағдай, объективті шындық итермелеген болу керек. Ақын тілінде Кет-Бұға – бұл нақты адамның есімі емес. Ол жинақы образ. «Кет-Бұғадай билер» деп келген теңеуімен ол Шыңғыс, Әбілқайыр, Абылай хан замандарында өмір сүріп, өздерінің елдің әдет-ғұрпын жақсы білуімен, дана сөздерімен, әділділігімен бүкіл байтақ елге танымал болған ақылгөй билерді, ақсақалдарды танытады. Дәлірек айтқанда, «Кет-Бұғадай билерден // Ақыл сұрар күн қайда?» деп ақын, біріншіден, өз өсиеттерімен, әділ сөздерімен бағыт берген, төреші болған, ел бірлігін көксеген би-шешендер заманының кетіп, сонымен бірге көшпелі салт-дәстүрдің де құлдырауын көрсеткені болса, екіншіден, тек жеке бас қамын ойлайтын, алдау-арбаумен күнін көретін, өз заманының әділетсіз би-сұлтандарын әшкерлегені деп түсінеміз. Яғни, Махамбет тілінде бұл жай қайталау емес, өзіндік бір тың мазмұн жүйесін құрайтын коннотаттық мағынадағы образды тіркес.

Жалпы топонимдер мен антропонимдер, біріншіден, белгілі бір объектінің мазмұнын (жер бедері, жануарлар, өсімдіктер әлемі, тарихи жағдай, халықтың дүниетанымы, тұрмыс-тіршілігі, қалыптасу кезеңі, қабаты т.б.) ашуға бейім, мүмкіндігі мол категориялар болып танылса, екіншіден, олар өзінің сипаттауыштық, символдық, аялық, бейнелеуіштік қызметтерімен ерекшелене келе, көркем мәтін тілінде танымдық тұрғыдан маңызды мағына тудырушы рөл атқарады.

2.2. Ақын шығармаларындағы жан-жануар және құс атауларының коннотациясы

Жан-жануар атауларының коннотациясы. Тілдік қордың ең көне әрі көлемді қабатының бірі болып жануарлар атауларына қатысты сөздер мен сөз тіркестері танылады. Бұл – жануарлардың ғасырлар бойы халықтың күнделікті тұрмыс тіршілігімен (жыртқыш аңдармен күресу, аң аулау, етін, сүтін тамақ ретінде пайдалану, терісінен киім тігу, сүйегінен құрал-жабдықтар жасау, көлік ретінде пайдалану т.б.) тығыз байланыста болып, адамның дүние танымына, көзқарасының қалыптасуына мейлінше әсер тигізгенімен түсіндіріледі. Осыған орай тілде жан-жануар атауының негізінде жасалған теңеулер, метафоралық сипаттамалар, фразеологизмдер, мақал-мәтелдер көптеп кездеседі. Олардың пайда болуы о баста малға, аңға байланысты болғанымен, айналып келгенде адамға бағышталып, әртүрлі зоосипаттамалар негізінде адамның мінезі, іс-әрекеті, сыртқы көрінісі, жақсы-жаман қасиеттері айшықталады. Бұл кез келген ұлт тіліне тән құбылыс дей келе, оның әр тілде өз ұлт дүниетанымы, ділі, мәдениеті тұрғысынан жүзеге асатынын да ескереміз. Яғни, белгілі бір мағына екі түрлі ұлт тілінде әр басқа ұғымдармен коннотацияланып, өзіне ғана тән ассоциативті образдар негізінде көрініс табады.

Коннотациялық мәнді зооморфизмдер белгілі бір ойды нақты, әсерлі, көркем түрде жеткізу мақсатымен көркем әдебиет тілінде де кеңінен қолданылады. Олар белгілі бір тіркес құрамында астарлы мағына жүйесіне ілігіп, бірде жағымды мағына берсе, кейде жағымсыз мағына мазмұнын құрайды. Осымен байланысты суреткер санасында кейбір өзара ұқсас қасиеттерін салыстыру негізінде қалыптасатын ассоциация арқылы адамның орнына немесе белгілі бір құбылысты сипаттау мақсатында жануарлар атауларының ұшырасуы, яғни олардың өзіндік мінез-құлқына, пішініне, мүшелік белгілеріне, іс-әрекетіне т.б. ерекшеліктеріне байланысты метафоралық ауыс қолданылуы белгілі бір образ жасау, модальділік көзқарасын білдіру, әсерлігін күшейту мақсатында Махамбет шығармаларында ұтымды да шебер пайдаланылған. Ақынның адам мінезіне, сыртқы келбетіне, іс-әрекетіне, түрлі қасиетіне байланысты қолданылған аң атауларының семантикалық бірліктері үстеме образдылық, бағалауыштық, эмоционалдық, экспрессивтік мағына үстейді. Мысалы, Махамбеттің: «Керіскідей шандозым! // Құландай ащы дауыстым!» – деп келетін өлең жолынан «керіскі» сөзін кездестіреміз. 1962 жылы шыққан Махамбеттің өлеңдер жинағында: «Керіскендей шандозым – керіскендей – негізі – керу. Тартысуға, керісуге байланысты «төзімділік» ұғымында. Шандозым – кербездің синонимі», – деген түсінік берілген. Бұл арада Махамбет өлеңіндегі «керіскендей» сөзінің текстологиялық анықтамасына негіз болған – кер, керіс етістіктерінің қазіргі тіліміздегі мағынасы. Немесе, 2004 жылы жарық көрген Махамбет энциклопедиясында: «Керіскі – 1.Жұқа етіп басылған сырмақ, қалпақ сияқты сәнді киім, бұйым тігуге арналған ақ киіз. 2.Керіскідей – көз тартатын үлкен», – деп көрсетілген [14,515].

Бірақ бұл жерде, біздің ойымызша, «керіскідей шандозым» дегенді басқа мағыналық негізде түсіндіру қажет. Оны бұл сөздің мағынасына қатысты тарихи-салыстырмалы зерттеу барысы байқатады. Бұл сөзді біз Н.И.Ильминский нұсқасындағы (1860 ж.) «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырынан да кездестіреміз: «Әлекем Қозыкені керіп атты, // Қозыке керіскедей болып жатты». Немесе, М.Сералиннің қазақ тіліне аударған «Рүстем-Зораб» дастанында: «Керіскедей керіліп, // Жатыр жерде созылып», – деп келетін жолдар бар.

Керіскі – мүйіз тұмсықты жануар, яғни носорог деп Л.З.Будаговтың сөздігінде көрсетілген: «уйг. «керсъ» – носорогъ». Демек, Махамбет Исатайды керіскідей деп тұрғаны – оның бейне-бітімін, сыртқы тұлғасын теңеу негізінде батырдың соқталығын, айбатын, айбындылығы мен күшін образды түрде бергені.

Жұмыста осыған сәйкес арыстан, қабылан, жолбарыс, серке, тарлан, нар, тағы, тарпаң, жылқы (арғымақ, жүйрік ат, тұлпар, көк бедеу, қазанат т.б.), қасқыр, қара шұбар жылан, айыр құйрық шаян, төбет деген сияқты сөздердің Махамбет тіліндегі үстеме мағыналары қарастырылып, жағымды және жағымсыз семалары айшықталады.

Құс атауларының коннотациясы. Коннотативті жүйеде өзін және сомдап отырған бейнелерін аспан перзенті – құс атауларына балап көркем суреттеу – Махамбет поэзиясында кеңінен орын алған тәсілдердің бірі. Ақын тілінде ұшырасқан құс атаулары адам бойынан табылар әр түрлі қасиеттерді бейнелеу үшін, кейде басынан кешкен жағдайларды, көңіл-күйін таныту мақсатында поэтикалық тілдік құралдарға айналған сөздер болып табылады. Мысалы: «Мен – қарақұстан туған қалықпан, // Сөйлер сөзге жалықпан», «Мен ақсұңқардан туған құмаймын // Бір сұңқарға жұбаймын», «Аспанда ұшқан ақсұңқар, //Қолымда тұйғын, лашын», «Ау, қызғыш құс, қызғыш құс, // Қанатың қатты, мойның бос» т.б.

Махамбет өз тыңдармандарына әсерлі, түсінікті болу үшін, суреттеп отырған бейнені немесе оқиғаны оқушыларының көз алдына елестету үшін өлеңдерінің мазмұнын, өзінің айтпақ ойын әр алуан эпитет, метафоралық теңеулер, поэтикалық контраст негізінде шебер өрбітеді. Мысалы, мақсаттары орындалмай, жолдастары оққа ұшырап, Исатай жау қолынан қаза болған күн Махамбет өлеңінде: «Аса шапқан құлаша ат // Зымырандай болған күн. // Арқауылдың бойынан // Теріскей дауыл соққан күн», – деген сияқты образды тіркестер негізінде көрініс табады. Осы өлең үзіндісінен атты зымыран құсына теңеу үлгісін кездестіреміз.

Зымыран – суға сүңгігіш құстардың бірі. Ұлттық танымы мен көркем әлемі бір тұтасқан ақын Е.Раушановтың көрсетуі бойынша, оның әлемде 87 түрі кездеседі және әр елде ол әртүрліше аталады. Мысалы, балқар, қарашай тілінде «балыкчы чымчык» делінсе, башқұрттарда ол «балықсы торғай» деген атпен белгілі. Сонау ескі замандардан бері қарай сан елдің әдебиетінде әдеміліктің символы ретінде жырланып келе жатқан бұл құс шығыс ақындары шығармаларында ағаш бұтағына періште іліп қойған лағыл-гауһарға теңелсе, көне Қытайда оның көгілдір қауырсындарын император сарайының ханшалары бас киімдеріне қадаған. Ал орта ғасырлық Еуропада үйді «бәле-жәле, қауіп-қатерден, тіл-көзден сақтау үшін» зымыранды үйдің маңдайшасына тұмсығынан іліп қоятын болған [15].

Сондай-ақ халық танымында зымыран ерекше шапшаңдылығымен де белгілі. Оның шалт қимылы, суға оқтай зулап, судың үстінгі қабатында жүзіп келе жатқан балықты қас қағым уақытта іле жөнелуі осы құстың зымыран деп аталуына да негіз болса керек: зымыран – зымырау.

Махамбет тілінде де аталмыш құстың аса шапшаңдылығы, зымырауы басшылыққа алынғаны аңғарылады. Жоғарыда көрсетілген өлең жолындағы «Аса шапқан құлаша ат» деген жағымды образ негізінде ақын Исатай бейнесін сомдай келе, оның тез, зымырап өткен қысқа өмірін зымыран құсы арқылы танытып, қаза болғанын меңзеп тұрғандай.

Қазіргі тілде зымыран – ракетаның қазақша баламасы. Сонда зымыран (құс) және зымыран (ракета) коннотацияларының уәжі бір. Ол – «жылдамдық» семасы.

Дипломдық жұмыста зымыран лексемасы іспеттес лашын, қарақұс, қалықпан, ақсұңқар, құмай, қыран, бүркіт, қызғыш құс, аққу, шағала құс атауларының да Махамбет тілінде көрініс тапқан үстеме мағыналары көрсетіледі.

2.3. М.Өтемісұлы поэзиясындағы түр-түс киім атаулары және фразеологиялық коннотация

Түр-түс атауларының коннотациясы. Махамбет өлеңдерінде қолданыс аясы тұрғысынан тек номинативтік және көркемдегіш-сипаттауыш қызметтерімен шектелмей, өзіндік символдық, танымдық терең мәнге ие болуымен ерекше көзге түсетін лексика-семантикалық топтар қатарына түр-түс атаулары да жатады.

Тілдегі түр-түс атаулары белгілі бір заттың сапалық сынын ғана білдірмей, сонымен қатар белгілі бір этностың ұзақ тарихы, оның рухани, мәдени өмірі, эстетикалық талғам-танымы, ұлттық психологиясы, салт-сана, әдет-ғұрпы туралы да мол мағлұмат бере алатын күрделі категория болып табылады. Бұл түр-түс атауларының әр түрлі аспектіде (лингвистикалық, психологиялық, когнитивтік, тарихи-мәдени, этнолингвистикалық тұрғыдан) зерттелуімен айшықталады.

Ғалымдар еңбектерінде түр-түс атауларының табиғаты халықтың тұрмыс-салтына, наным-сеніміне, ұлттық дүниетанымына, қоршаған табиғи ортаға тәуелдене айшықталып, түстердің мәдени ассоциациясы көрініс табады (А.Кононов, Э.Севортян, Ә.Қайдар, З.Ахтамбердиева, Б.Өмірбеков, Ш.Жарқынбекова, Н.Аитова, Ұ.Серікбаева, Ф.Ахметжанова, Қ.Қайырбаева т.б.). Олардың кейбір үлгілерін Махамбет өлеңдерінен де көреміз: ақ түс атауына қатысты – ақ кіреуке, ақ алмас, ақ семсер т.б. («өткір», «мықты», «сапасы өте жоғары», «болаттан жасалған»), ақша бет («сұлу», «көрікті»), ағыны күшті ақ дария, ақтабан, ақбөкен («тез», «жылдам», «шапшаң», «жүйрік»), ақкөңіл, ақ жүрек («таза», «пәк», «жылы», «әділ», «адал», «мейірбан»), ақ жұмыртқа («бала», «жасөспірім», «пәк»), ақсүйек («текті», «хан», «төре», «таза», «біртекті», «қоспасыз»); қара түс атауына қатысты – қара нар («күшті», «мықты», «төзімді»), қара («қарапайым халық», «күшті», «мықты»), қара саба, қара қазан («қасиетті», «киелі», «берекелі», «құтты»), қара болат, қара балта («таза», «қоспасыз», «берік», «мықты», «өткір»), қара бұлт («қою», «шоғырланған», «көп», «айбарлы күш»), қара бас («жеке», «дара», «жалғыз»), қара су («жұғымсыз», «сіңімсіз», «құнарсыз»), жау қарасы («сан», «мөлшер», «шама»); ала түс атауына қатысты – ала ту («соғыс туы», «ұрысқа ұстайтын ту»), алаулау («соғысу», «шабуылдасу»), алалы жылқы, алаға-ай («мықты», «күшті», «жүйрік»); көк түс атауына қатысты – көк семсер, көк сүңгі («сапасы өте жоғары», «суаруы қанық», «мықты», «өткір»), көк бедеу, көгілдір-ай (жылқыға қатысты – «мықты», «жүйрік», «үстем», «жеңімпаз», «киелі», «қасиетті»), көк шалғын («шөбі мол», «құнарлы»), көк («аспан»); сары түс атауына қатысты – сары дала («ұлан-ғайыр», «кең», «ұзаққа созылған», «жайбарақат», «немқұрайды»), сары атан («жай», «ұзақ жолға төзімді»), сары жебе («сары мыстан немесе жезден жасалған оқ»), сары алтын, сары бал, сары сусар бөрік («таза», «қоспасыз», «молшылық»), сары бала («жас», «өскелең ұрпақ»); боз түс атауына қатысты – боз ағаш, боз орда («қасиетті», «киелі», «көне»); қоңыр түс атауына қатысты – қоңыр қаз («қарапайым», «өзімен-өзі), қоңыр салқын («дене тоңазытатын, қатты тоңбағанмен, тітіркенетіндей күз желі немесе жаз бітер тұстағы түнгі салқын»); қызыл түс атауына қатысты – қызыл гүл, қызыл көйлек («әдемі»), қызыл сырлы жебе («ең тәуір», «өткір», «қауіпті», «шапшаң»), қызыл изен («жақсы», «жаңа көктеп келе жатқан», «жас»).

