КІРІСПЕ 

Азаттық пен еркіндік мұраттары халқымыздың даму тарихында басты идея ретінде көрініс тауып келгендіктен, оның әрбір дәуірдегі идеялық қадамдары мен орнығуы, ілгері дамуы маңызды танымдық бағдар ретінде қарастырылады. Бүгінгі таңда еліміздің мәдени-рухани және экономикалық-саяси салада өрлей түсуі мен халықтың әлемдік дамудың аясындағы белгілі бір жетістіктерге жетуінің алғышарты Қазақстанның тәуелсіздігі екендігі белгілі жайт. Осы тәуелсіздік халқымыздың Ресей отаршылдығы тұсында және кейін де жалғаса түскен Кеңес заманының зұлматты зардаптары кезінде саяси-мәдени және психологиялық күресінің аясында қол жеткізген құндылық екендігі сөзсіз. Олай болса, тәуелсіздікті сақтау мен нығайту оның тарихи тамырларын, күрескерлік рухтың философиялық негіздерін, оның дүниетанымдық бағдарын жеткілікті деңгейде зерттеп, меңгеруді қажет етеді.

Осы орайда, адам еркіндігі мен әлеуметтік азаттық құбылысын халқымыздың жүріп өткен жолы бойынша философиялық тұрғыдан сараптау қажеттілігі туындайды. Монографиядағы тұжырымдар қазіргі кезеңде ұлттық құндылықтарды қайта жаңғырту бағытындағы атқарылып жатқан шараларға, еліміздің осы бағыттағы іс-тәжірибесіне теориялық деңгейде белгілі бір дәрежеде өз үлесін қосады деген ойдамыз.

Абай Құнанбаев шығармашылығы – қазақ рухани болмысының еркіндік сипаты

Шығармашылықтың кілті еркіндікте десек, Абайдың шығармашылық әлемі қазақ рухани болмысының еркіндігін паш етті. Абай Құнанбаев шығармашылығына тоқталған қазіргі қазақстандық зерттеушілер оның идеяларының философиялық тұғырлы және өмірмәнділік ұстанымдар екендігін баса көрсетіп жүр. Шындығында, оның идеялары барынша жан-жақты сипат алатын толғаныстардың түзілімінен тұрады. Осыған орай, оның философиялық толғаныстарын зерделей отыра, ондағы еркіндік мәселесінің толғанылу деңгейлерін ашып көрсетуге тырыстық. Абай Құнанбаевтың шығармашылығы өлеңдерден, қара сөздерден, аудармалар мен поэмалардан құралатындығын ескерсек, еркіндік идеясы да осы салалардың тұтас бойына сіңірілгендігін айқын аңғаруымызға болады.

Қазақ қоғамының әлеуметтік сыншысы ретінде танымал болған ойшыл өзінің толғаныстарын белгілі бір жүйеде адамзат тіршілігінің мағынасы мен өмірмәнділік талаптар бойынша ұсынған және халқымыздың тіршілік дәстүрлеріне бойлай еніп, оның негізгі мәнін ашып көрсетуге бағдарлады. Оның сыншылдығы, әрине, халқын жек көргендіктен емес, оған жаны ашығандықтан туындаған шығармашылықтың түрі болды. Ұлтының шымырланып қайта түлеу қажеттігін сезінгендіктен, қайрау мен намыстандыру арқылы ішкі жандүниесінің қайтадан жаңаша құрылу қажеттігін ұсынды. Оны ойшылдың өзіндік ішкі ұлттық Менді оятуды рефлексиялық жолмен ұсынуынан анық байқаймыз. Мәселен, «Қалың елім, қазағым қайран жұртым» деп басталатын толғауында халқына бағышталған махаббаттың тұңғиық көріністері анық байқалады. Сонымен қатар өкініш пен күйініш те сезіледі. Абайдың негізгі көздеген түпкі идеясы, ел ішіндегі бірлік пен татулық, әділеттілік пен адамгершілік, білімділік пен зиялылықты жаңғыртуды көздейтін ұстаным. Оның туындыларындағы еркіндік мәселесін талдауды біз алдымен өлең жолдарынан хронологиялық жүйе бойынша сараптап, кейіннен оларды белгілі бір парадигмаларда жіктеуді жөн көрдік.