Киім атауларының коннотациясы. Ақын тілінде жалпы киім атауына қатысты тілдік бірліктер көп кездеспейді. Бары – 8-9 атау. Атап айтқанда, олар: «сары сусар бөрік, қытайы қызыл көйлек, қынама бешпент, қаптама, кіреуке, дулыға, көбе, жаға» және «Басына жібек байлаған // Арулар кімнен қалмаған?!» деп келетін өлең жолындағы жібек сөзі. Ақын шығармаларының мазмұнына шолу жасау барысы бұлардың (киім атауларының) кейбірі философиялық ой өрбіту, көркем суреттеу қызметінде жұмсалғанын, енді бірі бейнелеуіштік, символдық қызметте қолданылып, үстеме мағынаның туындауына себепкер болғанын байқатады. Жұмыста аталмыш киім атауларының танытатын жанама мағыналары қарастырылады.

Фразеологиялық коннотация. Халық ғасырлар бойы аз сөзбен көп ойды жеткізетін нақты, көркем сөз оралымдарын пайдаланып отырған. Халықтың әдет-ғұрпы, салт-санасы, күнделікті өміріне байланысты туындаған коннотациялық сипаттағы фразеологиялық бірліктер халықтың ассоциативті-образды ойлауы нәтижесінде пайда болып, ұлттық-мәдени ақпарат мазмұнын танытатын нышандар болып есептеледі.

Махамбет өлеңдерінде мәнерлегіш-көркемдік бояуы басым фразеологиялық сөз орамдары көптеп кездеседі: көз көрім жер, мейманасы тасу, ат салу, әзіреттен ант ішу, ата жау, еңселігім екі елі, ер көңілін желдету, маңдайынан күн өтіп, жауырынан жел өту, еңсесі түсу, ат үстінде күн көру, тебінгі теріс тағыну, дініне берік болу, тауын қайтару, қызғыштай болу, шағалалы көлдей шалқу, дем беру, алты құлаш ақ найза, ақылды алпыс жаққа шаптыру және тағы басқалары. Бұлар ақын көзқарасын, ерекшелігін таныту, айтар ойын ерекше әсерлі етіп, белгілі бір бейне сомдау мақсатында ұтымды пайдаланылған.

«Махамбетте кездесетін фразеологиялар жайлы сөз еткенде аса бір ерекше ескерілмек нәрсе – бұл фразеологияларда жауынгерлік стиль бояуы анық байқалып тұруы» [13,197]. Мысалы, «садақ асыну», «егеулі найза», «көк семсер», «дулығалы бас», «орма мылтық», «кескекті ердің сойы», «қанды көбе кию», «керегесін қиратып отын ету, туырлығын кесіп тоқым ету», «ұрандап жауға тию», «қамалды бұзу», «қанды көбік жұтқызу» және осы іспеттес тағы да басқа тіркестер «жаумен соғысу», «ұрысқа сай ер-азамат», «жауынгер», «мықты, күшті», «жеңімпаз», «өршіл рух» мағынасындағы бейнелерді сомдау үшін қолданылған тіркестер болып табылады. Сонымен қатар жұмыста «ес едік», «шұнақ хан», «халыққа тентек атану», «Темірқазық жастану», «қу толағай бастану», «аламанға жел беру» деген сияқты тіркестер талданады.

2.4. Махамбет шығармашылығындағы көріктеу құралдары коннотациясының қолданылуы

Махамбет қолданысындағы көріктеу құралдарының коннотациясы. Көркемдік, прагматикалық бояуы айырықша коннотаттық компонент мағынасына тең келетін сөздердің басым көпшілігі троптар негізінде пайда болады. Олар айтылмақ ойға сай көркем бейне сомдай келе, автордың көзқарасын, дүниетанымын, эстетикалық талғамы мен сөз жұмсау шеберлігін танытады.

Махамбет негізгі тақырыбына орай қару-жарақ, сауыт-сайман атауларын кеңінен қолдана отыра, өз тындармандарына жақын, түсінікті болу үшін халықтың тұрмыстық, әлеуметтік тәжірибесін, ұлттың психологиялық, философиялық ойын танытатын этномәдени бірліктерді көркемдік қажетіне қарай ұтымды пайдаланып отырған. Бұл мәдени ақпарат мазмұнын қамтитын тілдік таңбалар метафора, теңеу, эпитет, метонимия, синекдоха, ұлғайту (гипербола) сияқты көріктеу құралдары мен амалдары негізінде көрініс тауып, автордың ойын дәл, экспрессивті, сомдамақ бейнесін көркем, айшықты болуын қамтамасыз етеді.

Бұл жұмыста Махамбет туындыларында кеңінен қолданыс тапқан эпитет, теңеу және метафора деген сияқты көріктеу құралдары ғана қарастырылады.

Эпитет – бұл белгілі бір заттың сын-сипатын ғана танытатын құрал емес. Ол көркем мәтін ішінде, әсіресе, поэзия тілінде кеңінен қолдана келе, көркемдеуіш, бейне тудырушы және коммуникативті-прагматикалық қызметтерімен де ерекшеленетін көркем мәтін компоненті болып табылады. Эпитеттер поэзия тілінде көркем бейне сомдай келе, автордың дүниетанымын, эстетикасын, белгілі бір затқа немесе құбылысқа деген субъективті көзқарасын, идиостилін танытатын көркем дүниелер болып есептеледі. Сондықтан да болса керек эпитеттер Махамбет шығармаларында кеңінен қолданыс табады: егеулі найза, қозы жауырын оқ, балдағы алтын құрыш болат, қарқыны күшті көк семсер, қоңыраулы найза, орма мылтық, жалаулы найза, шал жебе, толғамалы ақ мылтық, көн садақ, қималы найза, ақ семсер, қанды көбе, ақ сұңқар, аймақ көл, қоғалы көлдер, алалы жылқы, мұнар күн, жалған дүние, ана Еділ т.б. Бұлар мәтін ішінде көркемдік қызмет атқара келе, әсем де әсерлі бейне сомдау үшін қолданылады. Жұмыста «еңіреген ер», «алтын ер», «буыршын мұзға тайған күн», «бура атанға шөккен күн», «кілегей қатқан Еділ», «қом сулар» деген тіркестерге кеңінен назар аударылады.

Теңеу. Махамбет тіліндегі келесі өнімді бейнелеу тәсілдерінің бірі – теңеу. Теңеу – интеллектуалды қызметтің ең бір көне түрі ретінде таныла келе (Э.Сепир), ұлттық сана-сезіммен, халықтың мәдениетімен, адамдардың өмірлік тәжірибесімен астасып жататын лингвомәдени бірлік болып табылады.

Махамбет шығармаларында кеңінен орын алған теңеулердің бір түрі – бұл халық ауыз әдебиетінде, жыраулар туындыларында жиі қолданылып, тұрақтанған дәстүрлі поэтикалық теңеулер. Олар ақын поэзиясының ұлттық нақышын, экспрессивті-эмоционалды бояуын, көркемдік қуатын арта түсіретін дүниелер болып табылады. Мысалы: «Маңыраған қойдай шулайды», «Ақ бөкендей ойнайды», «Аш күзендей белін бүгілтіп», «Күшіктей даусын қыңсытып», «Арыстандай ақырған», «Жолбарысша жорыттым», «Қабыландай қайранға соғып», «Үдей соққан дауылдай», «Мылтығын қардай боратып», «Оқ жаңбырдай жауған күн», «Сапырып судай шашқан күн» т.б. Бұл – теңеулер көнелігінің, көркемдік дәстүр жалғастығының, Махамбет поэзиясының ата-бабалар ойлау-пайымдауы мен қаһармандық жырлардың әсері негізінде туындағандығының көрсеткіші.

Сонымен қатар, Махамбеттің өзіндік қолтаңбасын танытатын соны теңеу-суреттер де аз емес. Мысалы: «Қызғыштай болған есіл ер», «Еркек қойдай бөлініп, // Қырқарланып өткен ер», «Жау бір өрттей қайнайды», «Қайраңнан алған шабақтай // Қия бір соғып ас етсем», «Құландай ащы дауыстым!», «Қырмызыдай ажарлым!», «Хиуадай базарлым», «Теңіздей терең ақылдым!», «Мен келелі қара бұлтпын», «Шортаны қара бақандай», «Бақасы сары атандай», «Сонасы қоңыр үйректей» т.б.

Махамбет өлеңдерінің тақырыбына орай ақын тіліндегі «шамырқансам, шатынап сынар болатпын», «суаруы қанық көк сүңгі ем», «қылыштай қиғыр алмас ем» деп келетін метафоралы теңеулер іспеттес жануарға, өсімдікке, құсқа, табиғат құбылысына баланып жасалған теңеулердің негізінде де қас батыр, ел қамы үшін күрескен азамат бейнесі сомдалады: «Атадан туған аруақты ер, // Жауды көрсе, жапырар // Үдей соққан дауылдай», «Арыстандай ақырған // Айбатыма шыдамай, // Хан баласы жылады-ай», «Бұрала біткен емендей // Қисық туған сорлы ағаң», «Палуан жолбарыс секілді // Алысқанды алып ұрған білегім», «Атқанын қардай боратқан, // Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан» т.б..

Метафора. «Поэзия – әсемдік әлемі, ол – халықтың ақын, жырау қаламымен (көмейімен) танытылған эстетикалық, философиялық, психологиялық, танымдық дүниесі» [16]. Ал поэзия тілінде сол дүниені көрсетуші құралдардың бірі болып – метафора танылады.

Метафора – бұл екі затты немесе құбылысты ұқсатып салыстыру негізінде, олардың белгі-қасиеттерінің ассоциациялануы нәтижесінде сөздің ауыспалы мағынада жұмсалуы. Сонымен қатар ол сана мен тілдің тығыз байланысын, дүние туралы ойлаудың тілдік бейнеленуін көрсететін ерекше құбылыс болып танылады. Оның мәні екі затты немесе құбылысты ұқсатып салыстыруда ғана емес, соның негізінде дүниені, қоршаған ортаны танып-білуде. Метафора – ойлау мен танымның, шығармашылық процестің, ұзақ уақыттың нәтижесі болып табылады. Ол әрдайым ауыспалы мағынада келіп, ойды дәл жеткізу, көркем де әсерлі бейне тудыру, тың мазмұн үстеу ерекшелігіне орай поэзия тілінде кеңінен орын алады. Махамбет поэзиясында сомдалған көркем бейнелердің көбі де осы метафора тәсілі негізінде туындаған. Ақын белгілі бір құбылысты, аң-құс, қару-жарақ атауын суреттеліп отырған объектіге балап бейнелеуі арқылы жағымды немесе жағымсыз мағына таныту, айтпақ ойын экспрессивті, бейнелі түрде жеткізу, өз тыңдармандарына түсінікті, жақын болу мақсатын көздеген. Мысалы, Махамбет «Баймағамбет сұлтанға айтқан сөзінде» өз бейнесін: «Мен бір шарға ұстаған // Қара балта едім, // Шабуымды таппай кетілдім, // Қайрасаң, тағы жетілдім», – деген жолдар арқылы таныта келе, өзін шарға ұстаған қара балтаға балайды. Осы өлең контекстісіндегі шар сөзі қазіргі қолданысымызда «геометриялық дене; астықтықтың үгітілген, бірақ қауызынан ажырамаған басы; шұбырған көп із, шиыр», «кексе, тоқтасқан, кәрі» деген мағыналарда ұғынылады. Сонымен қатар Батыс өңірінің жергілікті тілінде ол «шарық, шарық қайрақ» мағынасында жұмсалады.

Бірқатар еңбектерде Махамбет өлеңіндегі шар сөзі осы «шарық қайрақ» мағынасында танылады. Мысалы, ғалым З.Ахметов жоғарыда келтірілген өлең жолындағы «балта» сөзінің метафоралық мән-мағынасы жөнінде: «Балтаның әртүрлі ерекшеліктерін сипаттайтын анықтама сөздер күрескер ақынның бейнесін де сипаттайды… Алдымен өзін «шарға ұстаған» – қайралған, өткір балта деуі ел бастауға, күреске, батыл қимылға тиісті дайындығы болғанын, соған бел байлаған қалпын танытады. Ал «шабуын таппай кетілдім» деп сол күрестің сәті түспегенін, өзінің мақсатына жете алмай, күші азайып, көңілі басылғандай боп қалғанын аңғарта келіп, керекті жағдай туса, әлде де күреске шығатын жігер-қуаты бар екенін «қайраса, тағы жетілдім» деумен айқын да әдемі етіп айтып береді» [17,54], – деп жазады.

Демек, ақын тілінде шарға ұстаған қара балта – мықтылық, күштілік, беріктік, қайсарлық семаларын таныта келе, жағымды бейне сомдайды.

Енді бірінде Махамбет: «Қылыштай қиғыр алмас ем, // Шарға шауып мұқалдым», – деп жырлайды. Бұл өлең жолындағы «шарға шабу» тіркесінен де «шайқасу», «күресу», «жауға қарсы шығу», «жаугершілік» сияқты үстеме мағыналары аңғарылады. Шар сөзінің бұрынғы кездегі қолданысы туралы ғалым Р.Сыздықова: «Қазақ тілінде шар сөзі жеке тұрып та бұрын «жанжал, дау» мағынасында қолданылып келген: «Шарға салып басыңды, // Бола көрме сен құмар», – дегенді «Қобыланды» жырынан да табамыз. Тек жырларды тудырушылар емес, қазақтың тіпті бертіндегі ақындары да шар сөзін өз мағынасында жеке қолданған. Майлықожадан (XIX ғ.): «Әдепсіз өскен бозбала // Жүрген жері шар болар». Дулаттан (XIX ғ.): «Адаспайтын даңғыл жол, // Қасым салған қасқа жол // Шарға соғып із кетті», – деген өлең жолдарын оқимыз» [18,196], – деп жазады. Демек, шар сөзінің беретін мағыналарының бірі – жанжал, дау. Бұған қосарымыз, шар – араб тілінен енген сөз болса керек. Ол шарр-ун // шер тұлғасында қолдана келе: «1) ашу, кек, қаһар, ыза; 2) зиян, залал; жауыздық, жамандық, қастық; 3) ауыс. уайым, қайғы-қасірет» [19,223], – деген мағыналарды қамтиды.

Сонымен, Махамбет өзін жанжалға, жауыздыққа, жамандыққа қарсы шыққан қылыштай қиғыр алмасққа балай келе, жағымды бейне сомдайды.

Осыған сәйкес ақын өлеңдерінен мынадай метафоралы сөзқолданыстарды ұшыратуға болады: «Түбін қазған мен – бәйтерек, // Толқуменен құлаймын», «Мен – тауда ойнаған қарт марал, //Табаным тасқа таяр деп, // Сақсынып шыққан қиядан», «Ер қабыланын жөнелтіп, // Елсізде аңырап қалған шақ», «Мен келелі қара бұлтпын, // Келе жаумай ашылман. //Қарсыласқан дұшпанға // Найзағай менен жасылмын», «Мен ақсұңқардан туған құмаймын // Бір сұңқарға жұбаймын», «Шамдансам, шалқамнан түсер асаумын, // Шамырқансам, шатынап сынар болатпын» және тағы басқалары. 

2.5. Махамбет өлеңдеріндегі коннотацияның көркемдік ерекшеліктері

Жалпы, қазақ тіл білімінде Махамбет шығармаларына қатысты жарық көрген үлкенді-кішілі ғылыми-зерттеу еңбектер баршылық. Солардың ішінде, ақын шығармаларын тілдік тұрғыдан талдауға, мысалы, ондағы көнерген сөздердің этимологиясын анықтауға арналған академик Р.Сыздықованың, ақын өлеңдеріндегі көркемдеуіш-айқындауыштық тәсілдердің қолданысын қарастырған ғалым Қ.Өмірәлиевтің зерттеулерін айтуға болады. Сондай-ақ соңғы уақытта ақын мұрасын тұтас күйінде зерттеген Ғ.Әнестің «М.Өтемісұлы өлеңдерінің лингвотекстологиясы» атты диссертациялық ғылыми жұмысы бар. Дегенмен, Махамбет шығармалары тек осы аталған ғылыми еңбектер негізінде толық зерттеліп болды деген пікір тумаса керек. Махамбет өлеңдерін оқыған кез келген оқушы оның өлеңдерінен ақынның өмірлік ұстанымын айқындайтын, оны ержүрек батыр ретінде танытатын, тыңдаушының жүрегін тебірентетін аса құдіретті көптеген сөз қолданыстарын кездестіре алады. Бұл орайда, ақынның мектеп бағдарламасында бар «Ереуіл атқа ер салмай» өлеңін оқығанда көз алдыңызға күрескер ақын бейнесі, «Мен, мен, мен едім» өлеңін оқығанда ауыздығымен алысқан «ереуіл ат» үстінде «егеулі найза» ұстап, «Жайық үшін жандасып, Еділ үшін егесіп», «қара қазан, сары баланың қамы үшін» басын өлімге тіккен жаужүрек батыр бейнесі елес беретіні сөзсіз. Бұл Махамбеттің батырлық тұлғасын танытатын, оның жүрегінен шыққан көркем сөздің құдіреті. Ақын өмірінің мәні мен мазмұны болған – еркіндік, сол еркіндікке қол жеткізу үшін болатын күрес – соғыс, сол күрестің қозғаушы күші, шайқастың ұйтқысы – батыр, сол батыр сенер құдіретті күш – көктегі тәңірі, жердегі туған елі мен жұрты, атамекен туған жері Махамбет поэзиясының негізгі арқау өзегі болып табылады.

Батыр ұғымы жаужүрек ақын, ел азаттығы үшін күрескен сөз шебері Махамбеттің көркемдік әлемінде ерекше мәнге ие болған. Ақынның рухани ұранына айналған еркіндікке қол жеткізер бірден-бір айқын бейне оның поэзиясында ер, ерлер деп аталатын ұғымдар арқылы беріледі. Сондай-ақ батыр ұғымына қатысты оның сырт келбеті мен даусын, күші мен шыдамдылығын, айбаты мен мінезін т.б. қасиеттерін көрсету үшін балама теңеу ретінде арғымақ ат, нар түйе, қыран құс, арыстан, емен секілді бейнелі сөздер қолданылады. Бұлардың әрқайсысы халық танымындағы батыр ұғымын нақтыландыра түсетін сөздер. Ұлттық танымда қалыптасқан аңғал, ержүрек, адал батыр бейнесі Махамбет өлеңдерінде тілдің көркемдеуші-айшықтаушы құралдары арқылы бейнелі түрде қолданыс тауып, өткірлене, айқындала түседі. Мысалы: Еңселігім екі елі, Егіз қоян шекелі, Жауырыны жазық, мойны ұзын, Оқ тартарға қолы ұзын, Мен – Өтемістің баласы, Махамбет атты батырмын.

Сонымен қатар, Махамбет поэзиясында батыр бейнесі көтеріліс қолбасшысы Исатай батыр образы арқылы көрініс табады. Жалпы, батыр бейнесін сомдауға қатысты шумақтар ақынның Исатай батырға арнаған өлеңдерінде мол кездеседі. Ақын Исатай батырды жалпақ елдің ғана емес, өзінің де арқа сүйер азаматы, бауырындай болған ағасы ретінде сипаттайды.

Мысалы:

Исатай деген ағам бар,

Ақ кіреуке жағам бар.

 

Немесе:

Құрттайымда өсіп ем,

Бауырында паналап,

 

Алдымда асқар тау еді,

Соңынан ерсем ағалап.

 

Исатайдың барында,

Екі тарлан бөрі едім.

 

Махамбет өлеңдерінде халық ұғымындағы батыр бейнесі оның айрықша келісті сырт келбеті мен сымбатты сұлу дене бітімі арқылы танылады. Мысалы:

Кермиығым, кербезім,

Керіскідей шандозым!

Құландай ащы дауыстым,

Құлжадай айбар мүйіздім!

Қырмызыдай ажарлым,

Хиуадай базарлым!

Теңіздей терең ақылдым,

Тебіренбес ауыр мінездім!

Сондай-ақ, Махамбет өлеңдерінде Исатайдан басқа көтерілістің бел ортасында жүрген Қабыланбай, Қалдыбай, Рысалы, Кебек, Ерсары, Жақия т.б. бірқатар батырлардың есімдері аталады.

Ал батыр бейнесінің өзегі болып танылған Исатай образы халық танымына сәйкес батырлардың типтік образының жиынтық үлгісі ретінде алынады.

Махамбет поэзиясында батыр ұғымының мазмұнын толық ашу үшін арғымақ ат, қыран құс, қара нар секілді т.б. толып жатқан бейнелі сөздер мен тіркестер кеңінен қолданылады. Қазақ халқының әлеуметтік тұрмыстық өмірінде ерекше орын алатын төрт түлік малға, ұшқан құс, жүгірген аңға тән қасиеттер мен сын-сипаттарды ақын батыр бейнесін сомдау үшін шебер пайдалана білген. Әсіресе, қазақ ұғымындағы «ер қанаты – ат» ақын өлеңдерінде жиі жұмсалады. Мысалы, ереуіл ат, арғымақ ат, көк бедеу, көк жұлын, тарланбоз, тұлпар, құла, құлаша, жирен, күрең, шұбар, күлік, жабы т.б. жылқы малына қатысты қазақы қолданыстар мол кездеседі. Мысалы: Арғымақ, сені сақтадым, Құлағың сенің серек деп, Азамат, сені сақтадым, Бір күніме керек деп. Жабыдан туған жаман ат, Шаба алмайды бөжектеп, Қырдан қиқу төгілсе, Арғымақтың баласы, Шабушы еді безектеп.

Құйқылжыған құла жирен ат мінген,

Құйрық-жалын шарт түйген,

Мен кескекті ердің сойымын.

Көк бедеуді бауырлап,

Шабамын деп сен тұрдың.

Көк жұлынды жетелеп,

Қабырға, қол сөгіліп,

Арғымақ ат бүгіліп,

Талай жүрдік далада,

Әділ жаннан түңіліп.

Аса шапқан құлаша ат,

Зымырандай болған күн.

Топтан озған тарлан боз,

Тұрасынан айырылса, тасты басып тұра алмас.

Күнқақты ердің астында,

Көп жүгіретін күлік бар.

Ат туар ма шұбардай,

Ер туар ма бұлардай.

Жайықтың бойы көк шалғын,

Күзерміз де жайлармыз.

Күлісті сынды күреңді,

Күдірейтіп күнде байлармыз.

Осылайша, ер серігі ат ұғымы арқылы ақын өлеңдерінде батыр бейнесі барынша айқындалып, сомдала түседі.

Махамбет поэзиясында батыр бейнесін ажарландыруда арғымақ ат бейнелі тіркесімен қатар нар түйе тіркесі де қолданылған. Қазақ ұғымында төрт түліктің киесі саналатын түйе малына қатысты қара нар, қас үлек, аруана, атан, нар, айыр, жампоз, буыршын тәрізді бейнелі аталымдар батырға тән төзімділік пен мықтылықтың символы ретінде алынады. Мысалы: Толарсақтан саз кешіп, Тоқтамай тартып шығарға, Қас үлектен туған қатепті, Қара нар керек біздің бұл іске. Маң-маң басқан сары атан, маңғыстап шығар өріске.

Немесе:

Қалы кілем, қара нар,

Жарасады қатарға,

Аруана жисаң жарасар,

Ұлы күнде сапарға.

Махамбет өлеңдерінде батыр аңсаған еркіндіктің, тәуелсіздіктің символы ретінде құс, қыран құс атаулары да мол орын алады. Жалпы, ақын өлеңдерінде лашын, ақ сұңқар, бүркіт, қызғыш құс, үйрек, аққу, қаршыға, құмай, қоңыр қаз, қарақұс, шағала, қу, қасқалдақ, ителгі, ақ тұйғын, көк үйрек, қалықпан, қырғауыл, бозторғай т.б. толып жатқан құс атаулары теңеу, метафора түрінде жиі қолданылады. Бұл атаулардың мазмұнында шырқау биікке самғай алатын құстарға тән еркіндік, қыран құстарға тән тектілік ұғымдары жатыр. Мысалы:

Мен – қарақұстан туған қалықпан,

сөйлер сөзге жалықпан.

Немесе:

Мен – ақсұңқардан туған құмаймын,

бір сұңқарға жұбаймын.

Сауырыма қамшы тигізіп,

Шаппай неғып шыдаймын.

Аспанда ұшқан ақ сұңқар,

қолымда тұйғын, лашын.

Қосылған жаста арудың,

көре алмай кеттім құлашын.

Қорыта айтқанда, Махамбет поэзиясынан ел еркіндігі үшін ереуіл атқа ер салған батыр ақын бейнесі айқын көрінеді. «Дұшпанына келгенде, Тартынбай сөйлер асылмын» деп ел мұңы, халық қамы үшін сөйлегенде, басына төнетін қатерге қарамайтын өжеттілік – ақынның айырықша батырлық қасиеті.

Махамбет поэзиясы – өзінше бір әлем. Өрнегі өзгеше сомдалған әлем. Әттең, бүгінгі дүбәра біздің көбімізді тұңғиығына бойлатпайтын, шыңырау түбіндегі кәусар. Егер бұл мұратқа жарым-жартылап та болса, қол жеткен адам бейне ертедегі Алладиннің қазына қоймасына енгендей болар еді. Амал не, бұл арман жетегінде ажалы жетіп айтылып қалған сөз ғой. Оған ену қайда?! Дегенмен, есігінен сығалап көргеніміздің олжасы көз ақы сыйы болсын, мына бір жолдарды оқып көрелікші:

Арқаның қызыл изені,

Басы – күрдек, түбі –арал,

Қыдырып шалар аруана.

Бас аяғы үш-ақ жол. Қаншама сыр жатыр осында?! Махамбет суреткер ақын дейміз, әдетте суреткерліктің ауұымын осы жерде көз алдыңда көлбеген көріністі дәл бейнелеуші аясына сыйғызар болса, бұл пейзаж. Жұтаң күзгі дала, изенді қыдырып шалып жүрген аруана түйе. Болды, бар болғаны – осы. Кез-келген ақынның аузымен айтыла қалар өлең жолдары. Бірақ Махамбет аузымен соң қалмай тұр. Қалмақ түгілі, өміршеңдігін өжектеп айтпай-ақ тұғырында берік орнап тұр. Бақсақ, оның сыры сыртқы сынында емес, ішінде болып шықты. Ең әуелі арқа сөзін алайық. Бұл – географиялық атау.

Ақынның «Мұнар күн» атты өлеңінде «Арқаауылдың бойынан теріскей дауыл соққан күн» деген жолдар бар. Сонымен Махамбетте «Арқа» екі жерде кездеседі. Соңғысында ол ауылдың қандай, әрі қайдағы екендігін білдіретін – анықтауыш. Сонда ол Құрманғазы күй шығарған Сарыарқа болғаны ма дерсіз? Жоқ, ә, қазақ «Арқада қыс жақсы болса, арқа ауып несі бар»деп айтқан арқасы. Маңғыстау, Атырау елінің қазақтары Солтүстік, Шығыс бетті осы күнге дейін арқа, арқа бет, арқа тұс дейді бір сөзбен. «Жел арқадан тұрды» десе, солтүстік Шығыстан, ал, «Жайық бастан соқты» десе, Жайық өзенінің өр басы тура солтүстіктен дегені. Яғни, ол бұл елдің теріскейі. Арқа ауылдың бойынан, яғни, Арқаны бойлап теріскейден дауыл соққан күнге теңеп отыр Махамбет «ер Исатай өлген күнін» сергелдеңмен «Мұнар күнін». Демек, қызыл изен өскен боз дала бұл жерде басқа емес, Мұңалжар тауына жақын, Арал сыртындағы кеңістік. Изен боз топырақты жерде өсетін тамырын терең салмайтын өсімдік. Көкте күн мұнарланып, көкжиек шаңмен тұманданған қайырсыз, қуаң жылы тамырын тайызға жайып салған изен түбі топырағы желмен ұшып аралданып қалмай ма?! Тамырынан нәрем алмаған изен басы бүрісіп, күрдікке ұқсап тұрмай ма?! Сонда күрдек деген не?! Бұл түйе тұқымының әбден азып, шөжіп барып шығатын ең сорлы тұқымы. Алтыншы буданы. Бітеу өркеш сымағы алдына қарай итиіп біткен, етсіз, сидаң қабырғалары арса-арса болып ет алмайтын, жамалдатқыр қарғыс ауырмай-ақ тиген түр. Иті қырын жүрген шаруаға қырсыз біреуде болмаса, малбегі елде, әсіресе, түйелі ауылда өте сирек ұшырасады. Сол себепті былайғы жылқылы, қойлы, сиырлы қазақ күрдекті біле бермейді, оны түстей алмайды. Сондықтан ол сөз көп қолданысқа елмей шеттеп қалуы заңды. Соның салқыны Махамбет шығармаларының кей басылымдарында ол көде сөзімен алмастырылыпты. Алмастырушылар көденің қу изен басына теңеу болмайтын мүлдем басқа шөп екендігін ескермеген…

«Қыдырып шалар аруана» – солай сирек, сілтесінен арыла алмай бой салған изенді жалғыз аруана қыдырып, байыздамай шалып жүр. Түйе, оның ішінде осы жануар өріс тоздырмайтын орнықты, байырқап жайылатын түлік. Оның бір орнында тұрақтамауын, ереуілдеп (иә, дәл солай, Маңғыстаулықтар «ереуіл» сөзін осындайда малдың мінез-құлқындағы күрт өзгерісін кейіптеуді де жиі қолданады) елегізіп кетуін малының қас-қабағын бағып өскен малсақ жұрт жаман ырымға жориды. Және сол жоруы көп ретте қате кетпейді. Махамбет – нағыз малжанды, қырдың қазағы. Оның, әсіресе, түйе мен жылқының түрін, түсін, сынын, жеті мүшесін жіліктеп жіктеген өлең жолдарынан осы қырын аңғарамыз. Егер Махамбет осы заманда туып, ата кәсібін ұстаса, сөз жоқ, ғалым селекционер-зоотехник, ауыл шаруашылығының академигі болар еді деп ойлаймыз. Махамбет ақынның көп әріптесінен тағы бір қыры сөзбен сурет салатын суреткерлігі және сөз қадірін бір қазақтай білетін ақын. Сөздік қоры да тап бір қазақтай бай ақын, ол қазынасынан төгіп-шашпай, екі ауыз сөзбен-ақ үлкен полотно салады.