Ойшыл өзінің қара сөздерінде, ноғай, орыс, сарттардың бізден артық болғандығының себебі, бірін-бірі қуып қор болмай, шаруа қуып, өнер тауып еңбекқор болуында деп атап көрсетеді. Тұрмыстары жағынан да, мәдениеті жағынан да көш ілгері кеткен осы көршілерімізден артта қалуымыз не себептен деп сұрақ қоя отырып, оның себебін төрт аяқты мал соңында жүре беріп, соны көбейтуді ғана ойлаған шаруашылығының тұйықталуынан деп түсіндіреді. Басқа жұрттардай егін, сауда, өнер, ғылым секілді нәрселерге салынса осындай кері кетушілік болмас па еді деп топшылайды. Осылайша жалқау, қорқақ, ұры, надан, ақылсыз, сұрамсақ, тойымсыз, тыйымсыз сияқты жиренішті қасиеттердің бой көрсету себептерін қазақтың тұрмыс қаракетінің мал бағудың айналасында қалуынан көрді. Осылар біріне бірі достық ойлай ала ма? Кедей көп болса ақысы кем болар еді, малдан айырылғандар көбейсе, қыстауы босар еді деп, мен ананы кедей болса екен деп, ол мені кедей болса екен деп, әуелде ішімізбен қас сағындық. Әріберіден соң сыртымызға шықты, жауластық, дауластық, партияластық. Күншілдік дерті жайлаған қоғамда, одан арылудың жолдарын іздестірген ойшыл болашақтан үміт етеді.

Абай айтып отырған кезең қазақ елі тәуелділікке мойынұсынған шақтар еді. Қоғамдағы артта қалушылықты, халықтың надандығын жоюды ойшыл әуелі адамның өз бойындағы кемшіліктерді жеңуден бастау керек деп білді. Қазақ қоғамындағы қайшылықтарды адамның бойындағы жаман қасиеттен арылу арқылы шешуді көздейді. Іштарлық, көреалмаушылық, бақастық, жаулық сияқты іштегі жаман қасиеттер ел ішінде дау туғызып іріткі салудың түрткісі болды. Осындай келеңсіз жайлардың орын алуын болдырмауды Абай әуелі жүректі, ойды тазартуда деп білді.

Заманымыздың заңғар жазушысы Мұқтар Әуезов пен Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытов сонау 1918 жылы жарық көрген «Абай» журналында: «Қазақ халқын надандықтың айсыз қараңғы түні ғылым сәулесінен бүркеп, тұншықтырып тұрған кезінде тұншыққан елге дем болуға, қараңғы жерге нұр болуға, надандық – аждаһаны өртеуге құдай жіберген хақиқаттың ұшқыны Абай туды» [65, 160 б.] – деп, Абайдың фәни дүниеде қазақ үшін атқарған істерін дәл көрсете білді. Абайдың ең бір артық өзгешелігі заманының ыңғайына жүрмей өзінің «өздік» бетін мықты ұстап, ақылға, ақтыққа, көңілдің шабытына билеткен, көз тұндырарлық кемшілік, міннің ортасында туып, ортасында жүріп, үлгілі жерден өрнек алып келген кісідей ашық көзбен қарап, барлық мінді мүлтіксіз суреттеуі шарықтап жүріп, қылт еткенді көретін қырағы қырандай сыншылдығы. Мұндай сипат Абай бұл жүрген адамдарға ұқсамай өзгеше зор мақсат үшін келгендігіне дәлел [65, 160 б.]. Абайдың сыншылдығы оның зор қайраткерлігімен ұласады. Абайдың алдына қойған мақсаты – ұлтын рухани жетілдіру. Қазақтың келешегіне сенген, өз халқын шексіз сүйген Абай ескіліктің бұғауынан, надандықтың шырмауынан шыға алмай отырған ауыр халіне күйінеді. Күйініп қана қоя салмайды, одан арылудың жолдарын да көрсеткен болатын. «Жамандықты кім көрмейді. Үміт үзбек қайратсыздық – дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің. Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді» [9, 33 б.] дейді ақын. Алайда халық басындағы қара тұман айығып, ел өмірі өзгеріп, жаңа дүние, жарық күн туатынына сенеді. Қазағын сын тезіне салып қуырып, ащы тілмен түйреп қана қоймай жұбата да білген.

Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,

Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.

Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,

Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек

деген өлең жолдарында Алладан басқаның бәрі де өзгерісте болатынын, қазақ қоғамның да осы қалпында тұрып қалмайтыны жайында тұспалдау бар. Басыбайлы халқының ендігі жердегі өзін-өзі сақтап қалу жолы адами тұрғыдан өзінөзі жетілдіру дегенге тоқталады. Қоғамдық пайдалы еңбекпен шұғылдануға үндейді.

Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының майын сұрап мініп, тамақ асырап болмаса сөз аңдып, қулық, сұмдықпен адам аздырмақ үшін, яки аздырушылардың кеңесіне кірмек үшін, пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар. Қазақ өз еркіндігін, бос уақытын өмірзая етіп отырғанын ашық түрде баян етеді. Егер олар еңбекпен айналысса өтірікші, еріншек, жалқау, сұрамшақ, өсекшіл болмас еді. Пайдалы еңбекпен шұғылданса одан арылуға болар еді деп түсінді. Шынында да кісіні аздыруға негіз болатын жаман қылықтар адамда бос уақыттың көптігінен болады. Адамдар арасындағы қарым-қатынас түзу жолға түсіп шынайылық, нағыз сыйластық орнаған болар еді .

Абай қазақтың дәстүрлі қоғамындағы адамдар өмірінің бірталай келеңсіз жақтарын сынай отырып, одан құтылудың жолын да көрсетіп береді. Өнер, білім, ғылым үйреніп қана қоймай, сол алған білімді қалай жұмсау керектігін де айтып кеткен. Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейін, мені көріп және үйренушілер көбейсе, ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көнбес едік. Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, жұрт қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек…..балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес [9, 52 б.]. Қазаққа осылайша Абай ұғынықты, дәл, қатал да батырып сөз қалдырып, жол көрсеткен.