Мұнар да мұнар, мұнар күн,

Бұлттан шыққан шұбар күн – тап соның үлгісі.

Сірә, мұндай күннің адыра қалып тұрған аспанына көз тоқтату үшін Айвазовский сынды ұлы суретішінің полотноларының алдында сағаттап тұру керек болар. Тек тұрмай, Дәулеткерейдің «Топанының» әуенін ести тұрса тіпті құба-құп. Егер Махамбетті Махамбет батырдың бар бітім болмысында мүсіндеймін деген мүсіншінің, алдымен, ақынның «Еңсегілім екі елі» өлеңі алдында ғұлама мүдәріс алдындағы мүридтей кемі жылдар бойы мүлгігені, мүжілгені абзал. Өйтпейінше қазір Атыраудағы театр алдында тұрған ескерткіштің сыңарын салудан әріге бармайды. Бұл ескерткіштің, оның мүсіншісінің бүкіл трагедиясы «Өзгеге өз жайын өзі айтып» (Қасым) кеткен Махамбетті білмегені, түсінбегені, сөйтіп қадіріне жетпегені.

Қазіргі орыстар ұлттық мақтаны, руахни мұрасының айбары «Игорь полкі туралы жырды» түп нұсқасынан оқып түсінбейді. Тек түсінбей қойса бір жөн ғой, «мыңғырына дыңғыр бармайды». Сосын аудармаға жүгінеді. Жалпы орыс сондай болған соң, жалқы аудармашыған не сын. Ол жансебілдер бәз баяғыдан бері жырды түпнұсқаға жеткізу былай тұрсын жете қабыл аудара алмай пұшайман. Содан шығарманың күні бүгін әлденеше аудармасы бар. Әлі де қаншасы болары белгісіз деседі мамандар. Орыстың ол күнімен салыстырғанда біздің қазақтың бұл күні шүкірлік. Мұнымызды «Жұтаған шүкіршілікке тоймайдының» кебі деп жатсақ та болар. Игорьмен замандас ол туралы жыр мен шендес шыққан әдеби мұраларымызға аудармашыны қажет етпейміз. Бірақ жоғалтқанымыз көп. Біраз сөзге түсінбейміз. Түсінбеген жерде бір дауласып қалмасақ несіне қазақ болып жер басып жүрміз, кеңірдек керіп кететін кездеріміз де жетіп артылады. Бұл жолы оның бетін аулақ деп айыптың бәрін «уақыттың азғаны мен тозғанына» арта сап осы Махамбет өлеңдеріндегі мағынасы түсініксіз, түсінігі әр саққа жүгіріліп келген біраз сөздер төңірегіндегі ойымызды ортаға салмақпыз.

Біздің айтпақ ойымыз – бұл талпыныс сол үлкен іске қал қадірінше үлес қосу ауқымына ілінсе, мұраттың орындалғаны. Ал, ол ойымыздың бастау алар көзі – халықтың, тілдің өзі, ел жады деп аталатын қасиетті мұрағат. Хақ тағаланың бұл да бір бергені, қарасқаны шығар, беріге дейін жаппай орыстанудан адас Маңғыстауда Махамбетте кездесетін көп сөздер әлі қолданыста. Қолданудан қалғандарының өзі әуелгі мәнін жоғалтқан жоқ. Отызыншы жылдардың зобалаңында басқа жаққа кеткен қандастарымыз да ол жақтың тілін, дінін, салт-дәстүрін сақтап оралды. Қазіргі орыстар эммиграциялық орыс әдебиетін қалай қабылдаса, ұлттық әдебиетке қосылған үлес деп бағаласа, біз де шеттен тарихи отаны ата мекеніне оралған бауырларға солай қарап бағасын бердік. Тіпті, көп жоғалтқанымызды солардан таптық. Ел жады мұрағаты деп отырғанымыздың бір тіні сонда жатыр. Сондай-ақ, дәл осы текстология мәселесіне келгенде басты құбыланамамыздың бұрын бұл тақырыпқа барған ғалым Қажым Жұмалиев бастаған ғалымдардың үлкен бір шоғарының, әсіресе, Рабиға Сыздықова апамыздың, ақын Берікқайыр Аманшин, тағы басқа үлгі-өнегесі екендігін баса айтып, олардың есімдерін құрметпен атаймыз.

Бұл бағытта тек Махамбетке ғана емес, қазақтың байырғы ақын-билерінің қалдырған бүгінде көмескіленген көп сөздерін «тірілтіп» игі іс тындырған Рабиға Сыздықова апамыз екендігін назарға береміз. Ғалым Р.Сыздықова «Сөздер сөйлейді» (Алматы, «Санат», 1994 жыл) аталған еңбегінде жеке сөздер мен тіркестердің «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде», этимологиялық, диалектологиялық сөздіктерінде көрсетілмеген мағыналарын ашуға ұмтылса, біз өз кезегімізде ол сөздер мен тіркестердің өзіміз өскен орта маңғыстаулықтар арасындағы мағынасы арқылы мәнін үстеп ашу талабын ұстандық. Сонымен қатар, кей басылымдардағы кеткен қателерді де көрсете кетуді парыз деп санаймыз. Сонымен,

Аға – бұл сөз Махамбеттің

Исатай деген ағам бар,

Ақ кіреуке жағам бар…

Сан шерулі қол болса,

Батырлар болар ағасы – деген жолдарында кездеседі.

Р.Сыздықова бұл сөздің қай кезде, қандай реңкте пайдаланылғанын егжей-тегжейлі талдаған. Қосарымыз – біздің елде «қосағасы»деген біріккен сөз бар. Ерте кезде олай деп көшпелі елдің ұзын аяқты малдарын алыс өріске қостап шығарғанда, соның басшысын атаған. Қосағасы көбіне мал иесінің өзіне ет жақын жанашыры, қауымдасып, ұжымдасып шыққандардың ортасындағы шаруа ретін білетін басшысы – қосағасы саналған. Бұл көп ретте аңшылар қосында да қолданылған. Мысалы, соғыс кезінде Маңғыстау өңірінде елді етпен жабдықтаушы аңшылар бригадаларын кедей Тастықара, Бабық Нұр сияқты аңшы кәнігі қосағалары басқарды. Ағаның ел арасындағы сыйластыққа негізделеген бір көрінісі аға баласы делінеді. Мысалы, Адай ақсақалдары өз араларында алдарындағы басты алдымен аға баласы деп Қосай атадан өрбитін ру өкілдеріне, басқа ру өкілдерімен араласып отырғанда Ұлы жүз, Орта Жүз, Кіші жүздің адайдан басқа руларының адамына ұсынады. Ол адам жасы кіші болса да, басты алдынан өткізіп, ақсақалға қайта жолдайды. Ертеде ол жоралғыны сақтамағандарға ат, шапан айып тарттырған.

Адырна – «Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен» – мұның садақтың оқ тіреп ататын тарамысы екендігі шүбәсіз. Тарамыс – ірі қараның, әсіресе, түйенің сіңірі тұзға әбден қатырылып барып, ұзынынан әбден соғылып жентектелген соң, тарам-тарам етіп суыртпақталып алынған өте жіңішке тінінен есілген жіп. Өте мықты, үзілмейді, ылғалға төзімді, созылмайды, жұмсақ. Онымен етік тігіледі. Адырна сондай бірнеше тарамыс жіптен есіледі. Қалыпты жағдайдың өзінде қатты ағаштан жоңылып, үлкен шеберлікпен иілген садақтың жағын серпімді күйін сақтап, тартып тұрады. Жаққа салынған жебе алысқа ұшып, тегеуріні қатты болу үшін өте қатты шірей тартылады. Қайта жібергенде суылдап дыбыс шығарады. «Мөңіреу» – сол, дыбыстың әсіреленуі. Ел арасында «адырна» сөзі қазір бір нәрсеге қаттыширығып отырған келеге оңайлықпен келуі қиын көрінген адамды «Адырнасын шірей тартып отыр екен» деп кейіптеу түрінде, ділмар жеңгейлердің сүрбойдақ болып үйленбей жүрген қайныларын «Адырнасын шіреп тартып әлі жүр» деп қағытып, мошқауы түрінде ұшырасады.

Азамат –

«Азамат сені сақтадым,

Бір күніме керек деп». Бірден басын ашып, төтесінен айтар жайт – Махамбеттің заманындағы азамат пен біздің азамат екеуі екі бөлек. Көп кейіпте, алғашқысының синонимі – жігіт, екіншісінікі – мігіт. «Азаматым жарады!», «Азаматым-ақ екен!», «Азаматтығына сын» сияқты сан сипат тіркестер бүгінгі күн үшін архаизм. Бізде қазір еркек кіндіктің бәрі – азамат, олай еместердің бәрі – азаматша.

Жолдастарым, мұңайма – Махамбеттің бұл өлеңдеріндегі жолдас та «азаматтың» таз кебін киген сөз. Айырмасы Кеңес кезінде «ше» сөзін туындатушы жұрнағын (мысалы, інгенше, құнанша, дөненше) жалғап домбайлап жаңа «азаматша» сөзін шығару бағытынан бұл сөз мақұрым қалған. Өйткені, Кеңес кезінде «адам адамға дос, бауыр, жолдас» (әрине, тек социализм идеясын мақұлдаған елдердің бас бостандығы бар адамдары ғана) болған ғой. Сондықтан, «жолдасты» «азаматшаның» үлгісімен «жолдасша» деп өзгерту қажет болмаған. Кеңес үкіметі құлаған сол азамат, «белгілі бір мемлекеттің азаматтағы» мағынасында қалт-құлт етіп жан бағыстап тұр. Жолдас ресми тұрғыда банкрот. Өйткені, қазір ешкім ешкімге жолдас емес. Бәрі – мырза. «Бас басына би болған өңшең қиқым» деп Абай айтпақшы, атымтай жомарт та мырза, шық бермес Шығайбай да мырза. «Нар қоспақтың баласы» бірі жоқ. Өңшең «арғымақтан туған қазанат». «Жабыдан туған жаманат» жоқ. Түгелімен «айырдан туған жампоз», «аруанадан туған мая». Көрт, күрдекке, бақырауық қоспаққа қос артқалы жүрген ешкімді таба алмайсыз.

Арқалы ақынның, әруақты батырдың бұл екі сөзіне осылай да бір түсінік берген жөн секілді кезеңі келген кезегінде. Жоқ, әлде кезегі келген кезеңі ме?!

Ала – «міне алмаған алаға-ай» – ғаллым Р.Сыздықова «сөздігінде» бұған біршама толық түсінік берген. Бірақ Маңғыстау мен Атырауда, Ақтөбе өңірінде, жалпы Қазақстанның батысында ала деп бестісінде ақталанған айғырды айтады. Мінуге жарамды еркек жылқы құлын күнінен-ақ іріктеліп дөненінде үйірге салынады. Ондағысы өзге айғырлармен үйірге таласып, шынығып, беті қайтпай, өжет болып өссін дегені. Бас-алты жасында ақталап, ат жасайды. Енді оның аты – ала. Ала өзге тайында ақталанған аттардан бітім-болмысы ерекше болып келеді. Мініс-көлікке қажеттілік кезде жарамды еркек қыл құйрықтыны ақталап, ала жасау көп орын алған. Себебі, қазақ жалпы көшпелі ел, ежелден айғыр жылқыны тек қар бекігенде ғана мінген. Онда да сирек. Өзге кезде ол үйірімен жүреді. Ақталанған қошқарға қолданылатын азбан сөзі жылқының аласында өте сирек қолданылады. Әдетте, ақталанған аталық малдың да бұрынғы дағдысымен ұрғашысына артылатыны, жыныстық қатынасқа баратыны, тіпті, оған құштарлығы бола береді, бірақ ол ісі нәтижесіз – ұрғашы ұрықтанбайды. «Азбандық жасау» дейді оны халықтың тілінде. Кезінде болған, бірақ тұғырдан түскен соң да бұрынғы көкірегін мәнсіз керіп, кеңірдек безейтіндерді бір сөзбен «азбандық жасауын» қоймайды деп кекетеді әлі елде. Жасы, қайраты ескерілмей, олақ жасақтала салатын үйірден кей биенің үйірден шықпай қысыр қалатын жайы да жиі кездеседі. Бұл үйірдің айғыры ақталанбаса да, ісжүзінде нәтижесі болмаған соң ала. Қанағатын басқадан іздеген бие үйір ішінде саяқ жүрген аланың алдынан тоят іздеп кететіні де осындайдан. Қазақтың алабөтен көру, шеттету мағынасындағы алалау сөзі осыдан шыққан. Еркекпен некеден тыс қатынас жасап қойған бойжеткенді маңайлаған бозбаланы жанашырларының «алалағанды жағалама» деп ескертуі өмірде болып жататын жайттар.

Алалау – «Алты күндей алаулап,

Он екі күнде ой олап» – Маңғыстауда Қаратау деген тау бар. Соның Отпантау деген биік шоқысы бар. Отпан-Отман – көне түркі тілінде от, алау дегенді білдіреді. Себебі, ел шетіне жау тигенде сол тау басынан алау жағылатын болған. Отты көрген ел сол бойда белдеуде тұрған ереуіл атына міне, сол күн ілгері келісілген жерге жиналып, әскери дүзем құрады екен. Алаулау – лаулау, лаулатып от жағу деген мағынада. «А» дыбысы қосылу арқылы сөзге поэтикалық реңк үстеліп тұр. Отпаннан екі жүз шақырым жер шеттегі Үстірт үстіндегі биікте баспалдақты тас мұнарының сұлбасы сақталған. 1854 жылы осында келген Россия бас штабының барлаушы офицері А.С. Алексеев ол кезде дұрыс сақталған мұнара суретін салып алып, оған жау келе жатқанын хабарлап жағатын орын, мұндайлар бұл өңірде бірнешеу деу түсінік береді. Алау жағу – солайынша бұл елде Ұран отын жағу мағынасында. Алаулау жаугершілікке шығу дегенді білдіреді. Ал, аламан – жасақшы, аламан қол-жарақты қол мағынасын береді.