Ғасырлар бойы сахарада билік тізгіні кісілік, тұлғалық қасиеті бар адамдардың қолдарында болған еді. Абай заманында ол өлшемдер ысырыла бастады. Ендігі жерде малын шашып, пара беріп билік басына келді. Басқару жүйесі жергілікті жердегі дәстүрлі қоғамның ерекшеліктеріне қарама-қайшылық туғызды. Абай елге болыстық басқару жүйесі енгізіліп, ел ішінде болыстыққа таласып, партияласып алауыздық өршіп тұрған кезеңді ащы мысқылмен «Болыс болдым мінеки», «Мәз болады болысың» деген өлеңдерінде ашық түрде ажуалайды. Мәз болады болысың, арқаға ұлық қаққанға. Шелтірейіп орысың, шенді шекпен жапқанға – деп өз елінің билігі ендігі орысқа қараған кездегі хәлі дәл суреттейді. Қытымыр заманның қыспағындағы, надандық түнегіндегі, ескі әдет-ғұрыптың шырмауындағы халқының ауыр халге жетуінің себептерін ашып көрсетеді. Бірлік, береке, шынайы ақ пейіл секілді жақсы әдеттерін жоғалтқан, керісінше екіжүзділік, көрсеқызарлық, күндестік сияқты жаман әдеттерді бойларына жұқтырған жаңа қазақтар қалыптасты. Белгілі абайтанушы ғалым Қ. Мұқаметханов: «… Алым-салық онан сайын молайып, патша әкімдері мен қазақ байларының ел билеу жөніндегі үстемдігі күшейе түсті. Сөйтіп, бұл реформа қазақ халқын ұлттық және саяси жөнінен правосыздыққа айналдырған нағыз бюрократтық, әскери-отаршылдық сипаттағы реформа болды… Абай: өз қолыңнан ырқың (билігің) кетіп отырғанда ел болар дей алмаймын. Халық билікті өз қолына алып, өз тағдырын өзі шешетін болғанда ғана мақсатқа қолы жетеді, деген пікірді айтып отыр» [66] – деп жазды. Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп басталатын толғауында қазақ қоғамына әлеуметтік сыншылық ойтолғаныстары анық байқалады. Ел ішіндегі бірліктің бұзылуы, өзімшілдік пен бос мағынасыздық өмір т. б. жөнінде толғай келе осының бәрі жеке адам еркіндігі мен қоғамымыздың азаттығына кесел келтіретіндігін байыптайды. Сайып келгенде, ол: «Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, Ағайын жоқ нәрседен етер бұлтың, Оның да алған жоқ па құдай құлқын» деп толғанады. Яғни, өз ырқыңның кетуі қайтадан елдік пен бірліктің үстемдік етуіне күмән туғызатын басты белгі. Ендігі жерде сахарада жаңа әкімшілік құрылымын күштеп енгізген Ресей билігіне қарсы тұруға қазақтар қауқарсыз еді. Ұлан байтақ кеңістікте өздерінің ықпалын жүргізген рубасыларының билік құруы жойылды. Оның орнын қазақтарды шабындық пен жақсы жайылымға таластырып бір бірімен жауластыруға мәжбүрлеген жаңа әкімшілік құрылым алмастырды.

Сахарадағы биліктің жаңа түрін Абай: «Болыс болдым мінеки, бар малымды шығындап. Түйеде қом атта жал, Қалмады елге тығындап. Сөйтсе дағы елімді ұстай алмадым мығымдып» деп сипаттайды. Болыстық лауазымының өкілдігіне ру аралық тартыс жергілікті басшыларды әжептәуір баюға дәмелендірген еді. Енді ел арасы пара беру деген, жағайымпаздық, құлқынын арандату деген сияқты жаман қылықтарға үйір бола бастайды. «Ағайынның құлқын да құдай алған», «Құлқы», яғни, шын пейілі мен ниеті жоқ ағайын да, бұрынғы туысқандық сезімнен алшақтай бастағандығын білдіреді. Осы тұста Абайдың ырық мәселесіндегі «оны сақтаудың басты мазмұны – бірлік» деген қағида жатқандығын аңғарамыз. Бұл тек қана Абайдың өмір сүрген аймағындағы жағдай емес, бүкіл қазақ қоғамындағы сол кезде белең алып отырған құбылыс. Сондықтан ол бүкіл халқымыздың тұтас бейнесін сипаттап тұр. Абай «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дегенде халық тұтастығы адам аралық қатынастар шынайы махаббатқа негізделгенде ғана сақталатындығына меңзеген еді. Қазақ халқы бұған дейін өз ырқынан айырылса да, дәл осындай күйге түскен емес. Ел тізгіні басқаның қолына өтті. Ел болып қалудың қамын ойластырған ақын шығармашылығы адамның жетілуі мәселесіне қарай ойысты.