Алқалау, алқалы.

– Алқалаған жер болса,

Азамат басы құралса…

Алқалай келген кеңеске,

Дем құрыған күн болған…

Алқалы кеңес құрған күн.

Тілімізде берік орын алған «Алқа топ» тіркесіне түсінік қажетсіз. Алқаның, заттың мағынасы – әйелдердің омырауға тағатын дөңгелек үлкен әшекей бұйымы. Жоғарыда аты аталған А.С. Алексеев алаулап ұран оты жағылатын мұнараның батыс жағында бір көштік жердегі үйік басынан өте ертедегі жебелі қорамсаға сынған, белінде кісесі бар бір еркек, бір әйел, екі жауынгердің тас мүсінінің суретін салып алған. Әйел мойнында тізбе моншағы бар. Екеуінің де бет-әлпеттері қазақтарға келеді, тіпті, айнымайды деуге болады. Сол мүсіндерден көрінім жерде отырған адамның кіндігінен келетін тас тұғыр үстінде көлемі, ас үй столындай тегіс тас сөре тұр. Жергілікті жұрт оны алқатас дейді – ерте заманда мына үйік астында жатқан батыры басына келіп дұға бағыштаған ел осы тас дастарқан басында алқа құрып отырып, өліге тие берсін айтып, ас ауыз тиеді екен. Бұл алқа тас сондай киелі тас екен, – деген түсінік бар ел аузында. Осы тұста аспаннан дайын дастарқан болып түскен ғажайып Тамшалы жеріндегі дөңгелек тасты да мысал ретінде атау орынды болар… Демек, Маңғыстаудағы алқа тас – Р.Сыздықованың «Бұл – арабтың «халқа» сөзі мағынасы – «дөңгелек»,одан барып «адамдар тобы» деген ауыспалы мәнде қолданылған деп «алқа» сөзіне берген түсініктемесінің заттай айғағы. Махамбет қолданбаса да, алқаға жанама қатысты бар сөздің бірі – әйкел. Р.Сыздықова «Қыз Жібектің» бір нұсқасынан «Қостан әйкел тағындық» деген жолды алып, оның әйелдер тағынатын әшекей екендігін білдіреді. Ал, адайлар шыңырау құдық аузына қойылатын ортасы тоқаш сияқты ойылған дөңгелек тас тұғырды әйкел тас дейді. Арғы түбі арабтың «һайкел» – дөңгелек деген сөзінен шыққан.

Байтақ, бүлген – Біздің ер Исатай өлген күн,

Он сан байтақ бүлген күн.

Каспийдің бұрынғы арнасы, қазір Өлі Қолтық деп аталатын сор ішінде Теміртапқан Байтақ деген үлкен арал бар. Құм басқан жағасындағы ежелгі құрылыстар орнын меңзеген елбағзы бір замандағы үлкен бір хандықтың ордасы осында тігілген екен деген аңызды жебейді. Одан басқа ештеғе жоқ ел жадында бұл да Рәбиға Сыздықова түсініктемесінің бір айғағы деуге болады.

Он сан ноғай бүлгенде,

Ормамбет хан өлгенде…

Осы айтқаным болмаса,

Ноғайлы елің бүледі…

Кіші қара қалмақ бүлерде…

Еңсесі биік кең сарай

Мортық болар бүлген соң.

Ормамбет хан – Ноғайлының ханы. Оның өлімі ноғайларға оңай соқпаған. Он сан он мың ноғайдың басы бытырайды.тБытыраған ел босып кеткен. Іргелес, қоныстас елдің үдеріп кеткені қазаққа да оңайға тимесе керек. Ол оқиғаның толық дерлік нұсқасы қазақта, оның ішінде Маңғыстауда ғана сақталып, Мұрын жырау айтуымен қағазға «Қырымның қырық батыры» деген атпен жазылып, көлемі қырық мың жол болып түсіп, жариялануы соның айғағы. «Қазақ ноғайдың айырылсуы» деген күй дебар. Оны да кейінге Адай күйшісі Мұрат Өскенбаев жеткізген.

«Қырымның қырық батырында» Ормамбет хан өлген соң, ел басына түскен ауыртпалық зардабынан өлген ел анасы Күйкен, яғни, ол ұшып өлген биік тау «Күйкен ұшқан» деп аталады. Басында «Күйкеннің моласы» делінетін ескі қойымдық бар. Манашы соның терістік бетіндегі ащыағар сай – ол уақытта теңізге сарылдап құйып жатқан үлкен өзен. Мағынасы бүлінген, ту талақайы шыққан, ірге сөгіліп, шаңырақ ортаға түскен дегенді білдіретін бүлген сөзі елдің ауыз екі тілінде көп қолданылады. Тек ол қалыпты бүлінуден гөрі әсерлірек әлдеқайда образды түрге ие. «Мортық болар бүлген күндегі» – мортық – Маңғыстауда өсетін бір жылдық өсімдік. Ерте көктемде бас жарып, жер от болған жылдары ат тізесінен келіп ұйыса өседі де, шілде түспей жатып басындағы дәні төгіліп, сабағы қурап сойдиып қала береді.

Бадана –

Баданамды баса бөктеріп,

Қасыма жаттан жолдас ертіп,

Күн, түн қатып жүргенім,

Ана Нарында жатқан

Жас баланың қамы үшін.

Бұдан бадананың жау жарағы, ер қаруының бірі екені білініп тұр. Қандай жарақ ол? Әуелі, айта кетейік, тілімізге сіңіскен баданадай деген анықтауыш бар. Көбіне ол адамның, әсіресе, әйел адамның жанарының аялылығын суреттеуге, дөңгелек, тұйық нәрсенің ауқымын білдіруге қолданылады. Дәл мағынасы хас батырлардың сауытының кеуделігіндегі шар болаттан суарып, сыртын әшекейден соққан дөңгелек темір бөлігі. Ол әдетте дұшпан найзасына, кеудені көздеп атылған оққа тосқауыл. Көп жерде жеңіл дөңгелек темір қалқанды да бадана десе керек. Ал Маңғыстауда ол сауытқа қатысты. Баданалы сауыт – ердің ерінде ғана болатын қымбат сауыт. Шежіреде ондай сауыт Адайдың бек сауытты Бегей батырында болып еді дейді.

Атыраудың жекеменшік көп үйлерінің үлкен қақпасының сыртына әдемілеп бадананың суреті салынған, не ағаштан ойылып жасалған бадана шегеленіп қойылған. Бұлай ету, тіпті, ортақ, сіңісті дәстүр және көбіне Атырауға ғана тән. Қазақстанның өзге қалаларында сирек ұшырасады. Тегі, бұл баяғы сауыт бөктерген, баданасын жарқыратып киіп, түзем құрған кездердің жаңғырығы іспетті.

Бұлан –

Бұландай ерді кескен күн.,

Қара бұланның терісін

Етік қылар күн қайда?!

Мұндағы бұлан – аң. Оны түсіндіріп жату артық. Махамбет кезінде бұлан аңы қазақ жерінде болды деген деректі ұшыратқанымыз жоқ. Соған қарағанда, аң ол кезде құртылып кеткен, бірақ қазақ бұланды білген. Оның терісінің етік үшін төзімді тамаша қасиетін де жақсы білген. Соған қарағанда, бұланды өздері ауламаса да, Орынбор сияқты Сібірге жақын қалалардың саудагерлері арқылы білген бұлан терісі былғарыдан етік тіктіру атақты кісілер үшін салт болуы да әбден мүмкін. Бұланның орысша атауы – лось. Енді білсек, көп түркі тілдес елдер де оны орысша атауымен атайды екен. Жалпы тілдік қоры мол қазақ халқының жан-жануарлардың әрқайсысына берген өз атауы бар. Мысалы, піл. Туды-бітті піл көрмесе де қазақ «Пілдің тері бәсі де мың ділдә, тірі бәсі де мың ділдә» (Қашаған) екендігін, яғни, оның қадір-қасиетін жақсы білген. Немесе, керікті алайық. Оның орысшасы – жираф. Керік – көп жерде бойлы, сойлы қыздың көркін суреттеуде қолданысқа ие сөз. Адай Қырықмылтық Құлшвар күйшінің «Кербез керік» атты тамаша күйі бар. Күй ырғағы керіктің тайпалған жорғасын дәл, айнытпай өте сұлу береді. Бұдан соң бұл қазақтың дүниетаныма сүйсінбей көріңіз!

Бұршақ қақ –

Құландар ішпес бұршақ қақ

Кімдерге шәрбат болмаған?!

Құлан – бұландай емес, қазаққа етене. 1832 жылы Маңғыстауға келген саяхатшы Г.С. Карелин құланды көргенін жазады. Демек, оны Махамбет те көрді деуге негіз бар. Керек десеңіз, Маңғыстауда «Құланды» деген кеңшар – жер атауы бар. Соған қарағанда, бір кездерде ол жерлерде құландар көп болды деген сөз ғой. Аңыздарда Адайлық Өскенбай күйші күй айтысына түсерде, өзінің екі түрікмен достары – Сейітмұрат, Қошмұратқа сыйға екі құланды тартады. «Құлан өз қағынан жерімейді» дейді қазақ. Ол – құланның өзінің үйренген өрісін, суатын оңайлықпен қимайтын жершілдік қасиетіне берілген баға. Адайдың атақты ақыны Ақтан Керейұлы «Қаражан қызға» әнінде:

Кетіпті бөліп жігін күзгі Табын,

Өксіген айрыларда құлан қағын, – деп, ол халықтық бағаны тіпті әсерлеп әкетеді. Өзін қағынан айрылған құланға теңейді. Қақ шөл далада тақыр жерге түскен жауын, қар суы. Таулы жердегі тас шұңқырға іркілген судың табиғи қоймасы «тасқақ» делінеді. Ал бұршақ қақ қандай? Әрине, жер бедеріне қарай қақтарда әр түрлі. Кейбіреуінің аймағы үлкен, түбі шұңғыл. Оған су көп жиналады, көп жатады. Шөлдің шаруа елі ондай қақтар басын бос қоймайды. Маңында ел отырады. Бұршақ та солай. Көлемі көгенге өткізілген бұршақтай шағын және ол көбіне тастақ ала қырдың жонында арасы жақын көлдеу-көлдеу болып жатады. Су аз болған соң, басына ел, бейсеубет жолаушы, түзден нәпақа айырған аңшы, тебінгісіне тер қатырған жортуылшы болмаса, көп адам бара бермейді. Мал, аң ішіп, тазартып тұрмаған соң, мұндай бұршақ қақтардың суы түбі көкаязданып, құрттап, қаралай азып-тозып жатады. Жылқы тектес таза, өз қағының суына ғана жерік кірпияз құлан бұл қақтардан су ішпек түгілі, басын да салмақ емес. Бұршақ қақ мағынасы – осы.

Маңғыстауда құдық, құдықшылық кәсіпке байланысты, суға қатысты сөздер бір үлкен энциклопедияға жүк боларлық.

Оның кейбіреуінің қолданысқа түсуі, тарихы Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесінде, «Ұйқыдағы арудың оянуы» кітабында, Ә.Спанның «Маңғыстаулықтардың суға қатысты сөздігінде», С.Қондыбайдың «Маңғыстау географиясында», Ж.Дүйсембаеваның «Ә.Кекілбаев – суреткер» монографиясында жақсы берілген. Біз бұл тұста Махамбет шығармашылығына байланысты кейбір сөздерге кеңінен түсініктеме береміз.

Еп –

Жақсыларға еп едім,

Жамандарға көп едім.

Мағынасы бүгінгі қазаққа да шетін емес. О баста тілімізде актив қолданыста болғанының айғағы бұл. Маңғыстаулықтар оған «теп» жұрнағын жалғап, өзі сияқты «сеп» сөзінде солай тіркестіре, ептеп-септеп түрінде жиі айтады. Сонда өте-мөте түсінікті. Бір нәрсені қолдап тындырмағанымен, қыбын келтіріп, оңтайлау деген мағынаға ие.

Ереуіл –

Ереуіл атқа ер салмай – Махамбеттің талайлы сөзінің бірі. Зерттеушілердің бұл әуелде қалмақ тілінен келген, жаугершілікте жекпе-жекке шығудан өрбіген, содан қазақ тілінде жорық аты осылай аталған деген сөздің дұрыстығын жерімізде сақталған топонимикалық атаулар айғақтай түседі. Маңғыстауда «Өгіз-өреуіл» дейтін жер аты бар. Осы аттас жер Атыраудың Қызылқоға деген ауданында да бар. Атаудың екінші сыңарының «өреуіл» болып айтылуы алдындағы «Өгізге» байланысты үндестік заңына бағынып, өзгеріске ұшырағандығы түсінікті. Түбірі, сірә, ереуіл. Маңғыстауда ол – жорық аты. Мысалы, «Балуанияз» жырындағы Балуанияз батырдың аты құла тұлпарды нағашысы мың жылқының ішінен таңдап беріп тұрып, «Ереуіл аттығында еш мін болмас, бірақ үстінің қаншалықты қайыры болатынын айта алман» деген екен делінеді. Сол болжам дәл келіп, Балуанияз ереуіл атының үстінде қапияда опасыздықпен тасадан атылған оқтан жараланып, шейіт өліммен өлді. Жау қолында кеткен Құла ат келесі 1857 жылы Хиуадан қашып келіп, иесі жығылған жерге келіп жан тапсырады. Ол жер бүгінде «Құла ат» өлген деп аталады. Құла аттың басы Балуанияз батырдың моласы басына ақ матамен оралып, әспеттеліп көрсетіліп қойылған. Адай елі – ауа райының күрт бұзыларын сезіп, малдың тынышсыздануында ереуілдеп тұр деп түсіндіреді.

Жебе –

Ерегескен дұшпанға

Қызыл сырлы жебе едім…

Құрулы жатқан жебеге

Құрсағынан шалдырған.

Бір мағынасы – садақтың оғы. Оны кей ретте садақтың масағы деп те атайды. Ондай жағдайда ол оқтың, оның сабының, қауырсынының жалпылама кешенді атауын білдіреді. Жебе ұшы әдетте ұстараның жүзіндей өткір қырланып соғылады. Нысана сол қырдың ұшы арқылы көзделеді. Адырнаға тигізі ұстар жердегі қауырсын оқтың түзу ұшуын қамтамасыз ететін бағыттаушы.

Екінші мағынасы аран ішіне шаншылған, темірден, темірге қат жердеағаштан, қамыстан ұшы үшкірленіп жонылған істік. Аранға құлан, қарақұйрық, киік сияқты жабайы аңдар қуылып келіп жығылғанда, оған шаншылып жарақаттанады. Бұлай аң аулау технологиясы Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романында шебер берілген. Арандар Маңғыстау Үстіртінде осы күнге дейін сақталған.