Абайдың дүниеге көзқарасы, дүниетанымы жөнінде сөз қозғағанда, оның философиялық ой-әлемі өзіне ғана тән хас сипатта екенін түйсіну ләзім. Абай шығармашылығының өзегі «Адам бол» деген философиялық идеяға саяды. Қоғамдағы бір адамның жан-жақты жетілуі, қалған адамдардың да соны үлгі тұтып талпынуы соның себебі, алғы шарты. Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз – дегенде ғұлама – адамның рухани жетілу мүмкіндігінің шексіздігін көрсетті. Нағыз рухани жетілген адам өзінің барлық танып-білгендерін, оқып-тоқығандарын, сұлу сезімдерін басқа адамдарға, елжұртына, адамзатқа бағыштаған шығармашыл тұлға. Абай ақыл мәселесін ағарту, халыққа білім беру тұрғысынан шешті. Адамның білімге талпынысы табиғи қасиет «… өйткені адам ды, қоғамды адасушылықтан сақтайтын да, индивидке идеялар мен ережелер, ойлар мен болжамдар беріп, жалпы таным әлемі ретінде ашылатын да білім» [67]. – деп жазды М.С. Орынбеков. Адамның рухани дүниесін жетілдіруде таным қабілетінің атқаратын ролі ерекше. Абайдың «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар тәннің – құмары. Біреуі білсем екен демектік… көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген осы табиғи қабілетімізден ержеткен соң айрылуымыз не себептен, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екенбіз» дегенде, ойшыл әрбір адам өзінше жетіледі деп сенді. Ақыл өзіндік сананы жетілдірудің әмбебапты ұстыны болып табылады. Ұлы ойшыл ғылым мен білімді махаббат-пен үйрену керектігі жайында: «Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады» [9, 80 б.] – деп жазды.

Абай дүниетанымының гуманистік жақтарын философиялық тұрғыдан зерделеген І. Ерғалиевтің пікірлерінен ой түрткі еншілей келе, Ұлы Абай әлеміне тағы да үңілсек тереңдей береріміз сөзсіз. Абай философиясының негізгі мәселесі – адамгершілік, ізгіліктілік, этикалық мәселелер. Бұл мәселелерді ұлы ойшыл Адамның, Әлемнің мәні, Алла мен Адам қатынасы сияқты жалпы философиялық сұрақтарға жауап іздеу арқылы шешеді. Өзінің негізгі сипатында өзгеріссіз қалатын Құдайдан басқа барлық болмыстың өзгеруі идеясы бойынша Абай адамның рухани жетілу мәселесін көтереді. Адам бойындағы жаман қасиеттерді көре отырып одан арылу жолдарын анықтайды. Адам жаратылғаннан бері зұлым да, қайырымды да емес. Ол тәрбиенің нәтижесінде, заманның ағымына, өзінің ортасына байланысты дамиды. Адамгершілікке жетелейтін бірден бір жол, Абай түсінігінде білім мен ғылымға құштарлық болып табылады. Абай адамды тәндік құрылысымен табиғаттың туындысы ретінде қарастырған жоқ, ол адамды Құдайдың шығармашылық іс-әрекетінің туындысы ретінде қарастырды. Адамды өзінің махаббаты арқылы жаратты деп түсіндіреді. Абай адамның өз тағдырын өзі жасап, өзі шешетіндігіне сенді. Адамның адамгершілікті қасиеттерінің негізі ретінде Абай білімге құштарлықты, ғылым, білім үйренуді алады.

Абай шығармашылығындағы еркіндік мәселесі философиялық, саяси-әлеуметтік бағдарларға ажырайды. Мәселен, «Сап-сап, көңлім, сап, көңлім» атты өлеңінде адам еркіндігінің шабыты мен оған тоқтау салу, әрбір жеке тұлғаның өзінің болмысының шеңберіндегі еркіндік мәселесі толғанылады. Бірде алабұртқан көңілге басу айтса, бірде, оның шабытын қолдай түседі. Бірақ адам өзіндік жеке болмысынан асып түсе алмайды деген тұжырымдар айғақталады. Бұндағы көңіл таза психологиялық еркіндік пен адамның жан дүниесінің толғанылу деңгейлерін таразылауға бағытталған. Өмірлік шабыттың сезімі мен саналы бағдарды қатар қоя отырып, ғұмыр кешудегі байсалдылық арқылы өзіндік ішкі сезімді шектеп отыру қажеттігін де атап өтеді: «Қарсақ жортпас қара адыр, Қарамай неге шабасың» деген жолдар осының айғағы. Бұл жердегі «қарсақ жортпас қара адыр» теңеуі қазақ даласына байланысты айтылған образдық теңеу. Дала құбылысы өзіндік тылсымдығы мен асқақтығын сақтайды, сонымен қатар үрейлілігі мен өзінің сырын ішке бүккен қасиетінен танбайды. Яғни, ен дала, елсіз мекенмен жүру адамның еркіндік шабытының белгілі бір деңгейде қанағаттандыруға бағытталған ғұмыр кешудегі тұрмыстық мәніне айналады. Яғни, тоқтау салу, байсалдылық пен ойлылық адамның сезімдік шабытының еркіндігін тежейтін бірден-бір ұстын екендігі туралы пайымдайды.

«Көріп алсаң көріктіні

Таңдап алсаң тектіні,

Сонда да көңіл толмай ма?»

– деген жолдар белгілі бір деңгейде адам санасы мен өмірлік шабытының қанағатсыздығын белгілейді. Бірақ, бұның дұрыс немесе бұрыс екендігі туралы нақты шешім айтылмайды. Бұл шындығында да солай. Бұл жолдар Бұхар жыраудың «Ай нұрын ұстап мінсе де, Қызыққа тоймас адамзат» деген толғауларының тұрмыстық деңгейдегі пратикалық көрінісі екендігі сөзсіз. Осыдан өмірлік шабытпен астасып жатқан «көңіл еркіндігі» деп атуға болатын психологиялық түйткілдерді аңғаруымызға болады.

Абай дүниетанымындағы еркіндік мәселесі тек философиялық қана емес, этикалық арналарда да айқын көрініс табады. «Қандай қызда ләззат бар жан татпаған» деп басталатын толғауында адамзат тіршілігіндегі еңбек пен еңбектен азат болатын адам еркіндігін салыстыра көрсетеді. «Орынды іске жүріп ой таппаған, Не болмаса жұмыс қып, мал бақпаған. Қасиеті болмайды ондай жігіт, Әншейін құр бекер ге бұлғақтаған» деп аяқталған тұжырымдарына назар салсақ, еркіндік хақындағы толғаныстардың деңгейлерін байыптай аламыз. Не ой еңбегімен, не дене еңбегімен шұғылданбай өмірзая тірлік кешудің мәнсіздігін айшықтайды. Осы орайда, адамның абсолютті бостандығын теориялық түрде жобаласақ, ол бәрінен, тіпті тіршілік үшін қажетті еңбектен де азат болу керек. Бұндай азаттық әрине, мүмкін емес. Егер осындай азаттық болатын болса, ондай адамның «қасиеті болмайды» сондықтан «адам еркіндігі белгілі бір деңгейлерде шартталады. Оның бірі – еңбек» деген тұжырым жатқандығын аңдай аламыз. Еңбек еркіндікті шектемейді, бірақ адамның бос уақытының еңбекпен өтуі белгілі бір қырынан алғанда, еркіндіктің шектелуі тәрізді. Дегенмен осы шектелу еркіндіктің шектелмеуіне алып келеді. Адам еркіндігінің абсолютті сипаты оның қоғамдағы еңбектен азат болуымен өлшенбейді. Еркіндік өзінің қоғамдық талаптарының шеңберінде іске асып отыратын өзінің Менінің жауапкершілік деңгейі болып шығады. Осы толғаныстарды таразылай келе біз мұны «еркіндік этикасы» деп тұжырымдауымызға болады. «Қартайдық қайғы ойладық, ұйқы сергек» деп аталған өлеңі экзистенциалдық толғанысқа құрылған туынды. Бұнда да адам еркіндігі мәселесі антропологиялық деңгейден онтологиялық дәрежеге дейін көтеріледі. Адамзат тіршілігінің мағынасы мен мәніне шолу жасай отырып, өлім мен өмір мәселесін қозғайды:

Жас – қартаймақ, жоқ – тумақ, туған өлмек,

Тағдыр жоқ өткен өмір қайтып келмек,

Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,

Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек».