Тағы бір жебе сөзі малға қатысты қолданылады. Өрісте тайлақ, құнаншаның енесін еміп қоятыны да кездеседі, соны тыю,болдырмас үшін емген түйенің ноқта ұшына істік байлайды. Сол жебе делінеді.

Келе –

Мен – келелі қара бұлтпын,

Келе жаумай ашылман.

Дәл мағынасы – түйенің үйірі. Әншейінде маңғыстап бөлек-бөлек жайылатын түйе түлігі шағылыстан өткен соң екі-үш айға дейін үйір болып жайылады. Ішінде үйіріне қорған болып үлек не бура жүреді. Буыршыннан қорғайды, кейде ұры-қарыға, қасқырға да қарсы айбат жасайды. Үлек, бураның шағылысқа түсуін де келеге түсті дейді. Қазақ әдетте үлек пен бураны әбден жетілген шағы деп 5 жасында келеге салады. Оған дейін олар буыршын. Буыршын кезінде оларды келеден аулақ ұстайды. Өйткені жетілмегеніне қарамастан, шөгуге қатты талпынады. «Інген көзін сүзбесе, буыршын бұйдасын үзбейді» дегеннің мағынасы осыда. Малбегі қазақ, малсақ қазақ келені түзеу технологиясын да жақсы білген. Келеге жаңа келген жас үлек, буралар алдында тоқтасқан не кәрі інген, маяларды салады. Олардың табиғи қуатын жас күшпен еселейді. Әйтпесе өзі құралыптас аталыққа шөгерілсе, қаюы, яғни, ұрықтануы қиын. «Тат басқан пышақты жас шарыққа жану» деп түсіндіреді қазақ мұны.

«Буыршын мұзға тайған күн» – буыршын табанының мүйізі бүдірлі, бедерлі. Оның оңайшылықпен мұзға таюы қиын. Махамбет солай дегенде, кезеңнің өте қиындығын әсірелеп отыр. «Бура атанға шөккен күн». Мал баласында, ұрғашы жынысына қатты қардерлікке бұл да болатын жағдай. Махамбет бұл жерде де асырып ештеңе айтып отырған жоқ.

Керік – біздіңше, Рәбиға Сыздықованың аталған еңбегінде бұл сөздің мүйізтұмсыққа телінуі қате. «Қамбар батыр» жырындағы «Кереңдей ашып аузын» сөзінің мүйізтұмсыққа – кереңге, керікке еш қатысы жоқ. Мұнда ештеңені ести алмай, мәңгіріп тұрған саңырау, керең адам туралы сөз болып отыр. «Алпамыс батыр» жырындағы:

Астына мінген керігі,

Шыға келді ойнақтап, – деген жолдардың өзі керіктің мүйізтұмсыққа қатыссыз екендігін әйгілеп отыр. Қолапайсыз мүйізтұмсық ойнақтап қарық қылмайды ғой. Керік деп қазақ жирафты атағандығын, оған арналған «Кербез керік» атты күй бар екенін біз жоғарыда атап кеттік. Маңғыстауда сұлу, бойшаң әйелдің, қыздың бір теңеуі – керік. Махамбет өлеңдерінде бұл сөз жоқ. Бірақ арғы-бергіден мол хабардар ақынның оны білгендігінде шүбә болмауға тиіс.

Күдері –

Күдеріден бау тағып,

Сауыт киер күн қайда, – Маңғыстауда ол түйе көнін, көбіне ешкі терісін илеп, жұқалап тіліп, жұмырлаған таспадан өрілген бау. Созылмалы жұмсақ келеді. Жұмырлап, жақсылап еседі. Ерте уақытта құлан терісін тарыдан жасалған, ніл қосылған иге салып өңдеп, көк түске келтіріп, өрілген күдерілер болған дейді көнекөздер.

Керме –

«Кермиығым, кербезім!» – ақынның Исатайға арналған бір теңеуі. Оның түбірін кер және миық сөздеріне апарып телу тіпті оғаш. Исатай батыр миығын керіп мәз болып жүруден ада. Керісінше, ол «Тебіренбес ауыр мінездім» делінген салмақты, байыпты, салиқалы, ұстамды кісі. «Керме» – бұл жерде иықтың енділігінің дәл орнымен тұрған теңеуі. Қазақ кешегі бір еркі басқадан болған бодан кезінде «Ат жақсысын кермеден көр, ер жақсысын түрмеден көр» деп те айтқан. Керме – ауыл сыртындағы ат байлайтын, екі тұғырмен қағылған сырық ағаш, не керіп тартулы қыл арқан. Мысалы, «Жақыннан да кермесінен ат кетпейтін Әнет бабаның ауылында үш би келгелі жоқтан өзгені сылтауратып ойдан-қырдан ағылғандар қамалады да жатты» (Тұрысбек Сәукетай. «Жүрек неге жылайды?», «Жұлдыз» журналы №5, 2003 – 97 бет).

Адай елінде керме – киіз үйдің сол жағындағы кереге басына, ішіне аяқ-табақ салып іліп қоятын, ені бір құлаш беті кілемше, етегі шашақтаулы қап жиһаз. Бүгінде ол этнографиялық жиһазға айналып барады десек те, әлі тұрмыста аракідік ұшырасады. Мұражайда тұр.

Керіскі –

«Керіскідей шандозым!». Бұл да – Исатайға берілген теңеу. Ол көп ретте «керіске» деп те айтыла береді. Осы сөздің мағынасын тілшілер әр саққа жүгіртіп жүр… Алғашқы түпнұсқадағысы дұрыс. Бірақ бұл екі сөз «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» берілмеген.Ал 1999 жылы шыққан «Қазақ тілі сөздігінде» бұл екі сөзге былайша анықтама беріліпті:

  1. Керіскедей – жергілікті сөз (Келіскен, көз тартатын үлкен).
  2. Керіскі – жұқа етіп басылған қалпақ, сырмақ сияқты сәнді киім, бұйым тігуге арналған ақ киіз.

Шығарушы авторлар «Керіскедей шандозым» деген Исатайға қатысты теңеуді осыған саяды. Әрине, киіз де, қалпақ та қазақ үшін қадірлі, қастерлі. Дегенмен, Исатайдың қалпаққа, киізге теңелуі орынсыз. «Керіске» деп Адай еліндегі мағынасы – жүрісі өте майпаз, сәнді қозғалатын алып бауырымен жорғалаушыны атайды. Маңғыстаудың елсіз, қамысты, қорысты жерлерінде күні кешеге дейін болды деседі қариялар. Керіскенің далалық шағындау түрі кешіл (орысшасы – варан). Түрікменстанның Шағадам маңында бар. Бір сөзбен айтқанда, керіске – Америка құрлығындағы алигатор, Тынық мұхиты аралығындағы кайман тұқымдас тіршілік иесі. Махамбет өлеңдеріндегі керіске – осы.

Маңғыстау –

Маң-маң басқан сары атан

Маңғыстап шығар өріске, – бүтін бір түбек, облысқа атын беріп отырған Маңғыстау сөзі туралы түсінік әр қилы. Оның түбірі – манды оның ежелгі төрт жасар қой баламасынан қуып, төрт жасар қой қыстауы дегенге саятын жорамал бар. Олай деуге түбек – өзге түліктің де өлең өрісі. Маңы, маңайы деген сөзге маңайлап, маңы қыстау дегеннен шықты деген де қисын айтылады. Ұғымға, әрине, бөтен емес. Дегенмен Махамбет қолданысында еркін алаңсыз, арқайын жайылар кең өріс, кеңістік деген Маңғыстау ұғымға өте-мөте етене. Бұл өңірдің жергілікті елі оны күні бүгін дәл осы мағынасында түсінікті қолданады. Сондай-ақ маң зат есімі одан туындайтын маңу етістігі де сөздік қорда бар. Адайлар маңып кетті деп кейде негізгі тақырыптан ауытқып, лағып сөйлеуді айтады. Ал «маңғыстап» жайбарақат жүріс ұғымын білдіреді.

Тарлан –

Таудан мұнартып ұшқан, тарланым,

Саған ұсынсам, қолым жетер ме?

Еділді көріп емсеген

Жайықты көріп жемсеген

Таудағы тарлан шұбар біз едік!

Исатайдың барында

Екі тарлан бөрі едім!

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде оған тарғыл, шұбар секілді аралас түс деп түсінік берілген. Махамбеттің ереуіл атының түсі де тарлан болды дейді. Жылқыға қатысты ол баран теңбілі басым болса, тарлан көк, ал боз, қылаң теңбілі көбірек болса, тарлан боз делінеді. Кейде оны теңбіл көк дегенмен алмастырады. Даусы тарғылданды дегендегі адамның қалыпты дауысына күрт өзгерген көңіл-күйдің белгісі, көмейден шыққан қырылдың қосылуын суреттеу осылай араластықты білдіргені. Тарланның поэтикалық мағынасы биікте, көкте тұрған жақсыны меңзейді. Бұл ретте оның антонимі – арлан. Мысалы, жарлы етікші ақын (Маңғыстау) Қайып Қорабайұлы байдың керік те керім қызы Ақбөбекке «Ұстатпай құба арланға бұлаңдайсың» дейді. Ақын бұл жерде өзін иттің, ит-құстың арланына теңегенде, әлеуметтік жай күйін де айта кеткендей. Маңғыстауда құрдас кісілер бір-бірінің әйелдеріне «арланың аман ба, арланың қайда»деп жатса, әбестік саналмайды. Қайта жарастықты болып шығады. Біздіңше, Махамбеттің «екі тарлан бөрі едім» деген басылымы дұрыс. Түпнұсқада да солай болуы тиіс. Өйткені сөзді құбылтып, әсірелеп айтудың хас шебері ақын бұл жерде арланды тарланмен алмастыру арқылы Исатай екеуінің тұғырын биіктетіп отыр.

Тарпаң –

Тарпаңдай тізесін бүгіп, от жеген,

Тағыдай таңдап су ішкен,

Тағы сынды жан едік, – тағы жылқы – мустанг, дәлін айтқанда, тағыланып кеткен жылқы. Ұзын аяқты, түз түлігі жылқының тағылануы оңай және ол адамды тез жатырқайтындығы соншалық, айғырының жолаған адамға қарсы шауып, жасқауы, тіпті, жазым етуі де ұшырасқан. Жаугершілікте, аласапыран кезде алыс өрістегі жылқының тағылануы да жиі болып отырған. Отызыншы жылдардың ойранында Маңғыстауда солай болды. Ақын Есенғали Раушановтың «Көкмойнақтың үйірі» атты толғауына өзек болған Ескелді Жұлдызбай байдың жылқысының тағдыры тарпаң болуымен тынды дейді ел дерегі. Тарпаңнан таңдап ұстап, жуасытып ат міну де – ер жігіттің бір мұраты болған екен. Өйткені табиғаттың өз аясында сұрыптаудан өткізген тарпаң өте төзімді. Тарпаңның тізесін бүгіп, от жеуі – бұл да Махамбеттің ақындық қазанында ғана шығып, маңдайына бұйырған бақ, талайлы сөз. Әдетте қазақ кәдуілгі жылқыға қарата оттады деген сөзді қолданбақ. Адамға қарасты «жеу» сөзінің айтылуы тарланның мағынасын үстеп тұр. Ал «тізесін бүгіп» мағынасы – кәдімгі тебіндеу. Қалың қар астындағы тырбық шөпті еңкейіп шалып ішіне от салу кез келген қыл құйрықтыға оңай тимейді. Ескерте кететін бір жайт тарпаңның құланға қатысы да, шатысы да жоқ. Құлан жылқымен будандаспайды. Таң қаларлығы соңғы он жылдықта Маңғыстауға әкелініп, жерсіндірілген құландардың арасында есекпен будандасқан бір-ақ жағдай ұшырасқан. Бұл буданның бойында тағылық қасиет басымдау, үйретуге, бас білдіртуге көнбейді. Бірақ құландай емес, қора-қопсыны төңіректегіш, ауыл маңының отын оттап, суын ішіп, семіргіш.

Толағай –

Темірқазық жастанбай,

Қу толағай бастанбай, – мұндағы Темірқазық – жұлдыз. Өйткені қазақ әдетте үйінің есігін құбылаға қаратып тігеді, сонда төрге, яғни, Темірқазыққа бас беріп жатады. Түзде де осы үрдісін ұстанады. Құбыладан келген қонақ, құбыланы бетке алып, сапар шегу, мұның бәрі – жоралғы. Дастарханға тартылған табақтағы басты әйел, үйдің бәйбішесі әуелі шаңбақтайды (ол күлдіреді деп те атайды). Бұл ошақтың берекесі әйел ананың мейманына төрт жағың – төрт құбыла болсын деген тілегі. Бастың тұмсыққа қараған тілігінің ұзынырақ тілінуі «жолаушым, жүрер жолың ұзара берсін» деген ақ тілеудің ишарасы. Ал толағай – ердің басы. Батырдың ерінің басы биік, үйректұмсық болмайды, доға пішіндес болып келеді. Сол толағай бас делінеді. Егер ер басы биік, сүйір әшекейлі болса, ол ердің қасы делінеді. «Манастағы» «Қақ жүректің басы деп, Алтынды ердің қасы деп» – дейтін тіркес сыры – осы. Алтын, күміс шекіп, айшықтаған қасты немесе биік қасты ерге әйел адам, сал-серілер, бай-бағылан, мырзалар мінген. Мұндай ердің артқы қасы да болады. Яғни, оның арты да биік. Батырлар, жауынгерлердің ерінің арты қозы құйрық, отыруға жайлы болып келеді. Қазір Қазақстаның Өнер музейінде маңғыстаулық бір ер тұр. Шебері – Қапаш Қинақов. Басы биік, арты қозы құйрық, сүйектелег ер. Мырзаға, байға, барға арналып жасалған.

Толағай басты ер – қарапайым, әшекейсіз, тек ағаштан жасалады. Маңғыстау, Атырауда олардың бөлігі шегеленбейді де. Шеге орнына балық желімі пайдаланылады. Атқа жеңіл, адамға жайлы келеді. Түз жолаушысы ерін бастанады, яғни, басының астына салып жатады. Маңғыстауда таудың, дөңнің қырағай басы толағай басы деп те айтыла береді.

Толғау –

Толғамалы найзамен,

Толықсып жауға шапқанда.

Ғалым Р.Сыздықованың аталған еңбегінде бұл туралы түсінікке қосарымыз – жинамалы найза дейтін де жаугершілік құралы болған. Оның айырмасы – сабы толғамалыдан қысқа және ортасындағы топсасынан жиналып, жайшылықта тақымның астында жүреді. Мұны көбіне ал арасының барымтасы сияқты жаугершілікте қару қылған. Адай елінде жинамалы найза жасау шеберлігімен Құнанорыс ауылының шеберлері өз атын шығарған.

Шандоз –

Қарағай шаптым шандоздап…

Керіскедей шандозым, – бұл сөз осылайша Махамбетте екі жерде ғана кездеседі. 1999 жылы Алматы қаласы «Дайк-Пресс» баспасынан шыққан «Қазақ тілінің сөздігінде» «шандоз» сөзіне мынадай түсініктеме берілген:

  1. Шандаз – өрен жүйрік жеңімпаз ат.
  2. Жергілікті сөз. Сұлу, көркем жігіт.
  3. Жергілікті сөз. Әдемілеу, әрлеу, сомдау, көркемдеу.