Осы мәтіннің мазмұнына тереңірек назар салсақ, тағдыр, өлім, Құдай сияқты концепттердің кірістіріліп, ұлттық таным түсініктегі философемдерді аңғарамыз. Жас қартаяды, жоқ адам дүниеге келеді, туғандар өледі. Бұл адамзат болмысының қарапайым эволюциялық формуласы болғанмен, тоқтаусыз уақыт пен өтіп бара жатқан өмір сол адамның жеке субьектілік қалауына байланыссыз болып шығады. Осы орайда абсолютті еркіндік пен антропоцентрлік сана тежеледі

Өмірдің бір бағытта, яғни, өткеннен келешекке қарай жүріп отыруы мен өлген адамның қайта оралмайтындығы жалпы оның болмысының тағдыры болып айқындалады. Осы тұста абсолютті үстемдік пен еркіндік белгілі бір деңгейде мағынасын жояды. Адам болмысының, тіршілігінің мазмұны субьективті болғанмен, формасы обьективті екендігін байыптаған ой пікірлерін бағамдаймыз. Тағдырдың үсемдік етуі (фатализм) белгілі бір деңгейде еркіндіктің шартталуы деп те айғақтауымызға болады. Көрген қызықтардың артта қалуы уақыт факторын бағамдауға байланысты айтылған идея. Уақыт пен тағдыр немесе, уақытты қалай өткізу керектігін бағындырған тағдыр еркіндік өлшемдерін де өзіне оңай бағындыра алады деген тұжырым меңзелгендігін аңғаруымызға болады. Келесі шумақтағы «ер ісі ақылға ермек, бойды жеңбек» деген дәйекті тұжырым, ақыл мен иррационалдықтың қайшылығын ашып көрсетуге мүмкіндік туғызатын ұстаным. Бұл жердегі «бой» сөзін тереңірек ашып көрсетсек, қазақ халқының таным түсінігіндегі «бой бермей кету», «бой алдырмау» сияқты тіркестері арқылы мағынасының толығырақ ашылатындығына көз жеткіземіз. «Бой» ерік күшімен тежелетін, адамның ішкі сезімдік, иррационалдық, нәпсілік т. б. физиологиялық қажеттіліктерінің бағынышсыздығынан туындайды. Батыс философиясы түсінігі бойынша қарасақ, оны «бейсаналылықпен» де байланыстыруға болады. Яғни, бой алдырмау, өзінің бойын (өн-бойын) оған бағынышты етпеу деген психологиялық қағиданы туындатады. «Оған» деп отырғанымыз руханилыққа қарама-қарсы зұлымдық және өзіне де, өзгеге де қажетсіздіктердің тұтас жиынтығын білдіреді. Демек, «бойын жеңу» өзінің ішкі қуаттылығы мен бейсаналық ұмтылыстарын бағындыру, тәннің талаптарына сөзсіз бас июді болдырмау деген мағынаға келіп тоғысады. Себебі, оған ақыл қарма-қарсы тұрады. Осы орайда, Абай дүниетанымындағы еркіндік мәселесінің «ақыл», «бойды жеңу» сияқты ұғымдармен тереңірек анықталып тұрғандығын атап өтуіміз қажет. Бұны «ақыл-ерік күші» деп атауымызға болады.

Осы шумақ «Еріншек ездігінен көпке көнбек» деп аяқталады. Осы тұста еріншектің көпке көнуі, яғни, не болса соған көне салуы оның еркіндігінің тежелгендігін, мүмкіндігінің шектелгендігін білдіреді. Еріншек адам дәулетсіз, мойынсұнғыш, көнбіс адамға айналып өзінің еркіндігін өзі қолынан береді. Сөйтіп, еркіндіктен өзінің еріншектік болмысы арқылы ажырайды, өзінің еркіндігін, мүмкіндіктерін өзгеге «тапсырады». Өзгеге тапсырылған басқа адамның еркіндігі әрине толыққанды сақталмайды. Еркіндіктің осылай тасымалдануын еріншектік арқылы ашып көрсеткен Абай дүниетанымы белгілі бір деңгейде еркіндік феноменінің жеке адамдар арасындағы тасымалдануын, одан айрылуды, өзге үшін тағы бір еркіндікке ие болуды сипаттайды. Мәселен, құл иеленушілік қоғамда құлдар өзінің еркі мен еркіндігін өзгеге тапсырады. Бұл жердегі еріншектің көпке көнуі сайып келгенде, түптің түбінде, өзгенің еркіне кіруге негізделеді, немесе соған ұмтылып бара жатқан үрдіс екендігі сөзсіз.

ҚОРЫТЫНДЫ 

Қазақстандық философия әлемдік философияның бір бөлігі екендігі аян. Осы әлемдік философия қатарынан қазақ даласы ойшылдарының философиясы да өзінің орын алуымен қазақтың ұлттық философиясымен әлемдік философия арасында байланыс орнап, зерттеу мен оқыту кең қанат жайып, адам санасы мен рухындағы терең астарлар айшықтала түседі. Тәуелсіз Қазақ Елінің философиясы еркіндік жағдайында, адам рухының биік көріністерін айшықтап, адамдардың болмысын біріктіруші негізге айналады. Қазіргі кезеңде Қазақстан философтарының алдында жаңа әлеуметтік-саяси шындықтың күрделі мағынасын ашу жолында өтпелі кезеңнің қайшылықтары мен ерекшеліктерін анықтау, егеменді еліміздің өркениетті елдердің қатарында дамуының мәденитарихи алғышарттарын байыптау сияқты күрделі істер тұр.

Қазақ ақын-жырауларының, би-шешендерінің, ағартушыларының, алаш қайраткерлерінің өз елінің болашағы үшін жүргізген күресі, көзқарастары, дүниетанымы қазіргі Қазақстан мемлекеті үшін рухани мұра, саяси сабақ бола алады. Ұлттық мәдениеттен алшақ рухта тәрбиеленген, одан хабары жоқ болашақ ұрпақтан халқымыздың мүддесін қорғайтын азаматтар шықпайды. Тәуелсіздіктің туын тігіп, алдағы даму жолын бағдарлап жатқан еліміздің болашағын мығым етудің іргетасы ұлттық идеямыздың басты ұстындары болып саналатын еркіндік, бостандық, тәуелсіздік категорияларын саралап, философия тарихы тұрғысынан зерделеу болып табылады. Көпэтносты елімізде мемлекеттілігімізді, ұлттымызды сақтаудың бірден бір кепілі қоғамдық келісімді сақтауды басты мақсат етуіміз қажет.

You May Also Like

MS DOS операциялық жүйесі, реферат

MS DOS операциялық жүйесі туралы қазақша реферат Жоспар: MS DOS ЖӘНЕ NORTON…

Қаржылық есеп бері, реферат

Ж О С П А Р  Кіріспе Негізгі бөлім: Қаржылық есеп беру…

Айсары –Шорман аныз- дастанының шығу тарихы, реферат

Реферат Тақырыбы: Айсары –Шорман аныз- дастанының шығу тарихы Аңдатпа Тақырыбы: « Айсары-Шорман» аңыз-дастанының…

Blockchain технологиясы және жасанды интеллект, реферат

Blockchain технологиясы және жасанды интеллект МАЗМҰНЫ Кіріспе…………………………………………………………………………………………………..3 Негізгі бөлім…………………………………………………………………………………………..4 Цифрлық технологиялар. Blockchain…