Еңбек авторлары Махамбет шығармаларындағы сөз қолданысын осы үшіншісіне теліпті. Ақын шығармаларының жинақтарында оған әркелкі түсінік берілген. Әйтсе де, мағыналары алшақ кетпейді. Әсем, көрікті, келбетті дегеннің бір баламасы ретінде келтіреді. Солай дәл мағынасы таластау болса да, шандоз сөзі қолданыста бар. Мысалы, атыраулық жазушы Берік Қорқытовтан мынандай жолдарды оқиық:

«Досжан туралы естелігінде әкем: өзін көрдім, ашулы, ызғарлы кісі болатын. Жазудан гөрі, диктовать етуді тәуір көретін, көруге шандоз, ақ өңді, жауырынды биік, әдемі кісі еді деп жазады» (Б. Қорқытов. «Атырау билері мен батырлары», А., «Өлке», 1992, 60-бет).

Бекең былай дегенге әкесі Ыбырашқа сілтеме жасап отыр. Ыбекең орысша, қазақша сауатты адам болған. 1930 жылдары Маңғыстауда жауапты қызмет басын ұстаған. Көзі өте қарақты, кісілігімен де атын қалдырған қазақтың зиялы қарияларының үлкен бір өкілі. Ыбекең шандозды орнымен қолданып отыр. Шандоз – ағаш кәсібі арқылы келген сөз. Ресейде үйді ағаштан, онда да қарағайдан салғанын білеміз. Ол және жалпы сипатқа ие. Яғни, ағаштың бірден бір құрылыс материалы болып саналған кезінде, орталық Ресейде, Сібірде қарағайдың астыңғы, үстіңгі, ішкі жағы ғана балтамен тегістеліп шабылып, қаланады да, екі шетінен тоғыстырылып маталады. Сыртқы жағы шабылмайтын себебі ағаштың қабығы суықты ұстайды. Сол себепті үйдің жылы болуы үшін қалдырылады. Мысалы, В.И. Ульянов-Лениннің туған үйі сондай. Ал жылы жақтарда қарағай төрт жағы тегістеліп шабылады. Жәңгір хан салдырған Орда қаласының үйлері (онда 50-ден астам ағаштан қиылған үй болған бастапқы кезде) осылай көбіне төрт қырлы ағаштан қиылған. Үйшілердің шеберлігі соншалық, құралдары – жалғыз балта. Сонымен-ақ ағашын теп-тегіс, сұлу етіп шығарады. Тіпті, терезе жақтауы, шатыр кенелерін де балтамен шауып өрнектеп шығарады. Ел аузындағы олардың бағасы – шандоз шебер. Ал қолдарынан шыққан бұйымы – шандоз. Маңғыстауда ашғатан тұтас ойылған домбыраны «шандоз домбыра» делініп келді күні кешеге дейін. Махамбет ісмер болды деген дерек жоқ. Әйтсе де Орданы, Орынборды, Астрахань, Оралды көріп, орыстармен аралас-құралас, аты шыққан шеберлерімен істес бола жүрген оның ағашты шандоздап шабу, шандоз ұғымымен тіпті етене болғаны анық. Ақын «Қарағай шаптым шанддоздан» дегенде жеріне жеткізе көрген, өылған ісін меңзеген.

«Керіскедей шандозым» деген кейіптеу де Исатайға дөп келіп тұр. Исатай қырын мұнтаздай етіп шығарған, жұмыр басын жұтынтып сомдап шыққан шандоз. Көп қазаққа бәсіре «кескен терек» теңеуіне сыймайтын хас, көрік, көрер көзге мінсіз тұлға. Сөйтіп ол әдебиетте шандоз сөзімен де Исатайдың айбынды, айдынды бейнесін жасап кетті. Шандоз – Махамбетте орнымен қолданылып тұр.

Үдеру –

«Алты үдерім жер шаптырсаң да жалықпан».

Қазақ халқы көшпелі болғандығы себепті көші-қонға қатысты ұғымды білдіретін сөз халықтың сөздік қорында көп. Қыста Маңғыстау мен Үстіртті қыстап, жазда Мұналжар тауларының сілемін жайлайтын, осы дәстүрінен 1920-1925 жылға дейін қол үзбеген Адай елінде ол тіпті көбірек. Мысалы, көліктің жағдайына орай жаздың ыстығында түнді түгел, не ай батқанша көшуді, қоналқаға аялдатпай көшуді бұл елде «сәуір салып көшу» дейді. Сәуір – көктем айы. Күні шіліңгір шілдедегідей емес, салқындау. Адай елінде ауаның температурасының өлшемі де әртүрлі сөзбен айтылады. Соның бірі – түнгі ауа райына қатысты айтылатын «қағу» сөзі. Оның мағынасы – сәуір айының күндізгі желең киімді адамның бойын шымырлататын салқынды температурасын меңзейді. Демек, сәуір салу, сәуір салып көшу – ыстық жазда түндегі сәуірдің салқынындай не соған жетеқабыл «салқынымен көшіп, жол ұту» дегенді білдіреді. «Сәуір салған бір көштік» деген тіркес 20-25 шақырым қашықтық.

Үдеру бұған керісінше. Күндіз де тоқтамай өте суыт көшу. Бұл жерде «сөздіктегі» зерттеуші Е.Жанпейісовтың түсіндірмесіне жүгініп, оны көштің аялдауы, тоқтауы мағынасында ұғындыру дұрыс емес. Мысалы, Ақтан Керейұлы ақынның «Қаражан қызға» әнінің бір нұсқасында «Үдеріп елің көшті Барқын құмға» деген жол бар. Бұл жерде ол алды-артына қарамай қаша, боса көшу дегенді білдіріп тұр. Жорыққа қатысты айтылғанда бұл «үдере жүрді» деп қолданылады. Сейістер тілінде «үдере шауып келіп, таң асыру» деген ұғым бар. Оның мағынасы – күндіз шауып, желе жортып, аттың ащы терін алып, түнемелікке қаңтарып қойып тынықтыру. Аламан бәйге не ұзақ сапар алдында ат солай бапталады.

Махамбеттің ұлы ақындық мектебі – өзінен бұрынғы ақын-жыраулар. Бұл тұрғыда ақын сол мектептің таңдаулы, бірегей шәкірті деуге болады. Махамбетпен тұстас Байтоқ та белгілі ақын. Ақындығының үстіне жыраулық дәстүрдің де көрнекті өкілі. Байтоқтың ақын атының шықпауына оның Жәңгірдің сарай ақыны болып, соның сөзін сөйлегендігі десек, қателескеніміз. Кешегі саясат ауанымен кетіп, бір жақты қарағанымыз (Ол өлшеммен қарасақ, Бұхар жырау да Абылайдың сарай ақыны ғой, Кенесары қасындағы Нысанбай да, тіпті, өмірінің соңғы кезін Сарайшықта хан сарайында өткізген Сыпыра жырау да солай).

Байтоқтың қасіреті – халықтық сол мектептің Махамбеттей шәкірті бола алмағандығы. «Білімді мыңды жығады» демекші, білімі таяз, білігі саяз Байтоқ маңдайына Жәңгір сарайында төменшіктеп қалу жазылды да, Махамбет халқымен қауышқан құшағын ақыретке дейін ажыратпай Махамбет болып қалды.

Өзінен бұрынғы ақын-жыраулар үрдісін, үлгісін берік ұстанған Махамбет оны дамытушы, дүр етуші, ілгері апарушы, көсегесін көгертуші де. Соның үлгісі оның өлеңдеріндегі тіркестерденде айқын көрінеді. Ал ол қандай тіркестер?!

«Алты малта ас болмай» – бұл тіркестегі түйін малта сөзінде. Алдындағы алты сол талғажаудың өзінің тапшы, тақыл-тұқыл аз екендігін санап айтып өлеңге күшейткіш рең беріп тұр. Малта сөзінің тура мағынасы – құрт. Ол малдың, көбіне қойдың айранын қайнатып барып жасайтын тағам. Құрттың да бірнеше түрі болады. Сары майы алынбай тұщы айраннан қайнатылып алынған құрт жұмсақ, үгілмелі болып келеді. Шай дастарханының бір мәзірі, жылқы сорпасына езіп ішеді. Құрт езген сорпаны суытып, әрі сусын, әрі тағам ретінде де ішеді. Мал сүтін, ақты қатты қастерлейтін қазақ іріген іркітті де қажетке жаратқан. Одан қайнатылған құрт «ежегей» деп аталады. Бос, үгітілгіш келеді. Ал малта айран шайқалып, майы алынып барып, қайта өте күшті ашытылғаннан кейін қайнатылып алынған құрт. Сұқ саусақтың басындай ұсақ етіліп жентектеліп, қатырылып жасалады. Өңі көкаязданған ақшыл, өте қатты болады. Су жағасындағы сырты жылтыр тастың малта тас атануы да осыдан.

Майлылығы жоққа тән малта құрттың астығы шамалы, тек әйтеуір жұтқан жұтамайдының кебі, талғажау болады. Ыстықта үдеріп көшкенде де, жол жүргенде ауызға салынып сорылатын малта құрттың шөлдетпеуге де себі бар.

Қаптама –

Қаптай соққан боранда,

Қаптама киген тоңар ма?

Қазақ халқының қыстағы сырт киімі әдетте тон, ішік, күпі, шидем болып келеді. Қаптама сол сырт киімнің ішінен кеудеге салқын тимес үшін жұқа былғарыдан не иленген теріден киілетін жеңді, жеңсіз жеңіл киім. Оның аяқ киімге қатысты сыңары саптама – былғарыдан қонышы кең әрі ұзын етіп тігілген етік. Етік ішінен киетін жұқа киізден тігілген байпақ та қаптама делінеді.

Туырлығы жоқ тұл үйге,

Ту байласаң, тұрар ма? –

Ту көтеру, ту байлау – қазақ халқында әр қилы. Ол бірінде қазалы, қаралы үйге марқұмның жылы, асы өткенше байланады. Ол тудың түсі қайтқан адамның жасына байланысты да болады. Мысалы, «Абай жолындағы» Бөжейдің үйіне байланған ту, «Қыз Жібек» киносындағы Төлегеннің азалы туы осының дәлелі. Жорыққа шақырып ұрандағанда елдің басшы биі мен батырының үйіне байланады. Олай байланған ту жорық туы ретінде қолмен бірге болады. Мысалы, Адай елінің туы – бетінде Адайдың жебе таңбасы, алдаспан қылыш, қабылан бейнесі бар көк байрақ шашақты туы Франциянның Сорбонна университетінің мұражайынан екі-үш жыл тұрғысында табылды. Суреті әкелінді. Қазір онда қалай барып қалғаны зерттелуде. Әзірге қолда бар дерек – туды 1890 жылдары Маңғыстауды зерттеген туысы Француз, орыс қызметіндегі геолог-ғалым Барбот де Марни алып кетті дегенге саяды. Оған таң қалуға болмайды. Себебі ол уақытта қаражаты тапшы ғалымдар экспедицияға әр түрлі ғылыми мекекелердің де сұранысын алып шығатын болған. Осындай ретпен 1907 жылы геолог М.В. Баярунас Маңғыстаудан алып кеткен үкінің тұлыбын Германияның зоологиялық мұражайына өткізген. Зерттеушілер әзірге қазақ ішіндегі аман сақталып қалған ру-тайпа туы сол Сорбоннадағы Адай туы деп отыр.

Туырлық қазақ үйінің үзігі мен ірге киізі арасындағы кереге сыртынан жабылатын үлкен киізі.

Махамбетке бұл сөз және:

Туырлығын тілгілеп,

Тоқым етсем деп едім, – деп тағы айтылады.

Талам –

Талам деп айтсақ болар ма?! –

Адай елі мұны талан деп те қолданады. «Таланынан көрді, талан тартты, талан болды» – тура мағынасы елден, ортасынан аласталған ер адам. Күйеуінің әйеліне талақ тастау мағынасына ұқсайды. Еркектің талан болуы, не талан шығарылуы байырғы қазақта өте сирек кездесетін жай болған.

Сары –

Еменнің түбі – сары бал… –

«Сөздікке» қосымша – Адай елінде сартап деген сөз бар. Тура мағынасы – сартап болып сағыну – ностальгия. Ол тек тұрған жерді сағыну мәнінде қолданысқа ие. Отызыншы жылдардың ойранында ата-мекенінен боса көшкен елдің көнекөздері туған жер адамынан бұрын түйе жануарға жақынырақ болады екен. Алдымен сартап болып ауыратын солар және сартаппен ауырға түйе адамадай емес, келеге келмейді, келген ізіне қарап мойынын жерге төсеп шөгіп жатып, жылап өледі деген куәлігін ет жүректері езіліп отырып айтады. Демек, сартап – туған жерге деген құсалық дерт.

Махамбет:

Айтып-айтпай не керек,

Құсалықпен өтті ғой

Махамбеттің көп күні, – дегенде көп дертінің ішінде осы сартап та бар. Ал, «Еменнің түбі – сары бал» деген өлең жолында ол жабайы араның еменнің қуысына салған ұясын айтқаны. Башқұрттарда, Еділ сағасындағы елде, Ырғыз бойында бал әлі солай алынады. Ондай ұялар қатаң есепте тұрады. Бір сөзбен айтқанда, табыс көзі.

Қатеп –

Қас үлектен туған қатепті –

Қатеп – бітеу өркеш нар үстіне салынатын жүк артуға ыңғайланып жасалған жабдық. Адам отыру үшін жасалған ер сияқты жабдық «ауыт» делінеді. Жалғыз өркешінің басы үшкірлеу, сүйірлеу нар түйе қомдауға келмейді. Алыс жолға тек ауытталады немесе қатептеледі.

Қом –

«Қоғалы көлдер, қом сулар» –

Ақынның кейінгі көп жинақтарында «қом» сөзі «құм» сөзімен алмастырылып, мүлде қате берілген. Мұхтар Мағауин мұны «Махамбеттен де бұрынғы ақындарда да бар тіркес» деп мәлімдейді және оларды қом суларын делінгендігін айғақтайды. Білікті жазушы, ғалым М.Мағауиннің ойын толық құптаймыз. Әнес Сарай «қом суды» еңбегінде өзгертпей, дұрыс пайдаланған. Махамбетке қатысты шыққан еңбектердің көбінде осы сөз «құм су» түрінде қате берілген. Жарыққа шыққанмен, оқырманның қолына толық тимеген Зейнолла Қабдоловтың алғы сөзімен шыққан «Махамбет» атты еңбекте көп сөздер түзетіліп, дұрыс берілген. «Қом су» «құм сулар» болып қате берілген. Дұрысы – қом су. Соған тоқтау керек. Маңғыстауда қом су – мағынасы мол, ағынды су мағынасын береді. Ал суы мол шыңырау құдықтарға қатысты қатысты мағынасы күдер су. Су қадірін білудей-ақ білген шөлдегі елде, соның ішінде, Адайда суға, су көздеріне қатысты басқа жерде қолданыста жоқ 200-ге тарта сөз бар. Мысалы, күп, қоңырдан, тасқақ, қақ, бұршақ қақ,орпа, еспе, салма, аудан, алыпқашты, тұран, ыза, шүңкілдек, шырлау, қорабасы және т.б. Қом – соның бірі.

Қырқарланып –

«Қырқарланып өткен ер» – тіліміздегі байырғы, бедерлі сөз болғанымен, мағынасы бүгінгі оқырман үшін тым бұлдыр. Ғабит Мүсірепов ең творчествосын бір жерінде айдап сал, арызқой, ызғыштырғыш Тұрсынбай сынды қулардың бейнесін сомдағанда өте әсем қолданған. Мұнда ол – «қырдың қырқар түлкісі» түрінде. Ел аузындағы дәл мағынасы – түздегі бөрінің айлакер, өжет, сақ арланын әспеттеу. Қырқарланып – қыр көрсетіп, алыстан да айбатын танытып дегенге келеді.

Бұзбай –

«Бұзбай құлан пісірмей» –

Бұзбай пісіру – түздіктердің құла түзде ет пісіру әдісі. Далада жіліктеп, табаққа салып жатпайды. Өз буына өзі піскен семіз аңның жас еті таңдайды жұлады.Ұлы Махамбет қолданған осы сөздің мағынасы, оның жай-жапсары (технологиясы) Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романында (3-ші томының 222-223 беттерінде) шебер берілген. Сөздің мағынасын түсінгісі келетін қазаққа, әсіресе, әдебиетші мұғалімдерге сабақ түсіндірерде осы бетті оқып алса артықтық етпейді.

«Бұзбай пісірген» құланның шылқыған семіз етіне кеңірдектей тойған аңшылар аран жайын мұрттарынан май сорғалап отырып әңгімелейді. Жартылай қазақ, жартылай қалмақ, әсіреңкі Анапия мешкей Хиуада бәсекеге түсемін деп, өрік мүйізден ұшынып өліпті. Енді қазіргі мешкей Итжемес: «Анау бүтін құланды бері әкелші», –деп, құлшынып отыр. Бір құлан етін бір өзі жейтін Итжемес – нағыз мешкей. Махамбет шығармаларында құлан сөзі жиі кездеседі. «Құландай ащы дауыстым…», тағы бір жерде «Жолбарысша жорттым, етіне құлан тоямын…» дейді. Жорықта жорытып жүрген адамның қазан арқаламасы белгілі. Қорегінің бірі – аң. Аң болғанда еті тәтті, әрі мол құлан. Өрісте ауланып алынған құлан еті сірә, бұзбай пісіреледі.

Құмай –

«Мен ақсұңқардан туған құмаймын…».

Қазақ мифологиясында атала қаз бір жұмыртқасын інге салып, басып кетеді. Одан құс емес, ит шығады және ол өте жүйрік болады. «Құмай» делінетіні – осы. Саятшылар «құмай» сөзін тазының жүйріктігін айқындау үшін тіркестіріп «құмай тазы» деп қолданады (Мысалы, Ю.Казаковтың «Арктур-гончий пес» деген тамаша шығармасы қазақ тіліне «Арктур – құмай тазы» деп аударылды). Махамбет бұл шығармасында құмайдың атын аспандатып, әсірелеп тұр. Құмай тазының саятшылық өлеңдерге, әндерге қосып жырлау – қазақ ақындарына тән дәстүр. Ит – жеті қазынаның бірі дейтін қазақ жақсы иттің қадірін де білген. Мысалы, Ақан серінің Басарала тазысы, халық әні «Қарақаншық» т.б.

Зерен –

Сырлы зерен аяқпен,

Бал ұрттаған ер едім…

Зерен – қатты ағаштың, көбіне еменнің діңінен ойылып жасалған ағаш ыдыс. Сыйымдылығы әр түрлі:

  1. Ең үлкені – зерең.
  2. Орташа түрі – тостаған (Қазақстанның көп жерінде осы затты «тостаған» деп атайды).
  3. Шағын түрі – көзгелдек (балаларға арналған өте кішкентайы) деп аталады. Ыстық тағам құйылғанда бірден шытынап, жарылып кететін болғандықтан, оған тек салқын тағам құйылады.

Тостаған, көзгелдектерге ертеде сары май, бал, тосап, қаймақ салынып, дастарханға қойылатын болған. Зереңді ертеде қазақ шеберлері жасаған. Оның жасалу технологиясы жазушы Дүкенбай Досжановтың бір әңгімесінде тамаша суреттелген. Кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романында зереңге қатысты мынадай сөйлемдер бар: «Қасына жалтыраған дөңгелек сары тегеш пен бес алты сары зерең әкеп қойды» (4-том, 227-бет).

Кейіннен көрші орыс елімен сауда қатынасы жақсарған соң, ол елде сырты сырланып, әшекейленіп жасалатын зереңдер көп келе бастаған. Ертеде қазақ шеберлері де ішінара өздері ағаштан арнап жасаған бұйымдарын әр түрлі шөптерден қосып, жылқының майына қайнатып, дайындаған түрлі-түсті бояулармен әдемілеп бояйтын болған. Ол боялуар қазір Маңғыстаудағы ескерткіштерде реңкін жоймай әлі сақталған. Ал жасалу технологиясы құпия болып қалды.

Зереңге қатысты Адай елінде мынандай аңыз әңгіме бар: Алдасай атты батыр болмашы бір себеппен Ақсұқсыр (ол қалмақ ханы Аюкеннің қызы, өте сұлу болған дейді аңыз) атты әйеліне талақ тастайды. Айтқан сөз – атылған оқ, айтты-бітті, кесті-үзілді дейтін мәрт батыр алған бетінен қайта алмайды. Қатын ерден кетсе де, елден кетпейтіндінің кебі. Зорлап ағасы Шылымға не келейді. Нәті жуас, момын Шылым азар да безер болып қарсыласқан екен аусар, бір бет інісі – ішінде зереңдей бала кетіп барады. Ол соңыра кімге көз түрткі болады, сен алмасаң, – деп ұрсып көндіреді. Солай қайнағасымен некелескен Ақсұқсыр күні жетіп ұл балалы болады. Алдасай әкенің әлгі бір сөзі сеп болып, баланың аты Зерең қойылады. Адай тайпасының үлкен бір руы Жеменейдің бір ауылы саналатын Зерең ата ұрпақтарының қарасы жүз үйдей, көбі Атырау облысының Жылыой ауданында тұрады. Бұл жайт Ақсұқсыр ананың құрсағынан өрбіген ұрпағы ақын Айтуар Өтегеновтің «Ақсұқсыр» поэмасында шебер баянадалады. Қалмақ ханы Аюкен 1700-ші жылдардың басында Үстірт, Жем, Жайық бойында Қалмақ ұлысының билеушісі, белгілі адам. Ол туралы Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романында көптеген деректер бар. Аюкенің бір қызын ұзатылып бара жатқан жерінен Адайлар қолды қылып алып кеткендігін қалмақ тарихшылары да жазады. Қалмақтар Аюкен хандарын ұлттық мақтаныш санайды. Ханның тікелей ұрпақтарының бірі қазір – Қалмақстанда белгілі журналист, тарихшы. Ол қызыңыз шығармашылық сапармен 1988 жылы Маңғыстауда болып, апасынан өрбіген жиендерімен танысып кетті. Мақсаты – қазақ-қалмақ қатынасы жайлы еңбек жазбақ екен. Бұл аңыздың сұлбасын түсіндірмесімен келтіріп отырған себебіміз – зереңнің бәз баяғыдан қазақта бар ұғымына сіңісті, етене, тіпті қажет жерінде өлшем құралына да айналып кеткендігін аңғарту. Адай елінде күні біреуге қарап қалған кембағалдықты «біреудің көздгелдегіне көзін сатып» деп бейнелеу әлі бар. «Зерең» сөзі қазіргі Қазақстанның көп жерінде түсініксіз, оның орнын «ағаш тостаған» сөзі алмастырған.

ҚОРЫТЫНДЫ

Коннотация – күрделі де кешенді құбылыс. Бұл, біріншіден, коннотацияның әртүрлі ғылым саласының (лингвистика, логика, прагматика, психология, семиотика т.б.) объектісі ретінде танылуымен сипатталса, екіншіден, лингвистика тұрғысынан алғанда оның нақты анықтамасының қалыптаспауы, коннотация микрокомпоненттерінің құрамына қатысты ортақ пікірдің болмауы және коннотацияның зерттелуі лингвистика-стилистикалық шеңбермен шектелмей, әлеуметтік-саяси, тарихи, этнографиялық, мәдени сипаттағы ақпаратпен тығыз байланыста қарастырылуы осыны дәлелдейді.

Зерттеу барысында эмоционалдылық, экспрессивтілік және бағалауышты семалардың семантикалық ерекшеліктері екі түрлі тұрғыдан, яғни денотация және коннотация аспектілерінде қарастырылуы қажет (Трипольская Т., Шаховский В.И.) деген пікірді басшылыққа алып, шартты түрде олардың мынадай айырма-белгілерін көрсетуге тырыстық:

А) Денотация аспектісі деңгейінде экспрессивтілік, эмоционалдылық және бағалауышты сема бір-бірінен тәуелсіз компоненттер ретінде танылады. Аталмыш семаларды қамтыған сөздердің тағы бір ерекшелігі – бұл олардың өн бойына дарыған экспрессивті, эмоционалды және бағалауышты семалардың коммуникацияға түсу барысында (ситуацияда, мәнмәтінде) және коммуникацияға түспеген жағдайда да (тілдік жүйе тұрғысынан қарастырғанда) айқын аңғарылуы.

Ә) Коннотацияға ең алдымен бейнелілік тән. Бұл тұрғыда коннотаттық компонент мағынасына тең келетін бейнелілік, эмоционалдылық, экспрессивтілік және бағалауышты сема бір-бірінен бөлінбес, ұласып жатқан кешенді құбылыс болып танылады. Коннотативті сөздің ішкі формасында берілген бейне денотаттан алынады. Сондықтан да коннотативті компонент мағынасына тең келетін сөздің денотаты айқын аңғарылып, сол арқылы уәждену керек. Коннотаттық компонент мағынасы негізінен коммуникация (мәнмәтін, ситуация) барысында жүзеге асады.

Коннотация сипаттауыштық, бейнелеуіштік, эстетикалық, коммуникативті-прагматикалық т.б. қызметтерімен ерекшелене келе, сөйлеуші тарапынан берілген ойдың барынша нақты, ықшам, психологиялық жағынан әсерлі болуын қамтамасыз етеді. Осыған орай сөздің мәнерлілігін, көркемділігін күшейту, айтар ойдың ерекше әсерлігін, эстетикалық жағын арттыру, объективті шындық дүниедегі затқа не құбылысқа субъективті көзқарасын білдіру мақсатымен коннотативті үстеме мағына мазмұнын жамылған сөзқолданыстар, көркем бейнелер Махамбет поэзиясында кеңінен көрініс табатыны анықталды. Олар ақын тілінде біріншілік коннотативті сема (К1) (әртүрлі сөйленімдік бейнелер (речевые образы) негізіндегі сөзқолданыстар, қаламгер қолтаңбасына тән өзіндік сөз-символдар мен окказионалды бейнелер, жалпыхалықтық сипат алған сөз-символдар, метафоризацияланған атаулар т.б.), екіншілік коннотативті сема (К2) (тіл жүйесінде орын алған тарихи өзгерістерге орай денотаттық семамен логикалық байланысын жоғалтқан семалар мен денотаттық семаның дамуы нәтижесінде емес, белгілі бір кезеңдегі салт-дәстүрдің орын алуына байланысты пайда болған коннотаттық семалар) және үшіншілік коннотативті сема (К3) (тұрақты фразеологиялық бірліктер, идиомалар) мағыналарын танытатын тілдік бірліктер негізінде жүзеге асатыны нақты дәйектелді.

Махамбет тілінде әр түрлі семантикалық деривация процесінің нәтижесін көрсететін сөздер молынан кездеседі. Олардың бірқатары жекелеген семалардың мәнмәтін негізінде жүзеге асуын көрсетсе, енді бірі тілдік (интралингвистикалық) және тілдік емес (экстралингвистикалық) факторларға байланысты өзгеріске ұшыраған сөз мағынасының көрінісін танытады.

Астарлы мәтін (подтекст) кез келген көркем шығарма аясынан табылып, шығарма идеясымен, негізгі айтылмақ оймен ұштасып жататыны белгілі. Бұл тұрғыда Махамбет өлеңдеріндегі астарлы ойдың өрбіп, ұласуына көркем мәтін ішіндегі коннотаттық компонент мағынасына тең келетін сөздер мен сөз тіркестерінің қолданылуы ұтымды да әсерлі болып келетіні айқын көрінеді.

Коммуниканттардың жете өзара түсінісуі, сөйлем мазмұнын дұрыс қабылдауы белгілі бір жағдайларға тәуелді болып келеді. Прагматикалық теория бойынша ондай шарттардың бірі – бұл сөйлеуші мен тыңдаушының сөйлем мазмұнын түсінуге қажетті белгілі бір ортақ білім қорының, аялық білімнің болуы. Әсіресе, белгілі бір дәрежедегі дайындықтың (пресуппозицияның) болуын өзге халық тілі мен ұлттық көркем сөз тілі қажет етеді. Махамбеттің тарихи көркем шығармаларын зерттеу соны толық дәлелдейді.

Махамбет поэзиясында қолданыс тапқан коннотаттық компонент мағынасына тең келетін сөздер көркем мәтін ішінде белгілі бір эстетикалық, стилистикалық жүк арқалап қана қоймай, белгілі бір ұлттың дүниетанымы мен мәдениеті, тарихы мен қоғамдық өмірі, болмысы мен эстетикалық талғамы жөнінен мол мағлұмат бере алатын мәдени коннотациялар да болып табылады.

You May Also Like

Тарихи көзқарас типтері, негізгі ерекшеліктері, реферат

Тарихи көзқарас типтері, негізгі ерекшеліктері Жоспар Кіріспе Негізгі бөлім Мифология, оның негізгі…

Құс жұмыртқасы. Құс жұмыртқасының ветеринариялық-санитариялық сараптауы. реферат

Реферат Құс жұмыртқасы. Құс жұмыртқасының ветеринариялық-санитариялық сараптауы. Құс жұмыртқасы Құс жұмыртқасы өзінің…

Реферат Мектеп жасына дейінгі балаға экологиялық тәрбие беру маңыздылығы, реферат

Реферат Мектеп жасына дейінгі балаға экологиялық тәрбие беру маңыздылығы 1, КІРІСПЕ  Зерттеудің…

Кәсіпкерлік және бухгалтерлік есеп туралы жалпы ақпарат, реферат

Кіріспе Кәсіпкерлік – адам қызметінің ерекше саласы және ол еңбектің басқа түрлерінен…